Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2009-12-08:

Тікелей желі: мемлекеттік органдардың жауаптары

СОТ – ӘДІЛДІК ПЕН ЗАҢДЫЛЫҚ ҚОРҒАУШЫСЫ 

 

1. Қылмыстық сот өндірісіне байланысты сұрақтар

– Менің жолдасым жеті жыл түрмеде отыр. Мен көп балалы үлгілі отбасы болып есептелемін. Осы жеті жылдан бері адво­катпен бірге шындық, әділеттікті іздеп, барлық жерде болдым, түбіне жетпей келе жатырмын. Шындыққа жететініме сенім­дімін. Қалай жетуге болады? Көмек сұраймын! Т.Жұбайханова.

– Жолдасыңыз 7 жылға бас бостанды­ғынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқандығы соттың үкімі бойынша оның қылмыс жасағандығына кінәлі деп таныл­­ғандығын айғақтайды.

Үкімге келіспеген тарап келесі сот са­ты­­­­ла­рына шағымдануға құқылы.

Сіздің көрсетуіңіз бойынша, жолда­сы­ңыз­дың қорғаушысы үкімнің заңды­лы­ғын дау­ла­ған, алайда үкім өзгеріссіз қал­­дырыл­ған. Мұн­дай жағдайда қорғау­шы­ның ша­ғымы бойын­ша істі тексер­ген сот сатысы үкім негізді деген тұжырымға келді деп санауға болады.

Сотталғанның өзі немесе қорғаушысы заңда көзделген барлық сатыларға шағымдана алады. Жоғарғы Соттың қадағалау алқасы шағымдануға болатын соңғы сот сатысы болып есептеледі.

– 2009 жылы шілде айында Алматы облысы, Қарасай ауданының прокуратура­сы, аға әділет кеңесшісі Н. Р. Құлтаев 09195205100004 санды қылмыстық іс бойын­ша айыптау қорытындысын шығарып, оны басында Алматы облысы (Талдықор­ған) сотына жіберді, бірақ жарты жыл өткеннен кейін оны Қарасай ауданының Қаскелең қаласына аударды, бірақ әлі күнге дейін бұл сот ісі қаралып жатқан жоқ. Мен қандай да болмасын деректерден мүлдем хабарсызбын. Мен жалдаған заңгер-қорғаушы (адвокат) соттық іс түсініксіз жағдайларға байланысты қайта-қайта кейінге қалдырылып отыр. Менен басқа бұл қылмыстық істен зардап шеккендердің саны 400-ге жуық. Ешқандай нәтиже болмаған­дықтан, Сіз бұл мәселенің шешілуіне ықпалыңызды тигізуіңізді сұраймыз. Р.М. Қуанғалиева.

– 2009 жылғы 14 қыркүйектегі Алматы облысы Қарасай аудандық сотының қау­лы­сымен Қазақстан Республикасы Қыл­мыс­тық кодексінің 177-бабының 3-бөлі­гінің “а, б” тармақтарымен, 325-бабының 1-бөлігімен, 325-бабының 3-бөлігімен, 336-бабының 2-бөлігімен, 222-бабының 1-бөлігімен айыпталғандар М.М.Торпақова, Ш.Дербісова, Х.М.Солтанғазинова, Е.Ч.Ақ­жігітов, Ж.Б.Исмаилов, М.Д.Хусну­динов, А.С.Таукенов, Г.Ш.Амановтың қылмыстық ісі қайта тергеуге жіберілген.

Аталған қылмыстық іс бойынша шы­ғарылған қаулыға Қарасай аудандық проку­рорының жеке наразылығымен қылмыс­тық іс Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасында қаралып, аудандық соттың қаулысы бұзылып, қылмыстық іс қайта қарауға сол сотқа сол құрамда қарауға жолданды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

– Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары, 87012815196. Інім жолдас бала­сының қолынан қаза тапты. Осы жылғы тамыздың 15-нен 16-на қараған түнде. Қаза болған баланың жағы кешірім берді. Бірақ прокурордың ұсынысы бойынша Қылмыс­тық кодекстің 103-бабының 3-бөлігіне сәйкес 6 жылға түрмеге қамауды ұсынып отыр. Мен соттың әділ шешімін сұраймын!!! Ж.Баяділова.

– Қоңқақов Сағынғали Шаштыға­ли­ұлы Жылыой аудандық сотының 2009 жыл­ғы 6 қарашадағы үкімімен Қылмыс­тық кодекстің 103-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 (бес) жыл 6 (алты) ай бас бостандығынан айыруға, жазаны жалпы режімдегі түзеу колониясында өтеуге сотталған.

Сотпен сотталған С.Қоңқақовқа жаза тағайындау кезінде сотталушының қылмыс жасауының себептерін, жеке басын, қыл­мыс жасаудан кейінгі мінез-құлқын, жаса­ған қылмысына өкінуін, бұрын сотталма­ған­дығын, қылмыстық іс әрекетті бірінші рет жасап отырғанын, тұрғылықты жері­нен жағымды мінезделетіндігін, отбасылық жағдайын, асырауында кәмелетке толма­ған екі баласының барын, бір баласы туғаннан мүгедек екендігін, жәбірленуші өкілінің жазбаша қолхат арқылы кешірім беріп отырғандығын қаперге ала отырып, Қылмыстық кодекстің 103-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық жаза шеңберінде жаза тағайындалған.

Сізге, жәбірленуші өкілі мен оның қорғаушысына сот үкіміне риза болмаған жағдайда Атырау облыстық сотына апелляциялық тәртіпте шағым беруге құқылы екендігіңіз түсіндіріледі.

— Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен, Өмірбай Әміржанов, Қарасай батыр ау­данының Қаскелең қаласының тұрғыны­мын, Сіз сырт мемлекеттерге ақшасын тық­қандарға, онан кейін үй-жайларын, жерлерін заңсыз алғандарға рақымшылық жасадыңыз. Сізден сұрайтыным, менің 25 жастағы өмір жолын жаңа бастаған баламды сыбайлас жемқорларға қосып, алдымен 4 жылға, содан соң 2 жыл өткен соң жаңа заң шықты деп 9 жылға соттады. Бұл балама рақымшылдық жасауыңызды сұраймын, баламның аты Мұрат Өмірбайұлы Әміржан!

– “Қазақстан Республикасы Прези­ден­тінің жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия туралы” 2006 жылғы 5 маусымдағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес кешірім жасауды республика соттарының соңғы үкім бойынша жазасын өтеп жатқан адамдардың өтініштері негізінде Қазақстан Республикасының Президенті белгіленген тәртіппен қарайды.

Мұндай өтініш тиісті түзету мекеме­сінің әкімшілігі арқылы жолданады.

Сондықтан сотталған М.Ө.Әміржан кешірім жасау туралы өтінішін жазаны атқарушы мекеме әкімшілігі арқылы жолдауы тиіс.

– Қазір жұртты алдап, үй алып береміз, несие алып береміз деп, азаматтардың бар тапқан ақшаларын қағып алып, қашып-пысып жүрген алаяқтар қаптап кетті. Амалсыз сотқа арызданамыз, сот шешім шығарады, бірақ шешім орындалмайды. Сот шешімін орындайтын сот орындаушылары алаяқтардың алдында дәрменсіз, алаяқтар әбден дандайсып алған – оларға өте қатал заң жоқ. Сот орындаушылары өз жұмыс­тарын дұрыс атқармайды. Сондықтан, тиісті заң орындарына алаяқтардың жолын кесуге заң алдында қылмысы үшін жауап бере­тіндей етіп, жұрттан алдап алып кеткен ала­сысын өндіртіп беруге заң орындарына тікелей қатаң тапсырма беруіңізді сұраймыз. Бұл да сыбайлас жемқорлықтың бір түрі деп есептейміз. Сізге мың да бір алғы­сымызды айтамыз! Көп балалы аналардың атынан Дариға Оразаева.

– Бөтеннің мүлкін алдау немесе сені­міне кіру арқылы иемденіп кету алаяқтық болып табылады. Аталған қылмыс құрамы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 177-бабымен қамтылады, оның бірінші және екінші бөлігінде қарасты­рыл­ған алаяқтық – орташа қылмыстардың қатарына, ал үшінші бөлігінде көзделген алаяқтық – ауыр қылмыстардың санатына жатады.

Алаяқтық санатына қарай жазаланады, оның санкциясындағы жазаны жеңіл деуге болмайды. Мысалы, Қылмыстық кодекс­тің 177-бабының 1, 2-бөліктерінің санк­циясы баламалы қылмыстық жазалармен қоса 3-5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырса, 3-бөлігінің санкциясы тек бас бостандығынан айыру жазасын белгілейді және оның төменгі мөлшері 5 жылдан басталып, жоғары мөлшері 10 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру жазасын құрайды.

Алаяқтық бойынша қылмыстық жазаға тартылғандардың саны соңғы үш жылда өскені байқалады. Атап айтсақ, 2007 жылы 1226 адам, 2008 жылы 1496 адам, ал осы жылың 9 айы бойынша 1543 адам сотталған.

Сот шешімдерінің орындалу деңгейі жылдан-жылға артуда. Мәселен, 2001 жыл­ға дейін бұл қызмет Әділет министр­лігінің қарауында болған кезде сот шешімдерінің 35%-ы орындалып келсе, бұл міндет Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке жүктелген кезден бастап көрсеткіш 75%-ға дейін артты. Әрине, бұл соңғы жетістік емес. Бүгінгі күні Парламент сот шешімдерінің орындалуының тиімділігін арттыруға ба­ғытталған жаңа заң қабылдады. Халық­аралық тәжірибеде қолданылып жүрген жеке сот орындаушылары институты енгізілмекші. Осы және басқа да кешенді шаралар мәселені түбегейлі шешуге септігін тигізеді деп ойлаймыз.

 

2. Азаматтық құқықтық дауларға байланысты сұрақтар

– Мен 2006 жылы Қызыл Қайрат ауы­лы, Талғар ауданынан жер сатып алғанмын, сол жерді жер комитеті басқа азаматқа са­тып жіберіпті. 2008 жылы сотқа шағымдан­ғанбыз, қазірге дейін сот шешімін шығармай отыр. Осыған байланысты, ісімізді қа­рауыңыз­ды сұраймын! Жұмағұл Таманчинев.

Сіздің Алатау селолық округі әкімінің 2005 жылғы 15 наурыздағы №38 Б.К.Қой­шиевке жер учаскесін беру туралы шешімін заңсыз деп тану туралы талап арызыңыз Талғар аудандық сотына 2009 жылы 17 сәуірде түскен.

Талғар аудандық сотының 2009 жылғы 9 шілдедегі ұйғарымымен тараптар сот мәжілісі болатыны жөнінде алдын ала хабарланса да, екінші шақыру бойынша сотқа келмегендіктен, талап арыз қараусыз қалдырылған.

Азаматтық іс жүргізу кодексінің 250-бабының 4-бөлігінің талаптарына сай, Сіз өзіңіздің сот отырысында болмауыңыздың дәлелді себептерін растайтын дәлелдеме­лер ұсына отырып, сотқа аталған ұйғарым­ды бұзу туралы өтініш келтіруіңізге немесе жалпы тәртіп бойынша сотқа тағы да арыз беруге құқылы екендігіңізді түсіндіреміз.

– Сұрағым жер учаскесі туралы. Үйімді кепілдікке банкке қойып, 2008 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданының Қаскелең қаласында 15 мың АҚШ долларына 8 сотық жер учаскесін сатып алып едім. Жер туралы мәліметті Каскелең қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығынан алып, жер тура­­­лы толықтай дұрыс құжатты алып, се­нім­­­ділік қағазын нотариалды түрде жерді өз аты­ма аударғанмын. Тексере келе, бұл жер тек қана қағаз жүзінде ғана бар болып шық­ты. Бүгінге дейін жер туралы Алматы облы­сы, Қаскелең қаласындағы аудандық сот және Қаржы полициясына шағымданып еш нәтиже ала алмадым. Қазір ай сайын 47 мың теңгеден төлеп келемін, жай көк қағаз­ға. Көмектесуіңізді сұраймын!!! Күлпаш Нұр­таева.                                                       

– Сіздің және Д.Нұртаевтың жауап­кер­лер Б.Ізбасаровқа, нотариус Ш.Жазыл­бековаға жер учаскесін сатып алу-сату келісім-шартын заңсыз деп тану және 1 620 000 теңге өндіру туралы берген талап арызыңыз Қарасай аудандық сотының 2009 жылғы 27 қазандағы сырттай шеші­мімен қанағаттандырылған, даулы келісім-шарт жарамсыз деп танылған, Д.Нұртаев­тың пайдасына жауапкер Б.Ізбасаровтан 1 620 000 теңге қарыз, материалдық залал 100 000 теңге, моральдық залал ретінде 1 000 000 теңге, барлығы 2 737 496 теңге өндірілген.

Өтінішіңізден нақты қандай мәселе көтеріп отырғаныңыз белгісіз. Егер Б.Ізбасаровтан сатып алған жер учаскесі туралы болса, онда көрсетілген сот шешімі шығарылған, оның заңдылығы тиісті тарап апелляциялық немесе қадағалау шағымын келтірсе, Алматы облыстық сотында тексеріледі.

Ал сіздің көрсетілгеннен басқа жер учас­кесін ала алмай жүрмін деген уәжіңіз­ге келетін болсақ, ол туралы жергілікті әкімге, жер қа­тынас­тарын реттейтін орган­дарға, олардың шешімімен келіспеген жағ­дайда сотқа жүгіне алатыныңызды түсін­діреміз.

3. Сот шешімін орындау, сот жұмысын жетілдіру мәселелері

– Жезқазған каласы әкімдігіне қарас­ты Мәдениет және тілдерді дамыту ме­кемесі 2008 жылғы 15 жел­тоқсанда заңсыз жұмыстан босатты. Соған байланысты калалық және облыстық соттардың ше­шімдері бар. Соттың шешімі бойынша мен жұмысқа қайта­дан орна­ласқан бола­тынмын, бірақ соттың шешімі орындал­май отыр. Тасмағанбетова Айша Жапарбайқызы.

– Жезқазған қалалық со­тының 2009 жылғы 16 қыр­күйектегі сізді “Мәдениет жә­не тілдерді дамыту” мемлекеттік меке­ме­сі­не штаттық кестеге сәйкес, ЕR-4 санаты­мен мемлекеттік қызметкер ретінде жұмысқа орналастыру туралы атқару парағы бойынша Қарағанды облысы соттар әкімшісі Жезқазған аумақтық сот орындаушылар бөлімі сот орындаушы­сымен 2009 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысымен атқарушылық өндіріс қозғалып, орындауға жолданған.

Бүгінгі күні “Жезқазған қаласының Мә­дениет және тілдерді дамыту бөлімі” мемлекеттік мекемесінің № 20 санды 2009 жылғы 5 қарашадағы ЕR-4 санатымен жұмысқа қайта алу туралы бұйрығына сәйкес сіз жоғарыда көрсетілген мекемеге келісіміңіз бойынша жұмысқа қабыл­дандыңыз.

Одан басқа өзіңіздің ұсынысыңызбен Жезқазған қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен Жезқазған қаласының Білім бөліміне бос орынның болуына байланысты тұрақты жұмысқа ауыстыру үшін қажетті құжаттар Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігіне келісім беруге жіберілген.

— Менің отбасымда әйелім мен қызым мүгедек. Содан әйелім менің келісімімсіз үй сатып алмақшы болып, 400000 теңгеге апаттық жағдайдағы үйді Садвакасова Айгүл деген келіншек бізге алдап сатып кеткен. Осыдан кейін отбасымды алдап, сол үйде бір ай қамауда ұстаған. Мен полицияға хабарласып, олар іздеп жатырмыз деп айтты. Менің әйелім тек бір айдан кейін ғана хабарласты. Енді барсам, үй тұруға жарамайды. Ешқандай тұратын мүмкіндік жоқ. Мен оларды сотқа бердім және сот шешім шығарып берді. Прокуратураның араласқысы келмейді. Мен Сізден көмек сұраймын. Айдаров Қамза.

– Ақсу қалалық сотының 2009 жылғы 6 қазандағы шешімімен өтініш берушінің А.Г.Садвакасоваға, Павлодар нотариалдық округы Ақсу қаласының жеке нотариусы М.Б.Мұқановаға, үшінші тұлға Ақсу қала­сы­ның әділет басқармасына сату-сатып алу келісім-шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызы қанағаттанды­рылып, келісім-шарт жарамсыз деп танылған және жауапкерден 370 мың теңге өндірілген.

Атқару парағы өндіріп алушыға 2009 жылдың 26 қазанында берілген.

2009 жылғы 27 қазанда берілген өті­нішке сәйкес аталған атқарушылық өнді­ріс Ақсу аумақтық бөлімінің орындауында.

– Күйеуім алимент төлемейді. Соттың шешімі бар. Орындау туралы шешімді жоғалттым, енді сол шешімді қайта ала аламын ба? Негізі, құжатжайда болу керек қой? Рсаева Бағдагүл.

– Егер де атқару парағын жоғалтқан болсаңыз, алимент өндіру туралы шешім шығарған сотқа атқару парағының көшірмесін беру туралы өтініш жазуыңыз қажет. Өтініште өзіңіздің толық аты-жөніңізді, тұрғылықты мекен-жайыңызды, борышкердің толық аты-жөнін, оның мекен-жайын, егер де белгілі болса, сот шешімінің қашан шығарылғанын және нөмірін көрсетуіңіз қажет.

Сонымен қатар, өтініште атқару парағы қандай себептермен жоғалғаны туралы жазу керек.

Атқару парағын қолыңызға алған соң борышкердің тұрғылықты мекен-жайы немесе жұмыс орнының орналасқан жері бойынша сот орындаушыларының аумақтық бөліміне тапсыру қажет.

– Сот хатшысы судьяның әр ісінің уақ­ты­лы қаралуына тікелей қатысты мемлекет қызметкері деп білемін. Сот хатшыларының материалдық жағдайын адал атқарған қызметтеріне қарай көтермелеу болашақта өз шешімін тауып жатса, жастар да қуа­ныш­ты болатынына сенімдімін. А.С.Сейпілжанова.

 – Қазақстан Республикасындағы сот жүйесінің қызметкерлері – мемлекеттік әкім­шілік қызметшілер болып табылатын­дықтан, оларға белгіленетін еңбекақы мөл­шері Қазақстан Республикасы Президен­тінің 2004 жылғы 17 қаңтардағы N1284 “Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті және Ұлттық банкінің сметасы (бюджеті) есебінен қамтылған Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі туралы” Жарлығына және басқа да еңбекке қатысты заңнамаларға сәйкес мемлекеттік әкімшілік лауазымдарының санаттарына қарай белгіленеді.

Сонымен қатар Елбасының 2009 жылғы 6 наурыздағы “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты халыққа Жол­дауында 2010 жылы бюджет қызметкер­лері­­нің жалақысы 25 пайызға, ал 2011 жылы тағы да 30 пайызға көтерілетін болады делінген.

Сондай-ақ 2009 жылғы 18 қарашада болған Қазақстан Республикасы судьяла­ры­ның V съезінде сот әділдігін жүзеге асы­руды қамтамасыз ету мәселелерін жақ­сарту мақсатында қолданыстағы заңнама­ның шегінде облыстық соттардың кеңсе­лерін Соттар әкімшілерінің тиісті бөлім­дері­мен біріктіру арқылы кеңсе меңгеру­шісі қызметі соттардың қызметін ұйым­дас­тыруға басшылық жасайтын кеңсе басшысы қызметі болып қайта өзгертілуі көзделді.

Қазіргі таңда осы қойылған мәселе­лерді орындау бойынша Жоғарғы Сот бірқатар жұмыстарды атқаруда.

– Мен 2004 жылдан бері судья лауазы­мына кандидатпын. Бірақ конкурстан өте алмай жүрмін. Бұл теорияны немесе практи­каны білмегеннен емес. Конкурс жарияла­ған­нан құжаттарымды жіберемін, бірақ “сіздің кандидатураңыз өтпеді” деген жауап аламын. Жауапты не себептен өтпегенім туралы жазылмайды. Менің кандидатурам барлық талаптарға сай келеді. Қазіргі кезде сот жүйесі заңдылығына өзгерістер енгізі­летінін естіп, өз ойымды айтқым келеді. Судья лауазымына конкурс өткізген кезде неге әрбір кандидатты шақырып, оның іс жүзінде сот процесін жүргізу, процесс кезінде өзін ұстау, сот актілерін жазу мүмкіндігін тексеріп, соның қорытындысы бойынша судья лауазымына алмасқа. Мен сот жүйесінде 6 жыл жұмыс істедім, қазіргі уақытта заңгер болып жұмыс істеймін. Осындай әдіспен судья лауазымына конкурс өткізетін болса, оған тек қана сот ісін білетін, сот процесін жүргізе алатын лайықты адамдар өтетініне кәміл сенемін. Ахметқалиева Құралай.

– Елімізде жергілікті және басқа сот­тардың судьялары қызметінің бос орын­дарына кандидаттарды іріктеу өкілетті мекеме – Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің (бұдан әрі Кеңес) құзырына жатады.

Судьялардың бос қызмет орындарына кандидаттарды конкурстық іріктеуді Кеңес өз қызметіне араласуды болдырмау жағ­дайында, “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 29-бабында көрсетілген талаптарға сай келетін адамдар арасынан ашық және жария түрде жүзеге асырады.

Кеңестің шешімдері өзіне қатысты мә­се­ле қаралатын адамның, сондай-ақ өзге де шақырылған адамдардың қатысуынсыз отырысқа қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.

Сіздің судья лауазымына конкурс өт­кіз­ген кезде әрбір кандидаттың қасиетте­рін жан-жақты бағалау туралы ұсыны­сыңыз өте орынды және бүгінгі күні іске асырылуда. Атап айтсақ, судья лауазымына конкурсқа қатысушы үміткерлердің тізімі Жоғары Сот Кеңесі тарапынан жұмыс істе­гісі келетін жергілікті соттарға байла­нысты тиісті облыстық сотқа жолданады. Облыстық сот комиссиялық тәртіппен үміткерлерді шақыртып, олардың кәсіби деңгейі мен қабілетін зерттеп, өз ұсыным­дарын береді. Түпкілікті шешім қабылдау кезінде барлық көрсеткіштер ескеріледі.

– Қазіргі кезде сот жүйесінде маман­дар­ды тамыр-таныс арқылы алып, сот жұмысы сапасының құлдырауына әкеліп соғып отыр. Бұл – білімі таяз сот, заңды білмейтін сот орындаушысы, мәдениетсіз мамандардың кесірі. Сот жүйесіне толық реформа қажет. Сот басшылығы мен сот­тарды 70 пайыз жаңарту қажет. Сот қыз­метіне 35 жастан жоғары бірінші инстан­цияға, 40 жастан жоғары екінші инстанцияға сайлау жүйесін енгізу қажет деп санаймын. Сот жүйесіне реформа жасау ойыңызда бар ма? Қайырғали Кеңесбайұлы.

– Сіздің сот жүйесінде мамандар тамыр-таныс арқылы алынғандықтан сот жұмысының сапасы құлдырауда және сот саласында білімі таяз, заң білмейтін қызметкерлер қызмет атқаруда деген уәждеріңіз негізсіз.

Себебі, “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасының Конс­титуциялық заңына сәйкес, судья­лық­қа кандидаттар күрделі іріктеуден өтеді. Атап айтқанда, судья болып арнайы тексеруден өткен, жоғары білімі бар, білік­тілік емтиханын, оның ішінде маман­дан­дырылған магистратураны бітірген, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және соттың жалпы отырысының оң пікірін алған адам тағайындалуы мүмкін. Судья қызметінің бос орындарына кандидаттар іріктеуді Жоғары Сот Кеңесі осы көрсетіл­ген талаптарға сай келетін адамдар арасы­нан конкурстық негізде жүзеге асырады.

Осындай күрделі іріктеуден өткеннен соң ғана кандидат Елбасының Жарлы­ғымен судьялық қызметке тағайындалады.

Ал судьялық қызметтің бос тұрған ор­нына кандидаттың жас мөлшерін ұлғайту жөніндегі пікіріңізге Елбасы Қазақстан судьяларының V съезінде кандидаттарды іріктеуде, олардың жас мөлшерін ұлғай­ту­ды, кәсіби және моральдық тұрғыдан қам­тамасыз етуді міндеттегенін хабарлаймыз.

Қазіргі таңда, осы міндеттерді орын­дауда Жоғарғы Сот судьялыққа кандидат­тарға жас мөлшерін ұлғайту мәселесін және тәжірибелі мамандар арасынан кандидаттарды іріктеуді қарастыруда.

2009-2011 жылдарға арналған страте­гия­лық жоспарды жүзеге асыру мақса­тында Жоғарғы Сот судьялар қатарында өз ісіне немқұрайлы қарайтын, кездейсоқ адамдардан арылу жөнінде саясат жүргізуді күшейтті. Республика судьяларының іс-әрекеттері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалар және жеке және заңды тұлғалардың ша­ғым­дары жан-жақты тексеріліп, нәтиже­лері бойынша қатаң жазалар қолданылуда.

Жоғарғы Сот судьялардың жұмысының сапасын бағалау және сот төрелігін жүзеге асыруда көрсеткіштері төмен судьяларды анықтау мақсатында сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы тетік жүйесін – субъекти­визмнің элементтерін болдырмайтын, сот қызметінің мониторингі іске қосылды. Осы бағытта облыстық соттардың жалпы отырыстарының және Сот жюриінің жұмыс тәсілдері қайта қаралуда.

Сот жүйесіндегі реформаға келетін бол­сақ, 2009 жылғы 18 қарашада болған Қазақ­стан Республикасы судьяларының V съе­зінде бұл өзекті мәселелердің бірі бол­ды. Судьяның біліктілігі мен моральдық-адам­гершілік қасиеттеріне қойылатын талап­тар күннен күнге жоғарылатылып, елімізде кәсі­би білікті судьялар корпусын құру мәселесі бұрынғысынша өзекті болып қала береді.

 Сот ісін жүргізудің жеңілдетілген тәсілдері жөніндегі халықаралық сот практикасын үлгі етіп алу көзделуде.

Бұлар соттар мен судьялардың одан әрі мамандануын кеңейту, дауларды жария тәртіп енгізумен қарау және даусыз жан­жалдарды қараудың белгіленген тәртібін жетілдіру, татуласу рәсімдерінің және медиацияның кеңінен таралуы сияқты мәселелер. Цифрлық дыбыс-бейнежазба арқылы сот процесінің барысын электрон­дық форматта толық жазып алуға бола­тын­дықтан, қазіргі заманғы технология­ларды енгізу сот отырысының хаттамала­рын қағаз нұсқада әзірлеуден кезеңімен бас тартуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, бейнежазба сот процесінің қатысушыла­рын өз кезегінде тәртіпке шақырып, шағымдарды азайтады.

Осы және сот жүйесінде басқа да бір­қатар реформалар жүргізілуі қажет деген сұрақтар аталған съезде қарастырылған.

Қазіргі таңда осы қойылған мәселе­лерді орындау бойынша Жоғарғы Сот бірқатар жұмыс атқаруда.

– Президент мырза! Мен, Әділбаев Мелде­бек Мырзаұлы, запастағы әділет полков­нигімін. Прокуратура, тергеу органда­рында 25 жылдық тәжірибем бар, соның ішінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен мемлекеттік тергеу комитеті орталық аппараттарында қызмет жасадым. АҚШ Федералдық тергеу бюросымен бірлесіп, 4 жыл көлемінде қылмыстық іс тергедім. АҚШ Үкіметі менің қызметімді бағалап 1998 жылы Қазақстан Республикасына 1 (бір) млн. доллар сыйақы берген. Соңғы қызмет орным Шымкент гарнизонының әскери прокуроры. Қазір зейнеткерлік демалыстамын. Сізден сот өндірісі жүйесін реформалау туралы айтылып жүрген пікірлерден мүлдем өзгеше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімділігі жоғары баламалы жоба жасап шығуға рұқсат беруіңізді сұраймын.

– Еліміздің сот жүйесін реформалауда игі шаралардың атқарылып жатқаны белгілі. Әлі де шешімін күтіп тұрған мәселелер баршылық. Осы бағытта өзіңіз сынды ел қамын ойлаған, мол тәжірибелі азаматтардан сот өндірісін дамыту бағы­тында ұсыныстар мен жобалар түсіп жатса, алғысымызды білдіре отырып, зерделеп шығуға әзірміз. Түйінді пікірлеріңіздің жүзеге асырылуы әбден мүмкін.

Өз ұсыныстарыңызды Қазақстан Респуб­ликасының Жоғарғы Сотына мына мекен-жайға жіберуіңізге болады: 010000, Астана қаласы, Қонаев көшесі, 39.

Атап айтқанда, Жоғарғы Сот бастаған бірыңғай сот жүйесінің қызметін реттейтін тиімді заңнамалық база құрылды. Маман­дандырылған экономикалық, әкімшілік соттар және кәмелеттік жасқа толмаған­дар­­дың істері жөніндегі соттар, Алматы қа­­ласында қаржылық сот пен әскери сот­тар құрылды. Алқабилердің қатысуы­мен қылмыстық істерді қарайтын маман­дандырылған соттарды құру жоспарлануда, салық соттарын енгізу мәселелері талқылануда.

2005 жылы қабылданған іс жүргізу заңнамасына соттылықтың аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңмен сот ісін жүргізуді жеңілдету жөнінде алғашқы қадам жасалды. Оған сәйкес Жоғарғы Соттың соттылығынан бірінші саты бойынша қылмыстық істерді қарау алып тасталды және бір қадағалау сатысы қысқартылды.

Осы тұжырымдаманың қисынды жал­ға­сы ретінде Жоғарғы Сот еліміздің сот жүйе­сін одан әрі оңтайландыруға бағыт­тал­ған және Жоғарғы Сотта апелляциялық сатыны, аудандық соттардың рөлін күшей­те отырып, облыстық соттарда бірінші және қадағалау сатыларын қысқартуды көздейтін заң жобасын әзірледі. Негізінен барлық істер бірінші саты бойынша аудан­дық және оған теңестірілген соттарда қара­­­латыны, ал олардың актілерінің заң­ды­лығы облыстық соттарда апелляция­лық және кассациялық, Жоғарғы Сотта қадаға­лау тәр­тібімен тек­серілетіні қарасты­рыл­ған. Нәти­жесінде елімізде халықара­лық тәжіри­беге сай үш сатылы сот жүйесі енгізіледі. Қа­зіргі уақытта заң Республика Парла­ментін­де қабылданып, Президентке қол қою үшін жолданғанын атап айтуы­мыз қажет.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат