Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-03-03:

ЖАҢА ОНЖЫЛДЫҚТЫҢ  ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ

 

Әлемдегі әрбір елдің басшысының өз хал­қына жолдауы – билік пен саяси мәдениетте қалыптасқан берік дәстүр. Кез келген елдің қоғамдық өміріндегі маңызды бұл шара жылдың басында немесе аяғында орын алуы мүмкін. Жолдау – бұл өзінің аты да айтып тұрғандай, мемлекеттің жүріп өткен жолына есеп беру және болашақ дамудың жолдарын анықтап бағдарлау. Жолдау – бұл дамудың басты бағыты, келешектің күре жолы. Жол­даудың сөзі шынайы әрі нақты қажеттіліктерді айқындайтын өмірдің өзі. Жаңа жолдауға сәйкес үкіметтің алдындағы жаңа міндеттер айқындалады. Әрбір ұйым мен кәсіпорын, әрбір әлеуметтік бірлік пен отбасы, тіпті же­келеген азаматтар мен адамдар да өздерінің өмір­лік жоспарларын, бағыт-бағдарын осы маңызды құжатты ескере отырып өлшейді, екшейді, оған өзгерістер мен түзетулер енгізеді. Өткенге есеп беріп, келешекке үміт артады. Сон­дықтан да жыл сайынғы Елбасының Жолдауын жұртшылық асыға күтеді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы әдеттегідей ақпан айының аяғында немесе наурыз айы­ның басында емес, 29 қаңтар күні жарияланды. Мұның да өзіндік ас­тарлары болып отыр. Қазақ­станның әлемдік қоғамдастық елдері ара­сын­дағы беделі жылдан жылға артып, еліміз биыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Бұл жоғары лауазым Қазақстанға орасан зор жауапкершілік жүктеп қана қоймай, еларалық, дінаралық, мәдениет­аралық сұхбатқа үндейтін, демократиялық оңды өзгерістерге жетелейтін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл жаңа ғасырдағы біздің Отанымыз тарихының шешуші кезеңдерінің бірі болмақ. Болашақ дамудың даңғыл жолын саралап алған Қазақстан дүние жүзі елдерінің экономикасын тұралатып кеткен жаhандық дағдарысқа төтеп беріп, дағдарыстан кейінгі кезеңдегі дамудың жолдарын жоспарлап отыр.

Бар-жоғы осыдан он сегіз жыл бұрын ғана дербес мемлекет мәртебесіне ие болған біздің еліміз де қалыптасу үстінде. Және, ең бастысы, еліміз Президентінің Қазақстан халқына жолдаған 2020 жылға дейінгі он жыл­дық стратегиялық жоспарында әлгі мәңгілік ақиқат – діттеген нысанаға барлық қазақстан­дықтарды жаңаша тәрбиелеу арқылы жету мүмкіндігі негіз етіп алынған.

Өндірістің, соған сай, жалпы ұлттық табыс­тың баяу болса да өсу қарқыны байқалады. Кәсіпорындар осы заманғы жаңа технология­лармен жарақтандырылуда. Бұрынғыдай шикі­зат қана емес, өңделген өнімдер шығара­тын мүлде жаңа өнеркәсіп орындары пайда болуда. Президент барлық жолдауларында әлеуметтік салаға ылғи көңіл бөлуде, биылғы жылдың бюд­жетінде білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау сала­ларына бөлі­нетін қаржы көлемінің әжептәуір өсуі көңілге сенім ұялатады.

Ең бастысы, этностық құрамы ала-құла еліміз әлемдік дағдарысқа ұшыраған мемлекет­тер жиі жолығатын аласапыран егес қатерін айналып өтіп, халықтың басым көпшілігі ты­ныш­тық пен орнықты дамудың қадір-қасиетін ұғынған тәрізді.

Осы айтылған жағдайлардың бірқалыпты дамуының өзі-ақ біздің Президентімізге өз халқының алдында да, әлемдік қоғамдастықтың алдында да жеткілікті саяси капитал әперері анық.

Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дағда­рыстан кейінгі орнықты даму стратегиясының жариялануы үлкен оқиға болды. Бұл оқиғаның ішкі мүмкіндіктеріміз бен болашақ ұлттық мүдделерімізді ғылыми таразылаудан туған іргелі шешім екендігі анық. Әсіресе, біздің еліміз дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиясында айтылған тұжырымдамалардың ғылыми негізділігі мен тегеурінді қарқыны әлемнің әр түкпіріндегі сан түрлі саяси-әлеуметтік процестерге куә болған сарытіс саясаткерлердің өзін таңқалдырғаны анық.

Сонымен, енді 10 жылдан кейін еліміздің қандай болатынын әрқайсымыз көз алды­мызға елестетерліктей нақты кезеңдерден тұратын стратегиямыз бар. Мақсат айқын болмай бағыт түзу болмайды. Осыған орай діттеген нысанаға жету жолдары да белгіленді. Сағат іске қосылды.

Жоқ, бұл жарыс емес. Бұл – халқының саны аздығына қарамастан, Еуразия құрлы­ғының дәл ортасындағы әлемдік мүдделер мен коммуникациялар желісінің болашақ торабына айналуға тиіс маңызды да кең байтақ геосаяси аймақты алып жатқан, жерінің асты қазынаға толы үлкен елдің ұлан-асыр даму көшінің басталғаны. Демек, біз бүгінде санымыз он алты миллионның, о жақ, бұ жағынан аспайтын бүкіл қазақстандықтар басталып кеткен ауқымды әлеуметтік, экономикалық және саяси процестің сырттай қызықтау­шылары ғана емес, тікелей қатысушылары мен оны іске асырушылары екенбіз.

Елбасының биылғы Жолдауы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталады. Алты бөлімнен тұратын бұл маңызды мемлекеттік құжаттың алғысөзінде “Қазақстан – 2030” Стратегиясы аясында көзделген мақсат-міндеттерге сай XXІ ғасырдың өткен он жылында қазақстандық бірлік пен татулықтың арқасында қол жеткен жетістіктер мен осы жүзжылдықтың келесі, екінші онжылдығына арналған келелі мақсат сөз болады.

“2010 Стратегиялық жоспарын іске асыру – ел дамуының маңызды шебі” деп аталатын бірінші бөлімде өткен онжылдықтағы рес­пуб­ли­ка ІЖӨ-сінің екі есеге, орташа айлық жал­ақы­ның бес есеге, орташа зейнетақының үш есе­ге өскені және т.б. жетістіктер сөз болса, “Дағ­дарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдау уақыты” деп аталатын екінші бөлімде өткен 2009 жылдың жетістіктері, “Жол картасы – 2009” бағдарламасының табыстары, БҰҰ 2009 жылғы баяндамасында Қазақстанның адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер санатына қосылуы (өмірдің ұзақтығы 65-тен 68 жасқа ұлғайды) баяндалады.

Жолдаудың “2020 Стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа қазақстандық жол” деп атала­тын үшінші бөлімі бірнеше бөлімшелерге бө­лі­ніп, оның негізгі өзегін құрап тұрғандай. Онда экономиканы дағ­дарыстан кейінгі да­муға әзірлеп, әртарап­тан­дыру арқылы индус­трия­лық-иннова­ция­лық дамудың жолына түсу жаңа онжылдықта нақтылыққа айналуы әбден ықтимал жаңа мүмкіндіктер екендігі айтылады, болашақтың экономикасына басты назар аударылады. Бо­лашақ экономикасы­ның негізін ұлттық ин­но­вациялық жүйе құ­рай­ды. “Ғылым тура­лы” жаңа заңның қа­был­дануы бұл бағыт­та­ғы шараларға жаңа сер­пін береді деп күтілуде.

Жолдауда Ресеймен және Беларусьпен бірге Кеден одағына кірудің, Бүкіләлемдік сауда ұйымына енудің, жо­балық қаржыландыруда шетелдік инвес­ти­ция­ларды тартудың тиімді тұстары талданады. Елдің экономикасын жаңғыртудың қозғаушы күші кәсіпкерлер екен­дігі анық. Осыған орай Елбасы 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіп­керлікті дамыту жөнін­де “Бизнестің жол картасы-2010” деп ата­латын бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ Елбасы шикізаттық емес тауарларды өндірушілерді қолдаудың, өңірлерді дамытудың жаңа саясатын негіздей отырып, 2020 Стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың іргелі шарттарын нықтап, Үкіметке нақты тапсырмалар берді.

Жалпы, Жолдауда еліміздің экономикалық өсуі мен дамуына үлкен көңіл бөлінеді. “Қырық күн аш болғаннан қырық жыл ақыл сұрама” демекші, еліміздің әлеуметтік әлеуеті мен экономикалық әл-ауқатын арттыру күн тәртібінен түспейтін міндеттердің бірі. Бүкіл әлемді шарпыған жаhандық дағдарыс біздің әлеуметтік-экономикалық жағдайымызға да теріс әсерін тигізгені рас. Жолдауда қарас­ты­рылған экономиканы жаңғыртудың басты ба­ғыттары мен жолдары дағдарыстан кейінгі хал­қымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Президент өз Жолдауында “Адам – елдің басты байлығы” деп төртінші бөлімді белгілей отырып, өмір сапасын жақсартуға, денсаулық сақтауға, тұрғындардың әлеуметтік қорғалуына, тұрғын үй-коммуналдық сектордағы жағдайды жетілдіруге, соғыс ардагерлеріне қам­қор­лық көрсетуге жіті назар аударады.

Қоғамдық-әлеуметтік даму процесінің сәтті болуы, ойлаған жоспарлардың көңілдегідей орындалуы, ең алдымен, оны жүзеге асы­руға қатысатын адамдар әрекетінің тиімділігі мен белсенділігіне байла­ныс­ты. Халықтың көпшілік бөлігі елдегі биліктің негізгі иесі болып табы­латын демократиялық қоғамда тұрғындардың басым бөлігінің еркі мен көңіл қалауы шешуші фактор болып саналады.

Міне, сондықтан, Президентіміздің Қазақ­стан халқына Жолдауында таяу болашақтағы дамуымыздың шешуші факторы ретінде адам­ды және оның дүниетанымын жетілдіру мә­селесі алға шығарылып отыр. Егер сіз бен біз өмір талабына сай өзгермесек, сана мен пси­хология өзгермесе, бағдарлама сол бағдарлама күйінде әдемі қиял болып қалмақ.

Кез келген қоғамда адамдардың рухани және мәдени дамуы мен жетілуіне жағдай туғызылғанда ғана сол қоғамның дамуы орнықты сипатқа ие болмақ. Бұдан шығатын қорытынды: өркениетке ұмтылған өз елінің орнықты дамуын қамтамасыз еткісі келген Мемлекет басшысының басқа шаруалардан гөрі қоғамдағы адамдардың рухани-адамгершілік дамуына бірінші кезектегі міндет деп қарауы заңдылық. Қоғам дамуының ағымдық және ұзақ мерзімдік бағдарламаларының бәрі адамды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мен дамыту ісінен басталып, осы міндетті жүзеге асыру оның бүкіл өн бойындағы негізгі арқауына айналып, аталған мәселенің жоғары деңгейде шешімін табуы түрінде түйінделуі тиіс.

Кез келген қоғамның даму тенденциясы ондағы адамдардың даму тенденциясы арқылы айқындалады. Біздің елімізде адамды дамытуға көңіл бөлінуде. Тіпті, осы уақытқа дейін отандық экономиканы өрге сүйрейтін ұлттық элитаны толық қалыптастыра алмадық. Ал өзіміз қоғам тұрақтылығының кепіліне балап жиі айтатын “орташа тап” тек ұлттық элита қалыптасып болғаннан кейін, халық ішіндегі өзара үйлесімді де ынтымақты еңбек бөліні­сінің іске қосылуы нәтижесінде пайда болады. Оған орта және шағын бизнесті дамыту қажет. Болашақ халқымыздың, шынымен-ақ, адамзат өркениетінің алдыңғы легінде жүретіндей, өзге жұрт өкілдерімен терезесі тең тұрып бәсекелесе алатындай, сонымен бірге, өзінің ұлттық қадір-қасиетін, болмысын, құндылықтарын, ойлау машығын, дінін, ділін, тілін жоғалтпайтындай орнықты дамуы бүгінгі дағдарыстан кейінгі басты міндетке айналды. Егер біз ұлттық экономикамызды әртараптан­дыру, инвестиция тарту, орта және шағын биз­несті дамыту, елді индустрияландыру, жедел инновациялық даму жолына түсу арқылы дамыта алсақ, онда саяси-экономикалық тәуел­сіздігіміз бен қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете аламыз. Еліміздің жаңа тарихындағы шешуші кезең – осы 2020 жылға дейінгі даму страте­гия­мызды толық іске асыру.

Жолдаудың бесінші және алтыншы бөлім­дері сәйкесінше, ішкі және сыртқы саясаттың түйткілді мәселелеріне арналған. Елбасы қоғам­дағы келісім мен тұрақтылықты сақтау ел қауіп­сіздігінің сенімді тірегі екенін ескере оты­рып, заңдарды ізгілендіріп, біздің демокра­тия­лық мемлекетте жаңа онжылдықта құқық қор­ғау қызметінің халық­ара­лық үлгіле­ріне сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйе­сінің қажет­тілігін алға тартады. Туған жеріміз­дегі бей­біт­шілік пен тыныштық, ынты­мақ­тас­тық пен татулықтың маңызды­лы­ғын айта келе, Елбасы болашаққа бел­гіленген ұлттық стра­тегияның басты төрт құндылығын айқындайды: тәуелсіздіктің баян­ды­лы­ғы, тұрақты­лықтың сақталуы, эко­номикалық өрлеу, өңірлік және әлем­дік нарыққа интеграциялану. Сыртқы саясатта Қазақстан­ның ЕҚЫҰ төрағасының жауапты да абы­ройлы міндетін атқара отырып, ұлт­тық мүддені қам­тамасыз етуге, елдің халықаралық беделін арт­тыруға, ұлттық, өңірлік және әлемдік қауіп­сіз­дікті нығайтуға бағытталған бел­сенді, праг­ма­тикалық және теңестірілген сырт­қы саясаттың жүргізілетіні, үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ саммитін Астанада өткізу мәселелері сөз болады. Аса ық­палды әрі беделді бұл ұйымға қазақстандық төр­ағалық мынадай ұранмен өтетін болды: Се­нім. Дәстүр. Ашықтық. Төзім­ділік. “Ағылшын ті­лінде бұл төрт сөз түгел “Т” әрпімен басталады.

Бізді Жолдаудағы білім беру мен ғылымға қатысты мәселелер қызықтырады. Бұл мәселе­лер “Адам ең басты байлық” деп аталатын бөлімде қарастырылып, адами құндылықтармен ажырамас тұтастықта, бәсекеге қабілетті адам тәрбиелеу арқылы адами капиталды қалып­тас­тырумен байланыста қарастырылады. Адамның өмір сапасын жақсарту, оның денсаулығын сақтау, оны әлеуметтік қорғаумен бір қатарда тәрбие мен білім беру де адами капиталды қалыптастырудың негізгі арналары ретінде қа­рас­тырылады. 2020 жылға дейін қалалық және ауылдық жерлердегі барлық балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылуы тиіс және орта білім беруде 12 жыл­дық оқыту үлгісі табысты түрде жүзеге асуы қажет. Кәсіптік және техникалық білім беру экономиканың қажеттіліктерімен қатаң түрде байланыстырылып, жоғары білімнің сапасы халықаралық талаптарға сай болып, Отанымыз­дағы жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің деңгейіне бой түзеуі тиіс.

Елдің келешегі өскелең ұрпақтың қолында екендігін ескерсек, білім беру мен тәрбие сала­сына зор мән беру керек. Өйткені, білім мен тәрбие адамгершілікті тұлға қалыптастырудың қос қанатындай. Меніңше, білім – әлемдік, ал тәрбие – ұлттық болуы қажет. Интеллектуалды ұмтылыс тақырыбы өткен жылы Елбасының Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­те­тінің студенттерімен кездескенде де әңгіме өзегі болды. Алайда дәстүрлі мәдениет пен имандылықтың құнарлы тамырынан сусындап нәр алып тұрмаған білімді немесе ақпаратты адамды рухани жарым-жандардың қатарына жатқызуға болады. Жолдауда аталған “интел­лек­туалды мектептер” жобасы осыған қызмет етуі керек. Қазір немесе келешекте интел­лектуалды бәсекеге қабілетті ұлт қалыптас­ты­рамыз десек, интеллектуалдық ұмтылыс жасай­мыз десек, өткеннің тағылымынан сабақ алып, бабаларымыздың қалдырған асыл және бай ру­хани, мәдени мұрасын де игере білуіміз қажет.

Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жол­дауында ғылым мәселесі де экономи­каны әртараптандыру мәселесімен сабақтас­тық­та, ұлттық инновациялық жүйемен байла­ныста айтылады. Президент үш жаңа ғылыми орта­лықтың құрылатынын мәлімдеді: Өмір туралы ғылымдар орталығы, Энергетикалық зерттеулер орталығы және Тақырыпаралық ас­пап­тық орталық. Сондай-ақ, Елбасы Үкіметке еліміз­дегі индустрияның 2010 жылғы басым­дықтарын ескере отырып, елдің ғылыми-техно­логиялық дамуының 2020 жылға дейінгі сала­ара­лық жоспарын әзірлеуді және “Ғылым туралы” жаңа заңның әзірленуін жеделдетуді тап­сырды. Жалпы, бұл мәселелер біздің тәуел­сіз­дігіміздің баянды болуымен байланысты­рылады және ол бүгінгі күннің талабынан туындап отыр.

“Ғылым туралы” заң жобасының талқы­лануына Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия және саясаттану инс­титутының ұжымы да белсене атсалысты. Біз бұл заңнамаға қатысты өз ұсыныс-пікір­лері­міз­ді айттық, олардың кейбіреуі жобаға енгізілді.

Білімнің сапасы, еліміздегі саяси-әлеуметтік тұрақтылық пен рухани келісім сияқты келелі мәселелерді Президент Жолдауы жаңа сатыға көтерді. 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру жалпыхалықтық қозғалысқа айналып, әрбір адамның күнделікті қызметінің өзегі болуы керек. Білімнің сапасын әлемдік және ұлттық стандарттарға сәйкес көтеру ар­қылы біздер бәсекеге қабілетті елу ел қатарына кіре аламыз. Елімізде білім экономикасы қалыптасуда. Білім мен ғылым егіз, білімнің са­пасын көтеру қазіргі ғылымға негізделуі шарт, іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер – болашақ дамуымыздың кепілі, ұлттық қауіпсіздігіміздің өзегі. Біздің институтта жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жүйесі, адам капиталының қалыптасуы мен дамуы ұлттық басымдық, адамды рухани-адамгершілік жағынан дамыту, адамның жаңа интегралды дүниетанымының қалыптасуы, инновацияның рөлі, жаңа құндылықтар жүйесі, жедел индус­триялық-инновациялық даму стратегиясын іске асырудағы философия мен саясаттану ғылым­дарының рөлі сияқты келелі мәселелер жан-жақты зерттелуде.

Жалпы, Жолдауда “Қазақстан-2030” Стратегиясының қарпі мен рухы сақталған. Жолдауда, Елбасының өзі айтқандай, “бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәде­ниетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу”. Елбасы бәрімізді қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің абы­ройын асқақтатуға жұмыла кірісуге шақырады. Ендеше, біз де осы үндеуге үн қосып, Жол­дау­дың жүзеге асуына жабыла жол табайық, ағайын!

 

ІЗГІЛІК ІЛГЕРІ БАСТАЙДЫ

 

Жақсылық АЛАНОВ, Атырау облыстық сотының төрағасы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында ал­дағы онжылдықта демократиялық мемлекетімізге сот, құқық қорғау қыз­метінің жоғары халықаралық стан­дарттарына толықтай сәйкес келетін жаңа тұрпаттағы құқық қорғау жүйесі қажеттігіне айрықша басымдық берілді.

Жолдауда ел экономи­ка­сын көтеріп, адамдардың әлеу­меттік-тұрмыстық жағ­дай­ларын жақсартудың, сөй­тіп дағдарыстан дамуға қалай шығудың нақты жолдары мен тетіктері айқындалды. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау салаларын рефор­ма­лауға айрықша назар аударылған. Мемлекет басшысы “...Жазалаудың негізгі түрі бас бостандығынан айы­ру болып қалып отыр. Ешкім қамау орындарынан босағандарды оңалтумен айналыспайды. Осының салдарынан олар қылмыскерлердің қатарын толықтыруда. Мен рефор­малардың бірнеше жалпы бағыт­тарын бөліп көрсетер едім. Бәрінен бұрын, құқық қорғау жүйесін оңтайландырып, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін түзу керек. Біздің заңдарымызды ізгі­лендіріп, олардың сапасын арттыру қажет”, –деп атап көрсетті.

Өткен жылы облыс бойынша бас бостандығынан айырылған­дар­дың 80 пайызын жұмыссыздар, 6 пайызын мектеп жасындағылар мен жасөспірімдер құраған екен. Бүкіләлемдік қаржылық-экономи­ка­лық дағдарысқа байланысты туын­даған жұмыссыздық, оқу орындарындағы тәртіп, тәрбие жұмыстарының бәсеңсіп кетуі де облысымыздағы қылмыстық ахуал­ға өз әсерін тигізуде. Заң талаптары бойынша қылмыстық жауапкерші­лік­ке тартылғандарды бас бостан­ды­ғынан айыруға мәжбүрміз. Қыл­мыстың үлкен-кішісі болмайды. Заң алдын­да бәрі бір­дей. Сон­дықтан оны жаса­ған­дар қыл­мыс­тық әре­кетіне сәйкес жаза­ла­нуы тиіс. Солай бола тұрса да, олардың бо­лашағынан бір­жо­лата үміт үзіп, шетке шы­ғарып тастауға тиісті емеспіз.

Қазіргі кезде Аты­раудағы колонияларда 1100 адам­ның орнына 1400 адам жазаларын өтеп жатыр. Олардың әрқайсысына тамағына, жатар орны, басқа да мұқтаждары үшін тәулігіне 1300-1800 теңге аралығында қаражат бөлінеді. Са­лыстырмалы түрде алатын болсақ, 63 миллионға жуық тұрғыны бар Францияда небары 15000 адам түрмеде жазаларын өтеуде. Сон­дық­тан да сот ісінде иман­дылыққа, “Алдыңа келсе атаң­ның да құнын кеш” қағидаты басшылыққа алынса көп нәрседен ұтарымыз сөзсіз. Ол үшін заң­дарымызға елеулі түзетулер мен өзгерістер енгізіп, ауыр, аса ауыр баптарды ізгілендіруіміз керек деп есептеймін. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа ауыр қыл­мыстардың кейбір түрлерін әкі­м­ші­лік құқық бұзушылық деп ауыс­тыр­са, ал, кейбір ауыр қылмыстарды ауырлығы орташа қылмыстарға ал­мастырса көп мәселе өзінен-өзі шешілер еді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап сот, құқық қорғау жүйесін өр­кениет талаптарына сай рефор­малауды күн тәртібінен түсірген емес. Ел экономикасының ны­ғайып, азаматтарымыздың әлеумет­тік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруы, ішкі, сыртқы саясаты­мыз­дың сындарлы жүргізілуі – сот, құқық қорғау органдарының ырғақ­ты жұмыс жасауына тікелей қатыс­ты. Сол себептен аталмыш саланың материалдық-техникалық базасын нығайтып, білікті де іскер кадрлар­мен толықтырып отыруды, уақыт үрдісіне толықтай жауап беретін жаңа заңдарды қабылдап, оның сөзсіз орындалуын қамтамасыз ету­ді ұдайы басты назарда ұстап отыр.

Мемлекет басшысы өткен жыл­дың аяғында облыстық соттың жаңа ғимаратының ашылу салта­на­ты кезінде облыс соттары судья­лары­мен, сот ардагерлерімен кезде­суі барысында да жоғарыдағы мәсе­леге айрықша назар аударды. Сот беделінің мемлекет беделі екендігін атап көрсетіп, Ата Заң талаптарына сай, адал жұмыс жасау керектігін, әрбір судьяның Елбасы Жарлы­ғы­мен тағайындалатынын, сондықтан да олардың сенімге кір келтірмей, жауапкершілік жүгін жете сезіну­лері тиісті екендігіне баса тоқталған еді. Елбасының биылғы Жолдауы еліміздің алдағы онжылдықта ыр­ғақты дамуына қатысты нақты мақ­саттарды айқындап берді. Жолдау­дан және құқықтық саясат тұжы­рымдамасынан туындайтын маңыз­ды міндеттерді іскерлікпен жүзеге асыру – әрқайсымыздың ардақты борышымыз.

Атырау облысы.

 

БОЛАШАҒЫН ОЙЛАҒАН ЕЛ ТОЗБАЙДЫ

 

Еліміздің егемендік алып, тәуелсіздік тұғырына көтерілгелі 18 жылдан асып барады. Тарих үшін бұл аз ғана уақыт болға­нымен, Қазақстан халқы үшін тәуелсіздіктің  әрбір күні үлкен маңызға ие. Сөйтіп, қысқа уақыт аралығында  аяғынан нық тұрған елге айналдық.

 

Қай елде де Президент Жол­дауы, үндеуі немесе алқалы жиындарда сөйлеген сөздері – әлеуметтанушылар мен саясат­танушылар үшін зерттеудің нысаны. Өйткені, кез келген ел президентінің сөзі – бір адам­ның жеке ойы, іс-жоспары ғана емес, бүкіл елдің болашаққа бағ­дары, ертеңге үміті мен бү­гінге көзқарасы. Қашанда алыс­ты болжайтын Елбасымыздың биылғы Жолдауы “Жаңа он­жылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” деп аталып, ал­дағы бір-екі  жылға ғана емес, мем­лекет өмірінің білдей он жылына арналған жоспарды қамтыды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан хал­қына Жолдауының дәстүрлі жолдаулардан бір ерекшелігі – Қазақстанның ұлттық экономи­калық өрлеуінен жаһандық жауапкершілікке дейінгі мәсе­ле­лерінің қамтылуында деп санаймын. Бұлай болуы заңды да. Өйткені, Қазақ елі – ұзақ қоғамдық және тарихи дамуды бастан кешкен, үзілген мем­лекеттілігін жаңа сападағы тәуел­сіздікпен жалғастырып, бүгінде әлемдік аренаға көте­рілген мемлекет. Демек, қазіргі халықаралық қатынастарда Қа­зақстанның орны мен рөлі айрықша. Сондықтан Прези­дент Жолдауының мазмұны бай, әсері жоғары болуы, міне, осындай оң өзгерістерге бай­ла­нысты екені анық деп ойлай­мын. Бұған еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануы да айқын айғақ бола алады. 

Қазақстанның қазіргі дамуы бізден экономиканы кешенді дамытуды талап етуде. Осы орайда Елбасы елдің негізгі даму стратегиясының жоспарын анықтап берді. Стратегияның басты мақсаты Қазақстанды дағдарыстан алып шығу және  дамыған 50 ел қатарына қосу болып табылады. Бұл ретте Ел­басы Қазақстан даму страте­гиясының жоспары қаржы инс­титуттарымен бекітілді деп атап көрсетті. Қаржы бар, тек оны мемлекеттің мүддесі үшін тиімді пайдалану керек. Сонымен бірге, биылғы Жолдауында Пре­зидент аймақтық страте­гия­лық дамуға көп көңіл бөлді.

Жолдауда, сонымен қатар, еліміздің сыртқы саясатындағы басым бағыттар көрсетілді. Әсі­ресе, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында бұл жайт еліміздің әлемдік қоғам­дастық алдындағы жауапкерші­лігін күшейтетіні көлденең тартылды.

Ал қазіргі қаржы  дағдарысы жағдайында көптеген мемле­кет­тер әлеуметтік көмек саясатын­да шектеулер енгізіп жатса, Қазақстан Президенті зейнет­ақы мен студенттердің стипен­диясын көтеру, ҰОС ардагер­леріне материалдық көмек беру саясатын ұстанып отыр. 1 сәуір­ден бастап бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысын көтеру сияқты жоспарларымен бөлісе келіп, бұл сала Үкіметтің басты назарында болатындығын атап көрсетті. Елбасының Жол­дауындағы жоспарларды жүзеге асыру үшін ең алдымен елдің ынтымақтастығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі қажет екені де дау туғызбайды.

Жолдауда айрықша мән берілген екі-үш мәселе бар. Оларға бұған дейін мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей келгені жасырын емес. Оның бірі – ғылым, ғылымға мемлекеттік қамқорлық көрсету мәселесі. Тәуелсіздік алғаннан кейін іле-шала жүргізілген жекешелендірудің салдарынан көптеген ғылыми орталықтар өз күндерін өздері көруге мәжбүр болып, Үкімет қамқорлығынан тыс қалған болатын. Тіпті, ғы­лыми орталықтарға тиесілі жер учаскелерін кейбір коммерция­лық ұжымдар басып алып, ғылымның орнын сауда-саттық бас­қан да уақыт туды. Енді осы мәселені реттейтін кез келген сияқты. Жолдауда бұл мәселе анық айтылған. “Ғылыми ор­талықтарды дамыту үшін жер телімдерін тегін беру, бастапқы капитал бөлу, қажетті негіздік инфрақұрылымды жасақтау және басқа да бірсыпыра шара­ларды ұйымдастыру мәселе­лерін шешу керек”. Осы орай­да, Президент Үндістан тәжі­рибесін алға тартты. Енді ха­лық­аралық ұйымдардың қаты­суымен қазіргі заманғы ғылыми орталықтар мен “технология­лық парктер” құру ұсынылып отыр.

Елбасының “ғылыми әлеу­ет­ті дамыту қолданбалы ғылым­ды өндіріс пен бизнеске мей­лінше жақындатуға бағытталуы тиіс” деп атап көрсетуінде мән бар. Өндірістің дамуы ғылым­ның дамуымен егіз. Жоғары технологияларды дамыту арқы­лы халықаралық аренаға шығу мәселесімен енді Инновация­лық қор тікелей айналысатын болады. Қазақстанның халық­ара­лық рыноктағы бастамашы­лық мәселесін пысықтау жө­нін­де Үкіметке тапсырма да бе­рілді. Қажетті сөз айтылды. Бағыт нұсқалды. Ендігі мәселе – істе. Ғылымы мен мәдениеті­не көңіл бөлмеген елдің бә­секеге қуатты 50 елдің қатарына қосылуы екіталай. Себебі, халықаралық абырой-бедел тек ІЖӨ-нің деңгейімен ғана емес, ұлттың ішкі мән-мазмұнымен өлшенеді.

Президенттің биылғы Жол­дауы туралы ғалымдар, эко­но­мис­тер, саясаттанушылар, әр түр­лі сала мамандары өз пікір­ле­рін айтып, талдау жасап жатыр.

Әйгерім КАЮПОВА.  Алматы.

 

БІЛІМ МЕН БІЛІКТІ ТАЛАП ЕТЕТІН ҚҰЖАТ

 

Тәуелсіз елдің әрбір жылы тарих сахнасында із қалдырарлықтай тарихи оқиғалармен табысты өтуде. Елбасы­ның былтырғы “Дағдарыс арқылы жа­ңару мен дамуға” атты Жолдауы халықтың әл-ауқатын арттырып, өркениетке ілгерілетуге үлес қосқан құжат болды. Алпауыт мемлекеттерді дағдарыс жалыны шарпып тұрған шақта, Қазақстан халқына дағдарыс­тың салқыны соншалықты сезілген жоқ.

 

Жыл басынан бері Елбасы Жол­дауын тағатсыздана күттік. Өйткені, әрбір Жолдауында Елбасы халқын жағымды жаңалығымен, елін сүйсінтер істерімен тәнті етеді. Биыл қандай жақ­сы қадамдар жасалады екен деген ойда болдық. Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың сарабдалдықпен айтылған салиқалы сөзін үлкен ынта-ықыласпен тыңда­дық.

Өзім ұстаз болғандықтан, білім са­ла­сына қатысты Жолдаудағы айтылған әрбір сөзге аса ұқыптылықпен мән бер­дік. Біз жаһандану заманында өмір сүріп отырғандықтан, бүгінгі күн ұлтым мен киелі жұртымнан мықты сауаттылықты, биік білімділікті, асқан біліктілікті талап етері сөзсіз. Сон­дық­тан Қазақстанның ғылым мен білімі әлемдік стандартқа сай болуы тиіс екендігін ескеріп, Астана қаласында Президенттің қолдауымен ашылғалы тұрған инновациялық университетті өркениетке өріс деп таныған абзал. Дағдарыс жағдайында мұндай қадамға бару кез келген Мемлекет басшы­сының қолынан келе бермейтін іс.

Көйлегі көк, тамағы тоқ, бақуатты халқы бар мемлекет бақытты. Жолдау­да халқымыздың әл-ауқатын арттыруға байланысты ауыл шаруашылығын да­мы­туға түбегейлі де соны көзқарас та­нытқандығы, халықтың көкейіне қонатын, қызу қолдау табатын құбы­лыс. Ауыл шаруашылығын аяғынан тік тұрғыза отырып, үстіміздегі жылы жетекші саланы екі есе өнім өндіруге бағыттап отыр. Бұған қарап, халқы­мыз­дың әл-ауқаты, тұрмысы, эконо­микасы анағұрлым өседі деп білеміз.

Президент Жолдауы зиялы қауым­ды бір қуантып тастады. Сәуірден бас­тап жалақының көбеюі ұстаздар қауы­мы­на материалдық жағынан көтер­мелеу ғана емес, заман талабына сай білім бе­руде асқан жауапкершілік жүктеп отыр.

Анасын ардақтаған халықтың, бала бақытын ойлаған елдің болашағы зор. Елбасының Жолдаудағы көп сөзі ана мен баланың игілігі мен бақытына арналды десек артық емес. Халқын құрметтеген Елбасы жыл басында зейнеткерлердің зейнетақысын өсіріп, ел құрметіне бөленді.

Кемеңгерлікпен айтылған кемел сөз халықтың денсаулығын жақсартып, өмір сүру жасын ұзартуға бағытталғаны да кез келген пендені сүйсіндірмей қой­майды. Денсаулық сақтау сала­сын­да медиа жоспар жүзеге асатындығы қатты қуантты.

Қиын шақта қазақ халқы тағдыр тізгінін Нұрсұлтандай қалаулы ұлына тапсырып еді. Тығырықтан алып шық­қан Елбасы халқының үмітін қанат­тан­дырып, елін өркениетке қарай бастап келе жатыр. Бұл – тығырықтан шығу­дың түбегейлі тетігі ғана емес, жаңаша да­муға бағытталған жасампаздық жолы.

“Түнде ұйықтамаған, күндіз отыр­маған” Күлтегін батырдың ұрпағы Нұр­сұлтан Әбішұлының әрбір сөзін халқы қолдайды, қызу қуаттайды. Елбасымызға мұқалмас қажыр-қайрат тілейміз.

Төменарық елді мекеніндегі  №223 орта мектеп ұжымы. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат