Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-09-05:

ҒЫЛЫМ ЕЛ ДАМУЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС

 

5 жылда ғылымға бөлінген қаржы 3,5 есеге көбейді. Нанотехнология, биотех­но­ло­гия салаларына арналған ашық түрде жұмыс істейтін бес ұлттық лаборатория ашыл­ды. Мен Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде сөйлеген сөзімде 14 облыс орталығындағы университетте де сондай лабораториялар ашылу керектігін айтқан болатынмын. Ол да орындалды. Ғылымда инновациялық, қабілеттілік деген көрсет­кіш бар. Бұл бойынша біз 14-ші орынға, ғалымдар мен инженерлерге қолжетімділік көрсеткішінен 15-ші орынға көтерілдік. Осы жетістік дүниежүзілік ғалымдардың бізге берген бағасында айқындалған. Келесі 5 жылда күшейтілген инвесторлық-инновациялық даму саясаты жүргізілетінін ескерсек, бүгінгі Қазақстан ғылымының алдында ертең атқаратын үлкен міндет-мақсаттар тұр. Біз, әсіресе, қолданбалы ғылымға мүмкіндік жасай отырып, оны мем­лекетке қажет ғылым салаларына бейім­деуіміз керек. 2020 жылдарға ар­нал­ған индустриялық-инновациялық бағ­дарлама қабылдайық деп жатырмыз. Онда алға қойған 5 сала бар. Сол 5 сала қалай жұмыс істеуі керек, қалай жетілдіруіміз ке­рек, қандай зерттеу жұмыстарын өндіріске енгіземіз деген мәселелер қамтылатын болады, деді.

Президент ғылым сапасын заманауи талапқа сай арттыру қажеттігін назарға са­лып, әрбір ғылыми жұмыс ел дамуына, экономиканың өсуіне өз үлесін қосуы керектігін, ғылыми-инновациялық жұмыс­тарға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Алқалы жиында ұсынылған ғылым гранттарын беру жөніндегі шешімдерді қабылдайтын ғылыми кеңестерді құруды қолдайтынын айтқан Елбасы бұл жұмыста Үкімет жанындағы Жоғары ғылым мен техника кеңесінің атқаратын рөлінің мол екендігін тілге тиек етіп, мен ғылым жүйесіндегі жаңа құрылымды қуаттаймын, деді. Бұл – бұрынғыдан мүлде бөлек ғылыми жүйе. Атқаратын негізгі қызметіне келетін болсақ, барлық ғылыми жоба­лар­ды сұрыптаудан өткізіп, ғылым грант­та­рын беру жөніндегі шешімдерді қабылдай­тын болады. Яғни, басты идея ғылымға қажетті қаржыны мемлекеттік лауазым иесі емес, ғалымдар анықтайды. Сөйтіп, бар­лық қаржы ғылыми кеңестердің шеші­мімен беріліп отырады.

Осылай деген Елбасы бұл ғылыми ке­ңестің мүшелеріне отандық оқымысты­лар­мен бірге, шетелдік ғалымдар, халықара­лық сарапшылар, сондай-ақ осы салаға қатысы бар компаниялар мен үкіметтік емес ұйымдар, бейінді мемлекеттік органдар өкілдерін тарту керектігін алға тартты. Президенттің айтуынша, шенеуніктің араласуынсыз ғылыми грантты алуға ниет білдірген ғалымдардың өтінішін қарайтын бірден-бір құзырлы орын осы – ғылыми кеңес болуы тиіс. Ғылыми жобалардың барлығы тәуелсіз сарапшылардың тезінен өтуі керек. Ол заң аясында ашық және жа­риялы түрде болуы қажет. Кеңестің жұмыс істеу тетіктерін “Ғылым туралы” Заңда бекіткен жөн.

Мемлекет басшысы ғылымды қаржы­лан­дырудың 3 бағыты туралы айта келіп, осы саланы қаржыландырудың ғалымдар ұсынған тетігін қолдайтынын білдірді. Оның біріншісі – базалық қаржыландыру, екіншісі – гранттық қаржыландыру, үшін­шісі – мақсатты бағдарламалық қаржы­ландыру.

Базалық қаржыландыруға ғылыми құ­рылымдарды және олардың мүліктерін ұстау кіреді. Ал гранттық қаржыландыруға ғылыми идеяларды бәсекелестік тұрғыда ынталандыру жатады. Мақсатты бағдарла­маны қаржылан­ды­ру мемлекеттік ерекше маңызға ие ғылым са­лаларын қаржы­ландыру болып табы­лады.

Елбасы іргелі ғылыммен қатар, гума­ни­тарлық ғылымдарға да көңіл бөлінеті­нін, бұл саланың алдында қыруар жұмыс­тардың тұрғанын алға тартып, болып жат­қан әлеуметтік-экономикалық үрдістерді терең талдау, пайымдау керектігін де еске салды. Еліміздегі әлеуметтік саяси құры­лым қалай өзгерді, жергілікті жерлердегі халықтың жағдайы қалай, Қазақстанның қалыптасуы мен дамуын айшықтайтын табысымыз неден көрінеді, мемлекеті­міз­дің мәртебесін айқындайтын, беделін биіктететін қазіргі заман тарихы қалай жазылуда, біздің буын кейінгі ұрпаққа не қал­дырады, деп сөзін бір түйіп тастаған Прези­дент өткен тарихты зерделей отырып, жас ұрпақты патриотизм идеясы­на баулу мәселесін де көтерді. Қазақ­станның жетіс­тік­терін мақсатты түрде на­сихаттау, тәуел­сіздігіміздің бізге бергенін, Отанымыздың әлемдік деңгейдегі рөлін, экономикадағы жетістіктерді жұртшы­лық­қа таныстыру­да­ғы гуманитарлық институттардың атқарар рөлін де жан-жақты атап өтті.

Жалпы, отандық ғылымды әлемдік деңгейде табиғи жолмен дамыту жөнінде нақты міндеттерді алға қойған Нұрсұлтан Назарбаев елордамызда пайдалануға бе­рілгелі отырған жаңа университет туралы да айтты. Бұл университет те заманауи талапқа жауап беретін білім мен ғылымды ұштастыру уақыт талабы екенін назарға салып, ғылым беделін арттыру ғалым­дар­дың абыройын көтеру, оларға жағдай жа­сау, әсіресе жас ғалымдарға ерекше қам­қор­лық көрсету қажеттігін, ғылым мен бизнесті ұштастыру мәселесін де қозғады.

Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық ғылым академиясы туралы тоқталып, Қазақстан­ның кәсіби ғалымдар қауымдастығы болатынын, ол ғылыми бағдарламалар мен жобаларды сараптауға атсалысатынын жеткізді.

Университеттік ғылымды қолдайтынын айтқан Мемлекет басшысы қазір шетелдің технологиясына тәуелді болып отырға­ны­мызды, ендігі жерде одан құтылудың жо­лын қарастыру керектігін, өзіміздің отан­дық өндірісімізді жүйелі дамыта отырып, жаңа технологияларға қол жеткізудің ма­ңызын, мұндай кезеңдерден Финляндия, Оңтүстік Корея, Норвегия мемлекеттері қысқа мерзімде шыққанын айтып, Үкімет­ке нақты міндеттер жүктеді.

Жоғарыда айтқан жаңа университет ұлт­тық жоба бойынша құрылып жатқа­нын, ол ел дамуына өзіндік үлес қосаты­нын назарға салды. Мемлекет басшысы бұл оқу орнының академиялық құры­лы­мын анықтау, аясын жөнсіз кеңейтіп жібермей, нақты мамандықтарға бейімдеу, студенттер санын да көбейте бермеу қажеттігін тапсырды. Негізінен мұнай-газ, металлургия, генетика, биохимия, биофи­зи­ка, ядролық технология салаларына баса мән беруді ұсынды. Әр студент бұл оқу орнында не үшін оқитынын, елінің дамуына ертең қандай үлес қосатынын білуі тиіс, деді.

Президент ғылым және ғылыми саясат бойынша өткізіліп отырған бұл кеңестің басты мақсаты, Қазақстан ғылымының да­муына жаңа серпіліс беру, бәсекеге қабі­летті ғылыми әлеуетті қалыптастыру, сөй­тіп ғылымды дамыту жөніндегі 2007-2012 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламаны мүлтіксіз орындау болып сана­ла­тындығын атап өтті.

Алқалы жиыннан кейін біз оған қатысушылардың пікірін білуді мақсат еткен едік. Бірінші пікірлесіміз әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің ректоры, академик Бақытжан Жұмағұлов болды. Ол Елбасы отырыста ғылымды басқарудың жаңа жөн-жобасын ұсынғанын, университеттік ғы­лымға кең жол ашқанын, бұрынғыдан сал­мағы мықты ғылыми кеңестің құрыла­ты­нын тілге тиек етіп, алдағы уақытта ғылым мен білімді ұштастыруға мүмкіндік туып отырғанын, ендігі жерде жастарға білім бере отырып, ғылымға баулу да назарда болатынын жеткізді. Алдағы уақыттарда университетті бітіріп, магистр, доктор phD атағын алғандар тікелей ғылыми-зерттеу жұ­мыстарымен айналысуға толық мүмкін­дік алатын болады. Бұрын әлемдегі озық жоғары оқу орындарының қатарына ену мәселесіне де біздің университеттердің тек қана білім берумен айналысатыны кедергі болып келсе, ендігі жерде оған тосқауыл қойылмақ. Елбасы кешегі кеңес дәуірі бөліп тастаған білім мен ғылымды бір арна­ға тоғыстырды. Бұл ендігі жерде өз жемісін берері шүбәсіз. Президент ғылым­ды дамытудағы міндеттермен бірге, нақты тапсырмалар да жүктеді. Ендігі жерде ғы­лыми идеясы бар ғалым ғылыми кеңесте өзінің жұмыстарын дәйектей отырып, грантқа ие болуға мүмкіндігі бар. Бұл ғы­лыми модель заман талабынан туып отыр. Енді оны жүзеге асырып, нәтижесін ел да­муына жұмсау біздердің басты боры­шымыз болып саналады, деді ол. Ал Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің ректоры Бақытжан Әбді­райымов ғылым мен білімнің универ­ситетте ұштасатынына қолдау білдірсе, Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов Елбасы ғылымның жаңа бағыттарын анықтап бергенін, академия­ның жаңа атауы ғана емес, оның ғылыми жобаларды сараптауға қатысуының өзі үлкен жетістік, беделінің көтерілуі деп білетінін жеткізді.



Авторы: Сүлеймен МӘМЕТ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат