Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-08-31:

Жақсы іс жалғасын табуда

Жаңа оқу жылы қарсаңында қала әкімдігінің ұйымдас­ты­руымен Қорқыт ата мемориалдық ес­керткіші алаңында өткізілген “Мек­тепке жол” мейірімділік акциясы жал­ғасын тауып, ата-аналар мен оқу­шыларды тағы да бір дән риза етті.

Осындай ағалар шарапатына №39 “Қызылөзек” орта мектебінің 15 оқу­шысы да ие болды. Мектепке қажетті оқу жабдықтарымен тегін қамтамасыз етілген оқушылар мен ата-аналардың қуанышында шек болмады.

Жәрмеңкеге қойылған оқушы тау­ар­ларының бағасы жұртшылық­тың көңілінен шықты.

Қазіргі қаржы дағдарысы ке­зеңін­дегі ұйымдастырылып отырған осындай игі шаралар аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылар үшін зор көмек болды.

Осы игі шараны ұйымдастырып отырған Қызылорда қаласы әкімдігі мен демеушілерге ризашылығы­мыз­ды білдіреміз.

Ата-аналар: Райхан ПІРМАШЕВА,  Макира АҚАЕВА,  Муса АБДУКАИМОВ, Ғани ӘБДИЕВ. Қызылорда.

 

Жас мамандарға жолдама

Солтүстік Қазақстан облысы ұстаздарының тамыз мәслихаты болып өтті. Онда облыстық білім басқармасының бастығы Темірғали Әбілмәжінов оқу-тәрбие жұмыс­тарына талдау жасады.

Басқосуда Білім және ғылым министрінің орынбасары Күләш Шамшидинова, облыс әкімі Серік Біләлов, ұшқыш-ғарышкер жер­лесіміз Александр Викторенко, Мәжіліс депутаты Раиса Полищук және тағы басқалар сөз алып, жиналғандар назарын білім са­пасын арттырудың жолдарына аударды. Жиын соңы озаттарды марапаттауға ұласты. Орташа балл 106-дан айналып, 6 “Алтын белгі” иегерін дайындап шығарған дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-мектеп-интернаты (директоры Күлжан Түкенова) бірінші орынды иеленсе, қалған жүлделі орындарға М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы лицей, Тайынша қаласындағы №3 мектеп, “Лорд” лицейі ие болды.

Облыстың ұстаздар қатары 400-ден астам жас мамандармен толығып, Серік Сұлтанғазыұлы әрқайсысына бір реттік жәрдемақы мен 30 мың теңге сыйақыны тарту етті. Аққайың ауданы Ленин орта мектебінің директоры Серік Тоғыбаев аймақ басшысының қолынан “Газель” көлігінің кілтін алды.

Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.

 

Жәния бірінші сыныпқа  барды

 

Қырық жыл бойы Жа­лағаш ауданындағы №123 орта мектепте бастауыш сынып оқушыларына сапалы білім, саналы тәрбие берген Халипа әжеміз – үш ұл, бес қыз өсіріп, ұлдарын ұяға, қыз­дарын қияға қондырып, өркен жайдырған аяулы ана. Ал, Халипаның жансерігі Жақ­сылық Жылқышиев ақсақал да қырық бес жыл бойы оқу­шыларға математика пәнінен дәріс беріп, кезінде “Қазақ ССР-ы халық ағарту ісінің озық қызметкері” атағын алған ұлағатты ұстаз.

Бүгінде Жақсылық пен Ха­липадан өнегелі тәлім-тәрбие алған ұл-қыздары да өркен жайып келеді. Бір айта ке­терлігі, осы бір отбасын ұла­ғатты ұстаздар ұясы десе де болады. Жоғарыда айт­қан­дай, осы отбасындағы сегіз ұл-қыздың жетеуі жоғары пе­дагогикалық білім алған. Қа­зіргі таңда олар әр салада еңбек етіп жүр.

– Құдайға тәуба, – дейді әңгіме үстінде Халипа әжеміз,– бүгінде 15 немере, 2 шөбере сүйіп отырған жайымыз бар. Үлкен немерем – Анарым заңгер болса, кенже немерем – Жәниямды Жақсылық екеуміз дәріс берген №123 дарынды балалар мектебінің 1-сыныбына алып келіп отырмын. Ай­налайын Жәниям атасымен бірге есепті шақпақтай-ақ шағады.

Суретте: Халипа әжесі мен  Жәния немересі

Еркін Әбіл,  Қызылорда облысы,  алағаш ауданы.

 

Мектептің іргетасы – балабақша

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы балабақшалардағы тілдік ахуалды назарынан тыс қалдырмай келеді. Ағымдағы жылы балабақшаларда жүргізілген зерделеу жұмыс­тарының мақсаты да ондағы тілдік жағдайды саралап, дұрыс бағыт-бағдар беруге арналды.

Қазір өңірде 71 балабақша жұмыс істесе, оның 29-ы қазақ, 12-сі орыс, аралас меке­мелер. Аталған орындарда барлығы 10238 бала бар. Қазақ балабақшаларының 144 тобында 3457 бала ана тілімізде тәр­биеленсе, аралас балабақшалардағы бар­лығы 212 топтың 124-і қазақ тобы. Ал, орыс бала­бақшаларда тәрбиеленген 1322 баланың қа­зағы 615 болса, аралас ор­ындардағы орыс топтарында 782 қаракөз тәрбиеленуде екен.

Еліміздің іргесі бекіп, халықтың әл-ауқаты жақсарған сайын балабақшаға деген сұраныс арта түсуде. Жас бүлдіршінге тәрбие мен білім беретін мекемелер санын арттыру жақсарды. Облыста өткен жылдың өзінде 13 балабақша ашылса, оның 9-ы қазақ. Ал, биылғы жылдың қаңтар айынан бері Қапшағай қаласы мен Балқаш ауданында қазақша балабақшалар ашылып, жүздеген сәби ана тілінің шуағына бөленді. Өңір жұртшылығы үшін жыл сайын ана тілімізде тәрбие беретін балабақшалар санының өсуі қуанарлық жай екенін айтқан жөн.

Облыста мектеп жасына дейінгі бала­лардың білім-білік дағдыларын жетілдіріп, тәрбиешілер жұмысының сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлетін балабақшалар қа­тарында Алакөл ауданындағы №2 “Қуаныш” балабақшасы тұр. Онда балалардың ой-өрісін, білім деңгейін көтеру, сана-сезім, таным әрекетін дамыту жұмыстары ерекше жолға қойылған. Нәтижесінде ұжым өткен жылы облыстық “Үздік балабақша” байқауында жүлделі І орын алып, ме­рейленді.

Талғар ауданында мемлекеттік тілдің өрісін кеңейту, жас өскінді халқымыздың бай тілі мен ауыз әдебиеті, ізгі салт-санасы, озық дәстүрлері рухында тәрбиелеуде №3 “Әлия” қазақ балабақшасында оң тәжірибе қалыптасқан.

Дегенмен, мектепке дейінгі мекемелерде кемшіліктер де орын алуда. Мемлекеттік тілді орнықтыруда қай мекеменің болсын маңдайша жазуы, мөрі мен мөртаңба­сындағы сауаттылық оның қандай мекеме екендігінің дәлелі. Олай болса, ондағы жазу­лар “Тіл туралы” заң мен ономасти­каның қазіргі талаптарына сай ма? Осы тұрғыдан алғанда, көптеген мекемелерде “балабақша”, “кәсіпорны”, “коммуналдық”, “қазыналық” сөздерінде стилистикалық және емлелік қателер кездесетіні көп жайды аңғартады. Қарасай ауданының Райымбек ауылындағы “Ақбота” және Алмалыбақ ауылындағы “Алтын дән” балабақша­ларының маңдайша жазуы жоқ. Соңғысы Алматы қаласындағы “Көмек” жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тігінің (мөрде осылай жазылған) кәсіпорны (Г.Мұқанова). Мөртаңбадағы жазу тек орыс тілінде, оның өзінде “Детский Сад “Алтын-Дән” деп қате жазылған.

Ал, Талғар ауданындағы №5 балабақшаға балалар әдебиетінен алынған демесең, К.Чуковскийдің шығармасындағы жануар­ларды емдейтін ойдан шығарылған “Ай­болиттің” есімін беру не қажеттіліктен туғаны да түсініксіз.

Бір құптарлық жағдай – аз да болса қазақ топтарында тәрбиеленетін басқа ұлт балалары санының өсуі. Мәселен, Іле ауданының Боралдай ауылындағы “Әдемі” балабақшасының қазақ топтарында 25 орыс баласы тәрбие алып жүр. Ал, Еңбекшіқазақ ауданы басшылығының таза қазақ тілді бала­бақшалар санын көбейту бағытындағы бастамасы қуантарлық. Қазіргі уақытта Есік қаласында, Шелек өңіріндегі Масақ, Бәйтерек және Бижанов ауылдарында бір-бірден, барлығы 4 қазақ балабақшасын ашуға құжаттар дайындалуда.

Өкінішке орай, Панфилов ауданының мектеп жасына дейінгі мекемелерінің жұмысында алаңдататын жағдай –халқының 60 пайыздан астамы жергілікті ұлт өкілдері болғанына қарамастан, орыс тілді мекемелер санының көптігі. Барлығы 9 балабақша болса, солардың 5-уі орыс тілді. Орыс топ­тарына баратын бір ғана аралас “Қарлығаш” балабақшасында 110 қазақ баласының 17,1 пайызы орыс топтарында тәрбие алуда. Ал, аудан бойынша барлығы 190 бала орыс тілді балабақшаға барып жүр. Мысалы, Панфилов ауданындағы “Әнші балапан” бала­бақшасында мемлекеттік тілді насихаттау жөніндегі іс-шаралар жоспары мен мемлекеттік тілде іс жүргізу міндеттері айқындалмаған.

Әкенің қаны, ананың сүтімен келетін тілімізді мектепке дейінгі мекемелерде жетілдіріп, шыңдауды бірізділікке салған жөн. Алтын бесігіміз, бақытымыз – бала. Кейде осы бүлдіршіндеріміз бір ауыз қазақша сөйлей алмай қиналғанын көргенде жан ауырып, жүрек сыздайды. Демек, сәбидің тілін, ойын, жүрегін ұлттық құндылығымызбен қандырып, байытсақ, жаһанданудан сыр бермей өтеміз. Тек оған ниет пен ықылас жетіспейді. Тіліміздің болашағы балабақшадан бастау алатынын ұмытпайық.

Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.

 

Жаңа тұрмыстағы жаңа білім ұясы

Биыл Жаңатұр­мыс ауылының оқушы­ларын жаңа мектеп күтіп тұр. Жаңаның аты жаңа, алыс­тағы ауыл балалары үшін салын-ған екі қабатты ғимарат аудан, облыс орта­лығында пай­далануға беріліп жатқан мек­тептердің сән-салтанатынан еш кем емес.

Саналуан сынып бөлмелері, парталар мен тақталар, компью­терлер мен лингафондық құрал­дар көздің жауын алады. Спорт зал мен асхана да ұмыт қалмапты. Спорт зал қаңырап тұрған жоқ. Спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Зал ішіндегі бас­кетбол, волейбол алаңдарының сызық­тарына дейін айшықты. Күрес кілемдерінен де жаңаның исі бұрқырап, бала­лардың белдесуін күтіп тұрғандай.

Айтып-айтпай не керек, Жа­ңатұрмыс орта мектебінде мұ­ғалімдер мен оқушыларға қажетті жағдайдың бәрі жасалыпты. Жаңа ғимаратты аралап жүріп, жаңа ғасырдағы жаңа елдің жаңа тұрпатты ұрпақтары үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сыр­­масымен жасалып жатқан игілікті істерге риза боласың. Риза боласың да, сонау жет­пісінші жылдары өзің оқыған, мына үр жаңа құрал-жаб­дық­тардың бірі де жоқ кішкентай мектебің есіңе түседі. Мұндайда ауылдың жағдайын айт­қансып жалпылама аттандайтын заман­дас­тарыңның ауыл-аймаққа ат ізін салмай­тынын, ат ізін салса да ел-жұрт үшін жасалып жатқан жақсы­лықты көрмейтінін, ал көрсе, көргеніне сүйсінбейтіндеріне таңғаласың.

Мысалы, Жаңатұрмыс ауылы аудан орта­лығынан – 25, облыс орталығынан 35 шақы­­рым­дай жердегі шағын ғана ауыл. Ауылда 618 адам тұрады. Оны отбасыға шақсаңыз 82 түтін шығады. Міне, осы ат төбеліндей ауылдан мектепке баратын оқу­шылардың саны 127-ге жуық­тайды. Бірақ жаңа мектеп 300 оқушыға арналыпты. Неге? Өйт­кені, ауылдың болашағын ойлаған облыс әкімі Бөрібай Жексембин, аудан әкімі Батырбек Құлекеев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы көш” бағдарламасы ая­сында дәл осы ауылға алыс-жа­қын шетелдерден квотамен ша­қырылатын 100 отбасын қо­ныс­тандырмақшы екен. “Елге ел қо­сылса құт” деген, жаңатұр­­мыс­тықтардың болашақ көршілері үшін ауыл маңынан 15 гектар жер бөлініп. Бұл шаруа, құдай қаласа, 2010-2012 жылдарға жоспарланып отырған көрінеді.

Жаңа мектепті аралап жүріп “Тараз құрылыс Дизайн” ЖШС директоры Тимур Манашев­тің құнттылығына, ауыл тұрғын­дарына деген жанашырлығына риза болдық. Өйткені, бұрын­дары “жаңа” деп пайдалануға берілген кейбір мектептерге барғанымызда еденге төсейтін линолеумі немесе партасы мен тақтасы жетпей жат­қанын талай көргенбіз. Ал Т. Манашевтің құрылысшылары мен мамандары болса Жа­ңа­тұрмыс орта мектебін мер­зімінен бұрын бітіріп қана қой­май, оны ұстаздар мен оқушы­ларға қажетті барлық құрал-жабдық­­­тармен толық жарақтан­дырып беріпті. Жұмсақ орын­дықтар қойылған мәжіліс залы қандай тамаша. “Сахна шы­мыл­дығы сметалық жоспарда қа­растыр­ылмаса да, Тимур ағамыз тарту ретінде тіктіртіп берді”, – дейді мектеп директоры Баян Сапақова.

Ұстаздар қауымына жаңа оқу жылында жаңа табыстар тілеп, қайтып бара жатқан кезімізде жаңа ғана өзіміз аралаған екі қабатты еңселі ғимараттың қа­сында жәпірейіп көрінген пәкене үйге көзіміз түсті. Сөйтсек, ол осы ауылдың бұрынғы мектебі екен. Астана мен Алматыда, облыс пен аудан орталықтарында ғана емес, алыс-жақындағы ауыл-аймақтарда да ескіні жаңаның алмас­тырып жатқанына риза болып, дауыстап тұрып “тәуба” дедік.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс ауылы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат