Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-12-01:

АЛДЫМЕН — ЭКОНОМИКА

 

Дағдарысқа қарсы шаралар туралы

– Бақыт Тұрлыханұлы, азамат Жұмағұл Азат Оразұлы Елбасына қаржылық дағдарыс қашан бітеді деп ойлайсыз, Қазақстан қаржылық дағдарыстан шығу үшін не істеуі қажет деген сауал жолдапты. Сонымен бірге, дағдарысқа қарсы қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы сұрақтар бар. Осы сұрақтарға тоқталып өтсеңіз.

– Экономиканың қаржы секторындағы басталған жаһандық дағдарыс барлық салаларды шарпып өтті. Бұл экономиканың даму қарқынына, әрине, әсер етпей қоймады.

Осыған байланысты мемлекет жалпы эконо­миканы тұрақтандыруға және жекелеген салаларды қолдауға бағытталған бірқатар кешенді шараларды қолға алды.

2007 жылдың күзінде Үкімет экономика салала­рына қолдау көрсетуге бағытталған шаралар кеше­нін әзірлеп, оны іске асыра бастады және Қазақ­стан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірінші кезектегі іс-әрекеттер жоспарын бекітті.

Шаралар:

1) макроэкономикалық тұрақтылықты қамта­масыз етуге және экономиканың несиеге тәуелді секторларындағы экономикалық белсенділікті ынталандыруға;

2) өтімділікті қолдау және елдің қаржы жүйесін тұрақтандыруға бағытталған.

Осымен бірге Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жүйесіне жаһандық дағдарыстың кері әсерін жұмсарту және экономиканың алдағы сапалы өсімін қамтамасыз ету мақсатында республикада Үкіметтің, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары іске асырылуда.

Бүгінгі күні дағдарысқа қарсы шараларға бағытталған жалпы сома 2,9 триллион теңгені құрайды.

1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірінші кезектегі іс-әрекеттер жоспары – 421,1 млрд. теңге. Олар мыналарды қамтиды:

- 204,3 млрд. теңге – салынып жатқан тұрғын үй үлескерлерінің құқықтарын қорғауға және ипо­текалық нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге;

- 142 млрд. теңге – шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруды жалғастыруға, сонымен қатар, банктер 59 млрд.теңге бөлді;

- 74,8 млрд. теңге – елдің азық-түлік нарығын­дағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталды.

2. Үкіметтің, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары – 1 270 млрд. теңге, оның ішінде:

- 480 млрд. теңге – қаржы секторын тұрақтандыруға;

- 360 млрд. теңге – мүлік нарығындағы проблемаларды шешуге;

- 120 млрд. теңге – шағын және орта бизнесті қолдауға, банктер қосымша 10 млрд. теңге бөлді;

- 120 млрд. теңге – агроөнеркәсіпті кешенді дамытуға;

- 120 млрд. теңге – индустриялық-инно­вациялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды.

3. Ең төмен резервтік талаптарды азайту арқылы өтімділікті қолдауға – 350 млрд.теңге.

4. Салық жүктемесін төмендету арқылы қаражат босату – 500 млрд.теңге.

5. Экономиканы одан әрі жаңғыртудың жаңа жос­парын іске асыруға және жұмыспен қамту стра­те­гиясын іске асыруға – 347,9 млрд. теңге, оның ішінде 240 млдр. теңге “Жол картасына” (2009 жы­лы 140 млрд.теңге және 2010 жылы 100 млрд. теңге).

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі­нің мәліметтері бойынша, қазан айында елдегі жұ­мыс­сыздық деңгейі тұрғындардың экономикалық белсенді тобына шаққанда 6,4 пайыз деңгейін (2008 жылы қазанда – 6,6 пайыз) көрсетіп, ағымдағы жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 0,5 пайызға төмендеген (2009 жылдың сәуірінде – 6,9 пайыз).

Ағымдағы жылдың қазан айында жұмыссыздар саны 539,9 мың адамды құрады, бұл 2008 жылдың қазанымен салыстырғанда 13,6 мың адамға аз.

Тұтастай алғанда, Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің 13 қарашадағы мәлі­меттеріне сәйкес “Жол картасының” инвестиция­лық жобаларын іске асыру кезінде 258,6 мың жұ­мыс орны құрылды, бұл жоспардан 0,9 пайызға артық.

“Жол картасы” жұмыс орындарын құрғаннан басқа тұрғын үй-коммуналдық мәселелерін, жол, әлеу­меттік нысандар проблемаларын шешуге мүм­кіндік берді. Барлығы 5221 жобаны іске асыру жос­пар­ланса, соның 4468-і бойынша жұмыс аяқталған.

Аяқталмаған жобалар бойынша жөндеу жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Осымен бірге, “Жол картасы” халықты кіріспен қамтамасыз ету міндетін шешуге және ұйымдардың құрылысы мен қызмет көрсету өндірісін мемлекет тарапынан қолдауға мүмкіндік берді. Дағдарыс жағдайында 2,5 мыңнан астам компания мемлекеттік тапсырыс алды.

Жөндеу жұмыстарына тартылған адамдардың орташа айлық жалақысы 29,6 мың теңгені құрады.

Жалпы, барлық инвестициялық бағыттар бойынша 153,6 млрд.теңге (1 жылға арналған жалпы соманың 91 пайызы) игерілді.

“Жол картасы” бойынша жұмыстар 2010 жылы жалғаса түспек, оны іске асыруға республикалық бюджеттен 2010 жылы 100 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылды.

2009 жылы әлемдік экономикадағы дағдарыс­тық құбылыстардың пессимистік даму сценарийіне қарамастан, жыл басынан бері жалпы әлемдік экономика жүйесінде қалпына келу бағыты бай­қалуда. Жыл басынан бергі жаһандық тауар нарық­тарындағы бағалар жоғарылау үрдісін көрсетіп отыр. Бұл экономикадағы бағаның нарықтық қалыптасу тетіктерінің ретке келуі және оңалту белгісі болып отыр.

Әлемдегі оң серпін Қазақстан экономика­сындағы белсенділіктің артуына ықпал етеді, қазірдің өзінде оң үрдістер байқалып отыр деуге болады. 2009 жылдың 9 айы бойынша макроэко­­номикалық көрсеткіштердің статистикасы эконо­ми­калық дамудың жандануын көрсетіп отыр. 2 тоқ­санның басынан бері ЖІӨ төмендеу қарқы­ны­ның баяулауы байқалуда. Егер жыл соңына дейін экономикадағы байқалып отырған оң көрсет­кіштер тұ­рақталып, сенімге ие болса, онда жұмсал­ған өнді­рістік қуаттардың қалпына келуі эконо­мика­лық белсенділіктің одан әрі өсуіне себеп бола­ды және даму фазасына өтуге мүмкіндік береді. Бү­гінде жеке тауар айналымы, құрылыс жұмыстары, жүк тасымалдау көлемінің біртіндеп өскені байқа­лады. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі өсу­де, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі ұлғаюда.

 

Қазақстандағы ағымдағы жағдай туралы

– Дағдарысқа қарсы жоспар аясындағы іс-шаралар, тұрақтандыру процесіне айтарлықтай әсер етті. Дағдарысқа қарсы жоспар банк, құрылыс және агроөнеркәсіп секторларына қаржылай қолдау көрсетуді, және инвестициялық жобаларды іске асыруды қамтиды. Және де бұл іс-шаралар әлемдік дағдарыстың экономикаға кері әсерін едәуір азайтты.

Қазақстан Республикасы Статис­тика агент­тігінің деректері бойынша ағымдағы жылғы қаң­тар-қыркүйек айларында жалпы ішкі өнімнің тө­мен­деуі, өткен жылдың осындай кезеңімен салыс­тырғанда, 2,2 пайызға дейін баяулады. Эконо­ми­ка­ның өнеркәсіп, көлік, электр энергиясын өндіру сияқты бірқатар салаларында өндірістік көр­сеткіштердің құлдырауы төмендей бастағаны байқалады.

Негізі капиталға инвестициялардың көлемі 2009 жылдың қаңтар-қазанында бұған дейінгі жоюдың сәйкес кезеңіне қарағанда 1,7 %-ға өсті.

Инфляция аясының бәсеңдеуі инфляциялық процестерді реттеу бойынша қолданылған шара­лар­мен бірге тұтыну рыногында бағаның өсуінің баяулауына ықпалын тигізді. Мысалы, 2009 жылдың қазанында инфляция деңгейі 2008 жылдың желтоқсанына қарағанда 5,1 пайызды құрады, бұл өткен жылдың ұқсас мерзімімен (8,8%) салыстырғанда 3,7 пайыздық тармаққа төмен.

Инфляцияның бәсеңдеуі аясында халықтың нақты табыстары мен еңбекақыларының өсуі жүріп жатыр. 9 айда халықтың жан басына шаққандағы орташа нақты табысы 3,3 пайызға, еңбекақылары – 2,6 пайызға ұлғайды.

“Жол картасын” іске асыру жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеді. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 6,4 пайызды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайыздық тармаққа төмен.

 

Дағдарыстан шығу туралы

– Дағдарыстан шығу мемлекеттердің дағда­рысқа қарсы шараларына және әлемдік экономика секторларындағы, қаржы жүйесіндегі жинақталған құрылымдық проблемалардан қаншалықты жылдам арылатынына байланысты болады.

Қазақстан экономикасындағы белсенділікті арттыру Қазақстанның негізгі сауда әріптес елдеріндегі экономиканың жандануына әсер етеді.

Еуропалық Одақтың Франция, Германия сияқты бірқатар елдері экономиканың рецессиядан шыққанын ресми жариялады.

2009 жылдың 9 айындағы экономикалық көрсеткіштердің статистикасы экономиканың даму белгілерінің бар екенін көрсетіп отыр. 2009 жылғы 2-тоқсаннан бастап жалпы ішкі өнімнің төмендеу қарқынының баяулай бастағаны байқалды.

– Дағдарыстың келесі толқыны басталған жағдайда, еліміз оған дайын ба?

– Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі әлемдік экономикадағы қалыптасқан жағдай мен оның даму перспективаларына талдау жасады, ғаламдық қаржы-экономикалық дағдарыс­тың екінші толқынының болу мүмкіндігіне, оның себептері мен даму бағытына қатысты сарапшы­лардың пікірлерін зерттеп, дағдарыстың екінші толқынының Қазақстан экономикасына кері әсерін тигізу мүмкіндіктеріне талдау жүргізді. Жүргізілген талдау қорытындылары бойынша әлемдік экономиканың даму динамикасы мен әлемдік тауар нарықтарындағы бағалардың деңгейіне қарай әлемдік экономика дамуының екі сценарийі әзірленді. Осының негізінде, Қазақстан Республикасының орта мерзімді перспективадағы макроэкономикалық параметрлерінің сценарийлік жобасы жасалды.

Яғни, бұл, дамудың екі негізгі сценарийі туралы айтылып отыр, А және Б сценарийлері. Әлемдік экономикалық жүйенің құрамдас бөлігі ретінде қазақстандық экономиканың даму динамикасы негізінен әлемдік экономика динамикасына тәуелді болатындықтан, сценарийлерді анықтайтын параметрлері сыртқы факторларға байланысты.

А сценарийі 2010 жылдан бастап әлемдік экономиканың қалпына келуін, қазақстандық экспорттың негізгі құрамдас бөліктері болып табылатын мұнайдың, металдың әлемдік бағалардың бірте-бірте өсуін болжайды.

Жалпы, А сценарийі бойынша бастапқы параметрлер халықаралық ұйымдардың әлемдік экономиканың даму перспективалары бойынша жасаған болжамдарына ұқсас болып келеді.

Берілген сценарий бойынша 2009-2010 жыл­дары мұнайдың (Brent) әлемдік бағалары орташа есептегенде барреліне 50 АҚШ долл. деңгейінде болады. 2011 жылдан бастап мұнайдың әлемдік ба­ғасының 60 АҚШ долл. дейін өсуін болжамдайды.

Мұнайды импорттаушы мемлекеттер және экспорттаушы мемлекеттер мұнайдың әлемдік бағасын әртүрлі болжайды. Егерде импорттаушы мемлекеттер бюджеттің шекті шығыстарын есепке алу үшін максималды бағаларды қойса, экспорт­таушы мемлекеттер өздерін бағалардың және бюджет кірістерінің ықтимал төмендеуінен қауіпсіздендіру үшін сақтықпен әрекет жасайды.

Қазақстандық экспорттың негізгі тауарлық құ­рамдас бөліктерінің әлемдік сұраныс және бағалар­дың өсуі, экономиканың өсу қарқынының өсуі экс­порт пен импорт көлемдерінің ұлғаюына себеп болады.

Б сценарийі бойынша әлемдік экономикадағы жағ­дай­дың нашарлауы жөнінде пессимистік бол­жамдарды көздейді. Мемлекеттердің дағдарысқа қарсы шараларының әлсіз болуы, қаржы секторын­дағы мәселелердің асқынуы 2009 жылдың аяғы мен 2010 жылдың басында жаһандық экономикалық дағдарыстың екінші толқынына себеп болады. Әлемдік экономикадағы кезекті төмендеуі сұра­нысқа азаюын және әлемдік тауар нарықтарында бағалардың едәуір төмендеуіне әкеледі.

Берілген сценарий мұнайдың әлемдік бағалар­дың 2009 ж. аяғында баррель үшін 30 АҚШ долл.-ға дейін төмендеп, 2010 жыл бойы сол деңгейде ұстап қалуын болжамдайды. Бұдан кейін 2012-2014 ж.ж. 40 АҚШ долл. дейін сәл көтеріледі.

Б сценарийі бойынша 2009-2010 жылдары Қазақстан экономикасының төмендеуі болжам­далады. 2011 жылдан бастап экономика өсімінің баяу қалпына келуі байқала бастайды.

Бұдан басқа Б сценарийі экономикадағы жұмыссыздық деңгейімен сипатталатын болады.

Осымен бірге макроэкономикалық даму болжамынан және бюджет параметрлерінен басқа әр сценарий үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасы Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленді. Аталмыш жоспар да өз кезегінде әлемдік эконо­микадағы ахуалға байланысты өзгеріп отырады.

Іс-шаралар жоспары сценарийлерге байла­нысты сұраныспен, жұмыспен қамтуды қолдауға бағытталған шараларды, экономика секторларын қаржыландыруды, қаржыландырудың әртүрлі көздері мен механизмдерін қамтиды. Мәселен, жағдай нашарлаған жағдайда бюджет шығыстарын қысқарту мен бюджет тапшылығын ұлғайту варианты қарастырылған. Осымен бірге, сыртқы қаржыландыру көздерін және белсенді бюджеттік араласусыз ішкі қаржы секторының ресурстарын тарту мүмкіндігі көзделген.

– Мемлекеттік қызметкерлер жалақысы неліктен көтерілмейтін болды? Бұл мәселе қайта қарастырылуы мүмкін бе?

– 2010-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде Үкімет бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысын келесі жылдың шілде айынан бастап жоғарылату туралы шешім қабылдады. Бірқатар елдердегі экономи­калық жағдайдың жақсарғанына қарамастан, әлемдік қаржылық және тауар рыноктарындағы жағдай әлі де болса тұрақсыз болып отыр.

Бүгінде мемлекеттік бюджеттен қаржыланды­ры­латын жалақының жалпымемлекеттік қоры триллион теңгеге жуық. Бұл 2005 жылғы көрсет­кіштен 2,7 есе көп, бюджет саласындағы қызмет­керлердің жал­ақы­сын 2010-2011 жылдары көтеру қосымша 308,4 млрд. теңгені қажет етеді. Жалақы мен мемлекеттік стипендияларды бірінші қаңтардан бастап көтерсек, ол қосымша 2009 жылы 106 млрд. теңгені, 2010 жылы 258 млрд. теңгені тартуды қажет етеді.

Бюджетті қалыптастыру ресурстардың шектеулі болуына және дағдарыстық жағдайдың жалғасып отырғанына байланысты Мемлекет басшысының бюджет қаражатын қатаң түрде үнемдеу және оларды тиімді пайдалану туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды.

Жаңа инвестициялық жобалардың іске асыру уақыттары кейінге қалдырылды. 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Ұлттық қордың мақсатты трансферттерінен бас тартқанымызды және оның активтерін одан әрі жинақтау саясатын жалғастыруды ескере отырып, босаған қаражат “Жол картасы” шеңберінде елдің әл-ауқатын арттыруға, жұмыссыздықты ауыздық­тауға, шағын және орта бизнесті қолдауға, агро­өнеркәсіпті кешенді дамытуға, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылықтың үздіксіз жұмыс істеуі және жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалады.

Басқа мемлекеттер қазіргі дағдарыс жағдайында әлеуметтік шығындарды қысқартып қана қоймай, одан мүлде бас тартқанын атап өту қажет. Мәсе­лен, Ресейдің үкіметі 2010 жылы бюджет сала­сындағы қызметкерлердің жалақыларын индек­са­ция жасамау туралы шешім шығарды. Латвияның үкі­меті әлеуметтік төлемдерді қысқартып, мұғалім­дердің айлығын айтарлықтай төмендетуді жоспарлап отыр.

Күрделі экономикалық жағдайға қарамастан Қазақстан Үкіметі халықтың барынша әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдау жөнінде шаралар қабылдады. Мемлекеттің барлық әлеуметтік мін­деттемелері сақталды, сондай-ақ әлеуметтік саланы қолдауға және дамытуға арналған шығыстардың жыл сайынғы өсімі қарастырылды, ол респуб­лика­лық бюджеттің барлық шығыста­рынан шамамен 40%-ға асып түседі. Соның ішінде 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы 25%-ға (2009 жылмен салыстырғанда өсім – 95 млрд. теңге), мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен арнайы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерін орташа 9%-ға ұлғайту (4 млрд. теңге), сондай-ақ “Ардагерлер туралы” заң жобасына сәйкес жәрдемақыны көтеру (1 млрд. теңге), бала күту бойынша ай сайынғы жәрдемақы мен 4-ші баланы және одан көп бала туғаны үшін ай сайынғы жәрдемақының мөлшерін көтеру (7 млрд. теңге), көп балалы аналарға арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін көтеру (10,1 млрд. теңге) бар. Бұдан басқа мүгедек балаларды тәрбиелеуші ата-аналарға, қамқоршыларға жәрдемақының жаңа түрін енгізу көзделген, ол мүгедек балалардың жағдайларын жақсартуға және оларды отбасыларына қайтаруға бағытталған ең аз жалақының мөлшеріне теңестірілетін болады. Бұл тек 2010 жылдың өзінде 5,2 млрд. теңгені қажет етеді және 29 мың адамды қамтиды.

Әрине, Үкімет өзінің әлеуметтік міндеттерін орындау үшін барлық резервтерін қарастыруда. Бірақ қазір барлығымыз үшін экономиканы жандандыруға қадамдар жасау маңызды, біз әлемдік экономикадағы жағдайдың күрт нашарлауына дайын болуымыз қажет. Сол себепті жалақыны көтеру уақытын жылжыту мәжбүр және ақталған себеп деп түсіну қажет. Әлемдік экономикадағы ахуал жақсарған жағдайда Үкімет жалақы мөлшерін келесі жылдың 1 жартыжыл­дығында ұлғайтуды қайта қарастыруы мүмкін.

– “Тікелей желіге” өз бизнесімді ашсам деген азаматтар хабарласты. Оларға қандай кеңес берер едіңіз. Шағын және орта бизнесті қолдау үшін қазір қандай шаралар қолға алынып жатқаны турасында айтып өтсеңіз.

– Еліміздің өз ісін ашқысы келетін әрбір азаматына қажетті алғашқы кеңес сатыларды айтып өтейін. Біріншіден, өз ісіңізді ашу үшін қайда баруыңыз керек, осы сауалға жауап берсек.

Елдің барлық өңірлерінде жергілікті атқарушы органдарды қолдау кезінде кәсіпкерліктің мынадай инфрақұрылым элементтері жұмыс істейді: кәсіпкерлікті қолдау орталықтары (123), ақпарат­тық-консалтингтік орталықтар (2009 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша – 353), шағын бизнес адвокатуралары (288), орталықтандырылған бухгалтерлік қызметтер (65), бизнес-инкубаторлар (28), олардан өзіңізді қызықтыратын барлық сұрақтар бойынша, соның ішінде өз бизнесіңізді қалай бастауға болатындығы туралы кеңес алуға болады.

Бұдан басқа қазіргі уақытта “Даму” кәсіп­керлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы еліміздің өңірлерінде Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының тиімді үлгісін енгізуді жоспарлап отыр. Мұндай жүйенің тиімділігі қаржылық емес қолдау, стандарттау субъектілері көрсететін қызметтердің күшін біріктіру, сондай-ақ осы сала бойынша шетелдің озат тәжірибесімен алмасу және оларды тарату арқылы қамтамасыз етілмек.

 

Өз ісіңізді қалай бастауға болады?

– Егер сіз өз ісімді ашсам деген ойға келсеңіз, мынаны айтқымыз келеді.

Кәсіпкер болу өз бизнесіңізді басқару шеберлігін былай қойғанда, оңай шаруа емес. Кәсіпкерлердің барлығы бірдей жетістіктерге қол жеткізе бермейді.

Кәсіпкерлік қызмет деп қарапайым сөзбен айтқанда, табысқа қол жеткізуді көздейтін азаматтың және оның бірлестігінің өз бастама­сымен өз жауапкершілігіне алған қызметін атауға болады. Сіздің идеяңыз материалдық формаға айналуы үшін неден бастау керек? Бұл үшін: өзін өзі бағалау, кәсіпкерлік идея, қаржы тарту туралы шешім шығару, ұйымдастыру-құқықтық формасын таңдау тәрізді бірнеше кезеңдерден өту қажет.

Мәселен, өз ісіңізді ашу туралы шешім қабылдаған кезде өз мүмкіндігіңіз мен қабілетіңізді, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басымдықтары мен олқылықтарын объективті түрде бағалау қажет.

2. Кәсіпкерлік қызмет идеядан басталады, ол кейіннен нақты кәсіпкерлік жобада іске асырылады. Мақсат қоя білу – бұл, ең алдымен, өз ісіңізді басқара білу өнері. Мақсат нақты, өлшемді, қолжетімді, шынайы, уақыты шектеулі болуы керек. Бизнесті жоспарлай отырып біздер болашақты қалайша бағдарлайтынымызды білдіреміз. Өз ісіңізді бастаған кезде мақсат-міндетті айқындай білудің маңызы зор.

Жоспарға мақсат қою қажет. Осы мақсатқа қайтіп қол жеткізесіз, қай қызмет түрін таңдайсыз, осы жұмыста қандай ресурстар қажет болады, осы тәрізді сұрақтарға сіздің нақты жауаптарыңыз болуы қажет.

Жаңа кәсіпорын құру тек өндіріс ресурстарын қажет етпейді, бұған қоса сіз тауарыңызды немесе қызметіңізді бағыттайтын нарықты, нақты тұты­нушыларыңызды білуіңіз қажет, өз қызметкер­леріңізді басқару қабілетіңіздің т.б. болуы шарт.

Сонымен қатар, сіз қандай ұйымдастыру-құ­қық­­тық формасын таңдайтыныңызды шешесіз: жеке немесе бірлескен кәсіпкерлік, ол шаруа­шы­лық серіктестік, акционерлік қоғам, өндіріс ко­опе­ра­тиві немесе мемлекеттік кәсіпорын болуы мүмкін.

Осыдан кейін жеке ісіңізді тіркеуге көшесіз. Жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу сіздің тұрақты тұратын жеріңіздегі салық органында жүзеге асырылады.

Ал заңды тұлғалар мен филиалдарды, өкілдік­терді әділет органдары тіркейді. Заңды тұлғаның барлық мемлекеттік тіркеу рәсімдері “бір терезе” қағидаты бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарында іске асырылады.

Жалпы, қазір елімізде кәсіпкерлік ортадағы бастамаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауы және өзінің бәсекеге қабілеттілік көзқарасы бойынша әлеуеті ең жоғары шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындарына көмек көрсетуге және елдің ғылыми-техникалық әлеуетін көтеру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды.

2008 жылғы 6 ақпандағы Елбасының “Қазақ­стан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты” атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі әзірленді және осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.

Салық кодексі Қазақстан экономикасының әртараптануы мен жандануына бизнестің “көлеңкеден” шығуына, салық төлеушілердің мүддесін қорғап, салықтық әкімшілендірудің сапасын арттыруға ықпал жасады. Ең бастысы, экономиканың шикізаттық емес салаларына, оның ішінде дамытуды қажет ететін кіші және орта бизнеске түсетін салмақты жеңілдетті. Егер 2008 жылы шикізаттық емес сектордан түскен салық түсімдері ІЖӨ-ге шаққанда 17,6 пайызды құраса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 13 пайызды құрап отыр.

Салықтық жүктемені төмендету мақсатында 2009 жылдан бастап 2012 жылға дейінгі кезеңде корпоративтік табыс салығы 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетілген, бұл салықтың түрі 2013 жылы – 17,5 пайызға, 2014 жылы – 15 пайызға дейін төмендетіледі. Қосылған құн салығының ставкасы 13 пайыздан 12 пайызға дейін төмендейді. Осы тұста бұл әлемдегі ең төмен ставка болып есептелетінін атап өту қажет.

Салық жүктемесін жеңілдетумен қатар, инвестициялық салықтық преференциялар алу және қолдану тәртібі жеңілдетілді. Бұл инвес­торларға инвестициялық салықтық жеңілдіктерге кеңінен жол ашты және салық төлеушілдерді айтарлықтай ынталандырды. Осыдан шикізаттық емес секторға инвестиция ретінде қосымша қаражат тарту мүмкіндігі пайда болды.

Бұдан басқа, ел Үкіметі Қазақстан Республи­касында 2005-2007 жылдарға арналған шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша жеделдетілген шаралар бағдарламасын қабылдады, ол кластерлік-желілік тәсіл негізінде шағын және орта кәсіп­керлікті қолдау мен дамытудың жаңа мемлекеттік саясатына, сондай-ақ мемлекет пен бизнестің өзара қарым-қатынасының жаңа идеологиясына өту кезеңі ретінде қаралды.

2008 жылғы 6 ақпандағы Жолдауында Мемлекет басшысы бизнеске әкімшілік жүктемені төмендету қажеттігіне және рұқсат беру жүйесін, ең алдымен, лицензиялау, сертификаттау, аккредиттеу жүйелерін одан әрі жеңілдету қажеттігін атап көрсетті.

Осы мақсаттар үшін Үкімет Қазақстан Респуб­ликасында рұқсат беру жүйесін жетілдірудің 2009-2011 жылдарға арналған Тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) мақұлдады, оның негізгі міндеттері халықаралық тәжірибені ескере отырып қазіргі бар бизнес шығыстарын жоюға бағытталған лицензиялау, сертификаттау, аккредиттеу саласын­да мемлекеттік саясатты әзірлеу болып табылады.

Рұқсат беру жүйесіне жүргізілген талдау елде 1004 әр түрлі рұқсаттар, оның ішінде 504 лицензия және сертификаттау, аккредиттеу, аттестаттау, рұқсат беру мен келісу және т.б. бойынша рұқсат берудің 500 басқа да түрі бар екенін көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта 35 пайызға жуығының, атап айтқанда, 348 рұқсат беру, оның ішінде 113 лицензия алу рәсімінің күшін жою ұсынылды.

2009 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін (ШОКС) мемлекеттік қаржылық қолдау І, ІІ, ІІІ транш, сондай-ақ “Даму-Өңірлер” бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 338,2 миллиард теңгеге 9 102 ШОКС-ті жеңілдікті кредиттермен қамтамасыз етті. Бұдан басқа 22,3 мың жұмыс орны жасалып, қолдау көрсетілді.

Жоғарыда көрсетілген транштардың барлығы бойынша 70 пайыздан астамы сауда және қызмет көрсету салаларына жіберілді. Бұл елдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасқан салалық құрылымына байланысты болып отыр.

Әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі шараларды жалғастыру Дағдарысқа қарсы бағдарламамен бір сапта соңғы қиын жылдарда аса маңызды шешімге айналды.

– Алдағы уақытта Қазақстан экономикасына “тың серпін беретін” қандай жобалар жүзеге асырылады және ол үшін қазіргі уақытта нендей шаралар жүзеге асырылуда? Елде іске асырыла бастаған “30 корпоративті көшбасшы” бағдарлама­сы жайлы ешқандай бұқаралық ақпарат құралдары жазып, телеарналарда айтылмайтын болды. Осы бағдарламаның жобалары жаңа Индустрияландыру картасына енгізіле ме?

– Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін және тиімділігін арттыру мақсатында 2008 жылы “30 корпоративтік көшбасшы” бағдарламасы аясында жұмыс басталды. Бұл жұмыс 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясының логикалық жалғасы болды. Осы жылдың өзінде еліміздің экономикасына маңызды шамамен 1,8 млрд. АҚШ долларын құ­рай­тын инвестициялық жобалар жүзеге асырылды.

Қазіргі уақытта Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Елбасының “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс XІІ съезінде берген тапсырмасына сәйкес Қазақстанды 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның жеделдетілген инудстриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуде. Оның мақсаты — Қазақстанның ұзақ мерзімді перспективада экономикалық бәскеге қабілеттілігін арттыру және әртараптандыру болып отыр. Онда 7 басым бағытқа назар аударылған. Олар:

- аграрлық секторды технологиялық қайта жарақтандыру және кең ауқымды жаңғырту;

- құрылыс индустриясын дамыту және құрылыс материалдарын өндіру;

- мұнайды қайта өңдеуді және мұнай-газ секторының инфрақұрылымын дамыту;

- металлургияны дамыту және дайын металл өнімдерін шығару;

- химия, қорғаныс және фармацевтика өнеркәсібін дамыту;

- “таза” энергияны қоса алғанда энергетика саласын жаңғырту және дамыту;

- көлік және телекоммуникация инфра­құрылымын дамыту.

Бүгінгі күні ел Үкіметі жоғарыда аталған басым бағыттар негізінде Қазақстанды индустрияландыру картасын әзірлеуде.

Осы ретте жүйелілік пен сабақтастықты сақтау мақсатында “30 корпоративтік көшбасшы” бағдарламасы және 2003-2015 жылдарға арналған инудстриялық-инновациялық даму стратегиясы жоғарыда атап өткен Қазақстанның жеделдетілген индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына үйлестіріледі. Ал “30 корпора­тивтік көшбасшы” бағдарламасы аясындағы жобалар Картаға енгізілетін болады.

Карта, біріншіден, мемлекетке бизнеспен бірлесіп дұрыс инвестициялық шешімдер әзірлеуге, екіншіден, елдің инфрақұрылымы мен ресурсының әлеуетін дамыта отырып, жеке меншік сектордағы жобаларды іске асыруды өзара байланыстыруға мүмкіндік береді.

Жеделдетілген индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанды индустрия­ландырудың картасы жасалуда. Инудстрияландыру картасы ірі инвестициялық жобаларды қолдауға бағытталатын болады.

Қазіргі уақытта жалпы құны 6,4 трлн. теңгені құрайтын 83 инвестициялық жобаның алдын-ала портфелі іріктелді. Олар республикалық базалық Индустрияландыру картасына қосылған басым бағыттарды қамтиды.

Осымен бірге, Астана, Алматы қалаларының және облыстардың әкімдіктері өңірлік Индус­трияландыру картасын әзірлеу үстінде. Ондағы инвестициялық жобалардың тізімінде құны 50 млн. АҚШ долларынан аспайтын жобалар бар.

Келешекте республикалық және өңірлік Индустрияландыру карталарына қосылған инвестициялық жобалардың тізімдері 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның индустриялан­дыру картасына негіз болады.

Жыл соңына дейін 2014 жылға дейінгі Өндіріс қуаттарын ұтымды орналастыру схемасы қосылған Индустрияландыру картасын бекіту жоспарланып отыр.

Жоғарыда аталған барлық құжаттар Қазақ­станның жеделдетілген индустриялық-инновация­лық даму мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және іске асыру шеңберінде Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясымен өзара байланыста болады.

– Ауылды және шағын қалаларды дамыту бойынша қазір қандай шаралар қолға алынуда?

– Қазіргі уақытта елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 шілдедегі №1149 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шең­берінде ауылдық округтер әкімдері аппараттарын құру жолымен ауылдық аумақтарды басқаруды институттық нығайту жұмысы жүргізілді. “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті мемлекеттік басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” 2004 жылғы 11 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, онда ауылдық округтер әкімдері аппараттарын құру көзделген.

Ауылдық аумақтарды институттық нығайту үшін 2004 жылы республикалық бюджеттен ауылдық округтер әкімдері аппараттарын ұстауға 2,9 млрд. теңге сомасында нысаналы трансферттер бөлінді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне аудандық бюджетте сол әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімшілері ауылды (селоны), ауылдық (селолық) округінің бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері айқындайтын норма да енгізілді. Олар шығыстар бағыты Бюджет кодексінде белгіленген бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, жаңартуға, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты.

(жалғасы)



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат