Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-09-18:

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

ҚАЗАҚСТАНДА  СЫБАЙЛАС  ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТІҢ  ПАЙДАЛЫ  ТӘЖІРИБЕСІ  ЖИНАҚТАЛҒАН

 

Қонақжай қазақ жеріне, әсем Астанамызға қош келдіңіздер! – деп бастаған Елбасы, – біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, қазір көптеген мәселелер ұлт ауқымынан, ел шеңберінен шығып, ғаламдық сипатқа ие болып отырғанын атап өтті.

Бүгінгі конференцияның тақырыбына ай­налған сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі де дүние жүзінің мемлекеттері үшін өзекті ор­тақ мәселенің бірі. Қазақстан ТМД мемле­кет­тері арасында алғашқылардың бірі болып “Сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” ар­найы Заң қабылдады. Елімізде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес мәселелері бойынша комиссия жұмыс істейді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысы қонақжай Қазақстан жеріне 60-қа жуық мемлекеттің және 20-дай халықаралық ұйымның өкілдері жиналған форумның өкілетті құрамы бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрестің маңызды екенін танытатынын атап өтті.

Конференцияның Қазақстанда өткізіліп отыруы біздің еліміздің жаһандық қатерге қарсы күрескерлердің алғашқы қатарында болуға деген табандылығын танытса керек.

Мұндай қатерге қарсы тұру – Қазақ­стан­ның мемлекеттік саясатының маңызды басым­дығы. Мұның өзі Қазақстанның 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясында көрі­ніс тапқан. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы қызметтің деңгейі жөнінен пост­кеңес­тік кеңістікте алдыңғы орында келеді. Бұдан он жыл бұрын Қазақстан ТМД-да алғашқы болып “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заң қабылдаса, біздің еліміздегі мемлекеттік қызмет, сот жүйесі, құқық қорғау органдары туралы заңнаманың сыбайлас жемқорлыққа қарсы айқын бағытталған сипаты бар.

Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылыққа жол бергені үшін қызметтен қуылған адамдарға мемлекеттік органдар мен ұйымдарда кез келген лауазымда болуға өмір бойы тыйым салынған. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре отырып, біз оның әлдеқайда жинақы да мөлдір болуына ұмтылудамыз. Мем­лекеттің азаматтармен және шаруашылық жүр­гізу субъектілерімен өзара ықпалдастығындағы артық буындарды, сыбайлас жемқорлықты туындатуға себепші болатын нәрсенің бәрін алып тастаудамыз. Қазіргі кезде елімізде 2011 жылға дейінгі кезеңге есептелген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі екінші мемлекеттік бағдарлама дәйектілікпен іске асырылуда. Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүйелік негізде жүзеге асыруда.

Былтырғы жылы Астанада бүкіл Қазақстан­ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуші­лер­дің басын қосқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум болып өтті, деді Президент. Сы­байлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жалпы­ұлттық іс-қимыл жоспары әзірленіп, қабыл­данды. Бұл жоспар мемлекеттік аппаратты ғана емес, сонымен бірге азаматтық қоғам инсти­туттарын да осынау кесапатқа қарсы бірлескен әрекетке бағдарлайды. Осы жұмысқа саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақ­парат құралдары, біздің қоғамның кең қат­пар­лары белсене кірісті. Қоғамдық қабыл­даулар, сенім телефондары жұмыс істейді.

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты халықаралық стандарттарды ескере отырып құрылады, әлемдік қоғамдастық қабылдаған халықаралық құжаттарға негізделеді. Өткен жылдың мамырында біздің еліміз БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялады.

Тұтастай алғанда Қазақстанда сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрестің пайдалы тәжіри­бесі жинақталды, деп атап көрсетті Елбасы. Біз барлық мәселелер бойынша өзіміздің шетелдік әріптестерімізбен үнқатысуға әрдайым ашық­пыз. Өз көзқарастарымызды бөлісуге де дайын­быз. Сол секілді әлемнің өзге елдеріндегі сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы жұмыстың табысты тәжірибесін зерттеп, қолдануға әзірміз, дей келіп Нұрсұлтан Әбішұлы сыбайлас жемқор­лыққа ойдағыдай қарсы тұру үшін бірқатар ма­ңызды шарттарды орындау қажеттігіне біздің тәжірибеміз көз жеткізіп отырғандығын қадап айтты.

Біріншіден, қатал да әділ заңдар және олар­дың орындалуы қажет. Бұл бағытта елімізде алдағы кезде де біздің құқықтық базамыз, со­ның ішінде әлемнің басқа елдерінің бай тә­жі­рибелеріне сүйене отырып, жетілдіріле береді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен бе­кітілген Құқықтық саясат тұжырымдамасында Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына септесетін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі бірқатар міндеттер көрсетілген. Заңнамада сыбайлас жемқорларға ешқандай да саңылау қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін де істейтін боламыз. Үкіметтік және жергілікті шенеуніктер жұмысының ашықтығы мен мөлдірлігі, компаниялар мен бизнестің барлық іс-әрекетінің бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары үшін қолжетімділігі қажет.

Екіншіден, бұл үшін күшті саяси ерік-жігер керек және мұндай ерік-жігер ел басшылы­ғында бар. Оны басқарудың әлдеқайда мөлдір жүйесін құруға, әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтауды қамта­ма­сыз етуге деген біздің табандылығымыздан көруге болады, деді Н.Назарбаев.

Үшіншіден, сыбайлас жемқорлыққа бүкіл қоғамның төзбеушілігі қажет. Тіпті пара алу немесе беру туралы ойдың өзі әр азаматтың са­на­сында дереу тыйым сезімін туғызуы тиіс. Бұған қол жеткізу қиынның қиыны. Өйткені, әңгіме қоғамның құқықтық мәдениетінің әлде­қайда жоғары деңгейі және белгілі бір тәжірибе туралы болып отыр. Ал оны азаматтардың бойында балғын кезінен-ақ тәрбиелеу қажет. Осынау ізгі істе мемлекет азаматтық қоғаммен – партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен, БАҚ-пен иық түйістіре жүруі тиіс.

Төртіншіден, бұл дамушы елдер үшін басты шарттардың бірі екендігі сөзсіз, қылмыстылық пен сыбайластыққа кедейшілік және экономикадағы дағдарыс ере жүреді. Азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер табысының төмен болуы осыдан.

Біздің еліміз кеңестік тоталитаризмді бастан кешкен посткеңестік басқа елдер секілді КСРО-ның құлап түсуімен қатар эконо­ми­каның толық ыдырауы арқылы, сондай-ақ содан кейінгі дағдарыстар арқылы өткенін сіз­дер жақсы білесіздер, деп жалғастырды Мемле­кет басшысы. Осының бәрінен өткендер бұ­рын­ғы құқық қорғау жүйесінің, әсіресе сот жүйесінің қалдықтарын еңсеру оңай шаруа болмай шыққанын біледі. Ондаған жылдар бойы мәселені пара беру арқылы шешу заңды жолмен жүруден гөрі оңай болды. Бұл ескі дерт. Бұл командалық экономиканың мұрасы және объективті себеп. Алайда біз мұны табан­дылықпен еңсеріп келеміз. Мәселе сондай-ақ кадрларға тіреліп тұр. Біздің тәуелсіздігімізге әлі жиырма жыл да бола қойған жоқ. Ескі білімнің және ескі түсініктің адамдары жұмыс істеуде. Сондықтан да бізге мұндай жұмыс тәжірибесі өте маңызды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз ойын қорыта келіп былай деді: Сыбайлас жемқор­лық­пен күрес қылмыскерлерді жазалау жө­ніндегі табанды шаралар ғана емес. Бұл – мем­лекет пен қоғамның күнделікті жұмысының тұтас кешені. Сыбайлас жемқорлықпен күрес­тегі табыс әлемдік қоғамдастықтың іс-әреке­тінің қандайлық үйлесімді болуына көп ретте байланысты. Сіздердің форумдағы пікірталас бүкіл әлем бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіруге лайықты үлес қосаты­нына сенімдімін, дей келіп Елбасы конференцияның барлық қатысушыларына жемісті тәжірибе алмасу, осынау маңызды жұмыстағы қызықты идеялар мен табыстар тіледі. Бұл идеялар мен жақсы тәжірибелерді біз міндетті түрде пайдаланатын боламыз, деп атап көрсетті Президент.

Мемлекет басшысынан кейін Экономи­ка­лық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы – шараны ашу модераторы Қайрат Қожамжаров сөз бер­ген Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы бас хатшысының орынбасары Аарт де Хеус жемқорлықпен күрес және тұрақты эко­номикалық даму мәселелері өзара байланысты, деді. Ол өз сөзінде жұртшылықтың назарын аталған мәселеге әлемдік экономикалық дағ­дарыс жаңаша қарауды қажет ететіндігіне аудар­ды. Сондықтан бұдан тиісті қорытынды шығара білген жөн. “Экономикалық дағдарыс аяқталған соң одан әрі дамудың сапалы ірге­тасын қалайтын таза және ашық экономика құру қажет” деп атап өтті Аарт де Хеус.

Бұдан әрі ол ЭЫДҰ-ның жемқорлықпен күрес бағыты мен оған қосқан үлесі жөнінде айтып берді. Соның ішінде 1998 жылы аталған ұйым аясында өтпелі экономика елдері үшін жемқорлыққа қарсы желі құрылып, оған Орталық және Шығыс Еуропаның, Кавказ бен Орталық Азияның 23 елі енген. Жемқорлыққа қарсы желінің басты міндеті қатысушы елдерге халықаралық талаптарға сай жемқорлық сала­сын­да реформа жүргізуде көмек көрсету болып табылады.

2004 жылдың қазан айында еліміздің Эко­номикалық қылмысқа және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес агенттігі республика аты­нан ЭЫДҰ-ның хатшылығына Қазақ­стан­ның Ыстамбұл жоспарына қосылу ниеті туралы хат жолдады. Арада екі ай өткен соң Қазақстан аталған жоспарға қосылды.

ЭЫДҰ-ның бас хатшысының орынбасары Қазақстанның жемқорлыққа қарсы күрес фо­румын ұйымдастырудағы рөлін жоғары бағалап, форумды өткізудің бар қаражатын мойнына алған ел ретінде бұл бірінші жағдай екенін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстан Президентінің форумға қатысқаны үшін рахмет айтып, “Астана – сіздің мемлекетіңіздің даму белгісі мен өршілдігі, бұл Қазақстанның өзіне алған міндеттемелері мен қаланың архитектурасынан да айқын көрінеді. Елдің басшылығы жем­қор­лық мемлекеттің дамуына кедергі келтіретінін жақсы түсінеді, сондықтан бұл келеңсіздікпен күресуде нақты шаралар қабылдауда”, деді.

ЭЫДҰ кезінде шетелдік тұлғалардың пара алуымен күрес жөніндегі халықаралық конвен­цияны қабылдап, аталған мәселеге көп жақты бағыт ұсынған еді. Ал бұл жұмыс ерекше тәсіл­дермен жүргізілетініне байланысты оны ұйым­ның сарапшылары форумға қатысушыларға барынша жеткізуді ойлайды.

Мәселен, неліктен жемқорлықпен күрес экономикалық дамудың маңызды факторы болып табылады? Мұндай жағдайда үкімет, азаматтық қоғам институттары және бизнес саласы қандай әрекет жасай алады? Міне, осы мәселелер Сингапур Бас прокуратурасының қылмыстық қудалау департаментінің директоры Гнанасихамани Канан төрағалық еткен алғашқы жалпы отырыста талқыланды.

АҚШ-тың Қазақстандығы елшісі Ричард Хоугланд Президент Н.Назарбаевтың мемлекет жемқорлықпен күресте азаматтық қоғаммен иық түйістіре қатар әрекет етуі қажет деген пікірін құптайтындығын білдірді. Бұл мәселеде АҚШ билігі ұқсас саясатты жүргізіп келеді. “Біз жемқорлықпен күреске барлық қоғамдық секторды тартып, “үшінші сектордың” қа­был­даған жемқорлыққа қарсы шаралары мен мем­ле­кеттің қызметіне қосқан үлестерін қолдап, көмектесеміз”, сондықтан тек ашық мемлекет­тік институттар ғана емес, күшті азаматтық қо­ғам­ның да болғаны керек”, – деді Р.Хоугланд.

Бұдан әрі сөзін жалғай түскен ол Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі халық­ара­лық конвенцияның негізін қамтитын “Еуро­па­ға жол” бағдарламасы бойынша өзіне міндет­те­мелерді қабылдай отырып, жемқорлықты жою жөніндегі мақсатын ашық көрсетті, деді.

“Президент Барак Обама айтқандай, жем­қор­лық дамуды тұншықтырады, ол ифрақұры­лым­ды жақсартатын, білім мен денсаулық жүйе­сін нығайтатын аз ғана қордың өзін сорып алады, ол жұмыс орындарын құруға байланыс­ты кәсіпкерлердің идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Жемқорлық елді іштей кеміріп, сот төрелігі жойылып біткенше құқық­тық жүйені құртып бітеді”, – деді Р. Хоугланд.

Ал Қырғызстанның Жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ұлттық агенттігінің комиссары Садыр Жапаров ТМД мен Еуразия елдері үшін жем­қорлыққа қарсы біртұтас топ құруды ұсынды. Оның пікірі бойынша, ТМД мен Еуразия елдерінің жемқорлыққа қарсы органдарының үйлес­тіру кеңесі ретінде құрылған ұйым жем­қорлықпен күресте және оны ескертуде тығыз қарым-қатынас жасауға және тәжірибемен алмасуға мүмкіндік береді. “Менің ойымша, жемқорлықпен күресетін салалардың құрыл­тай­шылық жиналысын шақыратын уақыт кел­ген секілді. Бұл ТМД және Еуразия елдері үшін жемқорлыққа қарсы органдардың халықаралық ассоциациясы немесе экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымы секілді ұтқыр әрекет етуші ұйым болып табылады”, – деп санайды С. Жапаров.

Сондай-ақ аталған форумда өздерінің елдері жемқорлықтың алдын алу мен адал кәсіп­кер­лерге қандай көмек көрсетіп жатқандары ту­ра­лы Ресейдің, Түкияның, Ирландияның, Нор­ве­гияның және Грузияның өкілдері айтып берді.

Жемқорлыққа қарсы күрестегі өзінің тәжі­ри­бесімен жалпы отырыста Қазақстан да бө­лісті. Соған сәйкес өзара пікірталас негізінде қа­тысушы мемлекеттердің жемқорлыққа қарсы ве­домстволарының басшылары аталған кесел­мен күресудегі шешімдерін үндеумен бекітті.

Ол үндеуде тараптар тиімді сот төрелігін құру үшін дұрыс мемлекеттік басқаруды орна­ту­ға ық­пал етуге келісе отырып, барлық дең­гейдегі жем­қорлықты, әсіресе, мемлекеттік са­тып алу, білім беру мен табиғи қорларды өндіру секілді салаларда тамырымен жоюға міндеттеме қабылдады.

Форумға қатысушылар жемқорлықпен күрес мәселелеріне арналған осындай басқосу­лардың маңыздылығын атап өтті. Үндеуде халықаралық ынтымақтастық, өзара оқыту ісі жемқорлықпен күрестің ұлттық шараларын күшейте түсетіндігі айтылды. Сондықтан Еуро­па Кеңесінің пара алу мәселесі бойынша жұ­мыс тобы мен жемқорлыққа қарсы мемле­кеттердің тобы секілді қолданыстағы салалар мақұлданды. Жиналғандар жемқорлыққа қарсы әс-ірекет жөніндегі Ыстамбұл жоспарын одан әрі жүзеге асыруды (Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Украин елдері үшін бағдарлама) қолдап, аймақтағы мүдделі елдерді Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы халықаралық жемқорлық­пен күреске қатысу мүмкіндіктерін қарауға ша­қырды.

Сол сияқты олар нәрлендіруші агенттіктер мен халықаралық ұйымдарды Ыстамбұл жос­па­ры мен басқа да жемқорлыққа қарсы ынта көрсеткен қатысушы елдерге көмек көрсетуге шақырды.

Сөйтіп, форумның алғашқы күнін қоры­тындылай келе Қ.Қожамжаров қабылданған астаналық үндеу жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған нақты қадам екендігін атап өтті. Ал бұл кеселді жою бір күннің ғана міндеті емес, оның үстіне дендеген дертпен күрестегі мемлекеттің ішкі қоры да әлі жеткіліксіз болып тұр.

 

Қатысушылар лебізі

 

Елена МИРОНОВА, Пермь сауда-өндірістік палатасының аймақаралық және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бас директорының орынбасары (Ресей):

— Маған қызметіме байланысты көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда болуға тура келеді. Жемқорлыққа байланысты бизнес мәселелері барлық жерде бірдей. Өкінішке орай, бұл мәселеде Қазақстан мен Ресейдің де экономикасында ұқсас жәйттер көп. Соның ішінде бір атап өтерлігі, заңдарымыздың осал тұстарының бар екендігі, яғни жетілмегендігі болып тұр. Заңдарымыздың жетілмегені соншама, кейде оны шенеуніктер өзінің түсінігіне қарай икемдеп әкетеді. Ал кәсіпкерлер болса заң жемқорларға жаңа саңылау табу үшін емес, керісінше олардың мүддесін қорғайды деп сенеді.

 

Елена СУХИР, Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығының  Шығыс Еуропа және Еуразия/Орталық Азия бойынша бағдарламасының жетекшісі (АҚШ):

Бүгінгі конференция арқылы Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенде жемқорлықпен тек сөзбен ғана емес, нақты іспен де күресетінін дәлелдеп берді. Жемқорлық мәселесі әлемнің барлық елдері үшін күрделі болып тұр. Өйткені, адамның табиғаты жан-жақты, адамдар барлық жерде бірдей: Вашингтонда да, мен тұратын, осында да — Қазақстанда және барлық әлемде солай. Сондықтан да бұл мәселені маңызды деп санағандықтан, форумға көптеген мемлекеттердің өкілдері қатысып отыр. Әрине, біз адамдардың періште емес екендігін жақсы түсінеміз, соған орай тәуелсіз сот, нақты жазылған заңдар, яғни бір сөзбен айтқанда, дұрыс жүйе болуы қажет. Жемқорлыққа жол беретіндерге қатысты тиісті жаза да болуы керек. Сұраныспен секілді жемқорлық саласындағы ұсыныспен күресетін де жүйе болғаны жөн. Және мұндай жүйе жаһандық ауқымда тиімді жұмыс істеуі үшін елдер арасында ынтымақтастық қажет.

 

Андрей ЛУКИН, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары:

Мұндай халықаралық конференция пост­кеңестік кеңістікте бірінші рет өтіп отыр. Мұн­да әлемнің көптеген елінің жемқорлыққа қарсы ведомстволарының басшылары мен өкілдері қатысуда. Қазақстан жемқорлықпен күресте нақты қадам жасағаны анық. Біз БҰҰ-ның тиісті Конвенциясын ратифика­ция­лап, отандық заңнамаларды халықаралық стан­дарттарға жақындатуға міндеттеме қабыл­дадық. Оның үстіне Парламент Сенаты жем­қорлыққа қарсы шараларды күшейту жөнін­дегі заң жобасын алғашқы оқылымда мақұл­дады. Демек, біздің заңдарымыздағы жемқор­лық­қа қарсы нормалар аталған кеселге қарсы тұру жұмысын жандандыруды көздейді деген сөз. Сондай-ақ біз жемқорлыққа қарсы тұру жө­ніндегі Ыстамбұл конвенциясына қосылу­ды көздеп отырмыз. Қазақстан бұл тұрғыда нақ­ты мүмкіндігін есептеп, ұсынысын біл­дір­ді, соған сәйкес әлемдік қауымдастық та біз­дің өтінішімізді мән бере қарайды деген сенімдеміз.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат