Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-02-20:

АҒАЖАЙ, АЛТАЙДАЙ ЖЕР ҚАЙДА?..

Қатонқарағай мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің құрылғанына келер жылы он жыл толмақ

 

Иә, он жыл бір қарағанда көп уақыт емес. Мың жылдық қа­рағайы, самырсыны, балқарағайы жайқалып өскен нулы мекен, қаз қаңқылдап, сансыз құстар сайрап ұшқан осынау бір ғажап жерде Үкіметтің қаулысы бойынша 2001 жылдың 17 шілдесінде Қатонқа­рағай мемлекеттік табиғи ұлттық паркі дүниеге келді. Осы орайда, мынадай бір сауал еріксіз туады, не­ге қорық емес, ұлттық парк. Әсте қорық пен ұлттық паркті са­лыстыруға келмейді. Табиғи парк­тің мәртебесі жоғары, құзырлы мекеме. Еліміздің болашағы, жас ұрпақ үшін табиғат сыйлаған осы бір ғажайып өлкенің байлығын, құсы мен жануарларын, жалпы қоршаған ортаны қорғап қалу үшін Елбасы мен Үкімет жаны ашып, қорық емес, ұлттық паркті ашып берді. Яғни, бұл сөздің мәні мен мағынасы тереңде жатса керек.

Табиғи ұлттық парктің мақ­саты – құрып бара жатқан орман байлығын Қызыл кітапқа енген қара дегелек, Алтай ұлары, қызыл қасқыр, сары тышқан, бұлғын, бұлан, құндыз, бүркіт, таутеке, күдір, елік, аю, қоңыр аю, ұшатын тиін, басқа да құс-жануарларды қанатының астына алып қорғау, әлпештеу, жат пиғылдылардың қанды шеңгелінен құтқарып қалу, тіпті өлшеусіз кесіліп, ұрланып жатқан ағаштарды күзету, қыс­қасы, мемлекет байлығын көздің қарашығындай қорғау. Ұлттық парктің көлемі тұтас бір мемлекет сиып кететін 600 мыңнан астам гектар жерді алып жатыр. Парк құ­рылған кезден бастап оны өз ісі­нің маманы Ерен Жұмағұлов бас­қарып, көп істер тындырды. Қа­зір Ерен Қадешұлы Берел қор­ғанына жетекшілік етеді. Өзінің бай тәжірибесін қазба байлық­тарын игеруге жұмсап жатыр.

Соңғы екі жылдан бері табиғи паркті Ерлан Қабылұлы Мұста­фин басқарады. Ол да бұл салада жиырма жылдай еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған іскер маман. Сөз саптауы, табиғи парктің ат­қа­рып жатқан істері жайлы тайға таңба басқандай етіп түсін­діріп беруі осыны аңғартқандай. Мұның алдында Ерлан Қабылұлы Зайсан­дағы қорыққа жетекшілік етіпті.

Кең кабинеттің ішінде ұлттық парктің картасы, арнайы оқулық кітаптар, басқа да қажетті құрал­дар көз тартады. “Қар барысы”, “Қонақ үйлер”, “Шығыс Қазақ­стан”, “Ұлттық парктің еңбектері” атты кітаптар түрлі-түсті сурет­терімен, осында мекендейтін құс-жануарлардың көркемдігімен ерекшеленіп тұр.

– Ұлттық парктің аумағы со­нау Белқарағайдан басталып, ары­сы Шындығытайға дейінгі ал­қапты алып жатыр. Тіпті еліміздің шека­ра­сын қорғауда ерлікпен қаза тап­қан Раджан Батырханұлы атындағы заставаға дейін жететін паркті күтіп-ұстау расында да ауқымы зор, жауапкершілікті та­лап ететін маңызды шаруа болса ке­рек. Ұлт­тық парк дүниеге кел­ген­ше орман­ның сирек кездесетін балқарағайы мен самырсыны, басқа да бағалы ағаштар “ұстаған­ның уысында, тіс­тегеннің тісінде” кетті. Тіпті адам­дар бұзауға қазық үшін теректі та­мы­рымен, мал айдау үшін қара­қат­ты түбірімен жұлып алып, аяусыз күйретті. Ну орманның ішіндегі ем­дік шипалы шөп, қызыл кітапқа енген құстар мен жануарлар да “жат пиғыл­ды­лардың” оңай олжа­сына айналды. Бір кездері осынау табиғатын суреттеуге тіл жетпейтін өлкеде тек құстың 260 түрі болған. Қазір ол азайып кетті. Егер мем­ле­кеттік табиғи паркті құрмағанда енді бір он жылда барлық байлы­ғы­мыз­дан айырылып қалатын түрге жетіппіз. Мұнда қызмет ететіндер, “ұшатын тиінді” жақсы біледі. Алтайда олар санаулы ғана қалды. Өзіне қауіп төнген кезде бұл құс­тың терісі ашылып, 40 метрге ұша­тын тиін еліміздің басқа аймақта­рында жоқ. Қара дегелек, балық ау­лап күн көретін скапа, күдір, қар ба­рысын алайық. Ендеше ел бай­лы­ғын қор­ғау, әлпештеу мына біз­дер­дің мін­детіміз, – деп Ерлан Қа­былұлы біраз жайлардан хабардар етті.

– Соңғы екі-үш жылда аң-құстардың өсуі байқала ма? Бұл жайлы деректер бар ма? – деп сауал тастадық.

– Неге болмасын. Мәселен, 2007 жылы бізде 97 бұлан, 2772 сібір елігі, 670 кәдімгі түлкі, 10350 баршабай жолақ тышқан, 6622 суыр, 1428 аққоян, 1568 сұр құр, 230 үлкен бейнарық, 840 самыр­сын құс болса, өткен жылы олар­дың саны тиісінше 101, 2832, 686, 10500, 7388, 1455, 1605, 235, 890-ға өскен. Демек, сәл болса да өсу қарқыны байқалады.

Бұдан үш-төрт жыл бұрын табиғи паркте болғанымызда ең­бек ететіндердің саны екі жүзге таяу болатын. Қазір мұнда 356 адам қызмет жасауда. Олардың ішін­де 220 қызметкер жоғары жә­не кәсіптік орта білімі барлар. 337 адам орман және жануарлар әле­мін қорғау жұмыстарын атқаратын қызметкерлер. Яғни, 250 мемле­кет­тік инспектор, 32 орман ше­бе­рі, 9 орманшы, тоғыз адам орман­шы­ның көмекшісі және құры­лымдық бөлім басшылары екен.

– Біз шеберлікті шыңдауға, мамандықты жетілдіруге көңіл бөліп отырамыз, – деп әңгімесін жалғастырды Ерлан Қабылұлы.

Өткен жылы 6 қызметкер білімі мен біліктілігін көтеру үшін түрлі курстарға, Астана қаласын­да­ғы AІCCІS 9, 3 бағдарлама­сы­мен танысу курсында болыпты. “Табиғат әлемі” оқу орталығында ЕҚТА экстуризм және ЕКТА ғы­лы­ми жұмыстар тақырыптары бой­ынша 2, Алматы МТК әдісте­ме­лік семинар-тренингке бір қыз­меткер барып қайтқан. Сондай-ақ, Өске­мен қаласындағы қауіпсіздік тех­никасы тақырыбына өткен, 8 адам жоғары оқу орындарының кур­с­тарында оқып, білімдерін же­тіл­діріп қайтқан. Оның пайдасы зор.

Бұл күндері Қатонқарағай мем­лекеттік ұлттық табиғи пар­кін­де Ақсу, Усть-Язовая, Белқара­ғай, Алтай, Шыңғыстай, Чернова, Берел және Аршаты, барлығы сегіз орманшылық бар екен. Он­ың ішіндегі үлкені 100 мың гек­тар­ды алып жатқан Алтай орман­шы­лығы. Міне, осындай орман­шы­­лықты қорғау үшін қаншама техника, ат, қару-жарақ керек. Өрт­тің бетін аулақ қылсын, осы­дан екі-үш жыл бұрын табиғи парк ау­ма­ғында өрт шығыпты. Алай­да, өртті техниканың күшімен тез сөндірген. Өткен жылы паркке бірнеше өрт сөндіргіш мәшине, бас­қа да қа­жет­ті жабдықтар беріліпті.

Мектеп оқушылары орман бай­лығын қорғауда көмек көрсе­тіп тұрады. Мектептердегі эколог-туристік клубтарда өткен жылы 12 семинар, 78 лекция өткізіліпті. Ал жергілікті тұрғындармен 43 кез­десу мен 53 кеңес беру сабақтары болды.

Өткен жылы қоғам байлығына көз алартушыларға қарсы 174 рейд, 151 тексеріс жүргізілді. Он­ың ішінде 36 рейдке Қатонқарағай ішкі істер бөлімі және Өрел ше­к­ара комендатурасы қызметкерлері қатысқан. Аталмыш тексеріс ке­зінде талай кемшіліктердің беті аш­ылды. Мәселен, ағашты өз бе­тін­ше кесу, малды рұқсат етіл­меген жерге жаю, өрт қауіпсіздігін сақтамау, басқа да қылмысқа жол бергендерге әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұл салынды. Қазір тұрғындар тәртіпті бұза қал­са жауапкершілікке тартылатынын жақсы біледі, сондықтан оқта-текте болмаса бұған бара бермейді.

Табиғи парк өздерінің орман алаңын жыл сайын ұлғайтуға да көңіл бөліп отырады. Мәселен, өткен жылы 120 гектарға ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл оның алдындағы жылға қарағанда 12 гектарға артық. Самырсын, қа­рағай, басқа да бағалы ағаштарды неғұрлым көп отырғызсақ, келе­шек ұрпаққа асыл қазына тастап кетеміз дегенді айтады, парк қыз­меткерлері. Тағы бір айта кететін жәйт, Е. Мұстафин өз күштерімен қаржы табуға да ұжымды жұмыл­дырып отырады екен. Мәселен, өткен жылы он тонна хош иісті жаңғақ жиналып, ол тұрғындарға саудаланған. Табиғи парктің меке­месі жанындағы қолөнер шебер­лерінің үлкен бөлмесіне енгенде, төрт-бес жігіттің бал құятын ағаш ыдыстарды, неше түрлі орын­дық­тар мен заттарды жасап жатқанын көрдік. Оларға Е. Ахмадиев жетек­шілік етеді. Шеберлер өткен жы­лы 600 мың теңгенің қолөнер зат­тарын жасапты. Олардың ішінде өздері әдемі етіп жасаған домбы­расы да сапалы.

Табиғи парк туризмді дамытуға да көңіл бөлуде. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Әлібек Асқаров қасиетті де киелі Қатонқарағайдың тумасы. Әлібектің туған жерді жырлаған, та­биғатына еріксіз бас иген та­маша туындылары да ұлттық парк қыз­мет­керлерінің қолына тиіпті. Әле­кеңнің жинақтарындағы Көк­көл сарқырамасы, Қаракөл көлі, Рах­ман қайнары шипажайына ту­рис­тер көптеп келіп жатыр. Өткен жы­лы осы аймаққа 2457 адам ке­ліп, тыныққан, денсаулықтарын тү­зеп қайтқан. Олар парк аума­ғын­да демалғандары үшін 2 мил­лион 319 мың 545 теңге төлеген. Қазір парк аумағында 8 бекітілген эко­ло­гиялық маршрут жұмыс істеп тұр.

– Әлі де бұл бағытта көп істер тындыру қажет. Шетелдерден ке­ле­тін туристер жолдың сапа­сыз­ды­ғынан, алыс болғандықтан көп ретте бас тартады. Облыс әкімі Б. Сапарбаев пен ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрі А. Күрішбаев бізге үнемі қолғабыс жасап тұ­рады. Аудан әкімі Серік Зайнул­дин телефон тартқызып, жол жөн­деуге көмектеседі. Алдағы уақытта “Өскемен-Зырян-Қатонқарағай-Рахман қайнары” республикалық дәрежедегі жолдарға қосымша қаржы бөлінсе, туристер легі то­лас­тамас еді, – дейді ұлттық парк­тің бас директоры Е. Мұстафин.

Белқарағай орманшылығында 40 гектар жерде питомник бар. Питомниктегі биіктігі небәрі үш-төрт сантиметрлік көшеттер ек-үш жылдай осында өсіріліп, мерзімі жеткен кезде парктегі сегіз орман­шылықтың аумағына отырғызыла бастайды. Көне орман белдеуімен, ежелгі қарағай, самырсындарымен атағы шыққан Алтайда ағаш өсі­рудің бірнеше түрі бар. Соның ішін­де тиімдісі қолдан көшеттер отырғызу, дейді кәнігі орманшылар.

Алтайдың орман байлығы қырағы күзетте. Қазақстанның 70 пайыз орманы Кенді Алтайдың үлесіне тиеді десек, оны қорғап, әлпештеп өсіріп, жат көздерден сақтап келе жатқан табиғи парк басшылары мен мамандарының, қарапайым орманшылардың ерен еңбегіне куә болдық.

Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы.

 

АРАҚАРАҒАЙ АЯСЫНДАҒЫ “СОСНОВЫЙ БОР”

санаторийінің ауасы мен суы дертке шипа, жанға дауа

 

Қостанай облысындағы табиғаттың өзі сыйлаған көрікті жерлердің біріАрақарағай орманы. Көп сырқаттан айықтырар нағыз шипажай – “Сосновый бор” санаторийі жасыл желекті осы орманның қақ төріне орналасқан. Арақарағай орманында негізінен көпжылдық қарағайлар мен ақ балтырлы қайың аралас өскен. Ағаш арасы қыста ық, жазда салқын, жылдың төрт мезгілінде де ауасының тазалығымен ерекшеленеді.

Қадым заманнан қалған аңыз әңгіме ел аузында бүгінге дейін айтылып келеді. Атақты Ақсақ Темір жаугершіліктен келе жатып, Ара­қарағай орманына дамылдапты дейді. Жорықта жүрген жиһангер осындағы көлге шомылғанда өзін таңғажайып сезініп, шаршағаны басылып, бойына ерекше қуат бітіп аттаныпты деседі. Ақсақ Темір шомылды деген сол ғажайып көл “Сосновый бор” санато­рийінде орналасқан. Минералды су бүгінде халықтың игілігіне жарап отыр. Мамандардың айтуынша, “Сосновый бор” шипажайы суының химиялық құрамы мине­ралданған натрий хлориді сульфатынан тұрады және ол атақты “Пятигорск”, “Мор­шин”, “Карловы Вары”, “Труцкавец” және “Есен­ту­ки-17” және өзіміздің “Сарыағаш” курортта­рының шипалы суына ұқсас.

– Қазақтың айта беретін “мың да бір ауруға ем” дегені осы минералды су болар. Ол негізінен қандай аурудың да созылмалы түр­­лерін емдеуге дұрыс, – дейді “Сосновый бор” санаторийі” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің бас директоры Сайлаубек Есжанов. – Ең алдымен, созылмалы асқазан-ішек ауруынан зардап шегетіндер үшін Арақарағай суының шипасы мол. Асқазан-ішек ауруының, асқазан және он екі елі ішек жарасы, созылмалы колит, энтероколит, дисбактериоз сияқты бірнеше түрлері болады. Осы аталғандардың барлығына минералды судың шипасы мол. Сосын бізге келетін адамдардың арасында бауырдың және өт жолының (созылмалы гепатит, созылмалы холецистит, өт бөлетін жолдың дисфункциясы) созылмалы ауруларынан зардап шегетіндер жиі кездеседі. Осындай науқастарға минералды суды ішуге кеңес береміз. Ол бүйректегі, өттегі құмды шаяды.

Иә, минералды суды ішудің пайдасы мұнымен шектелмейді. Ол асқазанның қышқыл бөлуін, ас қорыту жолдарының жұмысын жақ­сартады, оның ағзадағы зат алмасу процесіне тиімді әсері бар. Әсіресе, бауыр, ұйқы безі мен өт бөлу, несеп жолдары ауруларына пайдалы. Созылмалы гастрит, асқазан мен ұлтабардың ойық жарасына (язва) бірден бір ем. Ағзаны боқаттан (шлак) тазартып, өттің, несептің жүруін жеңілдетеді.

“Сосновый бор” санаторийіне келгенде көк тіреген қарағайларды аралап, серуендеп жүрген демалушыларды жиі байқауға болады. Дәрігер­лердің айтуынша, бұл да емнің түрі. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруының созылмалы жүрек талмасы, гипертония, стенокардия сияқты кең тараған түрлерімен ауыратындарға, ұйқысы қашатындарға Арақарағай орманының фитонцидтерге қанық ауасында көбірек жүруге кеңес береді дәрігерлер.

Ванналық ем түрі жөнінен елімізде “Сос­новый бор” санаторийіне тең келер шипажай аз. Дегенмен, құр минералды суы бар ваннада жатқан бір өзге де, оған йод пен бром, бұғы мүйі­зі шырынын (панта), скипидар майын тамызып қабылдаудың әсері тіпті ерекше.

– Йод және бромдалған ваннадан кейін гипертониямен, церебральды атеросклерозбен, құяңмен ауыратындар, жүйкесі шаршағандар, мойын және омыртқа остеохондрозынан зардап шегетіндер өзін өте жақсы сезінеді, – дейді бас дәрігер Айгүл Мырзабекова. – Сонымен қатар, инфрақызыл саунаны да бір жаңалық ретінде айтқым келеді. Осы ем жасалатын кабинаға кір­ген­де аршаның жұпар иісі аңқып тұрады. Ин­фра­қызыл жылуы жүрек-қан тамырлары ауру­ларына, демікпеге, жоғарғы тыныс алу жол­да­ры­на, ревматизмге, простатитке, зәр-жыныс жол­­дары ауруларынан айығуға жақсы көмектеседі.

Ал сылап уқалаудың (массаж) қандай түрі керек?! Қытайлық, сабынды, хош иісті сылаудың түрлері, мануалдық дауалау да бар. Оны демалушылардың қалауына, науқасына байланысты дәрігер белгілейді.

“Сосновый бор” санторийіне Ақмола облысынан келіп демалып жатқан Людмила Львей деген кісі: “Мен біраз санаторий, курорт­тарға бардым. “Сосновый бор” санаторийі емінің көптігімен таңқалдырды” дейді. Айтса айтқандай, мұнда демалушыларға емнің 80 түрі ұсынылады. Соңғы жылдары “тұз шахтасы”, “су капсулы”, “балмен орау”, “шөп бөшкесі” сияқты емнің бірнеше түрі енгізілді. Олардың барлығының да жиі кездесетін демікпе, буын тағы басқа ауруларға шипасы мол.

Әдетте, Табиғат-ананың өзі шипагер. Сон­дықтан, көптеген шипажайлар саф ауасы бар таудың баурайына, минералды су шығып жатқан жерлерге немесе емдік балшығы бар көлге жақын орналасады. Ал “Сосновый бор” санаторийінде табиғаттың осы сыйының бәрі де табылады. Мұнда жанға дауа таза ауа да, минералды су да, емдік балшық та бар. Емдік балшық құрамындағы органикалық заттардың, минералды тұздардың және микроэлементтердің керемет үйлесімі арқасында омыртқа, буын, бұлшық ет, құяң және жүйке мен гинеко­логиялық, урологиялық, тері ауруларына бірден бір ем. Облыстағы атақты Сабынды көлінің табиғи пісуі жетілген балшығының емдік қасиеті қысы-жазы кемімейді. Герберт Фонн деген неміс “Сосновый борға” Германияның Гамбург қаласынан келіп, емделіп жатыр. Оның бұл Қостанайға екінші рет және арнайы келуі екен. Осыдан бір жыл бұрын іссапармен келіп, жұмысын ертелеу аяқтаған оған қостанайлық фирма басшылары ұшақтың уақытына дейін “Сосновый бор” санаторийінде демалуды ұсынады. Тізе буынына сары су жиналғаннан (синовиит) зардап шегетін Герберт Германияға барған соң операция столына жатуы керек екен. Ол әл жинап, қуаттанып алу үшін әріптес­терінің ұсынысына қарсылық көрсетпейді. Ал шипажай дәрігерлері оның аяғын шипалы балшықпен емдейді. Ғажап! Германиялық қонақ кетерде аяғын жеңіл баса бастайды, еліне барған соң дәрігерлер оған операция жасаудың қажеті жоқ деп шешеді. “Алтын шыққан жерді белден қаз” деген қазақ мақалын Герберт біліп алған сияқты, биыл “Сосновый борға” арнайы келіп, тағы да балшық емін алды.

– Балшықпен емделуім буын ауруын ұмыт­тырайын деді, аяқ басуым бұрынғыдан жақсы. Ал минералды судың шипасын тілмен жеткізе алмаймын. Жалпы, өзімді сондай жеңіл сезінемін, – деді бізбен кездесуінде германия­лық қонақ Герберт Фонн.

Емнің тиімділігін арттыру үшін санаторийде шетелдік қазіргі заманғы медициналық аппараттар мен жабдықтардың озық үлгілері де пайдаланылады. Ресейден әкелінген лазерлік аппарат соның бірі ғана. Оның буын ауруларын емдеуде тиімділігі жоғары. Бәрін айт та бірін айт, дәрігер біліктілігіне не жетеді?! Дема­лушыларды кардиолог, терапевт, эндокринолог, гинеколог, уролог, стаматолог мамандар қабыл­дайды. Жетілдірілген аппараттар арқылы аурудың толық диагнозын қойып береді.

Санаторийге келген демалушылардың бар­лығы да ұжым үшін құрметті қонақ болып есептеледі. Ауруына шипа іздеп келген кіммен тілдессең де санаторий дәрігерлері мен қызмет­керлерінің жоғары мәдениетін, ілтипаты мен ізетін алдымен ауызға алады. Ресейдің Крас­нодар өлкесінен келген ерлі-зайыпты Иван мен Клавдия Тоболиндер: “Біз ертеректе Қазақ­станда тұрғанбыз, Ресейге қоныс аударғалы көп жылдан кейін туыстарымызға қонаққа келген едік. Санаторийдегі қызмет көрсету мәдение­тінің жоғарылығы қазақтың қонақжайлылығын еске салады. Сондай ризамыз”, дейді ағынан жа­рыла. Осындай ұжымды ұйытып ұстап отырған және демалыс орнын 90-шы жылдар­дағы жабылудың алдында тұрған кейпінен қызмет көрсетудің биік деңгейіне жеткізген білікті ұйымдастырушы Сайлаубек Есжанов туралы айта кету ләзім. Сәкең басқаруға келген он­шақ­ты жылдың ішінде “Сосновый бор” санато­рийінде демалу­­шылар үшін оннан аса коттедж тұрғызылды. Онда сервис, қызмет көрсету мәдениеті ірі курорттардан кем түспей­ді. Ұзаққа созылатын арқа қысында санторийдің іші ем алуға да, демалуға да қолайлы, жылы, жарық. Жылдың төрт мезгілінде де “Сосновый борға” келген кісі табиғат сыйы мен адам еңбегінің үйлесіміне куә болып, ертегілер елінде жүргендей күй кешеді. Міне, елімізде туризм мен спортты дамытуға қосқан осындай үлесі үшін Сайлаубек Ерғазыұлы өткен жылы кеудесіне “Құрмет” орденін тақты.

Қыс маусымында демалушыларға қар жамылған қарағайдың арасында шаңғы тебуге, көл бетінде конькимен сырғанауға мүмкіндік жа­салған. Ал “Сосновый бор” соңғы жылдары спортшылардың да сүйіп келетін орнына ай­налған. Өйткені, төбесі көк тіреген қарағайлар арасында спорт командалары мен атақты спорт саңлақтарының денсаулықтарын түзеп, табиғат аясында демала жүріп, алдағы жарыстарға дайындалуына да тамаша жағдай бар. Осыдан екі жыл бұрын мұнда аумағы ат шаптырым, заманауи құралдармен жабдықталған спорт залы спортшыларға есігін айқара ашты. Мұндай спорт­зал еліміздің ешқандай демалыс орнында кез­деспейтіндігін де айта кетудің артықтығы бол­мас. Спортшыларға арнап әзірленетін та­ғам­дар қуаты жағынан барлық талапқа сай келеді.

Сонымен қатар, “Сосновый бор” сана­торийіндегі балаларға арналған сауықтыру лагерінен алған әсерін жасөспірімдер әсте ұмыт­пауы мүмкін. Олар жаз айларында минералды көлге шомылады, нұсқаушылардың бақылауы­мен қайықпен, катамаранмен серуендейді. Олар үшін дискотека, ойындар, байқаулар ұйымдас­тырылады, спорт алаңдары, компьютер ойындары бөлмесі, кинозал балалардың еркінде болады. Арақарағай орманы аясындағы “Сосновый бор” санаторийінің кереметі осындай! Оны әркімнің көзбен көргені мақұл.

“Сосновый бор” санаторийінің мекен-жайы: Қостанай қаласынан 45 шақырым жердегі Алтынсарин ауданындағы Щербаков ауылының іргесінде орналасқан. 8(7142) 3-33-05, 3-33-06 телефондары тәулік бойы жауап береді. E-maіl: sosnov-bor@maіl.ru Санаторийге келерде жоғарыдағы телефондарға алдын ала хабар­лассаңыз, жол қиындығын көрмейсіз. Алыстан келетін демалушыларды Қостанай қаласындағы темір жол вокзалынан күтіп алады.

Сонымен қатар, “Сосновый бор” санато­рийінде демалғыңыз келсе Алматы өкілдігіне хабарласуыңызға болады. Алматы қаласы, Желтоқсан көшесі, 37-үй, офис №406. Теле­фондары: 8(7272) 79-78-37, +7 701 175 00 77

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат