Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-03-05:

ЕЛОРДАМЫЗДАН АСҚАН ҚАЛА ЖОҚ

 

Мемлекет басшысының атына Ақмола облысының Щучье қаласында тұратын зейнеткер Мария Фадеевна Смоляктан хат келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.

Автор хатында 2009 жылы Астана күнінде елордаға сапары­нан алған өзінің әсерлерімен бөліседі.

М.Смоляк Мемлекет басшы­сы­на қайырыла келіп, былай деп атап көрсетеді: “Сіз осындай ға­жайып қала тұрғыздыңыз, осы­ның арқасында біз өзіміздің жаңа елордамызды қызыға тамашалауға мүмкіндік алдық. Қалада бәрі де әдемі – меймандар алдында да ұялмайсың, оларды қабылдайтын жерлер де жеткілікті. Құрылыс­тың жылдам әрі ажарлы жүргі­зіліп жатқанын көзіміз көрді. Мен қалаға сүйсіндім, елордада болған таныстарымның пікірлерін де білдім – бәрі де үлкен әсер ал­ғандарын жеткізіп жатты.

Біз ертегі қаласында жүрген сияқты болдық. Әнде айтыла­ты­нындай, Сіз ертегіні шындыққа айналдыра алдыңыз. Мен ешбір жерден осыншалықты мол көлем­дегі мәдени-ойын-сауық шарала­рын көрген емеспін, оның үстіне әр нөмір сайын дерлік белгілі бір ізденістердің куәгерлері болдық”.

Мария Фадеевна Астанада бұған дейін біраз уақыт болма­ғанын жазады. Оны соңғы жыл­дар бедерінде салынған тамаша нысандардың саны қайран қалдырыпты.

“Мен біздің Президентіміздің әлемдегі басқа президенттердің бәрінен мойны озық екеніне өте қуанамын және осы үшін Құ­дайға ризашылығымды білдіре­мін. Сондай-ақ біздің елорда­мыз­дан асқан қала жоқ. Біз – көп­ұлтты республикамыз және өзіміздің Президентімізді мақтан тұтамыз әрі құрметтейміз.

Зейнеткерлерді ұмытпай, оларға көмек көрсетіп келе жат­қаныңыз үшін де көп рахмет. Сізге және Сіздің отбасыңызға зор денсаулық пен бақыт тілей­мін. Сіз аса ауыр, бірақ игілікті еңбегіңізде табысты болыңыз”, – делінеді хатта.

 

АСТАНАДАҒЫ ТАҒЫ БІР ЕЛШІЛІК

 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымына біздің алдымызда төраға болған Суоми елінен осы жолы үлкен делегация келіпті. Финляндияның Сыртқы сауда және даму министрі сапары бары­сын­да елшіліктің ресми ашылуымен қа­тар, Астана, Алматы қалаларында бизнес-форумдар өткізуді жоспарласа, оған қаты­су үшін 40 фин компаниясы тілек біл­дірген көрінеді.

Астанадағы елшіліктің ашылу құрме­ті­не Фин ұлттық операсының биік соп­ра­но дауысты әншісі, әлемдік опера жұл­ды­зы Пласидо Домингомен бірігіп Кан­гас­ние­ми (Финляндия) вокалдық конкур­сы­ның жеңімпазы Рийкка Хакола белгілі му­зыкант, Май Линд атындағы пианистер конкурсының лауреаты, Фонда Соннинг атындағы дат сыйлығының иегері Илкка Паананеннің сүйемел­деуімен концерт бер­­ді. Джзуппе Вердидің “Травиата” опе­ра­сын­да Виолеттаны сах­налауымен та­нылған Рийкки Хаколаның қоржынында 45 соп­рано партиясы жинақталған. “Дон Жуан­да” Донна Анна, “Жарқанат” опе­расында “Арабелла”, Ро­за­линда, “Кар­менде” Ми­каэла, “Севиль шаштара­зында” Розина пар­тияларын орындаушы, бүгінгі күнге дейін әлемнің 24 елінде гастрольдік сапарларға шыққан әншінің бұл елімізге үшінші рет келуі екен.

 1994 жылы Алматыда Абай атындағы Опера және балет театрында “Травиата” сахналанғанда, ал 1996 жылы салтанатты концертке қатысып, өз өнеріне жұрт­шы­лықты тәнті еткен Рийкка Хакола енді астаналықтар алдында ән шырқады.

 

ИННОВАЦИЯ ҮШІН СҰРАНЫСҚА ИЕ ЕЛ

Астанада Қазақстандағы Финляндия күні аясында екі елдің 250-ден астам кәсіпкерлерінің, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдар жетекшілерінің қатысуымен бизнес форум өтті.

 

Дастан КЕНЖАЛИН.

 Оның жұмысында екі елдің сауда-эко­номикалық ынтымақтастығын талқылау, іскерлік байланыстарды одан әрі жалғастыру, бірлескен өндірістерді салу мүмкіндіктерін қарастыру, экономиканың әртүрлі салаларында Қазақстан және Финляндияның инвестициялық жобаларын іске асыру мәселелері қамтылды.

Қазіргі кезде отандық кәсіпкерлерге Суоми елінде инвестицияларға қолдау көрсетуге баса мән беріліп, Финляндияның осы күндері көп­теген рейтингілер бойынша бәсекеге барынша қабілетті және инновациялық экономикасы бар он елдің қатарына кіріп отырғаны белгілі. Со­нымен бірге, Қазақстанға фин елінің тек инно­вация ғана емес, экономиканы әртараптандыру, жоғары технологияны дамыту, шикізат өнімдерін тиімді пайдалану және экономиканы нығайту мәселелері бойынша дүние жүзінде алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі саналатыны мәлім. Қолда бар деректерге қарағанда, Скандинавия елінің өндіріс құрылымындағы және экспорттағы басым бөлігін электроника мен электротехника, мәшинелер, құрал-жабдықтар мен көліктер иемденеді. Ал оның қағаз-целлюлоза өнімдері – 16 пайыз, металл бұйымдары – 13 пайыз, мұнай және химия өнімдері – 13 пайыз, орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі 5 пайызды құрауда. Соның нәтижесінде Финляндияда жан басына шақ­қандағы ішкі жалпы өнім 33 513 еуроны құрап отыр. Бүгінде елімізді Суоми елімен арадағы байланыста сауда-саттық, инновацияны қолдау, жоғары технологияны игеру, мұнай және газ өнімдерін өндіру, оны саудалау мәселелері жа­қындастыруда. Кеден комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, екі елдің арасындағы сауда айналымы өткен жылы 705,1 млн. АҚШ долларын құраған. 2008 жылы бұл көрсеткіш 1 млрд. доллар болған. Ал 2009 жылдың 9 айы бойынша Финляндияның Қазақстанға әкелген тікелей инвестициясының көлемі 21,9 млн. АҚШ долларына жеткен болса, былтырғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ол 2,8 млн. долларды құраған. Осы күндері елімізде 8 бірлескен кәсіпорын және 100 пайыз фин капиталының қатысуымен құралған 18 кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың қызметі негізінен өңдеуші өнеркәсіпте, құрылыс, сауда, жылжымайтын мүліктермен операцияларға, жалға беру мен кәсіпорындарға қызмет көрсету бойынша маманданып отыр.

Екі ел кәсіпкерлерінің аталған жиынында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, бірлескен кәсіпорындар құруды жалғастыру және басқа да күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаумен бірге тараптар өзара тәжірибе бөлісуі, мәдени-гуманитарлық саладағы байланысты дамыту сияқты мәселелер бойынша ойларымен бөлісті. Мұнда алдымен сөз алған Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев Қазақстанда фин әріптестерінің тәжірибесі қызықтыратынын, қазір еліміз үшін жоғары қосылған құнмен бәсекеге қабілетті өнім шығаруда бизнес қауым­дас­тық­тарды ынталандырып, ұлттық экономиканы жаңғырту және әртараптандырудың аса маңызды мәселе болып отырғанын, осы мәселені шешуде алдыңғы қатарлы технологиялармен қамтамасыз етілген Финляндия сияқты елдердің тәжірибесі қажеттігін айтса, Суоми елі кәсіпкерлерінің аты­нан сөз сөйлеген Сыртқы сауда және даму министрі Паава Вяюрюнен Қазақстанның дағдарысқа қарсы шараларын, оның БСҰ-ға мүше болуын, “Еу­ропаға жол”, елімізде іске аса бастаған эконо­микалық бағдарламаларды қол­дайтынын, Ресей және Беларусьпен бірге құрған Кеден ода­ғындағы қызметіне қызы­ғушылық білді­ретіндерін атап өтті. Сонымен бірге, ол Фин­ляндияның Қа­зақстанды ішкі саяси тұрақ­тылықты қамтамасыз еткен, еліміздегі эко­номикалық реформаларды іске асырып, шетел­дер үшін қолайлы инвес­тициялық жағдай туғы­зып келе жатқан мемлекет ретінде ескере оты­рып, елімізбен инновация, экономиканы әртарап­тандыруда қай кезде болсын тәжірибе бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.

 

ҒАРЫШТЫҚ ЗАҢДЫҚ КЕЛІСІМ ҚОЛДАУ ТАПТЫ

 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

Мәжілістің сәрсенбі күнгі өткен ке­зекті пленарлық отырысының күн тәр­тібінде депутаттық сауалдар көп болды. Әсіресе, сауалдар саны депутаттардың өң­ір­лерге барып, сайлаушылармен кез­де­суінен кейін артатыны белгілі. Одан қалса, ел тұр­ғындары хат арқылы өзде­рі­нің мұң-мұқтаждарын жеткізіп жатады.

Депутаттар күн тәртібіндегі “Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заң­на­малық ак­тілеріне баланың құқықтарын қор­ғауды қам­тамасыз ету мәселелері бой­ынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жо­басын бірінші оқылымда қарады. Ол бой­ынша баяндаманы Ішкі істер вице-министрі Амантай Әубәкіров жасады. Заңдық құжат баланың құқық­­­­­­­­тарын қорғау және кәмелеттік жасқа тол­мағандарға қатысты құқық бұзу­шылық­тың алдын алу саласындағы заңна­маны жетілдіру мақсатында әзірленіпті. Онда ұрлық, тонау және бопсалаушылық жа­сағаны үшін қылмыстық жауапкершілік басталатын жасты 14-тен 16-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Есесіне кәмелеттік жасқа толмаған­дарға қатысты қылмыс жасаған адамдардың жауаптылығын күшейту қолға алынып, осындай қылмыс жасағандардың жазасының мерзімі ұза­ратын болады. Депутаттар вице-министрге көптеген сұрақтар қойып, заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұйғарды.

Халық қалаулыларының қызығушы­лығын туғызған тағы бір заң жобасы “Қа­­зақстан Республикасы мен Ресей Федера­циясы арасындағы “Байқоңыр” кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтас­тық­ты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы” деп аталады. Ол бойынша баяндама жасаған Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Тал­ғат Мұсабаев ке­лісімді ратификациялау тоқтап қалған “Бәй­терек” зымыран-ғарыш кешенінің жо­басы орнынан қоз­ғал­тар еді деген пікір біл­дірді. “Бай­қоңыр” кешенін Ресей Фе­дерациясына жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзар­тылып отыр. Талқылау бары­сында улы са­налатын гептил, амил сияқты отын­дармен ұшырылатын “Протон” зымыран ұшырғышына тыйым салу немесе шектеу мәселесі де көтерілді. Агент­тік төра­ға­сының сендіруінше, Ресей та­рапы “Ан­гара” зымыран ұшырғышын пай­дал­а­ну­ды көздеп отырған көрінеді. Тұ­тастай ал­ғанда, депу­таттар бұл мәселелердің өзек­тілігіне ерекше на­­зар аударды. Қоры­тындысында заң жо­басын мақұлдаған жөн деп шешті.

 

ПОШТА ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНА ТҮСПЕК

 

Венера ТҮГЕЛБАЙ.

Астанадағы “Дипломат” қонақ ­үйінде Аймақтық байланыс саласын­дағы дос­тастықтың (АБД) байланыс әкімші­лігінің мамандары үшін ха­лықаралық семинар және АБД пошта байланысы операторлары кеңесінің отырысы болып өтті. Бұл шараны Дү­ниежүзілік пошта одағы халықаралық бюросының кө­мегімен, АБД атқару ко­митеті ұйым­дастырған. Күн тәртібінде “Ақпараттық инфрақұрылым – пошта байланы­сының қазіргі заманғы кәсіп­орнының ажырамас элементі”, “Ақ­параттық қо­ғам. Қоғамдық байланыс орта­лықтары”, “Электронды оқыту: тұжырымдамадан іске асыруға дейін” атты маңызды та­қырыптар талқыланды.

Семинар жұмысына ДПО, АБД, елі­міздің Ақпараттандыру және бай­ла­ныс агенттігінің өкілдері, ТМД ел­дерінің байланыс әкімшіліктері мен пош­та байланысының ұлттық опе­раторлары, “Самұрық-Қазына” ҰӘАҚ, “Қазпошта” АҚ басшылығы қатысты. Олар алдымен АБД байланыс әкім­шілігінің мамандары үшін “Ақпарат­тағы қауымдастықтағы пошта секто­рының ұлғайып келе жатқан рөлі туралы” семинарда бірқатар мәселелер жөнінде ақпарат алмасты.

Бүгінгі таңда пошта-қаржы сек­то­рына қатысты қазіргі заманғы техно­логиялар адам қызметінің әртүрлі сала­ларында кеңінен қолданыс табуда. Де­генмен, бұл форум жаңа ІТ техно­логиялар заманында бәсекелестікке төтеп беру секілді пошта дамуындағы қиындықтарға қарамастан, оның да­муы­на деген мемлекеттік және қоғам­дық қызығушылықтардың әлі де бар екен­дігінің айқын дәлелі. Оған қоса, “Сам­ұрық-Қазына” ҰӘАҚ басшылығы өз тарапынан еліміздің пошта-жинақтау жүйесінің тұрақты түрде дамуына және оның жұмысының тиімділігін көтеруге зор көңіл бөлмек.

Одаққа бұрынғы кеңестік жүйедегі мемлекеттер мүше. Сондай-ақ, Сло­ве­ния мен Словакия бар. Жалпы, мұндай фо­румдар пошта және электр байланы­сындағы мамандардың бір бірімен қатынас жасап, проблемаларды өзара талқылауы үшін қажет. Алдымен ха­­лық­аралық семинар өткізіп отырмыз. Се­минар тақырыбы – ақпараттық дү­ниедегі пошта секторының рөлінің да­муы. Ақпараттық-технологиялық құрал­дардың өмірге келуі, сондай-ақ ғалам­тор пошта саласының әлемдік дең­гей­дегі мүмкін­дігін азайтып жібергені бел­гілі. Сон­дықтан бұл мүмкіншілікті тү­сініп қана қоймай дұрыстап пайдалану негізгі мақсатымыз болып отыр, дейді “Қаз­пошта” АҚ төрағасы Д.Мол­дағалиев.

Елімізде 3 мыңнан астам пошта бөлімшесі бар. Соның ішінде ауылдық жерде орналасқандарының алар үлесі 60 пайыз. Ауыл тұрғындарының бұдан былай соңғы ақпараттармен қамта­ма­сыз етілетіндігін атап өткен “Қазпошта” АҚ төрағасы Дәурен Молдағалиев фи­зика­лық қызметтердің (хат, бандероль) еш төмендемегенін хабарлады. Тіпті, жаңа пошталық бөлімшелер салынуда екен. Бұл пошта байланысының өмір­шең­дігін, қолданыстан шықпаған­ды­ғын, қайта сұраныстың артып келе жатқан­дығының айқын дәлеліндей.

 

БАС МҮФТИ ЕГИПЕТТЕ БОЛЫП ҚАЙТТЫ

 

Египеттің Жоғарғы ислам ке­ңесі мен Уақыф министрлігінің ұй­ымдастыруымен Каирде АҚШ пен Латын Америкасы, Еуропа мен Азия, Африка және Авс­тралияның көптеген елдерінің діни істер министрлері мен бас мүф­тилері, дін мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен “Ислам шариғатының мақ­сат­тары және қазіргі заман мәс­е­ле­лері” атты халықаралық кон­фе­рен­циясы өтті. Жиынның ашы­лу салтанатына Президент Мұ­хам­мед Хосни Мүбарак атынан елдің Премьер-министрі Ахмед На­зиф қатысып, Мемлекет бас­шысының құттықтауын жеткізді.

Конференцияда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңе­сі­нің төрағасы, Бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі баян­дама жасады. Форум аясында ол әлем сүннит­терінің бас имамы, қасиеті әл-Азһар шейхы доктор Мұхаммед Саййд Тантауимен кездесті. Жүздесуде М.С.Тантауи еліміз дін­басын Қазақстанның ЕҚЫҰ секілді аса беделді ұйы­мына бүкіл әлемнің мұсылман жұрты арасынан төраға болып оты­руымен құттықтады. Әл-Азһар шейхы 2009 жылғы Ас­танада әлемдік діндер ли­дерлерінің ІІІ құрылтайының үлкен табыспен өт­кенін де еске алды. Осының бәрі Қа­зақ­станның бірлігі мен ын­ты­мағы арқасында қол жеткен жетістік екенін, мұнда исламның да үлесі барлығын тілге тиек етті.

Бас мүфти өз кезегінде доктор Тантауиге игі тілегі үшін рахмет айта келе, Қазақстан мұсылман­да­ры діни басқармасының өткен жылы Әбу Ханифа – Имам Ағзам­ның туғанына 1350 жыл толуына орай халықаралық конференция өткізгенін, оған Түркия, Ресей, Орта Азияның дінбасылары және дінтанушы ғалымдарымен қатар Египеттің де ғалымдары қатысқаны үшін алғыс айтты.

Бас мүфтидің осындай ұш­ы­ра­суы Египеттің Уақыф министрі доктор, профессор Махмуд Хамди Зақзұқ мырзамен де өтті. Онда екі ел ынтымақтастығының белгісі ретінде Нұр-Мүбарак универ­ситетін дамыта түсу мәселелері сөз болды.

Қазақстанның Каирдегі ел­ші­лігінде Бас мүфтидің Египетте оқ­ып жатқан қазақстандық сту­денттермен де кездесуі өтті. Оны елші Бахтияр Тасымов ашып, еліміз дінбасына сөз берді. Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі жуырда ғана Республика Пар­ламентінде жасаған Президентіміз Н.Ә.На­зар­баевтың Қазақстан халқына Жолдауы жайлы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Сондай-ақ респуб­ли­камызда атқарылып жатқан өзге де игі істер туралы айтты.

Бас мүфти конференция ке­зінде Орта Азия мен Ресей, Па­лес­тина мен Сирия, Түркия, Бал­кан елдері бас мүфтилерімен кездесіп, діни істерді жетілдіре беру жолдары жайлы пікір ал­масты, деп хабарлады ҚМДБ-ның баспасөз қызметі. 

 

ОТАНДАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 

Айқын НЕСІПБАЙ.

Елімізге мемлекеттік сапары аясында Румыния Президенті Траян Басеску Қарағандыда бол­ды. Мәр­тебелі мейман соғыс жыл­дарында түрлі елдердің әске­ри тұтқындары ұс­талған Спасск лагерінен отан­да­рына орала ал­ма­ған румын әскери­леріне арна­лып осында орнатылған ес­керт­кішке гүл шоқтарын қойды.

Бұдан соң Траян Басеску об­лыстағы “Даки” румын этно-мә­де­ни орталығы жұмысымен та­ны­сып, кездесуге жиналған­дар­мен әңгімелесті. Олар аймақтағы барша ұлттар мен ұлыстар сияқ­ты румын этносының да өз ерекшеліктерін сақтап, дамуына жасалып жатқан жағдайларға алғыстарын білдірді.

Қарағанды.

 

МӘҢГІЛІК АЛАУ ТҰТАНДЫ

 

Өмір ЕСҚАЛИ.

Жыл өткен сайын кеудесін оққа тосып, ортақ Отанымызды қорғап қалған жауынгерлердің қа­тары сиреп келеді. Ұлы Отан соғысына Қызылжар өңірінен 100 мыңға жуық боздақ аттанса, солардан көзі тірілері 830 ғана. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Анатолий Ряжскихтың айтуынша, Ұлы Отан соғы­сын­дағы Жеңістің 65 жылдығын лайықты қарсы алудың кешенді ша­ралары жасалып, соғыс арда­герлерімен қатар, тыл еңбек­кер­ле­ріне, қаза тапқан жауын­герлердің жұ­байлары мен отбасыларына жан-жақты ма­рапат көрсету жол­дары қарастырылған. Ол үшін жер­гілікті қазынадан арнайы қаржы бөлінген.

 Бүгінде мереке құрметіне ұйымдастырылған қолдау акциясы басталып кетті. Оның алғашқы шарасы ретінде жат жерде мәңгі тыныстап жатқан жерлестеріміздің рухына тағзым ету мақсатымен театр алаңында орналасқан Ұлы Отан соғы­сының құрбандарына арналған мемориалдық ке­шен­нің мәң­гі­лік алауы тұтанды. Жұртшылық қасиетті орынға гүл шоқтарын қойып, ұрыс даласынан орал­маған боздақ­тарды еске алды.

Солтүстік Қазақстан облысы.

 

ЭЛЕКТР ҚУАТЫ АРЗАНДАЙТЫН БОЛДЫ

 

Өмір ЕСҚАЛИ.

Қызылжар өңірінде электр қуа­тының бағасы әрқилы. Мәселен, облыс орталығы мен 8 ауданның тұр­ғындары 1 квт/сағат қуат үшін 7,30 теңге төлесе, қалған 5 аудан 11,98 теңгеден есептесуге мәжбүр. Ал­дыңғысын Петропавл жылу-эл­ектр орталығы қамтамасыз етсе, соң­ғылары Ақмола облысына тәуелді.

Энергетика мәселесіне арналған жиында тығырықтан шығудың жол­да­ры қарастырылып, мынандай ше­шім алынды. Бұдан былай жо­ғарыда аталған аудандарға Петро­павл жылу-электр орталығы арқылы 30 мВт қуат тұрақты жеткізіліп тұрады. Ол үшін жергілікті жер­лерде электр тарату бөлімшелері құрылатын болады. “СолтҚаз­Энерго” компа­ниясы 3 миллиард теңге инвестиция тарту арқылы жы­лу-электр жабдық­тарын жаңар­ту­ды да ойластырып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы.

 

ҚОСЫМША БІЛІМ: құндылығы және болашағы

 

Айнаш ЕСАЛИ.

Алматыда Қосымша білім беру ұйымдары басшыларының “12 жылдық білім беруге көшуге байланысты балаларға қосымша білім берудің қазіргі жүйесі мен даму болашағы” атты республикалық семинар-кеңесі болып өтті.

Баланы жеке тұлға ретінде дамытып, білім мен тәрбиені ұштастыратын қо­сымша білім беру жүйесі әлеуметтік тұр­ғыда да қажет және қоғам мен мемлекет тарапынан тұрақты назар аудару мен қолдау көрсетуді талап етіп отыр.

Қосымша білім беру жүйесінің басты құнды басымдықтары оқу-тәрбие үдерісін демократияландыру, саламатты өмір салтын қалыптастыру, баланың шығар­машылығы мен өзін өзі дамытуы, педа­гогикалық шығармашылық үшін қажетті жағдай жасау, оқу-бағдарламалық және әдістемелік қамтамасыз етудің жаңа технологияларын құру, ақпараттық технологиялар негізінде жүйелік жетілдіру, дарынды балаларға қолдау көрсету және даралығын дамыту болып табылады.

Мамандар қосымша білім баланың мектепте алған білімін кеңейтуге және тереңдетуге мүмкіндік беріп, сол сияқты оның болашақ кәсіп таңдауына негіз болатынын алға тартып отыр.

Бүгінгі таңда республика бойынша 620 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді, оған 517 998 балалар мен жасөспірімдер қамтылған. Бұл көрсеткіш оқушылардың жалпы санының 21,5 пайызын құрайды. Онда 13 784 қосымша білім педагогы қыз­мет атқарады. 159 ұйым типтік үлгідегі ғи­маратта, ал қалғаны жалға алынған немесе ыңғайланған ғимаратта орналасқан.

Жоғарыдағы семинар-кеңес қосымша білім беру ұйымдарының қызметтерінде кездесетін өзекті мәселелерді талқылау, олардың балаларды қосымша оқыту, тәрбиелеу, шығармашалық мүмкіндіктерін дамыту барысындағы маңызын анықтау, білім жүйесінің 12 жылдық білім беруге көшуге байланысты қосымша білім беруді дамыту бағыттарының жай-күйін талдау және болжау мақсатында өткізілді. Семинарға республиканың барлық үлгідегі қо­сымша білім беру ұйымдарының басшылары (шығармашылық сарайлары мен орталықтары, жас туристердің, тех­никтердің және натуралистердің стан­циялары, көркем-эстетикалық мектептер мен орталықтар) шақырылды.

Семинар-кеңестің жұмысына Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің, Ы.Ал­тынсарин атындағы Ұлттық білім ака­демиясының, Білім беру жүйесінің педагог кадрлары біліктілігін арттыру және қайта даярлау республикалық институтының өкілдері, жоо ғалымдары, мамандар қатысты.

Республикалық семинар барысында секциялар бойынша жұмыстар жүріп, жиынға қатысушылар С.Бегалин атындағы балалар кітапханасына, 12 жылдық білім беру жобасымен жұмыс істейтін жаңа технологиялар колледжінің және бірқатар орта мектептердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Алматы.

 

КӨП ТІЛ БІЛУ ­– УАҚЫТ ТАЛАБЫ

 

Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.

Еліміздің дамуы мен серпілуін көздейтін “Тілдердің үштұғырлығы” атты жаңа стратегияның жүзеге асы­рылуына байланысты еліміздің білім беру саласында тың, озық жүйелер қалыптасып келеді. Соның бір айғағы ретінде дарынды балаларға арналған 33 мамандандырылған мектептерде үш тілде оқыту үрдісінің толық қа­лып­тасқандығын атап өтуге болады. Бұл жерде Елбасының тікелей бас­тамасы мен қадағалауы айтарлықтай серпін бергенін атап өткеніміз жөн.

Көп тілді білім берудің басты мәселелерін талқылаумен қатар, тілді оқыту саласында бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерімізді сараптау мақсатымен республиканың әр айма­ғынан келген тіл мамандары бас қосты. Бұл мәселелер “Дарынды балаларға көптілді білім беруді ғылыми-әдістемелік және кадрлық қамтамасыз ету” атты республикалық семинар-кеңесте талқыланды.

“Озық ойлы адамдар қай заманда да бір елде бірнеше мәдениеттің, тілдердің қатар өрістеуіне үлкен мән берген” – деп өз сөзін бастаған Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев үштілді оқытудың маңыздылығына тоқталды. “Елімізде 33 мектеп үш тілде оқытады, оларда 2384 бала қазақ ті­лінде, 1799 бала орыс тілінде, барлығы 4183 оқушы білім алуда. Аталған мектептерде математика, физика, ин­форматика, химия, биология, геогра­фия, экономика пәндері ағылшын ті­лінде, орыс тілінде оқытатын мектеп­тер­де қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихы ­– қазақ тілінде жүргізіледі. Орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілімен қатар қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы пәндерінің қазақ ті­лінде оқытылуы басқа ұлт бала­ла­рының мемлекеттік тілді тереңірек мең­геруіне игі ықпал етеді деп кү­ті­лу­де. Болашақта аталған мектептердегі Қазақстан географиясы, музыка, көркем мәдениет сияқты пәндерді де қазақ тілінде оқыту қолға алынатын болады. Үш тілде оқытатын мектептер желісін құруға байланысты олардың оқу процесін ұйымдастыруға қажет оқу материалдарының жинақтары әзір­ленді. Жұмысты үйлестіру мақсатында ағылшын тілінде оқытатын педаго­гикалық кадрлар, пайдаланылатын оқу әдебиеттері туралы деректер жинағы жасалып, оқушыларға көп тілде білім берудің сапасына мониторинг жүргізіп отыру жоспарланған” – деп нақты атқарылған істердің мән-жайымен таныстырған министр.

Одан арғы әңгімесінде Қарағанды облыстық дарынды балаларға арнал­ған “Мұрагер” мектебі жөнінде де айта кетті.

Министрдің айтуына қарағанда, 2009 жылғы 5 мамырда “Мұрагерге” ке­ліп қайтқан швециялық WORLDDІDAC қауымдастығының бас директоры Б.Джост мырза оқушылармен ағылшын, француз тілдерінде аудармашысыз әңгімелесіп, олардың шетел тілдерін еркін меңгергендігіне ризашылығын білдірген екен. Сондай-ақ мектептің мультимедиалық тіл зертханаларымен танысыпты. Ал өткен жылғы 27 тамызда Қарағандыға барған сапарында мектепті аралап көрген Елбасы оқу орнының ғылыми-зерттеу, тіл дамыту бағытындағы зертханаларының жұмы­сымен танысып, мектепке құны 20 миллион теңгелік мамандан­дырылған химия-биология зертханасын сыйға тартқан екен.

Осындай жетістіктер республи­ка­ның барлық қалаларында жүзеге асы­рылып келеді. Үш тілде сабақ жүр­гі­зетін мектептердің саны да жыл сай­ын арта бермек. Бұл жүйенің дамуына “Дарын” республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының да қосатын үлесі салмақ­ты болмақ. Семинарда аталмыш орта­лықтың директоры Ділдәш Битуова тілдерді оқытудың болашағына кеңінен тоқталды. “Жақын арада Қазақстанда 20-ға тарта мектеп үш тілде оқыту жүйесіне көшпек. Қазақстанды әлем­дік экономикалық кеңістікке шығаруда, мәдениетін, ғылым-білімін жаһанға танытуда бұл стратегияның маңызы өте зор” – деп атап өтті.

Тілді үйретуде қажетті мамандар­ды даярлау да аса маңызды мәсе­лелердің бірі болып отыр. Олардың кәсіби білігін жетілдіру мақсатында тілдерді оқыту аясын кеңейтудің маңызы зор. Ол үшін педагогикалық жоғары оқу орындарының кадрды даярлау үрдісін бәсекеге лайықтап жасақталуы қажет. Бұл мәселеге де министр кеңінен тоқталды.

Қорыта айтқанда, бәсекеге қабі­лет­тілікті біліммен саралайтын бүгінгі заманда оқыту жүйесінің жақсарғаны бәрімізді де қуантатыны ақиқат. Ендеше, тек үлкен қалаларда ғана емес, аудандарда, ауылдарда мұндай жүйе­лер­­дің қалыптасуын жетілдіргеніміз абзал.

 

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖИЫРМА ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛДЫ

 

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.

Қалалық мәдениет бөлімі жаңа жыл басынан бері ел тәуел­сіз­дігінің жиырма жылдығы құр­метіне орай мәдени шараларды бас­тап кетті. “Арғы атам ер түрік, біз қазақ еліміз” деген тақы­рып­пен өткізілген оның соңғысы көне түрік мәдениетінің асыл қазынасы – “Орхон-Енисей” жазба ес­керткіштеріне арналды.

Әдеби-музыкалық кеште хал­қы­мыз­дың өткен тарихы туралы сын­дарлы сөз де айтылды, әсем әндер де ор­ын­далып, жауһар жырлар да мо­лынан оқылды. Ел тәуелсіздігіне арналған мұндай мазмұнды кештер алда да жиі өткізілмек.

Семей.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат