Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-12-01:

Қазақстан, Беларусь және Ресей  президенттерінің Минскідегі үшжақты кездесуінде үш елдің Кеден одағын қалыптастыру барысы талқыланып, 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Кеден одағының бірыңғай кеден тарифін, ал 1 шілдеден бастап бірыңғай кеден аумағын ендіру туралы уағдаласты.

Содан кейін Еура­зия­ экономикалық қоғамдас­тығы Мемлекетаралық  кеңесінің кезекті отырысы болды.

 

ЕЛДЕРДІ БІРІКТІРГЕН ИДЕЯ

 

“Адамзат тарихы дегеніміз – идеялардың тарихы” деген тамаша сөз бар. Адамзат қоғамы өмірдің әр түрлі саласында жаңа идеялардың пайда болуы, бекуі, таралуы және жүзеге асуы нәтижесінде алға қарай басып ке­леді. Ал идея қоғамның кез келген мүшесінің бойында қай­нап жетілуі мүмкін. Бірақ оны кез келген қоғам мүшесі жүзеге асыра алмайды. Өйт­кені ол үшін қайрат­керлік әрекет керек. Ағылшын жа­зу­шысы және философы Томас Карлейлдің “бі­лім адамға бәрін бе­реді, ал әрекет оның тұлғасын жар­қы­ратып көр­се­теді, даңқ әкеледі” деуі осыған байланысты болса керек.

1994 жылдың наурыз айында Мәскеу мемлекеттік университе­ті­нің оқытушылар құрамымен кез­де­суі кезінде Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  еуразиялық интеграциялану туралы идеясын жариялаған болатын. Жал­пы, еуразияшылдық идеясы осы­дан көп бұрын пайда болып, әр кезде өзінің жақтастарын тауып отыр­ды.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев осы идеяны неғұрлым жаңа қыры­нан және прагматикалық тұрғыдан көтерді. Қазіргідей жа­һан­дану үр­дістері қарқын алған тұста Еуразия халықтарының тұр­мыс-тіршілі­гін, ортақ тарихи-мә­дени арнала­рын біріктіре, кеңейте түсуге үнде­ген бұл идея негізінен соған ықпал ететін экономикалық алғышарттар­ды қалыптастыру мәселесіне ба­ғытталды. Сондықтан бұл идея өзінің алғашқы пайда болу кезінен бастап алдыңғы қатарлы көптеген адамдардың жүрегін бау­рап алды. Кез келген ұлы идеяның өмірде қиындықпен жол салатыны секілді оның қарсыластарының болмай қалмағандығын айтуға тиіс­тіміз. Кейбіреулер оны орын­дал­майтын арманға балағаны шындық.

Дегенмен, жуырда Минск қаласында болып өткен Еура­зия­лық экономикалық қоғамдас­тық­тың (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық кеңесінің кезекті отырысы Нұр­сұл­тан Назарбаев идеясының жү­зеге асу қарсаңында тұрғандығын, тіпті оның алғашқы практикалық бас­пал­дақтары қаланғандығын әй­гілеп берді.

Сонымен газетімізде бұдан бұ­рын хабарлағанымыздай, үстіміздегі жылдың 27 қарашасы күні Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласында Еуразия экономи­ка­лық қоғамдастығының Мемлекет­ара­лық кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Оған қатысуға Қазақ­стан, Қырғыз, Ресей, Тәжікстан және байқаушы мәртебесіндегі Армения елдерінің мемлекет бас­шы­лары келді. Айта кететін бір жағ­дай, Қазақстан Республика­сы­ның Президенті Нұрсұлтан На­зар­баев Беларусь еліне басқа әріп­тес­теріне қарағанда ресми сапармен бірер күн бұрын барған болатын. Сол сапар Кеден одағына мүше үш ел басшыларының кездесуіне және ЕурАзЭҚ Мемлекет­ара­лық кеңесі­нің кезекті отырысына қатысуымен жалғасын тапты.

Еуразиялық экономикалық қоғам­дастық – ТМД кеңістігіндегі қызметі ең дамыған өңірлік бір­лестіктердің бірі болып табылады. Бұл қоғамдастық Елбасының бас­тамашылдығымен 2000 жылдың 10 қазаны күні оған қатысушы мемлекет басшыларының Астана басқосуында құрылған болатын. 2003 жылдың желтоқсан айында бұл ұйым Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қа­сындағы байқаушы мәртебесіне ие болды.

Қоғамдастық қызметінің негізгі мақсаты – оған қатысушы мем­ле­кет­тер арасында бірыңғай эконо­ми­калық кеңістік құру арқылы сау­да­ның еркіндігіне, елдер шека­ра­сынан осы мемлекеттерде өндіріле­тін тауарлардың кедергісіз жыл­жуы­на қол жеткізу. Бұл міндет пен мақ­сат 1999 жылдың 26 ақпа­нын­дағы Кеден одағын қалып­тастыру мен Бірыңғай экономи­калық ке­ңіс­тік құру туралы ал­ғашқы келісімнің өзінде айқын­далған болатын.

ЕурАзЭҚ осы мақсатқа қол жет­кізу бағытында неғұрлым шап­шаң қарқынмен алға жылжу үс­тін­де. Содан бері ұйым аясында көп­теген құжаттар қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Солардың арасында 2007 жылдың 6 қазаны күні Душанбе қаласында өткен Мемлекетаралық кеңес отыры­сын­да қабылданған Беларусь, Қазақ­стан және Ресей мемлекеттері бас­шыларының Кеден одағын құру жө­ніндегі келісімдік-құқықтық ба­за­ны қалыптастыру туралы ше­ші­мі­нің маңызы ерекше болғандығын айта кетпекпіз.

Содан кейінгі жерде валюта саясаты, капиталдың еркін қоз­ға­луы және инвестициялық саясат саласында тараптардың өз­ара қа­ты­нас­тарын ретке келтіретін бірқатар ха­лықаралық келісімдер, Кеден одағының комиссиясы туралы шешім дүниеге келді. Сонымен қатар ЕурАзЭҚ-ты дамытудың басым бағыттарын жүзеге асыру­дың 2008-2010 және одан кейінгі жылдарға арналған шаралар жоспары бекітілді.

Сонымен қатар инвестиция­лар­ды ынталандыру мен өзара қорғау, энергетикалық ры­нок­ты ақпарат­тық тұрғыда қамта­ма­сыз етудің ортақ жүйесін қалып­тастыру, ЕурАзЭҚ-тың техникалық реттеу саласындағы ақпараттық жүйесін құру туралы шешімдер қа­былда­нып, қоғамдастық жұмысының одан әрі алға басуына мүмкіндік жасалды. Ортақ энергетикалық ры­нокты қалыптастырудың тұжырым­дамасы бекітілді.

2008 жылдың 19-21 желтоқсаны аралығында біздің Елбасының бас­та­машылдығымен Бурабайда өткен Армения, Қазақстан, Қырғыз, Ре­сей, Тәжікстан президенттерінің бейресми жағдайдағы кездесуінің де маңызы үлкен болды. Осы бас­қосуда қоғамдастықтың 10 млрд. доллар көлеміндегі Дағдарыспен күрес қорын және Жоғары тех­но­логиялар орталығын құру жөніндегі келісімге қол жеткізілді.

Сөйтіп, ЕурАзЭҚ қызметі ТМД елдеріндегі басқа ұйымдармен са­лыстырғанда жемісті жұмыс жасап, жылдан жылға алға басу үстінде. Мұның өзі Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың интеграциялану жө­ніндегі идеяларының өміршеңдігін, халық­аралық деңгейдегі қайрат­кер­лік қи­мыл әрекеттерінің табыс­ты­лы­ғы­ның айқын көрінісі деп айта аламыз.

Дегенмен, осы жолғы Минск басқосуының қарсаңында бұқара­лық ақпарат құралдарында Ресей мен Беларусь арасында аталған басқосуда дүниеге келуге тиіс Кеден одағына қатысты аздаған кикіл­жің­дердің бар екендігі де байқалып қалған еді. Осыған байланысты бас­қосуды ақпараттық тұрғыдан қам­тамасыз ету үшін әр елден кел­ген журналистер қауымы бір-бірімен әңгімесінде жоспар­ланып отырған шараның кейінге сырғуы мүмкін деген қауіптерін де білдіріп жатты.

Айтса айтқандай, ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесіне қатысуға келген ел басшыларының кездесу регламентіне аздап өзгеріс енгізіле­тіні мәлім болды. Мем­ле­кет­аралық кеңестің төрағасы Бела­русь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Кеден одағына қатысты құжаттарды тал­қылау үшін ең алдымен Қазақстан, Беларусь, Ресей президенттерінің үшеуара кездесу өткізіп, мәселені неғұрлым тар шеңберде талқылай­тындығын мәлім етті. Сөйтіп, ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесі­нің осы жолғы отырысында ең негізгі және түйінді мәселе Кеден одағын құруға қатысты құжаттарды талқылау болатындығы белгілі болды.

Үш мемлекеттің басшысы атал­ған мәселені 2 сағат бойы тал­қы­ла­ды. Сөйтіп барып ортақ келісімге қол жеткізілді. Мұнан кейін болып өткен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің тар шеңберде және ке­ңейтілген құрамда өткен отырыс­та­ры Кеден одағының дүниеге келген­дігін әйгіледі. Отырыс жүріп жат­қан Минскідегі орталық кітап­ха­на­да залды торлап алған толғанысты сәттер осылайша шешімін тапты. Еуразиялық экономикалық қоғам­дастық аясында Қазақстан, Бела­русь, Ресей мемлекеттерінің ара­сын­да Кеден одағының құрыл­ған­дығын, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап осында қол жеткізілген келісімдерге сәйкес аталған мем­лекеттерде бірыңғай кеден тарифі­нің орнығатындығын, ал сол жыл­дың 1 шілдесінен бастап бірыңғай кеден аумағының жұмыс істеуге кірісетіндігін жан-жақтан жиналған журналистер әлемнің әр шалғайы­на жедел түрде таратып жатты. Ар­ты­нан журналистермен болған баспасөз мәслихатын ашқан Алек­сандр Лукашенко бұл басқосуды тарихи басқосу болды деп мәлім­деді. “Беларусь жері халықтар тағ­ды­рына әсері мол тарихи оқиға­лардың мекеніне айналды. Осында 1991 жылы Беларусь, Украина, Ресей республикаларының басшы­лары Белавежье келісіміне қол қойып, Кеңес Одағының өмір сүруі тоқтағандығын мәлімдеген еді. Енді біз Минск келісіміне қол қойып, Кеден одағының құрылған­дығын әйгілеп отырмыз”, – деді ол. “Белавежье келісімі жан-жаққа ыдырауды бастап берген, ал біз бірігуге үндейтін келісім жасадық”, – деді Ресей Президенті Дмитрий Медведев өз сөзінде.

Осы баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген Қазақстан басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев қол жеткізілген келісімнің экономикалық тиімділік қырларын ашып берді. Кеден одағын құрудағы ең маңызды шарт ЕурАзЭҚ аясында Бірыңғай эко­но­микалық кеңістікті қалыптастыру екендігін, бүгінгі қол қойылып отырған бірыңғай кедендік тариф пен Одақтың Кеден кодексін қа­был­дау осы мақсатқа жетудің та­рихи маңызды қадамы болатын­дығын атап көрсетті.

Кеден одағын, Бірыңғай эко­но­ми­калық кеңістікті құру біздің елдерімізге не береді?

Біріншіден, бірыңғай кеден ай­мағының құрылуы елдердің әртүрлі бағыттары бойынша кең көлемді ынтымақтастық орнатуына мүм­кін­дік береді. Бірлескен өндірістер мен кооперациялар құру әрекет­терін белсенді етеді. Мұның өзі жаңа индустрияландыруды жүзеге асыру, сырттан болатын тауарлар экспан­сия­сынан бірлесіп қорғану үшін өте маңызды.

Екіншіден, үш мемлекеттің аза­маттары кедендік төлемдерді қаттамай-ақ өзара еркін сауда жа­сасу мүмкіндігіне ие болады.

Үшіншіден, құрылатын ортақ рынок 2 трлн. доллар көлеміндегі ауқымды инвестициялар тарту үшін де өте тиімді. Демек, кәсіпкерлер қо­сымша ресурстар тарту мүмкін­дігіне ие болады.

Төртіншіден, бұл рынокта бәсекелестік ықпалы күшейеді. Мұның өзі тауарлар мен қызмет­тер сапасының артуына алып келеді. Осы арқылы халықтың өмір сүру деңгейі жақсара түседі.

Бесіншіден, Одаққа біріккен мемлекеттердің транзиттік әлеуе­тін тиімді пайдаланудың жаңа мүмкін­діктері қалыптасады. Бұдан мем­лекеттің кірісі артады. Осы арқылы ол бизнес пен халықты қолдауда жаңа мүмкіндіктерге ие болады.

Сарапшылардың алдын ала болжамына қарағанда, бірыңғай кеден кеңістігін қалыптастыру 2015 жылға таман оған қатысушы елдер­дің ішкі жалпы өнім көлемін 15 пайызға дейін арттыруды қамта­ма­сыз етеді.

Елбасы осылай дей келе кеден кеңістігін құрудың Ресейге, Бела­русьқа, Қазақстанға қанша табыс әкелетіндігін де айтып өтті. Мұндай кеңістікті құру бола­шақ­тың жос­пары – Еуразиялық экномикалық одақты құрудың негізі болып табылатындығын атап көрсетті.

Сонымен қатар осы басқосуда ЕурАзЭҚ-қа қатысушы мемлекет­тер­дің ортақ сақтандыру рыногын құру жөніндегі қаттамаға қол қойылды. “Бүгін біз Әділет ми­нистрлері кеңесіне ЕурАзЭҚ-тың жанама органы мәртебесін беру туралы шешімге келдік. Мұның өзі қоғамдастыққа қатысатын барлық елдердің келісімді құқықтық саясатын қалыптастыру ісіндегі маңызды қадам болып табылады”, – деді Елбасы. Сондай-ақ осы басқосуда қоғамдастықтың 2010 жылға арналған бюджет саясаты туралы жолдаудың қабылданған­дығын және қоғамдастықтың ішкі шекара режімін ұстаудың негізгі қағидаттары туралы ереженің бекітілгендігін айтты.

Баспасөз мәслихатында мәлім болған тағы бір мәселе келесі жыл­дан бастап Еуразиялық эконо­ми­калық қоғамдастықтың Мемле­кет­аралық кеңесіне Қазақстан жағы, атап айтқанда, біздің Елба­сымыз төрағалық ететін болады. Осы хабарды журналистерге жеткізген Александр Лукашенко желтоқсан айында Алматыда мем­лекет басшыларының бейресми жағдайда басқосуы болатындығын, онда 2010 жылдан бастап Кеден одағын құрудың нақты тетіктері одан әрі талқыланатындығын жеткізді.

Бұл бас­қосу Елбасымыздың еуразиялық идеясын жүзеге асыруға негіздеген батыл практикалық қадам болды деп айқын айта аламыз.



Авторы: Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат