Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-08-01:

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған

ҚАЗАҚСТАН МИНЕРАГЕНИЯСЫНЫҢ МОЛ МҮМКІНДІКТЕРІ

 

Минералды шикізат ресурстары әлемнің көптеген елдері үшін экономикалық өркендеу мен прогрестің қайнар көзі болды. Соңғы жылдары нақ осындай минералды шикізат ресурстарына арқа сүйеген және пайдалы қазбалардың ірі кен орындары ашылған елдер экономикалық дамуда елеулі табыстарға қол жеткізді. Олардың қатарына Канада, Қытай, Австралия, Чили, Малайзия, Бразилия және басқалары жатады. Бұл, әсіресе, минералды шикізаттың мол қорына ие және пайдалы қазбалардың негізгі түрлерінің қоры бойынша әлемнің жетекші елдерінің ондығына кіретін Қазақстанға тікелей қатысты.

Пайдалы қазбалар түрлерінің сан-алуан­дығы, сапалық және сандық көрсеткіштері бойынша Қазақстанның минералды шикізат базасы әлемдік рейтингте жетекші орынға ие. Біздің еліміз көмірсутегі шикізаты, қара металдар (хром, темір, марганец, титан), түсті металдар (мыс, мырыш, қорғасын, алюми­ний), асыл металдар (алтын, күміс), сирек ме­та­лдар (молибден, фольфрам) және басқа пайдалы қазбалар (техникалық алмас, барит, фосфорит, бор, фтор, пьозокварц және бас­қалары) бойынша мол қорларға иелік етеді және әлем елдерінің алғашқы ондығына кі­ре­ді. Көптеген кен орындарында жаңа техно­логияларда кеңінен қолданылатын және құны көп ретте негізгі пайдалы қазбалардан жоғары болатын рудалардың серіктес элементтері: рений, осмий, индий, кадмий, селен және басқалары баршылық. Сонымен қатар Қазақстанда құрылыста пайдаланы­латын рудалық емес шикізаттардың (мәрмәр, әк, ұлутас, құм, сазбалшық) үлкен қорлары бар.

Қазақстанның пайдалы қазбаларға бай болуы күрделі өтпелі кезеңді еңсеруге мүм­кіндік берумен қатар болашақта да табысты да серпінді дамуға жағдай туғызады. Өйткені, әлемдік экономика минералды ресурстар тұтынудың үздіксіз өсуімен және оларға деген бағаның артуымен сипатталады. Демек, минералды шикізат ресурстары біздің экономиканың басты тірегі болып келді және болып қала береді. Және бұл ресурстардың мәні ІЖӨ өндірісіндегі, инвестициялық үдерістегі, халықтың жұмыспен қамтылуын­дағы, ішкі және сыртқы сұраныстарды қанағаттандырудағы, елдің экономикалық және саяси қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі олардың рөлімен айқындалады.

Қазақстанның минералды шикізат кешені (МШК) индустриялық-инновациялық және экономикалық дамудың, сондай-ақ саяси тәуелсіздіктің аса маңызды бөлігі болып табылады. Нақ осы МШК кәсіпорындарының негізінде ірі қалалар мен жұмысшы кенттері салынып, өркендеді, нақ осы сала халық шаруашылығының көптеген салаларын құруға серпін берді. Мәселен, МШК арқасында химия және мұнай-газ өнеркәсібі, тау-кен және түсті металлургия кәсіпорындары, сирек және асыл металдарды өндіру және байыту жөніндегі кәсіпорындар дами түсті.

Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы 2009 жылғы Мемлекеттік сыйлығын алу конкурсына Қ.И.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институты ұсынған Э.С.Воцалевский, Н.М.Жуков, Л.А.Мирошниченко, Б.М.Рақышев, С.А.Ақыл­беков, Б.С.Өжкенов секілді авторлар ұжы­мы­ның “Қазақстанның минерагениясы мен ми­нералды шикізат қорларын дамыту болашағы” атты еңбектерінде еліміз минерагениясының мол мүмкіндіктері, сондай-ақ осы шикізат қорларын дамыту болашағы кеңінен ашып көрсетілген.

Қазір АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея, Жапония секілді дамыған елдер стратегиялық минералды шикізат қорларын жасауда, өйткені халық шаруашылығын осындай ресурстармен қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін құру – кез келген мемлекеттің басым міндеті. Сондықтан сөз болып отырған еңбекте атап көрсетілгеніндей, Қазақстанның стратегиялық минералды шикізаттар қорын құру республиканың әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруінің маңызды алғы-шарты болып табылады.

Қатал жаһандық бәсекелестік жағдайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан экономикасын әртараптандыру, индустрия­лық-инновациялық бағыттар мен жаңа технологияларды белсенді дамыту міндетін қойып отыр. ХХІ ғасырда жоғары техно­логияларға арқа сүйейтін көп бағытты эко­номика ел берекесінің негізгі шарты бола­тынын ескере отырып, еңбек авторлары шикізат секторынан түсетін елеулі табыстар республика экономикасының құрылымында сапалық өзгерістер жүргізуге, оны өңдеу және басқа салаларды жедел дамыта отырып әртараптандыруға мүмкіндік беретінін атап көрсетеді. Мұның өзі еліміздің минералды шикізат базасын дамыту, ал кей жағдайларда қалпына келтіру және кеңейту шараларын қабылдауды талап етеді.

Минералды шикізат базасының эконо­микадағы маңызды рөлін ескере отырып,  оның қазіргі кездегі жай-күйін байыпты бағалау қажет. Бұл қажеттілік көптеген басым пайдалы қазбалар бойынша қазіргі кезде өткір тапшылықтың байқалуымен айқындалады, өйткені, күрделі өтпелі кезеңде өндіру қарқыны жаңа кен орындарының ашылу қарқынынан әлдеқайда озық болғаны белгілі.

Соңғы он бес жылдың барысы көрсет­кеніндей, жеке меншік компаниялар лицен­зиялаған көптеген алаңдарда жаңа кен орын­дарын ашу жөніндегі жұмыстар жеткілікті жүргізілмей отыр. Жеке меншік иесі жедел пайда табуды көздеп, мол қаржыны ұзақ мер­зімге инвестициялауды ойламайды. Сондықтан да геологиялық-ғылыми және ғылыми-өндірістік жұмыстардың үлкен бөлігін мемлекет қаржыландырып, тиісінше бақылауда ұстауы керек. Жер қойнауы және оның әлеуеті туралы стратегиялық маңызды ақапараттың негізгі меншік иесі және тұтынушысы мемлекет болуы тиіс. Әлемнің көптеген дамыған елдерінде іс осылай қойылып отыр.

Кез келген кен орнының ашылуы – іс жүзінде күрделі ғылыми-өндірістік үдеріс, өйткені қандай да болсын кен орнын игерудің барлық кезеңінде геология ғылымдарының түрлі бағытындағы мәліметтердің кең ауқымы іске қосылады, бұлар ­– кен орны ауданының геологиялық құрылымы туралы да, сол жерде табылған қазба байлықтың заттық құрамы туралы да, сондай-ақ кен орнының текто­никалық құрылымы туралы да мәліметтер. Осының өзінен-ақ бұл үдерісте өндірістік және ғылыми жұмыстардың тығыз өзара ықпал­дас­тығы айқын көрінеді. Геологияның ең ғылыми өндіріс екені де және керісінше, ең өндірісшіл ғылым екені де белгілі болып тұрады.

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған еңбектің авторлары таза ғылыммен ғана айналыспай, оның өндірісте іске асырылуына белсене қатысып жүруі де сондықтан болса керек. Ғылыммен айналысатын өндірісшілер немесе өндіріске атсалысатын ғалымдар ұзақ жылдар бойы жүргізген жұмыстарының негізінде Қазақстанның минерагениялық бүкіл жағдайын жан-жақты анықтап, минералды шикізат ресурстарының орналасуын түзіп шыққан. Осы арқылы үлкен еңбек атқарған, еліміздің мол мүмкіндіктерін анықтап берген. Бұл тұрғыда олар геология ғылымдары мен өндірістің біртұтастығы негізінде Қазақстан ғалым­дарының ішінен КСРО Ғылым академиясының тұңғыш академигі болған және республика Ғылым академиясының алғашқы президент­тігіне сайланған Қаныш Имантайұлы Сәтбаев­тың жолымен жүріп келе жатқандығын айқын көрсетіп отыр.

Соңғы ондаған жылдар бойы Қазақстан экономикасы мен салалары геожүйенің ортақұрушы және өмірді қамтамасыз етуші функцияларын қажетінше ескерместен, табиғатты экстенсивті пайдалану жолымен жүруі салдарынан республика аумағындағы қазіргі экологиялық ахуал тіпті де қолайлы болып отырған жоқ және оның нашарлауы жалғаса түсуде. Қалыптасқан үрдісте түбегейлі бетбұрысқа қол жеткізу сапалық жаңа стратегияға – қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін үйлестіруді көздейтін тұрақты дамуға көшу арқылы ғана мүмкін болады. Сондықтан да қазіргі кезде Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатындағы басым бағыттардың бірі экологиялық жағынан қауіпсіз және тұрақты дамуға көшу болып табылатындығы сөзсіз.

Жоғарыда айтылған жаңа саяси, эконо­ми­калық және геологиялық жағдайлар Қазақ­станның пайдалы қазбалар кен орындарын іздестірудің жаңа ғылыми-теориялық талда­малар мен технологияларды қолдана отырып, инновациялық шешімдер жасауға негізделген жаңа стратегиясы мен тактикасын әзірлеуді туындатты. Сондықтан да осы заманғы теорияларға, құрылымдар мен технологияларға арқа сүйейтін іргелі минерагениялық және геохимиялық ғылымдардың рөлі арта береді. Олардың озық дамуы ғана кен орындары ашылуының сенімді болжамы мен минералды шикізаттардың интенсивті түрде азайып бара жатқан қорларын толықтыруды, оларды қоршаған ортаны қорғау нормаларын сақтай отырып, ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге қабілетті. Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты Геология және жер қойнауын пайдалану комитетімен бірге бұл үдеріске белсене қатысып келеді.

Соңғы кездері өнеркәсіптің шикізатты, әсіресе, индустриялық-инновациялық бағдар­ламаны орындауға және жаңа технологияларды дамытуға өте қажетті, көп жағдайда “көрін­бейтін” рудалану түрінде кездесетін, қоршаған ортаны зиянды химиялық элементтермен ластандыруы себепті экологиялық ахуалды әлсірете түсетін сирек және шашыранды элементтерді тұтынудың тұрақты ұлғаю үрдісі байқалады.

Еңбекте атап көрсетілгеніндей, бұл про­блеманы шешуде қазіргі кезеңде теориялық және практикалық тұрғыда минерагенияның геохимиялық бағытының идеялары мен әдістері басымдық сипатына ие болуда. Геологиялық ғылым үшін еліміздің индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасын іске асыру тұрғысында негізгі міндет жаңа серпінді технологияларды шикізатпен, соның ішінде өте қажетті сирек және сирек жер метал­дарымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс­тарды жүргізу болып табылады. Өйткені, ел индустриясына жоғары технологиялық өндірістерді және электрондық өнеркәсіпті, биотехнологияларды, ғарыштық зерттеулерді, мұнай химиясын ендіру сирек және сирек жер элементтерін молынан өндіруді талап етеді. Бұл міндет төтенше өзекті, себебі Қазақстанның барлық кен орындары кешенді саналады, бірақ та дені 1-2, тәуір дегенде 5-6 элементті өндірумен шектеледі. Бұл жағ­дайда жаңа технологияларда қолданылатын құны негізгі өндірілетін элементтерден әлде­қайда жоғары көптеген бағалы сирек эле­менттер пайдаланылмай қалады. Бұл саладағы жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі кен орындары бойынша мәліметтер банкін құру болып табылады. Бұл мәліметтер банкі индустриялық-инновациялық бағдарламаны интенсивті жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Бүгінде сирек жер металдары жаһандық бизнесіне тән қасиет оның дамуының сер­пінді өсуі болып табылады. Соңғы жиырма жыл­да сирек жер металдар өнеркәсібі жо­ғарғы қарқынмен дамыды. Жаңа кен орындары ашылып, игерілді, шақпақ өнімдер алудың жаңа технологиялары әзірленді, оларды тұтыну салалары мен халықаралық сауда кеңейді. Қазақстанда сирек жер металдар өндірісі ел экономикасымен қатар шағын және орта бизнестің базалық сала­ларының бірі болып табылады. Алайда, бұл саланың өнімі КСРО тұсында республикадан тыс жерлерде өңделді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ішкі тұтынудың жоқтығы және дайын өнімді сыртқы рынокта сатудың күрделілігі салдарынан бұл саланы одан әрі дамыту проблемасы туындады. Жаңа индустриялық-инновациялық саясат жағдайында ғана елімізде сирек жер металдар саласының даму қажеттігі өткір қойылды. Бұл қатарда жаңа өңдеу өндірістерін дамыту қажеттігін атап айтқан жөн.

Бүгінгі таңда сирек жер металдар саласын дамыту жолдарын айқындау, әлемдік рынок, саланы технологиялық жарақтандыру және ғылыми кадрлар әлеуетін тарту талаптарын ескере отырып, саланы дамытудың негіздел­ген бағдарламасын құру төтенше қажеттілікке айналды. Еңбектің авторлары барынша қуатты шикізат базасына ие болған ел қазір және болашақта алдымызда тұратын алып міндеттерді шешуге қабілетті болатынын атап көрсете отырып, Қазақстанның минералды шикізат базасын кеңейту бағыттарын айқын­дайтын әлдеқайда жетілдірілген, әлдеқайда озық болжалдық-минерагениялық және болжалдық-геохимиялық теорияларға арқа сүйеу қажеттігін алға тартады. Мұның өзі бәсе­кеге қабілетті жаңа ірі кен орындарын анықтау үшін күш-жігерді шоғырландыратын аймақтар мен тораптарды нақтылауға мүмкін­дік береді. Қ.И.Сәтбаев атындағы Геоло­гиялық ғылымдар институты осы болжалдық-минерагениялық және болжалдық-геохимия­лық бағыттардың бастауында болған және әлемдік геологиялық қоғамдастық мойындап отырған ғылыми орда болып табылады.

Жоғарыда аталған жетістіктерді ескере отырып, Геология ғылымдары институты Геология және жер қойнауын пайдалану комитетімен бірлесіп, Қазақстанның нақты материалдарын талдау және жасалған “Қазақстанның минерагениялық картасы” негізінде Қазақстан аумағын миенарагения­лық аудандастыруды жүргізді, қайта бағалауға және бәсекеге қабілетті жаңа кен орындарын анықтау болашағы айқындалды.

Қазақстан жерінің мұнайлылығы мен газдылығына талдау нәтижесінде еліміздің көмірсутегі шикізат қоры жөнінен барлық алып, аса ірі кен орындары байланысып жатқаны белгіленді. Әзірленген теориялық және әдістемелік қағидаттар негізінде республиканы бүкіл аумағы бойынша орасан зор (жүздеген миллион талдаулар) геохи­миялық материалды қорыту алғаш рет мүмкін болды. Болашағы зор аудандарды атап көр­сете отырып, Қазақстан аумағына геохи­миялық аудандастыру жүргізілді. Зерттеулер­дің нәтижелері монографиялар, карталар, түсіндірме-жазбалар түрінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланып, геология­лық жұртшылықтың, бірінші кезекте барлық деңгейдегі, соның ішінде таяу және алыс шетелдегі жер қойнауын пайдаланушылардың қызығушылығын тудырып отыр. Институт жүргізген іргелі минерагениялық және гео­химиялық зерттеулердің нәтижелері Қазақ­стан аумағының бәсекеге қабілетті кен орын­дары табылуына деген үлкен әлеуетін көрсетіп берді.  Олар көп ретте қолданбалы және өн­дірістік жұмыстар түрінде Геология коми­те­тінің тапсырысы бойынша жалғасып жатады.

Зерттеулердің нәтижелері жан-жақты байқап көруден өткізіліп, жоғары деңгейдегі халықаралық форумдарда тұрақты баяндалып келеді. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсыныстар жасалып, Президент­тің жыл сайынғы жолдауларында елдің минералды шикізат әлеуетін іске асыру үшін геологиялық барлауды белсенді ету қажеттігі әлденеше рет атап көрсетілген.

Еліміздің минералды шикізат базасын нығайтуда зор секіріс жасалды, мұның бәрі әлемдік деңгейдегі геологиялық зерттеулермен негізделіп отыр. Сондықтан да “Қазақ­стан­ның минерагениясы мен минералды шикізат қорларын дамыту болашағы” атты еңбек ғылым мен техника саласындағы Қазақ­станның Мемлекеттік сыйлығына орынды ұсынылған және ол осындай сыйлықпен атап өтілуге әбден лайық деп білемін.



Авторы: Айтмұхамет АБДУЛИН, ҚР ҰҒА академигі, КСРО және Қазақ КСР мемлекеттік сыйлықтарының және Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат