Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-11-17:

Тікелей желі сынынан кейін

ШЕНЕУНІКТЕР ШЕТТЕТКЕН

жас маманға Елбасы қамқорлық көрсетті

 

Ал аудандық аурухананың бір бөлмесінде тұрып жатқан тағы бір жас маман хирург – Серік Тоқымовты аудан басшылығы ұмытып кетпей, баспана тауып берер деген ойдамыз.

13 қараша күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен болған тікелей желіде біздің облыстағы Май ауданының әкімі Ернұр Айткеновтің орынбасары Ербол Айтқұ­ловтың аудан орталығы Көктөбедегі аудандық ауруханаға келген жас маман дәрігерлерді қабылдамағаны жайлы хабарды бүкіл еліміз теледидар арқылы естіп білді. Шенеуніктер тарапынан бол­ған суық көзқарасты сынаған Президент мұндай жағдайдың тез арада шешімін тауып, жас мамандарды үймен қамтама­сыз ету туралы сол жерде облыс басшысы Бақытжан Сағынтаевқа тапсырма берген болатын. Белгілі болғанындай, сол күнгі тікелей желіден соң Май ауданы әкімінің орынбасары Ербол Айтқұлов қызметінен босатылды. Ал сенбі күні облысқа жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жас маман дәрігерлердің бірі – Айгүл Тұмарбековамен арнайы жолықты. Семей мемлекеттік медицина институтын гинеколог-әйелдер дәрігері мамандығы бойынша бітіріп келген Айгүл қазір Елбасының көмегі арқасында былтырғы сәуір айынан бері қолы жетпей жүрген баспанаға ие болды. Ауданға дәрігер болып жұмысын бастамай жатып, шенеу­ніктерден зәбір көрген Айгүл ақыры өзі­нің ісінің дұрыстығын дәлелдеп шықты. Журналистермен болған кездесуде толқи тұрып осылай сөйлеген Айгүл Елбасының қамқорлығына шексіз алғысын білдірді.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жас дәрігерге сәттілік, табыс тіледі.

Май аудандық ауруханасының бас дәрігері Байболат Қазбековтің айтуынша, қыздардың бірі Әсел Тоқсанбаева қазір Алматыда оқуда көрінеді. Бас дәрігер, білікті хирург Байболат Қазбеков жайын­да кезінде біз газетімізге “Сынбас рух” атты мақала да жазғанбыз. Жол апатына түскен дәрігер хирург Байболат бұл күндері қос балдақпен жүрсе де, рухы биік жандардың ерлігін қайталап, осы аурухананы басқарып отыр. Өзінің қарауына келген жас маман дәрігерлерді шенеуніктерге айтып, қалдыруларын, үй берулерін, осы мәселені адамгершілік тұрғысынан қарауды сұрайды. Сол үшін өзі де көп дау-дамайдың арасында қалады. Тіпті, қазір хирург, жас маман Семейден келген Серік Тоқымов деген жас жігіт аурухананың бір бөлмесінде тұрып жатқан көрінеді. Негізінде, Май аудандық ауруханасына келген жас мамандар жайынан облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Гүлфаз Аубанова да жақсы хабардар. Бұл жерде жас мамандарға жалғыз аудан әкімінің орынбасары Айтқұлов қана емес, аудан басшылығы, мәслихат хатшылығы бар — бәрі бірдей теріс қарағаны байқалады. Аудан әкімі Ернұр Айткенов сонда ай қарап отырған ба? Жас мамандарға деп салынған үйлер зейнеткерлерге және бір жұмыссыз әйел адамға беріліпті. Облыстағы Май ауданы Семей полигоны аумағына жақын орналасқан, сол зардапты көп көрген аудан болып саналады. Сондықтан да, ауылдары ауданнан шалғайда орналасқан бұл жерге дәрігерлер аса қажет. Бұл күндері осы ауданда Елбасының “100 аурухана, 100 мектеп” бағдарламасы бойынша салынып жатқан аудандық аурухананың құрылысы да, міне, екі жылдан аса уақыт болды, әлі аяқталып бітпей тұр. Бұған кім кінәлі?.. Түбін табар ешкім жоқ қазір. Қазір аудан басшылары мен облыстық денсаулық сақтау департаменті жаңа аурухана пайда­лануға берілген күні қос балдақпен жүре­тін бас дәрігер, білікті хирург маман Бай­бо­лат Қазбеков аурухананы қалай басқа­ра­ды екен дегенге бас қатырып отырған көрінеді. Тағы бір дәрігердің бүкіл тағды­ры, адам факторы, адамгершілік мәселесі шырқырап шенеуніктер қолына тү­спекші.

Фарида БыҚай, Павлодар облысы, Май ауданы.

 

Тікелей желідегі бір бейне

“ПРЕЗИДЕНТКЕ ЕЛІКТЕП ӨСКІМ КЕЛЕДІ”

 

Елбасымен өткен тікелей желіде сұрақ қою құрметіне ие болған 2-сы­нып оқушысы Алена Сиразетдинова ертеңге деген ұмтылысымен, төрт тілді білуімен сүйсінтті.

Мемлекет басшысының ел халқымен тікелей сұхбаты кезінде желіге Солтүстік Қазақстан облысынан қосылу кезегі Қызылжар ауданының орталығы Бескөл кентіндегі №3 мектепте ұйымдастырыл­ған­дықтан, көпшілік Президентке сауал қойған Алена Сиразетдинованы осында оқиды деп ойлап қалса керек. Баспасөз беттерінде де солай хабарланып кетті. Ол шын мәнінде Петропавл қаласындағы №8 орыс мектебінде білім алады. Тікелей желі ар­қылы қазақша сұрақ қойып, Елбасы­ның үлкен ілтипатына бөленген бүлдіршін қызбен тілдесіп, оның асқақ армандары жөнінде ой бөліскенді жөн көрдік.

– Алена – мектептегі үлгілі шәкірт­те­рі­міздің бірі. Оқу озаты. Қиялы жүйрік. Өнерлі. Бірнеше байқаулардың жеңім­па­зы. Төрт тілді меңгерген. Енді ағылшын тілін үйреніп жүр. – Мектеп директоры Қанат Бақтыбаев мақтауын осылай жеткізіп, сөзін аяқтай бергенде Алена мен анасы Венера кабинетке кіре берді. Бүлдіршін қыз өзін еркін ұстап, ашық та жарқын мінезімен бізді тез үйіріп әкетті.

– Мен кішкентайымнан нағашы атамның қолында өстім. Аты – Рашид. Арабшаға да, Құран аяттарына да жүйрік. Мешітке де тастамайды. Қазір сіздерге “Ыхлас” сүресін оқып берейін, – деп біздің келісімімізді күтпестен заулата жөнелді. Бір кезде ақырын жымиған қалпы анасы әңгімеге араласты:

– Қызым “Петушок” балабақшасында тәрбиеленді. Зеректігін айтам да, сонда жүріп қазақшаны тез үйреніп алды. Қазақ тілінің маманы Гүлбаршын Қибатқы­зы­ның да әсері мол болды. Осыдан екі жыл бұ­рын мектепке дейінгі мекемелер ара­сын­да облыстық мемлекеттік тіл байқауы ұйымдастырылып, бірінші орын алып келгені есімде. Бірінші сыныпта қазақ тілінен Екатерина Қауысқызы сабақ берді. Қызымның қазақ тілін жатық білетінін байқап, қосымша тапсырмалар жүктеп жүрді. Шыны керек, Елбасына сұрақ қояр кезде бар-жоғы екінші сыныпта оқитынын ойлап, қатты қобалжыдым. “Алена, қазақша қандай керемет сөйлеп тұрсың. Рахмет саған” деген мақтауын естіп, көңіліміз керемет марқайып қалды.

Аленаның сынып жетекшісі Елена Владимировнадан оның математика, қазақ тілі пәндерін ерекше сүйіп оқитынын білдік. Бос уақытын тиімді пайдалану мақсатымен арнайы кесте бойынша жұмыс жасайды екен. Мәселен, үш күнді музыка мектебіне, екі күнді араб тілін үйренуге арнайтын көрінеді. Қалған күндері “Восход” аула клубына қатынап, іс тігумен шұғылданады. Демалыс күндері анасымен бірге фортепианода ойнап, қазақ, татар, орыс тілдерінде ән шырқағанды, кітап оқығанды ұнатады.

Каникул кездерінде кітапханадан қазақ ертегілерін жаздырып алыпты. Соң­ғы кездері өлең шығаруға деген ықыласы оянып, бірнеше тақпақ шығарыпты.

– Наурыз, “Сабантой” мерекелерінен қалып көрген емеспін. Би үйірмесінен қалмаушы едім, уақыттың тығыздығынан баруды сирексітіп алдым, – дейді ол өкінішпен. Өзінің армандары туралы сұрағанымда былай ой бөлісті:

– Қай арманымды айтсам екен, – деп Алена біраз ойланыңқырап алды. Сосын қазақша жатық сөйлей жөнелді. – Кейде жатып алып неше түрлі қиялға берілемін. Бірде әнші болғым келеді. Бірде анама еліктеп, ұстаз болғым келеді. Тіпті қиялым жетпей қалады. Президентіміз секілді мен де жақсы адам болуды армандаймын. Биылғы бір арманым – Астанадағы Президент шыршасына қатысып, Нұрсұлтан атамен көзбе-көз сөйлессем деймін.

Несі бар, бойында таудай талабы, алдында биік мақсаты бар балдырғандар үшін қайда барса да есік ашық дегіміз келеді.

Өмір ЕСҚАЛИ, Петропавл.

 

МИЛЛИОНДАР ЖҮРЕГІН ЖЫЛЫТТЫ

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ, сенатор.

Президенттің елмен тікелей дидарласуы  біздің қоғамның өміріне әбден орныққан дәстүр болып қалыптасты. Сұхбат болардан бір ай шамасы бұрын халық  хабарланып, белгіленген мерзімді күтіп жүрді.

Тіпті сұрақ немесе пікір айтуды мақсат етпесе де миллиондаған адам Елбасының ашық әңгімесіне ерекше қызығушылық білдіріп, теледидар алдына асықты.

Бұл  тікелей пікір алмасуға Елбасы да жан-жақты әзірленіп, мейлінше  жауапкершілікпен келгені анық көрініп тұрды. Нұрсұлтан Әбішұлы үш сағатқа тақау уақытта өзіне жеткен әрбір адамның сөзін мұқият тыңдауға, оған толыққанды жауап беруге ықыласты болды.

Президент уақыт жетпей қалған 34 мыңға жуық сұрақ­тарды түгел сарапқа салып, бір ай  көлемінде жау­ап беру жөнінде Үкіметке, әкімдіктерге, басқа да құзырлы орындарға тікелей тапсырма берді. Президенттің дәл осындай көңіл-күйі жұрттың тікелей дидарласуға ын­тасын  арттырып, Елбасына, мемлекетке сенімін күшейтті.

Тікелей эфирде болған жан-жақты сұхбат пен оның  мазмұны, сөз жоқ, әрбір адамға өміріміздің сан алуан қыр-сырынан мағлұмат  беріп, керемет рухани әсер қалдырғаны анық. Сұхбаттың мазмұны туралы әлі келелі әңгіме тармақталары да хақ.

Елбасының тікелей желідегі қойылған сұрақтарға қайтарған жауаптарын тыңдағанда, толғаныстары мен тұжырымдарын ой сарабынан қайталап өткізгенде көкейге ең алдымен келгені – ұлының бәрі қарапайым деген қағида болды. Айтылған сөздің бәрі – қарапайым сөздер. Бірақ, солардың қойылған сұраққа қарай қиюын тауып қиыстырылуы, кез келген тақырыпқа байланысты орынды сөздер, өткір пікірлер Нұрсұлтан Әбішұлының жан жүрегін толғандырып барып құйылып жатуы тәнті етті. Ал енді қарапайым мысалдармен үлкен мәселелерді жеткізуі, барша қазақстан­дықтарға ой салуы қандай десеңізші!

Тікелей желі аяқталғаннан кейін айтылмай қалған қандай тақырып бар екен деп ойға қалдым. Сұрақтар да сан алуан болды. Соған қарай “Жол картасынан” бастап индустрия­ландыруға дейін, баспана мәселесінен “Нұрлы көшке” дейін, компьютерді білуден асыл армандарға дейін бәрі қамтылды.

Ал қаншама адамның тағдырына Елбасы араша түсті, қамқорлық туғызды, қолұшын берді. Ертесіне естіп жаттық, қарағандылық Тротно жұмысқа орналасыпты, ал енді осы азамат секілді жұмыс таппай жүргендер әкімдіктерге, кәсіпорын басшыларына барады ғой, жұмыс тауып бермей көрсін. Павлодардың Май ауданынан хабарласқан қарындасымыз баспаналы болып жатыр екен. Ендігі жерде жолдамамен келген жас мамандарды қай әкім қабылдамас екен. Шынтуайтына келгенде, осы жолы шенеуніктердің үстінен айтылған арыздар көпшіліктің оларға деген ашуын туғызғаны сөзсіз. Егер мемлекет бойынша “Дипломмен — ауылға” деген бастама көтеріліп отырса, ауылдық жерлерде дәрігерлер жетіспей, диплом алғандар ауылға барғысы келмей жатқанда, ауылдық жерге келгендерге шекесінен қарайтын шенеуніктерге мемлекеттік қызметте орын болуы керек пе?

Ауыз су мәселесін Президент барынша өткір қойды. Екі облыстың басшысы дайындап қойған цифрларын айтып берді. Бұдан былайғы кезде облыс, аудан, қала әкімдері ауыз су мәселесіне жіті қарайтын болады. Атыраулық мұнайшылар қойған сұрақтың астарында қазақстандық үлесті тек құрал-жабдық және қызмет көрсету тұрғысынан ғана емес, адам капиталы жағынан да молықтыру керектігі көрініс берді. Біз экономика мен руханият саласының нақты мәселелерімен айналысып жатырмыз деп, басқа жәйттерді ұмыт қалдыра беретініміз ойға оралады. Соның ішінде қоршаған ортаны қорғау, қалалардың ахуалын жақсарту көп ретте ұмытыла беретіні бар. Елбасы Семей өңіріндегі жолақ ормандар мен Алматы қаласының экологиясын сөз ете отырып, көп жайды ойға салды.

Қазіргі жастардың ішінде арман туралы ойға берілетіндер, компьютерді жетік білсем деп қызықтайтындар сондайлық көп дей алмаймын. Ал Мемлекет басшысының өзі компьютерді үйреніп, интернетті жүйелі қарап отыратынын айтып жатқанда, бұл пәнді мектептің жоғары сыныптарында негізгілер қатарына шығаруды ойластыру керек болар.

Менің баса көрсеткім  келгені –  ел бас­қару ісіндегі  Президент тағылымы. Президент­тің әрбір сұхбаты біздің қоғамда, мемлекеті­міздегі жаңалық. Бұл дидарласулар әрқашан бізге жаңа  бір серпін береді. Президент сұхбаттары ешқашан бірін бірі  қайталамайды, тіпті соңғы сұхбат бұрынғыларға ұқсамайды да. Президент  үлкенмен де, кішімен де, қоғамның  әртүрлі өкілдерімен, халықпен сөйлесудің үлгісін көрсетті. Жәй сөйлесіп отырған жоқ, көтерілген проблеманың бірден шешілу жолдарын қарастырып, нақты шара қолданып отыр. Жұмыс тәсілін көрсетіп отыр.

Әсіресе, елдің жағдайына, өзінің міндетіне атүсті қарайтын шенеуніктерге Президент сөздері “есін жиғызатын” сабақ болса керек. Үлкенді-кішілі лауазымды мемлекет қызмет­кер­лері елге Президент тапсырғандай қызмет етуді терең әрі  түйсініп ойлаулары керек. Ал­ды­на келген адамға шалқақтап, қабағын шы­тынып, іштей шіренбей, жағдайын түсінуге мін­детті. Тіпті мәселесін шеше алмаған күнде  адам сияқты сөйлесіп, мән-жайын түсіндіруі қажет.

Біздің мемлекетімізде жаңа дәуірге сай мемлекеттік қызметкерлер келетін уақыт болды. Нұрсұлтан Әбішұлы интеллектуалдық ұлт туралы мәселе қойып отыр емес пе? Яғни, сана жаңаруы тиіс. Мемлекеттік қызмет таза, былық-шылықтан ада болуы керек. Сонда ғана біз қоғамымызды сыбайлас жемқорлықтан сақтандыра аламыз. Жемқорлыққа бармау – тек сана тазарғанда ғана, қоғамның азаматтық мәдениеті өскенде ғана болуы мүмкін. Тек жазалаумен жетістік бола қоймайды. 

Міне, бұл тұрғыдан түсінген адамға ғибраты жеткілікті әңгіме болды деп ойлаймын.

 

“ӨРКЕН” – ҚАБІЛЕТТІ ӨРЕНДЕР МЕКТЕБІ

 

Күләш ШӘМШИДИНОВА, “Өркен” акционерлік қоғамының төрайымы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тікелей тележеліде өткізген байланысында жұрттың сұрақ­та­ры­на жан-жақты жауап бергеніне куә болдық. Бүкіл Отанымыздың өткені мен бүгінгісіне, алдағы жарқын болашағына жан-жақты тоқталған Нұрсұлтан Әбішұлының тәуелсіздік алған жылдардың ал­ғашқы күнінен бастап, өзі назарда ұстап келе жатқан білім беру са­ласы туралы қойылған сұрақтарға берген тиянақты жауаптары бәрімізді қанағаттандырды.

Жалпы, Президенттің еліміздің алтын тұғыры болатын ұрпаққа жасап келе жатқан жанашырлығы үшін қашан да қалың жұрт өзінің ілтипатын білдіріп келеді. Қазақ­станды өркендетудің 2030 жылға дейінгі бағдарламасында білім мәселесіне ерекше назар аударып, сол бойынша атқарылып келе жатқан жұмыстар ұшан-теңіз. Мемлекет басшысының тікелей тап­сырмасымен еліміздегі өте зерек, талантты да талапты жас­та­рды іріктеп алып оқытатын, тұңғыш Президенттің 20 интел­лек­туалды мектебін ашу мін­дет­телген еді. Сол мектептің тұңғыш қарлығашы биылғы жылдың ақпан айында елордада оқушыларға есігін айқара ашты. Оның тұсау­ке­сер рәсіміне Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның өзі қатысып, бүлдіршін­дер­ге “Сарқылмайтын, терең бойлаған сайын еселеп арта бере­тін бір байлық бар. Ол – білім. Ал білім негізі – мектепте” деген болатын. Биылғы оқу жылында ондай интеллектуалды мектеп Семей мен Көкшетауда ашылып, дарынды жастарды оқытып жатыр.

Халықпен өткізген сұхбатында Президент осы интеллектуалдық мектептер туралы сұраққа былай деп жауап берді. “... Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінде сөйлеген кезімде алды­мыз­ға интеллектуалды қоғам құру, Қазақстанның интеллектуалды эли­тасын дайындау міндетін қой­ып отырғанымызды айттым. Бі­лімді, интеллектуалды адамдарсыз, дамыған ғылымсыз Қазақстанда перспектива болмайды. Адамдар бәсекелестігі, білім бәсекелестігі, ғылым бәсекелестігі жүріп жатыр. Оған дайындалу керек. Сондықтан да менің тапсырмам бойынша 20 интеллектуалды мектеп құрылуда, оларға олимпиадалар мен өзге де жарыстарда жеңіп шыққан талант­ты балалар тартылады. Онда нағыз қа­білеттілер ғана өте алатын кон­курс болады. Балалардың бәрінің бірдей талантты емес екендігі, бәрінің бірдей өте алмайтыны тү­сінікті, олар ренжімеуге тиіс. Ондай мектептердің үшеуі – Аста­нада, Семей мен Көкшетауда құ­рылды, жақын уақыттарда қал­ғандары да салынатын болады” деді.

Қазір ашылған “Өркен” мек­теп­терінде 700-800-ден бала оқып жатыр. Негізінде физика-мате­ма­тика мен биология және химия бойынша сабақ беретін бұл мек­тептерде сабақ үш тілде жүргі­зіле­ді. Атап айтқанда, олар қазақ, орыс, ағылшын. 12 жылдық бой­ын­ша оқытылатынын да еске сала кетсем деймін. Қазіргі кезде білім ұяларының оқу жоспары әзірле­ніп, материалдық-техникалық ба­за­сы нығайтылу үстінде. Ал соған сай жан-жақты білім-білігі мықты мұғалімді қабылдау мәселесі бірін­ші кезекте тұр. Біз мұғалімдерді жұмысқа алған кезде олардың өз пәнін жетік меңгеруіне, тілге деген қабілетіне, компьютерді басуына бірінші кезекте назар аударамыз. Оқушыға да, мұғалімге де қойылар талап жоғары. Тоқсан сайын оқу­шылар тест тапсырып, шығарма­шы­лық жұмыстарымен танылып отыруы тиіс.

Алдағы 2010 жылы тұңғыш Президенттің үш интеллектуалды мектебі іске қосылатын болады. Біздің қазіргі алға қойған басты мақсаттарымыздың бірі – Елбасы сұхбатында атап өткендей, кон­курс­тардан  өтіп келген талантты жас­тарға білім беретін мұғалім­дерді әзірлеу мәселесін шешу. Мұның да әртүрлі жолдарын қарастыру үстіндеміз. 

 

КӨКЕЙДЕГІНІ ДӨП БАСТЫ

 

Ғабит ТҰРСЫНБАЙ, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі.

Қоғамда ғұмыр кешкен әр адам мүмкіндігінше күнделікті ақпарат­тардан хабардар болуға зейінді. Саясатқа бей-жай қара­май, білім-білігін көтеруге ден қояды. Оған 13 қараша күні Қа­зақ­стан Республи­касының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей желіде халықпен жүздесуі мен көрермендер өздерін тол­ған­дырған сұрақтарға жауап алғанын айтуға болады.

Ел өміріндегі ерекше күнді Жетісу өңірінің жұртшылығы да асыға күтіп, Мемлекет басшы­сы­ның сөзін жақсы бастамалардың алғышарты ретінде қабылдады. Қойылған, келіп түскен сұрақ­тардың бәріне Елбасы байыпты, әрі жан-жақты жауап бергені көрерменнің көз алдында өтуінің өзі оның салмағын еселей түсті.

Тікелей желіні тамашалап отырғанымда Алматы облысы, Кер­бұлақ ауданынан телефон арқылы тілдескен Плещенко Сергей Викторовичтің сұрағы мені де елең еткізді. Президент оны мұқият тыңдады. Сұрақта бү­гінгі күннің өзекті мәселесі “Қа­зақстан халқы Ассамблеясының соңғы форумында біз ұлттық бір­ліктің жаңа бағдарламасы туралы әңгіме қозғадық, оның ерекшелігі неде болмақ? Осы туралы толы­ғы­рақ айтып бермес пе едіңіз?” дегені хатшылық меңгерушісі ре­тін­де ойымнан шықты. Көкей­кес­ті мәселе бүгінгі күні елімізде оң шешімін тапқанымен ерекшелен­се, өңірдегі Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының мүшесі ретінде Сер­гей Викторовичтің осылай деуінің жөні бар. Ол — Кербұлақ ауданы, Сарыөзек елді мекенінде туып-өсіп, Алматыдағы ауыл ша­руашылығы институтын бітір­ген­нен кейін Қаспан ауылында еңбек жо­лын бастаған жан. Қатардағы инженер-механиктен партия ұйы­мының хатшысы, аудандық пар­тия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызмет­те­рін атқарды. Бүгінде өз алдына шаруа қожалығын құрып, жыл сайын егістік көлемін арттыруда.

Өмірлік тәжірибесі бай, ха­лық­пен тығыз байланыста ғұмыр кешкендіктен, қоғамдағы оң өз­ге­рістерге баға беретін азамат ретін­де Ассамблея жұмысына да бел­сене араласып, халықтар арасын­да­ғы достықты, ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосуда. Тікелей желіде маңызды мәселе көтеруі де сондықтан.

Өңірде 100-ден астам этнос­тардың өкілдері жұмыла еңбек етуде. Татулықты ту еткендер бү­гінгі қаржы дағдарысына тойта­рыс беріп, қажыр-қайраттарын ел игілігіне арнауда. Десек те, үй, ел болған соң “ыдыс-аяқ сылдыр­ла­май тұрмайды”. Көршінің екі “тентегі” жұдырықтасса, оған басу айтудың орнына байбалам салып, екі ұлттың арасындағы “алауыз­дық” деп айдар тағатындар да кез­деседі. Өмірде бәрі бірдей емес. Еңбекшіқазақ ауданындағы өткен жылы жастар арасындағы жөн­сіз­дік алып-қашпа әңгімеге арқау болғаны осыған дәлел. Керісінше, тентекті тыю, басу айтып, жөнге салу аға ұрпақтың міндеті болуға тиіс. “Жаманды жаман десең, бөркі қазандай болады” деген тәмсіл осындайда айтылса керек.

Достық, ынтымақ – өмірдің бұзылмайтын қорғаны. Сонда ғана ел ертеңіне деген сенім ны­ғаяды. Бұл жөнінде Мемлекет бас­шысы Қазақстан халқы Ассам­блеясының XV сессиясындағы арнайы тапсырмасымен әзір­лен­ген “Қазақстанның ел бірлігі” доктринасы жобасында жан-жақты айтылды. Онда қоғамдағы этносаралық және конфес­сия­аралық келісімді, азаматтық бір­лікті қамтамасыз ету, әлеуметтік-экономикалық, саяси жаңару­ы­мыз­дың маңызды шарты ретінде қабылданатыны атап көрсетілді. Бүгінгі Қазақстан халқын бірік­тіруші фактор ретінде мемлекеттік тілді дамыту, этномәдени, адам­ның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасалуына жол бермеу мәселелері де баса айтылған.

Бір қарағанда, Сергей Вик­торовичтің сауалы өмірлік ұста­нымымен ерекшеленсе, осы Қаспан ауылын сегіз этностың өкілі мекендейді. Көршісі чешен ұлтының өкілі Құрбан Әлиевтің зайыбы Нина — поляк қызы, келіні украин, күйеу балалары — қазақ, әзірбайжан. Мұндай көп ұлтты отбасылар аз емес. Барлығын біріктірген бір-біріне деген сыйластық, өзара түсіністік. Олар отбасында мемлекеттік тілде сөйлеп, халықтың салт-дәстүрін сақтап, ғұмыр кешуде.

Талдықорған қаласындағы Достық үйінде өңірдегі татар, поляк, күрд, кәріс, неміс, чешен-ингуш, ұйғыр, қытай, украин, тағы басқа этномәдени орталық­тар жұмыс істеп, тілі мен дәстүрін сақтау, бір-біріне деген құрмет сезімін қалыптастыру мақсатын­дағы жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді. Мәдени іс-шара­лардың жоғары деңгейде өтуіне облыс әкімі Серік Үмбетов ерек­ше назар аударып, арнайы қаржы бөліп, қамқорлық көрсетуінің нәтижесінде әр орталықтың ша­расына өзгелері атсалысуы арқы­лы олар Көкбайрақтың астына тығыз топтаса түсуде.

Достық үйінде ағымдағы жыл­ғы 26 қараша күні облыстық Ассамблеяның кезекті сессиясын өткізу жоспарланып, оған жер-жерден 150 делегат шақырылмақ. Осы басқосуда Доктрина жобасы талқыланып, ұлттық дәстүрлерді құрметтеу, тілдерді дамыту, тағы басқа елді ұйыстыратын мәсе­лелер ортаға салынады.

“Қазақстан алға баса береді. Біз жеңіске жетеміз” деген Елба­сының жұртшылықпен тікелей тележеліде жүздесуі баршаның болашаққа деген сенімін нығай­тып, көкейдегі көп сұраққа жауап беруімен ерекшеленді. Жұртшы­лық балалары мен немерелерінің, өздерінің өмірі үшін алаңдайтын мәселенің жоқтығына тағы бір көз жеткізді.

 

ҰРПАҒЫМНЫҢ БОЛАШАҒЫНА СЕНІМІМ МОЛ

 

Рысқали БИДАШЕВ,  соғыс ардагері.

Жұма күні Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың халықтың сұрақтарына жауаптарын тың­да­дық. Бұл көңілімізден шыққан әңгіме болды.

Мен 1941 жылы 17 жасымда неміс фашистеріне қарсы соғысқа аттандым. Ленинград майданына жақын бір поселкеде әскери дай­ын­дықтан өттік. Содан соң Нева өзенінің бергі жағында неміс­тер­мен шайқасқа түсіп, оларды Пс­ков қаласына дейін тықсырдық. Сол соғыста аяғымнан үш рет жарала­нып, госпитальға түстім. 45 күн ем­деліп, қайтадан майданға аттандым.

Осы соғыста көрсеткен әскери қызметім үшін “Отан соғысы”, “Қызыл Жұлдыз” ордендерімен және “Ерлігі үшін”, “Әскери қыз­меті үшін” және басқа да медаль­дармен марапатталдым.

Ленинград майданында бар­лау­шы болдым. Елге 1946 жылы қаңтар айында оралдым. Үйлі-ба­ранды болдым. Зайыбым да тылда медбикелік қызмет атқарды. Алты баламнан 7 немере, 12 шөбере сүйіп отырмын. Соғыс ардагері­мін. 2-топтағы мүгедекпін. Алайда өз тағдырыма барынша разымын. Ол үшін алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа, оның айқын да ақылды саясатына ри­залығымды білдіргім келеді.

Республикамыз күн сайын гүлденіп келеді. Ол жай бұл күнде бүкіл әлемге аян. Сол үшін де бойымды мақтаныш сезімі кернейді. Ұрпағымның болашағы жарқын боларына сенімім зор.

Қымбатты редакция қызмет­кер­лері, Ұлы Отан соғысы Же­ңісінің 65 жылдығы қарсаңында соғыс ардагері, 2-топтағы мүгедек менің Елбасына деген шын көңілден шыққан алғысымды жеткізуіңізді өтінемін.

Баршаңызға Алла ұзақ өмір берсін. Тәуелсіздігіміздің көк туы көгілдір аспанда желбірей берсін.

Аламаты.

 

Тікелей желі жаңғырығы

КӨҢІЛІМ ОРНЫҚТЫ

 

Қалаған мамандығы бойынша тұрақты жұмыс істеу – адамның бір қуанышы ғой. Мен, өкінішке қарай, біраз жыл содан амалсыз айрылып қалып жүрдім. Жұмыс­сыз­дықтың тек өзіңе емес, отба­сы­ңа ауыртпалығы қандайлық екенін бастан кешіруге мәжбүр болдым. Ұзақ уақыт Қарағандының ірі кә­сіп­орнында жоғары деңгейлі сле­сарь міндетін атқарып келген едім, өндірістің қайта құрылуы кезінде бірқатар әріптестеріммен бірге мен де қысқартуға ұшырадым. Тәжіри­бем жеткілікті, денсаулығым жақ­сы, оғаш әдетке әуестігім жоқ бо­луы­на қарамастан, босатылдым. Ба­сында уақытша делінді, содан кей­ін сылтау көбейтіліп сырғытыла берді.

Лаж не, жұмыс іздеп қаладағы кәсіпорындарды шетінен жағалауға тура келді. Қайда барсаң бірден жа­сымнан шошынатындығын кейін де байқадым. Бір жерде бұл ашық сездірілсе, екіншісінде шығарып- салма уәдеден шаршадым. Кейде мамандығымнан бөлек, кездейсоқ жұмыс табылғанда еңбекақыны толық төлемей, зейнетақы қорына ақша аудармай әуреге салды. Зей­нет­керлікке жетуге сегіз жыл қал­ған­да ешқайда керек еместей бо­луың басқа түссе қиын екен. 50-ден асқандарды жұмысқа қабылдамау жөнінде заң жоқ қой деп бақсам да тыңдар құлақ, жанашыр көңіл кездеспеді. Мұндай жағдайға тап болушылар бір мен еместігін айтпасқа болмайды. Сондықтан жұмыс берушілер тарапына осы жастағылар арасындағыларды алаламауға бақылау жасалуы күшейтілгені қажет деп ойлаймын.

Біраз уақыт көрген қиындығым бұрнағы күннен ұмытыла бастады. Бақытыма орай, Елбасымен тікелей байланысқа шыға алып, жанымды жеген ойымды жеткізуім өміріме үл­кен өзгеріс жасады. Нұрсұлтан Әбішұлының қолма-қол тапсыр­ма­сы бойынша “Қазақмыс” корпора­ция­сының Қарағандыдағы құю-ме­ха­никалық зауытына слесарьлыққа қабылдандым. Еңбек адамы үшін бұдан артық қуаныш бола ма. Соған бөлеген Президентімізге алғысым шексіз.

Міне, отбасым ортасына шырай кіріп қалды. Байырғы ісімді сағынып та қалған екенмін, зауытқа қуанып келіп, қуанып қайтамын. Өйткені, маған енді алаңдайтын ештеңе жоқ. Жұмысым бар. Тынысым қайта ашылғандай.

Александр ТРОТНО, Қарағанды құю-механикалық зауытының слесарі.

 

Тікелей желі қайырымдылығы

НАСТЯНЫ ЕМДЕТУ МИНИСТРЛІК  НАЗАРЫНДА

 

Жуырда Елбасының тікелей желі арқылы бүкіл Қазақстан хал­қының сұрақтарына жауап беріп, талап-тілектері мен арыз-шағым­да­рын тыңдағаны белгілі. Сол бойын­ша көптеген адамдардың талап-тілектері тікелей желі барысында да, одан кейін де қанағаттан­ды­ры­лып жатты. Ал, кейбір мәселелер ті­келей желіге дайындық бары­сын­да-ақ шешімін тауып үлгеріпті. Мә­се­лен, он жасар Настя Зави­до­ва­ның әжесі ауру немересіне қажетті дәрі-дәрмектер мен емдету ақы­сы­ның Денсаулық сақтау ми­нистрлігі ар­қылы шешілгенін ай­тып Президентке телефон шалды.

Біз осы жайдың мәнісін Денсау­лық сақтау министрлігінің Страте­гия және даму департаменті арқылы естіп-білдік. Департамент директоры А.Айдархановтың айтуына қарағанда, министрліктің азаматтарды республикалық бюд­жеттің қаржысы арқылы шет ел­дерде емделуге жөнелтуге байла­нысты құрылған комиссиясының анықтауымен 2008 жылдың 2 қазанында Анастасия Завидованы шет елде емдету туралы шешім шыққан. 1998 жылы туған Настяға сол кезде “Апластикалық анемия­ның аса ауыр түрі. Гипер­тониялық синдром. Дене қалтырау синдромы. Сары ауруы меңдеген” деген диаг­ноз қойылыпты. Сол үшін де шетелдік емханада жоғары маман­дандырылған көмек қажеттігіне баса мән берілген.

Міне, осыдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі мен “Балалар онкологиясы және гемотологиясы республикалық ғылыми-тәжіри­белік орталығы” мемлекеттік мекемесінің (Белоруссия) арасында 2009 жылы 21 ақпанда ауруға 155 мың АҚШ доллары мөлшерінде медициналық көмек көрсетуге келісім жасалады және осы қаржының 70 пайызы алдын ала төленеді. Сөйтіп, қызға 3 наурыз күні тіндерді аллогенді алмастыру жүргізіледі. Түсініктірек етіп айтар болсақ, трансплантация жасалады.

Настя әлі күнге сол ауруханада жатқанға ұқсайды. Өйткені, жілік майын ал­мастырып салудан кейін дерті өршіп кеткен. Осыған байла­нысты Бела­рус­сиядағы ғылыми-тәжіри­белік ор­талықтан 10 қараша күні хат келеді. Хатта Денсаулық сақтау министр­лігінен қосымша 50-70 мың АҚШ долларын бөлуді сұраған екен. Настяның әжесінің айтып отырғаны — осы қаржының жайы. Қа­зіргі таңда Денсаулық сақтау ми­нистрлігі осы қаржыны Белоруссияға жөнелтуге қам жасау үстінде.

Айгүл СЕЙІЛОВА.

 

ІШІМДІК ҰШПАҚҚА ШЫҒАРМАЙДЫ

 

Елбасының халықпен етене араласып, оларды толғантқан сан алуан мәселелерді мемлекеттік дең­гейде шешудің жолдарын ойлас­ты­рып жүргенін жалпы жұртшылық бұрыннан біледі. Елге шыққанда да ха­лықтың мұң-мұқтажына құлақ түре жүретін Президент мемле­кет­тік істердің қарбаластығына қара­мас­тан, уақыт тауып мезгіл-мезгіл те­ледидар арқылы халықпен тіке­лей байланысқа шығып, олардың толғақты сұрақтарына жауап беруді дәстүрге айналдырып келеді. Оған дәлел – өткен жұмада болған Елба­сының халықпен тікелей эфир­де кезекті дидарласуы.

Шыны керек, Елбасының тіке­лей эфирдегі адамдардың қойған сұрақтарына еркін де нақты берген жауаптарын теледидардан тапжыл­май отырып көрдік, тұшынып тың­дадық. Нұрсұлтан Әбішұлы дағ­да­рысты еңсеру, экологияны сауық­ты­ру, балабақшамен қамтамасыз ету және басқа мәселелерге қа­тысты түйінді ойларын айта келіп, жеке басына қатысты сауалдарды да айналып өткен жоқ. Соның ішінде ішімдікке қатысты жауабы көңілімізге қонды, көкейдегі ойды қозғады. Қазақстандықтарға, әсіре­се жастарға ішімдікпен әуестен­беуге, күш-жігерлерін пайдалы іске жұмсауға шақыруы өте орынды. Біздің елде тұратындардың басым бөлігі мұсылмандар. Тіпті бұлай болмаған күннің өзінде арақ-ша­раптың ұшпаққа шығарғанын көр­ген емеспін, ол адамды түзу жолдан тайдыратын әзәзіл.

Алайда, біздің бір ғана Ақтөбеде бес арақ зауыты бар. Олардың қожайындары қара­қан басының баюын ойлап, халық­ты улап жатқанын түсінуі керек. Мұндай кәсіпкерліктің адамға зияннан басқа әкелмейтіні белгілі. Қай сауда орнына барма сөреде сықаған арақ-шарап тұрады. Бұған тосқауыл болатындай шаралар алынуы тиіс. Әйтпесе, жас ұрпақ­тың ішімдікке бой үйретуіне өзіміз себепші боламыз. Әрине, бюджетке қомақты салық түседі дейтіндер де табылар. Бірақ, оның орнын бас­қа­ша да толтыруға болар. Тіпті бол­мағанда басқа алкогольсіз сусын­дар, қымыз-шұбат өндіруді қолға ала­тын кез әлдеқашан жетті. Жал­пы халықтың саламатты өмір салтын ұстануын насихаттап, оған қолайлы жағдай жасау қажет. Одан қаржы үнемдемеу керек. Соңғы кездері жастардың дін жолын ұста­натындары көбейіп келеді. Деген­мен кеңестік кезеңнен кесел болып жабысқан маскүнемдік қалар емес, әсіресе, екі қолға бір жұмыс таба алмай отырған ауылдық жерлерде. Сондықтан жастар тәрбиесіне көңіл бөліп, ішімдікке әуестенушілікпен ел болып күресу керек. Істеймін деген адамға жұмыс табылады, жастар соған ұмтылуы қажет. Елбасының жастарды қоғамға пайдалы іспен айналысуға шақыруы әркімге де ой салуы тиіс деп ойлаймын.

Базарбай МҰҚАНОВ, зейнеткер. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы.

 

ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

 

Елбасымен жүздесуде ел көп­тен көкейінде жүрген сауалдарға жауап алды. Алдымен алға тарт­қаны, әрине, әлеуметтік мәселе. Қазіргі күні жалғасын тауып жат­қан “Жол картасы”, “Мәдени мұра”, “Жасыл ел”, “Болашақ”, “100 мектеп, 100 аурухана” бағ­дар­ламаларының жүзеге асып, халық игілігіне қызмет етіп жатқанының куәсі болып жүрміз. Президент Жолдауында көрсетіл­гендей, еңбек жалақысы да көтерілу үстінде. Мұның бәрі әлеуметтік ахуалдың жақсара түсуіне септігін тигізері анық.

 Нұрсұлтан Әбішұлының баса назар аударған мәселесі – білім, ғылым саласының өркендеуі. Осы мәселе әрбірімізді де толған­ды­рады.­ Білімі асқан жанның биікті бағындыратыны, білігі тасқан елдің бақыты баянды болатыны бар­ша­мызға аян. Стратегиялық мақсат­тар­ды көздеп, Елбасының халық­аралық университет іргета­сын тұр­ғызбақ ойы, елде еңбек етіп жатқан шетелдік мықты ма­мандардың ор­нын өз отандас­тарымыздың тезірек басуы туралы пікірі көңіл қуантады. Қо­ғамның қай саласын жетілдіріп, дамытуда да тірелер тұсымыз – терең білім. Ендеше, Елбасы­мызды қуаттап, ертеңгі көк бай­рағымызды желбіретер ұрпақты білімді де рухы асқақ азамат етуге атсалысуымыз керек.

“Арыстанбаб” колледжінің ұжымы. Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

АДАСҚАННЫҢ АЙЫБЫ ЖОҚ

Қайта үйірін тапқандарға Елбасы  кешіріммен қарауды ұсынды

 

Ринат АЛМАТОВ, ОҚМУ Студенттер ассамблеясының төрағасы, ІІІ курс студенті.

Елбасының тікелей желі бойынша сауалдарға жауап беру сәтін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы университеттің оқу орнында тыңдады. Осындағы барлық корпустарда экрандар іске қосылып, тікелей желіні толықтай тамашалады. Сондай-ақ жатақханаларда да теледидарлардан сұхбатты толық көруге мүмкіндік жасалды.

Бірнеше күн бұрын хабарланған бұл сұхбатты оқу орнының студенттері мен оқытушылары асыға күткені шын. Олар көкейде жүрген сұрақтарға толық жауап ала алды.

Тікелей байланыстан кейін көпшілік өздерінше пікірлерін білдіріп жатты. Студенттерді “Жол картасы” бағдарламасының одан әрі дамитыны қуантты. Осы бағдарламаның қисынды жалғасы жаңа жұмыс орындарының пайда болуы деп есептейміз десті. Қазіргі кезде бірнеше студент осы бағдарлама бойынша еңбек етуде. Сондай-ақ Елбасы белгілеген әлеуметтік бағдарламалардың іске асуы әлеуеттік жағдай тұрақтылығының белгісі екенін әңгімелеп жатты. Ал соңғы курстың студенттері “Дипломмен — ауылға” жобасын қолдап, бір-бірімен ой бөлісуде.

Ал менің көкейімді басқа мәселелер толғандырды. Тікелей желіде Елбасына өзіңізге бір кездері жаулық қылған адамды кешіре алар ма едіңіз деген сауал қойылды.

Біздің Елбасымыз қазақтың салқар даласындай кеңдігін танытты. Халқымызда “Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң”, “Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш” деген аталы сөздер бар. Бұл — қазақ сияқты дарқан халықтың ғана көкірегіне сыятын ұлы қасиет. Әйтпесе, бірінің аяғын бірі басып кетсе кек алуды ұрпағына аманаттап, содан өздерінің көсегесі көгермей келе жатқан халықтар бар ғой. Елбасы кешірім ретінде Бигелді Ғабдуллинге байланысты жәйтті мысалға тартты. Бұл ағамыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдары теперіш көрдім деген желеумен шетелге кеткен еді. Елдің келешегіне күмәнданды. Қазақстан тарлық қылып, шетелде ел басшыларын жамандады. Кейін айыбын түсінді, райынан қайтты.

Дүниеде өз елінің, өз жерінің жақсылығын көруден безінген адамға опа жоқ. Біздің Елбасымыздың жүрегі кең екен, адасса да қайтып үйірін тапқан адамға кешірім берді. Бұл – ұлы қасиет.

Қазақстанның түтіні түзу ұшуын қаламайтын адамдар әлі де бар. Сын айтсаң, шын айт. Қастың емес, достың сөзін айт. Қалың бұқара олардың бірлікке емес, басбұзарлыққа шақырған даңғазасынан шаршап бітті.

“Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды” болып жүрмейік, ел бірлігі, ынтымағы үшін бір тудың астына топтасайық. Елбасының жеке өз өміріне қатысты берілген сұраққа орай айтқан жауабынан осындай үлкен ой түюге болады.

Шымкент.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат