Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-12-01:

Өкінішке қарай, қазіргі қолданыстағы заңнама іс жүзінде жинақтаушы зейнетақы қорларын залалды болуға итермелейді, ал олар өздерінің эко­но­микалық мақсаты тұрғысынан ішкі сұра­ныстың жеделдеткіші болуы тиіс. Бірқатар ЖЗҚ-лар мен сақтандыру қорлары ірі банктерге “еншілестік” жағдайында болып, кіріптарлық күн кешуде, мұның өзі оларға дербес инвестициялық саясат жүргізуге мүмкіндік бермейді. Оның үстіне бұл қаражатты тиімді салу құралдары да өте шектеулі. Мұның бәрі біздің соңғы уақытқа дейін ішкі қаржының өзіміздегі ұзақ мерзімді көздерін қалыптастыруға жете назар аудармауымыздың тікелей салдары. Бұған дейін айтылғанындай, елді жедел индустрияландыру керек, ал ол орасан зор ресурстарды талап етеді. Бұған бюджеттің ақша­лары да жұмсалады, бірақ та бұл мәселені шешуге банктердің, халықтың және жеке меншік сек­тордың ақша ресурстарын жақсылап жұмылдыру жөніндегі қаржы мекемелерінің міндетінің маңызы тіпті де кем емес. Елімізде жобаланып жатқан жаңа қаржы архитектурасында бұл мәселелер барынша ескерілер деп білеміз.

Қазақстанның мемлекеттік қаржысын Ұлттық банк, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі агенттік (ҚҚА) және Қаржы министрлігі реттеп, бақылап оты­рады. Қазір ҚҚА-ны Ұлттық банкке қосу туралы ұсыныстар айтылуда. Бәлкім, мұнда ойға қонымды бәзбір негіз бар болуы мүмкін. Бірақ та соңғы уақытқа дейін банк саласының қызметін қатаң реттеу үшін Агент­тіктің құқықтары мен мүмкін­дік­тері заңнама­лық тұрғыда тым әлсіз болды. Екін­ші себеп ҚҚА-ның басшылығы мен қызмет­керлерінің едәуір бө­лігі жиі ауысып жатуында деп білеміз. Кейде онда банк және жалпы қаржы жүйесін айтарлықтай жақ­сы білетін мамандардың жетіспеушілігі өткір сезіледі.

2008 жылдың күзінде ел Парламенті қаржы саласы мен валюталық қатынастарды реттеу жө­нінде ҚҚА-ның да, Ұлттық банктің де құқықтарын елеулі түрде кеңейтетін заң қабылдады. Дегенмен, бүгінде әлемнің мемлекет қайраткерлері мен қаржы саласының мамандары орталық банктердің рөлі мен өкілеттіктерін одан әрі күшейтуді көздейтін пікір айтуда. Бұл үрдісті бізге де ескеру қажеттігі бар болар. Ұлттық банктің тұрақтандыру несиелерін беру, банкаралық рынок ауқымын және банкара­лық несиелер ставкасының деңгейіне ықпал ету мүмкіндігін, бүкіл қаржы рыногының тұрлаулылығын қамтамасыз етудегі оның рөлін ескере отырып, солай еткен жөн.

Республика Қаржы министрлігінің рөлі мен орны туралы айрықша айтқым келеді. Бұл минис­трліктің мүмкіндіктері мен өкілеттіктері белгілі дәрежеде шектелген болып көрінеді. Жыл сайынғы (қазір үшжылдық) бюджетті, яғни мемлекеттік қаржының негізін Экономика және бюджеттік жоспар­лау министрлігі (ЭБЖМ) жасайды. Бюд­жет­тің 90% кірісі – бұл салықтар, оларды жинау Қаржы министрлігінің Салық комитетіне жүктел­ген, ал бюджеттік шығындарды ЭБЖМ жоспар­лай­ды. Бұл министрлік, жоғарыда айтылғандай, бюджетті әзірлейді, ал Бюджет кодексін Қаржы министрлігі жасайды. Осылайша елдің мемлекеттік қаржысын жоспарлау мен реттеудің біртұтас үде­рі­сі қазір екі ведомствоға – Экономика және бюд­жет­тік жоспарлау министрлігі мен Қаржы минис­тр­­лігіне жасанды түрде бөлінгендей болып көрі­не­­ді. Содан барып алғашқысында өзінің негізгі ша­руа­сымен – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлаумен және талдау жасаумен толықтай айналысу мүмкіндігі жоқ, ал екіншісінің рөлі елеулі түрде кесіліп, негізінен қазынашылық функ­циясы­мен шектелген. Мұның өзі Қаржы ми­нистрлігінің қосымша мемлекеттік қаржы көздерін іздестірудегі, оларды тиімді пайдалану жолдарын анықтаудағы, бағалы қағаздар рыногын дамы­ту­дағы, Қазақстанның Ішкі қаржы рыногын әлде­қай­да жақсырақ жұмылдыруға қабілетті жаңа құ­рал­­дарды іздестіріп, енгізудегі мүдделілігін төмендетеді.

Әлемдік қаржы дағдарысымен белсенді күреске барлық елдерде олардың қаржы министрліктері кіріскен, ал бізде бұл министрлік мұндай маңызды істен сырт қалған секілді. Жалпы алғанда мемлекеттік қаржыны әлдеқайда жақсы басқару үшін жыл сайынғы және үш жылдық бюджеттерді әзірлеу функцияларын Қаржы министрлігіне берген орынды болып көрінеді, мұның өзі аталған министрліктер қызметін бір-бірінің қайталау­шылығына жол бермей, олардың экономикалық нақты салалар үшін жауапкершілігін арттырады.

Экономиканы басқаруда қордаланып қалған басқа да бірқатар проблемалар туралы айтпай кетуге болмайды. Мәселен, күрделі иерархиялық басқару жүйесі орын алуда: министрліктер, коми­теттер, орталықтағы және жергілікті орындардағы олардың департаменттері, мемлекеттік холдингтер, олардың сансыз еншілестері, ұлттық компаниялар, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және сол сияқтылар. Басқару буындарының саны 5-6-ға жетеді, тіпті одан да көп болып жатады. Мұның өзі шешімдер қабылдау үдерісін, сол шешімді атқарушыға жеткізу мерзімін әлдеқайда ұзартады және күрделендіреді. Біздегі министрліктердің рөлі біртіндеп төмендеп барады. Ал олар бүкіл әлем дәлелдеген салалық басқарудың негізгі жүйесі. Осының бәрі қабылданған шешімдердің жеделдігі мен оларды орындаудың тиімділігіне салқын әсерін тигізбей қоймайды.

Дағдарыс Қазақстан экономикасының негізгі проблемасын – ондағы әртараптандырудың жоқ­ты­ғын айқын көрсетіп берді. Кезінде біз Индус­трия­лық-инновациялық даму стратегиясын қа­былдап, оны іске асыру үшін даму институттары­ның желісін құрдық. Осының бәрі экономиканы әртараптандыру мақсатын көздеді, алайда оның нақты түрде аяқталмағандығы, турасын айтсақ, жоқтығы дағдарыс басталғаннан кейін Қазақстан экономикасын елеулі қиындықтарға ұрындырды.

Осыдан келіп болашақта экономиканы әрта­рап­тандыру мен индустрияландырудың маңызы күмән туғызбайды. Елбасы Үкіметке елді жедел индус­трияландырудың 5 жылдық жоспарын әзір­леу­­ге тапсырма беріп, ондағы инновациялық құ­рамдас­тың рөлін күшейту қажеттігін атап көрсетті. Экономиканы жаңғырту проблемаларына деген жаңа тұжырымдамалық көзқарас жөніндегі Прези­денттің айтқан пікірі де қолдауға әбден лайық. Халық үшін де, басқарушылар үшін де жете тү­сінікті емес кластерлер, корпоративтік көшбасшы сынды жобалардан сақтандырып, басты назарды елді технологиялық жаңғыртудың екі бағытына шоғыр­ландыру ұсынылды. Бірінші – бізде бар минерал­дық шикізатты терең өңдеу, оны дайын өнім шығару деңгейіне дейін жеткізу. Егер бұл мұнай болса, онда жанармай, мазут және басқа мұ­най өнімдерін ғана әзірлеу емес, сонымен бірге мұнай химиясы өнімдерін – пластмассаны, құбыр­лар, сантехника­лық бұйымдар, т.б. алу. Егер бұл металл болса, онда оның негізінде мәшинелер, олар­дың бөлшектерін, тұрмыстық және басқа техникалар шығару. Басқа шикізат ресурстары бойынша да солай. Әртараптан­дырудың екінші бағыты – ең алдымен отандық салалардың – мұнай, ауылшаруашылық, көлік, құрылыс және басқа да салалардың қажеттерін қамтамасыз ететін мәшине жасау.

Мұның бәрі Қазақстан экономикасын жаңғыр­тудың нақты әрі біздің қазіргі жағдайымызға толығымен сай келетін бағыттар. Оларды ойдағы­дай іске асыру үшін біздің дамуымыздың осынау өте маңызды бағытын басқаруды жолға қою қажет деп ойлаймыз. Қазір индустриялық саясатты іске асыру Индустрия және сауда министрлігіне жүктелген. Ал индустриялық-инновациялық даму мақсаттары үшін құрылған даму институттары “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының қарауында қалып қойды. Ел мүмкіндігін осылайша екі ведомствоға шашырату индустрияландыру үдерісін елеулі түрде қиындатуы мүмкін.

Республикада ипотекалық компания бар, мамандандырылған тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі бар. Алайда дағдарыс басталған кезде үлестік құрылыс пен ипотека проблемаларын шешуді біз “Самұрық-Қазынаға” жүктедік. Бәлкім, бұл шешім дағдарыстың сол тұстағы өткір кезеңінде дұрыс та болған шығар. Бірақ та дағдарыс өткірлігі бәсеңдеген қазіргі кезде үлескерлер мен ипотека проблемасын шешуді жоғарыда көрсетілген мамандандырылған компания мен банкке берген орынды болып көрінеді. Бұл білікті қызметкерлері мен күшті менеджерлері бар “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ-ына Қазақстан экономикасының басым міндетін – оны әртараптандыру мен индустрияландыруды жүктеуге мүмкіндік берер еді.

Сонымен қатар, осы холдингтің моделі мен қызметтік мақсатын тағы да бір дәлдеп алған қажет секілді. Бұл Үкіметтің агенті ме, басқарушы компания ма немесе оған кіретін компаниялардың корпоративтік құндылығын өсіруге тиіс холдинг пе? Егер ол Үкіметтің агенті немесе басқарушы ком­пания болса, онда оның салалық министр­ліктермен өзара қарыма-қатынасын нақтылау керек. Бұл ретте синергетикалық басқару тиімділігі туралы айтудың реті жоқ.

Егер ол корпоративтік құндылықтарды өсіруге тиіс болса, онда соңғы 15-20 жылда корпоративтік бизнестің мақсатты функциялары елеулі өзге­рістерге түскенін ескеру керек. Бізде корпора­ция­ны дамытудың шешуші көрсеткіші, басқа көптеген елдердегідей, оларды капиталдандыру деңгейі болып отыр. Осы деңгей бойынша компаниялар­дағы жай-күйі анықталады. Бұл көрсеткішке ең алдымен акционерлер мүдделі, ол компаниялар­дағы менеджмент нәтижелілігінің де көрсеткіші.

Дегенмен, халықаралық сарапшылар мен ма­ман­дардың көпшілігі капиталдану деңгейі кор­по­рациялардың нақты жай-күйін бейнелемейді деген пікір айтады, біз де оларды қолдағымыз келеді. Компанияларда қалыптасқан пайда нор­масы ескерілмейді, яғни оның қызметінің тиімділігі бағаланбайды, өндірістің негізгі факторларын пайдалану тиімділігінің көрсеткіші де есептеп шығарылмайды. Ал әлеуметтік-экономикалық прог­рестің басты көрсеткішімен – еңбек өнімді­лігімен аталмыш көрсеткіш қарама-қайшылықта. Соның салдарынан корпорациялар құрамындағы тиімсіз өндірістерді жабу кідіртіле беріп, кейде негізсіз қосылу үрдісі жүріп жатады. Аталған жағ­дай­лар, біздің ойымызша, “Самұрық-Қазынаға” қарасты компаниялар қызметін бағалау көрсет­кіштерін қайтадан ой сарабына салуды талап етеді.

Тағы бір шешімін таппаған басқарушылық проблема бар сияқты. Әңгіме әлеуметтік-кәсіпкер­лік корпорациялар (ӘКК) туралы. Олардың құрылып, жұмыс істеп жатқанына үшінші жыл. Бірақ та әлі күнге дейін олардың қызмет саласы нақты анықталмаған. Мұндай қызметтің заңна­малық базасы жасалмаған. ӘКК-лерде көлемді активтер мен ресурстар аз, олар өңірлерде артық-ауыс қалғандарды жинап жүргені. ӘКК-лердің өңірлік билікпен қарама-қарсы келу жәйттері де бар, осынау екі басқару құрылымының өзара ықпалдасуындағы нақты тетіктер пысықталмаған. ӘКК міне бірнеше рет бір ведомстводан екінші­сінің қарамағына өтуде. Есеп комитеті жүргізген тексеру көрсеткеніндей, бұдан бір-екі жыл бұрын оларға жарғылық капитал үшін берілген бюджеттік қаражаттың едәуір бөлігі әлі игерілмеген.

ӘКК-ге байланысты проблеманың екінші жағы да бар. Кезінде біз коммуналдық меншіктің едәуір бөлігін ӘКК қарамағына бердік. Сөйтіп, облыстық әкімдіктердің өңірлік экономиканы басқару мүмкіндігін төмендеттік. ӘКК өңірлік дамудың шынайы агенттеріне айнала қойған жоқ, ал жергілікті атқару органдарынан бұл мүмкіндік алып қойылған. Егер бұл айқын қарама-қай­шылықтың дұрыс шешімі табылмаса, ол өңірлік экономика­ның дамуын тежейтіні даусыз. Бұл ретте біз жыл өткен сайын жергілікті билік органдарына жүкте­летін міндеттер көлемін ұлғайтып отыр­ға­нымызды да ескеру керек. Қазір бұл – жұмыс­сыздықпен белсенді күресу, халықтың тұрмыс деңгейінің төмен­деуіне жол бермеу, жергілікті бюджеттердің “Жол картасы” бағдарламасын іске асыруға қатысуы, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсету және басқа да міндеттер. Осыдан келіп өңірлік билікке осы міндеттерді ойдағыдай шешу мүмкіндігін берген орынды болып көрінеді, бұл үшін олар мен ӘКК арасында өкілеттіктерді экономикаға ыңғайлы түрде қайта қарау қажет.

Және бір ұйымдық-басқарушылық проблеманы сөз етейік. Оны шешу қажеттігіне Президент Қазақстан халқына арнаған бірнеше Жолдауында назар аударды. Әңгіме Қазақстан ауылдарындағы шаруашылық жүргізуші субъектілерді ірілендіру туралы болып отыр. Мәселенің қойылысы әбден дұрыс. Өйткені, біздегі ұлан-ғайыр қуаң аймақ­тарда, шөл және шөлейт жерлерде ұсақ шаруа және фермер шаруашылықтары жоғары тиімді ауыл экономикасын құрып, дамыту тұрғысынан мүмкіндіктері аздығы көрініп қалды.

Ауылдағы іс жағдайына қарап, бұған көз жеткізе түсеміз. Әрине, мемлекет жылдан жылға дотациялар, олар өндірген өнімдерге субсидиялар түрінде шаруаларға зор қаражат бөліп отыр, мектептер, ауруханалар, жергілікті жолдарды, ауыз сумен жабдықтау нысандарын салуға және ауыл инфрақұрылымының басқа нысандарына көп бюджет қаражатын жұмсауда. Осының бәрі ауыл тұрғындарының қажетті тұрмыстық деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Бірақ та ауылда мал басының көбеюі баяу жүріп жатқанын, ұсақ қожалықтар асылтұқымды жоғары өнімді мал шаруашылығын дамыта алмайтынын, ал бұларсыз осы саланың келешегі мүлдем аз екенін көрмеу мүмкін емес. Бұл ұсақ қожалықтар жоғары технологиялық негізде астық өндірісін де жүргізе алмайды. Өйткені, олардың несие алу қабілеттілігінің төмендігі және өндіріс көлемінің салыстырмалы тұрғыдағы шағындығы оларға жоғары өнімді техника мен технологияны сатып алуға және пайдалануға мүмкіндік бермейді. Сол себептен де суландыру жұмыстарының деңгейі өте төмен, біршама аумақтарда жер біртіндеп тозып барады. Қорыта айтқанда, біздің фермерлер мен шаруалардың шаруашылық жүргізу деңгейі заманауи талаптарға сай келмейді. Оның үстіне ауылда жұмыссыздық бар. Мұның бәрі ауыл өндірісшілерінің күш-қуатын байыпты коопера­циялау, ауылда шаруашылық жүргізуші субъектілерді ірілендіру қажеттігін туғызып отыр.

Қазір Президенттің тікелей тапсырмасы бой­ынша ауылда мал бордақылау орталықтары құры­луда, сүт кешендері тұрғызылып, сервистік-дай­ындау кооперативтері ұйымдастырылуда. Алайда, мұндай орталықтар немесе кешендер әлі аз, әр облысқа 1-2-ден ғана келеді. Сервистік-дайын­дау кооперативтеріне келсек, әрине, бұл ілгері­леу­ші­лік, бірақ мәселе малды осындай орталық­тарға жи­науда ғана емес, жоғары өнімді мал өсіруде болып отыр. Оның үстіне мұндай жаңа іспен қазір шаруа қожалықтарының 10-15 пайызы ғана айналысады, қалған 85-90%-ы жеке шаруа болып қалуда.

Сондықтан да ауылда шаруаларға бұрыннан таныс өндірістік кооперативтерді қайта қолға алған орынды болып көрінеді. Бәлкім, кейбіреулер оны ұжым­шар дер, мәселе оның атауында емес, ыды­раң­қы ұсақ шаруа қожалықтарының қызметін нақ­ты кооперациялауды қамтамасыз ету мүмкін­дігінде. Егер олар өз пайларын және басқа актив­те­рін бірік­тіріп, біртұтас еңбек ұжымын қалыптас­тырса, мұны ерікті негізде жасаса, ауылда жұмысқа қабілетті, ірілендірілген тауарлы ауылшаруашылық өндірісі пайда болады. Мұндай іріленген шаруашы­лықтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау да әлде­қайда тиімді болар еді. Ауылда мал борда­қылау орталықтары болсын, сүт кешендері жұмыс істеп тұрсын, аяғынан нық тұрған фермер шаруашы­лықтары да дербес жұмыс істесін. Ал енді коопе­ра­ция­ның осы формаларына тартылмаған, не ың­ғайы келмеген шаруаларды өндірістік кооператив­терге біріктірген орынды болар еді. Ерікті негізде бірігіп, өздерінің басшы органдарын құрған бұл өндірістік коопе­ративтер болашақта жергілікті өзін-өзі басқарудың сенімді тірегіне айналар еді деп ойлаймыз.

Жоғарыда біздің елімізде қор рыногы жеткілікті дамымағанын айтқан едік. Тіпті ол мүлде дамымаған деуге болады. Кезінде үлкен шешімдер қабылданып, бағалы қағаздар рыногын дамыту бағдарламасы бекітілсе де солай болып қағаз жүзінде қалып отыр. Іс жүзінде Қазақстанның барлық ірі компаниялары біздің биржаларда акцияларын сатпайды, кезінде халыққа кеңінен жарнамаланған “көгілдір фишкалар” бағдарламасы да іске асырылмады.

Бір сөзбен айтқанда, қор рыногы әлі де нарық­тық экономиканың біз игермеген қатпары болып қалуда. Сондықтан да, Елбасымыз бейнелеп айт­қандай, отандық нарықтық конструкция бір ая­ғы­на ақсай басуда. Ал енді қор биржасы, егер оның алып­сатарлық құрамдасын жонып тастасақ, ком­паниялардың инвестициялық мақсаттарына қара­жат жұмылдыруының бүкіл әлемде сыннан өткен мүмкіндігі. Инвестициялардың сыртқы көздері жо­ғарыда айтылған себептер бойынша шектелген жағ­дайда еліміздегі қор биржасы, оның толық мән­ді жұмысы жаңғырту мақсаттарына ішкі ре­сурс­­тарды жұмылдыруға әбден қабілетті болар еді.

Қор рыногының дамуы тежелуінің себебі, біздің ойымызша, экономиканы монополия­лан­дырудың бізде елеулі орын алуында болып отыр. Қазақ­станның ірі компаниялары айтарлықтай қуатты, олардың қызметіне монополиялық сипат тән, ондағы меншіктің шоғырлануы өте жоғары, олар іс жүзінде қаражат іздеп биржа алаңдарына да шықпайды. Халықаралық қаржы қорының мә­ліметтері бойынша Қазақстандағы компания­лардың 41 пайызынан астамында акционерлер саны 3-тен артық емес, 24 пайызында 4-тен 10-ға дейін акцио­нер бар. Бұл бәсекелікті, бәсекелік ор­та­ның сапа­сын төмендетеді. Біз жоспарлық бас­тауларды енгі­зетін боламыз, бірақ та өзінің негізгі конструк­циясында бізде орын алған нарықтық экономика. Сондықтан бәсекелік ортаның бо­луы­ның және оның әрекеттілігінің жеке компания үшін де, сонымен бірге салалар және тұтастай эко­но­мика үшін де айрықша маңызы бар. Осыған бай­ланысты Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуының маңызды бір мәселесі экономиканы монополия­сыздандыру, бәсекелестік ортаны сау­ық­тыру болуы тиіс секілді. Бұл өз кезегінде отан­дық қор рынок­тарын қажетінше жандандыруға да жеткізе алады.

Осының бәрі жалпы алғанда экономикалық өсу және осындай өсу көздерін іздестіру пробле­масына айналады. Дағдарыс әлемнің дамыған елу мемлекетінің қатарына кіру жөніндегі біздің мақ­сатымызды өзгерте алмайды. Ал оны іске асыру үшін, ҚХР секілді ұзақ мерзімге экономикалық өсудің жоғары қарқынын қамтамасыз ету керек. Ал мұндай қарқынға қол жеткізу үшін бізге капитал­дың қорлану нормасын (негізгі капиталға инвестициялар деңгейін) кем дегенде үш есе ұлғайтып, 25-30%-ға жеткізу қажет. ҚХР-да бұл көрсеткіш ұзақ уақыттан бері 40%-ды және одан жоғарыны құрап отыр. Сондықтан экономикалық өсудің көздерін, соның ішінде қаржы көздерін іздестіру біз үшін дағдарыстан кейінгі дамуда өзекті де маңызды болып табылады.

Шет елдерден экономикалық өсуді белсенді ынталандыру мысалдарын көптеп табуға болады. Қытай тәжірибесіне жүгінетін болсақ, оның белсенді қаржы саясаты дағдарысқа қарсы ғана емес, сонымен бірге экономикалық өсудің жоғарғы қар­қынын ұстап тұруға да бағытталған. Атап айт­қанда, саналы түрде мемлекеттік бюджеттің жоға­рырақ тапшылығы жоспарланады. Одан әрі ақша массасының үлкен көлемі айналымға шығары­лады. Сарапшылар мынадай фактілер келтіреді: 2004-2006 жылдары бұл елдегі экономиканың монетизациялау деңгейі (М2 ақша массасының ІЖӨ-ге қатынасы) 180-185%-ды құраған. Ресей Федерациясында бұл көрсеткіш 34%, Қазақстанда – 40%-дан кем болған, ал егер теңге массасын ғана ескеретін болсақ – 29%. Қытай сондай-ақ инвестициялық мақсаттарға арналған мемлекеттік несие облига­цияларының ірі эмиссияларын қол­данады. Маман­дардың бағалауы бойынша ҚХР-да шығарылатын құрылыс займдары ішкі сұраныстың жетімсіздігін өтеп, ІЖӨ-нің қосымша жылдық өсімінің орта есеппен 1,5-2%-ын қамта­ма­сыз етеді. ҚХР-да ақша экспанциясының аталған түрлері елеу­лі инфля­цияға соқтырмайтынын, өйткені олар экономика­ның нақты секторына жұмсалатынын атап өту қажет. Қазақстанның қаржы билі­гін­де­гілерге де экономикалық өсуді қамтамасыз ететін осындай көздер мен шаралар туралы ойланған жөн.

Дүние жүзінде рыноктың этикалық базасында бүліну жүріп жатыр. Кезінде Макс Вебер Батыста капиталистік нарықтық қатынастардың қалыпта­суын­дағы протестанттық этиканың айрықша рөлін атап өткен. Ресейде де капитализмнің елең-ала­ңында шағын зауыт иелері мен көпестер іскерлік этика қағидаттарын қатаң негізге алған. Біраз уақыттан кейін бұл келмеске кетіп, оның орнына ашқарақ, қанаушы капитализм келді. Кейіннен демокра­тия­лық үрдістің, заңнамалық базаның дамуы нарықтық қатынастардың азды-көпті өр­ке­ниетті тетіктерін қа­лыптастырды. Алайда, дағдарыс барысында анық­талған, тіпті миллион долларға емес, одан әлдеқайда көп – көптеген миллиард долларлық жалдаптық, алдау, жалған кәсіпкерлік фактілері іскерлік этикадағы ауқымды тәртіп ора­сан бұзылғанын және сенім дағдарысының бас­талғанын көрсетеді.

Өкінішке қарай, осындай құбылыстар мен фак­ті­лер бізде де орын алды. ТұранӘлем және Альянс­банк секілді жетекші банктерге қатысты оқиғалар – соның айқын дәлелі. Үкіметке, сондай-ақ бүкіл бизнес-қоғамдастыққа сенімді нығайту, іскерлік этикасының жоғалған норма­ларын қалпына келтіру жөнінде қатты ойланатын кез келді. Бұл дағдарыс­ты еңсеру барысында да және тұрақты даму траек­ториясына көшу кезінде де Қазақстан экономи­касы­ның елеулі пробле­малары­ның бірі болады. Бағзы кездегілер капитал дегеніміз сенім, сенімнен басқа ештеңе емес дейді екен. Адалдық, сенім – бұлар аса маңызды қоғамдық институттар, оларды елдің заттық емес байлығына жатқызуға әбден болады. Нақ осы тұр­ғыдан, елдің заттық емес байлығын тұ­рақты ұлғай­ту қажеттігі тұр­ғы­сынан біз көлеңкедегі эко­номикамен, сыбайлас жемқорлық­пен, алыпсатар­лықпен және басқа сенім дағда­рысының көптеген құбылыс­тарымен күрес жүргізуге тиіспіз.

Қаржы дағдарысы дегеніміз – бұл қолданыс­тағы экономикалық жүйені қайта қарау және оның беріктігін тексеру дейді екен. Қазақстан эконо­микасының беріктігіне ешқандай күмән жоқ. Прези­денттің алысты көздейтін стратегия­сын іске асыра отырып, ол жылдан жылға жаңа биіктерге шы­ғуда. Бірақ та дағдарысты еңсере отырып, бізге осынау өте күрделі организмнің кейбір өлшемде­ріне сын көзімен қарау артықтық етпейді. Бұл ма­қала бүгінгі жағдайды ой сарабынан өткізіп, қайта қарау үдерісіне өз үлесін қосу мақсатын көздейді.



Авторы: Кенжеғали САҒАДИЕВ, академик.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат