Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-11-07:

ҚАРАШАҢЫРАҚТЫҢ ҚАДІРІ

Жамбыл баба елінде, Жетісу жәннат жерінде тағы да танылды

 

4-5 қарашаның жанға жайлы қоңыр шуағында журналистердің көңіл шуағын да молайтып, еселей түскен бір ұлағатты оқиға болғанын ел газеті “Егеменнің” неше мың сан тілектес оқырмандарын құлағдар еткеніміз әбден жөн-ау. Еліміздің қарашаңырақ басылымының алдағы желтоқсандағы 90 жылдық торқалы тойы аясында “Егемен Қазақстан” газетінің Алматы облысындағы күндері “сабақты ине сәтімен” дегендей, айрықша емен-жарқын ықылас-ниетпен табысты өткендігін алдын ала айтып қоялық. Бұл сапардың, бұл күндердің өзгешелігінің тағы бір сыры мынада.

Мерейтой жылының арнайы мерекелі күндері мамыр айында әуелі ұлы Абай елінен, Семей топырағынан бастау алып, соқпақ салғандығы құлағы түрік көпшілікке мәлім. Енді, мінеки, сол сүрлеу-соқпақ кеңейе түсіп, газетіміздің шежірелі күндерінің керуені қазақ жырының Алатауындай болған, жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған Жамбыл баба еліне, Жетісудың жәннат жеріне ат басын тірегені оңды нышан, ұнамды сабақтастықтай қабылданды. Келесі келелі күндер, амандық болса, арқа-жарқа дарқан пейілмен алдаспан рухтың асқақ жыршысы Махамбет елінде, Атырау жерінде өтпегін қаперге салсақ, “Егеменнің” 90 жылдық тойында ұлтымыздың үш ұлы тұлғасы барынша тұтастықпен жарқырай көрініп, кие-қасиетімен алқай тоқайласқанын аңғарар едік.

Талдықорғанға басылым басшысы Сауытбек Абдрахманов бастап келген топтың ішінде газеттің бас редакторының орынбасары Жұмагүл Солты, Алматы бөлімшесінің шолушылары Мамадияр Жақып, Гүлзейнеп Сәдірқызы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы меншікті тілшілер Көсемәлі Сәттібай мен Бақтияр Тайжан, фототілші Берсінбек Сәрсенов және осы жолдардың авторлары болғандығын айта кетсек артықтық етпес.

 

Ел “Егеменге”  қарап көш түзейді

 

Мақалдай мәйекті бұл аталы сөз әкім­діктегі қабылдау кезінде облыс әкімі Серік Үмбетовтің аузынан шықты. Жалпы, Серік Әбікенұлы елімізге халыққа жақын, ұлтжанды әкім ретінде танымал десек те болады. Сол қазақжандылықты, қазақ тілді басылымдарға деген жана­шыр­лықты, терең тамырлы төл тарихымыз бен мәдениетімізге деген қамқоршылдықты біз Алматы облысы әкімінің ұйытқылы істерінен көргендейміз де, Һәм танып-білгендейміз.

“Егеменнің” елдікке бастар сөзі мен дұғай сәлемін арқалап келген өкілдерін: “Қасиетті Жетісу өлкесіне хош келдіңіз­дер! Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы “Егемен Қазақстан” газетінің 90 жылдық тойы құтты болсын!” деп жадыра жүз, жарқын қабақпен қарсы алған облыс әкімі әңгіме бетін Жетісу өңіріндегі өнеге-өрнекке, жақсыны біліп көрмекке қарай бұра берген. Құдай ниетке де береді ғой, Алматы облысы үшін биыл астықты жыл болғанына біз де қуандық. Құйқалы егіндіктердегі астықтың берекесі гектар басына 22-23 центнерден, ал күріш пен жүгеріні қоса есептегенде, 27 центнерден айналыпты. Биыл күріштің жылы болмаса да, ақ ырыстың шығымдылығы – 40, жүгерінің орта түсімі 50-52 центнерден келген көрінеді.

Әкім осы арада “Нан болса, ән де болады” деген ескірмес есті нақылды еске салды. Әннің болғаны сол емес пе, Ел­­басы ең басты басым бағыттардың біріне айналдырған әлеуметтік салаға көңіл бөлуге мүмкіндік берерлік көкжиектер көбірек ашылыпты. Бюджеттің 70 пайызы осыған бағытталуда. Қазірде оқу-білімге – 48 миллиард, денсаулық сақтау сала­сына 30 миллиард теңге бөлінген. Міне, мұның өзі қиын уақыттағы облыстың барлық бюджетінің өзінен әлденеше есе артық. Өсу көрсеткішін осыған қарап бағамдай беріңіз.

Аграрлық облыс кейінгі жылдары өн­дірістеніп, өнеркәсіптеніп, индустрияла­нып, инновацияланып, даму мен өркен­деу­дің жаңа арналарына түсіп келе жат­қан­дығын Серік Әбікенұлы нақты мысал­дар­мен таратып, талдап айтты. Көп өндіріс­­тер қайтадан іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Шағын және орта кәсіпкерлік даңғыл жолға түсті. Өң­деу саласын жетілдіріп, Алматы өңірін­де азық-түлік белдеуін жасауы облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлкен үлесі деп білуіміз керек. Облыста түрлі зауыттар көптеп салынуда, дағдарыс жағдайында инвестиция тарты­луы 140 пайыз болуы өскелең қарқынды айғақтайды. Елбасының өзі келіп Же­тіген-Қорғас темір жолының қазығын қағуы – қанаттанарлық оқиға. Құрылыс – өмір десек, ол да қанат жаюда. Қапша­ғай төңірегіне келешекте төрт қала түспек.

Сонымен бірге, рухани құндылықтар да назардан қағыс қалмаған. Облыстың орталық қаласы қазақы сипатқа көшіп, қымызданып, шұбаттанып, қазақүйленіп, қазағуарланып, қонақжайланып келеді. Талдықорғанда өтетін аудандар күндерін­­­де қаншама тағылым бар. Ақсақалдардың жиындары, ақ жаулықты әжелердің конференциялары өткізілуде. Қабанбай батырдың, Қадырғали Жалайырдың, Пан­филов ауданында Желтоқсан батырлары Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанованың ескерткіштері ашылуы да кейінгі жастарға ғибратты тәрбие көзі. Облыс әкімі Жетісу өңірінде тұратын ақын-жазушылардың кітаптарын шығарып тұруға да қаражат таба білуде. Жиырма қаламгер мен өнер иелеріне арнайы грант тағайындалған. Себебі, дейді Серік Әбікенұлы, адамның рухани байлығынан артық ештеңе жоқ. Ендеше, рухани байлығымыздың үлкен бір саласы – баспасөз.

– “Егемен Қазақстан” – ел тарихын­да, оның өсіп-өркендеуінде ерекше орны бар басылым. 90 жаста жақсы адам ақыл-ойы дария қазыналы абызға айналады. Бүгін, оқырман ретінде айтатын болсам, “Еге­мен Қазақстан” да сондай толысқан, кемеліне келген басылым деңгейіне жетіп отыр. “Көз жетпеген жерге сөз жететінін” дәлелдеп отыр. Сондықтан, сіздер көтер­ген мәселенің қай-қайсысына болсын ел зор сеніммен қарайды, ел “Егеменге” қарап көш түзейді,– деді С.Үмбетов.

Одан әрі облыс әкімі “Егемен Қазақ­станның” сын сағатта байыпты көзқарас ұстануымен, ел Президентінің сарабдал саясатын халыққа қалтқысыз жеткізуімен құнды екендігіне тоқталды. Сол себептен де газеттің ел арасындағы беделінің жылдан жылға салмақтана түскендігіне таңдануға болмайды. Облыста атқарылып жатқан игі істер де газет бетінде ұдайы көрініс тауып келеді. Бір айтарлығы, Серік Әбікенұлы облыс басшылығына келген 2005-2006 жылы “Егеменге” жазылушылар саны 10800 болса, биылғы жылы басылым оқырмандарының қатары 14 мыңға жетті. Ал, алдағы жылғы та­ра­лым 15000 болады, тіпті одан асып түспесе, кем болмайды деген болжам алға тартылды. Келер жылға белгіленген бұл таралым облыс оқырмандарының газеттің мерейтойына тартқан сыйы десек те болар. Мінеки, біз мұны да “Егеменге” деген ел ықыласының айғағы әрі аймақ­­тың әлеуметтік-экономикалық дамуының, тұрғындар әл-ауқаты өсуінің бір көрінісі деп пайымдадық.

Үмбетовтің үлкен өресі Жамбыл ақын, біртуар Нұрғиса хақындағы келісті әң­гімелерінен де әдемі танылды. Сонымен бірге, “Егеменнің” қызметкерлерінің әрқайсысына жақсы сөз тауып, ілтипатқа ілген ізеті де ризашылығымызды туғызбай қала алмады.

“Егемен Қазақстан” газетінің бас­шысы Сауытбек Абдрахманов облыста Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыру орайында қол жеткізілген табыстарға шын жүректен қуанған тілектестігін жеткізді, ел мен жер жайына, бүгінгі таңның көкей­кесті мәселелеріне кеңінен тоқталды. Одан әрі бастауында әрі барлық кездер­дегі бас­шылығында ұлтымыздың заңғар тұлға­ла­ры тұрған “Егемен Қазақстан” – елдіктің газеті, елдіктің биік мінбері екендігін қадап айтты. Осы тұрғыдан келгенде, бұл басылым Елбасының көзі, құлағы, тілі десек, артық емес. Олай болса, Елба­сының соңынан ерген, ел бастаған ерім деп сенген азаматтардың қарашаңырақ қадірін біліп жатқаны сүйініш. “Егемен­нің” ел ішіндегі беделіне қазіргі 150 мың­­дық тиражы айғақ болса, ал Елбасының: “Отанымыздың бас газеті” деп берген бағасынан артық баға жоқ біз үшін. Газет, ең алдымен, жақсылықты кө­реді, қай мәселеге де мемлекеттік мүдде тұр­ғы­сы­нан қарайды, әрқашан тәуелсіз­дігі­міздің тірегі болуға ұмтылады, деп түйді сөзін газет басшысы.

Жер биігі де, су тұнығы да, шөп шүйгіні де Жетісуда. Осындай текті жер, бекзат елмен “Егемен Қазақстанның” байланысы алда арта түспесе кемімей­тініне әкім қабылдауынан соңғы кездесу-жүздесулерде көзіміз жете түскендей. Га­зетіміздің жанашырлары Ілияс Жансүгі­ров атындағы Жетісу мемлекеттік уни­верситетінде де мол болып шықты. Уни­вер­ситет ректоры Әбдіманап Бектұрғанов білім ордасындағы заман талабына сай жақсы жұмыстарды жіпке тізіп айтты. Дәл осы кездесу өтіп жатқан залда студенттер 13 қазан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың актілі дәрісін тыңдаған екен. Қазір жастарымызға артылар үміт көп, сенім жүгі салмақты. Сондықтан “Егемен Қазақстанның” бетінде де ел болашағы саналатын жастар оқитын тақырыптарға, жастарға тәрбие боларлық тағылымдық материалдарға кеңінен орын беріледі. Осы жайларға газет басшысы Сауытбек Абдрахманов та мән бере сөйлеп, студент жастарды қызықтырған сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап қай­тарды. Университеттегі кездесу “Егемен Қазақ­стан” газетінің 90 жылдығына арналған концерттік бағдарламаға ұласты. Айтыс­кер ақын Жанатбек Айдаралының “Елдің шөлін қандырған сөз бұлағындай” “Еге­меннің” қаламгерлеріне қарата толғаған жыры көңіл тербеді.

Бұдан соң облыс әкімінің кеңесшісі Кеңесбек Демешов пен әкімдіктің ішкі саясат департаментінің директоры Гүлжиан Сүлейменова бастап жүрген егеменқазақстандықтар Текелі қаласына жол тартты. Текеліде таңдай қағып там­санарлық тамаша жобалар бар көрінеді. Соның бірегейі – Ага-ханның Орталық Азия университетінің құрылысы. Текелі тауларының қойнауларында екі мың гектар аумаққа салынғалы жатқан кампус – университет қалашығының болашағы керемет. Бұл да “Егеменнің” елге жаяр облыс мақтаныштарының бірі болмақ.

Текелі қаласы әкімінің орынбасары Геннадий Савиновтың сөз ыңғайынан да өз қаласына деген мақтанышты аңғар­ғандаймыз. Дінмұхамед Қонаев есімімен аталатын, Қазақстандағы ең ұзын көше осы Текеліде көрінеді. Гиннестің ре­кордтар кітабына кірген оның ұзындығы 34 шақырым дейді. Бұған қоса Текелі Медеумен иықтасып, теңіз деңгейінен мың метрден астам жоғарыда жатыр.

Текеліде болған жер сілкінісінде көп­теген тұрғын үйлер мен ғимараттар зардап шекті. Облыс әкімдігінің қамқорлығымен зілзала салдарлары жойылып, қалпына келтіріліпті. Үйлері қираған 30 отбасына баспана беріліпті. Журналистер бұл от­басылармен де кездесіп, жай-күйле­рімен танысты. Валентина Ауғанбаева, Вла­димир Бунчук, тағы басқа ардагерлердің осы орайда Елбасына айтар алғыстары шексіз. Зілзала кезінде зақымданған жергілікті қарттар үйіне де бас сұқтық. Мұндағы Барыс Әділбайұлы, Мәжен, Бидахмет, Шаймерден деген ақсақал­дардың қолынан бір-бір дастарқандай “Егемен Қазақстан” газетін көргенде, ақсақалдар “Егемен” жайында аталы әңгіме толғағанда кәдімгідей көңіліміз елжіреп кетті. Қарттар үйінде 310 адам тұрады. Соның 56-сы қазақ кейуаналары. Көпшілігі-ақ тұрмыстарына, жасалған қамқорлыққа риза сыңайда. Дегенмен, осы бір шетін жайды біздің “Егемен” аз жазып жүрген жоқ. Валентина Павловна Стиральцева зілзаладан кейін жазған өлеңін оқып берді. Соның бір-екі шумағын қазақшаласақ мынадай:

Соқты бізді кенеттен

Жеті баллдық сілкініс.

Қабырғалар жарылып,

Кетіп қалды сұрқымыз.

Әкімдікке мың алғыс,

Көмектесті тезінен.

Көрдік сонда мейірім

Адамдардың көзінен.

Баспанамыз жайланды,

Тыныштық кірді көңілге.

Зілзаланың сол түнін,

Ұмытпаспын өмірде.

Бұдан кейінгі жүздесулер қаланың №1 орта мектебінде, балалар мен жасөс­пі­рімдер спорт сарайында, Текелі шипа­жай­ында жалғасты. Осы жерлердің бәрінде өркендеп жатқан бақытты да шат өмірдің тынысы сезілді. Сонымен бірге, “Еге­мен­ге” деген ел ықыласы, ілтипаты көңілді баурай толқындағандай болды.

 

Ақындар мен батырлар мекенінде

“Егемен Қазақстан” газетінің Алматы облысындағы күндері ертеңінде Жамбыл ауданында жалғасын тапты. Қаздай болып тізілген көліктер керуенімен келесі күні ақындар мен батырлар елі атанған ауданға қарай бағыт алдық. Жуырда ғана 80 жылдығын атап өтіп, той дүбірі әлі басылып үлгермеген, қойнауы ырысқа толы қызырлы өлкенің әкімі Махаббат Бигелдиев бастаған ауданның атқамінер азаматтары басылым қызметкерлерін ауданға кіре беріс жерден-ақ қарсы алып, “Егемен Қазақстан” газетінің күндерін жалғастырып жіберді.

Сонау 1928 жылы Қастек ауданы болып құрылып, араға 10 жыл салып, ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 75 жылдық құрметіне Жамбыл ауданы болып өзгер­ген өлеңді өлкенің тарихы терең. Сол сияқты Жетісу жерінің ғажайып пір пұшпағына “Егемен” де бөтен емес. Түгін тартсаң майы шығатын мекеннің бүкіл жақсылығына жаршы, жетістіктеріне жарнамашы болып келе жатқан газетіміздің мәйекті сөзін қастерлейтін бір қауым оқырманы осы ауданда.

Сондықтан да ұлы Абай елінен бастау алған “Егемен Қазақстанның” күндерінің Жамбыл баба жерінде жалғасын табуы да жарасымды. Тоқсан дейтін торқалы жасқа келген басылымның жүз жасаған баба басына келіп тәу етіп, игі дәстүрден аттамай, киелі жердің батасын алуға асығуын ел ақсақалдары да құп көрге­нінен, ақ жаулықты әжелер мен құл­дыраңдап алдымыздан гүл алып жүгірген жеткіншектердің жүзінен аңғардық.

Ақындарын былай қойғанда, “туған жердің әр сүйемін білектің күші, най­заның ұшымен қорғаған” дейтін, Қарасай мен Наурызбай, Қастек пен Қараш, Сұраншы мен Саурық, Байсейіт пен Медетбек, Сыпатай мен Сәмен батырдың сүйегі жатқан жер ғой бұл.

Бір ғана Жамбыл ауданының өзінен 100-ге тарта журналист шықса, солардың ішінде қазақ баспасөзінің дамуында өзіндік қолтаңбалары бар, күн сайын дерлік жарық көретін “Егеменнің” қара қазанында қайнап келе жатқан Жұмагүл Солты, Күмісжан Байжан, Гүлзейнеп Сәдірқызының есімдерін мақтаныш көретін ауданның “Азаматына қарап ауылын таны” дейтіндей басқа да са­лаларда өрелі тұлғалары жеткілікті. Жолы жарқын, жүзі айқын елдің әлеуметтік тұрмысы да жақсы, экономикалық табыстары да ілгерілеген.

Бұл туралы аудан басшысы Махаббат Бигелдиев баяндап: “Аудан өзінің тор­қалы тойын үлкен жетістікпен қарсы алды. Құрылғалы бері ауданның халқы ғана емес, экономикасы да өсті. Осы 3-4 жылда бір ғана фабрикаға қарап отырған ауданның қазір 5-6 зауыты жұмыс істеп тұр. Бүгінде Жамбыл ауданының 124 мыңның үстінде тұрғыны бар. 61 елді мекеннен, 23 бір кенттік округтен тұра­­тын ауданда 30 шақты ұлт пен ұлыс тату-тәтті күн кешуде. “Егемен Қазақ­станның” орны қазақ басылымдарының ішінде қандай болса, Жамбыл ауданы да об­лы­сымыздың қара шаңырағы іспеттес”, деді.

Аудан алғашында аграрлы бағыт ұстанып, ауыл шаруашылығы саласына негізделіп құрылған. Десек те, қазіргі кезде өнеркәсіп саласының дамуы да қарқын алыпты. Бұған дейін өнеркәсіпте Қарғалы шұға комбинаты мен жол құрылысы материалдарын өндіретін зауыт жұмыс істеп келсе, ендігі жерде Таң­балытастан жаңа цемент зауыты, Үң­гіртастан пластикалық құбыр зауыты, Қарғалыдан кондитер фабрикасы, Самсыдан қазақ сусындарын шығаратын өндіріс орны, Қопадан гранит пен мәрмәр тас шығаратын зауыт, оған қоса бірқатар қайта өңдеу цехтары іске қосылған.

Сонымен бірге, ауданда өткен жылы 40 арендалық, 2 коммуналдық тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген, үстіміз­дегі жылы тағы да 2 арендалық үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Жыл басынан бері 5671 шаршы метрлік жеке тұрғын үйлер іске қосылыпты. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы бойынша өкілетті органға жұмыссыз ретінде тіркелген 1149 адам жұмыспен қамту бөлімі арқылы ауданның әртүрлі кәсіпорындарына, мекемелеріне жұмысқа орналастырылған.

Аудан тіршілігінде оң көріністер ішінен мына жәйтті атап өтпеуге болмайды. Өткен жылы аудан орталығы Ұзынағаш ауылына облыс әкімі Серік Үмбетовтің қолдауымен табиғи газ құбыры енгізілді. Бұл туралы сол кезде газетіміз келістіріп тұрып жазған. Биыл да Ұзынағаш ауылындағы мекемелер ғима­раттарын газбен жылытуды қамтамасыз етуге 85 миллион теңге қаражат бөлініпті. Аудан көлемінде атқарылып жатқан мұндай игі істерді түгендеу дәл осы мақаланың міндетіне кірмейді. Ал “Егемен Қазақстанның” Жамбыл баба жеріндегі күндеріне қайта оралсақ, оның да айта жүрерліктей әсері мен тағылымы жеткілікті болды.

Аудан басшылығымен кездесуден кейін бірден Жамбыл бабамыз жатқан кесенеге келдік. Оң жағына Нұрғиса Тілендиевтей сирек талант иесін алып жатқан аруақты ақынның басында мұсылмандық жолымен Құран бағыш­талып, басылым атынан құрбандық шалынды.

– Мен – Әлімқұл, Жамбылдың немересі,

Өлеңнің ұшан-теңіз кенересі.

Жәкеміз бізге мирас сөз қалдырған,

Айтсын деп немере мен шөбересі, – деп жырлайтын, бабамыздың тұяғы – Әлімқұл Жамбылов та осында жүр екен. Жақсының көзі, асылдың тұяғы да та­лантқа кенде тумай, Қазақстанның халық ақыны, еліміздің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, “Алматы облысының құрметті азаматы” атанғанын ауылы жақсы білсе де, алыстағы алты алаш қым-қуат тіршілікте қаперінде сақтай бермес.

Осы Әлімқұл атамыз бастаған қариялар мен ақ самайлы әжелер болып, Жамбыл бабамыздың мұражайына бет түзедік. Ел газетінің салиқалы сөзін, ғибратты әңгімесін тыңдау үшін келген халықтың алдында “Егемен Қазақстан” газетінің басшысы Сауытбек Абдрахманов сөз сөйледі.

“Біздің ел пайғамбарлар мен шадияр­лар тудырмады демесең, адамның небір бұлбұлы мен дүлділін тудырған ел” дейтін Медетбек батырдың мәйекті сөзі бар. Салмақты сөздің қадірін білетін осындай елдің ортасында газет басшысы Сауытбек Абдрахманов кешегі қатпар-қатпар тарих­тың қойнауындағы, осы елдің өзі де есте сақтай қоймаған Жамбыл баба туралы еміс-еміс қызықты естеліктерді еске түсіріп, тереңнен сыр суырт­пақ­та­ғаны үлкендердің көңілінен шығып отырғанын аңғардық. Аты алысқа тараған ауданның дарабоз дарындары бүкіл қазаққа ортақ екендігін сезіндік. Қызыл сөзге ұрынбай, көпті шаршатпай, қысқа да болса мәйекті болып өткен кездесуде ауданның дуалы ауызды ақсақалдары да ата-баба жолымен ақ батасын беріп жат­ты. Облыс әкімі Серік Үмбетовтің: “Бата алған адамның басының сайда қалғанын көрмедім”, дегенін естіп едік. Сол шын ықыласпен берілген батаның сауабы себезгілеп тұрғандай сезімді бастан өткердік.

– Әлемге аты жайылған,

Аққуды әнмен қайырған.

Жебеп жүрген киесі,

Ақпа жырдың иесі,

Көк жайлаудың төресі,

Сүйінбай, Жамбыл жері осы, – деп Орысбай Әбділдаұлы жырлағандай, бұл өңірде ән айтпайтын, өлең шығармайтын адам кемде-кем көрінді бізге. Газетімізге арналып шығарылған өлеңдер кезегімен оқылып жатты.

Атамның көзіндей боп көрінесің,

Салиқалы сөзіндей сезілесің...

90 жас құтты болсын, аға газет –

Елімнің елдігінің шежіресі!

 

Сандығына сыр салып саналының,

Сүйіншілеп, гүлденіп, жаңаруын,

“Жарғақ құлақ жастыққа тимей тұрып”,

Жеткіздің елорданың жаңалығын.

 

Кәдесіне көсемсөз жарадың мың,

Дау туғызбас Даналық, Даралығың!

Алтын көпір өзіңсің жалғап тұрған

Елбасы мен Елінің аралығын!

 

Семсер сөз – суырғаның, шыңдағаның.

Жылдардың жылнамасы – үнпарағым!..

Өресі биік елдің ұрпағы едім,

Өлеңмен өңіріңе гүл қададым!..

 

Тұғырыңнан таймастай тұрған ерек,

Ұлықсың – ұғымтал қыз, ұлға зерек.

“Егемен Қазақстан”, жасай бергін,

Еліңді егеменді нұрға бөлеп! – деп өлеңдетті Сұраншы батыр ауылының тұр­ғыны Нәзипа Алдабергенқызы. Жамбыл ақынның жерінде жыршылық, термешілік дәстүрді жалғастыратын жаңа дарындар да туып жатыр екен. 15 жастағы Данияр Рахымбаев арқаланып, “Менің пірім – Сүйінбай” деп төпелетіп, Жамбыл баба­мыздың жастық шағы тіріліп келгендей, тамаша күй кештірді.

Төпелеп тұрған жауында жыр көмбесі сияқты елден “Егеменге” деген риясыз ыстық ықыласына бөленіп, газетімізге ұзақ жылдар басшылық жасаған бекзат болмысты Балғабек Қыдырбекұлының атындағы ауылына аттанып бара жаттық. Бүкіл саналы ғұмырын газеттің тіршілігіне арнаған журналист-жазушы, қоғам және мемлекет қайраткерінің жуырда ғана туған ауылында ескерткіш ашылып, оны “Егемен Қазақстан” тиісті дәрежесінде насихаттаған. Алайда, Жамбыл бабаның басында, іргесінде ғана “Егемен Қазақстанның” күндері өтіп жатқанын газеттің байырғы басшысы сезіп, пәнидегі тірлікке бақидан тілеулес болып жатқанда, арнайы ат басын бұрмай, асыл аға рухына тағзым етпей кету жөнсіз болар еді. Бұл да бір біткен іс болды.

Ұлы Абай елінен басталып, ұлы Жамбыл жерінде жалғасқан “Егемен Қазақстан” газетінің күндері қараша айының соңында ұлы Махамбеттің кіндік қаны тамған топырақта жалғасады.



Авторы: Қорғанбек АМАНЖОЛ, Күмісжан БАЙЖАН, Айнаш ЕСАЛИ. Алматы облысы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат