Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-08-31:

БІЛІМ САПАСЫ БІЛІКТІ КАДРҒА ТӘУЕЛДІ

 

2009 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана оқушыларымыз 294 медаль алды: оның 73-і алтын, 113-і күміс, 108-і қола. Қа­зақстандық оқушылардың құрама командасы математикадан Германияда өткен халық­аралық олимпиаданың жеңімпазы атанды. Олар 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. 104 қатысушы-мемлекеттің арасынан Қазақстан 27 орыннан көрінді.

***

Гимназиялар, лицей­лер, “Дарын”, “Өр­кен” жүйесінің мек­теп­тері өз жұмысында оқы­тудағы жоғары нә­ти­желерге қол жеткі­зуге, жаңашыл идея­ларды енгізуге, әлем­дік ке­ңіс­тікте оң баға алған білім беру бағдар­ла­маларын енгі­зуге ба­ғытталуы тиіс.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі.

азіргі заманда мемлекеттің тұрақты дамуының негізі ретінде адам әле­уетінің рөлі артып отыр. Қоғамға адамның интеллек­туалдық қабілеті, оның білім­­ділігі, жаңа білімді жинақтау мүм­кіндігі қажет. Бүгінгі таңда иннова­ция­ларды жедел игеретін, өмірдің серпінді сұра­ныстары мен талап­тарына тез бейім­д­е­летін тұлға ғана жеңіске же­теді. Бүкіл әлемде мемлекеттің білім беру жүйесін дамыту стратегиясы халықаралық өлшем­дерге сай қалыптасуы тиіс.

Қазақстан сауаттылық деңгейі жа­ғынан АҚШ, Ресей, Ұлыбритания сияқты мемле­кет­тердің алдында, 177 елдің ішінен 14 орында тұр.

Біз алғаш рет TІMSS-2007 халық­аралық салыстыру зерттеулеріне қатыс­тық. 43 елдің арасынан 4-ші сынып оқушылары матема­тика пәнінен 5-ші орын, жаратылыстанудан 11-ші орын алды. Қазақстандық мектеп оқу­шы­ларының 19%-ы – математика пәнінен, 10%-ы – жаратылыстану пәнінен жоғары білім деңгейін көрсетті. Ол орташа әлемдік дең­гей­ден әлдеқайда жоғары. Халық­аралық интеллектуалдық жарыс­тар­дағы біздің мектеп оқушыларының жеңістері де көңілге қуаныш ұялатады.

2009 жылдың бірінші жартыжыл­дығында ғана оқушыларымыз 294 медаль алды: оның 73-і алтын, 113-і күміс, 108-і қола. Қа­зақстандық оқушылардың құрама командасы математикадан Гер­манияда өткен халық­аралық олимпиа­даның жеңімпазы атанды. Олар 3 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. 104 қатысушы-мемлекеттің арасынан Қазақстан 27 орыннан көрінді. ТМД елдерінің арасында бірінші болып Германияда өткен 50-ші мерейтойлық халықаралық математикалық олимпиадада аса беделді интеллектуалдық сайыстың эстафетасын қабылдап алғаны кездейсоқтық емес. Ол олимпиада 2010 жылы Астана қаласында өтеді.

Мектепте білім беру жүйесінде “баршаны біліммен қамтамасыз ету” тұжырым­да­масының “баршаны сапалы біліммен қам­тамасыз ету” миссиясымен ауысқаны мәлім.

Білім беру сапасы – көрсетілген қам­қорлыққа байланысты десек, бұл жағынан келгенде мемлекет барлық мүмкіндікті қарастыруда.

2007 жылмен са­лыс­тырғанда, биыл білім беру бюджеті 25,7 %-ға өсті. 2006 жылдан бастап 2009 жыл ара­лығында бір білім алушыға жұ­м­салатын шығындар мектепке дей­інгі ұйымдарда – 1,3 есеге, жалпы білім беретін мектептерде – 2,1 есеге, кәсіптік лицейлерде 2 есеге артты.

Білім беру ұйым­дары­ның мате­риал­дық-техникалық ба­засы жаңар­тылуда. 2900-ден астам муль­ти­медиялық линга­фондық каби­неттер жасақталды. 3821 мек­теп интерак­тивті жабдықтармен қамта­масыз етілді.

On-lіne оқыту сту­дия­сы құрылып, бір компьютерге 20 оқу­шыдан келсе, интер­нет желісімен қамтамасыз ету 98%-ды құрап отыр.

Оқушыларды бір мезгіл ыстық та­мақпен қамтамасыз ету 71 %-ға жетті. 62 мыңнан астам оқушыны 1321 автобус мектепке тасымалдайды.

2007-2008 жылдары республикалық бюджет есебінен – 112, жергілікті бюджеттің қаржысына – 55 мектеп салынды. 2009 жылдың аяғына дейін 105 мектептің құрылысы аяқталатын болады. Олардың 46-сы 1 қыркүйекте беріледі деп күтілуде. Осы білім ғимараттары пайдалануға берілсе, оқушы орнына деген тапшылық азаяды.

Статистика халықтың 7 жастан 17 жасқа дейінгі бөлігінің облыстар бөлі­нісінде оқу жылдары бой­ынша жалпы орта біліммен жеткілікті толық қамтыл­­ғандығын көрсетеді. Қарағанды, Қы­зылорда, Маңғыстау, Павлодар об­лыстарында негізгі орта деңгейдегі балаларды жүз пайыздық мектеппен қамтуға кол жеткізілген.

2008 жылы балалардың мектептік бі­ліммен қамтылуын егжей-тегжейлі қарастыру нәтижесінде жоғары мектепке бала қабыл­даудың одан әрі 30 %-ға дейін төмендеуі мүмкін деп болжап отырмыз. Сондықтан, оқу жылының басында 9 сыныпты бітіру­шілердің біліммен қам­тылуына әр мектеп талдау жасауы қажет. Олардың барлығы оқу­ын жалғастыруда ма, әлде еңбек рыногына араласып кетті ме? Мұның кәсіби қауы­м­дастыққа салмақ салатыны сөзсіз және оған дайын болуымыз керек.

Биылғы ҰБТ қорытындылары орташа балдың өскенін көрсетті. 2008 жылмен салыстырғанда, 7 бірлікке өсіп, 74,9-ды құрады. 2009 жылғы 11374 бітіруші 100-ден артық балл жинады. Бұл был­тырғыға қарағанда 4,6 %-ға жоғары. “Алтын белгі” алған оқушылар саны 17,2 %-ға өсті және осы жылы бұл көрсеткіш 58,8 %-ды құрады. Еліміз бойынша 8 оқушы 125 балл жинады, бұл былтырғы көрсеткіштен екі есеге артық.

Үздік 100 мек­тептің тізімінде Астана қаласының (6,45), Маңғыстау (6,06), Пав­лодар (4,47), Атырау (4,29) облыстарының үлесі басым. Павлодар облысының № 10 және “Зерде” мектептері, Қарағанды облы­сының дарынды балаларға арналған “Дарын” мектеп-интернаты, Атырау облысының ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын тех­никалық гимназиясы, Ғ.Қарашаұлы атын­дағы орта мектеп, т.б. ҰБТ бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізді.

Тұрақты түрде жоғары нәтиже көр­сетіп жүрген мектептердің тәжірибесін жинақтап тарату қажет. Мысалы олардың қатарында Тал­дықорған қаласының № 24 мектеп-ли­цейі, О.Жәутіков атындағы рес­публи­ка­лық дарынды балаларға арнал­ған физика-математикалық мектеп, Қа­рағанды облысының “Мұрагер” мек­тебі және басқа да білім беру ұйымдары бар.

ҰБТ қорытындысы көрсеткендей, мектеп бітіруші­лер математикадан (10,5 балл), қазақ тілінде оқытатын мектеп­тердегі орыс тілінен (12 балл), физикадан (12,4), дүние жүзі тарихынан (13,9), химиядан (15,6), қазақ әдебиетінен (15,3) нәти­желерінің төмен екенін көрсетті. Барлық 5 пән бойынша үздік білімдерін растай алмаған бітірушілер 4,1 %-ды құрады, ал “үздік” бағаға бестен артық балы жетпеген оқушылар — 11 %.

Республикада балалардың әртүрлі топ­тарының қызығушылығын ескере отырып, мектептегі білім беру жүйесінің мүмкін­діктерін кеңейту жөнінде шаралар қабыл­дануда. Мектептердің 22,7 %-ында түрлі пәндерді тереңдетіп оқыту іске асырылуда. Дарынды балаларға арналған мамандан­дырылған мектептер (107), гимназиялар (118), лицейлер (64) желісі кеңейіп келеді.

9-сыныптардан алынған мемлекеттік аралық бақылаудың қорытындысы бойынша жасалған үздік 100 мектеп тізімінің басым бөлігін жалпы білім беретін мектептер (51 %) құрайды, гим­назиялар — 24 %, маман­дандырылған мек­тептер – 15 % және ли­цейлер – 9 %. Бұл тізімде Ақтөбе, Маң­ғыстау облыс­тары мен Астана қаласының бірде-бір мектебі жоқ.

Мемлекеттік аралық бақылауға қатыс­қан дарынды балаларға арналған 46 мектептің 3-еуі қазақ тілінен, 4-еуі орыс тілінен, 7-еуі шет тілі мен гео­гра­фиядан орта рес­пуб­ликалық деңгейден тө­мен нәти­же көрсет­ті. Орта рес­публи­ка­лық көрсет­кіш пен ма­манданды­рыл­ған мек­тептердің жал­пы орта көрсеткіші ара­сын­дағы айырма­шы­лық аз ғана: шет ті­лі бой­ынша — 4,1, қалған үш пән бойын­ша — 2,4.

Осы арада заңды сұрақ туындайды: қа­зіргі инновациялық мектептеріміздің бар­лығы бірдей өздерінің мәртебелеріне сай ма? Оларды дамытуға осынша қаржы жұмса­ғанымыз ақталып отыр ма? Мәселен, мамандандырылған мектеп-ин­­тернатта бір балға жұм­салатын шығын жалпы үлгідегі мектеп-интернатқа қарағанда 1,7 есеге артық.

Нақтылай түссек, мамандандырылған мектепке 460930 теңге бөлінсе, жалпы үлгідегі мектеп-интернатқа 256361 теңге қарастырылған.

Гимназиялар, лицей­лер, “Дарын”, “Өр­кен” жүйесінің мек­теп­тері өз жұ­мысында оқы­тудағы жоғары нә­ти­желерге қол жеткі­зуге, жаңашыл идея­ларды енгізуге, әлем­дік ке­ңіс­тікте оң баға алған білім беру бағдар­ла­маларын енгі­зуге ба­ғытталуы тиіс.

Сапалы білім беру­дің міндеттерін білікті кадрларсыз шешу мүм­кін емес. Соңғы бес жылда педагогтар жалақысы өсіп келеді. Мұғалімдердің білік­ті­лігін арттыруды қар­жыландыру нақты айт­қанда екі есеге өсті.

Министрлік педа­гог кадрларды аттес­таттау ережелерін, бі­ліктілік талаптарын әзірледі. Биылғы жылдың өзінде 35291 педагог инфо­ком­муникациялық тех­но­логияларды қолдану саласында қайта да­ярлаудан және білік­тілікті арттырудан өтті.

Республикада білім беру мен тәр­­биелеудің сапасына қанағаттанбаушы­лық­­тың бір себебі, жоғары білікті кадрлар­­дың тапшылығы болып табылады. Ма­тема­ти­ка, физика, информатика пән­дерінің мұ­ғалімдері же­тіспейді. Мұғалім кадрлардың қартаюының, білікті және болашағынан үміт күттіретін оқытушы­лардың көпші­лігінің білім беру жүйесінен кету үрдісі сақталуда. 21% қызметкер жасы 50-ден жоғары, ал 30 жастағы жастардан жыл сайын орын толтыру 2,2 %-ды ғана құрайды. Облыс­­тық білім басқармала­рының деректері бойынша, биылғы оқу жылында мұғалім­дер қатарын 6000-нан астам жас маман толықтырды.

Республикамызда жас мамандарға қолдау көрсету және оларды орналастыру бойынша жергілікті атқарушы органдар бірталай акциялар өткізді. Осы жылы ауылда жұмыс істеуге ниет білдірген жоғары оқу орындарын бітірушілерге 89110 теңге мөлшерінде көтермелеулер қарастырылған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінген пәтерлердің 30%-ы білім беру жүйесі қызметкерлеріне бөлініп отыр.

Өңірлік деңгейлердегі білім беру сапасын арттыру үшін білім беру ұйымдарын білікті кадрлармен қамта­масыз етудің арнайы бағдарламасы жасалу қажет деп ойлаймын.

Мектеп білім беру міндетімен шектел­мейді, ол оқушының рухани негізін, жүріс-тұрыс нормасын қалыптастырады, өз бағы­тын айқындауға ықпал етеді.

Бізді мектепке бармай, үйінен қашып жүр­ген балалар санының азаймауы толған­дыруда. 2008-2009 оқу жылының соңында жалпы республика бойынша 1 күннен 10 күнге дейін дәлелді себепсіз мектепке бармай жүрген 3512 оқушы анықталды. Көбіне мектепке бармайтын балалар пиғылы жаман адамдардың ықпалында кетіп қалып жатады. 2009 жылдың І жартыжылдығының қорытын­дылары бойынша, ішкі істер органдарын­да заңға қарсы әрекет жасаған 19 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала есепте тұр. 2008 жылмен салыстырғанда, қыл­мыстың 15,5%-ға төмендегені байқалады. Бірақ ауыр қылмыс пен кісі өлтірудің үле­сі өзгеріссіз – 12%, ал тонау­­шы­лықтың үлесі 2%-ға өсіп, 72%-ды құрған. Темекі шегу, ішімдікті, есірткі зат­тарды пайдалану сияқты жат әдетке бейім балалардың жас шектелімі төмендеуде.

Кәмелетке толмағандардың арасында тәр­тіпсіздіктің алдын алу жұмыстарын жетілдіру мақсатында 1457 мектепке мектептегі полиция инспекторларының бірлігі енгізілді.

 Тәрбие жұмысының тиімділігі ата-ана мен мектептің өзара байланысымен анықталады. 2008 жылмен 2009 жылдың І жартыжылдығында сыбайлас жемқор­лы­ғы үшін 450 мектеп директоры әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, 8-і қызметінен босатылды. Олардың көп­шілігі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыста­рында, Алматы қаласында.

Ағымдағы жылдың 6 айының өзінде министрлікке азаматтардан 1209 шағым мен өтініш келіп түсті. Олардың 25%-ы мектеп әкімшілігі тарапынан жасалған сыбайлас жем­қор­лық әрекеттер бой­ынша, 13,0%-ы – мұғалімдер мен мектеп әкімшілігінің оқу­шылармен байланысындағы педаго­гикалық әдепке жатпайтын әрекеттер туралы.

Педагогикалық әдеп, мәдениет, кәсі­би міндет – бұл педагогикалық этиканың маңызды категориялары. Мұғалімнің абы­ройын арттыру қажет. Осыған байланысты министрлік этика негіздерін оқушыларға оқыту бойынша оқу бағдар­ламасын әзірлеуде.

Осы жылдың бірінші тамызынан бастап елімізде “Мектепке жол” респуб­ли­калық акциясы басталды. Өткен жылы акция барысында 100 мыңға жуық балаға 405 млн. теңгеге мектеп фор­масын, аяқ киім, мектепке қажетті керек-жарақтар алынды.

Әлемде орын алған А(H1N1) тұ­мауы­нан туындаған қолайсыз эпидемиялық жағдайға байланысты үстіміздегі жылғы 15 қыркүйекке дейін медицина қыз­меткерлерінің қаты­суымен ата-аналар жиналысы өткізіліп, өзге де сақтандыру шаралары бойынша жұмыстар атқары­латынын да айта кеткеніміз жөн.

Сапалы білімге қол жеткізуді артты­руға бағытталған бірқатар принципті жаңа жобаларды іске асыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Оның бастыла­рына тоқталар болсам, бірінші, ақпарат­тық технологияларға негізделген электронды оқыту жобасы (E-learnіng); екінші, “Әрбір оқушыға бір ноутбуктен” атты “Интел” компаниясымен бірлескен іс-шара; үшінші, мектептерді жайлы автобустармен, оқушыларды толық­қанды ыстық тамақпен қамтамасыз ету ба­ғытында жергілікті атқарушы органдар­мен бірлескен “Жалпыға бірдей оқу” бағдар­ламасы, т.б.

Биылғы жаңа оқу жылындағы тағы бір жаңалық: мектеп бағдарламасына оқушы­лардың жас ерекшеліктеріне сай “Қаржы сауаттылығының негіздері”, “Дінтану негіздері” факультативтік курстары мен “Көлік құралдарын жүргізу” курсы енгізілуі дер едім. Бұлардың барлығы дерлік уақыт талабынан туындап отырған қажеттілік екенін баса айта кеткен жөн. Мәселен, “Дінтану негіздеріне” толы­ғырақ тоқталсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің “Терроризм мен экс­тремизм көрініс­тері­нің алдын алу және тыю жөніндегі шара­лар туралы” 2000 жыл­ғы 10 ақпандағы № 332 Жарлығына сәйкес 2004 жылдан бас­тап “Дінтану негіз­дері” пәні 10 сынып­тарда таңдау бойынша арнайы курс ретінде өткізіліп келсе, 2009-2010 оқу жылында 9-сынып оқушыларына 34 сағаттық факуль­тативтік сабақ ретінде жүргізілетін болады. Факультативтік сабақ­ты қоғамдық пәндер­дің мұғалімдері өткі­зеді.

Оқулықтарға қа­тысты айтатын бол­сақ, ол әр төрт жыл сайын басылып шы­ғарылады. 2008-2009 оқу жылында 1 және 8 сынып оқу­лықтары, ал биыл 1 және 9 сыныптардың оқу­лықтары қайтадан басылып шықты. Оқу­лықтар және оқу-әдістемелік құралдар­­мен қамтамасыз ету, оларды жеткізу жер­гілікті жерлердегі атқару органдарының құзырында.

Аймақтардан келген ақпаратқа сәйкес, 20 тамыздағы мәлімет бойынша, оқулық алуға жергілікті бюджеттен 4 млрд. 837 млн. теңге (2006 – 2 млрд. 937 млн., 2007 – 3 млрд. 284 млн., 2008 – 4 млрд. 472 млн. теңге) бөлінген.

Оқулықтар интернаттық ұйымдардың тәр­биеленушілері, жетім балалар, аз қам­тылған және көп балалы отбасылардың балаларына тегін беріледі. Олар оқулық­тармен 100 пайыз қамтылады. Биылғы жылы республика бойынша шамамен оқушы­лардың 93,5%-ы оқулықтармен қамтылады деп күтілуде. Қазіргі күні жер-жерлерге оқулықтар мен оқу-әдіс­темелік құралдардың 46 пайызы жеткі­зілді. Жалпы, аймақтардағы білім бас­қарма­лары мен баспалар арасын­дағы келісім-шартқа сәйкес, оқулық та­мыздың бірі мен қазанның бірі аралы­ғында жеткізілуі тиіс.

 

ҒАЗИЗА ҚЫЗ

Жаңа оқу жылы қарсаңында басымызға жақсы бір ой келіп, жас ұстаз туралы толғану керек бол­ғанда сонау жетпісінші жылдары өзіме сабақ берген мұғалімдер ойыма оралсын. Соның бірі Ирина еді. Неміс тілінен сабақ беретін. Анасы екеуі бір орысы жоқ алыс­тағы ауылды жатсынбай, көшенің шетіндегі көнелеу үйге қоныс тепкен.

Біз, оқушылар, неміс тілін жақ­сы көреміз бе, әлде ауыл үшін киім үлгісі де, жүріс-тұрысы да бөлек сұлу Иринаны жақсы көреміз бе, әйтеуір сабағынан қалмаушы едік. Кейде тентектік жасап, ренжітіп те алатынбыз. Әскерден бір-екі ауыз орысша “үйреніп” қайтқан алдың­ғы толқын ағалар Иринаны әңгі­меге тартып, шүлдір-шүлдір сөй­лес­­­­­­­кенде қара­дай тырсиып, жалтақ-жалтақ қарай беретініміз де есте. Ирина анасы екеуі бір-екі жылдан кейін қалаға ма, аудан орталығына ма қайта көшіп кетті. Бүгінде қайда екенінен хабарсызбыз. Бірақ мамандығын жан-тәнімен сүйетін адал қасиеті, сынық мінезі, бәденді жүзі жады­мызда мәңгіге қалып қойыпты.

Менің бүгінгі кейіпкерім Ғазиза қыз да биылғы оқу жылында қиын да қызықты еңбек жолын жаңа бастағалы отырған жас ұстаз. Ұс­ынған орындығыма тал шыбықтай майысып келіп отырды. Биыл жасы жиырма үшке толады екен. Тараз қаласындағы мемлекеттік педаго­гикалық институттың жараты­лыстану ғылымдары факультетіне грантпен оқуға түсіп, химия пәнінің мұғалімі деген мамандық алып шығыпты. Ата-анасы Шиелі жақтың тумалары. Жиырма шақты жылдың бедері болды, Қызылорда өңірінде тұратын бауырларымыз суы да, нуы да мол Тараз қала­сының маңайына көптеп қоныс аударып жатыр. Ғазизаның ата-анасы да сол көштің, сол көптің қатарынан болуға керек деп түйдім.

Ғазизаның бойындағы қыз балаға тән нәзіктікпен бірге батылдықты да бірден аңғардым. Өзі үш қыз, екі ұлдың кенжесі екен. Бірақ кенже екенмін деп анасына салмақ салып, еркелікпен елтең-селтеңге бой алдыратын бойжеткендердің қатарынан емес. Байсал тартқан басалқалы адам­дардай сөзінің бәдізін бұзбай әңгі­мелеседі. Әкесі қайтыс болыпты. Анасы зейнеткер. Сірә, Тараз мемлекеттік институтын қызыл дип­ломмен бітіріп, Тараз қала­сын­дағы №5 Жамбыл атындағы орта мектеп тапсырыс берген жолда­ма­ны жеңіп алуы да осы байыпты­лығынан болар. Ал Жамбыл мектебі – облыс орталығындағы қара шаңырақтардың бірі. Мұнда кезінде талай-талай қасқалар мен жайсаңдар білім алып, елінің қалаулы ұл-қыздары болған.

Ғазиза өндірістік практикада жүргенде 8, 9 және 10 сыныптың оқушыларына сабақ беріп, тәжі­рибе жинақтады. Сонда бай­қағаны, 8, 9 сыныптың оқу­шылары бей­мазалау, мәселеге аса мән бер­мейтін жеңілтектеу болып келеді екен. Ал 10 сыныптың оқушылары ұстазды түсініп, сыйлауға тыры­сатын сияқты. Сол кезде ғой, бір оқушы мұны ұстаз ретінде қом­сынғандай болды. Онысын жарияға жар салып айтпаса да, қыңырлау қылығымен білдіретін. Бірақ Ғазиза бұған шамданбады. Тәртіпке шақырып, ескерту де жасамады. Бұл әрекет ұстаз бен оқушы ара­сындағы “мәселені” реттеудің ор­нына, ушықтырып, өзара түсініс­тікті қиындатып та жіберуі кәдік қой. Сондықтан Ғазиза қыз студент екенмін деп жасымастан ізденіп, сабақ беру тәсілін жетіл­діріп, білімін бұрынғыдан да тереңдете түсті. Қашан да сабырлы, биязы мінезінен ауытқымады. Көп ұзамай әлгі оқушы әрдайым мұның жанынан табылатын болды. Бұл оның болашақ ұстаз ретіндегі алғашқы жеңісі болатын.

Қай мектепте де “қиын бала” деген түсінік бар. “Қиын бала қайдан шығады?” деген тақырып та айтыла-айтыла “жауыр” болғалы қашан. Дегенмен, бұл мәселе ең алдымен отбасындағы тәрбие мен тәртіпке тікелей байланысты. Қазіргі ата-аналардың көпшілігі: “ұстазыңның айтқанын тыңда, ал­дынан ке­се-көл­де­нең өтпе, сыйлап жүр” деп ай­та бер­мей­­ді. Ке­рісінше, баласына тәртіпсіздігі үшін ескерту жасаған ұстазды ұната бермейді. Мән-жайды анықтап алмай жатып, дөңайбат көрсетеді. Ғазизамен әңгімелесіп отырып бұл тақырыпта да бір көзқараста екенімізді түсіндік.

– Бойыңнан ә дегенде оқу­шылар алдындағы жүрексіну сезімін байқадың ба?

– Өтті ғой бастан. Әсіресе, са­бақ үстінде сұрақтан сұрақ туындап жатпай ма? Осындай сәтте мына сұрақтың жауабын дәл қазір сұрап қалса қайтер ем деп ойлауың мұң, маңдайыңнан суық тер бұрқ ете қалады.

Бұл өз кәсібіне адал адамның шындықты мойындауы. Мұндай жастан, әдетте, жақсы маман шы­ғады. Мұғалімдердің тамыз ке­ңе­сін­де облыс әкімі Бөрібай Жексембин:

– Балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына, олардың жоғары жетістіктерге жетуіне біздің облысымызда да жан-жақ­ты жағ­дайлар жасалуда. Өткен оқу жы­лында облыс мектептеріне 299 жас маман жұмысқа қа­былданса, биылғы оқу жылында 145 жас ма­манға сұраныс беріліп отыр. Олар­дың барлығына да облыс, аудан және ауыл болып қал-қадірінше жағдай жасалуда, – деген жақсы сөз естігенбіз. Біздің кейіпкеріміз де сол жас мамандардың бірі.

Жас ұрпақ тәрбиесінде жаңа басталған сапарың сәтті болсын, Ғазиза қыз!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы, Тараз қаласы.

 

ШУАҚТЫ ШАҚ

Кім-кімнің де болашақты бол­­­жай алмағанымен ақ қанат арма­нының жетегіне еріп, келешекке үлкен үміт­пен қарайтыны, өмірден өз орнын табуға талпынып, кө­ңілдегі көрікті ойын жүзеге асыруға күш салатыны рас қой. Шет ау­­да­нындағы Жұмыскер ауылының орта мектебін үздік бітіріп, ма­мандық таңдауы алға қойылғанда Жанат оншалықты ойланып жат­паған еді. Өйткені, жүрек қалауын бұрыннан шешіп қойған-ды. Мұғалім болу, соның өзінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беру кө­кірекке түйілген мақсат болатын.

Ал осы пәнге ынтықтыққа не себеп еткенін білмейді. Бәл­кім, өрен шағынан әдебиетке құмар­лығы ма, әлде оңашада жыр жол­дарын өріп тастауға әуестігі ме, әйтеуір көңі­­лін баураған бел­гісіз бір күш ма­­залай­тын­дай-ды. Ақыры сол жеңіп шықты.

Университетті де үздік бітірді. Оқыту­шылыққа, ғылым жолына түсуге қа­білеті танылып та қалған-тын. Соны ойға салғандарды та­ңыр­қатып, мек­тепке баруды қа­лады. Қазір оған тіпті де өкінбейді. Ұршыққа айналған уақыт деген осы. Ұстаз атанғанына да екі жыл болып қалыпты.

Еңбек табыстырған ортасы жас. Солай болғанымен әріптестерінің арасындағы ең жасы өзі. Бірақ ынта мен ықылас, білім мен талап жағынан келгенде жолы бөлектігі қүрметтеледі. Әсіресе, мұғалімнің болмыс-бітімін қапысыз аңдайтын шәкірттер оқуға бойлата алатын да, сырласа алатын да, отырыс-тұ­­рысымен де әдемі әдептілікті аң­ғартып тұратын Жанат­тың жанынан үйіріліп шықпайды.

Ол орта буын сыныптарға сабақ береді. Мектептен күн ұзаққа шық­пайтын оқытушының бірі де өзі. Сыныптан тыс қосымша са­бақтар өткізеді. Әдебиетке, өнерге бейімі бар оқушыларға арналған үйір­ме­лерді басқарады. Әсем безен­­дірілген көркем шығармалар, көрнекті құралдар тізілген қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті көрген адамның көзін сүйсіндіреді.

Қарағандының Қазыбек би ауданындағы 6 орта мектептің жас оқытушысы Жанат Көшеннің, міне, еңбек жолы осылай басталып келеді. Өз ісін құлай сүйген маманның арманы нағыз ұстаз атану. Соған жететініне сенімі нық.

Біз өміріндегі екінші жауапты кезеңді, жаңа оқу жылының басталуын тағатсыз күткен жас маманға ақ жол тілейміз.

Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.

 

ҚАДАМЫ СӘТТІ ҚАМБАР

Маңғыстау аймағына небір игі іс, жағымды жаңалықтарымен белгілі Ақшұқыр дейтін ауыл бар. Кәрі Кас­пийдің құтты қойнау­ындағы шағын елді мекеннің ажа­рын ашып, сәнін келтіріп тұрған білім ордасы Маршал Әбдіқалықов атындағы орта мектеп. Маршал аға болса Маңғыстаудың төл тумасы, қазыналы түбектің терең тарихы, әйгілі адамдары жайлы ондаған кітаптар жазған белгілі қа­лам­гер. Ол кісінің есімін мұндағы­лардың бәрі дерлік мақтан тұтады. Мақ­таныш сезіммен атап, ардақтай­ды. Мұнда еңбек ететіндердің бәрі де аға атағына сай еңбек етуге талпы­нады. Міне, сондай лектің ішінде өрімдей жастардың жүруі тіпті ғажап емес пе? Солардың бірі – осы мек­тептегі жаратылыстану және геогра­фия пәні­нің мұғалімі Қамбар Аман­таев. Әріптестері жылы лебіз білдірген Қамбармен Ақтауда тамыз кеңесі өтіп жатқан кезде сыр бөлі­судің сәті түсті. Орал қаласындағы Махамбет атын­дағы мемле­кеттік университеттің өткен жылғы түле­гінің қазыналы түбекке келуі де қы­зық. Өз сөзімен айтсақ, ойламаған жерден болыпты. Яғни, университет­ті бітіргелі тұрғанда оқу орнына Маңғыстау облы­сындағы ауылдық жерге тұрақты жұмыс жасауға екі жас маманға сұраныс түседі. Киелі топырақты, қасиетті, әулиелі аймаққа аңсарым ауды. Көңілім құлады. Оның үстіне сұраныс ережесіне сай жас мамандарға ерекше қамқорлық көрсетілетінін білдім. Олай болса жердің шалғайлығы жоқ, тәуелсіз Қазақстанның қай тұсы да өз үйім – өлең төсегім, деп ойладым, дейді ол. Түпқараған ауда­нына атбасын тірегенде Ақшұқыр ауылы құ­шақ жая қарсы алды. Мектеп басшылары Оңайбай аға, Күлән апай, Мұрат аға өз ба­лаларындай бауыр­ларына тартты. Сыңғырлаған жаңа мектеп. Тап-тұйнақтай әсем ауыл. Терезеден шалқыған теңіз көрінеді. Осының бәрі мені бір­ден баурап алды. Ос­ын­дай сәтте ау­ыл­­дан алыс шы­­ғуға, ба­тыл қадам жа­сағаныма дән риза бола түстім. Сөй­тіп, сәтті бас­талған қа­дам­ға сай еңбек етудемін. Әк­ім­діктің ау­ыл­ға келген жас маманға беретін 1 миллион теңге грантына ие болдым. Екі айда-ақ екі бөлмелі үй берілді. Оралдан жоғары оқу орнын бітір­ген инженер-технолог Зульфия атты қызбен көңіл жарас­ты­рып, шаңырақ көтердік. Енді Алла бұй­ыртса, кішкентайлы болатын қуанышты күнді асыға күтіп жүрміз. Ақжарқын адамдар, қамқорлық пен көмекке бөлеген алтын бесік ауылдың құт-берекесі, қадір-қасиетіне қалай тәнті болмасқа.

Облыстағы жастар тәрбиесіне деген игі істерге көңіл толады, соған орай қайтарымы да қарымды екен. Олай дейтінім, өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында соңғы орыннан респуб­ликада 5 орынға шығыппыз. Осы жылы “Алтын бел­гі” иегерлерінің саны екі есеге өскен. Байқап қа­расақ, мектептер құрылысы да қарқынды. Бізге ір­гелес Сайын ауылындағы орта мектеп пайда­ла­нуға тапсырылғалы отыр. Міне, біздің өлкедегі өре­л­і істер осындай. Мен болсам осындай жетіс­тік­терге аз-кем болса да үлес қосып жүрген жас маман екендігімді мақтан тұтамын, дейді Қамбар Амантаев.

Ал біз болсақ, жан-жақты қамқорлыққа бөленіп, жаңа оқу жылын көтеріңкі көңілмен қарсы алып отырған жас маманға қадамың сәтті бола берсін, Қамбар демекпіз!

Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы.

 

ПРЕЗИДЕНТТІҢ  ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ МЕКТЕБІ

Еліміз бойынша Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Президентінің жиырма интеллектуалды мектебін қатарға қосу белгіленген болса, соның бірі Семей шаһарында ашылды. Бұл өзі фи­­­­­­­­зикалық-математикалық бағыттағы мектеп. Жа­ңа­ғы жиырма мектептің ішінде сондай бағыт­тағы үшеудің бірі осы. Мұның бірі Астанада ашылса, үшіншісі Көкшетауда бой көтермек.

Қаланың 342-квартал деп ата­латын бөлігінде балалардың Гайдар атындағы паркі болатын. Бергі заманда сол балалар саябағы иесіз қаңырап бос қалған-ды. Әйтеуір “ештен кеш жақсы” дегендей, әуелде мұнда спорт кешенінің, іле аталған мектептің құрылысы қолға алынды. Аманшылық болса, спорт кешенінің қатарға қосы­латын күні де алыс емес. Солайша кешегі иесіз қалған саябақ жас ұрпақтың игілігіне айналып келеді.

Жаңа мектептің ішкі, сыртқы келбеті көз тар­­тар­лықтай. Мұнда сабақ мемлекеттік және ұлт­ара­лық қатынас тілінде жүргізіледі. Ал одан кейінгі жерде ағылшын тілін оқыту да түбегейлі түрде қолға алынбақ. “Өркен” акционерлік қоғамының филиалы болып есептелетін жаңа мектеп құры­лы­сын “Интер­стройНС” жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі сапалы атқарып шық­қандығы көзге көрініп-ақ тұр. Кіреберістегі фойе күмбезі бейне театр сахнасы іспеттес. Сабақ кес­тесі шеңбер секіл­ді экранда жа­зылған. Кабинет, сынып бөл­мелері кең де жарық. Әр кабинетке инте­рак­тивті тақталар қойылған. Әр сы­нып компьютермен жабдықталған.

Спорт және акт залдары да бүгінгі күн тала­бына сай. Сырттағы спорт алаңқайлары мұның сыр­тында. Бір сөзбен айтқанда, интеллектуалды мектеп түлектеріне мұнда біліммен бірге, өнер, спорт­пен айналысуларына мейлінше қолайлы жағдай жасалған.

Жаңа мектепте оқуға тілек білдірушілер көп болыпты. Олар арнайы сынақпен іріктеліп, қа­былданған. Тіпті, бесінші мен оныншы сынып аралығындағылар үшін екі тур ұйымдасты­ры­лыпты. Сөйтіп, айтулы мектепке жүзден жүйрік шыққандар қабылданыпты. Әзірге бұл мектепте қанша оқушы оқитындығы әлі анықтала қойған жоқ. Әйтсе де, олардың жалпы саны бір мыңның жуан ортасына барып қалуы тиіс. Ал сөз со­ңын­да осындай іргелі оқу орнының тізгіні бұған дейін қаладағы айтулы алтыншы мектепте қыз­мет етіп келген Жанна Шымырбаеваға сеніп тап­сырылып отырғанын айта кеткеніміз жөн болар.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.

 

283 мұғалімге пәтер берілді

Мұндай қамқорлық дәрігерлерге де көрсетіледі

Қай елдің де бәсекеге қабі­леттігі ұрпағының білімі мен саулығынан бастау алады. Елбасы Қазақстанды бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына енгізу үшін  сапалы білімге баса мән беру қажеттігін алға тартты. Мұнайлы өңір осы талап үдесінен шыға алды ма? Өңір басшысы Бергей Рысқа­лиев облыс мұғалімдерінің тамыз мәслихатында білім беру сапасын арттыру, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту шаралары қолға ал­ынғанына тоқталды. Соның дәлелі ретінде жоғары оқу орын­дарын бітіріп келген 30 жас мұ­ғалімге жаңа пәтер кілттерін тапсырды.

– Қоғамдық қабылдауымда баспанадан тарыққан осы саланың жүздеген қызметкерімен кездестім. Өмірге келген ұрпақты қалай аяла­сақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұс­таз­дарға да қамқорлық көрсетуіміз қажет. Осыны ескере келіп, қазір қалада құрылысы салынып, жыл аяғына дейін аяқталатын 14 үйдің 8-ін мұғалімдер мен дәрігерлерге бөлуді ұйғардық, – деді әкім.

Осылайша, жақын арада Аты­рау қаласында 283 мұғалім жаңа пәтерге ие болатын болды. Оның ішінде көп жылдар баспана тау­қыметін тартқан 220 мұғалім бар. Сонымен бірге, жоғары оқу орнын бітірген 61 жас маман  қоныс тойын тойламақ. Бұлардан өзге медицина саласының өкілдері де осындай қамқорлықтан шет қалмайды. Облыс әкімі Б. Рыс­қалиевтің айтуынша, қазір өңір орталығында 122 дәрігер баспа­насыз жүр. Бұларға 13 жас маман және шақыртумен келген 10 білікті дәрігерді қосыңыз.

Жас ұрпаққа білім нәрін себетін ұстаздар мен халықтың саулығын қорғайтын дәрігерлер қауымы бір айдан соң жаңа пәтер кілттерін ала­тын болды. Облыс басшысы Атырау қаласының әкімі С. Нақ­паевқа дәл дүйім жұрттың алдында осылай тапсырма берді. “Бір айдан кейін қос саланың 448 маманы жаңа пәтерге ие боласыздар. Егер бюрократтық кедергілерге кездес­сеңіздер, тікелей өзіме келіңіздер” деді Б. Рысқалиев.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.

 

Балалар қамқорлыққа алынды

Елбасының тапсырмасына орай өткізіліп жатқан республикалық “Мектепке жол” акциясы Сыр өңі­рінде де өзіндік мазмұнымен ерекше­ленеді. Мұқтаж балаларға көмек көрсетуге ынталылар қатары күн сайын көбейіп келеді. “Петро­Қа­зақстан” компаниясы – 200, “Қазгер­мұнай” компаниясы 192 балаға демеушілік көрсетуді жоспарласа, Арал, Жалағаш, Сыр­­­­дария аудандары мен Қызылорда қаласынан 820 бала мұндай көмекті еншіледі. “Игілік” қоры облыс ор­талығындағы көп ба­лалы отбасы­ның бес баласына мектеп форма­лары мен оқу құралдарын алып бер­ді. Облыстық құрылыс басқар­масы – 6, облыстық табиғи ре­сурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­масы 7 отбасы ба­лаларын қамқор­лыққа алғандарын мәлімдеген бола­тын, ал облыс­тық құрылыс бас­қар­масы басты­ғының орынбасары Әлімжан Қар­қынбаев нағашы атасы­ның қам­қорлығында қалған Асхат Серікке мектепке дайындық үшін 20 мың теңге көлемінде қаражат ұсынды. БАҚ өкілдеріне берген сұх­батында ол осындай мөлшердегі қар­жымен тағы да бес баланы қамта­масыз ететіндігін мәлімдеді.

Қаладағы Қорқыт ата көшесі №100 үй тұрғыны Ғалым Сүлей­меновтің отбасында 5 бүлдіршін өсіп келеді. Оның үшеуі мектеп жасында. Отағасы науқас, әйелі жұмыссыз. Тұрмыстарының төмен екені өз-өзінен белгілі.

– Осы отбасындағы Рахым­жан, Назерке, Аяжандарға демеу­шілік көрсете тұрып, олардың жағдай­ларын зерттей келе бір шешімге келдік, – деді облыстық табиғи ре­сурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқар­ма­сының бастығы Ибрагим Әбибул­лаев. – Қашан отбасының тұр­мысы түзеліп кекен­ше, отбасын­дағы бала­лар мектеп бітіргенше біздің қамқор­лығымызда болады. Тек бұл отбасы ғана емес, қалған алты отбасына да тұрақты көмек беріледі. Біздің шар­тымыз – балалар жақсы оқуы тиіс.

“Мектепке жол” акциясы осылайша жал­ға­­­сын табуда.

Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.

(жалғасы)



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат