Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-03-02:

СОНЫ СЕРПІНДІ СЕРІКТЕСТІК

 

– Екі күннің ішінде өте көп кездесулер болды, солардың мән-маңыздары туралы айтып берсеңіз.

– Біздің Еуроодақпен келісетін ең үлкен мәселеміз – Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен көтерілген ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізуге оның келі­сі­мін алу еді. Әрине, Қазақстанның баста­ма­сын Еуроодақтың мүшесі болып табы­латын бірқатар елдердің лидерлері қолдай­тындықтарын жариялап үлгерді. Олардың ішінде Франция, Испания, Германия және т.б. беделді де салмақты мемлекеттер бас­шылары бар. Бірақ 27 елді біріктірген Еуро­одақтың өз басшыларының да келісі­мін алу маңызды мәселе болатын. Оның үстіне 2007 жылғы Лиссабонда қабылдан­ған келісім-шарттан бері бұл Одақтың маңыздылығы арта түсті. Онда жаңа инс­титуттар пайда болды, сондай-ақ даму бағ­дарында жаңа тұжырымдама қабылданды. Атап айтқанда, 2,5 жылға тағайындалатын Одақтың тұрақты президенті институты енгізілді. Қазір бұл қызметті Бельгияның премьер-министрі Херман ван Ромпей ат­қаруда. Қанат Саудабаевпен кездесу бары­сында ол Қазақстанның аймақтағы тұрақ­тылық пен бейбітшілікті сақтауға қосып отырған рөліне үлкен баға берді және Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­ты Еуроодаққа ресми сапармен келуге шақырды.

Еуроодақтың ең жоғарғы атқарушы ор­га­ны –­ Еуропалық Комиссия, оның қазір­гі төрағасы – Мануэль Жозе Баррозу. Лис­сабон келісім-шартына сәйкес Еуро­парламенттің де өкілеттігі ұлғайды, ол ЕО-ның бюджетін ғана қарамайды, сондай-ақ қазір Еурокомиссияның төрағасын да сайлау құқы бар. Бұрын ол кандидатқа келісімін ғана беретін. Міне, Іс басындағы төраға осы ұйымдардың барлығының да бас­шыларымен кездесіп, келіссөздер жүр­гізді. Осы кездесулердің ең үлкен нәтижесі сол – олардың бәрі де Қа­зақстанның сам­мит туралы бастамасын қолдады. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет бас­шы­ларының 1999 жылғы Ыс­там­бұл саммитінен кейін әлем­де неше түрлі жаңа мә­селелер туындады, олардың осы сам­мит­те қарастырылуы керектігін кездескен тарап­тардың бәрі де дұрыс деп санады.

Қазір Еуроодақтың құ­рамы 15-тен 27-ге дейін ұл­ғайды. Ол мемлекеттердің әр­қайсының да Еуроодақ шең­берінде өзде­рінің нақтылы бағ­дар­ла­ма­лары бар. Сондықтан Еуроодақтың біз­дің бастаманы қолдауының маңызы зор. Әрине, Еуроодақ саммит өткізуге өздігінен мандат бере алмай­ды, бірақ қолдағандығы­ның өзінің маңызы үлкен. Кездесулер барысында бо­ла­шақ саммиттің күн тәртібі мәселелерін барынша маңызды ету, оның күрделі, аса маңызды, көкейкесті мәселе­лер­ге арналуы қажеттігі атап өтілді. Осы қа­тарда ең өзекті мәселе ретінде жалпы­еуропалық және еуразиялық қауіпсіздік мәселесі алдымен ай­тылып, оның барлық жақты да толған­дыратындығы ескерілді және күн тәртібіне алдымен енгізілуі қажеттігі атап көрсетілді. Соның ішінде қазіргі қауіпсіздікке ба­рын­ша қатер төндіретін терроризм, есірткінің заңсыз айналымы мәселелерін ескергенде алдымен Ауғанстандағы жағдайды реттеуге ықпал ету қажеттілігі ең маңызды мәселе екендігі ауызға алынды.

Қанат Саудабаев сұхбаттастарын Қа­зақ­станның Ауғанстандағы жағдайды рет­теуге қосып отырған үлесі жөнінде толық хабардар етті. Соның қатарында Қазақ­станның 50 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөліп, бір мыңнан артық ауған­стан­дық жастарды елімізде оқытып жатқаны айтылды. Еуроодақ институттарының бас­шылары бұл істерге толық қолдау білдіріп, Қазақстан бастамаларының басқаларға да үлгі болуы қажеттігін атап өтті.

Еуроодақ өкілдерін Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның үш себетін бірдей дамыту керектігі жөнінде айт­қан бастамасы да қанағат­тан­дырып отыр. Еліміздің ай­мақ­тық қана емес, жаһан­дық қауіпсіздікке қосып отырған үлесін жақсы бі­летіндігі және оны қызу қол­дай­тын­дығы келіс­сөз­дер барысында атап өтілді. Соның ішінде Қа­зақ­станның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан­ды­ғы, Семей полигонын жапқан­ды­ғы, ядролық қаруды таратпау және бейбітшілікті сақтау жо­лындағы аймақтық бастама­ла­ры жоғары бағаланды.

Еурокомиссияның төраға­сы М.Бар­розу­мен кездесуі барысында Қанат Бек­мыр­за­ұлы ЕО мен ЕҚЫҰ арасын­дағы үн­қатысуды тереңдету қажеттігі туралы айт­ты. Бұл екі жақтың түсіністікке ұмтылы­сын көр­сет­ті. Еуроодақтың ынтымақтас­тық туралы мемо­ран­дум­мен жұмыс істеуге дайын екендігі ай­тыл­ды. Егер осы мемо­рандумға қол қой­ыл­са, ол Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ре­­тіндегі жемісті қадам­дарының бірі болмақ.

Кездесулер барысында биылғы жазда Ас­танада болатын төзімділік және кем­сі­ту­лерге жол бермеу мәселесіне арналған конференция туралы да пікір алмасылды. Қазақстанның осы бағытта ерекше тәжі­ри­белі екендігін ауызға алған барлық та­рап­тар оны қызу қолдайтындықтарын біл­дірді және оның ЕҚЫҰ-ның үшінші се­бе­тін дамытуға пайдасы тиетіндігін атап көрсетті.

Кездесулер кезінде екіжақты форматта­ғы мәселелер де қарастырылды. Соның ішінде Еуроодақтың қазіргі төрағасы Ис­па­ния мемлекетінің Сыртқы істер ми­нистрі М.Моратиноспен кездесуде ЕО мен Қазақстан арасында стратегиялық әріп­тестікке бастайтын келісімге қол қою жө­нінде келісілді. Айта кетерлігі, Қазақстан мен ЕО арасында жалпы шеңбердегі ынтымақтастық туралы келісімге 1999 жылы қол қойылған. Енді ЕО Қазақ­стан­ның Орталық Азия секілді алып аймақтағы маңызды ел екенін ескеріп, тығыз ын­ты­мақ­тастық туралы келісімге қол қой­мақ­шы. Міне, осы құжат ЕО-ны Қазақстан үшін стратегиялық әріптестер қатарына шы­ғаратын болады. Мұның екіжақты қарым-қатынасқа жаңа серпін берері тағы сөзсіз. М.Баррозумен болған кездесуде де бұл бастама қолданды. Болашақта қол қойылатын келісім ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік мәселелері жөнін­дегі жоғарғы өкілі баронесса Кэти Эш­тонмен болған кездесуде де талқыланды. Бұл кісінің қызметі ЕО сыртқы істер министрі деуге келіңкірейді, сонымен қа­тар, ол Еурокомиссияның вице-президенті болып табылады. Сондықтан оның пікірі бұл келісімнің болашағы үшін аса құнды. Қанат Бекмырзаұлы оған болашақ құжаттың екі жаққа да тиімді екендігі хақында әңгіме қозғады. Соның ішінде Қазақстанның бүгінгі таңда Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне қосып отырған үлесі, Қазақстан рыногында еуропалық алып компаниялардың көптен жұмыс істеп жатқандығы және тағы басқа сүбелі аргументтер көлденең тартылды. Қорытындысында К.Эштон да бұл келісім қажет деген көзқарасын білдірді.

Осы қатардағы мәселелерді қарастыр­ған маңызды кездесу Еуропалық инвести­циялық банктің президенті Ф.Майнштад­пен болды. 27 құрылтайшысы бар бұл банктің жарғылық капиталы 164 млрд. еуроны құрайды. Ол ЕО-ның аса маңызды қаржылық институты. Біздің “Еуропаға жол” бағдарламамызды орындау барысын­да онымен тығыз ынтымақтасу аса маңызды қажеттілік болып табылады. Бұл банк аса ірі жобаларды қаржыландырады. Оның бүгінгі күні Қазақстан рыногына шығу мандаты бар. Сондықтан бұл банкпен тығыз ынтымақтасу бізді жаңа сападағы инвестициялық режімге шығарар еді. Келіссөз барысында тараптар тығыз ынтымақтасуға мүдделілік танытты.

Сонымен бірге, Мемлекеттік хатшы ­– Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев­тың НАТО-ның Бас хатшысы А.Фог Расмуссен­мен болған кездесуін атап өтер едім. Айта кетерлігі, НАТО-ның штаб-пә­те­рі де Брюссельде орналасқан, сондықтан осынау әлемдік маңызды ұйымның бас­шы­сымен кездесудің сәтін де қолдан бо­сатпаған дұрыс еді. Оның үстіне Қазақстан бұл ұйыммен соңғы жылдары жақсы ынтымақтастық орнатуда. Ауғанстан мә­се­лесіне байланысты, әскери жүктерді Қа­зақ­стан аумағы арқылы транзиттеу жө­нін­дегі ынтымақтастықтар өз алдына бөлек әңгіме болғанда, былтыр Астанада СЕАП-тың форумы болып өтті. Бұл НАТО-ның өзіне мүше емес елдердің аумағында бірінші рет өткізген форумы еді. Осының өзі екіжақты қарым-қатынастың жақсы жолға қойылғанын көрсетеді. Келіссөз барысында тараптар екіжақты ынтымақ­тастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Өз тарапынан Ф.Расмуссен де Қазақстанның саммит өткізу туралы бастамасын қолдайтынын білдірді.

Міне, осылардың бәрін ескергенде Қанат Саудабаевтың Бельгияға сапары өте көп мәселені қарастырған маңыздылы­ғымен және жемістілігімен ерекшеленді.

– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне байланысты оның ықпалы Азия аума­ғына да тарап жатыр. Сондықтан, ендігі жерде оның “Еуразиялық ұйым” деп аталуы мүмкін бе?

 Әбден мүмкін. Өзгермейтін ештеңе жоқ. Ол әуелде еуропалық елдердің бастамасымен құрылып, сол аумақтың мәселелерін ғана қамтыса, қазір оның құқықтық шеңбері Еуропадан асып, ғаламдық масштабқа кетіп қалды. Оның үстіне ШЫҰ, АӨСШК сияқты азиялық ұйымдармен де ынтымақтаса бастады. Сондықтан эволюциялық өзгеріс болуы әбден ықтимал.

Жазып алған Жақсыбай САМРАТ.

 

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАНДЫ

 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.

Еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне байланысты осы мәселені жұртшылыққа жария етуші журналистер арасында конкурс жарияланғаны туралы мәлім етілді. Оны ұйымдастырушылар – “MEDІA LІFE” қоғамдық қоры мен журналистердің “Танат” астаналық клубы және Сыртқы істер министрлігі.

Журналистерге конкурсқа қатысуға тілек білдірушілердің осы жылдың 1 қаңтары мен желтоқсанның 5-і аралығында эфирден өткен немесе басылым бетінде жарияланған еңбектері қабылданатынын айтқан ұйымдастырушылар оның 4 номинация бойынша өткізілетінін хабарлады. Олар: “Қазақстан төрағалығы–істің басы және нәтижелері”; Төрағалық кезеңінде ЕҚЫҰ кеңістігіндегі нақты мүмкіндіктер мен келешек”; “Мемлекеттер ынтымақтастығының нығаюы–әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздік аманаты”; “Демократия – даму мен гүлденуге жол” деген 4 бағытқа негізделген.

Қазақ елінің осы беделді халықаралық ұйымдағы төрағалығы кезінде атқарған жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы қалың жұртшылықпен таныстырудағы журналистердің рөліне мән берген ұйымдастырушылар оны өткізу барысында халықаралық сарапшылар қоғамдастығы мен шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысуымен “Демократиялық болмыстарға ақпараттық қолдау көрсетудегі халықаралық және ұлттық тәжірибе” тақырыбында тренинг өткізу де жоспарларында бар екенін айтты.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат