Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-10-03:

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ

 

Ежелден туыс, әрі іргелес жат­қан Қазақстан мен Әзірбайжан­ның қатынастары тереңнен тамыр тартады. Қаншама кезеңдер өтсе де іргелі екі елдің байланыстары үзіліп көрген емес. КСРО ыдырап, тәуелсіздіктерін алғаннан кейін Қа­зақстан-Әзірбайжан арасын­дағы ынтымақтастық сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Бұған Әзір­бай­жан­ның бұрынғы президенті, мем­лекет қайраткері Гейдар Әлиевтің қосқан үлесі аса зор. Әке жолын бү­­гінде оның ұлы, Әзірбайжан Пре­­зиденті Ильхам Әлиев жал­ғас­тырып келеді.

Бүгінде Қазақстан мен Әзір­байжан арасында саяси үнқатысу үйлесімді түрде нық орныққан. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелерде ұстанымдары айқын, алшақтық жоқ. Екі мемлекет бас­шылары Таулы Қарабақ, Ауған­стан және Ирактағы жағдайларды, сондай-ақ өңірлік және халықара­лық басқа да өткір проблемаларды БҰҰ, өзге де беделді халықаралық ұйымдардың аясында бейбіт жол­мен шешу қажет деп есептейді. Жа­сыратыны жоқ, Әзірбайжан халқы үшін ең басты мәселенің бірі Таулы Қарабақ. Осы Таулы Қарабақ жанжалы тұ­тан­ған кезде-ақ Қазақстан бұл проб­леманы халықаралық құқық­тық қағидаттар негізінде бейбіт жолмен шешуді ұсынған болатын. Сондықтан Қазақстан Таулы Қарабақ жанжалын реттеуде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары мен ЕҚЫҰ Минск тобының аясында саяси үнқатысуды жалғастыру қажет деген көзқарасты қолдайды.

Ал Әзірбайжан Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық ету кандида­ту­расына 2008 жылы-ақ қолдау білдірген. Сонымен қатар, Әзірбайжан тарапы біздің еліміздің басқа да халықаралық дең­гейдегі көтерген бастамаларын үнемі қолдап келеді. Әзірбайжан, сон­дай-ақ Қазақстанды саяси және сауда-экономикалық сала­лар­да сенімді әріптес деп біледі. Екі елдің қатынастарында, әсіресе, мұнай-газ секторындағы ынты­мақ­тастықтың келешегі кемел әрі басым. Бүгінде Қазақстан мен Әзірбайжан өздерінде өндірілетін мұнай-газды тасымалдауға қатыс­ты балама жолдарды бірлесіп қа­растыруда. Бұған 2006 жылы мау­сымда қол қойылған Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы Қа­зақ­стан мұнайын Каспий теңізі және Әзірбайжан аумағы арқылы халықаралық рынокқа тасымал­дау­ға қолдау көрсету туралы шарт нақты дәлел болады. Бұл құжат­тың екі елдің экономикасын да­мы­туға, сондай-ақ аймақта ынты­мақтастықты нығайтуға қосатын үлесі аса зор.

Мемлекеттер басшыларының оңаша кездесуінен соң, Прези­дент­тердің қатысуымен кеңейтіл­ген құрамдағы келіссөздер жүргі­зіл­ді. Онда тараптар негізінен Қа­зақстан мен Әзірбайжан арасында экономикалық, оның ішінде энер­гетикалық ынтымақтастықты әрі қарай жандандыруға қатысты мәселелерді талқылады.

Тараптар негізінен Қазақстан мен Әзірбайжанның көмірсутек­те­рін әлемдік рынокқа тасымалдау мәселелерін талқылады. Оның ішінде Қазақстанның көмірсутегі кен орындарын игеру кезінде Әзір­байжанның мұнай-газ ин­фра­құрылымдары нысандарын бірле­сіп пайдаланып, Баку – Қара теңіз мұнай құбыры бойынша мұнай тасымалдау, сондай-ақ Транс­каспий жобасына қатысты тех­ни­калық-экономикалық негіздемені әзірлеу, тағы басқа да екі елге ор­тақ мәселелерге баса назар аударды.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі әлі толық анықталған жоқ. Дегенмен, соңғы жылдары бұл мәселеде біршама ілгері басу­шылық бар. Ал Қазақстан мен Әзір­байжан арасында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне байланысты үйлесімді түсіністік қалыптасқан. Нақтырақ айтқанда, екі мемлекеттің аталған мәселелер бойынша ұстанымдары мен көз­қарастары бір-біріне жақын. Теңіз табанын шектеуге және ондағы қазбаларды реттеуге қатысты тиісті келісімдерге қол қойылған. Қазіргі кезде Әзірбайжан қазақстандық тараппен жасалған өзара түсіністік тәжірибесін пайдалана отырып, Түркіменстан мен Иран делега­ция­ларымен екіжақты келіссөздер­ді жалғастыруда.

Қазақстан-Әзірбайжан қа­ты­настары мұнай-газ секторында ғана емес, халық шаруашы­лы­ғының басқа салаларында да қа­лып­ты дамып келеді. Мысалы, Баку теңіз портында 2007 жылдан бері Қазақстан астығын қабылдап, тиейтін қазақстандық-әзірбайжан­дық бірлескен кәсіпорын – Баку астық терминалы жұмыс істейді. Бұл терминалдың өндірістік қуаты сағатына 300 тонна астықты ауда­рып, тиеуге жетеді. Ал терминал Әзірбайжан халқына сапалы астық жеткізумен қатар, Қазақстан асты­ғын Кавказ бен Қара теңіз айма­ғындағы, сондай-ақ Еуропалық Одақ елдеріне экспортқа шығару қызметін атқарады.

Өткен жылдың қарашасында Бакуде ІV энергетикалық саммит өткен болатын. Сол жиын аясында “ҚазМұнайГаз” компаниясы мен Әзірбайжанның мемлекеттік мұ­най компаниясы арасында Транс­каспий көлік жүйесін құру қағидалары туралы келісімге қол қойылған еді. Аталған құжат Транс­каспий көлік жүйесін құру мақсатында бірқатар бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Мамандардың айтуын­ша, бұл жоба 2013 жылы пайда­ла­ну­ға беріледі. Осы арқылы алдағы уақытта Қашағаннан өндірілген шикі мұнай тасымалданатын болады.

Кеңейтілген құрамдағы келіс­сөздердің нәтижесінде Қазақстан мен Әзірбайжан ынтымақтастығын дамытуға бағытталған екіжақты мынадай құжаттарға қол қойылды:

Қазақстан Үкіметі мен Әзір­бай­жан Үкіметі арасындағы аза­мат­тардың өзара визасыз жол жүру­лері туралы келісімге, Қазақ­стан Үкіметі мен Әзірбайжан Үкі­меті арасындағы 1992-1993 жыл­дардағы сауда-экономикалық қа­ты­настардың нәтижесінде пайда болған (корреспонденттік шоттар бойынша есеп айырысуға дейін және одан кейін) берешекті өтеу туралы келісімге, Қазақстан Үкі­меті мен Әзірбайжан Үкіметі ара­сындағы ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Әзірбайжан Ауыл шаруашылығы министрлігі ара­сын­дағы Ауыл шаруашылығы са­ла­сындағы ынтымақтастық туралы келісімге, Қазақстанның Ақтау қаласы мен Әзірбайжанның Сум­гаит қаласы арасындағы бауырлас қалалардың қатынастарын орнату туралы бірлескен декларацияға, қазақстандық көмірсутегі кен орындарын игеру кезінде Әзір­бай­жан Республикасының мемлекет­тік мұнай компаниясы мұнай-газ инфрақұрылымының нысандарын бірлесіп пайдалану туралы мемо­рандумға, “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ және Әзірбайжан мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы Баку – Қара теңіз мұнай құбыры бой­ынша ынтымақтасу ниеттестігі туралы меморандумға және Транс­каспий жобасы бойынша техни­ка­лық-экономикалық негіздеме әзір­леу жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойылды.

Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев пен Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев қазақ­стандық және әзірбайжандық журналистерге кездесу мен келіс­сөз­дер қорытындысы туралы мә­лім­деме жасады. Әзірбайжан Пре­зиденді Ильхам Әлиев жүргізілген келіссөздер табысты өткенін айта келіп, екі мемлекеттің ынтымақ­тас­тығы жоғары деңгейде дамып отырғанына тоқталды. Прези­денттің атап өтуінше, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы саяси және сауда-экономикалық сала­лар­дағы қатынастар мақтан етуге тұрарлық. Әлемдік қаржы дағ­дары­сы өзара тауар айналымы кө­леміне кері әсер еткенімен, бұр­нағы жыл­дардағы елдер арасын­дағы тауар айналымының көрсет­кіші үнемі ар­тып келеді. Сон­дық­тан Қазақ­стан мен Әзірбайжанның бұл са­ладағы өзара ынтымақтастығының мүмкіндігі өте мол. Бұдан кейін Әзір­байжан басшысы қол қойыл­ған құжаттар­дың энергетика және мұнай-газ салаларындағы бірлес­кен ірі жо­баларды табысты жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғыза­тын­дығын атап өтті. Сонымен қа­тар, алдағы жылдары екі ел ара­сын­дағы өзара тауар айналымы еселеп арта түсе­тініне сенім біл­дірді. Әзірбайжан мен Қазақ­стан­ды Каспий теңізі іргелес көрші елдер етіп отыр. Қа­зірдің өзінде Қа­зақстан мұнайы Әзірбайжан аума­ғы арқылы әлем­дік рынокқа тасымалданып жатыр. Президент бұған мысал ретінде Баку – Тби­ли­си – Жейхан мұнай құбырын және темір жолмен та­сымалда­на­тын мұнай өнімдерін келтірді.

Ильхам Әлиев сондай-ақ алда­ғы кезеңдердегі жүзеге асыры­ла­тын жобалар Әзірбайжан мен Қа­зақстанды бұрынғыдан да жақын­датады, деді. Екі мемлекеттің көлік қатынасы үшін басымдықтары өте мол. Бұл Әзірбайжанның әрі қарай интеграциялануын нығайтатын болады. Президенттің мәлім етуін­ше, Баку – Тбилиси – ТАРС темір жолы пайдалануға берілгенде осы жол арқылы Қазақстанның да жүктерін тасымалдауға болады. Бұл жол Еуропа мен Азияны жал­ғастырмақ. Сонымен қатар, Иль­хам Әлиев екі мемлекеттің ауыл ша­руашылығы саласындағы ынты­мақтастықты ілгері бастыруға мүмкіндігі мол екендігін хабардар етті. Сөзінің соңында ол Қазақстан – Әзірбайжан ынтымақтастығын дамытуға, Каспий өңіріндегі елдер арасындағы қатынастарды нығай­ту­ға, сондай-ақ өңірдегі қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етуге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың қосқан еңбегін ерекше бағалайтынын атап өтті.

Ал Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Әзірбайжан Президентіне және Әзірбайжан халқына қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын білдіре келіп, қазақ пен әзірбайжан тегі бір туыстас халықтар екеніне тоқталды. Қазақ­стан мен Әзірбайжан тәуелсіздік алғалы бері 65 құжатқа қол қойыл­ды, деді Елбасы. Бүгінгі келіс­сөз­дер біздердің қарым-қатына­сы­мызды әрі қарай ілгерілетеді деп сенемін.

Бұдан кейін Қазақстан Прези­денті қазақстандық делегация аса ауқымды жүргізілген келіссөздер­де, сондай-ақ бірлескен үкіметара­лық комиссия отырыстарында өмір­шең мәселелерді талқыла­ға­нын атап өтті. Келіссөздер нәти­желі аяқталып, қол қойылған құжаттар Қазақстан – Әзірбайжан ын­тымақтастығын әрі қарай те­рең­детуге үлес қосатын болады. Президент, сонымен қатар, қол қойылған екіжақты құжаттарға сәйкес Қазақстан мен Әзірбайжан энергетика, оның ішінде мұнай-газ саласындағы қатынастарды дамы­туға күш салатындығын, Әзірбай­жанның мұнай-газ инфрақұры­лым­дарын, көлік-коммуникация инфрақұрылымын дамыту, мұнай өңдеу, маман кадрлар дайындау жайына да тоқталды. Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтастық ту­ралы келісім жасалғандығын атап, қазіргі кезде Қазақстан Әзірбай­жанға астық экспорттайтындығын, ал алдағы уақытта көкөніс, жеміс-жидек түрлерін де экспорттауға мүмкіндігі бар екендігін атап өтті. Қазақстан Әзірбайжанмен әскери-техникалық салада ынтымақтастық жасауға қызығушылық танытып отыр. Сондықтан Әзірбайжан әскери-теңіз училищелерінде қазақстандық теңізшілерді оқыту және мәдени-гуманитарлық байла­ныстарды дамыту жайына да тоқталып өтті.

Қазіргі кезде Қазақстанда 100 мыңнан астам әзірбайжан этносы тұрады, жұмыс істейді. Қазақстан мен Әзірбайжанның халықаралық саясаттағы ұстанымында алшақтық жоқ. Барлығы халықаралық бедел­ді ұйымдар арасында жүзеге асы­рылып келеді. Лаңкестікке қарсы күресте, өңірде қауіпсіздікті қам­тамасыз етуде ұстанған көзқарас­тары бір жерден шығып отыр. Біз тек әріптес қана емес, барлық бағыт бойынша одақтаспыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Біздің қа­тынастарымыздың перспективасы жоғары, ал 670 миллион доллар тауар айналымы – тым аз көр­сет­кіш. Алдағы уақытта оның көле­мін арттыруға күш салу қажет. Сөзінің соңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевті қо­лайлы уақытта Қазақ­станға ресми сапармен шақыр­ғанын мәлім етті.

 

* * *

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Гейдар Әлиев атындағы халық­аралық әуежайдан түсіп, мәртебелі мейманды қарсы алудың ресми шаралары атқарылған соң,  алдымен Баку қаласындағы бауыр­ластар зираты – Шехидтер аллеясына, одан кейін құрметті жер­леу аллеясында жерленген Әзірбайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің зиратына гүл дестелерін қойған еді. Шехидтер аллеясында Әзір­бай­жанның тәуелсіздігі үшін кү­ресте опат болған батырлар, сондай-ақ “Қаралы қаңтар” деген атпен тарихта қалған 1990 жылғы қаңтардағы қақтығыста және Таулы Қарабақ жанжалында қаза тапқандар жерленген. Ал Құр­метті жерлеу аллеясы 1948 жылы 27 тамызда Әзірбайжан министр­лер кеңесінің қаулысымен құры­лып, сол жылы құрылысы бас­талыпты. Онда ел мәдениеті мен өнеріне, экономикасына зор үлес қос­қан­дар жерленеді екен. КСРО халық әртісі Мүсілім Магомаев та осы ал­леядан мәңгілікке орын тауыпты.

 

* * *

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше (2 қазан) түстен кейін бүгін өтетін Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІХ саммитіне қатысу үшін Бакуден Нахчыван қаласына ұшып келді. Елбасы сол күні саммитке келген өзге мемлекеттер басшыларымен бірге Нахчыван қаласының көрнекті жерлерін аралады және Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ке­зек­ті саммитіне орай дайындалған концертті тамашалады.



Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Бакуден.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат