Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-03-05:

КЕСКЕН АҒАШ БҮР ЖАРЫП, КӨКТЕЙДІ ЕКЕН 

 

Кеше

1986 жылғы дүниені дүр сілкіндірген Жел­тоқсан оқиғасы мен 1991 жылы еліміздің тәуел­сіз­дігін алуы теңіз астындағы булыққан алапат күш­тің әсерімен бірін бірі қуалай келіп жағаға соқ­қан алып теңіздің буырқанған толқында­рын­дай еді. Жерді қақ айырып жарып жіберердей шартылдаған найза­ғайдан кейінгі жауған жауын­мен дүркіреген көк шөптей, Қостанайда қазақ ру­хы асқақтап аспанға көтерілді. 1989 жылы Қос­та­най педагогикалық инс­титутының ректоры Зұл­қарнай Алдамжаров орыс филологиясы фа­культетінің қазақ бөлімшесін ашты. Ал 1992 жы­лы осы оқу орны университетке айнал­ғанда қа­зақ филологиясы факультетіне алғашқы талап­кер­лерді қабылдады. Сонда өздері шығарған қа­быр­ға газетінің бетінде болашақ мамандар ана ті­лі­міз туралы ой-толғамдарын жазып тұратын. Сту­денттер қабырға газетінде ақ параққа түбінен кесілген діңі жуан ағашты бейнелеген. Әлгі кес­пелтектің айналасынан қылтиып жас жапы­рақтар бүр жарып, көтеріліп келді. Сол жапырақ шық­қан жерден жас шыбықтар өсіп, кейін бұтаққа айналып, емен ағашы қайтадан жайқаларына жүрегіңді имандай сендірер еді әлгі сурет. Кәнігі суретші емес, осы өнерге әуесқойлығы ғана бар студенттің шынайы ойынан туған бұл сурет өмір шындығымен астасып кеткендіктен де, тұсынан өткеннің жүрегін дір еткізіп, ұлттық қанын ойнатып жіберетін.

Расында, Қостанайдағы қазақ тілінің жағдайы тура әлгі суреттегі кесілген емен діңіндей бола­тын. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары тың көтер­гендегі табиғатқа жасалған ашкөздік айнадай жар­қырап жататын сансыз көлді кептірді. Көл­мен бірге қазақтың тілі жұтылғандай, орманы бұ­тал­ғандай еді. Себебі тың игеруге қаптап келген­дердің қа­сын­да қазақ азшылыққа айналып шыға келді де, тілдік орта жұтады. Саясат басқаны айтпағанда, жас ұрпақтың ана тілінде білім алу құқын белден бір-ақ басты, ауылдардағы қазақ мектептері жаппай жабылды. Бүгінде жасы сексенге таяған Жұмағазы Бекбосынов ақсақал сол оқиғалардың барлығының куәсі ғана емес, қазақ тілінің нағыз күрескері.

 50-ші жылдардан басталған қазақ мек­тептерін жабу үдерісі 1986 жылға, Желтоқсан оқиғасына дейін тоқтаған жоқ. Тың жылдарынан бастап есептегенде тек Қостанай облысында барлығы 150-ден аса қазақ мектебі жабылды. Кеңес Одағы кезіндегі саясат қазақ тілін түбінен қырықты. Себебі, қазақша білім ошақтарын жа­буды алдымен бірінші сыныптан бастап, қыр­күйекте “Әліппе” ұстаған бүлдіршіндерді орыс мектебіне алғызды. Сонда бастауыш мектептер төрт жылда орыс мектебіне айналып шыға келді, ал бала саны азайғаннан кейін қазақ орта мек­тептері аз жылдың ішінде өзінен өзі жабылып отырды, – дейді Жұмағазы ағай.

1986 жылы қазіргі Торғай өңірін қоспағанда Қостанай облысында үш ғана орта мектеп, 11 орталау мектеп, 13 бастауыш, 23 аралас мектеп қал­ды. Соның барлығында небәрі 4398 бала оқы­ды. Әлгі үш орта мектептің бірі облыс орталы­ғындағы Ыбырай Алтынсарин іргетасын қалаған мектеп-интернаты болатын. Оған білім ошағы жабылған қазақ ауылдарының балалары орна­ласты. Сонымен қатар, қазағы қалың отырған Әулиекөл ауданы орталығындағы мектеп пен Жі­тіқара қаласындағы мектеп-интернат әупіріммен жабылмай жұмыс істеді. Тың көтерілген жыл­дардан кейін еліміз тәуелсіздігін алғанша қазіргі Денисов, Қарасу, Қостанай, Таран, Федоров, Жі­ті­қара аудандары мен Рудный, Лисаков қалала­рын­да бірде-бір қазақ мектебі, қазақ сыныбы бол­мады. 1986 жылғы мәлімет бойынша облыста әрбір жүз қаракөз баланың оны ғана қа­зақ мектебінде, қалған тоқсаны орыс мектебінен білім алды.

Хрущевтің “орыс тілін неғұрлым меңгерген сайын коммунизмге де тезірек жетеміз” деген ділмарлығы санаға іркілмей сіңді. Қостанайдың орталығындағы Алтынсариннің қолының табы, табанының ізі қалған қазақ мектеп-интернатын алпысыншы жылдары облыс басшылары қала­ның сыртына ығыстыру керектігін де ойлас­тырғаны туралы әңгіме аға буын өкілдерінің арасында айтылып жүрді. Бірақ жыланды үш кессең де кесірткелік әлі қалады деген емес пе, әйтеуір тілдің киесі қолдады ма, ана тіліне шырылдаған патриоттардың жүгіруімен мектеп орнында қалды әрі жаңа ғимарат бой көтерді.

 Ұлттық рухымыз өшуге айналған еді. Несін жасырамыз, балаларымызды амалсыз орыс мектебіне бердік. Онсыз күн көру жоқ болды. Ана тілімізден айырылып бара жатқанымызды, мұның өзі ұлт ретінде тозып, жан-дүниенің жадауланып, рухымыздың жоғалуына әкелетінін менің көзі ашық замандастарымның барлығы да сезді. Мақтамен бауыздалғандай, буынғандай күн кешіп жүргенде, Желтоқсан найзағайы шарт ете қалды ғой, – дейді Жұмекең. – Содан 1987 жы­лы 3 наурызда Қазақстан Орталық Компартиясы мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің “Қа­зақ­стандағы қазақ тілін оқып-үйренуді жақсарту туралы” қаулысы шықты. Халықтың толқуынан қорыққан Колбиннің “мен қазақ тілін бір жылдың ішінде үйреніп аламын” деп жүргені сонда емес пе?

Осы құжат облыста қазақ мектептері мен қазақ сыныптарын ашу жұмысының жандануына тамызық болды. Сол кезде облыстық білім беру басқармасында қызмет еткен Жұмағазы Бек­бо­сынов, осы салада лауазымдық қызметте отырған марқұм Нұрқан Жиентаев, тағы басқа азаматтар қазақ мектептерін ашуға құлшына кірісті.

 Елуінші жылдары қазақ мектептері бі­рінші сыныптан бастап жабылса, енді сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдары қайтадан бірінші сыныптан бастап ашылды. Қараңызшы заңдылықты! Міне, көрмейсіз бе, түбінен қырыққан ағаш түбінен көктейді екен,–дейді тағы да Жұмағазы ағай.

Сол 1987 жылы алыстағы Қамысты ауданы­нының “Бестау” кеңшарына қарайтын Шөптікөл және Әулиекөл ауданындағы Қарақалпақ ауыл­да­рындағы мектептерден қазақ сыныптары ашыл­ды да, олар төрт жылдан кейін қазақ мек­тебіне айналды. Келер жылы ауылдардан үш бастауыш мектеп тағы ашылды. Содан кейін-ақ ашылған қазақ мектептерінің саны еселеп артты. 1989 жылы 12 мектеп ашылса, 1993 жылы олардың саны 34-ке жетті. Орысшаға айналған бұрынғы мек­тептерден қазақ сыныптары да көптеп ашылып, олардың саны 1993 жылы 166 болды. Кейін осының басым көпшілігі қазақ мектебіне айналды.

Қостанайдағы тұңғыш қалалық қазақ орта мектебінің ашылуы да бір тарих іспетті. 1990 жылы Алтынсарин атындағы мектеп-интер­наттың бірінші сыныбына балалар қосымша алынды. Бұл мектептің ішінен ашылған мектеп сияқты болды. Орын тарлық еткеннен кейін артық алынған сыныптар орыс мектебіне көшірілді, біраз уақыттан кейін жергілікті билік оған №12 мектеп-гимназияның ғимаратын босатып берді. “Тарыдай боп кірген бүлдіршін таудай болып шыққан” он жылда қазақ мектебі де дамып, С.Мәуленов атындағы гимназия болып қалыптасты. Бұл Қостанай қалалық тұңғыш қазақ мектебі болатын.

 90-шы жылдары бұл мектеп қаладағы зиялы қауым өкілдерінің аса ынтасымен, жаппай жұмылуымен ашылды. Бірақ қазақ тілінің өшіп бара жатқанына бойы үйренген, империялық пейілге суарылған ортаға бұл көрініс ұнай қой­мады. Орыс мектебінің ғимаратына көшірілген қазақ сыныптарының терезесін сындырып кеткен оқиғалар болды. Орыс мектебін тартып алды деп даурықты біреулер. Қазақ мектебіне алғаш барған балалардың барлығы да жақсы оқыды,–дейді журналист Жайберген Болатов.

 

Бүгін

Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызмет­кері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, ардагер ұстаз Жұмағазы Бекбосынов айтқандай, 50-ші жылдардан бастап қырық жыл бойы қазақ мек­тептері жабылып келсе, 80-ші жылдардың ая­ғынан бастап бүгінге дейін мемлекеттік тілде оқытатын білім ошақтарының қатары артумен келеді. Бүгін Қостанай облысында 144 қазақ мектебі бар. Оларда 20 мыңнан астам бала білім­ге сусындауда. Былтыр облыс орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернат күр­делі жөндеуден өткізіліп, оқушылар мен ұстаздар оқу жылының басында жаңа ғимаратқа кіргендей әсер алды. Ахмет Байтұрсыновтың т­у­ған ауылын­да­ғы орта мектепке (Жангелдин ауданы), Қамыс­ты ауданындағы қазақ орта мектебіне және Қос­танай ауданындағы Семенов аралас мектебіне жаңа ғимарат салынды. Ал жыл аяғында Рудный қаласында 900 орындық қазақ орта мектебі есігін айқара ашты. Тәуелсіздікке дейін Рудный қала­сында бірде-бір қазақ мектебі түгіл, қазақ сыныбы болған емес еді. Бұл жаңа үл­гідегі, іші заманауи жабдықтармен жабдық­талған, балалар үшін бассейні де, бірнеше спорт залы, интерак­тивті тақтасы, компьютерлік сы­ныбы бар бірегей мектеп кеншілер қаласындағы мемлекеттік тілде білім беретін үшінші білім ошағы.

Соңғы жылдары қазақ тілінде білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасы жақсарды. Химия мен биология, математика, физика, лингафон, мультимедия кабинеттерінің жаңа үлгімен жасақталуы, интерактивті тақталар, көптеген білім ұяларының онлайн желісінде емін-еркін жұмыс істеуі осының айғағы. Қос­та­найлық қазақ мектептері “Қазақ мектебінде оқы­ған балалар уақыттан қалып қояды, орыс сы­ны­бындағы оқушыларға қарағанда шабан” деген қаңқу сөздің күлін әлдеқашан көкке ұшырған. Білім сапасы қазақ мектептерінде 99,9 пайыз, ал бірыңғай ұлттық тестілеуден мемлекеттік тілде білім алған түлектердің көрсеткіші 77,86 пайыз, 22 түлек алтын ұяны “Алтын белгімен” тәмам­дады. Қайсы жылдары осы сынақтан облыс бойынша ең жоғары балды қазақ мектебін бітірген түлек алды. Бүгінде мемлекеттік тілде білім алып жатқан қазақ балалары 55,8 пайызды құрайды. Бұл сан жыл сайын өсіп отыр. Мұның сыртында облыстағы ұлты қазақ емес 296 бала мемлекеттік тілде білім алуда. Өткен жылы бі­рың­ғай ұлттық тестілеудің қорытындысы бой­ынша Қостанай облысындағы түлектер жинаған балл ең жоғары болып, бірінші орын алды. Мұндай үздік нәтижеге қазақ мектептерінің қосқан үлесі де баршылық

 Облыста жөнделмей қалған, ауыр жағ­дай­да тұрған қазақ мектебі жоқ. Облыс әкімі Сергей Кулагин ең алдымен мектептер мен ауруханалар жағдайына бірінші көңіл бөледі. Мысалы, Рудный қаласындағы жаңа мектеп әу баста 300 орындық болуы керек еді, Сергей Витальевич оның жобасын өзгертіп, 900 орындыққа жеткізді. Ал мұндай мектеп үйі республикамызда санаулы ғана шығар деп ойлаймын, – дейді облыстық білім басқармасы орта білімді дамыту бөлімінің бас маманы Данагүл Әлменова.

Өзге ұлыстар балаларының мемлекеттік тілді меңгеруі үшін мектептен тыс жұмыстар да жүр­гізілуде. Мысалы, облыс әкімінің бастамасымен ұлты қазақ емес мектеп оқушылары арасында тоқ­сан сайын өткізілетін “Тіл шамшырақтары” бай­қ­ауы үшін облыс бюджетінен 6 миллион 200 мың теңге бөлінді. Байқауда қазақ тілі мен әдебиетінен үздік білімін көрсеткен бала бір тоқсан бойы 80 мың теңге, екінші орын алған бала 50 мың, үшінші орынды иеленген оқушы 30 мың теңге алып тұрды. Оның сыртында ын­таландыру сыйлықтары тағы бар. Сонымен қатар Сергей Кулагиннің тапсырмасымен оқушы­лардың жазғы демалыс лагерьлері үшін қазақ тілін үйрену бағдарламасы жасалды. Сөйтіп облыста оқушылардың қазақ тілін үздіксіз үйрену ісіне тек мектеп емес, қоғамдық ұйымдар да тартылып отыр.

Алайда шешімін табуға уақыт керек ететін күр­делі мәселелер қазақ мектептерінің дамуына көл­де­нең тұр. Алдымен облыстағы қазақ тілінде білім бе­ретін білім ұясының 70 пайызы шағын жиын­тықты мектептер. Мұның көпшілігі ор­та­лықтан алыс елді мекендерде. Ауылдағылардың қа­лаға көшуіне байланысты бала саны жетіс­пе­гендіктен негізгі мектептер бастауышқа айналып, кейбір жер­лерде бастауыш мектептерді осы се­бептен жабуға тура келіп отыр. Шағын жиын­тық­ты мектептерге мамандардың баруы да қиын. Мұ­ғалім жетіспейді. Сондықтан Таран, Ұзынкөл, Денисов, Қарабалық, Жітіқара аудандары орта­лығында ауыл балаларына арнап жатақ салынды. Ауыл балалары осы жатақта жатып, аудан орталығындағы қазақ мектебінде оқиды. Оның есесіне облыстағы қалалар мен аудан орталық­та­рында мемлекеттік тілде білім беретін мектеп­тер кеңеюде. Бұрын қазақ мектебі түгіл қа­зақтың иісі сезілмейтін Качар кентінде бастапқыда ашылған қазақ сыныптары дами келе биыл орта мектепке айналды. Оған салып жатқан жаңа зәулім ғимараттың құрылысы да келер жылы бітіп қалады. Сондай-ақ, соңғы 5-6 жылдың ішінде Қостанай қаласында бірнеше аралас мек­теп таза қазақшаға айналды, 2007 жылы 600 ор­ын­дық қазақ орта мектебі ашылды. №24 бас­тау­ыш мектептің өзінде бүгінде 500-дей бала оқиды.

 

“Қазақша оқы, қарағым!”

 Елбасымыздың саясаты қазақ мектептерін қалай дамытса да мүмкіндік беріп отыр. Қазір жаңадан салынған, қайта жөндеуден өткен мектептерге кірсең хан сарайы сияқты, мәні де, сәні де келіскен, жарқырап тұр. Облыс әкімі Сергей Кулагинге бұл жөнінен алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді қарт ұстаз Жұмағазы Бекбосынов.

Дегенмен, білім саласының ардагері өңірдегі қазақ балаларының әлі де жартысына жуығының орыс мектептерінде оқитындығы өзін ойланта­тындығын жасырған жоқ. Оның пікірінше, қазақ мектебінде балалардың көбеюіне ендігі жерде ата-аналар атсалысуы керек. Олар айта беретін бүгінгі оқулықтағы кінәраттар тек қазақ мек­те­біне ғана тән емес, орыс мектебінде де осы про­б­ле­ма өзекті. Қазақ тіліндегі мамандарды Қос­та­най, Арқалық педагогикалық институттары мен бірнеше колледждер дайындап отыр. Қазақ мұғалімдерінің арасында тәжірибесі мол, бәй­ге­ден аты озып жүрген жаңашыл ұстаздар да аз емес.

 Ұстаздарымыздың басқа табыстарын айт­пағанда, былтыр Алматыда өткен халықаралық семинарда өз тәжірибесін ортаға салған Әулие­көл ауданындағы Федосеев шағын жиынтықты мектептерінің директоры Гүлмира Тоқтамысова әр қиырдан келген білім саласы қызмет­­керле­рінің алдында тамаша біліктілік көрсетті. Сол семинар шеңберінде ұйымдастырылған байқауда жұмысын қорғап, арнайы грантты ұтып алды. Оның тәжірибесі басқаларға үйретуге, таратуға тұрарлық деген баға берілді, – дейді Данагүл Әлменова. Қазіргі қазақ мектептері қатарының көбеюі ата-аналардың түсінігі мен ниетіне байланысты деген ойын Жұмағазы ағамыз жеке мысалымен жеткізді.

 Менің өз балаларымды бір жағынан мүм­кіндігіме қарай, екіншіден осындай түсінікпен де орыс мектебінде оқыттым. Ал немерелерімнің бар­лығы да қазақ мектебіне барды. Қазір Абай де­ген үлкен немерем “Болашақ” бағдарламасы­мен Мәс­кеу университетінде оқып жүр. Жиен немерем Қар­жы министрлігінде қызмет істейді. Екі-үш тіл­де сайрап тұр. Ал орысша бітірген балаларым мұн­дай биіктерге жете алған жоқ, – дейді қарт ұс­таз. – Бұл – менің жеке басымнан алынған ғана мысал. Қа­­зір қазақ мектептерінің түлектері өмірдің қай са­­­ла­сында да өте жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Қостанайда қазақ мектебінің дамуына үлкен үлес қосқан Жұмағазы ағай ана тіліндегі білім ұясының артықшылығын айтудан, ата-аналарға түсіндіруден әлі шаршаған жоқ, мектептерге таяғын сүйеніп жиі барады, бүкіл шараларға қа­тысуға тырысады. Қазақ мектебі алдымен баланы ана тілінде оқытады, үш тілді меңгеруге ықпал жасайды, ұлттық сананың қалыптасуына негіз қалайды. Қазақ тілін дамытатын және ұрпаққа ұлттық тәрбие беретін орда да қазақ мектебі. Сонымен қатар, Жұмекең мемлекеттік тіл қа­дамының жүруіне де ана тіліндегі қазақ мектебінің қосар үлесі ұшан-теңіз екенін айтады.

Қостанайда қазақ тілінде білім беру ісі кесілген емендей қайта көктеп, дамып келеді. Айтпақшы, Қостанай көшесінде қазақша сөйлескендерге қазір ешкім таңғалмайды...

Қостанай.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат