Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-12-01:

БОЛАШАҚСЫЗ АУЫЛ ЖОҚ

 

Мен 40 жыл бойы ел, ауыл өмірін үңіле зерт­теп, педагогикалық, әлеуметтік-эконо­ми­калық бастамалар көтеріп, жаңа­лықтар ашып және сол бастамаларымды өз қолыммен жүзеге асырып беремін деп белсене кірісіп, арпа­лы­сып, өмірін шексіз бейнет, ауыр күреспен өт­кізіп келе жатқан ақын, социолог-жазушымын. Сол экс­перименттік еңбектерім бәрі дерлік кезін­де “Лениншіл жас”, “Қа­зақ әде­биеті”, “Социалистік Қазақстан” газет­терінде көлемді мақалаларда жарияланып тұрды.

Сонау 60-жылдардың басында “Ленин­шіл жас” газетінің штаттан тыс тілшісі бо­лып, оның беттерінде құнды, маңызды проб­лемалық мәсе­лелер, бастамалар көтер­генім үшін, Қазақ­стан ком­сомолының сол кездегі бірінші хат­шы­сы Өз­бекәлі Жәні­беков қол қойған “Құрмет гра­­мо­тасымен” марапатталдым.  Міне содан бері әлі “ел” деп, “ауылым” деп, тыным таппай келе­мін.

Ақселеу Сейдімбек қайтыс боларынан он­шақ­ты күн бұрын менің “Балсұлу” атты соңғы жазған поэмамды оқып шығып, өте жоғары бағалап : “Жұмаш, сен басыңды тау мен тасқа соға беруді қой. Бәрібір мынау тас қоғам, меңіреу шенеуніктерге сөзіңді өткізе алмайсың, босқа арамтер болып, өлеңге жұмсайтын алтын уақыт­тарыңды сарп етесің. Мен де айта-айта, жаза-жаза шар­шап, тауым шағылған-ды”, – деп ақыл ай­тып еді. Сөздерін диктофоныма жазып алған­мын.  Ақаң менің басымның әуелден тау мен тасқа соғылуға жарал­ған бас екенін қайдан білсін.

Міне, тағы да ауылды құтқаруға ар­нал­ған, әлі де көшіп жатқан ауыл тұр­ғын­да­рын тоқ­татып, тұрақтандыруды, мектеп­терді сақтауды, бос қалып жатқан елді ме­кендерді қайтадан жанға, өріс-жайлау­лар­ды малға толтыруды мақсат еткен жаңа бас­тамамды жүзеге асырамын деп, күресіп жүргеніме бірнеше жыл бол­ды. Мақала-бас­тамам “Егемен Қазақстан”  газетінің биылғы 27 мамыр күнгі санын­да жай­лау­дай боп жария­ланды. Ауыл шаруашы­лығы министрлігін­дегілердің бірде-бірі селт ет­пе­ді. Тіпті, республи­ка­мыздағы ең бе­дел­ді, басты газет редак­ция­сына жауап та бер­ген жоқ.

Қазір көптеген шенеуніктер мен зиялы деп жүрген азаматтар “болашағы жоқ ауылдар” деген сөз тауып алыпты. Айтып отырғандары күні кеше ғана гүлденіп тұрған, малы бұрын мың­­­ғырған,  суы да мол, нуы да бар, шөбі шүй­­гін кеңшарлар мен солардың орталықтары, бөлім­шелері.

Мен Қазақстанда болашақсыз ауыл жоқ  деп бар даусыммен жар салып айта ала­мын. Солай дейтіндердің аузына құм құ­йыл­сын деймін. Болашақсыз ауыл емес, сол ауылдарды қайта жандандырып, мал­дан­дырып шарушы­лық­тарын қалыпқа кел­тіріп өркендетудің жолын білмейтін, біл­гендердің тілін-сөзін  алмай­тын то­ғышар, кертартпа шенеунік-басшы­лар  мен әкім­дер бар.

Қазақ даласы мен ауылдары соңғы ғасыр­лар­­дың өзінде бірнеше рет бос қалып, артынан қайта жанға да, малға да то­лып отырған.  Бұл жолы да солай болары анық. Республика Пре­зи­денті Н.Назарбаев биыл­ғы ақпан айындағы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында: “Қа­зір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, қазір дағдарыс жағдайын­да бізді асырайтын – ауыл”, –  деп ашық та анық айтқан болатын. Және Президентіміз ауыл­да жұ­мыс болу үшін, қаланы ауыл асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғын­да­рын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауым­дастырып, біріктірудің қажет екенін ылғи да ай­тып жүр емес пе. Бірақ соның тиімді жо­лын яғ­ни біріктірудің, қайтадан ұйымдасты­ру­дың те­тік-механизмін Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі де, қала мен дала әкімдері де білмей отыр.

Біздің ауылды қайта көтеру жөніндегі жоба­мыз – “Алыс мал шаруашылықты ауыл­дарға орал­­мандар мен ішкі қоныс­танушыларды орна­лас­­тырудың жаңа үлгі-моделі” деп аталады. Яғ­ни бұл Қазақстан Үкіметінің “Нұрлы көш” бағ­дар­лама­сына қосымша жоба-ұсыныс болып табылады.

Қазір “Нұрлы көш” бағдарламасы бо­йынша Ал­маты, Шымкент, Көкшетау, Қос­танай, Кур­чатов, тағы басқа ірі қала­лардың дәл іргесінде оралмандарды үлкен ауыл етіп орналастыру мақсатында ке­шен­ді құрылыс­тар салынып жатыр. Олар­дың алды 400, соңы 200, 130 отба­сы­на ар­нал­ған. Құрамына тұрғын үйлер, мек­­тептер, мал қоралары, көк­ө­ніс өсіруге ар­нал­ған жы­лы­­жайлар кіре­ді. Соған байла­нысты бюд­жеттен миллиард­таған  теңге қаржы бө­ліну­­де. Ал сол салы­нып болған, немесе салы­нып жатқан ірі қо­ныс­тарға сонша мөлшерде орал­ман­дар кө­шіп келе қоя ма? Егер соңғы жыл­дары Ота­нына ора­лушы­лардың көшіп келуі (әсіресе Мон­­ғолиядан) азайғанын  басыл­ғанын ескерсек, әлгі кешен­дердің бос қалуы ықти­мал.

“Түркістан” газетінің биылғы 24 қыр­күйек күнгі санында жарияланған мақа­ла­да: “Нұрлы көш” бағдарламасы бойын­ша салынып жатқан Көкшетау қаласының жанындағы Қызылжар ауылындағы 270 үй мен Курчатов қаласында күрделі жөндеу­ден өткен 200 үйдің бос қалуы қаупі туындап тұр” деп ашық жазылған. “Жас Алашта” (18 тамыз, 2009) “Нұрлы көш” нұр­лан­­тып тұрған жоқ” деген бүтіндей  бір бет­тік ойлы мақала жарияланды.

Кеңес заманы кезінде “гигантомания” деген адасушылық болды. “Нұрлы көш” бағдарлама­сына сол аурудың вирусы жұққа­ны анық болып отыр. Гигант құрылыстарда гигант жемқорлық қоса жүреді. Мемлекет қаржысы талан-таражға түседі. Оны бақылау –  әр тең­гесі түгіл, әр мил­­­лио­нының қайда кеткенін табу мүмкін емес. Айтпақшы, жоғарыдағы “Түр­кістан” газетіндегі мақала “Сыбайлас жем­қорлықпен күресеміз десек, әуелі заңды өзгерту керек” деп аталған. Демек, “Нұрлы көш” бағ­дарламасына бөлінген миллиардтаған бюджет қаржысына қол сұғыла бастады деген сөз.

“Нұрлы көш” бағдарламасы арқылы ауыл­дарды көтеру, сол ауылдарда мал шаруа­шы­лы­ғын қайта өркендетіп дамыту, шетелдерден ет сатып алудан құтылу, етті им­порттау орнына экспорт­­тау қажет. Ал біз ауыл­ды көтеру орнына орал­мандарға, ішкі қо­ныс­тану­шыларға арнал­ған кешенді құры­лыс­тарды ірі қалалар мен об­лыс орталық­тары­ның ірге­леріне салып жатыр­­мыз. Оларға ха­лық онсыз да ауылдардан ағылып көшіп баруда.

Көкшетау қаласынан 30 шақырым ғана жердегі Зеренді ауданы аумағында “Қой сау­ған” деген елді мекен бар. Бұрын іргелі кең­шар­дың гүлденген бөлімшесі болған. Кеңес Одағының Батыры ұлттық мақта­нышымыз, ұлағатты ғалым Мәлік Ғабдул­лин осы “Қой сауған” ауылында туып өскен. Осында батыр­дың мұражай үйі бар. Алдыңғы жылы арнайы барып көрдім. Бірнеше ғана отбасы қалған, ауыл қаңырап тұр. Жағалай көк терек, шырша, ақ қайың орманы, ауыл сырты түгіл, үй-үй­лер­дің арасы белден көк шал­ғын. Жұмақ мекен. Шіркін-ай, оралман бауыр­лары­мызды бір ауыл етіп, осында көшіріп әкеліп орналас­тырар ма еді деп армандадым. Сондай арман-ой Көк­шетау қаласында орна­­ласқан Ақмола облысы басшыларының басына неге кірмейді? 270 үйді қаланың іргесі­нен салғанша “Қой сауған” сияқ­ты бұрынғы мал шаруашы­лық­ты қолайлы қоныс­тарға бөліп-бөліп орналастырса, қаншама ауыл­дар мен бұрын­ғы қоныстарға қайтадан жан бітер еді.

Біз жасап ұсынып отырған бағдарлама орал­­ман  бауырларымыз бен ішкі қоныс­тану­шыларды қазір бос қалған немесе жар­­ты­­лай бос қалған бұрынғы ірі мал шаруашылықты кеңшарлардың қолайлы қоныстарына жаңа үлгімен орналасты­руға мүмкіндік береді. Екін­шіден, өздерін мем­­ле­кетке еш керегі болмай айдалада қалған адам­дардай сезініп, аз ғана малымен жан бағып отыр­ған ауыл тұрғын­дарын қауым­дық шаруашы­лыққа біріктіріп, мал басын өсіріп, адамдарды жұмыс­пен қамтуға жағ­дай жасалады. Ауылда бұрын­ғыдай шопан, механизатор, жылқышы, мал­шы, сауыншы, зоотехник, жүргізуші, эконо­мист, есеп­ші, бағбан, егінші, бөлімше мең­геру­шісі, қауым­­­дық шаруашылық төрағасы және басқа маман­дық­тар бойынша еңбек орын­дары пайда болады. Үшіншіден, ауылда жұмыс бол­маған­дық­т­ан қалаларға кетіп, берекесіз жұмыс­тарға жегі­ліп, әркім­дерге бір жалданып, үйсіз-күйсіз жүр­ген жас­тарды ауылға, үйіне қайтарып, тұрақтан­дыруға және елдің көшуін тоқтатуға, сөйтіп бала азайып, жабылу қауіпі төніп тұрған мек­теп­терді сақтап қалуға мүмкіндік туады. Төртін­шіден, біздің бұл бастама-бағдар­ла­мамыз – ауылдағы жеке шаруалар мен шағын қожа­лық шаруа­шы­лықтарын ерікті түрде бірік­тіріп, ірілендірудің бірден-бір тиімді  меха­низмі.  Ауыл шаруашы­лығы минис­трлігі осы тетікті таба алмай отыр емес пе. Соның сал­дарынан, Пре­зидентіміз бен республика Үкі­ме­т­і­нің ауыл­дар­дағы жеке ша­руалар мен шағын тиімсіз шаруа қожа­лықтарын бірік­тіріп, серіктестіктер құрып, мал шаруашы­лы­­ғын да­мыту жөніндегі тапсыр­масы орын­далмай отыр.

Біз жалаң идея ұсынып отырған жоқ­пыз. Қос­танай облысының Арқалық қала­лық ауда­нына қарасты бұрынғы ірі шаруа­шылық, “Қа­йыңды” кеңшарының орнын­дағы “Қайың­ды” және “Қызыл жұлдыз” ауылдарының тұрғын­дарымен бірнеше рет жиналыстар өткізіп, мен ұсын­ған бағдар­ла­маны және құрылатын қауым­дық шаруа­­шылықтың жарғысын жан-жақты тал­қылап, сол ауыл адам­дарының толық қол­дауы­на ие болдық. 

Жоғарыда “Нұрлы көш” бағдарламасы бойын­ша кешенді құрылыстар облыс орта­­­лық­тары мен ірі қалалардың іргесіне орналастырып жатқаны және солардың тиімділігіне күмән келтіріліп жүргені тура­лы жаздық. Енді өз жоба­мызға кел­сек, біз гигантоманиядан аулақ­пыз. Таңдап алын­ған әр қолайлы қонысқа 8 отбасыға арнал­ған тұрғын үй салу қажет.

Оралман ағайындарды да, ішкі қоныс­тану­шыларды да ынталандырып, елге-ауылға келуге ықыласын тудыру үшін, олар тұратын тұрғын үй қаладағы 8 пәтерлі бір үй секілді бірге тұтас салына­ды; отын бір отқазаннан жағылып жылы­ты­лады; ішінде ортақ тұрмыстық қызмет көрсететін клуб-бөлме, бастауыш сынып бөл­месі, шағын спорт зал қарастырылған. Клуб-бөлмеде кітапхана, музыкалық аспап­тар, спорт залда бильярд, үстел те­нисі, түрлі спорттық жат­тығу құрал жабдық­тары болмақ.

Қой бағу да одан жастар қашпай­тындай тәсілмен жаңаша ұйымдас­тырылады. 4 отар қой 8 отбасының ортақ жауапкершілігінде болады, бірге бағылып, бірге күзетіледі. Жазда 4 шопан отбасы жайлауға көшіп, қалған 4 отбасы механи­затор болып, жем­шөп дайын­дай­ды, сол қоныста бау-бақша өсіреді. Бұрынғыдай жазда қыстау иесіз қалмайды. Жайлауға көш­кен­дер жеңіл жүк­пен шығып, ауыр жиһаздарын өз пәтер­лерінде қал­дырып кетеді. Келесі жылы биыл қыстауда қалып, мал азығын дайын­даған­дар жайлауға қой бағуға кетіп, ал жайлауда қой баққандар қыстауда қалып орын ауыс­тырады.  Сонда қой бағу жалық­тыр­майтын болады. Жазда 4 шопан отбасы тұтасып бір қонашада бірге отырады. 4 отар қой ортақ жауапкер­шілікте болған­дықтан бірге бағылады. Төрт бөліп бақса да, екіге бөліп бақса да еріктерінде, тәсіл ретінде қолай­лысы таңдалады.

Кеңес кезінде мектептен кейін біз де әкеле­рімізбен бірге қой бағыстық. Сонда шопандар қойымыз қосылып кетеді деп бір-бірлерінен алшақ жерде, не болмаса әр сайдың бойында бөлек-бөлек, жалғыз-жалғыздан отыратын. Қыс қыстауда көршің көмекші жұмыскер ғана болады. Жастар қой бағудың қиыншылығынан емес, қысы-жазы жалғыздықтан қашатын. Әйтпесе, шопандық өмірдің түк қиындығы жоқ, қызығын айтып тауыса алмайсың. Әсіре­се, қой төлдетіп алып, көктем мен жазда жай­лау­ға шыққан кездегі қуанышты айтсай! Тұнық су, таза ауа, жасыл жайлау, жамыраған-маңыраған қозы-лақтардың дауысы... бәрі-бәрін симфония десең болады. Табиғаттың нағыз бел баласы шопандар емес пе.

Мен шопандарды ең зор қиындық-жалғыз­дықтан құтқаратын, жастарды өз еріктерімен қой бағуға ынталандыратын ең тиімді тәсілді тауып ұсынып отырмын. Өйткені, сол жалғыз­дықты өз басымнан кешіріп, шопандарды содан қалай құт­қару­ға болады деп талай бас ауырт­қан­мын. “Шо­пан­дар тұрмысын қалай жақ­сартуға болады” деп мақалалар да жария­лаған­мын. Бұл бастама-жаңалық сол ізденістер мен толға­ныстардың нәтижесі. Қазақтық ұлы даласы, бұрынғы қыс қыстаулар мен жаз жай­лаулар қайтадан мыңғырған малға толуы керек.

Аса мәртебелі Президентіміз Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев өзінің үстіміздегі жылдың наурыз айындағы  халыққа Жол­дауында: “...ет өнімдерінің жарты­сын, құр­ғақ сүттің 53 пайы­зын сырттан әкеліп жүр­міз. Егер осының бәрін шеше алсақ, онда адамдар қаладан селодағы өнер­кәсіп­ке жұмыс істеуге баратын болады”, дей келіп, агроөнер­кәсіптік кешенді дамытуға 280 мил­лиард теңге бөлінгенін айтты. Және жастар жұмысты ауылдан іздесін, соларға жұ­мыс орын­дарын жасаң­дар деп отыр. Біздің көтеріп отырған мәселеміз, ұсынып отырған бағдарлама-жобамыз Пре­зидент тап­сырмасына да, “Нұрлы көш” мақ­са­тына да сай келеді.

Өткен қыркүйек айының 16-күні Қос­танай облысына қарасты Арқалық қалалық ауданы­ның әкімі Теміржан Төлебаевтың қабыл­дауын­да болып, бастама-бағдарламамды алды­на жайып салдым. Мәселенің маңыз­дылығын  түсінген әкім Ауыл шаруашылығы бөлімі бас­ты­ғының орын­ба­сарын және бөлімнің жетекші маманы Қабылбек Қанафинді қосып беріп: “Қайыңды мен Қызыл жұлдыз ауыл­дарына барып, тұрғында­рымен жиналыс өткізіп, елмен ақылдасыңдар, бірігуге ықы­ласын біліңдер, “Нұрлы көш” бағ­дар­ламасы жоспарына еніп жатса, құрылыс салып орна­лас­тыратын орынды анықтап зерттеңдер”, — деп тапсыр­ма берді. Қа­йыңды  ауылының тұрғын­дарымен бұрын жиналыс өткізіп, қол­дау тапқан­мын. Бұл жолы Қызыл жұлдыз ауылы­ның жеке шаруалары­мен екі рет мәжіліс құрып, серік­тес­тікке бірігу­ге толық келісім­дерін алдық. Қой отарын, сиыр фермасын қай жерге қоныс­тандыруды ойлас­тыр­дық, бөлімше меңгерушісі мен екі ауылды біріктіріп құры­латын қауымдық шаруа­шы­лықты кім бас­қарып, атқарушы директор кім болатынын талқылап, ақылдасып мәмілеге кел­­дік. Төрт қой отары құрылысының бірін Тор­ғай өзені жағасында орналасқан Қызыл жұлдыз ауылының іргесінде, екіншісін Қайың­­ды ауы­лы­нан бір-ақ шақырым, көз көрім жердегі “Ай­дар­бұлақ” атты қолайлы мекенде салған дұрыс деген ұйғарым жаса­дық. “Айдарбұлақ” — тұщы ауыз суы мол және бау-бақша егіп өсіруге мүм­кіндік бере­тін бөгет суы да бар аса қолайлы қо­ныс. Қайың­дыда да, Қызыл жұлдыз ауы­лын­да да 11 жылдық мектеп бар; екеуі де жоғары вольтты электр жүйесіне қосыл­ған. Мәдениет үйі және бар.

Бір өкініштісі, Қостанай облыстық әкім­дігі республикалық көші-қон коми­теті­нің Қайың­ды ауылын 2010 жылдың аумақтық бағдар­ла­ма­сына енгізуді сұраған хатын қанағат­тан­дырмады. “Арқалық ауда­нының әкімдігі өздері қаламапты-мыс” деген жауап алынған. Ал шы­нында  Арқа­лық қалалық ауданы әкімінің өте ын­талы болып отырғанын жоғарыда айттық.

Енді не қайран жасаймын деп жанұ­шырып Парламент Мәжілісінің Көші-қон жөніндегі ке­ңес төрағасы, белгілі жазушы-журналист, әріп­тесім Уәлихан Қали­жанов­қа барып мұңым­ды шақтым. Ол бар мәсе­ле­мен жақсылап  ба­йып­тай танысып, Қайыңды ауылын “Нұрлы көш” бағ­дар­лама­сының Қостанай облысы бойынша 2010 жылғы аумақтық бағдарлама­­сына енгізуді сұрап, ҚР Премьер-Министрі К.Мә­­сімовтің өзіне депутаттық сұрау жолда­ды. Үмітіміз сонда.

Біз жоғарыда аталған қалалардағыдай 200-300 отбасылық үлкен кешенді құры­лыс­тар сұрап отырғанымыз жоқ. Әр қонысқа 8 отбасы жұмыс жасайтын үш-ақ қонысқа құрылыс салуға қаржы бөлуді сұраймыз. Егер респуб­лика Үкіметі тілегі­мізді қанағаттандырса мына­дай аса маңыз­ды істерге қол жеткіземіз.

1.Қайыңды және Қызыл жұлдыз ауылдарындағы бала саны азайған 11 жылдық мектептерді сақтап қаламыз.

2.Шетелден көшіп келген қандас­тарымыз ғана емес, ауылдың жұмыссыз отырған тұрғын­дарын да еңбекпен қамта­ма­сыз етуге мүмкіндік туады. Көптеген жұмыс орындары ашылады.

3.Алдағы таяу жылдары қауымдық мал басы өз төлінен өсіп,  аталмыш шаруашылық­тар бұрынғы қалпына келеді.

4.“Қайыңды” шаруашылығының жаңа­­шыл іс-тәжірибесі бүкіл респуб­ликамыздың ауылдары үшін бірігудің, қауымдық мал басын өсірудің, дамытудың нағыз үлгісіне айналады.

5.“Нұрлы көш” бағдарламасына  түзету енгізіп,  ірі қалалар іргесіне алып кешенді құры­лыстар салу орнына, барлық ауылдарда 4 отар қой мен 150-200 сиыр өсірілетін сүт фер­ма­ларын орна­ластыруға, сөйтіп респуб­ликада мал ша­руа­­шылығын тез дамытуға мүмкіндік береді. Мыса­лы, Көкшетау іргесіндегі Қызыл­­жар­да салынып жатқан 270  отба­сылық алып кешенге жұмсалатын қаржы біз ұсынған жоба бойынша ауыл қоныс­тарына бөлінсе, 34 ауыл­ды аяғынан тік тұрғызуға болар еді.  Бұл деге­ніңіз бір емес екі ауданның ауылдарын қамтамасыз ету деген сөз.

Түйіндей келгенде, республика Үкі­меті­нен және Қостанай облысы әкімдігі­нен біз көтеріп отырған бастама-бағдар­ламаға қолдау көрсетіп, “Нұрлы көш” бағдарлама­сының 2010 жылғы аумақтық бағдарлама­сына Қайыңды мен Қызыл жұлдыз ауылдарына біз сұраған мөлшер­дегі құрылыс нысандарын енгізуді, соларға сәйкес қаржы бөлуді ел атынан өтініш етеміз.



Авторы: Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-социолог.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат