Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-11-11:

ЖЕТПІС БЕС ЖЫЛДЫҚ ЖЕМІСТЕР

 

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ұжымына

Қазақ техникалық білімі мен ғылымының қара шаңырағы – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университе­тінің ұжымын 75 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын!

Еліміз үшін сіздердің университеттеріңіз – өз тарихында мыңдаған ғылыми-техникалық кадрлар даярлап, ел өнеркәсібінің өркендеуіне, тәуелсіз Қазақстанның тұғырының берік болып, жан-жақты дамуына зор үлес қосып келе жатқан алдыңғы қатарлы білім-ғылым орталығы. Университеттің мақтан тұтар түлектері арасындағы атақты инженерлер, көрнекті ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғылым мен өндіріс жетекшілері өздерінің терең білім-білігімен, зор шығармашылық әлеуетімен үнемі биіктен көрініп, Қазақстанның интеллектуалдық элитасы құрамын әрдайым толықтырып келеді.

Оқу ордасының әлемдік білім кеңістігінде айтарлықтай орны бар десек те артық емес. Бүгінде оның көптеген танымал шетелдік университет­термен іскерлік байланыстары – осының айғағы.

Еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде университетке ерекше мәртебе берілді. Қазіргі таңда ұжымдарыңыз Қазақстан экономи­касы мен өндірісінің барлық саласы үшін халықаралық стандарттарға сай элитарлық маман даярлайтын инновациялық университет құру бағдарламасын дәйекті түрде жүзеге асыруда. Университеттің оқу-зертханалық базасы заман талабына сай қарқынды жаңартылуда.

Мен еліміздің жарқын болашағы, мемлекеті­міздің әлемдегі дамыған, қуатты елдер қатарына қосылуы үшін университеттің ұжымы, оның рухы биік, білім-білігі кемел шәкірттері мен түлектері бар қажыр-қайратын жұмсайды деп сенемін!

Баршаңызға денсаулық, бақыт, өмірдің сан саласында сәттіліктер мен жаңа табыстар тілеймін. 

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Биылғы жылы еліміздегі екі бірдей ең алдыңғы қатарлы жетекші оқу орны – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ 75 жылдық мерейлі жасқа келіп, бірі мерекені атап өтсе, екіншісі дайындық үстінде. Осы айтулы екі оқиғаға орай Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев алдымен ҚазҰУ-ге арнайы келіп, республикадағы барша жоғары оқу орындарының профессорлары мен студенттеріне арнайы актілі дәріс оқуы, онан кейін техникалық білімнің қара шаңырағы – ҚазҰТУ-ға атбасын бұруы мерейтойлар мәртебесін көтеріп, еліміздің білім мен ғылымға деген ықыластың ерекше екендігін аңғартты.

“Тойдың болғанынан боладысы қызық” деген, мерейтой қарсаңында бүгінде еліміздің техникалық білім беру мен ғылымының ұлттық көшбасшысына айналған Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың ректоры, ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі, Халықаралық Инженерлік академияның академигі, профессор Жексенбек ӘДІЛОВКЕ жолығып, әңгімелесудің сәті түскен-ді.

 

– Жексенбек Мәкейұлы, Қаныш Иман­тайұлы Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техни­калық университеті инженер кадр­ларын даярлау ісінде Қазақстанда техни­калық жоғары оқу орындарының ара­сында жетекші болып табылады әрі инно­вациялық оқу орнына айналу үшін барлық бағытта мол ізденістерімен абырой биігінен көрініп келеді. Оған бүгінде университет қабырғасында атқарылып жатқан көптеген игі істер дәлел бола алады. “Өткенсіз бүгін жоқ” демекші, бүгін­дері 75 жылдық кемел тарихы бар оқу ордасының өткенінен қысқаша сыр тарта отырсаңыз.

– Университетіміздің тарихы жайлы айтар болсақ, ол бүгіндері дүние жүзіне танымал Қазақстанның тарихымен етене байланысты. КСР Одағы Халық Комис­сар­лар Кеңесінің 1933 жылы 20 қазандағы Семей институтымен біріктіре отырып, Алматы қаласында құрамында тау-кен және түсті металдар факультеті бар Қазақ тау-кен металлургия институтын құру туралы қаулы­сына сай оқу орны 1934 жылдың күзінде алғашқы студенттерін қабылдады. Инсти­туттың тұңғыш дирек­торы қазақтың сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу жалын­даған жастарының бірі, Орал-Қазақстан өнеркәсіп академиясын үздік бітірген білікті маман Әшір Жанәліұлы Бүркітбаев болды.

Бүгінде техникалық білім мен ғылым­ның қара шаңырағы аталып отырған Қазақ ұлттық техникалық университеті өткен 75 жылдық тарихында талай тола­ғай табыстар­ға қол жеткізді. Оған бір ғана мысал: осы жылдар ауқымында еліміздің өнеркәсібі, халық шаруашылығы үшін 100 мыңнан астам жоғары білікті инженерлер мен ғы­лыми-техникалық кадрлар даяр­ланды. Олар еліміздің өнеркәсіп саласы­ның өркен­деуіне, тәуелсіз Қазақстанның қарышты қа­дам­мен дамуына айтарлықтай үлес қосуда.

Сөз орайы келгенде мақтан тұтар жәйт­ті айта кетелік: университетімізді бітірген түлектеріміздің ішінен Ұлы Отан соғысы жылдары 7 Кеңес Одағының Батыры, еңбек майданында 7 Социалистік Еңбек Ері мен Халық қаһарманы атанған­дар шықты. Қазақстанда білім мен ғылым саласын дамытуға өздерінің сүбелі үлесте­рін қосып келе жатқан жұлдыздар шоғы­ры әйгілі инженерлер, көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен өндіріс жетекші­лері университеттің абырой-атағы мен беделін көтеріп, еліміздің интеллектуал­дық элитасы арасынан лайықты орын алған. Сонымен бірге ҚР Парламентіндегі халық қалаулы­ларының ішінде біздің 16 түлегіміздің болуы университетіміз үшін үлкен абырой.

Бүгінде университет – салалық 12 институты, 54 кафедрасы бар іргелі білім ордасы. 200 ғылым докторы мен 500-дей ғылым кандидаты мен доценттер болашақ инженерлерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруде.

Біздің әр жылымыз жаңалықтар мен жасампаздыққа толы. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев үстіміздегі жылдың қазан айында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еліміздің барша жоғары оқу орындарының профессорла­рына, оқыту­шылар мен студенттерге оқыған дәрісі зор мәнге ие болды. Дәрісті арнайы ұйымдас­тыр­ған телекөпір арқылы еліміздің барлық жоғары оқу орындары­ның білімгерлері тың­дады. Елбасымыз бұл дәрісінде инновация­лық индустрия­ландырудың жеті басымды­ғын тағы да нақтылап айтты. Олар: аграр­лық секторды тех­н­ологиялық қайта жарақ­тандыру; құ­ры­­лыс индустриясын және құрылыс материалдары өндірісін дамыту; мұнай өндіруді және мұнай-газ секторының инфрақұрылымын дамыту; метал­лургия­ны және дайын металл өнімдерін өндіруді да­мыту; химия-фармацевтика және қор­ғаныс өнеркәсібін дамыту; “таза” энерге­ти­каны жасауды қоса алғанда энергетика сала­сын жаңғырту және дамыту; көлік және теле­ком­муникация инфрақұрылы­мын дамыту. Бұлардың бәрі де біздің универ­ситетке тіке­лей қатысы бар. Бүгінде біз осы айтылған қағидалар мен тұжырымдарды жүзеге асыруға күш-жігерді жұмылды­рудамыз.

Елбасының инновациялық индустрия­лан­дырудың бұл жеті басымдылығына ерекше мән беруі ҚазҰТУ-да әзірленетін инженер кадрлардың болашағына ақ жол ашқандай. Өйткені, еліміз өнеркәсібінің басты салалары: мұнай-газ, металлургия, химия, энергетика салаларын дамыту де­ге­ні­міз бізде әзірленген жас мамандардың жұмысқа орналасуына жағдай туғызады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа дәстүрлі Жолдауында: “Қазақстан жоғары оқу орындарының міндеті білім беру деңгейін әлемдік стандарт деңгейіне көтеру, ал олардың арасында жетекші оқу орындарының берген дипломдарын әлем тануы керек. Бұған жетуге олар міндетті”, деп атап көрсеткен болатын. Бұл – ұлттық университеттер үшін үлкен міндет. Бүгінгі таңда ҚазҰТУ ұжымы осынау талап үдесінен шыға алып отыр ма? Өзге мем­лекеттердегі техникалық оқу орындарымен байланыстарыңыз қалай?

– Өткен 2008 жылы университеттің Ғылыми кеңесінде “Қ.И.Сәтбаев атын­дағы ҚазҰТУ-ды дамытудың 2008-2011 жылдарға арналған бағдарламасы” қабыл­данды. Онда инновациялық бағыттағы университетті трансформациялау мақсаты көзделген. Сондықтан да оқу-әдістемелік жұмыстар­дың негізгі нәтижесі жоғары және универ­ситет үш деңгейлі білім беруге: бакалавриат – магистратура – PhD жүйесіне толық көшті. Білім беру сапасын аттестациялау жемісті аяқталды.

Тағы бір айта кетер жәйт, Қазақстан­дағы техникалық жоғары оқу орындары арасында мамандар даярлаудың академия­лық көрсеткіші бойынша рейтингте 1-ші орынды иелендік. Бакалавриаттың 12 білім бағдарламасын халықаралық аккредитация­лауда жетекші шетел агенттіктерінде Аме­рика университеттері (АИАС) Аккредитация жөніндегі кеңесі­нің сертификатын алдық. ASІІN (Герма­ния) және АО РИБА (Ресей) агенттік­терімен ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

ҚазҰТУ 2004 жылы сәуір айында Бо­лонья қаласында “Magna Charta Unіvesіta­tun” университеттерінің Ұлы хартиясына қол қойып, өзінің Еуропа жоғары білім аймағына кіретінін заңдас­тырған болатын. Өзге халықаралық техни­калық оқу орында­рымен қарым-қатынас­тар жөнінде айтар болсақ, Американың Гирне университе­тімен, Шве­ция­ның Корольдік технология институтымен, Колорадо Тау-кен мектебі­мен, Мәскеу болат және қорытпа институт­тарымен бакалавр, магистрлер мен PhD доктор­ларын бірлесіп даярлап, қос диплом беру жөнінде келісім-шарттарға қол жеткізілді.

Халықаралық қарым-қатынастардың өрісі кеңейе түсіп, өткен жылдың өзінде ғана 17 жаңа келісім-шарттар жасалынды. Меморандумға қол қойылып, шетел делегацияларымен 30-дан астам кездесу­лер өтті. Халықаралық жоғары оқу орнынан кейін білім беретін “Excelleence PolyTech” институты ашылды. ҚазҰТУ-дың 75 жылдық мерейтойына және академик Қ.И.Сәтбаевтың 110 жылдығы­на орай V Халықаралық мұнай-газ форумы өткізілді.

Университетте Қытай, Ресей, Египет, Пәкстан, Моңғолия, Тәжікстан, Иран, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты елдерден 600-ден астам шетелдік студенттер білім алуда. Бұдан шығатын қорытынды, біздің университеттің кадрлар даярлаудағы, олар­ға білім берудегі деңгейі өзге елдер­мен са­лыстырғанда еш кем емес. Біздің ҚазҰТУ экология, нанотехнология, ІT-технология бағыты бойынша ШЫҰ университетінің тораптық құрамына енген. Энергетика саласы бойынша Францияның ғылым және білім министрлігімен бірлесе оты­рып, “Шнайдер электрик” компаниясы­мен жаңа технология бойынша кадрлар даярлау орталығын ашуға дайындық жұ­мыс­тары жүргізілді. “Шеврон”, “Шлюм­­берже” және “Аджип” компаниялары университетке достық қол ұшын беріп, 12 млн. доллардың жабдықтары мен бағ­дарламалық құралда­рын алуға демеуші болды.

– Жексенбек Мәкейұлы, университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржылан­дырудың көлемі артып, магистратурада, докторантурада оқитындардың саны ұлғайғандығынан хабардармыз. Енді жастардың білім мен ғылымға құлшынысы жайлы айта кетсеңіз.

– Университетіміз ғылыми-зерттеу жұмыстарында айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін айта кеткен жөн. 2008-2009 оқу жылының өзінде ғана ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2,5 есе өсіп, оны игеру 500 мил­лион теңгені құра­ды. Университет база­сында ҚР Ұлттық ғы­лым академиясының Жер туралы ғылымдар бөлімі өз зерттеу­лерін жүргізуде. Таяуда ғана осы Акаде­мия­ның Жер туралы ғылымдар бөлімінің базалық жоғары оқу орны болып табыла­тын біздің универси­теттің 75 жылдығына арналған сессиясын өткіздік. Оған қатысушылар еліміздің жоғары мектеп қызметкерлері мен ғылыми қауымына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ҚазҰУ-де “Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс” деген тақырыпта оқыған лекциясында айтылған сындарлы ой-тұжырымдарды бірауыздан қолдап, барлық күш-жігер мен білімді дағдарысқа қарсы белгіленген стратегияның орындалуына, қоғамның бірігіп, Отаны­мызды одан әрі дамытуға бағыттауы үшін Үндеу қабылдадық.

Үш ұлттық бағытты – Қазақстанның білім жүйесін дамытуда серпіліс жасау, елі­­міз­дің ғылымын дамытып, ғылыми әлеуе­тін арттыру және инновациялық жүйені дамыту сияқты маңызды мәселе­лерді қамтыған “Интеллектуалдық ұлт-2020” атты мемлекеттік жобаны қуаттап, қолдай­тыны­мыз да сол Үндеуде айтылды. “Интел­лектуалдық ұлт-2020” жобасын­да даму­дың жаңа үлгісі ұсынылып, оны жүзеге асы­рудың міндеттері айқын да нақты айтыл­ған. Бұл тұрғыда Қазақстан ғалым­дары жоғары­да атап өткеніміздей, ел Президентінің инновациялық индус­трия­ландырудың жеті басымдықтарын айқындап берген жоғары технологиялар секторларын дамытуды же­дел­детуі қажет деп ойлаймын. Бізде ин­же­нерлік бағытта ғылыми жұмыс­тармен ай­на­лысатын зерт­ханалар жақсы жабдықтал­ған, ҚазҰТУ Технопаркі жемісті жұмыс істеуде.

“Ғылым таппай мақтанба” деп ұлы Абай айтпақшы, жастарды білім мен ғы­лымға құлшындыру осындай игі шаралар­дың арқасында жақсара түсуде. Білім беру жұмысы бакалавриаттың 41, магистрату­раның 34, аспирантураның 36, докторан­тураның 14 және PhD докторан­турасы­ның 16 мамандығы бойынша жүргізілуде. Өндіріске жаңа орналасқан жастың бірден бас маман болып кетуі оңай емес. Түлек­теріміздің арасында әйгілі инженерлер, көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері, өнер тарланбоздары, ғылым мен өндіріс жетекшілері туған Қа­зақ­станымыздың туын жоғары ұстап келеді.

Қазіргі таңда елімізде индустриялық қоғам орнату мақсатында аянбай еңбек етіп жатқан университет түлектерінің арасынан шыққан министрлер, облыс, қала, аудан әкімдері, ұлттық компаниялар басшылары бар. Сол мамандардың бәрі де осы білім ордасынан алған терең білімін өндірісте тиянақты жалғастыра білді, ізденді, талап­танды. Бұл тұрғыда айтарым, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай емес, шетел­дерден мамандарды шақыру­дың бүгінде қажеті шамалы. Өз кадрларымыздың өндірісті ұршықша игеріп кетуге бүгіндері күш-мүмкіндігі жетеді дегім келеді.

“Қадірлі жас ұрпақ! Ұлттың үміті – сендерсіңдер. Саналы да сапалы, білімді де белсенді жастары бар елдің қашанда еңсесі биік, болашағы зор болмақ. Сон­дықтан да елдің ертеңгі бақыты сендердің қолдарың­да” деп, Елбасымыз жастардың болаша­ғына, жастардың, әсіресе, техни­калық білім алуына ерекше мән беріп, зор үміт артып отыр. Бізден тиянақты тех­никалық білім алған жастарымыз жалын­дай түсіп, еңбексүйгіш болса, болашақта шетелдік мамандарға иек артпайтынымыз анық. Бір қуанарлық жәйт, бітірген түлектеріміздің 85 пайызы сол жылы-ақ еліміздегі алуан түрлі өндірістің әр саласына жұмысқа орналасуы универ­ситеттің беделін арттыра түсіп отыр.

– Жастардың ғылымға, білімге бет бұруы қуантады. Соңғы уақытта мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі аралықта қазақ тіліндегі оқулыққа қатысты үлкен мәселелер көтерілуде. Техникалық білім беру саласы да бұл мәселені айналып өте алмайды. Өйткені, көптеген оқулықтар, көмекші құралдар тікелей орыс тіліндегі нұсқадан аударылады ғой. Сіздерде алдағы уа­қытта бұл түйінді шешу жоспарда бар ма?

– “Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ” демекші, бізде білім мен парасаттың ордасына айналған, 1934 жылы универ­ситетпен бірге ашылған республикадағы ең ірі техникалық ғылыми кітапхана бар. Онда студент жастарымыз бен оқытушы-ғалым­дарымыздың білімін жан-жақты шыңдауы­на толық жағдай жасалынған. Кітапхана қорында 2 млн. оқулық пен оқу құралдары, түрлі басылымдар бар. Жалпы қордың 26,6 пайызы қазақ тіліндегі әр алуан саладағы әдебиеттер. Бұл әдебиет­тер­дің біразы өзі­міздің ғалымдарымыз бен оқытушылары­мыздың ғылыми-техника­лық салада жазған қазақ тіліндегі оқулық­тары мен ғылыми-әдістемелік еңбектері. Заман талабына сай, 1998 жылдан бері кітапханамыздағы электронды каталог­тың деректер қорына 850 000 аталым, 1 250 000 дана әдебиет ен­гі­зіл­ген. Ғылыми кітапхана және универси­теттің Ақпарат­тық және коммуникациялық технология­лар орталығы құрған электрон­ды кітап­хана 2009 жылдың сәуір айында ашылды. Электронды кітапхана қоры күннен-күнге жаңа деректермен толыға түсуде. Алдағы уақытта да техника ғылымдары саласында мемлекеттік тілде оқулықтар мен түрлі әдебиеттерді шығаруға ғалымдарымыз атсалыса бермек.

Айта кететін бір жәйт, университетіміз ScіenceDіrect мәліметтер базасын жаз­дырып алушылардың бірі. Ол ғалымдар­мен ынтымақ жасайтын Elsevіer-дің озық дәстүрлері негізінде жасалынған және де оның көздеген мақсаты болашақта кітап­хана жұмысын цифрлы кітапхана дең­гейіне жеткізу. Мұндай тәсіл әлемнің 70 елінде қолданылады. Сондықтан да толық электронды интерактивті бұл жүйе ғылы­ми-техникалық мәліметтерді тез табуға мүмкіндік беретін тиімді тәсіл болып отыр.

– ҚазҰТУ-ды “Электронды универ­ситет” деп атап жүр. Оның мәнісін түсіндіре кетсеңіз.

– Бүгінгі заман техникалық үдерістің нағыз дамыған кезеңі. Электронды ақпарат­тар ағыны арқылы үйде, жұмыста отырып-ақ компьютеріңізден қажетті сайттан іздеген мәлімет-деректеріңізді демде тауып алуыңызға болады. Сайтқа керекті, қажетті мәліметтеріңізді өзіңіз де шығара аласыз. Бұл, бір жағынан, өз жұмысыңызды наси­хаттау, әлемге таныту. Осы мақсатта құрыл­ған LT-инфрақұрылымының және “Поли­тех” атты корпоративті ақпараттық жүйенің көпшілікке таныстырылымын өткіздік. Мәселен, бір ғана мысал, WEB және WAP-порталдар арқылы студенттердің ағымдағы оқу үлгерімімен, сабақ кестесімен, емтихан кезеңдері және уақытымен, элек­тронды оқу материалдарымен, бір сөзбен айтқанда, электроқызмет арқылы іздеген мәліметіңізді тауып, таныса аласыз. On-lіne режімінде студент-жастардың оқуға келіп қатысуы, соған қатысты профессор-оқыту­шылардың олардың үлгерім есебін элек­трон­ды журналға енгізуімен де танысуға болады.

“Медицина орталығы” жүйесін пайда­лан­саңыз, студенттердің денсаулығы жағ­дайы, “Электронды жатақхана” жүйесін қол­дансаңыз жатақханаға орналасу мәлі­меттері көз алдыңызға келеді. Электрон­ды университет дегеніміз осы. Оған тағы бір дәлел, бізде бүгінде 3000-нан астам ком­пьютер бар, 20 мың адам Интернет жүйесін пайдаланады. Интернетке ену жылдамдығы секөнтіне 10 Мбайт болып отыр. Бұл Қазақстан жоғары оқу орындары ішіндегі ең жоғары жылдамдық біздің ҚазҰТУ-да ғана екенін мақтанышпен айтқанымыз жөн.

Реті келіп тұрғанда айтайын, биыл бізде Қазақстан-Корея ақпараттық-коммуника­циялық технологиялар орталығының құры­лы­с­ы басталды. Бұл жобалы жұмыс университеттің бюджетінен және Оңтүстік Корея үкіметінің бөлген гранты арқылы қаржыландырылып отыр. Мұндағы басты мақсатымыз ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секторында жоғары білікті кадрларды бірлесіп әзірлеу болып отыр. Оның жалпы көлемі 4050 шаршы метрді құраса, оқу кластарының аумағы 906 шар­шы метр. Бүкіл әлемді шарпыған дағда­рыс­қа қарамастан, университетімізде оқи­тын студенттердің болашағы үшін атқарылып жатқан басқа да игі шаралар бар.

26 қазан күні Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында республика Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төраға­сы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалық етуімен “Ұлттық бірлік – біздің стратегия­лық таңдауымыз” тақырыбында Ассамблеяның XV сессиясы болып өтті. Сессия жұмысына республикалық және аймақтық этномәдени бірлестік жетекшілері, орталық атқарушы билік органдарының басшылары, Парла­мент депутаттары, саяси партиялар мен діни конфессиялар, үкіметтік емес ұйымдар, дип­­ло­матиялық миссиялар басшылары, ха­лық­аралық ұйымдар мен шетелдік қонақ­тар қатысты. Бұл жиында Елбасы ұлттық бірлік дегеніміз не, оны қалай түсі­неміз, ұлттық бірлікті нығайтудың маңыз­дылығы неде деген сияқты мәселелерге, Қазақстан хал­қының бірлігі басты үш тұғырға негіз­делгенін, біріншіден, ол біздің ортақ тари­хы­мыз бар екеніне тоқтала келіп, мемле­кет­тік тілді одан әрі дамыту қажет­тігін, яғни, мемлекеттік тілді үйрету орта­лық­тарының желілерін кеңейтіп, оларды әрбір қала, аудан орталығында, сонымен қатар жоғары оқу орындары мен өзге де меке­мелерде құру керектігін айтты. Оқыту­дың инновациялық формаларын батыл және кеңірек енгізу керектігін ұсынды. Сондықтан оқу мен тәрбие жұмысында бұл айтылған тұжырым­дардың барлығы басшы­лыққа алынатыны сөзсіз және осы бағыт­тағы бұрынғы жұмыстарды жандандыра түсеміз.

Бізде тіл мәселесіне жоғары көңіл бөлініп, тиісті мән беріледі. Мәселен, іс қағаздары түгел дерлік мемлекеттік тілде және орысша қатар жүргізіледі. Жалпы студенттердің 68 пайызы мемлекеттік тілде дәріс алса, 30 пайызы орыс тілінде оқитын топтарды құрайды, 2 пайызы шет тілінде оқып, білім алуда. Техникалық жоғары оқу орны бола тұра, шет тілінде, ағылшынша жетік білім алып шығып жатқан ынталы студент жастарымыз да жетерлік. Енді келісім-шарттарға орай француз тілін де тереңдетіп оқыту көзделініп отыр.

Елбасының қазақстандық университет­терге жүктеп отырған міндеттері мен оның алар маңызды рөлін ескере отырып, республикамызда инженерлік білім берудің көшбасы саналатын Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің көпмыңдық ұжымы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда оны халық­аралық стандарттар деңгейіне жеткізуге, іргелі және қолданбалы ғылыми ізденіс жұмыстарының қазақстандық ғылым мен техникасының мейлінше дамуына, ғылыми-техникалық жетістіктердің әлемдік рынокта бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етуге бағытталуына, алдағы уақыттарда да білім мен ғылым саласында, оқуда биіктерден көрінуге өздерінің бар күш-жігерлерін жұмылдыратын болады.

– ҚазҰТУ-дың келешек келбетін қалай елестетуге болады? Оның барлық бағыттағы болашағы жайлы қысқаша тоқталсаңыз.

– Өзіңіз байқағандай, жалпы, қандай сала, бағыт болмасын қол жеткізген табыстарымыз баршылық және ол қомақты да. Д­­есе де біздер жеткен биіктерге, жетіс­тіктерге тоқмейілсімей, жаңа белестерге батыл бетбұрыстар жасап жатырмыз. Оқуда, ғылымда, инфрақұрылымда, жалпы, қай саланы алмайық, әйтеуір алға басқан оң өзгерістердің болатыны анық. Бір сөзбен айтқанда, университетіміз элиталық, жаңа үлгідегі инновациялық оқу орны болуы шарт. Оған бізде барлық мүмкіндік жеткі­лікті. Дағдарыс кезеңі де өтер. Қайтадан дамудың даңғыл жолына түсетініміз, соны таңдайтынымыз анық. ҚазҰТУ-ды бітірген түлектерімізге сұраныстың жылдан жылға өсуі келешегіміздің кемелді екенін айғақтайды.

– 75 жыл тарих үшін қас-қағым уақыт шығар, бірақ сіздер сияқты еліміздің белді де беделді оқу орны үшін аз мерзім емес. Жалпы, осындай мерейлі мерекелерді атап өту кез келген мекемеге өткенге көз жүгіртіп, не істеп, не қойдық деген сияқты артыңа қарайлап, алдыңды болжап есеп беретін кезең сияқты. Ендеше, мерейтойды атап өтуге дайындықтарыңыз қалай?

– “Болар істің басына, жақсы келер қасына” демекші, Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев ҚазҰУ-да Студенттер сарайында жиналған университет ұстаздары мен білімгерлеріне арнайы дәріс оқыған соң, біздің Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетте де болды. Интерактивтік режімде космостық бағалау, нанотехнология, мәшине жасау және квант­тық физика зертханаларының жұмыстары­мен танысты. Сондай-ақ Мемлекет басшы­сы техникалық оқу орнының студенттері­мен және оқытушы-профессорлық құрамымен жүздесті, оларды Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың алда келе жатқан 75 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Мерейтой демекші, университет ұжымы өздерінің 75 жылдық мерейлі мерекесін лайықты табыстармен қарсы алып отыр. Мерекеге дайындық былтыр басталған еді. Осы мерзім аралығында университет шеңбе­ріндегі барлық мәдени-көпшілік, халықаралық деңгейдегі шаралардың бәрі де 75 жылдыққа әзірлік ауқымында өткізілді. Дайындығымыз жан-жақты. Бізден тәлім-тәрбие алып жатқан студенттеріміз бола­шақ­та да қазақстандық патриотизм рухын көтеріп, ел азаматы ретінде саяси ахуалдар­ға, ұлтаралық татулыққа терең мән бере қарайтын, жан-жақты жетілген инженерлер болып шығатынына сеніміміз мол.

– Әңгімеңізге рахмет. Тойларыңыз тойға ұлассын.

Университеттің 91 түлегі Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, сондай-ақ Президенттік және мемлекеттік аппаратта қызмет істейді. Министрліктер мен комитеттерді, агенттіктерді, облыстық, аудандық әкімдіктерді, ірі ұлттық, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарды басқарады.

Бүгінгі таңда Парламенттегі 16 депутат – ҚазҰТУ түлегі.

*  *  *

Университет құрамында кәсіптік бағыттағы 12 институт бар.

*  *  *

200-ден астам ғылым докторы, 500-дей ғылым кандидаты, 4 PhD докторы, 16 магистр еңбек етеді, 7 адам – ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, 9-ы – Ұлттық инженерлер, 11-і – Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академияларының академигі.

*  *  *

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2,5 есе өсіп, ол 500 млн. теңгені құрады.

*  *  *

Студенттер контингенті 15 000-нан асады.

*  *  *

Ғылыми конференцияларға студенттердің 600-ден астам баяндамалары әзірленді. Оқу орнында базалық бөлімдер бойынша студенттердің республикалық конкурсы өткізіліп, оған Қазақстанның жоғары оқу орындарынан 160 ғылыми жұмыстар ұсынылса, оның 30-ы ҚазҰТУ-дан болды.

*  *  *

Университетте 3000 компьютер болса, 20 мың адам Интернетті пайдаланады. 88 компьютер, 19 мультимедия кластары жұмыс істейді.

*  *  *

Қазіргі уақытта университеттің Ғылыми кітапханасында 2 млн.-нан астам оқулықтар мен ғылыми кітаптар бар. Соңғы кездері кітапханаға 60 мыңнан астам қазіргі заманғы оқулықтар мен ғылыми әдебиеттер алынды.

*  *  *

Жыл сайын “ҚазҰТУ көктемі” фестивалі, университетті үздік бітірушілердің “Самғау” фестивалі, “ҚазҰТУ аруы мен жігіт сұлтаны”, “Қылықты қыз-келіншектер-ай!” өнер байқаулары, ректордың кубогы үшін республикалық КТК (КВН) бәсекелері өткізіледі.

*  *  *

Университет студенттері халықаралық олимпиадаларға, республикалық, қалалық жарыстар мен спартакиадаларға қатысып, жүлдегер және жеңімпаз атанып жүр.Солардың жарқын бір ғана мысалы, былтыр Қытайда өткен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Әсет Мәмбетов – ҚазҰТУ мақтанышы.



Авторы: Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат