Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-09-08:

Сапар БАЙЖАНОВ (1930-1999)

С.Байжанов 1930 жылы Жамбыл облысының Шай­қорық ауылында туған.

Еңбек жолын 1947 жы­лы Алматы облысы, Кеген ауданының Жалаңаш ауы­лын­дағы орта мектептің мұға­лімі болып бастады, содан кейін Кеген аудандық халық ағарту бөлімінің инспекторы болып жұмыс істеді.

1952 жылы ҚазМУ-дың журналистика бөлімін бітір­ді. 1950 жылы университет­те оқып жүрген кезінде “Ленин­шіл жас”газетіне әде­би қыз­меткер болып қабыл­данды, мұнда 1958 жылға жейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редак­тордың орын­басары қызмет­терін атқарды.

1958-64 жылдары “Мәдениет және тұрмыс” жур­налында алдымен редак­тордың орын­басары, кейін бас редакторы болып жұмыс істеді.

1965-73 жылдары Қа­зақстан Компартиясы Орталық Комитетінің наси­хат және үгіт бөлімінің нұс­қаушысы, баспасөз секто­рының меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.

1973 жылы “Социалис­тік Қазақстан” газетінің бас редакторлығына таға­йын­далды. Бұл қызметте 11 жыл жұмыс істеді. Осы жылдары ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Жур­налистер одағы басқарма­сының төрағасы, КСРО Жур­налистер одағы бас­қармасы төрағасының орын­басары болып сайланды.

1984 жылдан 1994 жылғы зейнет демалысына шыққанға дейін республика Бас архив басқармасының бастығы болып істеді.

С.Байжановтың сіңірген еңбегі Халықтар достығы, Құрмет Белгісі ордендерімен, медальдармен, республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен атап өтілді. Оған “Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері” атағы берілген. Ол – Қазақ­стан Республикасы Гумани­тарлық ғылымдар академия­сының толық мүшесі.

С.Байжановтың шығар­машылық мұрасы роман­дардан, пьесалардан, сондай-ақ аудармалардан тұратын жиырмадан астам көркем шығармаларды құрайды. 1974 жылы оның “Үш қиян – үш даңғыл” очерктер кітабы КСРО Журналистер одағы­ның сыйлығына ие болды. Соңғы жылдары көбінесе архивтік зерттеулермен айна­лысып, көптеген тарихи мәліметтер мен құжат­тарды ғылыми айналымға ендірді. Оның “Архив – ай­ғақ” кітабы Ахмет Байтұр­сынов атындағы сыйлықты алса, “Абай және архив” туындысы Әлихан Бөкей­ханов атын­дағы сый­лықпен атап өтіл­ген.

С.Байжанов жан-жақ­ты білгір адам, еңбекқор да адал басшы, адамдарға ықыласшыл да сезімтал.

 

Балғабек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ (1929-1995)

Б.Қыдырбекұлы Алматы облысының Жамбыл ауда­нындағы Таран ауылында ту­ған. Ол Ұлы Отан соғы­сы­ның қиын-қыстау шағында қаршадайынан еңбекке ара­ласты. 1945 жылы Қазақ мем­лекеттік универси­те­ті­нің журналистика факуль­те­тіне оқуға түсті. Осы фа­культеттің соңғы кур­сында оқып жүргенде “Со­циалистік Қазақстан” га­зетіне қыз­метке шақы­рылды.

Содан 37 жыл бойы осы редакцияда үздіксіз қызмет етті. Бұл жылдары ол қа­тар­дағы әдеби қызметкерден бастап редакцияның бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бірінші орын­басары, ал 1983-1987 жыл­дары осы газеттің бас редакторы болып істеді. Бі­лікті басшы, білгір ұйым­дастырушы ретінде басылым беделінің артуына лайықты үлес қосты.

Б.Қыдырбекұлы респуб­ли­каның қоғамдық өміріне белсене араласты. Ол кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, республика Жоғарғы Кеңесінің бірнеше дүркін депутаты болып сай­ланды, Қазақстан Жур­на­листер ода­ғына бас­шылық етті.

Баспа­сөзде ты­нымсыз еңбек ете жүріп, жазу­шылықпен де айналыса білді. Оның бірнеше кітап­тары жарық көрді. Әсіресе, жазушының эпопея­лық дең­гейге жет­кізуді көздеп кең құлашпен, шал­қар шабытпен жазылған “Алатау” рома­нының алғаш­қы екі кітабы оқырман қауымның айрықша ықыла­сына бөленді.

Б.Қыдырбекұлы елімізге сіңірген еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту, Халықтар дос­тығы ордендерімен, бірнеше медальдармен наградталған. Оған “Қазақстан Республи­ка­сының еңбек сіңірген мә­дениет қызметкері” деген құрметті атақ берілген.

Қазір жазушы-журналис­тің туған ауылы Таран – Балғабек Қыдырбекұлы атында.

 

Көрік ДҮЙСЕЕВ (1936)

К.Дүйсеев Ақтөбе қа­ласында өмірге келген. Он­жылдықты сол жерде біті­ріп, 1954 жылы Қазақ мем­лекеттік университетіне оқуға келіп түскен. 1959 жылы аталмыш жоғары оқу орнын тәмамдап, Алматы облыстық “Коммунизм таңы” (қазіргі “Жетісу”) газетіне әдеби қызметкер болып орналасады.

1962 жылы комсомолдық жұмысқа жіберіледі. Алға­шында ЛКСМ Орталық Комитетінің нұс­қаушысы, сонан соң бөлім меңгеру­шісінің орын­басары, бөлім меңгерушісі болды. Ал 1969-1979 жыл­дары Қазақ­стан Компар­тиясы Орталық Ко­митеті хат­шы­сының кө­мек­шісі қызметін атқарды. Ал 1979-1987 жыл­дары Қа­зақ­стан Компартия­сы Орталық Коми­тетінің бөлім меңге­рушісінің орын­басары, бірінші орынбасары болып істеді.

1987 жылдың қаңтары­нан 1989 жылдың қара­шасына дейін “Егемен Қа­зақстан” газетінің бас ре­дак­торы қызметін ат­қарды. Ол бұдан кейін де түрлі жауапты жұмыстарда болып, зейнет демалысына шықты.

 

Шерхан МҰРТАЗА (1932)

Ш.Мұртаза Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Талапты ауылында туған. Әкесі Мұртаза 1937 жылы “халық жауы” болып ұсталып кеткендіктен жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татып өскен. Ауылдағы мектептен соң Жамбылдағы (қазіргі Тараз) интернатта оқыған.

1955 жылы Мәскеу мем­лекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасына орналасады. Осы жерде біраз еңбек еткен соң респуб­ликалық баспасөз жұмысына бет бұрып, “Лениншіл жас­тың” (қазіргі  “Жас Алаш”) Орталық Қазақ­стандағы өз тілшісі, “Социалистік Қа­зақ­станда” әдеби қыз­мет­кер болады. 1963-1970 жылдары “Ленин­шіл жас”  газетінің редак­торы қызметін ат­қарып, 1971-1972 жылдары “Жа­лын” журналын бас­қарды. 1973 жылдан Қазақ­стан Жазушылар одағының хатшысы, “Жұлдыз” журна­лының бас редакторы қыз­метінде болып, 1975 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқар­ма­сы­ның екінші хат­шы­лы­ғына сайланды. 1980-1989 жылдар “Қазақ әде­биеті” газетін басқарды.

1989 жылғы қарашада “Социалистік Қазақстан” газетінің бас редак­тор­лығына тағайындалып, мұн­да 1992 жылдың қазанына дейін ең­бек етті. Содан кейін біраз жыл “Қазақстан” телерадио­корпорациясын басқарды, бір­неше рет Қа­зақстан Респуб­ликасы Пар­ла­менті Мәжілі­сі­нің депу­таты болып сайланды.

Ш.Мұртаза – Қазақ­стан­ның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты. Белгілі қоғам қай­раткері. Оның қаламынан шыққан повестер мен роман­дарды, әңгімелер мен драма­лық шығармаларды оқырман­дар іздеп жүріп оқиды.

Ш.Мұртаза – егемен еліміздің көптеген жоғары наградаларының иегері. Со­ның ішінде қаламгердің өзі­нің ерекше құрмет тұтаты­ны – “1941-1945 жыл­дардағы еңбектегі ерлігі үшін” медалімен 2002 жылы алған “Отан” ордені.

 

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ (1939)

Ә.Кекілбайұлы Маңғыс­тау облысының Оңды ауы­лында дүниеге келген. Мек­теп­те оқып жүрген кезінен бастап-ақ әдебиетпен айна­лыса бастаған. Қазақ мемле­кеттік университетін бітіре салысымен (1962ж.) “Ленин­шіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”), “Қазақ әдебиеті” га­зеттерінде әдеби қызмет­кер, бөлім меңгерушісі болып істеді.

1964-1968 жыл­дары рес­пуб­лика Мәдениет минис­трлігінде репертуарлық-редакциялық коллегия мү­шесі, 1970-1975 жылдары “Қазақфильм” киносту­диясында бас редак­тор қызметін атқарды.

1975-1984 жылдар ара­лығында Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комите­тінің мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңге­рушісі, 1984-1986 жылдары республика Мәдениет минис­трінің орынбасары болды. 1986-1988 жылдары Қазақ­стан Жазушылар одағы бас­қар­масының екінші хат­шы­сы, ал 1988-1990 жылдары – Қазақ КСР Тарихи және мәдени ескерткіштерді қор­ғау орталық кеңесі прези­диумының төрағасы қыз­меттерін атқарды.

Ә.Кекілбайұлы 1990 жылы республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланып, осындағы Мәде­ниет, тіл және ұлт­аралық қаты­нас­тарды дамыту комите­тінің төрағасы болды. Ал 1992-1993 жылдары “Егемен Қазақ­стан” газеті­нің бас редак­торы қызметін ат­қарды. Осыдан соң 1994-1995 жыл­дары Қазақстан Респуб­ли­касы Жоғарғы Кеңе­сінің тө­рағасы, 1996-2002 жыл­дары Қазақстан Рес­публи­касының Мемлекеттік хатшысы бол­ды. 2002 жыл­дың ақпанынан – Қазақ­стан Республикасы Парла­мен­ті Сенатының депу­таты.

Әбіш Кекілбайұлы – көрнекті қоғам және мемле­кет қайраткері. Қазақстан­ның халық жазушысы ол Мемлекеттік сыйлықтың, Қазақстан Республикасы Президентінің “Бейбітшілік және рухани келісім” сыйлы­ғының лауреаты. “Отан”, Құрмет Белгісі ордендерімен марапатталған.

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН (1947)

Н.Оразалин Алматы об­лысы, Ұйғыр ауданы, Көкбас­тау ауылында дүниеге келді. 1965 жылы орта мектепті бітірген соң, Қазақ мемле­кеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті.

Еңбек жолын 1970 жылы “Қазақстан пионері” (қазіргі “Ұлан”) газетінде әдеби қызметкер болып бастады. 1972-1984 жылдар аралы­ғында республика Мәдениет министрлігінің ре­пертуар­лық-редакциялық коллегия­сында редактор, аға редак­тор, бас редактор қыз­мет­терін атқарды. 1984-1986 жылдары республика­лық қуыр­шақ театрының дирек­торы болды. 1986 жылы Қазақстан театр қай­раткерлері ода­ғының бірінші съезінде одақ басқармасының бірінші хат­­шысы болып сайланып, 1986 жылы өткен КСРО Театр қайраткерлері одағының бірінші съезінде басқарма құрамына енді. 1990-1993 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депута­ты болды. 1993-1996 жыл­дары “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1996 жылдан бері Қазақстан Жазу­шылар одағы басқарма­сының төрағасы.

Н.Оразалин – ақын, драматург. Оның қаламынан туған “Беймаза көңіл”, “Көктем көші”, “Жетінші құрлық”, “Адамзатқа аманат”, “Құралайдың сал­қыны”, “Ға­сырмен қош­тасу”, “Сырнайлы шақ” атты жыр жинақтары мен “Шырақ жанған түн”, “Аққұс туралы аңыз” пьесалары оқырмандар мен көрермендерден кезінде жақсы бағасын алған. Ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мем­лекеттік сыйлықтың лау­реаты, Алматы қала­сының құрметті азаматы.

 

Уәлихан ҚАЛИЖАН (1948)

У.Қалижан Алматы об­лысының Жамбыл ауда­нын­дағы Бесмойнақ ауылында дүниеге келген. Алматыдағы № 12 мектеп-интернатта оқып, 1966 жылы Қазақ мемлекеттік универси­те­ті­нің филология факуль­тетіне оқуға тү­седі. Осы жо­ғары оқу орнын тәмамдаған соң еңбек жолын Алматы облыс­тық “Жетісу” газетінен бас­тап,  сырттай аспирантурада оқыды. 1978 жылы “Ақмолла ақынның өмірі мен твор­чест­восы” атты тақы­рыпта кандидаттық диссер­тация қорғады.

Сол жылы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комите­тін­де нұсқаушы, одан соң баспа­сөз секторының меңге­рушісі қызметін атқарды. 1980-1986 жылдары респуб­ликалық “Ұлан” (“Қазақ­стан пио­нері”); 1986-1994 жылдары республикалық “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газет­терінің бас редакторы болып жұмыс істеді.

1994 жылы республика Жо­ғарғы Кеңесінің депута­ты болып сайланды. 1995 жылы Қазақстан Республи­касы Баспасөз және бұқаралық ақ­па­рат құрал­дары министрінің орын­басарлығына тағайындалып, одан соң Қа­зақстан Респуб­ликасы Пре­зидент Әкімші­лігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің  орынбасары қызметіне келді. 1996 жылы “Егемен Қазақ­стан” газеті­нің бас редак­торы болды. 1999 жылдан бері,  № 10 Парламент Мәжі­лісінің депутаты.

У.Қалижан – респуб­ликаға танымал қоғам және ғылым қайраткері. Ол – фи­лология ғылымдарының докторы, Қазақстан Респуб­ликасы Гуманитарлық ғы­лымдар академиясының ака­демигі, Қазақстан Жазушы­лар одағының мүшесі. Оның “Сенімен және сенсіз”, “Шең­бер”, “Президент” ат­ты кітаптары оқырман­дардан жақсы баға алған шығармалар.

 

Ержұман СМАЙЫЛ (1948)

Е.Смайыл Алматы облы­сының Талғар ауданына қарасты Туғанбай ауылында өмірге келген. Әкесі Смайыл емшілікті кәсіп еткен, анасы Күләш қатардағы шаруа адамы болған. 1965 жылы ол Талғардағы С.Сей­фуллин атындағы №2 орта мектепті бітірген соң, өзінің туған ауылында клуб меңгерушісі, шопан болып еңбек етеді. 1967-1970 жылдары Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Солтүстік флотындағы сүңгуір қайықта әскери борышын өтейді. 1971 жылы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің журна­листика факуль­тетіне оқуға келіп түсіп, оны қызыл дипломмен бітіріп шыққан соң осы оқу орнының ассистенті болып жұмыс істейді.

Е.Смайыл 1977 жылы “Социалистік Қазақстан” (“Егемен Қазақстан”) газе­тіне қызметке шақырылады. Осы жерде екі жылдай еңбек етіп, республикалық жастар газеті “Лениншіл жасқа” (қазіргі “Жас Алаш”) редактордың орынбасары болып ауысады. Бұл қызмет­те ол сегіз жыл істеп, мол тәжірибе жинақтайды.

1987 жылы қайтадан “Социалистік Қазақстанға” шақырылады. Алғаш бөлім меңгерушісі болады, сонан кейін редактордың орын­басарлығына жоғарыла­тылады. 1990-1998 жылдары осы газет бас редакторының бірінші орынбасары, ал 1998-2003 жылдары бас редак­торы болып істеді. 2003 жылдың қыркүйегінен 2004 жылдың шілдесіне дейін “Егемен Қазақстан” респуб­ликалық газеті” ашық акционерлік қоғамының пре­зиденті қызметін атқарды.

Е.Смайыл – Президент сыйлығының, Баубек Бұл­қышев атындағы сыйлық­тың лауреаты.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ (1951)

С.Абдрахманов Оңтүс­тік Қазақстан облысының Қазы­ғұрт ауданында өмірге келген. Бұрынғы Келес ауда­нындағы С.Сей­фул­лин атын­дағы орта мек­тепті бітіріп шыққан соң 1970-1975 жыл­дарда Қазақ мемлекеттік универ­сите­тінің журналис­тика факуль­тетінде оқыды.

Университетті бітірген жылы “Социалистік Қазақ­стан” газетіне жұмысқа шақы­рылды. Осы жерде жұ­мыс істеген 12 жыл ішінде тілші, бөлім меңгерушісі, редакция­лық алқаның мүшесі қызмет­терін атқарды. Одан кейінгі кезеңде Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комите­тінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, Қазақ­стан Рес­публикасы Прези­дентінің, Министрлер Ка­бинетінің аппараттарында аға референт, бөлім меңгеруші­сінің орын­басары, бірінші орынбасары болды. 1995-1997 жылдары рес­публика Мәде­ниет минис­трінің бірінші орынбасары, ал 1997-2000 жылдары “Қа­зақстан теле­дидары мен радиосы” республикалық корпорация­сының бірінші вице-президен­ті қызметтерін атқарды.

2000 жылдың желтоқса­нында республика Үкіметі “Егемен Қазақстан” респуб­ли­калық газеті” ашық акционерлік қоғамын құру жөнінде шешім қабылдады, қоғамның президенті болып С.Абдрах­манов тағайын­далды. 2003-2004 жылдарда Қазақстан Республи­касының Ақпарат министрі қызметін атқарды. 2004 жылғы 14 шілдеден бастап — “Егемен Қазақ­стан” республи­­калық газеті” ашық акционерлік қоғамының президенті.

С.Абдрахманов – Пре­зидент сыйлығының лау­реаты. Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген қызметкері. Әде­биеттану және тарихнама жөніндегі бірнеше кітаптың авторы.



Авторы: Өмірбаяндық деректер топтамасын жинақтап, әзірлеген Әділ ДҮЙСЕНБЕК.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат