Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-02-26:

ШАҒЫН ЦЕХТАРДАН ҮЛКЕН КӘСІПОРЫНДАРҒА ҚАДАМ

 

Бақтияр ТАЙЖАН.

Елбасымыз халыққа Жолдауында  атқарылатын міндеттердің қатарына экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу жайлы Үкіметке шегелеп тапсырды. Бұл ежелден үлкен өндіріс ошақтары бар ірі мегаполис қалаларға ғана емес, мемлекеттің бөлген қаржысына күн көріп келе жатқан аудан, қалаларға да қатысты. Елімізде шағын және орта бизнесті барынша ынталандырып, қолдау көрсету түбі үлкен табысқа әкелетіндігі сөзсіз.

Осындайда еске түседі, сонау бір жылдары Үрім­ші­дегі төрт тілде шығатын “Шыңжаң” газетінің шақыруымен аспан асты еліне жолымыз түсті. Обалы кәні, газет басшылығы қазақ, ұйғыр тығыз қоныстан­ған аймақты түгел аралатып, жағдайлары­мен таныс­тырды. Сапар соңында таман Үрімші қаласындағы көшемен келе жаттық. Бір қалтарыста бізде атқа жегетін арба сүйреген адам алдымызға түсті. Айналып өтуге жан-жағымыз толған мәши­нелер. Жаяу және жүк тиелген арба сүйреген адам­ның мимырт жүрісі белгілі. Мәшинеміз да тасбақадай тырбаңдап қалды. Шыдамы таусыл­ғандар, әрине, біздер, әке-шешеден сыбап жатыр. Біздің қытай шопыр бүлк етпейді. Жүйкесі мықты екен. Алдымыз алқымға тығылған ашудан көгеріп-сазара бастағанда арба сүйреген адам діттеген жеріне жетіп, бұрылып кетті. Қытайдағы әріптес қазақ журналистері күледі.

– Қытайға әлемдік экономикаға әсер етуге күш берген осы шағын және орта бизнес. Мемлекет басшы­лары самса пісіріп, шұлық тоқыған, етік тіккен адамдарға дейін қамқорлығына алып, салық салу­шылар мен тексеруші орындардың мазала­мауын, жауап­кершілікке тартылатындығын ескертті. Қытай­дың қалай жазалайтынын білесіздер. Жаңа арба сүй­реген азамат та өз еңбегімен күн көрген шағын кәсіпкер. Қытайды әлемге танытқан да осылар.

Бұрын да естіп жүрген әңгімеміз ғой, әйтсе де ойланып қалдық. Тиісті бақылау органдарының шағын кәсіпорын ашылған күннен бастап жалаңдап бара беретіндігі болмаса біздің елде де шағын және орта кәсіпкерлікке айырықша назар аударылып жатыр. Жақында Ордабасы ауданына бардық. Жеке кәсіпкер Ж.Ешмұратовтың тәулігіне 3 тонна шұжық өнімін өндіретін цехы іске қосылған. Жаңа 10 жұмыс орны ашылған. Құны 35 мың доллар құрайтын цехтың қондырғылары Ресей, Германия елдерінен әкелініпті. Әлеңкедей жаланып тұрмағанымен шағын аудан қажетін өтей алады.

“Ырыс” өндірістік кооперативті де тәулігіне 1,5-2 тонна шұжық өндіретін шағын цехын іске қосыпты. Мұнда 20 адам жұмыс жасап, отбасының ризығын айыруда.  Сырттан тасымалданған емес – отандық өнім. Қазір шағын болғанымен күні ертең үлкен кәсіп­орындарға айналып кетпесіне кім кепіл. Ең бастысы, тәуекелге белбайлау ғой, табыссыз қалмайды.

Германияның “Сименс” сауда маркасы дүние жүзіне әйгілі. Осы фирманың аты аталса өнеркәсіп орындарының басшылары ішкен асын жерге  қояды. Қондырғыларының әлемде бәсі үлкен. Басқы тарихын оқы­ған­­быз. Әу баста Сименс деген бір па­қыр инженерден басталыпты. Өнер­тапқыш екенінде талас жоқ, әр нәрсені түрті­нек­теп жүреді екен. Сызбалар сызады. Бірақ қолы қысқалау болған соң шағын дүниелер жасап күн көріпті. Бір алпауыттардың көңілі түседі де қондырғы­ларын жасап көруге қаржы бөледі. Нәтижесін көріп отырсыздар.

Сөз реті келген соң айтып жатқанымыз ғой. Ордабасы ауданында да Қазақстанда бәсі жоқ үлкен серпінді жоба іске асқалы жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Шоқан Кенжеев әңгімелеп берді. Аудан көлемінде жұмыссыздықты азайту, тұрғындарды еңбекке тарту мақсатында “Ордабасы құс” ЖШС-нің Бадам ауылында өндіріс қуаттылығы жылына 4,8 мың тонна (тірідей салмақпен) күркетауық етін өндіретін кешенді күркетауық фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Инвестициялық жоба құны 3 млрд. 294 млн. теңге, оның ішінде 715 млн. теңге “Ордабасы құс” ЖШС-нің өз қаржысы. Технологиялық негізін арнайы қондырғылармен жабдықтау үшін 2 млрд. 579 млн. теңгенің бизнес жобасы әзірленіп, “ҚазАгроқар­жы” АҚ-қа ұсынылып, жобаны 7 жыл мерзімге, 6 пайыз жылдық үстемемен несиелендіру мәселесі шеші­ліпті. Бүгінгі күнге “ҚазАгроқаржы” АҚ-тан 1 млрд. 107 млн. теңге нақты қаржы игеріліп, 83 млн. теңгесі құрылыс саласына жұмсалған. Жоба толығымен 2010 жыл­дың ІV тоқсанында іске қосылады деп жоспарлануда.

Аймақтық инвестициялық орталық “Максимум” ЖШС-не Ордабасы ауданы бойынша барлығы 331 млн. 638 мың теңгеге 197 жоба тапсырылды. Бүгінгі күнге нақты 44 жоба 65 млн. 170 мың теңгеге қаржы­лық комиссиясының оң қорытындысын алып, оның ішінде 27 жоба 42 млн. теңгеге қаржыланды. Атап айтқанда, мал шаруашылығына 23 жоба 22 млн. тең­геге, егін шаруашылығына 2 жоба 4 млн. теңге, жылыжай құры­лы­сын салуға 2 жоба 16 млн. теңгеге қол жеткізбек.

Шұбар елді мекенінде орналасқан шошқа өсіру кешені кеңес дәуірінде типтік жобада құрылған, барлық санитарлық және экологиялық талаптарға сай келеді. 8000 бас шошқа ұстап бағуға мүмкіндігі бар. Қараусыз қалған кешенді өз басқаруына алған “Ордабасы” асыл тұқымды кешені” ЖШС “Агрохол­динг “Оңтүстік” ЖШС- мен бірлесіп инвестициялық құны 141 млн.602 мың теңгенің бизнес жобасын іске асыруда. Осының 4 млн. 700 мың теңгесі серіктестіктің өз қаржысы. Жобаны қаржыландыру “Оңтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” ЖШС арқылы оң шешімін тапты. Жоба толық 2010 жылдың ІІІ тоқсанында іске қосылып, 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.

Бұған қоса, Қажымұқан ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылынан “Қайнар май” акционерлік қоғамы табиғи жылы су көзін пайдаланып 240 орынға арналған демалыс-емделу профилакторийін салу жобасын іске асыруда. Жобаның жалпы құны 1 млрд. 50 млн. теңге. Жоба толығымен 2010 жылдың І-ші жартыжылдығында қолданысқа беріліп, 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Әрине, Ордабасы ауданында барлық мәселелер оңды шешімін тауып жатыр, бәрі де жеткілікті деп айтуға болмайды. Шоқан Кенжеев айтқандай, ауыл шаруашылық жерлерін түгендеу барысында игерілмей жатқан 2 648 га суармалы, 12 937 га тәлімді, барлығы 15 585 га жер анықталыпты. Бүгінгі таңда 302 құры­лымның мақсатты пайдаланбай отырған жалпы 5835 га жерлерін мемлекетке қайтару жөнінде өңіраралық жер инспекциясына ұсыныс берілген. 32 шаруа қожа­лық пен 6 заңды тұлғаның 323 га жері, оның ішінде 71 га суармалы, 49 тәлімі және 203 га жайылым­дық жер аудандық арнайы жер қорына қайтарылды.

Бірінші кезекте Төрткөл, Қарақұм, Жеңіс және Бөген ауылдық округтеріндегі 2090 гектар егістік жердің сорлануы мен жер құнарының жылдан-жылға төмендеуі алаңдатады. Осы күнге дейін иесі болмағандықтан аудан көлеміндегі 183 тік дренаждар талан-таражға ұшырап, 344 шақырым көлденең коллекторлар жарамсыздықтан істен шығып, жер сорлануда. Егер осы ауылдық округтердегі тік дренаждар іске қосып, көлденең коллекторлар мен R-11С, R-11К, R-14 және “ЛБК” каналдары тазаланып, “Құрманбек” каналы пайдалануға берілетін болса, пайдаланылмай жатқан 2090 га жер толық игеріліп, егілетін мақтаның өнімділігі артып, жердің құнарлылығы сақталып, жер асты суларының деңгейі төмен түсетін еді. Ауылдардың инфрақұрылымдары мен әлеуметтік құрылыстарының құздануы тоқтаты­лып 3,5 мың адам жұмыспен қамтылған болар еді.

Сондай-ақ, Қараспан ауылдық округіндегі ұзындығы 24 шақырым “Қазан” арығы тазаланатын болса, су жетіспегендіктен айналымнан шыққан 906 га егістік алқабы қайта игеріліп, сол каналдан суарылатын жалпы 4266 га суармалы жерлер толыққанды ағын сумен қамтамасыз етіледі. “Қазан” арығы “Оңтүстіксушар“МКК-ның балансында. Жобалық-сметалық құжаттары бар. Аудан тарапынан каналды механикалық тазалау үшін тиісті құжаттар облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ұсынылған. Бірақ республикалық бюджеттің меншігінде болғандықтан қаржы бөлінбей отыр. Егер осы жұмыстар атқарылса 126 адам жұмысты болар еді.

Аудан әкімі осы мәселелерді облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің назарына ұсыныпты. Шешімі табылса талай күрмеулі мәселелердің түйіні ағытылар еді. Суармалы жерлердің көлемі көбейіп, құзданып бара жатқан алқаптардың өңі кірер еді. Қазір бұл проблемамен облыс басшылығы айналысып жатыр. Бұл бір демде шешіле салатын мәселе емес. Әйтсе де халық жақсы күндерден үмітті.

Оңтүстік Қазақстан облысы,Ордабасы ауданы.

 

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК КЕПІЛІ

 

Күмісжан БАЙЖАН.

Республика Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақстан­ның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында қай кезде де сауатты сауда саясатының экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне қолдау көрсететіндігі айтылған. Жолдауда “Қазақстан ТМД-дағы интегра­ция­лық үдерістердің белсенді қаты­сушысы болып табылады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген Ресеймен және Бе-ларусьпен Кеден одағының құры­луы – бұл қазақстандық барлық интеграциялық бастамалардың серіппелілігі” деп үш елдің қаты­суы­мен қаржы мен жұмыс кү­шінің еркін қозғалысы орнығаты­нына маңыз берілген. Мұның өзі шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатындардың жаңа ры­нокқа шығуына және бәсекелестік артықшылықтарын пайдалануына мүмкіндік беретінін көреміз. Құн­ды құжатта айтылғандар өңірде жалғасын тауып, түсіндіру жұмыс­тары жүйелі жүргізіліп келеді.

Осыған байланысты Қазақ­стан, Ресей және Беларусь мемле­кеттерінің Кедендік одағы аясын­дағы кедендік-тарифтік реттеу мәселесіне  байланысты облыс аумағындағы  кәсіпкерелер, кеден, салық және шекаралық қызмет­тер, қоғамдық ұйымдар мен аудан, қала әкімдері және бас­қа да бас­қарма мен департа­мент басшы­лары құжатқа қатысты мәселелер­ді ортаға салып, алдағы жұмыста­ры­ның тиянағын келті­руге бетбұ­рыс жасауымен ерек­шеленуде.

Аталған басқосуда облыс әкі­мі­нің бірінші орынбасары Аман­дық Баталов Кедендік одақтың жұмысына байланысты саудадағы тәуекелшілдік пен бағаға қатысты, тауарларды әкелу мен шығару барысындағы салық салу мен акциздер және тағы басқа жағдай­ларды талқылау қажеттігіне тоқталса, өңірдегі сыртқы сауда айналымы жайлы Алматы облысы бойынша кедендік бақылау депар­таментінің бастығы Қ.Артық­баевтың тұжырымдары да толық­тыра түсті.

Өткен жылғы сыртқы сауда айналымы өңірде 2 млрд. 518 млн. АҚШ долларын құраған. Жалпы сауда айналымы көлемінің 77,7 пайызын сырттан әкелінетін им­порт құраса, 10,5 пайызын экс­порт және 11,9 пайызын басқа ре­жімдегі айналым жабады екен. Осы орайда сыртқы экономика­лық қызметтегі негізгі серіктестер ҚХР, Ресей, Германия, Түркия, АҚШ және Украина ретінде қа­лыптасып, өзара байланыс орнық­қанын да айтқан жөн. Кедендік тәртіпке байланысты жасалған салыстырмалы талдау нәтижесінде экспорт көлемі 24 пайызға артқа­ны­мен өткен жылы бұған дейін импорттың басым бөлігін жапқан өзге елдерден жеткізілетін тауар­лар көлемінің азайғаны да айтылды.

Алайда, 2009 жылдың қоры­тын­дысы бойынша кедендік бақы­лау департаменті мемлекеттік бюд­жетке 46 млрд. 998 млн. теңгенің кедендік салықтары мен төлемдерін түсіріп,  облыстың кеден органда­рынан түскен салықтар мен төлем­дердің тұтастай түсімдегі үлес сал­мағы  40 пайызды құрапты. Әрине, бұл жақсы нәтиже. Ақпан айында Кедендік одақтың бірегей кедендік тарифі күшіне енгеніне және соған сай автокөліктерге кедендік салық­тың өскеніне байланысты шетел­дерден автокөлік құралдарын әкелу күрт кеміп кетеді деген жорамал айтылуда. Сондықтан кедендік са­лықтар мен төлемдер жиынтығы­ның төмендеуіне жол бермеу бағы­тында жұмыс жандандырылып, оның көздерін бәсекеге қабілетті тауар өндірумен толықтыру көз­делген.

Үстіміздегі жылы өңір аумағын­дағы мердігерлер шетелге шыға­рыл­ған материалдарды  қолданатын көптеген жол-құрылыс жұмыстары жоспарланғандықтан алдағы уа­қытта өзге елдерден аталған өнім­дерді әкелетіндер  жайлы ақпарат­тар алу үшін облыстық әкімдіктің көмегі қажет. Нақты ақпаратты сараптап, құрылыс материалдарын  уақытылы кедендік ресімдеуден өткізуге дайын болу жағы қарасты­рылуда. Қазіргі кезде облыс бойын­ша  кедендік бақылау департаменті арқылы кедендік ресімдерді жүзеге асыратын сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың көп­шілігі өңір экономикасының субъектілері еместігі де сөз болды. Таратып айтқанда кедендік ре­сімдер жасайтын 7000 сыртқы эко­номикалық қызметке қатысушы­ның 5000-ы Қазақстанның Алматы және тағы басқа қалалардағы коммерциялық құрылымдары екенін көреміз.

Еліміздегі даму стратегиясының басым бағыттарының бірі кәсіпкер­лер бастамаларын толық жүзеге асыруға жағдай жасаудың бір тетігі ретінде бағаланса, оны одақтың құ­рылуымен байланыстыруға болады. Жүйе бойынша алғашқы кезекте үшінші елден келген  барлық тауар үшін бірегей кедендік бақылауды қарастырып, мұндай бақылаудан өткен соң тауарлар үш елдің өз ара­сында еркін тасымалданатынды­ғымен өлшенеді. Сондай-ақ, Ресей, Беларусь және Қазақстанда өнді­ріл­ген өнімдер мен тауарлар осы үш мемлекет арасында еркін қоз­ғалып, экономиканың белсенділі­гіне жол ашылады. Алдағы жылдың 1 шілдесінен Қазақстан мен Ресей  шекарасында кедендік ресімдеу жұ­мысы жүргізілмейтіні, 2011 жыл-дың 1 шілдесінен бастап тауарлар­ды кедендік бақылау  одақтың сыртқы шекараларына ауыстыры­ла­ты­ны да жиналғандар назарын аударды. Аталған одақтың негізгі элементі – үш елге қатысты біре­гей сауда саясаты мен кедендік та­риф болып қалады. Одаққа қатысу­шы елдер  арасында бірлескен  кәсіпорын құрудағы жұмыстар да басталыпты.

Мемлекеттер арасындағы сауда-саттық, өзара байланыстың эконо­микаға тигізетін әсері мол. Осы мақсатта Қазақстан, Ресей және Беларусь Кедендік одағы аясын­дағы тарифтік реттеудің артықшы-лығы мен ерекшелігі кедендік са­лық салынбайтын тауарлардың тізі­мі жөнінде әңгіме қозғалды. Салық салынбайтын тауарлар тізбесі де анық­талған. Сонымен қатар, олар­дың қатарында қалайыдан жасалған бұйымдарға салық 5 пайызға дейін тө­мендетілген. Мұның өзі бұған дейін­гі екі ел арасындағы байла­ныс­ты одан әрі жақсартатынының дәлелі.

Соңғы жылдары азық-түлік саласында халық көп тұтынатын қант жетіспеушілігі жиі сөз болып отыр. Бұған мемлекет тарапынан нақты қолдау да  көрсетіліп, қант қызылшасын өсірушілерге  қаржы­лық қолдау көрсетілуде. Дей тұр­сақ­та, аталған өнім әлі де сырттан экспортталатындығын көреміз. 2010-2019 жылдар аралығында Аргентина, Бразилия және Кубадан тасымалданатын аталған шикізатқа қатысты өнімді өнеркәсіптік өңдеуге қатысты кедендік салық салынбайтындығын да көп жеңіл­дік деуге болады. Ол үшін шеттен келетін қанттық шикізаттың еліміз­дегі қант өңдейтін кәсіпорындарды қамтамасыз етуге  арналғаны тура­лы  қорытындысы болса жеткілікті. Сондай-ақ, Үкіметтің  сырттан әке­лінген шикізат пен одан өндірі­летін қант Ресей Федерациясы мен Беларусь мемлекеттері аумақтарына қайта өткізілмейтіні жайлы кепіл­дігі қажет. Осылайша бұл шаралар өңірдегі  қант зауыттарының жұмысының көлемін арттырып, толыққанды жұмыс істеуіне негіз болады деп күтілуде.

Талдықорғандағы “Қайнар АКБ” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі басшысы Қ.Әжмағам­бетов Кеден­дік одақтың ертеңі жайлы былай деді:

– Кедендік одақ тауарлардың шектеусіз және кедергісіз еркін саудасын қалыптастырып, толық көлемде орындалуын қамтамасыз ететін еркін саудаға жол ашатын­ды­ғымен құнды. Сондай-ақ, одаққа  кірмейтін үшінші елдерге қатысты бірегей кедендік тарифті қолдануға да мүмкіндік береді. Кәсіпорынға аккумуляторлар өндірісіндегі осы өнімді шығарудағы ТМД елдерінің экономикалық қуатын жаулап алған  Украинадан жеткізілетін ак­кумуляторлық өнімдерден қорғану үшін аса қажет. Сонымен бірге, одақтың дайындық деңгейлеріне қарай ЕурАзЭҚ-тың қалған елдері­нің енуіне ашықтығы да көңіл қуантады.

Кеңесте Кедендік одақтың елі­міздегі шикізаттық емес экономи­каның дамуына даңғыл жол ашаты­нын, ол үшін бірінші кезекте өткізу рыногы қажеттігі де  жіктелді. Өйт­кені, нарық талабы болмаса, өнді-рістің бәсекеге қабілеттілігі туралы айту мүмкін емес. Демек, аталған одақ берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өңір экономикасын нығайтудан қалыс қалмау қажеттігі күн тәртібіне өткір қойылды.

Алматы облысы.

 

МҰНАЙ ҚАЛДЫҚТАРЫ КӘДЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

 

Еркін  ӘБІЛ.

Елбасының Қазақстан халқы­на  Жолдауында елімізді 2020 жылға дейінгі ин­дустрияландыру бағыттары айқын­далды. Оның ішінде Сыр өңірінде жүзеге асырылатын жо­балар да аз емес. Олардың негізі Оңтүстік Торғай иінінде жерасты қазба байлық­тарын иге­ріп жатқан шетелдік компаниялардың облыстың игілігі үшін қызмет жасайтын жобала­рына қатысты.

Әлбетте, жалпы құны бірнеше ондаған миллиард теңгені құрай­тын бұл жобалар облыс экономи­касын серпінді дамытып, аймақ­тың әлеуетін арттырумен бірге жергілікті жердегі шағын және орта бизнестің дамуына оңды ықпал жасайтыны белгілі.

– Облыс төңірегінде аймақ басшысы Болатбек Қуандықовтың қолдауымен игі­лікке қызмет жа­сай­тын бұл жобалар республика­ның индустрияландыру картасына енгізілгені мәлім, – дейді “Эко Servіce” фирмасының директоры Мусиф Жарыл­қа­сынұлы. –Ал бұл ауқымды жобалар жергі­лікті жердегі жаңалықтың жаршысын­дай болған біз секілді ондаған шағын және орта бизнес өкілдерін өзіне тартып, өңірде жаңа сала­лар­дың өркендеуіне мүмкіндік береді. Осының барлығы Елбасы­ның Жолдауда атап көрсетке­ніндей, елімізді индустрия­лан­дырудың жаңа бағытта қарқынды дамып, шикізаттық емес саланың дамуына ерекше мүмкіндік жасайды.

Мысалы, Қызыл­орда өңірінде Ақшабұлақ кенішінде газ-турбиналы станса салынуда. Жоба бойынша ілеспе газды өңдеп, тұтыну­шыларға жеткізудің  тірлігі қолға алынуда. Газ өңдейтін қон­дырғының екінші кезегі пай­далануға берілгенде Сыр өңірінің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің жаңа мүмкін­діктеріне жол ашылады. Осылар­дың негізінде облыс орталығына тартылатын электр желісі эколо­гиялық мақсатта тиімді жұмыс істейтін фирмалардың өз жоба­ларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Айталық, мұнай өндірудің қазір­гі деңгейін сақтап немесе оның көлемін ұлғайту жөніндегі межелерді жүзеге асыру жаңа мұнай ұңғымаларын ұдайы іске қосумен сабақтасып жататыны заңды­лық. Ал мұндай жұмыстар­ды атқару кезінде жергілікті жердің экологиялық талаптары бұзылуы әбден мүмкін. Құмкөл кен орнын алғашқы игерген жылдары мұндай келеңсіздіктерге оншалықты мән беріле қойған жоқ. Фирма дирек­торының пікі­рінше, қазір Үкімет­тің эколо­гиялық заңдылық­тарды сақтауға қатысты талап­тары күшейе бастады. Осыған орай мұнай компаниялары  жер бедерін осы зиянды зат­тардан тазарту үшін жаңа техноло­гияларға жүгінуге мәжбүр болуда.

– Ал біздің фирма нақ осын­дай мұнай қалдықтарынан бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіру мқсатында жаңа техноло­гияларды енгізу бағытында жұмыс істе­мекші,– дейді ол әңгімесін жалғастырып. –Біздің мамандар бүлінген топырақ қабаттарын мұнай қалдықтарынан тазартып қана қоймай, оларды жергілікті жердің инфра­құрылымына пайда­лануға мүмкіндік алмақшы. Осыған орай Қызылорда–Құмкөл автомо­биль жолының 175-шақы­рымында біз құрамында мұнай бар қал­дықтарды залалсызданды­рып, оны тазартып, қайта өңдейтін қондыр­ғыны орналасты­ра­мыз. Сөйтіп, біз Қазақстанда “Крот-5” атты қондыр­ғы­ны пайдалану арқылы мұнай қалдық­тарын өңдеу технологиясын бірінші рет қолға алғалы отырмыз.

Фирма директорының айтуын­ша “Эконафт” техно­логиясы таби­ғи компо­ненттерді пайдалану арқы­лы жүзеге асырылады. Сон­дықтан бұл химиялық қондырғы­ның зияны жоқ. Ал анығын айт­қанда, бұл Ресей ғалымдары­ның Курск қаласындағы эколо­гиялық қауіпсіздік институтында жасап шығарған техноло­гиясы болып табылады. Аталмыш техно­логияны жасап шығару үшін фир­ма маман­дары Курскіден дайын­дау техно­логиясын ғана алдырады. Ал оны өндіруге қажетті компо­ненттер Қазақстанның аймақта-рынан  жеткізіледі. Негізгі компо­нент минералды қышқылдар болып табылады. Бұл сөндіріл­меген әк немесе доломит, хром қышқылы  болуы мүмкін. Соны­мен бірге осы үш құрамның жиынтығы да негізгі компоненттің өзін құрайтын болады. Технология үшін былғары өндірісінің, ет комбинаттарының, май зауытта­ры­ның және осыған ұқсас өнді­ріс­тердің май құрамдас қалдық­тары қажетті шикізат болып табылады. Фирма директоры жаңа жобаны жүзеге асыру мақсатында қажетті шикізаттар табылатын өндіріс орын­дарымен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Фирма сөндірілмеген әкті Оңтүстік Қазақстан облысынан сатып алуды жос­парлап отыр. Бірақ оны Жаңақорған ау­данында өндірудің мүмкіндіктері де қара­луда. Әзірге Жаңақорған ауданын­да өзіндік әк өндіруге немесе Шиелі ауда­нында доломитке қол жеткізуге ертерек. Бірақ, “Эко­нафт” техно­логиясының тартым­дылығы сол, бұл өндірісті ерте ме, кеш пе жергілікті жердің шикі­заты арқылы жолға қоюға әбден болады.

Таяу уақытта облыс өңірінде ха­лықаралық дәрежедегі автомо­биль жолы жобасының жүзеге асатыны белгілі. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық автодә­лізінің құрылысын салуға жүздеген фирма­лар тартылатын болады. Ал жоғары­да айтылған технологияны пайда­лана отырып, мұнай қалдықтарын қайта өңдеу жолға қажетті құм-гравий қоспа­сына арналған шикізат­ты өндіріп шығаруға мүмкіндік береді. Бұл асфальт-бетон жамыл­ғысының беріктігін едәуір арттырады. Жаңа технологияның бір қондырғысы жылына 15 мың текше метр қалдықты өңдей алады.

Сөйтіп, жергілікті кәсіпкерлер мұнай қалдықтарын өңдеп, өңі­ріміздің табиғи ахуалын жақсар­тып қана қоймай, оларды кәдеге жарату бағытында да жаңа техно­логияны батыл қолға алып отыр.

Қызылорда.

 

КҮН ТӘРТІБІНДЕ – КАДР МӘСЕЛЕСІ

 

Дастан КЕНЖАЛИН.

Астанада “Самұрық Қазына” ҰӘҚ” АҚ пен “Қазмұнайгаз” ҰК” АҚ-тың бастамасымен “Адам ресурстарын басқару: өткенді қалыптастыру және болашаққа жоспар” атты бесінші халықара­лық конференция өтті. Оның жұмысына отандық ірі ұлттық компаниялар мен даму институт­тарының, “Теңізшевройл”, “Бри­тишГазҚазақстан”, “Шелл”, “МТС” сияқты компаниялардың өкілдері қатысты.

Конференцияда адам ресурс­та­рын басқаруда соңғы 10 жыл­дағы даму тәжірибесі, мемлекеттік және жеке өндірістік, қаржы ком­панияларындағы қаржы саясаты жөнінде мәселелер талқыланды. Жиында осы мәселелерге арнал­ған түрлі баяндамалар жасалды. Осы орайда “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ төрағасы Қайрат Келім­бетовтің жасаған баяндамасын кадр саясатын жүргізуде тәжірибе­сі мол шетел өкілдерінің қызығу­шылықпен тыңдағанын атап өтке­німіз жөн. Қор төрағасы “Самұ­рық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ-тың құрылу тарихын, оның өз құрамы­на 30 ірі және 400 тәуелді компа­нияларды біріктіретінін айтып, осы күндері Елбасының шешімі­мен ұлтық экономиканы дағдарыс салдарынан сақтап қалу үшін құрылған қордың жұмысының нәтижесінде еліміздегі жағдайдың тұрақтанғанын атап өтті. Осыған орай Қ.Келімбетов қордың әлем­дік компаниялар секілді штатты оңтайландыру, шығынды азайту шараларын да атқарып шыққанын жеткізді. Мәселен, 2008 жылдың соңында компаниялардағы шы­ғындар жоспарлағаннан 10,6 млрд.теңгеге азайды, оның ішінде 3,9 млрд. теңгесі әкімшілік шығындары.

 Сонымен бірге компаниялар құрылымдарында бір-бірінің қыз­метін қайталайтын құрылымдар қыс­қар­ды. Еңбекақы төлеу көрсеткіші де бүкіл компания­ларда 30 пайызға азайды. Бұдан басқа, 2008, 2009, 2010 жылдары бонус төлеуге тиым салынды. Мұндай жағдай басқарушы топқа да жасалды. Сөйтіп, сыйақы алып жүрген басшыларға қосымша қаржы төлеу шектелді. Жалпы, қор тобындағы компаниялар бойын­ша әкімшілік шығындар тағы да 10 млрд. теңгеге қысқарды.

“Самұрық- Қазына” АҚ бас­қар­масында кадр саясаты жөнін­дегі комитет құрылған. Ол коми­тет қор тобындағы компанияларда кадр саясатының жаңа принцип-терін жүзеге асырып, оларды қадағалаумен айналысады.

Жиында жасаған баяндама­сында Қ.Келімбетов тағы бір мәселеге тоқталып өтті. Алдағы кезде “Самұрық-Қазына” қоры отандық университеттермен және білім орталықтарымен бірігіп жұмыс істеуді мақсат етіп отыр. Қазір қор тобында инженерлік-техникалық кадрларды дайындау­дың онжылдық бағдарламасы жасалынып жатыр. Ол индус­триялық-инновациялық даму бағдарламасымен, инвестициялық жобалармен сәйкестендірілген. Қор техникалық кадрларға деген сұранысты зерттей келе отандық жетекші оқу орындары мен кәсі­би-техникалық мектептерге білім беру тапсырысын жасамақ. Мәсе­лен, төрт-бес жетекші оқу орын­да­рының базасында қор 10-15 магистрант­тарды тіркеп, ғылыми-зерттеу орталықтарын құруды ойластыруда. Соның нәтижесінде ғылым мен өндірісті зерттеудің байланысы болғаннан кейін ма­ман­дарға тапшы болып отырған өндірістік компания­лар ғылыми-кадрлық әлеуеттің қызметін пай­да­­лануға мүмкіндік алады. Тиі­сінше мамандарға деген сұраныс та артады.

Форум аясында кадр мәселесі жөніндегі баяндамалардан басқа ең жақсы HR-жоба, қоғамдық пікір лидерлерімен ток-шоу, халықаралық мамандардың адам ресурстарын басқаруы бойынша шеберлік-сыныптар өткізілді.

 

ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТҚАН ЖАҢАЛЫҚ

 

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.

Кеңес дәуірінде жылу жүйесі құрылысында дәстүрлі тәсілдердің бірі каналды тәсіл болды. Темір-бетон ка­налдар­дың ішіне түрлі диа­метр­лі жылу ұстайтын мине­ралды-мақталы плиталармен қаптал­ған құбырлар орна­лас­ты­ры­латын, ол рубе­роид не­месе шы­ны талшық­пен жабы­латын.

Астана қаласында жерас­ты сулары өте жақын орна­лас­­­қан­дықтан нөсерлі кана­ли­за­ци­ялар жүйесі нашар да­мы­ған. Осылардың әсері­нен бетондардың түбіне түрлі себептермен сулар жиналып, құбырлардың корро­зияға ұшырауына алып кел­ген әрі ка­нал­­ды тәсіл жоғары кө­лем­­де жылудың жоғалуына және тот басуына себеп болған.

1999 жылдан бастап құ­быр­лар­ды тот басудан және жылу жо­ғал­тудан бірнеше есе сақтай­тын инновациялық жо­ғары технологияларды еліміз­ге “Астана-Теплотранзит” АҚ даниялықтардан алып келді. “Астана-Теплотранзит” АҚ Ас­­­тана қаласының жылу жүйе­­сін жаңа деңгейге шы­ғар­ған кәсіпорын, өз еңбек са­ласы бойынша халықара­лық жобалардың жеңімпазы атанды.

“Елордамыз Ақмола қала­сына ауысқан жылдары жаңа Астанамыздың дамуымен қатар салынып жатқан бар­лық нысандарды орталықтан­дырылған жылумен қамту және жылу беруде ақаулар мен шектеулер болмауы тиіс деген тапсырманы өз мінде­тіне алған “Астана-Тепло­тран­зит” кәсіпорны өз мін­детін жоғары сапада атқарып шыққан.

Елімізге Даниядан әке­лін­ген жаңа заманға сай құ­рыл­ғы “құбыр ішіндегі құ­быр” деп аталады. Бұл құбыр­дың сыртқы қабаты желінуге ұшырамайтын плас­тиктен, ал ішкі қабаты болат­тан жаса­лын­ған. Бұндай изоля­циялық материалды қолдану жылу сапасын жоғалтуды бірнеше есе азайтқан. Еліміз­ге сапалы жылу жүйесін орнату мақса­тын­да “Астана-Теплотран­зит” кәсіп­орны мамандары даниялық­тармен іс-тәжірибе, оқу са­бақтарын өткізіп, өз білікті­лік­терін жетілдірген. Бастап­қы кезде даниялықтар­дың шығарған құбырлары пайда­ланылған. Диаметрі 500 мм. болатын жаңа жылу трас­са­сының алғашқы учас­кесі Сакко және Ванцетти-Жел­тоқсан көшелерінің жылу жүйелерінде қолданылған. Аталған құбыр оңды нәтиже көрсеткен соң, 630 мм. диа­метрлі құбыр Бараев көше­сінің бойынан “Рамстор” және “Думан” ОСО жаны­нан, Қорғалжын жолы бойы­мен 17-ші мектепке де тартылған.

Сонымен қатар “1999 жылдан бастап біз каналсыз тәсілмен салған жаңа жылу трассаларының жағдайына мониторинг жасап келеміз. Жылу жақсы үнемде­леді. Бұ­рынғы трассаларда жылу жоғалту 12 Вт/м. құрай­тын болса, қазіргі жаңа құбырдың жылу жоғал­ту көрсеткіші нақты – 2 Вт/м. Материал­дың және монтаждау сапасы­на сай құ­быр­ды жоба­мен 30 жыл пай­далануға бо­лады. Дегенмен, бұған сенімді болу үшін, ішкі шіру параме­трін ескеріп отыру керек. Ішкі шірудің дамуы – жылу та­сы­малдаушының сапасындағы химиялық құрамына тәуелді болады және судың химия­лық құрамына күнделікті мониторинг жүргізіп отыра­мыз”, – дейді “Астана-Теп­лотранзит” АҚ кәсіпорны­ның бас директоры Айтмұқан Жұмабаев.

 

Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz

Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz

Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz

Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.nature.kz

Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz

Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz

Денсаулық сақтау министрлігі      www.darі.kz

Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.kz

Қаржы министрлігі           www.mf.mіnfіn.kz

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz

Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz

Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz

Мәдениет және ақпарат министрлігі            www.sana.gov.kz

Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі           www.memr.gov.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz

Индустрия және сауда министрлігі              www.mіt.kz

Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz

Жер ресурстарын басқару агенттігі             www.auzr.kz

Байланыс және ақпараттандыру агенттігі ww.alc.gov.kz

Статистика агенттігі                            www.stat.kz

Көші-қон және демография агенттігі                           www.demomіgratіon.kz



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат