Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-03-03:

ПРЕЗИДЕНТ МҰРАҒАТЫ: ТАРИХ ПЕН ТАҒЛЫМ

 

Алдағы 5 наурыз күні Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты ерекше құнды құжаттардың бірегей көрмесін ашуға әзірленуде. Ұжым үшін ертең де айрықша мәнді күн. Олар Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесе отырып, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндет-мәселелерді сөз ететін “дөңгелек үстел” өткізбекші. Осыған орай біз көрме материалдарымен алдын ала танысып, одан соң Мұрағат директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Владимир Шепельмен әңгімелескен едік.

 

– Құрметті Владимир Николаевич, өзіңіз білесіз, осыдан екі ай ғана бұрын 90 жылдығын тойлаған “Еге­мен Қазақстанның” оқырмандары газет бет­терінде Президент мұрағатының жұмысымен және әртүрлі тарихи тақырыптар бойынша өзіңіз жариялаған мақалаларда келтірілген жекелеген құжаттармен танысуға бұдан бұрын талай рет мүмкіндік алған болатын. Ол үшін сізге рахметімізді айта отырып, Президент мұрағатының басқа мұрағаттардан айырмашылығы неде екенін білгіміз келер еді. Естуімізше, мұндай мұрағаттар әлемде соншалықты көп те емес көрінеді.

– Иә, Президент мұрағаты шын мәнісінде де бірегей. Мәртебесі жағынан да және мұнда сақта­лып отырған құжаттар орайында да. Әрине, мы­салы, АҚШ-тағы сияқты, басқа елдер президент­терінің архивтері бар. Бірақ олар көбіне-көп жеке адамдардыкі болып келеді және қайыр-жәрдем есебінен ұсталады. Әрі оларға қалың көпшіліктің қолы жете де бермейді. Қазақстан Президентінің мұрағаты әуел бастан мемлекеттік мәртебе иеленді. Мұның өзі оның “Ұлттық мұрағат қоры және мұ­ра­ғаттар туралы” Заңға сәйкес жұмыс істеуін қам­тамасыз етті. Бүгінгі таңда Мұрағат Қазақстан Рес­публикасы Президентінің, оның Әкімшілігінің және Мемлекет басшысына тікелей бағынышты һәм есеп беруге міндетті басқа да мемлекеттік ор­гандардың қызметін ақпараттық-мұрағаттық қам­тамасыз ету саласындағы негізгі міндеттерді орын­дайтын, техникалық тұрғыдан жақсы жарақтанған заманауи кешен болып табылады. Бірақ заңды негіздегі қоғамдық пайдалану үшін ашық құжаттар нақ бір кез келген мемлекеттік мұрағаттың құжат­тары сияқты қолжетімді екенін айтпақпын. Бұған мысал үшін кейбір статистикалық деректерді келтірейін. 2009 жылы Мұрағаттың оқу залында 350 зерттеуші ғылыми ізденістермен айналысты, соның ішінде төртеуі АҚШ, Франция, Германия және Италиядан еді.

Бір айтарлығы, мұрағатта қазір 734369 іс мем­лекеттік сақтауда тұр. Бұл дегеніңіз – 150 миллион парақтан астам құнды қазына.

– Қазір Мұрағат “Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының ерекше құнды құжаттары” атты тарихи-құжаттық көрме әзірлеу үстінде екен. Көпшілік қауым назарына шын мәніндегі бірегей құжаттар тартылмақ. Сол жайында айтыңызшы.

– Мұндай көрмені біз бірінші рет ұйым­дастырып отырмыз. Мұрағат бірқатар жылдардан бері тарихи дәуірлердің ақиқат мәнін, ерекшелік сипатын айғақтайтын әрі сол себептен де ерекше құндылар санатына жататын неғұрлым жарқын ақпараттық құжаттарды ашумен келеді. КОКП-ның бұрынғы мұрағаттық қорын құпиясыздандыру нәтижесінде зерттеушілердің, сондай-ақ отандық тарихқа қызығушылық танытқан жай азаматтардың құжаттарға қолжетімділігін кеңейту мүмкіндігі туды. Көрмеге 1917 – 2000 жылдар аралығындағы барлығы 166 құжат қойылмақ, бұлардың көпшілігі алғаш рет көрсетілмекші.

Мысалы, ертеректегі құжаттардың біреуі, міне, құрылтай жиналысына және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау жөніндегі нұсқау­шы­лар курсын бітіргені туралы Али-Бей Джангиль­дин­ге (кейіннен Дала өлкесінің төтенше комис­сары, Қырғыз Орталық Атқару Комитеті төрағасы­ның орынбасары) Жұмысшы және шаруа депу­тат­тары Кеңесінің Бүкілресейлік Орталық Атқару Ко­митеті берген куәлік. Куәлікте 1917 жылдың 25 қыркүйегі (ескі күнтізбе бойынша) таңбаланған, яғни қазан төңкерісінен бір ай бұрын. Ол кезде Ә.Жангелдин Петроград кеңесінің Торғай облы­сында кеңестер құру жөніндегі ұйымдастырушы-нұсқаушысы болатын. Айтқандай, 2009 жылы Мұрағат Әліби Жангелдиннің 125 жылдығына орай “Төтенше комиссар” атты құжаттар жинағын шы­ғарды. Жинақты көптеген қызғылықты құжаттар мен сирек фотосуреттер тартымды ете түскен. Оқып шығуға кеңес беремін.

Бұдан басқа екі құжатқа келейік. Олар – РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.Ленин өзі қол қойған, 1919 жылғы 24 шілдеде С.Меңдешевті Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі Әскери-Революциялық Комитеттің мүшесі етіп тағайындау туралы мандат және Қазақстан КП(б) Орталық Комитеті бюро отырысының С.Мең­де­шев­ті халық жауы ретінде жұмыстан алып, пар­тия­дан шығару туралы 1937 жылғы 1 қазандағы №17 хаттамасынан көшірме. Ол біраз жыл КирЦИК төрағасы болған еді. Тағдырдың құбылуы мынадай қасіретке соқтырды.

Көрмеде Қазақ КСР мемлекеттілігінің бастау­ларына жетелейтін басқа да бірегей құжаттар бар­шы­лық. Бұл, ең алдымен, РКФСР құрамында Қыр­ғыз (Қазақ) Автономиялық КСР-ін құру ту­ралы 1920 жылғы 26 тамыздағы Бүкілодақтық Ор­талық Атқару Комитеті мен РКФСР Халық Комис­сарлары Кеңесінің декреті. Бұл құжатта респуб­ликаның әкімшілік-аумақтық шекаралары, облыс­тардың құрамы ресми түрде айқындалған, басқару органдары, қаржы және техникалық құралдармен жабдықтау жүйесі белгіленген. В.Лениннің 3-ші Коминтерннің 2-ші конгресінде сөйлейтін сөзінің тезистеріне 1920 жылдың мамыр, маусымында Т.Рысқұлов, С.Қожанов, А.Байтұрсынов, Юма­гулов, А.Валидов дайындаған қосымшалар ай­рықша назар аударарлық. Ленинге жазған хат­та­рын­да олар: “Біз ұлттық және отаршылдық мәсе­лелері жөніндегі сіздің тезистеріңіздің 11-ші, 12-ші тармақтарын өзгертіп, 13-ші тармақты қостық” деп тікесінен атап көрсетеді. Бұл қосымшаларда олар проблема хақындағы өз пайымдарын баяндап, оны Шығыста шешудің саясаты мен тәсілінің қиын­дығына һәм ерекшеліктеріне назар аударды.

Ұлтшылдықпен, кейінірек троцкийшілдікпен, солшыл және оңшыл ауытқушылықтармен күрес сол кезеңнің барлық дерлік құжаттарының өзегіне тартылған. Мінеки, 1922 жылдың 1 маусымында Орталық Комитет хатшысы И.Сталин қол қойған, Қырғыз Республикасы коммунистеріне партияның ұлт мәселесі жөніндегі 10-шы съезі туралы РКП(б) Орталық Комитетінің циркулярлық хаты. Онда, атап айтқанда: “Қырғызия партия ұйымдары ұлт­тық саясат негіздерін жете меңгермеген және оны практикада бұрмалайды. Отаршылдар тарапынан да, ұлтшылдық көңіл күйдегі элементтердің күші кем емес тобы тарапынан да күрес жалғасуда” – деп көрсетті. Одан әрі осы және басқа бағалар то­талитарлық тәртіптің жаппай саяси қуғын-сүргініне негіз етіліп алынды. 1923 жылдың ақпанында-ақ ГПУ-дің Шығыс бөліміне, Я.Петерске Алаш-Орданың жай-күйі мен қызметі туралы ҚКСР бойынша ГПУ баянхаты түсті. Осы арада Прези­дент мұрағаты “Алаш” қозғалысының тарихы бой­ын­ша 5 томдық құжаттар жинақтарын шығарғанын айтқанымыз ләзім.

– Ерекше құпия ақпаратты бауырына басқан, былайша айтқанда, “ерекше папкалардағы” құжаттар көрмеден орын ала ма? Жалпы, осы “ерекше папка” дегеніміз не?

– Иә, олар міндетті түрде көрмеге қойылады. Үкімет комиссиясы “ерекше папкалардағы” көптеген құжаттарды құпиялылық қамауынан босатып, қазірде құжаттар жинақтарын дайындау барысында ғылыми айналымға енгізуде.

Кейбір адамдар “ерекше папкаларды” темірден немесе басқа қатты материалдардан жасалған, құ­пия белгілі құлыптармен қорғалған, қағаздар сақ­талатын әлдебір қобди-қорап деп ойлайтын шығар. Мүлдем де олай емес. Олар қатырғы қағаз мұқа­балы істерге тігілген. Рас, оларға тек құпиялылығы аса жоғары дәрежедегі құжаттармен танысуға арнайы рұқсаты бар санаулы басшы адамдар ғана жіберіліп, бұл істер брондалған сигнализациялы сейфтерде сақталды.

Мына бір құжат қысқа әрі қарапайым бол­ғанымен, шын мәнінде мазмұны жантүршігерлік.

Бұл Қазақстан КП Орталық Комитеті бюро­сының 1937 жылғы 19 қарашадағы “Антисоветтік элементтер туралы”, бюро мүшелері қол қойған (сауалдама жолымен) шешімі. Онда ВКП(б) Орталық Комитетінің 17 қарашадағы шешімі негізінде барлық 8 облыс бойынша жазаланатын антисоветтік элементтер санын қосымша көбейту керектігі айтылады. Мәшіңкеде басылған сандар 1-ші (концлагерьге қамау) және 2-ші (алысқа жер аудару) санаттар бойынша біршама азайту жағына қарай қарындашпен түзетілген. Бірақ, соған қарамастан, 750 адам “резерв” бағанында тұр.

Бірқатар құжаттар Ф.Голощекин жариялаған, қасіретті зардаптарға соқтырған “кіші қазанға” байланысты зорлап ұжымдастыру мен ашаршылық тарихын, қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың Қазақстанға депортациялануын паш етеді. Өте бір маңызды бөлім – Ұлы Отан соғысы жылдарында “ерекше папкаларға” түзілген бұрынғы қатаң құпия құжаттар. Олардың бір бөлігі Ұлы Жеңістің алдағы 65 жылдығына арналған көрмеде таныстырылады. Солардың ішінде аға сержант М.Калашниковтің өзінің пистолет-пулемет ойлап тапқандығы туралы 1942 жылғы 25 мамырдағы хатын, Қазақстан КП (б) Орталық Комитеті жанындағы Әскери өнер­та­быстар жөніндегі республикалық комиссия мәжі­лі­сінің М.Калашников құрастырған пистолет-пу­лемет туралы 1942 жылғы 26 маусымдағы хаттама­сын, Қазақстан КП Орталық Комитеті мен ХалКом­Кеңесінің автоматтың 5 тәжірибелік үлгісін жасау туралы 17 тамыздағы қаулысын атап өткіміз келеді.

Қару-жарақ тарихы бойынша басқа да құжат бар. Бұл 1943 жылдың қыркүйегінде жазылған Қа­зақ КСР ХалКомКеңес төрағасының орынбасары А.Заговельевтің ВКП(б) ОК хатшысы Г.Маленков пен КСРО ХалКомКеңес төрағасының орынбасары Л.Берияға Қазақ ауыл шаруашылығы институты жанындағы бумен жүретін “КВ” типті танк жасау жөніндегі ерекше конструкторлық тобының жұмысы туралы хаты. Хаттан белгілі болғанындай, Қызыл Армияның бронетанк басқармасы танк жасауға кірісу жөнінде шешім қабылдаған. Қорғаныс зауыттарында оқ-дәрі жасау жайындағы тапсырмаларға байланысты құжаттар да аз емес.

Бұрынғы құпия құжаттармен қатар, көрмеге құпия емес сипаттағы әртүрлі партиялық қаулы-қа­рарлар, хаттар, үндеулер, т.б. дайындалуда. Мы­салы, Панфилов атындағы 8-ші Гвардиялық ди­визия жауынгерлері митингісінің қарары, мақа­лалардың қолжазбалары: “Ұмытылмас күндер” – КСРО халық әртісі К.Байсейітованың майданға сапары жайлы, “Қазақстан әйелдері” – Совин­формбюродан берілген, шетел баспасөзіне арнал­ған Г.Шәріпованың мақаласы, Қазақстан ком­сомолы ОК хатшысы В.Якуповтың майдандағы Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллинге хаты, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы партия ұйы­мының кеңейтілген отырысының Қ.Сәт­баевтың Қазақстан КП(б)-на кандидаттыққа кіруі туралы 1942 жылғы 2 сәуірдегі хаттамасы, қолбасшы К.Рокоссовскийдің Қазақстан КП(б) ОК бірінші хатшысы Н.Скворцов пен Қазақ КСР ХалКомКеңес төрағасы Н.Оңдасыновқа неміс әскерлерінің Сталинград түбінде талқандалуы ту­ралы хаты. Сондай-ақ кадрлар есебі жөніндегі жеке парақшалар, С.Мұқановтың, К.Паустовскийдің, М.Зощенконың соғыс кезеңінде өз қолдарымен жазылған өмірбаяндары бар.

– Владимир Николаевич, мен Қазақстанды индустрияландыру, тың игеру орайындағы бірқатар қызғылықты құжаттарды көріп тұрмын. Солардың ішінен бөле-жара атайтындарыңыз қайсысы?

– Индустрияландыру тарихына қатысты құжаттар қатпарларының қалыңдығы сонша, одан көрмеге арнап неғұрлым жарқын құжаттарды таң­дап алу да оңайға соққан жоқ. Соған қарамастан, индустрияландырудың бастапқы кезеңі Түркістан-Сібір темір жолының құрылысы (1928-1932 ж.ж.) жөніндегі құжаттар, Қоңырат мыс кен орнының геологиялық барлау партиясы (1931 ж.) мен Риддер қорғасын зауыты (1939 ж.) мамандары мен жұмыс­шыларының сирек фотосуреттері, геолог Қ.Сәт­баевтың КСРО ауыр өнеркәсіп халық комиссары Л.Кагановичке, Қазақстан КП(б) ОК хатшысы Л.Мирзоянға Жезқазған кенішінің негізінде (1938 ж.) жаңа мыс қорыту комбинатын салу жөніндегі баянхаты арқылы көрініс тапқан. Текелі қорғасын-мырыш руднигінің, Алматы ауыр машина жасау зауыты жаңа цехының фотосуреттері де осында.

Тың игеру жайына келер болсақ, Н.Хрущевтің, Л.Брежневтің, Д.Қонаевтың, М.Шолоховтың тың кеңшарларына барған кездегі қызықты фотосурет­тері мінеки. Алғашқы тың игерушілердің ерлігі мен табандылығы жайлы сыр шертетін құжаттар көп-ақ.

60-шы жылдардың басындағы ерекше құнды құжаттар ішінде 1961-1968 жылдар аралығында КГБ-ның құпия бақылауымен Екібастұз қаласында ресми емес қуғында жүрген КСРО Министрлер Кеңесінің бұрынғы төрағасы Г.М.Маленковты КОКП қатарынан шығару туралы Павлодар облыстық партия комитетінің Орталық Комитетке хабарламасын атап өтпекпін. Жалпы, КСРО мен КОКП құлағанға дейінгі бүкіл соғыстан кейінгі кезең де өз зерттеушілерін күтіп тұрған өте тартымды, қатпары қалың тарих.

– Қазақстанның тәуелсіздік кезеңі, ондағы Тұңғыш Президенттің тарихи рөлі аса қызғылықты әрі маңызды екені күмәнсіз. Көрме аясында осы тұрғыда не нәрселер ұсынылған?

– Алдағы көрмеде бірқатар құжаттар Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызметін паш етеді. Оның 1962 жылғы 27 ақпандағы – сол кездегі Қа­рағанды металлургия зауыты домна пеші көрік­ші­сі­нің Қазақстан ЛКЖО Х съезінде бірінші қазақстандық шойын, кокс және синтетикалық кәу­шік шығарылуы жайындағы, Теміртау қалалық комсомол комитеті бірінші хатшысының 13-ші қалалық партия конференциясында (1971 ж.), Қазақстан КП ОК бірінші хатшысының КСРО Халық депутаттарының 3-ші съезінде (1990 ж.) басқарудың президенттік үлгісін енгізу мәселесі бойынша, КОКП ОК Пленумында (1991 ж.) сырт­қы саяси және экономикалық ахуалды бағамдай келе, елді дағдарыстан алып шығу жөніндегі шұғыл шараларды жедел қабылдауға шақырған, Қазақ КСР Президентінің КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында (1991 жылғы тамыз) демократиялық күштерді қорғаған, жаңа Одақтық шартты қолдаған, әлемдік экономикаға кірігу және біздің қоғамды жаңарту бағытын ойластырып жасау туралы сөйлеген сөздерінің мәтіндері қойылады.

Оның түбегейлі экономикалық реформаны жүзеге асырудағы және сыртқы экономикалық қыз­меттегі Қазақ КСР-інің іс-қимыл еркіндігі туралы КСРО Президенті М.Горбачевке 1990 жыл­ғы 15 мамырда жолдаған хаты назар аударарлық. Атап айтқанда, Н.Назарбаев: “Қазақ КСР-інің Президенті құқығын пайдалана отырып, КСРО Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 7 наурыздағы №203 “Сыртқы экономикалық қызметті мемлекет­тік реттестіру шаралары туралы” қаулысына наразылық білдіруді қажет деп санаймын. Бұл проб­лемаларды мен талай рет көтерген болатын­мын, бірақ олар тиісті шешімін тапқан жоқ”, – деп жазды. Ол 1991 жылдың 31 мамырында КСРО Президенті М.Горбачев қатысқан Алматыдағы республика активінің жиналысында бұдан да батылырақ сөйледі. Нұрсұлтан Әбішұлы: “Іс жү­зінде біз үнемі экономиканы басқарудың келешегі жоқ, өз беделінен ақыр-тақыр айрылған әкім­шіл­дік-әміршілдік жүйесін жантәсілім еткізбей сауық­тыруға әрекеттеніп келдік. Бұл мәселедегі біздің тұғырымыз айқын: басқа республикалар сияқты, Қазақстан да ақыл-кеңеске, әсіресе өз іс-әре­кеттерінің мақұлдануына немесе мақұлданбауына мұқтаж емес”, деп атап көрсетті.

Көрме экспозициясына Семей ядролық поли­гоны бойынша бес құжат кірді. Ең алдымен, оқи­ғалардың мерзімдік ретімен алғанда, Қазақстан КП ОК хатшысы Н.Назарбаевтың 1990 жылғы 20 мау­сымдағы Семей полигонында ядролық қару сы­на­ғын толық тоқтату және оны халық шаруашылығы мүдделеріне сай қайтадан бағдарлау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесіне, КСРО Министрлер Кеңесіне, КОКП Орталық Комитетіне хатын атап айтар едім. Одан соң Республикалық ведомствоаралық комис­сияның полигон төңірегіндегі жағдай туралы 1990 жылғы 12 қыркүйектегі қорытындысы және КСРО Денсаулық сақтау министрлігі радиология дис­пансерінің бас дәрігері Б.Гусевтің ядролық полигон маңындағы радиациялық-гигиеналық жағдай және жер бетіндегі һәм әуедегі ядролық жарылыстар кезіндегі (1949-1965 жж.) иондаушы сәулеленуге ұшыраған адамдар денсаулығының жай-күйі туралы хабарламасы тұр. Топтаманы Елбасының 1991 жылдың 29 тамызындағы №409 “Семей сынақ полигонын жабу туралы” Жарлығы түйіндейді.

Тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендік алу ке­зеңі шын мәнісінде тарихтың деректі жәдігерле­рі­не, қастерлі ескерткіштеріне айналған 29 құжат­пен өрнектелген. Бұлар – Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Жоғарғы Кеңес сессиясындағы мемлекеттік егемендікті қабылдау туралы тарихи сөзі, 1995 жылғы Ата Заңымыз және 1991 жылғы 10 желтоқсандағы Президент Анты.

Көрмеде сіздер түпнұсқадағы 10 Конститу­ция­лық заңмен және Мемлекет басшысының ұлттық валюта енгізу туралы, Үкімет туралы, Қазақстан ха­лықтары (халқы) Ассамблеясын құру туралы, Пар­ламент туралы Жарлықтарымен таныса аласыздар. 1997 жылдың 10 желтоқсанында Президент Н.На­зарбаев, Премьер-Министр Н.Балғымбаев, Пар­ламент Сенатының Төрағасы Ө.Байгелди, Пар­ламент Мәжілісінің Төрағасы М.Оспанов қол қой­ған Қазақстан халқына Үндеуде былай деп айтыл­ған: “Бүгін біз, Қазақстан Республикасы билігінің жоғарғы органдары, 1997 жылдың 10 желтоқ­са­нынан бастап Ақмола мемлекетіміздің астанасы бо­лып табылатынын салтанатты түрде куәлан­дырамыз. Бүгіннен бастап және мәңгі-бақи осы арада, ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдырын айқындайтын шешімдер қабылданатын болады”. Баршаңызға белгілі, 1998 жылғы 6 мамырдағы №3941 Президент Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана деп өзгертілді. Бұл Жарлық та көрмеден орын алмақ.

Көрмеге сондай-ақ АҚШ президенті Д.Буштың (1991 ж. 27 желтоқсан) және Ұлыбритания Пре­мьер-министрі Д.Мейджордың (1991 ж. 31 жел­тоқсан) Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп тану туралы ресми жолдаулары жәдігер ретінде қойыл­ған. Өзінің жолдау-хатында Д.Мейджор: “Мен Сіздің саясатыңызды, саяси және экономикалық реформаларыңызды біздің нық қолдайтынымызға Сізді сендіремін”, деп атап көрсетті.

– Мұрағатта жеке адамдардың да айтарлықтай қоры бар деп естіп едік.

– Иә, біз 1998 жылдан бері мемлекет қайрат­кер­лерінің жеке қорларының құжаттарын мұрағат айналымына қосу жөнінде белсенді жұмыс жүргізудеміз. Қазірге дейін осындай 79 қор сақтауға қабылданды. Көлемі жөнінен Парламент Мәжі­лісінің бұрынғы төрағасы М.Оспановтың қоры өте ауқымды. Көрмеге Қазақстан Президентін сайлау нәтижелері туралы мәлімдеме жобасымен қоса, оның сөйлеген сөзінің мәтіні, бірқатар фото­суреттер қойылмақшы.

Мазмұны жағынан Ә.Әлімжановтың да жеке қорының құндылығы ешбір кем емес. Онда Расул Ғамзатовпен, атақты пәкстандық ақын Файз Ахмад Файзбен, А.Вознесенскиймен, Ю.Эль-Сибаймен және басқалармен түскен сирек те қызғылықты фотосуреттер бар. Қорда КСРО Жоғарғы Кеңесі Рес­публикалар Кеңесінің төрағасы Ә.Әлім­жа­новтың қолтаңбасы қалған, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы жария етілген КСРО Жоғарғы Кеңесі Республикалар Кеңесі Деклара­циясының бір данасы, сондай-ақ 1991 жылдың 24 желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің соңғы отырысында Ә.Әлімжановтың сөйлеген сөзі мәтінінің қолжазбасы сақталған.

Ал, М.Есенәлиевтің қорында одан 1974 жылы “Жазушы” баспасында “Аз и Я” кітабын басып шығару мәселесін тездетуді өтінген О.Сүлей­менов хатының түпнұсқасы, 1982 жылдың қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясы 37-ші сессиясының пленарлық отырысында өзі сөз сөйлейтін күнгі БҰҰ Бас Ассамблеясының отырыс залындағы М.Есенәлиевтің фотосуреті назар аударарлық.

Әлбетте, бұл айтқандар Президент мұрағатында сақталған ерекше құнды құжаттардың аз ғана бөлігі. “Теңіз дәмі тамшыдан білінеді” десек, Президент мұрағаты ұсынар тарих пен тағылым ұшан-теңіз. Тек “Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы” Заңға сәйкес, бүгінде тәуелсіз Қазақстан бойынша 1991-1992 жылдар ашық екендігін ғана атап өтпекпін. Зерттеушілердің, тарих әуесқойларының қалың қауымы үшін неғұрлым кейінгі жылдар алдағы уақытта заңнамаға сәйкес біртіндеп ашыла бермек.

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін көптен-көп рахмет.



Авторы: Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат