Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-11-03:

АҒА ГАЗЕТ ЖЫЛНАМАСЫ  – ЕЛДІК ПЕНЕН ЕРЛІКТІҢ ШЕЖІРЕСІ

 

Аға газет редакциясында жұмыс істе­месем де, ұлтымыз үшін орны елеулі осынау басылым маған айрықша ыстық. Бұқаралық ақпарат құралдарын, насихат теориясын зерттеуші ғалым ретінде газет-журнал­дардың, радио мен теледидардың бағыт-бағдарын ұдайы ой елегінен өткізіп отыру кәсіптік борышымыз болып табылады. Қазақ­станның жүздеген бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде мен басқа басылым жөнінде емес, нақ осы “Егемен Қазақстан” тарихы туралы екі кітап жазған екенмін. Бұл туындылар газеттің 60 және 70 жылдық мерейтойла­рына орай жарық көрді. 1979 жылы шыққан “Провод­ники идеи партии. “Социалистик Казахстан” – 60 лет” атты кітабымыз дамыған социа­лизмнің дәурені жүріп тұрған, интер­на­цио­нализм идеялары шарықтаған кезеңде өмірге келді. Сөйтіп, аға газет тарихына арнал­ған тұңғыш кітабым орыс тілінде жа­зылды. Тақырып ауқымы идеологиялық ұстанымдар шеңберінде қа­рас­тырылатын кітаптың очерктік сипаты басым еді.

Газеттің 70 жылдық мерейтойына арна­лып шығарылған “Өмір айнасы” атты кітапты жазу барысында бірқатар объективті жәйт бөгесін болды. Құдайға шүкір, бұл жолы алдымыздан идеоло­гия­лық кедергілер емес, тек “техника­лық” тосқауылдар шық­ты. Басылымның Ұлы Отан соғысына дейін­гі кезеңдегі бір­қатар сандарының Алма­ты­дағы мұрағат­тарда, кітапханаларда болма­ға­ны, кей мақалалардың қиылып алынуы себепті 1989 жылдың ақпан-наурыз айларын­да Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы мемлекеттік кітап­хананың Химки деген қала­дағы газет-журнал сақталатын филиалы­на арнайы баруға тура келді. Мәскеу уни­верситетінің журналистика факультетін­де біздің оқытушыларымыз жыл­­да тәжірибе және әдістеме алмасу курс­тары­нан өтетін, сондық­тан да іссапарға бару мен қажетті материал­дарды табу сонша­лық қиын­дық тудырмады.

Ол кезде қазіргідей көбейту-көшіру техни­ка­сының кең тарай қоймаған кезі, болса да бағасы өте қымбат, көп нәрсені қолдан кө­шіруге тура келді. Өзіміз жинақ­таған, сон­­дай-ақ редакцияда сақталған деректер мен дәйек­терден құрастырылған 30 баспа табақ, яғни 500 беттен астам көлемді еңбекті уақы­тында теріп, баспаға тапсыруға газеттің сол кездегі жауапты хатшысы, марқұм Мыңбай Іле­сов ағамыз көп көмек көрсетті. Материал­дар­ды машинкамен басқан, ұмытпасам, Хали­ма есімді апай – қабылдау бөлмесіндегі хатшы кісі болатын. Қазіргідей компьютер жоқ, он­шақты әріп қатесі үшін терілген бет қайтадан машинка­ға басылатын маша­қаты көп жұмыс еді ғой. Сөйтіп, осын­шама тер төгіліп, ізденіс­пен жазылған зерттеуіміз “Қазақстан” баспа­сынан бес баспа табаққа жетпейтін көлем­де ба­сылып шықты. Баспа басшылығы “қар­жы­ның аздығын, заказдың көптігін” алға тартты.

Сол кезде жинақталған деректер, әсі­ресе, 1919-1927 жылдары жарық көрген тари­хи және қоғамдық мәні бар мақала­лардың кө­шір­­мелері менің архи­вімде әлі де сақтау­лы тұр. Зерделі зерт­теу­шілер табылып жатса, бөлісуге әзірмін.

Бүгінгі “Егемен Қазақстанның” бастап­қы негізі болған “Ұшқын” газеті 1919 жылғы 17 желтоқсанда Орынбор қаласында шық­қан ғой. Екі бет болып сары қағазға басыл­ған газеттің алғашқы санын кітапхана қызметкері алдымызға қойғанда қандай толқу құшағында болғанымызды айтып жеткізудің өзі қиын. Уақыт табының әсері­мен үгітіле бастаған тұс­тары үстіне папирос қағазы деп аталатын жұқа түссіз қағаз жапсыры­лып, арнайы қоспамен қатырылып тасталған. Көлемі қазір­­гі көп­ти­раж­ды газет­тердікіндей. Ал­ғаш­қы бетіне “Қа­зақ жұртын билейтін өзгеріс һәм соғыс коми­тетінің атағынан жетісіне екі рет шыға­ры­латын саяси, әдеби һәм шаруа­шылық газеті”, шығарушы жазушылар құрамасы бастырып, таратушы қазақ жұртын билейтін өзгеріс һәм соғыс комитеті”, – деп жазылған. Ре­дак­­торы көрсетілмеген. “Оқу­шы­ларға” де­ген бас­қарманың үндеу мақа­ла­сы жария­ланған. Сондай-ақ, ұлт қайраткері Ерғали Алдоңға­ровтың “Сиезге әзірленіңдер” атты мақала­сы басылған. Ақын Бернияз Күлеевтің “Ұш­қынға” атты өлеңі берілген. Ол өлең мынау.

Құтты болсын,

“Жас ұшқыным”, қадамың,

Алға бассын, ақ ниетті талабың,

Тілеуіңде үлкен, кіші азамат,

Еркін үшін еңіреген қазағың.

 

Бұл “Ұшқыннан”  еркін жоспар табарсың,

Ен далаға ерінбестен барасың.

Ауылды өрлетіп, жерді сәулелендіріп,

Ел ошағы ортасында жанарсың.

 

Алтын Алтай, Еділ, Жайық, Сарыарқа,

Сауыт киіп, садақ тартқан ер бар ма?

Ару азып, ер үркек боп, жер азып,

Жауға жаға жырттырмаған ел бар ма?!

 

Алты алаштың қызыл туын қолыңа ал!

Ертеде еркін өткен күнің ойыңа ал!

Елді жерден, елді еріктен айырған,

Дұшпаныңды табан тіреп жалыңа ал.

 

Біз де артыңнан елі қалмай ерерміз,

Оймен ақыл, қолмен қуат береміз.

Елге ерік, жерге көрік әпермей,

Жүрсек бірге, өлсек бірге өлерміз.

Құрметті оқырман, осы бес шумақ өлең­ді тағы бір қайталап оқып шы­ғыңыз­шы! “Ұш­қын” газетінің радак­циялық саясаты, ұстан­ған саяси бағыт-бағдары осынау шағын жыр жолдарына сыйғызылған. Горбачевтік қайта құрудың жылымық лебі тоталитарлық сана­ның қасат қарын ерітіп, сөз бостандығы ны­шан берген тұс болғанмен, өлеңнің алғаш­­қы жолдарын оқи бастағанда маң­дайдан тер бұрқ етті. Ешкім байқап қалмады ма деген­­дей жан-жағыма жалтақтай қарап, бес шумақ жырды әзер дегенде тауыстым-ау! Ахаң мен Жахаң­ның, Әлекеңнің шығар­ма­лары­мен қалың көпшілік таныса бастаған жария кез, дегенмен газет – большевиктер партиясы­ның үні ғой! Бұл мен үшін көзсіз ерлік көрінісімен барабар еді:

Алтын Алтай, Еділ, Жайық, Сарыарқа,

Сауыт киіп, садақ тартқан ер бар ма?

Ару азып, ер үркек боп, жер азып,

Жауға жаға жырттырмаған ел бар ма?!

Міне, қараңыз! Ақын большевиктік газет оқырмандарына:

Алты алаштың қызыл туын қолыңа ал!

Ертеде еркін өткен күнің ойыңа ал!

Елді жерден, елді еріктен айырған,

Дұшпаныңды табан тіреп жалыңа ал, деп үндеу тастайды.

Өлеңнің идеялық бағыты “Алаш” пар­тия­­­сының, “Қазақ” газетінің, Әлихан мен Мұста­фаның ұстанған бағыт-бағда­рымен толық үндесіп жатыр. Біздің кіта­бымызда өлеңнің соңғы жолы “Дұшпа­ныңды табан тіреп жалыңа ал” деп беріл­се, 2004 жылы жа­рық көрген “Жәдігер” атты кітапта “жо­лыңа ал” деп басылған. Қазір ойлап отыр­сам, мағыналық жағы­нан “дұшпаныңды табан тіреп, жанын ал” деп оқу орынды сияқ­ты. Оның қи­сыны да бар, өйткені араб тілінің маман­дары “л” әрпі мен “н” әрпі бір-бірінен ұзындығы арқылы ғана ерекше­ленеді, деген түсініктеме береді. Және ол әріп жылдар табымен көмескіленуі де ықти­мал ғой.

Бар болғаны 36 саны жарық көрген “Ұшқынның” ғұмыры ұзақ болмай, 1920 жылы 13 қарашада “Еңбек туы” деп аталды. Әдетте, басылымның аты өзге­руіне идея­лық-саяси бағдарының басқа арнаға бұры­луы себепкер болады емес пе. 11 ай ғана жарық көрген газет ұлт мәселесін батыл көтерген. 1920 жылғы 27 наурыздағы санын­да жария­ланған “Түркістан коммунистерінің кон­фе­рен­­­циясы” атты мақа­лада “Бұрынғы Түркіс­­тан түрік ком­мунистері партиясында он бес мүшенің тоғызы түрік тұқымынан, қал­ғаны Түркістанда тұратын өзге ұлт өкілдерінен бол­са, енді “Түрік комму­нис­терінің партиясы” деген өз алдына партия болмайтын болды. Жұмыстың негізі партия­ның атында, ондағы мүшелерінің санында емес. Бұлар әшейін сыртқы көріністері, сыртқы жамылғыш­тары ғана. Соның үшін Түркістандағы түрік коммунистері барлық күштерін істің сол не­гіз­гі жағына жұмсау­лары тиіс”, – деп жазылған.

Бұл кезең жаңа Ресейдің әкімшілік-аумақтық бөлінісі кесіліп-пішіле бастаған тұс болатын. Жер мәселесі ушығып тұрды. Осы проблемаға арнап газет бірқатар өткір мақалалар жариялады. 21 сәуірде басылған “Қостанай уезінде” атты мақалада Ресейдегі Челябі облысына қазақтың Қостанай жерін қосқандығына қарсы болып, Ахмет Байтұр­сыновтың Мәскеудегі кіндік комитетіне барғаны туралы жазылған. Ал 24 сәуірдегі “Қазақ жері” атты мақалада “Қазақ жерін шет жұртқа жетім қылмай қорғау керек” делінген.

1920 жылы күзде шақырылған Құрылтай сьезі аса күрделі мәселелер қарастырылған алқалы жиын болғаны тарихтан белгілі. Газет­тің алғашқы санында ұлт зиялысы Ер­­ғали Алдоңға­ров­тың “Сиезге әзірле­нің­дер” деп үндеу тастауы тегін емес. Бұл мәселеге газет бірнеше қайтара оралып соға­ды. 23 шілдеде басылған “Қамдан сиезге” атты мақал­ада былай делінген. “1-тамыз­да Бүкіл­россиялық кіндік атқару комитеті тара­пы­нан тағайын­далған қазақ-қырғыз жұм­һұрияты (республи­касы – С.Қ.) туралы Мәскеуде кеңес (совещание) бол­мақ­шы. Ол кеңесте 1) Қазақ-қырғыз жұмһұрияты бас­қа­р­ма реті. 2) Қазақ-қырғыз жұм­һұрия­ты­ның Россиялық кеңестер хүкі­меті­мен жана­су реттері қарал­мақшы һәм онан кейін 15 сен­тябрьде Бүкіл қазақ-қырғыз кеңес­терінің сиезі бола­ды деп отыр. Осы сиез қазақ-қыр­ғыз халқы үшін зор сын, зор емти­хан... Бұл күнге шейін қазақ облыс­та­рының басы қосыла алмады. Сыр­дария, Жетісу, Ферғана, Закаспий облыс­­тары Түркістан жұмһұрия­тының қарауында, Орал, Торғай, Семей, Ақмола облыстары һәм Бө­кей ордасы кіндік қазақ ревкомы қарауын­да... Сенің титтей жүрегің, мұң-мұқтажың болса өзіне мағлұм. Сол үшін сиезге ерте қамдан”.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың қазақ жерін әкімшілік-аумақтық құры­лым ретінде қазіргі көлемінде қалыптас­тыруға сіңірген еңбегі туралы соңғы жылдар беделінде айты­ла да, жазыла да бастады. Газет 14 тамыз күнгі санында Ахаңның осы еңбегі туралы қысқа да нұсқа хабар береді. Мұнда “15 қыр­­күйек­тен бүкіл қазақ-қырғыз кеңес­тері­нің сиезін шақыру және Қазақстан автоно­мия­сының жігін айыру жобасын шешу мәселесіне арналған Мәс­кеу­дегі кеңеске қа­зақ военрев­комының предсе­дателі Пестков­ский мен Ахмет Байтұр­сынов һәм жер бөлімінің ісін басқарушы Кулаковтар 12 авгус­та Мәскеуге жүріп кетті. Онда Қазақ­стан үшін ең керекті іс – осы кезде күнде таласқа түсіп тұрған Омбы, Қызыл­жар, Көкшетау һәм Қостанай уездерінің әңгімесі мен Түркіс­тан автономия­сына қосылып отырған Закаспий облысының Маңғышлақ уезі, Сырдария һәм Жетісу уездерінің, Астрахан губерниясындағы Краснояр уезін­де отырған қазақ бауырлары­мыздың хал-ахуалы және Алтай округінде отырған Белағаш елдерінің мәселелері шеші­леді. Өкіл­­дер осы мәселелерге қатысты мате­риал­дарды жинап алып кетті”, делінген.

Алғашқы санынан ұлтым деп ұран тастап, елім деп еңіреген басылымның қай санын алмасаңыз, өткір азаматтық ұстаным­ды, қағидаттық көзқарасты байқайсыз. Газеттің бүгінгі басшысы, білгір журналист, білікті ғалым Сауытбек Абдрахмановтың “Газет қалайда елдің сөзін сөйлеуге ұдайы ұмтыла­тын ұлағатты үрдісінен таймады, нені де болса түпкі міндеттер тұрғысынан қарас­тыратын мемлекетшіл мінезінен танбады” – деген сөзін өз басым ең әуелі осы “Ұшқын­ға” қатысты айтылған пікір деп есептеймін.

“Ұшқынның” 1920 жылғы 19 қазанда соңғы отыз алтыншы саны жарық көрді. Онда алғашқы қазақ үкіметінің құрамы берілген. “Қазақ кіндік комитетінің басқару құрылымы, мүшелері, басқар­масы және олардың орынбасарларының тізімі жария­ланды. Кіндік атқару комитетіне 25 мүше, басқармасына 10, басқармаға 5 орынбасар сайланды. Қазақ Халық комиссарлар Кеңесі құрылды”, – деп жазады газет.

Алғашқы қазақ үкіметінің басшылары мен министрлерінің есімдері оқырманда­ры­мызды қызықтырады деп ойлаймыз. Соны­мен, газет бетіне үңілейік. “І. Қазақ кіндік комитетінің басқармасына сайлан­ғандар: С.Меңдешев, Радусь-Зенькович, Акулов, Алманов, С.Сей­­фуллин, Киселев, Садуа­қасов, Ә.Жангелдин, Ә.Бөкейханов, Досов.

ІІ. Қазақ кіндік комитеті басқарма­сының орынбасарлары: Шаповалов, А.Байтұр­сынов, Кулаков, Струппе, Коростелев.

ІІІ. Халық Комиссарлары Кеңесі: 1. Председателі – Радусь-Зенькович. 2. Ішкі істер комиссары (пошта-телеграмм басқарма­сымен бірге) Мырзағалиев. 3. Билік (сот) комиссары – Ғұбайдолла Әлібеков. 4 Халық ағарту комиссары – Ахмет Байтұрсынов. 5. Халық саламат­тығын сақтау комиссары – Шамов. 6. Мұң-мұқтаж бас­қару комиссары – Арғын­шиев. 7. Жер ко­мис­­сары – Харлов. 8. Азық-түлік комис­сары – Мартынов. 9. Қазына комиссары – Калашников. 10. Ха­лық шаруа­сын басқару комиссары – Пок­ров­ский 11. Жұмысшы-крестьяндар инс­пек­ция­сының комис­сары – Баландин. 12. Еңбек комиссары – Зарем­ский. 13. Жол комис­сары – А.Корос­телев. 14. Қазақ соғыс комисары – Авдеев”.

“Өмір айнасы” кітабында “Ұшқын” газе­тін редакциялық Алқа басқарған деп көр­сет­ке­німізбен, “басылымға идеялық-шы­ғар­­­ма­шы­­лық басшылық жасаған кім?” деген сауал көкейімізден кетпеген еді. Кезін­де “Егемен Қазақстанда” еңбек еткен белгілі журналист Тілекқабыл Боранғали­ұлының тынымсыз ізденіс­терінің нәтиже­сінде ұлт ардақтысының есімі бұл күнде жал­пақ жұрт­қа жария болды. Ол – ағарту­шы, журналист Халел Есенбаев екен. Тілек­қабыл өзінің “Егеменде” 1997 жыл­ғы 22 ақпан күні жария­ланған “Ұшқын­ның” редакторы бол­дым” деген мақаласында Халел Есенбаев туралы тың деректер кел­тіреді. Орал архиві­нен алынған құжаттарда Х.Есен­баевтың өз қолымен толтырылған анкета жауаптары мен 1919 жылдың қазан айында өткен Кирревком мәжі­лісінен хаттама да бар. Автор жиналыс қаулысынан үзінді келтіре отырып, “Ұшқын” газетін бас­қару үшін бес адамнан (Халел Есенбаев, Ешмұхамед Бега­лиев, Тә­мимдар Сафиев, Әмірғали Меңешев, Бернияз Кү­леев) алқа мүшесі сайланғанын жазады. Ең басты дәлел Х.Есенбаевтың 1923 жылы өзі толтыр­ған анкета жауаптары болса керек. Онда былай деп жазылған: “Работал чл.ред­коллегии орг. Букгубисполкома “Киргиз­ская правда”, “Ду­рустук жолы”, журнала “Муга­лим” (“Учи­тель”), редактором органа Кир­край­­рев­кома “Ушкун” (“Искра”) – 1918 и 1919 годах, орг. Букгубкома “Энбек” (“Труд”), перевел на кир­гизский язык Конституцию РСФСР и т.п.”.

Журналист деректерді дәйектей келіп, “Егемен Қазақстанның” өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы редакторлары Т.С Сафиев, Ә.Байділдин, Т.Жүргенов, С.Сей­фул­­лин, С.Сәдуа­қасов, Т.Рысқұлов, О.Исаев, Б.Май­лин, Ғ.Тоғжанов, Ғ.Мү­сірепов сынды белгілі азаматтар еді. Бүгін олардың қатарына Халел Есенбаевты қосқан жөн болар” деп жазады. “Бұл ұсынысқа біз де қол көтереміз”, – деп түйіндейді танымал журналист әрі зерттеуші Жанболат Әлиханұлы (Аупбаев).

Алғашқы редактор Халел Есенбаев Орал өңірінде өмірге келген. Ауылдан хат танып, кейін Орынбордағы Құсайын медресесіне түседі. Мамандығы мұғалім. 30-жылдары Ал­атыдағы Ағарту комиссариатында жауап­­ты қызметте болған. Одан кейін бір­қатар об­лыстық ағарту бөлімдерін басқарған. 1938 жыл­ғы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған.

Баспахананың әлсіздігіне, кадрлар­дың жетіспеушілігіне байланысты “Ұшқын” мер­зі­­мінде шықпады. 1920 жылдың мамыр, шіл­де­сінде айына бір реттен шықты. Тек 1920 жылғы қазанда Советтердің құрылтай сьезі шақы­рылуы­на байланысты біраз уақыт аптасына екі рет шығарылды. Құрылтай сьезі аяқ­талған соң Кирревком органы – “Ұш­қын” газетінің соңғы саны 7 қазанда шық­ты да, содан соң тоқтатылды. “Ұшқын­ның” 25 қазанда шыққан 35-ші санында газет­ті шығарушылардың ұсы­нысы жария­ланды. Ол ұсыныста “Ұшқын” тоқ­талып, орнына “Қа­зақ­­стан” деген атпен жаңа газет шығады” делінген. Бірақ, белгісіз себептерге байла­нысты жаңа газет “Еңбек туы” деп аталды. Сөйтіп, 1920 жылғы 13 қарашада Орынбор қаласында Қазақстан Орталық Атқару комитеті мен  РКП(б)-ның облыс­тық бюро­сының органы –“Еңбек туы” га­зетінің бірін­ші саны жарық көрді. “Тоқта­тыл­ған “Ұш­қын­ның” басына келетін мәсе­ле­лерге жаңа басшылық жауапты болмай­ды”, –деп жазды “Еңбек туының” басшылығы.

Газетті редакциялық алқа шығарды. “Еңбек туы” төрт бет болып, 9-12 мың тара­лыммен аптасына үш қайтара шығады, делінген еді. Алайда, іс жүзінде газет өте си­рек шықты. 1920 жылдың қараша, жел­тоқ­сан айларында оның үш нөмірі ғана жарық көрді. Ал газеттің 4,5,6 сандары 1921 жыл­дың алғашқы айларында шықты.

Сонымен, “Еңбек туының” да ғұмы­ры ұзақ болмады. Екі жылдан астам уақыт жа­рық көріп, 1923 қаңтарда шығуын тоқтатқан соң “Еңбекшіл қазақ” деген атпен басылды. Октябрь револю­циясының төрт жылдық мерекесі күні – 1921 жылғы 7 қарашада Орынборда РКП(б) Қырғыз (қазақ) Орта­лық атқару комитетінің органы “Еңбекшіл қазақтың” бірінші саны шықты. Құрамында Сәкен Сейфуллин (редактор), Сәбит Мұ­қанов, Аманғали Сегізбаев және басқалар болған редакция алқасы құрылды.

Газет редакторы Сәкен Сейфуллин, сон­дай-ақ Міржақып Дулатов, Смағұл Сәдуа­қасов, Темірбек Жүргенов, басқа да қалам қайрат­кер­лері басылымда ұлт мәселесін батыл көтеріп отырды. Сәкен газеттің 1923 жылғы 64-ші санындағы “Ахмет Байтұр­сынұлы елуге толды” деген мақаласында ұлт көсемінің тарихтағы рөлі туралы алғаш рет ой қозғайды. “Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қор­лыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы бас­қан қазақтың ұлттық намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді”, деп түйіндейді. С.Сейфул­лин газетке “Манап Шамиль”, Міржақып Дулатов “Мадияр”, Бейімбет Майлин “Шаңқан” деген бүркен­шік есім­дермен жазып тұрған.

Сәкен Сейфуллин ұлтымыздың атауы “қыр­­ғыз” болып бұрмаланбай, “қазақ” есімі­нің қайтарылуына үлкен еңбек сіңірген тұлға. Бұған газеттің 1923 жылғы 15 ақпан­дағы са­нын­да жария­ланған “Қазақты қазақ дейік, қа­те­ні түзетейік” деген мақаласы куә. Онда Сәкен “Қазақстанның Орталық хүкі­меті “кир­гиз” деген есімді жойып, “қазақ” деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек”, – дейді.

“Еңбекшіл қазақ” та бар болғаны екі жыл шықты. РКП (б) Өлкелік комитеті 1925 жыл­ғы ақпанда “Жетекші қазақ баспасөзі туралы” қаулы қабылдады. Мұн­да “Еңбек­шіл қазақ” пен “Жас қай­рат” газеттерінің және “Қызыл Қазақ­стан” мен “Лениншіл жас” журналда­рының жұмысы талқыланды. 1925 жылы ақпанда жаңа газет “Еңбекші қазақ” деп атала бастады. Газет атауының бір әрпі ғана өзгер­гені­мен, бұл саяси бас­шы­лық әдісі өзгер­гені­нің белгісі еді. Деген­мен, газет басшылығында болған Молдағали Жолды­баев, Тұрар Рыс­құлов, Ораз Жан­досов, Ораз Исаев, Ғаббас Тоғжанов сынды ұлт қайрат­керлері басылым беттерінде халық­тық проб­лемаларды, елдің мұң-мұқта­жын батыл көте­ре білді.

Газет аты қанқұйлы 1932 жылы қаңтарда тағы да өзгеріске түсіп, “Социалды Қазақ­стан” деп аталды. Оған Қазақстан өлкелік пар­тия комитеті ІІІ пленумының қаулысы себеп­­кер болды. Саяси жазалау науқаны бас­тал­ған 1937 жылы газет аты тағы да өзгер­тіліп, енді “Социалистік Қазақстан” деп атал­ды (бұл 47 жыл бойы, яғни 1991 жылғы маусымға дейін ең ұзақ тұрған атау). СОКП тарихында “баспасөз пәрмен­ділігін көтеруге жан-жақты қамқорлық” делінетін, баспасөз бостандығы­ның қусырылып, цензураның күшеюін бейне­лейтін өзгерістер еді бұл. Сөйтіп, осы кезеңнен бастап газет қатаң партиялық бақылауда болды, еркін ойлылық көріністері қатаң жазаланып отырды. Деген­мен, газет қаламгерлері “эзопша жазу” әдісін қолданып, өз ойларын оқырманға сыздық­татып болса да жеткізе білді.

Біз қазір баспасөзге партиялық басшы­лықты тоталитарлық саясат тетігі ретінде қарастырып жүрміз. Ал мемлекеттік басқару теориясы тұрғысынан алғанда ол ақпараттық менеджменттің құрамдас бөлігі болып табы­лады. Ғылыми көзқарас биігінен көз салсақ, сол кезеңдегі жаппай үгіт пен наси­хаттың тиімділігі өте жоғары болғанын байқаймыз. Бұдан бұрын айтқанымыздай, газет – мем­ле­кетті басқарудың, халықты ұлы істерге жұмылдырудың негізгі құралдарының бірі. “Социалистік Қазақстанның” Ұлы Отан соғы­сы жылдарындағы ақпараттық-наси­хат­тық қызметі осыған дәлел бола алады. Жауын­гер жанр – көсемсөздің қаһарлы күші жауға атылған қорғасынмен барабар болды. Газетте Жамбылдың, Нұрпейістің, Сәбиттің, Тайыр Жароковтың, Ғали Ор­манов­тың, Қайнекей Жармағанбетовтің, Тәшібай Әлмұхаметовтің, басқа ақындардың жалынды жырлары жарық көрді. Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің, Баубек Бұл­қышевтың, Әбділда Тәжібаевтың, майдан­дағы қалам­герлер Бауыржан Момыш­ұлы­ның, Мәлік Ғабдуллиннің, Қасым Шәріпов­тің, Әбдір­ашит Бектемісовтің, Асқар Закарин­нің пуб­ли­цистикалық туындылары жарияланды. Осы сөзімізді дәлелдегендей, Ресей ғалым­дары мен публицистері мына­дай тұжырымды алға тартады: Ұлы Отан соғысын­да фашизмге идеологиялық тұрғы­дан біртұтас совет қоғамы қарсы тұрды. Және жеңіп шық­ты! Ал, бірінші дүние­жүзілік соғыста анағұр­лым әлсіз Германия­ның қарсыласы болған, идео­логиялық тұрғыдан шашыраңқы Ресей күйрей жеңілген болатын. Тарих тағылымы қоғам­ның идеологиялық тұрғыдан топтасуы қиын­­дық­тарды еңсерудің алғышарты екен­дігін көрсетіп отыр.

“Социалистік Қазақстанның” қоғамды жұмылған жұдырықтай тас түйін топтастыру жөніндегі қызметі тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде бедерлене көрінді. Осы кезеңде газетте мықты шығармашылық ұжым қалыптасып, өзіндік журналистік шеберлік мектебі өмірге келді. Сол мектеп­тен қанатта­нып, түлеп ұшқан “Социалистік Қазақстан” қыз­меткерлері еліміздің ғылымы мен мә­дениетіне, әдебиеті мен көсемсөзіне зор үлес қосты. Газет басшылары, ақын-жазушылар Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Нұрлан Оразалин, ғалым Уәлихан Қалижанов, көсемсөзші Көрік Дүйсеев қазақ журна­листикасын тақырыптық тұрғыдан байытып, көркемдік таным көкжие­гін кеңейтті. Журналистер Ақселеу Сейдім­беков, Қойшы­ғара Салғарин, Төлен Әбдіков, Қоғабай Сәр­секеев, Кеңшілік Мырзабеков, Сабыр­жан Шүкіров төл әдебиетіміз бен ғылы­мы­мызды, публицистикамызды жаңа биік­терге көтерген туындыларын өмірге әкелді.

Қазіргі таңда “Егемен Қазақстанда” тәуелсіз еліміздің жылнамасы жазылып жа­тыр. Газеттің бүгін қолымызға тиген, бас­па­­хана бояуының иісі аңқыған жаңа саны тарих жәдігеріне айналады. Бейнелеп айта­тын бол­сақ, “Егемен” – ел шежіресі. Ал шежіре – ұр­­пақ пен ұрпақты, уақыт пен уақытты жал­­ғай­тын дәнекер. Аға басылым­ның мерей­тойына құтты болсын айта отырып, мақалам­ды атақты шайырымыз Тұман­бай Молдаға­лиевтің бір шумақ жы­ры­­мен аяқтағым келіп отыр:

Аман бол, бақытты бол, “Егеменім”,

Ардақтап, аялай бер ел өнерін.

Әкемнің, атамның да сүйіктісі ең,

Қолынан түспейтін бол немеренің.



Авторы: Сағымбай ҚОЗЫБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика академиясының президенті.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат