Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-10-07:

Қазақстан – Франция:

ЫҚПАЛДАСТЫҚТАН ТЕРЕҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА

 

Нұрсұлтан На­зарбаев Франция Пре­зидентін ҚазақстанФранция қатынас­та­рын дамытуға қос­қан зор үлесі үшін Қа­зақ­станның жоғары мемле­кет­тік награ­да­сы – “Алтын Қы­ранорденімен наград­тады.

Бұдан екі жыл бұрын, 2007 жылдың 25 қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 62-сессиясының ая­сында Қазақстан Прези­ден­ті Нұр­сұлтан Назарбаевтың Франция Президенті Николя Саркозимен алғашқы кездесуі болған еді. Сол кездесуде мем­ле­кет басшылары екі­жақты ынтымақ­тас­тық­ты терең­де­туге қатысты мәселелерді талқы­лай келіп, екі ел арасындағы стра­тегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру туралы уағдаласқан бола­тын. Кейін, яғни 2008 жылдың мау­сымында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың Парижге жасаған ресми сапары барысын­дағы мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі кездесуінде қол жет­кізілген уағдаластық жалғасын тауып, Қа­зақстан мен Франция арасындағы стра­тегиялық әріптес­тік туралы шарт нақты ережелер­мен толықтырылды. Бұл екі мем­лекеттің бұрыннан берік орныққан ынты­мақтастығын әрі қарай нығайтуды мақсат еткен шынайы ниеттестігін көрсетеді.

Қазақстан – Франция арасын­дағы саяси қатынастар, жалпылай алғанда, өзара түсіністік жағдайын­да дамып, бүгінде жоғары сатыға көтерілді деп нық сеніммен айтуға бо­лады. Өйткені, мем­лекеттердің өркениет әлеміндегі аса өткір де өзекті проблемаларға байланысты ұс­танымдары өте жақын. Оның үс­тіне Фран­ция Қазақстанды Еуропа мен Азияны жалғастырушы көпір ретінде, сон­дай-ақ өңірде тұрақ­ты­лықты қамта­масыз етуші іргелі ел ретінде танып, өзге ядролық мем­лекеттермен қатар біздің еліміздің қауіпсіздігіне кепілдік берген еді. Сонымен бірге ресми Париж Қазақстан­ның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім ша­ралары жөнін­дегі кеңесті ша­қы­ру, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­ле­рі­нің съездерін өткізу, тағы басқа да бас­­та­маларына үнемі қолдау біл­діріп келеді.

Қазақстан мен Франция қаты­настары парламентаралық байла­ныс­тар арқылы да белсенді дамып отыр. Мысалы, 1993 жылы Қазақ­стан Парламенті Сенаты мен Фран­ция Ұлттық Жиналысы ара­сында парламентаралық делега­ция­лар алмасуын жүзеге асыратын “Франция – Орталық Азия” және “Франция – Қазақстан” пар­ла­­мент­аралық достық тобы құрылды. Осы­­ның нәтижесінде француз парламент­ші­лері Астананың саяси өміріне үлкен қызығушылық таны­туда және Қазақ­стан­да өткен сай­лауларға халықаралық бай­қау­шы ретінде ұдайы қатысып, саяси нау­қан үдерістеріне өз тараптарынан баға беріп жүр. Бұдан бөлек, екі мемлекеттің жетекші партиялары – “Нұр Отан” мен “Халық қозғалысы одағы үшін” партия­лары арасын­да­ғы ынтымақтастық та уақыт өткен сайын жанданып келеді.

Мемлекеттер басшыларының екеуара кездесуі аяқталғаннан кейін кеңейтілген құрамдағы келіс­сөз Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев пен Франция Пре­зиденті Николя Саркозидің қатысуымен әрі қарай жалғасты. Келіссөз барысында та­раптар отын-энергетика, атом өнер­кә­сібі, көлік және коммуникация, авиация және ғарыш салалары бойынша бірлес­кен нақты жобаларға байланысты кешенді мәселелерді талқылады. Бұл сіздің Қа­зақ­станға, біздің елі­міздің астанасы – Аста­на­ға жаса­ған алғашқы сапарыңыз, деді Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев келіссөз басталардағы сөйлеген сө­зін­де. Біз сізбен екі жыл бұрын Нью-Йорк­те БҰҰ Ассам­блея­сының штаб-пәте­рінде кез­десіп, осы кездесу жөнінде келіс­кен едік. Содан бері менің Парижге сапа­рым болды, енді сіз Астанаға сапармен келіп отырсыз. Бұл сапар екі ел ара­сын­дағы достық қаты­насты сапалық тұрғыдан жаңа сатыға көтеретініне сенімім мол.

Нұрсұлтан Назарбаев әрі қарай Қа­зақ­стан мен Франция арасын­дағы саяси ынтымақтастыққа тоқ­талды. Қазақстан басшысының атап өткеніндей, екі елдің саяси үнқатысуы белсенді және өзара сенімділік сипатта дамып келеді. Франция Қазақстанмен Стратегия­лық әріптестік туралы шартқа қол қойған Еуропадағы алғашқы мем­лекет болып табылады. Фран­ция сондай-ақ Қазақстанмен эко­номи­ка­лық әріптестік қатынастағы әлем­дегі жетекші елдердің бірі болып отыр.

Екі ел арасындағы тауар айна­лы­мы 2003 жылдан бері қарай 10 есеге өсіп, 6,5 миллиард долларды құрады. Бұл үрдісті енді қарқынды түрде әрі қарай жалғас­тыру қажет. Бүгінгі күні екіжақты 24 құ­жат қол қоюға дайындалған. Бұл Қазақ­стан мен Франция арасындағы ынты­мақ­тастыққа тың серпіліс қосады деп күтілуде.

Жаңа ғана сізбен барлық мә­селелерді талқыладық, деп жал­ғас­тырды сөзін Қа­зақ­стан басшысы. Екіжақты қатынас­тарды, өңірлік қауіпсіздікті, Ауғанстан мен Иран проблемаларын және біздің өңірге қатысты мәселелерді талқыладық. Аталған мәселелер бойынша біз­дердің пікірлеріміз толықтай сәйкес келеді. Мен Ауғанстан жөнінде конференция шақыру­ды қолдай­мын және қолдап та келемін. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Франция Президентіне Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы ұсы­нысын қолдағаны үшін алғысын білдірді.

Француз Республикасының Прези­денті Николя Саркози Қазақ­станның 2010 жылы ЕҚЫҰ-да төрағалық ететінін, оның бары­сында Франция Қазақстанға қолдау көрсететінін айтып, Қазақстан­ның өңірде тұрақтылықты қамтамасыз етуде ерекше маңызды рөл атқара­тындығына тоқталды. Ауғанстан және Иран проблемаларын реттеу­де Қазақ­стан­ның орны бөлек, деді Франция Пре­зиденті. Біздің Ресей­мен қатынастарды дамытуға да Қазақстанның қосатын үлесі зор. Соны­мен қатар осы өңірде қауіп­сіздікті қамтамасыз етіп, өткір проб­лемаларды реттеуде Қазақ­станға үлкен сенім артылып отыр. Ал біз мұнда Қа­зақстанды өзіміздің сенімді страте­гиялық әріптесіміз деп келіп отырмыз.

Бұдан кейін Николя Саркози қол қойылатын екіжақты құжат­тар­дың Қа­зақ­стан мен Франция ара­сындағы ынтымақ­тастықты терең­де­тудегі мәнін атап өтті. Франция Президентінің айтуынша, екі мем­лекеттің қатынастары енді бас­талып отыр, перспективалары өте жоғары. Қазақстан – Франция ынтымақтастығын барынша жан­дандыру барысындағы өзара үн­қатысу сапалы жаңа деңгейге көтері­леді. Құрылатын комиссия жұмысы әр жыл сайын өтіп, оған екі ел өкілдері тұрақты қатысатын болады. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанға бір күндік сапар аздық етеді. Мен Қазақстан ұйымдасты­ратын ЕҚЫҰ саммитіне міндетті түрде қатысамын, деді Николя Саркози. Сегіз жыл ішінде дала төсінде Астана секілді қаланың салынып, бой көтергеніне таң­ғалып отырмын.

Қазақстан мен Франция ара­сын­дағы сауда-экономикалық ын­ты­мақтастық жылдан жылға артып келеді. Өйткені, Қазақстан Фран­ция­ны өзінің сенімді және эконо­микалық серіктесі ретінде жоғары бағалайды. Деректерге қарағанда, екі ел арасындағы тауар айналымы 2008 жылы 6,201 миллиард дол­лар­ды құрады. Ал Қазақстан Фран­цияға негізінен мұнай, металдар және металл құрылғыларын, химия өнімдерін, ауылшаруашылық өнім­дерін экспортқа шығарып келеді. Қазақ­стан болса, Франциядан электр және элек­трондық бұйым­дар және оның жаб­дықтарын, медициналық дәрі-дәрмек, авто­­көлік, тамақ өнімдерін және құры­лыс материалдарын алады. Осы тұста айта ке­тейік, Франция эли­талық тауарлар ретінде шарап, теңіз өнімдері шикізаттарын, киім-кешектер, тағы басқа тұрмысқа қа­жетті бұйымдарды жеткізеді.

Екі елдің бірін-бірі инвестиция­лау көрсеткіші де жыл өткен сайын жақсарып келеді. Франция Эконо­мика министрлі­гі­нің деректері бойынша, Франция Қазақ­стан Республикасының экономи­касына жалпы көлемі 2,005 миллиард еуро көле­мінде қаржы салды. Ал Қазақ­станның Фран­ция экономикасына бағыттаған ин­вестициясы 10 мил­лион еуроны құрайды. Оның 4 мил­лион еуросы 2008 жылы са­лын­­ған. Қазіргі кезде Қазақстанда Фран­цияның бірқатар компания­лары табысты жұмыс істеуде. Әсі­ре­се, екі ел арасындағы ынтымақ­тастық отын-энергетика сала­сын­да жақсы жолға қойылған. Мысалы, қазіргі кезде 40-тан астам фран­циялық компания Қазақстанның мұнай-газ, тау-кен өндірісі, энер­гетика, көлік және қыз­мет көрсету салаларында жұмыс жасауда. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бой­ынша Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 25 кәсіпорын ойдағыдай қыз­мет ат­қаруда. Бұл кәсіпорындар негізінен сауда, көлік-логистикалық қызмет­термен айналысады.

Қазақстан-Франция қаты­настарында алдағы уақытта қаржы-банк ынтымақ­тастығынан көп үміт күтуге болады. Бұған қазіргі кезде Қазақстанда “Сосьете Женераль”, “Натексис Банк Попюлэр”, “БНП Партба” және “Калион” банктері­нің жұмыс істеуі нақты дәлел болады. Мемлекет басшыларының кез­десуі мен жүргізген келіссөз­дерінде нақтыланғанын­дай, екі мемлекеттің экономикалық байла­ныстарын дамытуда Үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның жұмысын оң бағалауға болады. Жалпы, 1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан аталған комиссия осы аралықта сегіз отырыс өткізген. Оларда Қазақстан мен Франция қарым-қатынастарын дамытуға қатысты көптеген мәселелер талқыланып жүр.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөз нәтижесінде Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға бағытталған үкіметаралық және коммерциялық тоғыз құжатқа қол қойылды. Оның ең бастысы әрі негізгісі – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция Президенті Николя Саркози қол қойған Бірлескен мәлімдеме. Бұдан кейін тараптар ҚР Үкіметі мен ФР Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасын тұрақ­тан­дыру мен қалпына келтіру жөніндегі күш-жігерлерге Франция қарулы күш­терінің қатысуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы әскери мүлік пен пер­сонал­дың транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге, ҚР Үкіметі мен ФР Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану ынтымақтастығы туралы келісімге, ҚР Үкіметі мен ФР Үкіметі арасындағы жерді қашықтықтан зондтау, ғарыш жүйесін және ғарыш аппараттарын құру және пайдалану кешені туралы келісімге, “ҚазМұнайГаз” АҚ пен “Спикапак” компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, тағы басқа құжаттарға қол қойды.

Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастар да соңғы жылдары ойдағыдай дамып келеді. 1993 жылы екі елдің арасында осы салада­ғы байланыстарын жандандыруға бағыт­талған үкіметаралық келісім жасалған. Осы қатынастар бүгінде екі ел халқының мәдениет пен өнер салаларындағы бай­ланыстың негізі болып отыр. Содан бергі уақытта Алматыда “Альянс Франсез” мәдени білім агенттігінің өкілдігі ашылды. Бұл агенттіктің 139 елде филиалдары жұ­мыс істейді. Олар негізінен Франция үкі­метінің франкофония және мәдени-гу­манитарлық ынтымақтастықты дамыту­дағы басты құралы болып табылады.

Сондай-ақ Қазақстан мен Франция арасында білім беру жөніндегі қатынастар да ойдағыдай дамып келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз мәслихатында атап өткеніндей, “Бола­шақ” бағдарламасы бойынша Қазақстан­ның көптеген жастары Францияның беделді жоғары оқу орындарында білім алып, қазіргі кезде ел экономикасының дамуына үлес қосып жатыр.

Қол қою рәсімінен соң Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция Президенті Николя Саркози баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан-Франция арасындағы ынтымақтас­тық­қа жоғары баға бере келіп, қазіргі кез­де жаппай қырып-жоятын ядролық қару түрлерін қысқарту жөніндегі проблема өте өткір тұрғанын алға тартты және оған нақты мысал ретінде Қазақстанның әлеуе­ті жөнінен әлемде төртінші орын­дағы ядролық арсеналынан өз еркімен бас тарт­қандығын, ядролық қару түрлерін қысқарту жөніндегі көтерілген өткір де өзекті мәселелерге қашанда қолдау біл­діре­тіндігін атап көрсетті. Ал өз кезегінде Франция Президенті Николя Саркози Қазақстан Президентінің бастамасына, ұсынысына толықтай қосылатындығын білдірді.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

 

“САРКОЗИ-НАЗАРБАЕВ”

бірлескен комиссиясы Франция-Қазақстан қатынастарының даму барысын жіті қадағалайтын болады

 

Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркози “Редиссон САС” қонақ үйінде өткен екі ел бизнесмендерінің форумына қатысты.

 

Бұл бизнес-форумға 120 франциялық, 200-ден астам қазақстандық бизнесмен қатысып отыр, деді өзінің сөзінде жиынға модератор болған Қазақстан Республика­сы­ның Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев. Одан әрі министр Қа­зақстан-Франция бірлескен кәсіпорын­дарының саны артып келе жатқанын және форум барысында бірнеше келісімге қол қойылғанын айтып өтті. Соның ішінде жабық байланыс жүйесі саласында Қазақстанның Қорғаныс министрлігі, франциялық “Торес” және “Қазақстан-Инжиниринг” компаниялары, “Қазақстан темір жолы” АҚ пен Францияның темір жол кәсіпорны, т.б. арасындағы келісімдерге қол қойылды, деп баяндай келіп, құттықтау сөз айту үшін сөзді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.

– Мен Француз Республикасының Президенті Николя Саркозимен бірге келген іскер адамдарға шын жүректен ыстық сәлемімді жолдаймын, – деді өзінің сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев. – Қазақстанға тұңғыш рет Мемлекеттік сапармен келген Президент Николя Саркозимен болған келіссөздердің барысын жоғары бағалаймын. Және де Франция Президентінің шын мәніндегі прагматикалық көзқарастарының арқасында біздің елдердің арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейге көтерілді.

Осылай дей келіп, Қазақстан басшысы қол жеткізілген екі жаққа да тиімді ынтымақтастық уағдаластықтар үшін Франция Президентіне өзінің ризашылығын білдірді. Одан әрі Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясы мен Францияның “Арева” компаниясы арасында осы саладағы ынтымақтас­тық­ты дамыту үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы және ғарышты бейбіт мақ­сатта бірлесе пайдалану үшін үкімет­аралық келісімге қол қойылғанын айтты. Бұл келісім ғылыми және өнеркәсіптік жобаларды іске асыру бойынша үлкен перспективаға жол ашады, деді Қазақ­стан басшысы. Сонымен бірге Қазақ­стан экономикасын инновациялық жол­мен дамыту туралы алға қойылған мін­дет­терді іске асыруға үлес қосатынын жеткізді. Келесі кезекте Қазақстан Президенті “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы мен Францияның “Спи­капак” компаниясы арасында “Қашаған” кен орнынан оңтүстіктегі “Құрық” портына мұнай құбырын бірлесе тарту және оны қаржыландыру жөніндегі меморандумға қол қойылғанын мәлім етті. Осы келі­сімдердің бәрі екі елдің де стратегиялық мүдделеріне сай келеді, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Одан әрі Қазақстан Президенті биз­нес-форумның барысында ынтымақ­тастық туралы 12 құжатқа қол қойыл­ғанын, соның бәрінің бағасы 6 млрд. АҚШ доллары көлеміне жететінін қанағатпен атап өтті. Бүгін біздің елі­мізде француздың аса ірі 40-қа жуық ком­паниясы жұмыс істейді. Олардың қатарында Францияның экономикалық қуатының бет-бейнесін білдіретін “Газ де Франс”, “Тоталь”, “Арева”, “Талес”, “ЕАДС”, “Альстом”, “Симан Франсэ” және т.б. атақты компаниялар бар. Қазақ­стан экономикасына салған фран­цуз инвестициясының жалпы көлемі 5 млрд. АҚШ доллары көлемінен асып кетті, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақ­стан экономикасының бүгінгі жағдайы әлемдік дағдарысқа қарамастан, қана­ғаттанарлық деңгейде. Дағдарысқа қарсы жасалған шаралар өзінің тиімділігін көрсетті. Соның арқасында макро­экономикалық көрсеткіштер артып, былтыр 3,2 пайыз өсімге қол жеткізілсе, биыл да сол меже белгіленіп отыр.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның экономикалық дағдарысқа қарамай алға қойған инновациялық даму бағытынан бас тартпайтынын айта келіп, франциялық іскерлерді сол жолда іске асырылатын ірі жобаларға батыл қаты­суға шақырды. Біздегі инвестициялық ахуал қалыптағыдай, ал жаңа инно­ва­циялық жобаларға қатысатындарға түрлі жеңілдіктер арқылы мол мүмкіндіктер жасалады. Біз, әсіресе, шикізаттық емес салаға инвестиция салуға ниеті бар франциялық компаниялармен ынтымақ­тас­тықты кеңейтуге және тереңдетуге мүдделіміз, деді Қазақстан басшысы. Сонымен қатар Николя Саркозимен болған келіссөздер барысында қол жеткізілген келісімдердің орындалуын бақылайтын бірлескен комиссия құры­латынын да айтып өтті. Сарапшылар мен журналистер “Саркози-Назарбаев” комиссиясы деп атап үлгерген бұл комиссия екі елде кезек отырыс өткізетін болады. Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің қорытын­дысында Николя Саркозидің БҰҰ Бас Ассамблеясында Бүкіләлемдік Экология­лық ұйым құру туралы көтерген баста­масын қолдайтынын айтты. Бұл бағытта да екі елдің арасында белсенді ынты­мақтастық орнататынымызға сенімдіміз, деді Қазақстан басшысы.

Өзінің жауап сөзінде Николя Сар­кози Франция Қазақстанды осы ай­мақтағы ең басты стратегиялық әріптесі санайтынын, өзінің бұл сапары бола­шақта жасалатын жоғары деңгейдегі тығыз байланыстардың алғашқы қарлы­ғашы болып табылатынын атап өтті. Біз Қазақстанмен ұзақ мерзімді және тиімді ынтымақтастықты жолға қойғымыз келеді. Бүгінде Франция Қазақстан сияқты заман талабына сай серпінді дамып келе жатқан елмен байланыс орнатудан тыс қала алмайды. Франция заманмен үндесетін жарқын ел атағына сай болғысы келсе, Қазақстан секілді ертеңіне нық қадаммен аяқ басқан елмен стратегиялық әріптестік орнатуы керек. Сондықтан да біз Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатуға келдік, деді Николя Саркози. Одан әрі ол өзінің шақыруына үн қатқан Франция іскер топтарының өкілдеріне алғысын білдірді. Сөзінің қорытындысында Франция да Қазақстан үшін сенімді әріптес бола алатынын атап көрсетті.

Бизнес-форумда Қазақстан мен Франция кәсіпкерлері екіжақты сауда-экономикалық мәселелер, іскерлік қатынастар, бірлескен кәсіпорындар құру және ынтымақтастықтың болашақ перс­пективалары туралы өздерінің ойларын ортаға салды. Оны Қазақстанның Сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Е.Қожасбай ашып, жүргізіп отырды. Қазақстан жағынан бірінші болып сөйлеген Индустрия және сауда вице-министрі Е.Есқалиев ел экономика­сының бүгінгі жай-күйіне қысқаша шолу жасап өтті. Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев алға қойған индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру барысында біз барынша жақсы дамып, жоғары технологиялы өнер­кәсіпке қол жеткізген Француз Республикасының бизнес өкілдерімен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз, деді ол. Экономиканың әртараптандыру мақсатында да Франция сияқты дамыған елдің мол мүмкіншілігін екіжақты тиім­ділікпен пайдаланудың маңыздылығы зор.

Одан кейін сөйлеген Француз Рес­пуб­­ли­касының Қазақстан Республика­сын­­дағы елшілігінің Орталық Азия бой­ын­ша экономикалық өкілдігінің бас­шы­сы Жан-Жак Гийдо екі елдің арасындағы ынтымақтастық перспективасының ауқы­мы кең екендігі туралы әңгіме қозғады. Қазақстанның жоғары техно­логияларға мұқтаждығын француз кәсіпкерлері лайықты өтей алады, деді осы орайда ол. Қазақстан Орталық Азия рыногындағы инвестициялық климаты ең қолайлы ел болып та­былады.

Өзінің сөзін француз тілінде жеткізген Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің тең төрағасы, “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ-тың басқарушы директоры-басқарма мүшесі А.Кәрібжа­нов өзі басқаратын қордың жәй-күйі туралы баяндай келіп, ол барынша перспективалы екіжақты жобаларды қаржыландыруға қатысуға дайын екенін жария етті.

Қазақстан-Франция іскерлік кеңесі­нің мүшесі, Францияның аса ірі компанияларының бірі “Тоталдың” Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры Жан-Люк Поршерон өз компаниясының Қазақстандағы қызметтеріне тоқталды. Біз мұнда әбден үйреніп алдық, инвес­тициялық климат барынша қолайлы, халқы біздің қызметкерлерімізге барынша достық қарым-қатынас жасап, сыйлап тұрады. Бұл елде адамды сыйлау дәстүрі биік деңгейге жеткен, деді ол.

Үзілістен кейін форумның жұмысы секциялық отырыстарда жалғасты.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Француз Республикасы­ның Президенті Николя Саркози бизнес-форумнан шыққан соң Отан қорғаушылар монументіне гүл қою рәсіміне қатысты. Одан кейін Франция Президенті Мемлекет басшыларының аллеясына дәстүр бойынша ағаш отырғызды.

Сапар бағдарламасына сәйкес Николя Саркози осыдан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Тәуел­сіздік сарайында болып, елорданың даму жоспары – “АстанаБас­Жос­пармен” танысты. Осы күннің кешінде жоғары мәртебелі мейман еліне аттанып кетті.

Жақсыбай САМРАТ.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат