Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-02-20:
БАСТАУЛАР БАҒДАРЫ

 

Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ, Сенат депутаты.

Мемлекет басшысы Н.Назар­баев­­тың халыққа Жолдауы алдағы онжылдық мерзімге бағытталған­ды­ғымен маңызды. Бәрінен бұрын Елбасы инновациялық технология­лар мәселесін алға қойып отыр. Бұл жөнінде Үкіметтің арнайы бағ­дарламасы да бекітілген.

Соңғы жылдары өнеркәсіп өнім­дері тікелей шикізат саласы­мен байланысты артқанын көреміз. Шикізат экспорты экономикамыз­дың 70-80 пайызын құрайтындығы да жасырын емес. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған технологиялар қолданыс­қа еңбегендіктен, бұл салада ке­шеуіл­деп қалудың бар екендігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Енді қалыптасқан жағдайды түбірімен өзгертетін уақыттың келгендігін Жолдау айқындап берді.

Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зарбаев “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросы отырысында бізге ескі құрал-жабдықтардың қажеті жоқ, тек заманауи озық технологиялар керек дегенді айтты. Бұдан шыға­тын қорытынды – индустриялық бағдарламаны тек жаңа техноло­гия­лар негізінде ғана жүзеге асыру­ға болады. Алдағы онжылдықта индустрияландырудың арқасында еліміздің ішкі жалпы өнімі бірнеше есе өсуі тиіс.

Елбасы, сондай-ақ өңірлерге басымдық беру қажеттігіне назар аудартты. Мәселен, әр облыстың даму деңгейі әрқилы. Батыс Қазақ­стан облысындағы даму мұнайдың арқасында болса, мұнайы жоқ, өзге өндірістері де мардымсыз Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыста­рының экономикасы төмендеу. Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары кен өндіру­дің арқасында жағдайларын түзей алып отыр. Уақытында Елбасы  атап көрсеткеніндей, біз осы өңірлердің дең­гейін көтеретіндей жұмыстар ат­қаруымыз керек. Оңтүстік Қазақ­стан облысын алсақ, қазір онда 3 миллионға жуық халық тұрады. Солардың мәселесін шешу үшін мұнда көптеген жобаларды жүзеге асыру қажет. Өкінішке қарай, біз көптеген жеміс-жидектерді көрші­лес Өзбекстаннан әкелеміз. Бұл өнімдерді өзімізде де өндіре алар едік. Судың тапшылығына байла­нысты өңірде тамшылатып суару әдісін барынша кеңейту қажет. Одан кейін алынған өнімді тереңі­рек өңдеп, оны консервілеуді то­лық жүзеге асыра алмаудамыз. Қа­зір сауда орындарындағы өңделген көкөністердің көпшілігі шетелден әкелінгендер. Жылыжай­лар әзірге тым аз, сондықтан алдағы жылда­ры оның санын арттыру мәселесіне де ден қою орынды болмақ.

Осы ретте тағы бір айта кететін мәселе, еліміздегі бірқатар облыс­тар дотациялы саналады. Бұл, әрине, сол облыстар тоқырап қал­ған дегенді білдірмейді. Дегенмен, қосымша құн салығы мен корпора­тивті кіріс салықтарының барлығы дерлік республикалық бюджетке түседі. Менің қосымша құн салығына ешқандай таласым жоқ, әйтсе де корпоративті салықтың бір бөлігін сол өңірлерде қалдыру арқылы облыс басшыларын ынта­ландыруға болар еді деп ойлаймын. Менің пайымымша, әр облыстың жағдайына қарап, корпоративті салықтың 25-50 пайыздайын жергілікті жерлердің бюджетінде қалдырсақ, көп нәрседен ұтылма­сы­мыз анық. Қаржының белгілі бір бөлігі өз өңірлерінде қалатын­ды­ғына көз жеткізген соң, жергілікті басшылардың жаңа кәсіп­орындар ашуға және инвес­тициялар тартуға мүдделі болары айтпаса да түсінікті. Соны­мен бірге, жергілікті жерлердегі көп­теген әлеуметтік мәселелер өзді-өзінен шешіле бастар еді. Бұл мәселе үнемі Үкімет алдына көлде­нең тартылғанымен, әзірге ол шешімін таба қойған жоқ. Егер сол корпоративті салықтың  белгілі бір бөлігін жергілікті жердің иелігіне қалдырсақ, индустриялық даму да күшейе түсер еді. Барлық облыс басшыларының бірінші кезектегі ойы – қалайда облыстық бюд­жетке түсетін салық көлемін кө­бейту. Шет елдерден ақшалы азаматтар мен өзіміздің қалталылар көптеген ұсыныстарымен облыс басшыларына келіп жатады. Енді жаңа кәсіпорындар ашамын дегендерге кейбір жеңілдіктер беру қажет. Мейлі, оларды бірнеше жылға корпоративті немесе қо­сымша құн салығынан босату, сон­дай-ақ шет елдерден алып келетін құрал-жабдықтарын кедендік төлемдерден босату сияқты жеңіл­дік­тер қарастырылғаны жөн. Әри­не, мұның барлығы тиісті заңна­маларға белгілі бір өзгерістерді көздейді.

Еліміз егемендігін алғаннан кейін урбанизация үдерісі белең ала бастады. Жалпы, республика бойынша халықтың 42 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған болса, оңтүстік облыстарда ол тіпті 50 пайыздан асады. Ауыл тұрғын­да­ры бәрін тастап, қалаға босқа келе салмайды, ондағы бар мақ­саты – нәпақа табу. Базар айнала­сындағылар күнделікті тамағына қажеттісін ғана тауып жүр. Астана­да қызмет көрсету саласында істейтіндердің көбі сол оңтүстік жақтан келген азаматтар. Әрине, олардың басым бөлігі жағдайлары жақсы болғандықтан келіп жатқан жоқ. Сондықтан қалаларда көпте­ген кәсіпорындар ашып, соларға ауылдық жерлерден жұмысшы­ларды тартуымыз қажет. Оларды әуелі кәсіби-техникалық оқу орындарында оқытып алғанымыз жөн. Урбанизация жоспарлы түрде ұйымдастырылғаны орынды. Көптеген іргелі елдерде, әсіресе, Еуропада қала халқын асырайтын ауылдықтар саны жалпы халық санының 10-15 пайызынан аспай­ды. Мысалы, АҚШ-та ол 5 пайыз ғана құрайды. Біз ауыл шаруа­шылығын неғұрлым дамытатын болсақ, ауыл шаруашылығында істейтін азаматтардың саны соғұр­лым азаяды. Елбасы өзінің Жол­дауында да агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне назар аудартты. Дамыған елдерде ауыл шаруашы­лығындағы еңбек өнімділігі 50-70 мың доллар болса, бізде 3 мың дол­ларға жетер-жетпестей екен. Ауыл шаруашылығында өңделетін өнімдердің санын көбейтуіміз арқылы біз бұл саладағы кемшілік­терді жоя аламыз. Өкінішке қарай, біздің бидай, мақта сияқты ауыл шаруашылығы дақылдарымыз шетелдерге өңделмей жөнелтіледі. Егер соларды терең өңдеп сатсақ, оның құны да артып, одан түсетін пайда да қомақты болар еді. Мысалы, мақтаның 10 пайызы ғана өңделіп, қалғаны шетелдерге кетіп жатыр. Мақта кластері бойынша Шымкентте 3 фабрика аш­ылып, мақтаны өңдеу 17 пайыз­ға дейін өсті. Егер сол мақтаны терең өңдеп, одан киім тігуді толық жүзеге асырсақ, онда мақсатымыз­дың орындалғаны. Көптеген тігін фабрикаларымыз бәсекеге түсе алмай, тоқтап қалған жайы бар. Кедендік одақтың құрылуымен 170 миллион халқы бар еуразиялық кеңістікте өзіміздің өнімімізді сатуға мүмкіндік аламыз. Әрине, ол үшін біз бәсекелестікке бейім болғанымыз жөн. Біздер үшін 600 миллион халық мекен ететін Еуро­палық Одақ үлгі болуы тиіс. Мә­селен, мен облыс басшысы болып тұрған кезімде Белоруссияның Мо­­гилев облысымен қарым-қатынаста болдық. Сол облыстағы тоқыма фабрикалары толықтай жұмыс істеп, белоруссиялықтарды жұмыс­пен қамтып отыр. Бізге де неге солай жасамасқа. Солармен бәсеке­­лестік­те болсақ, соның өзі біздің кәсіп­орындарға айтарлықтай серпін береріне мен кәміл сенім­дімін. Бұл жерде мүмкіншілік көп, сондықтан Елбасының бастама­ларына қолдау білдірілуі шарт.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа эконо­ми­­калық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауында көтерілген мәселе­лердің барлығын жан-жақты пысықтап, оның орындалуын заңнамалық қамтамасыз ету басты міндетіміз деп санаймын.

 

ЕЛДІ ЗАМАН АҒЫМЫНАН ҚАЛМАЙТЫН МАМАНДАР АЛҒА БАСТАЙДЫ

 

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Мәжіліс депутаты.

Парламент депутаттары үш ай сайын өңірлерге шығып тұрады. Әр­бір сапардың өз мақсаты болады. Бұл жолғы міндет – Елбасы Жол­дауының мақсатын түсіндіру, онда көтерілген мәселелер бойынша ел-жұртпен пікір алмасу және халық­тың көңіл-күйін, хал-ахуалын біліп қайту. Осы орайда Ақмола облысы­ның Ақкөл, Бұланды, Бурабай ау­дан­дарында және облыс орталығы – Көкшетау қаласында болып, бір­неше кездесулер өткіздік. Оның ішін­де ауыл шаруашылығы, медици­на және білім беру салалары бойын­ша жеке жүздесулер өтті. Жоғары оқу орындарының, колледждердің жағдайымен танысып, оқытушы­лар­мен және студенттермен кездестік.

Кездесудің барлығы Жолдаудан туындаған мәселелер төңірегінде өрбіді. Бұл Жолдау халықтың көңілі­нен шығып отыр. Жолдауда, ең бас­ты­сы, қол жеткізген елдің табыстары сараланды, әлемдік қаржы дағдары­сынан қалай шығып келе жатқаны­мыз­ға нақты баға берілді. Алдағы он жылдықта атқаратын міндеттер жеке-жеке кезең-кезеңімен көрсетіп берілді. Оны орындаудың жолдары, іс-шараларды жүзеге асыру жоспары және оның базасы қалай болуы керектігі ашып айтылды. Осының бәрін саралай келіп, сайлаушыларға өз пікір­лерімізді жеткізіп: “Құдайға шүкір, қазір экономикамыз тұрақты даму жолына түсіп келеді. Елімізде қаржы бар. Дағдарыстан сүрінбей өттік деуге болады. Келесі белес өт­кен он жылдық кезеңнен әлдеқайда биік межелерге қол жеткізуді талап етіп отыр. Сондықтан барлық азаматтардан елдің ынтымағы мен бірлігін сақтап, ауқымды істер атқару талап етіледі”, – дедік.

Жолдауға сәйкес еліміздегі маңызды міндеттерді іске асыруда, халықтың жағдайын жақсартуда әрбір саланы дамытудың жолдары қарастырылып отыр. Соның ішінде ауыл шаруашылығына тоқталар болсақ, ең басты міндет – ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін өңдеу, бәсе­кеге қабілетті ету және ішкі сұра­ныс­тың 80 пайызын өзіміздің ауыл шаруашылығының өнімдерімен қамтамасыз ету арқылы экспортқа шығару. Ол үшін Үкіметте қаржы мәселелері қарастырылған, деген­мен,  несие беру жүйесін оңтайлы дамытуымыз керек. Бұл – өзекті мәселелердің бірі. Мысалы, екінші деңгейлі банктер былтыр ауыл шаруашылығына 3,5,-4 пайыз ғана несие берген. Сондықтан, бүгін­гі таңда ауыл тұрғындарын несие бөлу мәселесі қатты толғандырып отыр. Ауылдың несие алуға қолын жеткізу қажет.

Айталық, шағын және орта кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдау үшін алдағы бес жылдықта арнайы қаржы қарастырылған. Оның ішінде 8 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны ел бюджетінен бөлу көзделген. Яғни, бұл – шағын және орта кәсіпкерлік алған несие­нің пайыздық үстемесін төмендету мақсатында қарастырылған қаражат.

Елімізде қазіргі уақытта сарап­шы­лардың болжамы бойынша, ша­ғын несиеге 180 млн. АҚШ доллары керек екен. Бұл – бүгінгі таңдағы сұранысты қамтуға қажетті қаржы көлемі. Ал біз оның жартысын да бере алмаймыз. Және несиенің пайыз­дық үстемесі өте жоғары бо­лып отыр. Сол себепті Жолдаудағы көрсетілген межелер болашақта орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға өзінің үлесін қосатындығы сөзсіз.

Ал ауыл шаруашылығындағы мал бордақылау, сүт өнімін шыға­ратын кешендер, құс фабрикалары, егін шаруашылығы, көкөніс өндіре­тін жылыжайлар, қайта өңдеу кә­сіпорындары және басқа осындай үлкен бірлестіктерге де қажетті несие­ні бөлудің жолдарын Үкімет қарастыруы қажет. Оны да жолға қоятын дұрыс жүйе керек. Жуырда Ақмола облысын аралап келген бір топ парламентшілерге депутаттық сауал жолдадық. Біз онда Кредиттік корпорацияның базасында ауылдық банкті ашу мәселесін алға қойып отырмыз. Кредиттік корпорация өз талаптарынан шыға білген санаулы шаруашылықтарға ғана несие беріп отыр. Бәрін қамти алмайды. Ал ауыл­дық банк құрылса, ауыл шаруа­шылығының барлық саласын қам­тыр еді. Яғни, үлкен де, шағын да шаруашылықтар несиеге қол жеткі­зер еді. Сол кезде кішігірім шаруа­шылықтар да несие алу үшін бір-бірімен бірігіп, үлкен өндіріс кеше­ніне айналар еді. Өз кезегінде үлкен шаруашылықтар да одан әрі дами түстетіні сөзсіз. Осы ұсыныста­ры­мызды нақты мысалдармен келтіре отырып, Үкімет басшысына депутат­тық сауал жолдадық. Енді жауабын күтеміз. Мен бұл жерде ауыл шаруа­шылығының бір-ақ мәселесін айтып отырмын, ол – несиеге қол жеткізу.

Елбасы өз Жолдауында халық­тың денсаулығын арттыру, қазақ­стан­дықтардың өмір сүру көрсет­кішін ұлғайту жөнінде айтып өткені белгілі. Кездесулерде денсаулыққа қатысты мәселе де аз қозғалған жоқ. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина саласы жаңа заңмен жұмыс істеп жатыр. Айталық, ем­делгісі келген адам өзінің дәрігерін таңдауына, қалаған емханасына баруына мүмкіндік жасалуда. Сол арқылы қызмет көрсету сапасы артып, баламалы медицинаға жол ашылады деп күтілуде. Дәрігерлер мен ауруханалар арасында бәсеке­лес­тік туады. Сапалы қызметтің нә­тижесінде қаржы да тиімді орнына жетеді деген тоқтам жасалып отыр. Бір сөзбен айтқанда, денсаулық сақтау саласында жұмыс жақсаруы тиіс. Қазір осы мақсатта жұмыстар жүргізілуде. Жаңа бастамаларды медицина саласының мамандары да қолдап отыр.

Дегенмен, ауылдық жерде кез­дес­кенімізде тұрғындар бір қолайсыз жәйт туралы айтты. Егер ауылдық округте тұрғындар саны екі мыңға жетпейтін болса, дәрігерлік-амбула­ториялық учаскелер жабылып жат­қан оқиғалар бар екен. Ал екі мың­­нан асса, ондай қауіп жоқ. Мы­са­лы, бір ауданның елді мекен­де­рінде 11-12 дәрігерлік-амбула­то­риялық емхана болса, соның жарты­сы қалып жатқан көрінеді. Біздің ойымыз – қазіргі уақытта барды жоғалтпай, жоқты таба білетін кез! Сондықтан бірнеше депутат болып, осы мәселенің шешілу жолдарын қарас­ты­рып, Үкіметке, Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс­та­ры­мызбен шыққалы отырмыз. Басты мақсат – халық­тың денсаулығын сақтап, одан әрі жақсартып, аза­матта­рымыздың хал-ахуалын бәсеке­лестік қабілетіне жеткізу. Бұл жәйттер Елбасының Жолдауында да атап көрсетілген.

Денсаулық тек емханаларда қа­ралып, ауруханаларда емделу арқы­лы емес, спортпен шұғылдану, сала­матты өмір салтын ұстану нәтижесінде келетіні анық. Біз кез­де­сулер барысында осы жағына да мән бердік. Мектептерге барғаны­мызда дене шынықтыру пәні қалай жүргізілетінін сұрадық. Біздер оқы­ған кездегідей емес, қазір дене тәр­биесі пәні аптасына үш рет тұрақты өткізіледі екен. Оның сыртында саламаттылыққа, ізгілікке баптайтын сабақтар да өткізілетінін естідік. Жалпы, баланың денесі қимылдау­мен, ой-өрісі жақсылыққа талпыну­мен өседі! Неге десеңіз, қазір әс­керге шақырылғандардың арасында әлжуаз балалар өте көп. Олардың 50 пайыздан астамы тексеру комиссия­­сынан өте алмай жатады. Денсау­лығы да, білімі де жоқ жастарымыз ертең елімізге не береді? Әрбір адамның сынға түскен шағында олар қалай бәсекелестікке төтеп бере алады?! Қалай әлжуаз ұрпақпен адам капиталын өсіре аламыз? Бұл – ойланарлық жәйт.

 Жоғары оқу орындары мен колледждерге барып өткізген кез­десулерімізде келешек мамандардың сапасы туралы ой қозғадық. Өйткені, қазір білім алып жатқан жастарымыз ертең-ақ бітіріп шығып, екінші он жылдықты, яғни Елбасы атап көр­сет­кен 2020 стратегиялық бағдарла­масын жүзеге асыратындар. Сон­дық­тан, олар қалай білім алуда, өз деңгейінде мамандық алып шығуы үшін не жетіспейді, оқу орындарын қалай жетілдіру керек? Осы сұрақтар төңірегінде ой бөлістік.

Қазір арнаулы орта білімді мамандар жетіспейді. Мысалы, көп жерде электрмен дәнекерлеуші, сантехниктер мен электрмонтерлер жетіспейді. Ол кез келген адамның атқара беретін жұмысы емес. Сон­дық­тан бізге кәсіптік-техникалық білім беру орындарын дамыту керек. Ол үшін елге қандай мамандықтар керектігі жөнінде сараптама жаса­лып, нарық заманында бәсекеге түсе алатын, нақты керек мамандар тәрбиелейтін жаңа деңгейдегі орта кәсіптік оқу орны болғаны жөн. Сон­дай оқу орнын ашу жобасы Ақмола облысындағы, Целиноград ауданының орталығы – Ақмол кентінде белгіленген. Және басқа өңірлерде де ашу көзделген. Қазіргі білім беріп жатқан кәсіптік-техникалық училищелердің деңгейі төмен. Олардың шығарып жатқан мамандарына сұраныс та көп емес.

Өнімдерді қайта өңдеу, сондай-ақ механика саласын­дағы мамандар тапшы. Елімізге шетелден көптеген жаңа заманның озық үлгідегі техни­касы мен құрал-жабдықтары келіп жатыр. Соның тілін білу үшін білікті мамандар керек. Бұрын шетелге бір-екі айға жіберіп оқытып алатын болсақ, ендігі жерде ондай маман­дарды өзімізде тәрбиелеп шығаруға мүмкіндігіміз бар. Экономика өзгер­ген сайын техника да өзгереді. Соған сәйкес мамандар да өзгеріп отырады. Осы даму жолы үзілмеуі керек. Заман ағымынан қалмайтын мамандар елді алға бастайды. Елі­міз­дің индустриялық-иннова­циялық бағдарламаларын тікелей жүзеге асы­ратындар да – біздің білікті маман­дарымыз. Сапалы мамандар бол­ған жерде жұмыссыздық та азая­ды. Сол арқылы экономикамыз да­мып, қоғамымыздың іргесі беки түседі.

 

МАҚСАТ —СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ ДАМЫТУ

 

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады осы палата­ның баспасөз қызметі.

Комитет мүшелері ең алдымен әріптестері, Мәжіліс депутаты Валерий Котовичтің бастамасымен жасалған “Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің айна­лымы саласында мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы” заң жобасы туралы бастамашының өз баяндауымен қарастырып, қолдау білдірді.

Одан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары Қай­рат Омаров “Қазақстан Респуб­ликасы мен Француз Республи­касы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты рати­фикациялау туралы” заң жоба­сымен таныстырды. Аталған құжатқа 2008 жылғы маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Францияға ресми сапары барысында қол қойылған. Ол Қазақстан жағының бастама­сымен “Еуропаға жол” мемле­кеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде еліміздің жетекші еуропалық елдермен страте­гиялық әріптестік деңгейіне шығу мақсатында әзірленген.

Заң жобасына қатысты Сырт­қы істер министрінің орынбасарына депутаттар Сәт Тоқпақбаев, Уәлихан Қоңыр­баев, Сәуірбай Есжанов сұрақ­тар қойды. Заң жобасы бойын­ша жұмыс тобының жетекшісі Бағила Баймағанбетова елге керек осы заң жобасы бойынша қосымша баяндап, әріптестерін қолдауға шақырды.

Сондай-ақ, осы отырыста комитет мүшелері “Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібі туралы келісімді ратифи­кациялау туралы”, “Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы”, “Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарыл­ғанын айқындау ережесі туралы келісімді ратификациялау тура­лы” заң жобаларын талқылап, палатаның жалпы отырысына жіберуге келісті.

 

САРАПТАУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

 

Денсаулық сақтау министрлігінен Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошевтің ағымдағы жылдың 3 ақпанында палатаның пленарлық отырысында жолдаған сауалына жауап келді. Сауалда энергетикалық (алкогольсіз, аз алко­гольді және алкогольді) сусын­дар­дың қауіпсіздігін анықтауға байла­нысты мәселе көтерілген болатын. Министрліктің жауабында былай делінеді:

“Еліміздің Бас мемлекеттік сани­тар­лық дәрігерінің 2007 жылғы 30 наурыздағы №12 қаулысымен мек­теп­ке дейінгі және жалпы білім беру мекемелерінде энергетикалық су­сын­дарды сатуға тыйым салын­ған. Денсаулық сақтау министрінің 2008 жылғы 15 қаңтардағы №7 бұйры­ғымен энергетикалық сусын­дарға тыйым салу жөніндегі осы норма (38-тармақтың 2-тармақ­шасы) “Жал­пы білім беру және интернат ұйымдарының құрылым­дарына, кү­тіп-ұстауына және оқыту жағдайына қойылатын санитарлық-эпидемио­логиялық талаптар” санитарлық ережесі мен норма­ларына енгізілген.

Қазіргі кезде халықаралық тәжі­ри­бені зерделеу мақсатында энерге­тикалық сусындардың адам денсау­лығына әсері туралы соңғы ғылыми зерттеулердің деректерін ұсыну жө­нінде Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының (Рим, Италия) Али­ментариус кодексінің комис­сиясы хатшылығына сұрау жолданды.

Денсаулық сақтау минис­трлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемио­логиялық қадағалау коми­теті Қазақ тағамтану акаде­миясы­мен және Рес­публикалық санитар­лық-эпидемио­логиялық стансамен бірлесіп, атал­ған сусындардың құрамын зерде­леуді бастады.

Республика аумағында энер­гети­калық сусындарды отандық өндіру­шілердің және экспорт­таушылардың тізімі, сондай-ақ босатылатын су­сындардың ассорти­менттері анық­талуда.

Энергетикалық сусындардың қауіпсіздік талаптарына сәйкесті­лігіне іріктеп санитарлық-эпиде­миологиялық сараптау жүргізілуде”.

 

БАЛАЛАР САУЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

 

Парламент Мәжілісінің Қар­жы және бюджет комитеті Қазақ­стандағы ЮНИСЕФ Өкіл­дігі­мен бірлесіп, “Қаржылық және эко­но­микалық дағдарыс­тың Қазақ­стандағы балалардың саулығына тигізетін әсері” атты тақырыпта дөңгелек үстел өткіз­ді.

Комитет төрайымы Гүлжан Қарағұсова шараны алғысөзбен бастап, Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілі Ханаа Сингер ханым беташар сөз сөйледі. Одан кейін “ҚР Үкіметі мен Ұлттық банк жанындағы ұлттық талдамалық орталық” АҚ-тың басқарма бастығы Аяна Манасо­ва 2009 жылдың соңында талдау орталы­ғы, ЮНИСЕФ пен Халықаралық даму институты жүргізген зерттеу нәтижесімен таныстырды. Зерттеу “Қазақ­стандағы әйелдер мен балалардың өміріне экономика­лық дағдарыстың, азық-түлік пен отынға баға тұрақсыздығы­ның әсері” деп аталған болатын.

Аталған зерттеу қорытынды­сын жариялаған А.Манасова бү­гінгі таңда балалардың жағдайы көңіл алаңдатарлықтай емес екендігін мәлімдей келе, де­генмен, осындай экономика­лық тұрақсыз заманда балалар­дың құқығын қорғау үшін пре­вен­тивті шаралар туралы бүгін­нен бастап ойлау қажеттігін айтты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – ҚР Үкіметі мен Парламентіне Қазақстандағы балалардың сау­лы­ғына қаржы және эконо­ми­ка­лық дағдарыс ықпалы сал­да­ры­ның алдын алу жөніндегі шара­ларды әзірлеуге қолдау көрсету.

Шараға қатысушылар зерт­теу­лердің қорытындысымен таныс­қан­нан кейін дағдарыс және одан кейінгі кезеңдерде балалардың сау­­лы­ғын жақсарту жөніндегі ұсы­нымдарды талқы­лап, ұсыныс жасады.

Оның жұмысына Парламент депутаттары, халықаралық және орталық мемлекеттік ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.

 

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МӘРТЕБЕ БЕРУ ӘДІЛДІК БОЛМАҚ

 

Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты.

Астана қаласы республиканың елорда­сы ретінде барлық жағынан дамып келеді. Бүгінде қаланың архитектуралық сәулетіне мәдениеті сай деп анық айта аламыз. Шаһарда астаналықтардың ғана емес, рес­пуб­ликаның көз қуанышы мен мақтаны­шына айналған өнер ордалары аз емес. Солардың бірі және бірегейі – Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры мен Максим Горький атындағы орыс драма театры.

Аталған өнер шаңырақтарының тарихы қала мен өңірдің кешегі және бүгінгі шежіресімен астасып жатыр. Орыс драма театрының құрылғанына 80 жылдан асса, қазақ драма театрының алғашқы қойылы­мы өткен ғасырдың 30-шы жылдары сахна-ға шығарылған. Кеңестік кезеңдегі ұлттық солақай көзқарастың салқынымен жабы­лып, кейін 90-шы жылдары көрермен­дерімен қайта қауышты.

Екі театр да ұзақ уақыт қала мен аймақтың рухани-эстетикалық сұранысын қанағаттандырумен бірге, қазақ өнерін шетелдерге танытуға ойдағыдай қызмет етті. Бүгінде астаналық жоғары талғамға сай сахналық шеберлігімен және репер­туарлық бай мазмұнымен ерекшеленуде. Әлемдік драматургияның озық үлгілері мен қазақ драмасының классикалық туынды­ларын сахналауда айтарлықтай жетістікке ие. Оларда 4 халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген 14 қайраткері, халықаралық және республикалық мәртебелі сыйлық­тардың лауреаттары қызмет етеді.

Театрлар ұжымдары астаналық және республикалық жоғары деңгейдегі барлық шараларға ұдайы атсалысып жүр. Мемле­кеттік маңызы бар фестивальдер мен қойы­лымдардың бәрі дерлік сахна талаптарымен бірге, ұлттық және классикалық музыка өне­р­ін еркін меңгерген осы екі театр актер­лерінің қатысуымен өтіп келеді.

Астана еліміздің мәдени-рухани орда­сы­на айналып, әлемдік өнерге ұмтылған, ғаламға танылған шақта аталған театрлар­дың қалалық деңгейде қалуы орынсыз деп ойлаймыз. Олардың дәрежесі Астананың биік мәртебесіне сай болуға тиіс. Бүгінде осы өнер ордаларына республикалық статус беру қай жағынан алсақ та әділдік болып табылады. Бұл театрлардың елге белгілі өнер шеберлерімен толығуына, әлеуметтік, материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал етеді. Және де бұл үстіміздегі жылы 13 жылдығын атап өткелі отырған, ел Президентінің тарихи ерлігі болып табылатын Астанаға құрметтің лайықты көрінісіне айналар еді.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат