Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-02-23:

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА НАРЫ

 

Еліміздің рухани-саяси өмірінде үлкен орны бар айтулы тұлғалардың бірі Төлеген Тәжібаев 30 жасында халық ағарту комис­сары, 32 жасында – республика үкіметі төрағасының орынбасары, алғашқы Сырт­қы істер халық комиссариатын ұйым­­дас­тырушы және оның халық комис­сары. Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбері­нен сөйлеген тұңғыш қазақ. Қазақ мем­лекеттік университетінің ректоры. Респуб­ли­када психология және педагогика ғылым­дарының негізін қалаушы, академик.

Сірә, осындай биіктердің біреуіне ғана көтерілген адам да өз тағдырына өкпелей қоймас еді. Өмірде із қалдырдым деп өкінбей өтер еді. Ал осынау биіктердің бәріне шыққан тұлғаның орны айрықша. Соған ой жіберейікші.

І

Төлеген Тәжібаев туралы айтқанда, оның балалық шағына тоқталмасқа болмайды. Бұл өзі ерекше тағдыр. Сірә, оның өмірлік негізі болмаса, оған сенудің өзі қиын. Сол бірде ақ, бірде қызыл билеген аласапыран заманда, қазақ ауылын ашаршылық әбден сансыратқан еді. Жеті баласы бар қарапайым Тәжібай дейтін сүткенттік шаруаның отбасы бір күнде ойран болған. Аш үй, кездейсоқ табылған әлдебір тамақтан уланып, жеті адам бірден мерт болып, сыртта жүрген екі бала ғана аман қалыпты. Соның бірі – жеті жасар Төлеген. Оның Арыс дейтін тоғыз жолдың торабына қалай келгені де белгісіз. Белгілісі – оның темір жол жұмыс­­шысы Иван Федорович Кабанов­тың отбасына бесінші бала болып қосылғаны.

Мектеп есігін Төлеген 10 жасында ашты. Сол Арыстағы қазір өзінің атын иемденген панасыз балалар үйінің жеті жылдық мектебіне кірген. Біраз жыл уақытын өткізіп алған, өмір есейткен бала қысқа мерзімде басқаларды қуып жетіп қана қоймай, өзінің құрдастарынан да озып, жеті жылдық мектепті үш жылда бітіріп шығады.

Оның техникумдағы өміріне замандас­тары, сол кезден қалған құжаттар куәлік етеді. Төлегенмен академик Мәулен Бала­қаев бірге оқыған. Оның естелігіне жүгі­нейікші. “Болар бала жөргегінен-ақ белгілі болатыны рас қой. Төлеген оқу орнына келіп, кіргеннен кейін-ақ, өзгелерден ерек­ше ақыл парасаты мол екенін, құла­шын кеңге сілтей алатынын көрсетті... Ол қала­дағы пионер отрядының бастығы, кейін комсо­мол ұйымының секретары болып, өзін өзгелерге таныта білді” дейді академик ағамыз. Шағын бір құжатқа жүгінуге тура келеді. Ол – Төлегеннің оқу бітіргендегі мінез­­демесі. “Мінездеме. Сыр­дария пед­тех­­­ни­кумын бітіруші Тәжібаев Төле­генге беріл­ген, 1928 жылдың 24 маусы­мында тех­ни­кумның педагогикалық кеңесінде бекі­тілген. Қаулы № 12. Қабілеті – үздік. Жұ­мыс қабілеті – үздік. Үлгерімі – үздік. Жан-жақ­ты дамыған. Тәртіпті және белсен­ді қыз­мет­кер. Дайындығы – айрықша. Айтар­лықтай көркемөнерпаз­дық қабілеті бар. Педтех­ни­кумның ең үздік курсанты. Педтехни­кумның жұмы­сында пайдаланған жөн болар еді”.

Мінездемеде үздік емес нәрсе жоқ, бәрі де үздік. Қаулыдан дұрыс көшірілді деп педтехникумның хатшысы Домидзе деген қол қойыпты. Ал сол мінездемеге қол қойған кім? Сол кезде бұл техникум­ның директоры Жүсіпбек Аймауытов болған.

Төлеген Тәжібаев пен Жүсіпбек Ай­мауытов! Осынау екі тұлғаның қарым-қатынасы туралы аз білеміз. Зерттелмеген, дерек аз. Жұрттың білетіні – екеуі де психология мен педагогиканы зерттеген. Бірі – ұстаз, бірі – шәкірт. Ұстаз шәкірті­нің ғылымдағы жолына бағдар берді, кейін ол Қазақстандағы осынау ғылымның негізін қалаушы болды дейміз. Өкінішке қарай, Төлеген Тәжібаев ұстазының ең­бе­гін де, психология ғылымына қосқан үле­сін де, жоғары азаматтық келбетін де айта алмай кетті. Бұл жерде оны кінәлау­дың да жөні жоқ. Өйткені, ұлы ұстазы 1929 жылы ұлтшыл деген айыппен ұсталып, 1931 жылы жендеттердің қолынан қаза тапқан. Содан кейін, бұл ұлы тұлға туралы пікір айту түгілі, оның атын айтуға тыйым салынғаны белгілі. Алаштың ұлы перзенті Жүсіпбек Аймауытов академик Тәжібаев қайтыс болғаннан кейін ширек ғасырдан соң ғана ақталды.

Ғылым жолын Төлеген Тәжібаев осы педтехникумда таңдады. Үздік оқушы осында оқытушылыққа қалдырылды. Сондағы үш жыл қызмет те, арман да сол ғылымға арналған еді. Ақыры сол арман Мәскеудегі Н.К.Крупская атындағы Ком­мунистік тәрбие академиясына алып барды. Сонда Төлеген студент ретінде бес жыл, аспирант ретінде үш жыл оқыды. Ғалым болып қалыптасты деп айтуға то­лық негіз бар. Оған араға бір жыл салып, “К.Д.Ушинский – Ресейдегі педагоги­калық психологияның негізін қалаушы” деген тақырыпта кандидаттық диссер­тацияны табысты қорғап шыққаны айғақ.

Туған республикаға ол қалыптасқан ғалым болып оралды. Жас ғалымға Абай атындағы педагогикалық институтының педагогика және психология кафедрасын басқару жүктелді. Көп ретте Төлеген Тәжі­баевтың өмірін зерттеушілер сол 1939-1940 жылдары оның кафедра мең­геру­шісі қыз­метімен қатар, институт дирек­торы­ның ғылым жөніндегі көмек­шісі қызметін ат­қарғанына мән бере бермейді. Сірә, олар көмекші деген сөздің қазіргі мағына­сына қарап, барып кел, алып келдің адамындай түсінуі мүмкін. Ал бұл шын мәнінде қазір­гі оқу орындарындағы “ғылы­ми жұмыстар жөніндегі проректор” санатындағы қызмет болатын. Жас ғалым өзінің жоғары ұйымдастырушылық қабі­летін ең алдымен осы қызметімен көрсеткен.

ІІ

1940 жылы Төлеген Тәжібаев әкімші­лік жұмысқа ауысқанда, ол ғылыми жұ­мыс­пен қоштасқан жоқ, сол ғылымға құш­тарлық жүрегінің бір түкпірінде кеткен.

Сонда ол бар-жоғы 30 жаста ғана еді. Республика халық ағарту комиссартиаты басшысының бірінші орынбасары қызметі­не тағайындау тым ерте де және тым тәуекел қадамдай көрінген. Бұл комис­сариаттың Қазақстан Республикасы үшін орны бөлек. 30-шы жылдардың басындағы ашаршы­лық­тай нәубетті, сол онжылдықтың аяғындағы қуғын-сүргін зұлматты бастан кешкен халықтың сауаттылық деңгейі айтарлықтай төмен еді. Халықтың көзі ашық қаймағы қалқып тасталған, жөн-жосық білетін бір шамасы өлместің қамын ойлап, сырт жаққа ауып кеткен. Қалғаны басқа салғанға көндіккен көнтерлі жұрт, көпшілігінің сауаты кем. Сол халықтың көзін ашу міндеті халық ағарту комиссариа­тына жүктелген.

Бұл жұмысқа жүрегі халық деп соғатын ары таза азамат қана емес, бұл істі жете білетін, жұмыстың жүйесін табатын қас маман, жауапкершілікті көтере алатын, ауыр жүкті сүйрей алатын қара нар керек еді. Таңдау 30 жастағы Төлегенге түсті. Талайлардың аты аталған да шығар, таразыға түскен болар. Дәл осы жұмысқа білімдар, ең алдымен жас ұрпаққа білім беру ісін жете меңгерген адам керектігін ойлап, педагог-ғалымдарға көз салғанда, солардың ішінен Төлегеннің тұлғасы жоталанып көрінген болар. Араға төрт ай салып халық комиссары етіп тағайындады.

Сонда баланы оқытумен қатар мұға­лімдер даярлау мәселесі де күн тәртібіне қойылды. Республикада 7790 мектепте 441 мың бала оқиды екен. Бұл көп бала әлі оқуға тартылмаған деген сөз. 44597 мұға­лімнің тек 17516-сы ғана қазақ. Солардың 2500-і ғана әйел азаматтар. Неге қазақ мұғалімдері аз, неге әйел азаматтар ұстаз­дық етпейді? Сұрақ көп, шешімі қандай?

Шешімі нақты іс болуға тиіс. Республикада 13 пединститут бар екен. Оларда бес мыңдай студент оқиды. Басты резерв – сол. Мұғалімнің беделін көтеру керек. Халық комиссары үкімет алдына “Республикаға еңбек сіңірген мұғалім” атағын тағайындау жөнінде мәселе қойды. Қажеттігін дәлелдеді. Өткізді. Бұл жас басшының беделін көтерді.

Сол тұста қазақ әліпбиі өзгерді. Ол латыншадан кириллицаға көшті. Бұл орыс­танудың ең бір пәрменді жолы еді. Мұның жұрт көп аңғара бермейтін тағы бір қаупі бар еді. Әйтеуір көшетін болған соң, тез көшпесе, жұрт қазақ әліпбиін мең­гермей-ақ, бірден орыс әліпбиіне ауысып кете беруі әбден мүмкін еді. Содан да оған барынша жылдам көшіп үлгеру қажеттігі туды. Сол әліпбиде оқулықтарды тездетіп шығармаса, қазақ мектептерінде орыс тілі біржола дендеп кетпек. Бұл мәселені халком Тәжібаев республикалық деңгейге көтерді. Оның рес­публика басшыларына жазған хаттары­ның бірінде былай делінген: “... Көптеген облыс­тардағы мекемелер мен ұйымдар жаңа қазақ әліпбиіне көшуге құлық танытпай отыр. Бар­лық іс қағаздар тек орыс тілінде ғана жүргі­зілуде. Қазақ еңбекшілерінің қазақ тілінде жазылған өтініш арыздарына жауап орыс тілінде қайтарылуда. Мекеме басшылары соңғы кезде қазақ тіліндегі өтініштерді орыс тіліне аударылған жағдайда ғана қабылдауды әдетке айналдырған. Сондықтан қазақтар арасында өтініштерді орысша қабылдайтын болса, қазақ әліпбиінің керегі қанша деген пікір қалыптасып келеді...”.

Сол тұста орыс тіліне қарсы сөз айту ұлтшылдық пиғыл саналатынын, кешегі 30-шы жылдардағы сойқанның жаңғырық­тары әлі құлақтан кетпегенін ойлағанда, Тәжібаевтың мәселені былайынша қоюын ерлікке бағаларсың. Осындай батыл ойлардың, қарымды істердің арқасында ғана қазақ тілі бүгінгі күнге аман жеткен­дей көрінеді де тұрады.

Халком Тәжібаев басты назар аударған іс туралы айтқанда, жұрт оқулықтарды ауызға алады. Бар білімнің басы – оқулықта дегенді ол кісі көп қайталайды екен. Ал сол тұста қазақ мектептері оқулықтарға зәрулікті қатты сезінді. Орысшасы бар, қазақшасы жоқ. Ал жаңа әліпбиге көшкенде, бұл зәру­лік одан бетер күшейген. Халық ағарту ко­мис­сариатында оқулықтар мәселесімен айналысатын оқу-әдістемелік кеңес болды. Оны Тәжібаевтың өзі басқарды. Ғалымдарға оқулықтар жазуға тапсырыстар берілді. Ең алдымен, қазақ тілі мен әдебиеті жайында оқулықтар қажет еді. Сөйтіп, жедел түрде ғалымдар І.Кеңесбаев, М.Балақаев, К.Жиен­­баев, Бегалиндер қазақ тілі жөнінде, Е.Сма­йылов әдебиет жөнінде оқулықтар жазып шықты. Басқа пәндерден орысша оқу­лықтарды қазақшаға аудару қолға алынды.

Әсіресе, тарих оқулығының жыры көп болған. Сегізінші сыныпқа арналған “КСРО тарихы” оқулығын Мәскеу әзір­лейтін. Оны СОКП ОК Саяси бюросы бекі­тетін. Ол барлық жерде оқытылуға тиіс. Онда одақтас республикаларға арналған бір тарау болады. Және ол Мәскеудің сая­сатына бағын­­дырылады. Қазақстан халық ағарту халкомы сол тарауға келіспеді. Оны ғалымдардың талқысына салды. Олар оқу­лықта Қазақ­станға қатысты тарихи оқиға­лардың бұрма­ланғанын айтты. Сол талқы­лауды қорытын­дылап, пікір жазуды тарих­шы ғалым Б.Сүлей­меновке тапсырды. Ақырында сол пікір негізінде КСРО халық ағарту халкомы В.Потемкинге хат жазыл­ды. Оған халком Тәжібаев қол қойды. “Қазақстандағы мек­теп­терде “КСРО тари­хы” осы толықтыру­лармен оқытылсын деген өтінішімізді білдіреміз. Осы өтініші­міздің орындалуына қолдау көрсетіледі деп ойлаймыз” деген сөздер де ерлікке пара­пар. Мәскеу бекіткенге қарсы дау айту, оны толықтыру, өзгерту ол кезде мүмкін емес саналатын жай. Мәскеудің дегені заң іспеттес.

Бұл хаттың нәтижесі қалай боларын кім біледі, оған жауап айтылмай қалды. Хат жіберілген соң, Ұлы Отан соғысы басталып кетті де, жұрт назары соған ауған. Бәлкім, бұл жай аяулы азаматты бір апаттан алып та қалған шығар.

Соғыс өмірді күрт өзгертті. Қиындық­қа қиындық қосылды. Ер азамат соғысқа ат­тан­ды. Оның ішінде ұстаз қауымы да бар. Ал мектептерде оқу тоқтамауға тиіс. Жау шебінде қалған аумақтағы балалар үйлері, оқу орындары Қазақстанға көшіп келді. Бұрын жетпей жатқан ұстаздар қажеттілігі тіпті күшейді. Сонда одан шығудың бір жолы деп 8-10 сынып оқушыларынан бас­тауыш сыныптарға мұғалім әзірленді. Пед­и­нституттардың студенттерінен жедел курс­тар ашып, бітіргендерін мектептерге жіберді.

Тағы бір жайды айрықша атаған жөн болар. Ер азаматтар майданға аттанғанда, олардың орнын әйелдер бассын деген ұран халық ағарту ісінде ерекше мәнге ие болды. Бір жағы мұның өзі әйелдердің қоғамдағы орнын көтеруге де ықпал етті десек те жөн. Соғыстың алғашқы жылын­да-ақ әйелдерді ұстаздық іске тарту, олар­ды оқу орын­дарына, ең алдымен, педаго­гикалық оқу орындарына жіберу қолға алынды. Сөйтіп, республика бойын­ша 1935 әйел мұғалім кадрын жедел даяр­лау жоспары белгіленіп, әрбір облысқа тапсыр­малар берілді. Көп кешікпей оның нәтижесі де көрінді.

Соғыстың алғашқы екі жылында, айталық, республикамызда жоғары білімді бес мың, орта арнаулы білімді 6600 мұға­лім кадрлары даярланыпты. Оған дейінгі бейбіт жылдарда бұлай болмаған екен.

Осынау істің басында халком Тәжібаев жүрді. Оны ел де бағалады, елдің басшы­лығы да бағалады. Ел өмірінің басқа сала­ларында да осындай өрелі іс өріс алсын деген ой болар, соғыстың екінші жылы­ның аяғында отыз екі жастағы Төлеген Тәжібаев республика Халық комис­сарлары кеңесі төрағасының орынбасары қыз­метіне жоғарылатылды. Енді ол елдегі әлеуметтік салалардағы жұмысқа басшы­лық етуге, қамқорлық жасауға тиіс болды.

Әрине, білім беру ісі де өзінің наза­рында болды. Енді оған қоса, халықтың денсау­лығы, өнер, мәдениет, жалпы руха­ни өмір дейтін үлкен саланың жағдайы Үкімет басшысының орынбасары айналы­сатын шаруаларға айналды. Соғыстың қиындығы­мен қатар, сол тұста өнердің де өскеніне талай мысалдар келтіріліп жата­ды. Жаңа кинофильмдер түсіріліп, театр­лар­да жаңа спектальдер қойылып, тіпті жаңа театр да ашылып жатты. Әдебиеттің жаңа үздік туындылары жарық көріп, ақын-жыршылар жиналып, айтыстар өткізілуі не тұрады!

Сол тұстағы істерді ой елегінен өткіз­генде, жұртты таңдандыратын бір жай бар – сонда республикамызда біраз жаңа оқу орындарының ашылуы. Бір елдерде соғыс­тың қиындығынан оқу орындары жабы­лып жатады. Бәрін соғысқа жабады. Қар­жы­ны соғыс жеп жатыр дейді, оқытушы­лар, студент жастар майданға кетті дейді. Соның бәрі Қазақстанда да болды. Бұл елден батыр да шықты, ауыздағысынан жырып, майданға жөнелтуден де еліміз басқадан асып түспесе, кем қалған жоқ. Эвакуацияланған ондаған мың адамға құша­ғын ашқан да қазақ жері. Орасан қиын­дыққа қарамай, ел басқарған азамат­тар елдің болашағын ойлап, жаңа оқу орындарын ашып, оларды аяғынан қаз тұрғызуы қаһармандық іс десе ләзім. Сонда Алматы педагогикалық шет тілдері инс­титуты, Қазақ мемлекеттік консерва­ториясы, Алматы дене шынықтыру инсти­туты, бүгінде университет мәртебесіне ие болған Қыздар педагогикалық институтының есігін ашып, болашаққа қадам жасаған.

Соғыстың ауыртпалығынан кері кете­тін кезде де еліміз алға дамыған. Соғыс баста­лар жылы Қазақстанның жо­ғары оқу орын­дарында 10,4 мың студент болған екен. Ал соғыс біткен 1945 жылы оның саны 15 мыңға жетіпті. Бұл фактіні түсін­діріп жату артық. Оны тек ерлік деп сипат­тайды. Осынау істің басы қасында Төлеген Тәжі­баевтай елдің қамын жеген аптал азамат­тардың жүргені халықтың бағы шығар.

ІІІ

Соғыс халықаралық жағдайды да түбе­гейлі өзгертті. Елдерді әртүрлі топқа бөлді. Германияға қарсы күресте КСРО, АҚШ, Ұлыбритания болып одаққа біріккенімен, күні ертең бастары қосылмасы да аң­ғарыл­ған. Енді соғыстан кейінгі жағдайды ойлау да керек еді. Сондағы басты идея әлемдегі мемлекетаралық қарым-қаты­насты реттеп отыратын халықаралық беделді ұйым құру болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) дү­ние­ге солай келген. Оған ең алдымен фа­шизм­мен күрескен елдер кіретін болды. Сол ұйым­ға мүше болу да айрықша маңызды еді. КСРО өзінің одақтас республикаларын да БҰҰ-ға мүше етіп алуды көздеді. Оған басты қадам ретінде әрбір одақтас республикаларда Сыртқы істер халық комиссариаттарын, яғни министрліктерін ашуды қолға алды.

Бұған дейін сыртқы саясат мәселесі­мен Мәскеу ғана айналысатын және сырт­қы істер комиссариаты аса беделді болды. Оны елдің ең беделді адамдарының бірі, әдетте Саяси бюро мүшелерінің бірі бас­қарды. Ал енді одақтас республика­ларда да Сыртқы істер комиссариаттарын құрған кезде оған беделді де білікті кадрлар іздестірілді. Қазақстанда он­дай адам ретінде үкімет төр­ағасының орынбасары Төлеген Тәжі­баевтың аты аталды.

Саясат өзгереді. Идея, жоспарларға жаңаша баға­лар беріліп жатады. КСРО-ның БҰҰ-ға одақтас рес­­пуб­ликалардың барлығы бірдей мүше етіп сайлау әре­кеті жүзеге аспады. БҰҰ-ға тек үш республика – РФ, Ук­раина және Бело­руссия ға­на кірді. Бұдан кейін одақ­тас респуб­лика­ларда құ­рыл­ған Сыртқы істер халық комис­сариат­тары­ның беделі айтар­лық­тай төмен­дегені белгілі. Бұл кейіні­рек. Ал алғашында жаңа комис­сариатты құруға үлкен мән берілді, үлкен жауапкер­шілік жүктелді.

Жаңа комиссариатты бас­қару жүктелген соң-ақ Төлеген Тәжібаев осы сала­ның ішек-қарнын ақтар­ған. Мәскеуде болып, жүйелі түсі­нік-нұсқау алғаны өз ал­дына, Одақтық комис­са­риат­тың құрылымын жан-жақты зерттеді. Сон­дағы білікті маман­дардың кеңе­сін тың­дады. Содан да неден бастау керек деген сұрақ оның жүй­кесін жұқарт­қан жоқ.

Қысқа мерзімде жаңа ашылған комиссариаттың жұ­мы­сын дөңгелетіп алып кеткен азамат жайында Одақтың Сырт­қы істер халық комис­сариа­тында, оның басшысы Вячеслав Молотовтың өзінде де жақсы пікір қалыптасқаны даусыз еді. Қазақ дипломаты талай халық­аралық кездесу­лерге қатысып, ел атынан мәлімдемелер де жасап жүрді. Ал Тәжі­баевтың Мәскеу­дегі, басқа респуб­ликалар халық комиссар­лары арасындағы беделі жоғары болғанын айғақтайтын бір факт бар, ол – одақтас республикалар халық комиссарларының дуайені болғаны. Дуайен ретінде ол Моло­товтың өзімен тікелей байланысып, оның алдына түрлі мәселелер қойып отырды.

Төлеген Тәжібаев тәуелсіз елдің бір сипатындай көрінетін еліміздегі сыртқы саясат мекемесінің негізін қалаушы, құру­шы қайраткер болып тарихқа енері анық. Сонымен бірге, оның дипломатия­лық қызметін сөз еткенде, оны респуб­лика Сырт­қы істер министрі болғанымен шек­теу­ге әсте болмайды. Ол КСРО сынды алып державаның ауқымындағы дипло­матиялық қайраткер. Сол үшін де оны бүкіл қазақ қауымы өзінен шыққан айрық­ша тұлға ретінде мақтан етуі де заңды.

Төлеген Тәжібаевтың БҰҰ-дағы жұ­мыс­тары, оның КСРО делегациясы құра­мында жүріп, осынау беделді халықаралық ұйымда келелі мәселелерді талқылауға қатысуы оның халықаралық деңгейдегі дипломатиялық қайраткерлігіне куә. Оған бірінші сыныпты Төтенше және өкілетті елші рангі жайдан жай берілмеген.

Оның дипломатиялық қызметі туралы айтқанда, 1957 жылдан 1961 жылға дейін КСРО-ның Үндістандағы елшілігінің кеңесші-елшісі қызметін атқарғанын аттап кете алмаймыз. Бірақ басын ашып айтатын бір жай, бұл қызмет Төлеген Тәжібаевтың сол тұстағы үлкен беделіне де, осы күнге дейін жұртты мойындатқан іскерлік қабі­летіне де сай емес еді. Республика Үкіметі төрағасының орынбасары, КСРО-ның бірінші сыныпты Төтенше және өкілетті елшісі атағы бар қайраткерді бір елшілікке екінші тұлға етіп жіберу, жұқарта айтқанда, қызметінен төмендету еді. Бірақ жақсы адам­ға қай жерде де төрден орын тиеді. Елшілікке екінші адам болса да, ол Үндістан басшы­лығымен тығыз байланыста болған, Жава­хар­лал Нерудей ұлы тұлғамен де, оның қызы үлкен қайраткер Индира Гандимен де жеке кездесулер өткізіп, тығыз байланыста жүріпті.

Қазақстан дипломатиясында Төлеген Тәжібаевтың орны бөлек. Ол республика сырт­қы саясат мекемесін қолымен құрып, бірін­ші басшысы болған қайраткер ретінде оның аты ел тарихында алтын әріптермен жазылады.

ІV

1948 жылдың 15 наурызында КСРО Жоғары білім министрінің бұйрығымен Төлеген Тәжібаев С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің рек­торы болып тағайындалды. Сол тұста рес­пуб­ликалардың бас оқу орындары Мәскеу­ге бағындырылған, бұл да барлық нәрсені орталыққа тәуелді етудің бір жолы еді. Неге сол оқу орнына ректор ретінде Төлеген Тәжібаев таңдалды?

Соғыстан кейін республиканың бас оқу орнында үлкен кемшіліктер болды. Оның жұмысы басшылықта қатты сынға алынды. Оны кім жөндейді дегенде, Тәжібаевқа тоқталған.

Университетте 1940 жылы 995 студент болыпты. Оның тек 133-і ғана қазақ. Неге қазақтар аз? Ал 1948 жылы студенттер саны 962 ғана екен, соғыстан бұрынғыдан да аз. Университетте 27 кафедра ғана жұмыс істе­ген көрінеді. Әрі 14 мамандық ғана даяр­ла­на­ды. Үлкен ғалымдар жоқ емес, бар, бі­рақ өте аз. Олардың қатарын көбейту керек.

Бір жылдан кейін-ақ жұрт жаңалық тынысын сезді. 1948 жылды зерттеушілер көптеген кемшіліктер орын алған кезең ретінде сипаттаса, 1949 жылы ауыз толты­рып айтарлық табыстармен ерекше­лене бастады. Бір жыл бұрын 27 кафедра болса, енді 38 кафедра, 40 лаборатория бар, бір жыл бұрын 14 мамандық даярланса, енді 20 мамандық даярланады, жаңа бір факультет ашылған. Ғалымдар қатары жаңа белгілі адамдармен толықты, олардың қатарында 6 академик бар.

Бір жылдағы жаңалықтар осылай бас­тал­са, университетте ол басқарған бес жыл­дағы игі істерді түгел айтып шығу, оларға түгел тоқталу, бәрінің атын атап, түсін түстеп жату да мүмкін еместей. Тәжібаевтың тұсында философия және экономика факльтеттері ашылды. Тарих факультеті жеке бөлініп шықты.

Ректор Тәжібаевтың университеттегі қызметін айтқанда, алдымен ойға оралатын бір жай бар: ол – қазақ жастарына, қазақ тіліне қамқорлығы. Дәл сол тұс “қазақ ұлтшылдығына” қарсы күрестің жаңа бір толқыны кемерінен асып тұрған кез еді. Соған қарамай, ол бұл мәселені айтатын жерде айтып, өз қолынан келгенше жүзеге асырып бақты. Қазақстан Компартиясының ІV съезінде ол былай деді: “... Біз қазақ кадрларын әлі де болса, аз әзірлеп отырмыз. Университеттің өмір сүріп келе жатқан жылдарынан бері әзірленген, оқуды бітірген қазақтар 17 процент ғана. Қазақтың орта мектептерінде физика, математика, химия, биология пәндері қанағаттанғысыз оқыты­луы­ның салдарынан бұл мектептерді бітір­ген шәкірттер жоғары оқу орындары­ның жаратылыс-ғылым факультеттеріне оқуға түсе алмайды, тек гуманитарлық факуль­теттерге қарай ойыса береді. Республи­камыздың Оқу министрлігі, оның жергілікті оқу орындары қазақтың орта мектеп­теріндегі бұл ірі кемшіліктерге үзілді-кесілді тыйым салулары керек”.

Осы ретте оның үкімет төрағасы Нұр­тас Оңдасыновқа жазған бір хатына назар аударуға тура келеді, үзінді келтіре­йік: “...Қазақ жастарынан биолог-ғалым­дар даярлауда да ешнәрсе істелмей жатыр. Ол бұл факультеттің жылдар бойы қазақ тілін білмейтін мамандар даярлап келгенімен де байланысты... бұл ахуалды түзетудің бірден бір жолы жоғары оқу орындарының био­ло­гия факультеттерінде қазақ бөлімдерін ашып, онда оқитын қазақ жастарының санын көбейту болып табылады”.

Осы мәселеге байланысты ректор Тәжі­баевтың өзі не істеді? Бұрын бір қазақ бала­сы бітіріп шықпаған биология факуль­тетін­де қазақ бөлімшесін ашты. Өкінішке қарай, Төлеген Тәжібаевтың университеттің бар­лық факультетінде қазақ бөлімдерін ашу туралы арманы орындалмады. Оған заман да, уақыт та мүмкіндік бермеді.

Біраз іс тындырып, оның нәтижесіне қуанса да, Төлеген Тәжібаевтың универ­ситтегі өмірі шуақты бола қойған жоқ. Оның талай қиындықты, аса ауыр күн­дерді бастан кешуіне тура келді. Соған төтеп берген оның күш-қайратына, азаматтық ұстанымына қайран қаласың.

Адал, принципшіл адам қашан да жұмысқа берілген, ізденімпаз адамды қолдайды, мұндай адамға қарсылар да тез табылады. Ректор Тәжібаев осындай екі тұрғылас адамдармен көп кездесті.

Жаңа ректордың қолдаған адамының бірі атақты тарихшы Ермахан Бекмаханов болды. Ол қазақ арасынан шыққан алғаш­қы ғылым докторы еді. Ол 31 жасында “ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан” моногра­фиясы негізінде ғылыми атақ қорға­ған. Өзгеріп тұратын қу заман, 40-шы жыл­дар­дың ортасында Қазақстанның тарихы қайта қаралып, бұл жарқырап шыққан тарих­шыға қатты тиді. Еңбектері жоққа шы­ғарылып, Ғылым академиясын­дағы қыз­меті­нен қуыл­ды. Сол қиын тұста оны рек­тор Тәжі­баев университетке қызметке шақы­­рып, кафедра меңгерушісі қызметін ұсынды.

Бұдан кейін күншілдер Е.Бекмаханов­тың соңына шырақ алып түсті. Оған қоса Т.Тәжібаевты қаралады. Ал ректор реті кел­ген кезде жазықсыз жапа шеккен ғалым­ды қалай да қаралаудан құтқаруға тырысты.

Мұндай қолдауы үшін ректор Тәжібаев қатарынан 2-3 жыл бойы қатаң сынға ұшырап жүрді. Әсіресе, “Правда” газеті, “Казах­станская правда” газеті, бәлкім белгілі бір топтың айтақтауымен де болар, оның соңынан қалмай, “жүйелі түрде” сынап отырды.

Сөйтіп, 1953 жылдың 23 ақпанында КСРО Жоғары білім министрінің бұйрығы бойынша Төлеген Тәжібаев Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры қызметінен босатылды.

V

Ректорлықтан босаған соң, Төлеген Тәжібаев осы оқу орнында жай кафедра меңгерушісі болып қалған.

Кафедраның жүйелі жұмысы бір сыдырғы жүріп жатты. Осы тұста респуб­лика басшылығы тағы да әкімшілік қыз­метке шақырды.

Сөйтіп, 1954 жылдың 6 қаңтарында Төлеген Тәжібаев Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметті 1942-1944 жыл­дары соғыстың ең қиын-қыстау кезеңінде де атқарған. Өзіне бұрыннан етене таныс мәдениет, ғылым, денсаулық сақтау, білім беру салаларының мәселелерімен айналы­суға тура келеді.

Осы қызмет ұсынылғанда, оның көңілін­де ең алдымен ғылым тұрған. Сол ғылым­ның екі орталығы – Ғылым акаде­миясы мен Қазақ университеті күні кеше үлкен қысымға ұшырады. Қасиетті екі орданы қыспақтан құтқарсам деп еді. Ғылымның еркін тыныс­тауына, ғалым­дардың алаңсыз жұмыс істеуі­не жағдай жасауға мұрындық болсам деп еді.

Мұның бәрі көңілге жазылған ойлар еді. Ал әзірге қаны сорғалап тұрған мәселе – тың игеру, сол тың игерушілерге жағдай жасау. Дала зіркілдейді. Далаға қала салып тастады. Соған клуб керек, кітапхана керек, аурухана керек. Соғыс кезіндегідей. Тек керек, керек. Тек тың игерушілерге! Сонда тұрғын халық ше? Үкімет басшы­сының әлеу­меттік мәселелер жөніндегі орын­басары­­ның көңілінде ауыл тағдыры жүрді. Ауыл болғанда, қазақ ауылы. Тың үшін қаржыны төгіп жатқанда, сол ауылға арнал­­ған нәрсе аз. Ретін тауып, жол жөнекей болса да, ауылға да үлес берудің жолын қарас­тырған. Соның арқасында білікті басшылар ауыл мұқтажын да тындырып алған. Радио, электр желілері­мен қатар, біраз жерге су құбырлары да жеткен. Әлеу­меттік-рухани қызметтер біршама ауылға жақындаған.

Бәрібір Төлеген Тәжібаевтың бір бүйрегі ғылым жағына бұра береді. Өзі сол салаға қамқорлық жасайтындықтан да, үнемі оны назарда ұстар еді. Оның үстіне күні кеше тоталитарлық жүйенің қыс­пағына Қаныш Сәтбаев екеуі бірге түскен. Сынаушылар екеуін бірге атап, бірге жазғырар еді. Құрық Қанекеңе сәл бұрын ілінді. Ғылым акаде­мия­сының президент­тігінен сәл ертерек, 1952 жылы кетті. Көңілге бір демеу – оның орнына қазақ­тың тағы бір атпал азаматы Дін­мұхамед Ахметұлы Қонаев келген. Бұл кісімен ол республика үкіметі төрағасы­ның орын­басары қызметтеріне бірге келіп, біраз уақыт бірге істегені бар. Енді, міне, жолдары тағы түйісіп отыр. Бірінің ойын бірі айт­қызбай түсінетіндей қарым-қатынаста болды.

Қандай қызметте болса да, ол парасат биігінен көрінді дей аламыз. Тапсырылған ісін ақсатты деп оған ешкім кінә таға алмайды. Тек қана университет ректорлы­ғынан өзінің еркінен тыс кетсе, онда Мәскеудің зорлығы жатыр. Оның жүрген жерінде жақсылықтың жарқын іздері сайрап жатады.

Ол күреске, ерлікке толы өмір кешті. Өмірі­нің соңғы сәтіне дейін азаматтық кел­бетін кіршіксіз сақтады. Бірақ пенделік өмір­дің де шегі бар. Ұлттық тұлға биігіне кө­те­ріл­ген Төлеген Тәжібаевтың үлкен жүре­гі 1964 жылдың 14 маусымында соғуын тоқтат­ты. Аз өмір сүрді деп өкінеміз. Бірақ тын­дырғаны көп қой деп өзімізді жұбата­мыз. Оның үлкен мұрасы халқына қызмет етіп жатыр.



Авторы: Мамадияр ЖАҚЫП, Жолмұхан ТҮРІКПЕНҰЛЫ, профессор.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат