Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-03-05:

Ұлттық Банк: ҚАРЖЫ СЕКТОРЫ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ОРНЫҚТЫЛЫҒЫН АРТТЫРМАҚ

 

Мемлекет басшысының қазақстандықтарға арнаған биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етудегі жаңа міндеттер айқындалғандығы белгілі. Елбасы Жолдауында сондай-ақ қаржылық реттеуші банк секторының сыртқы міндеттемелері үлесінің оның міндеттемелерінің жиынтық көлемінде төмендеуін қамтамасыз етуін және банктердің экономикаға оның дағдарыстан кейінгі қалпына келуі мен дамуына жігерлі түрде жәрдемдесуге тиіс екендігі де атап айтылған болатын.

Сонымен, еліміздің қаржы секторы мен жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасындағы тұжырымдамалардың тетіктері анықталған Жолдау алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруда ҚР Ұлттық Банкі қандай іс-шараларды жүзеге асырмақ? Бүгінгі күн тәртібінде тұрған осы және келешектегі жобалар жөнінде ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Бисенғали Шамғалиұлы ТӘЖІЯҚОВ әңгімелейді.

 

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың биылғы 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында қаржылық реттеушілерге – банк секторының сыртқы міндеттемелері үлесінің оның міндеттемелерінің жиынтық көлемінде төмендеуін қамтамасыз етуі тиістігі жөнінде міндет қойылған болатын. Бисенғали Шамғалиұлы, келешекте бұл мәселенің шешілуі қалай жоспарлануда?

– Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасында атап айтылғандай, банктердің өтімділігін жақсарту және қайта қаржыландыру тәуекелін азайту бойынша шаралардың шеңберінде сыртқы қарыз алудың артық деңгейін төмендету көзделген. Ал мұның өзі түптеп келгенде банктердің сыртқы борыш­тың жиынтық міндеттемелерге арақатынасын халықаралық практикада қабылданғаннан аспайтын мөлшерге жеткізуді болжайды.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) ақпаратына сәйкес (“Агенттіктің 2009 жылғы жұмысы туралы алдын ала қорытындысы” (№196 баспасөз релизі), сыртқы қаржылан­ды­руды банктердің жиынтық міндеттемелерінің 30%-дан астам деңгейіне дейін шектеу жұ­мыстары жалғастырылатын болады. Сонымен қатар, банк секторының сыртқы міндетте­ме­лері үлесінің оның міндеттемелерінің жиынтық көлемінде төмендеуіне Ұлттық Банктің қайта қаржыландыру ставкасының мөлшерін тө­мендету немесе ең төменгі резервтік талаптар тетігі арқылы ықпал ете алады.

Қайта қаржыландыру ставкасының төмен­деуі сыртқы және ішкі нарықта қаржы ресурстарының бағасы арасындағы маржаның төмендеуіне мүмкіндік туғыза отырып, ішкі нарықтағы қаржы ресурстарына қызығушы­лықты арттырады. Сөйтіп, ең төменгі резервтік талаптар тетігі сыртқы ресурстарды сыртқы міндеттемелерге барынша үлкен резервтік активтер нормативі арқылы тартуды қайта ынталандырады.

 – Өзіңізге белгілі, Президент Жол­дауына орай, қаржылық жүйенің қызметін тұ­рақ­тандыруды қамтамасыз ету бизнес – климатты жақсарту және шағын және орта бизнестің ІЖӨ үлесін 40 пайызға дейін ұлғайту міндеттері қойылған болатын. Соған орай, еліміздің эко­номикалық дамуы жетістіктеріне арналған ақша-кредит сая­сатының негізгі бағыттары қандай болмақ деп ойлайсыз?

– 2010 жылы Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатының басым мақсаты бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету болатынын атап өткен жөн. 2010 жылы инфляцияның жылдық деңгейі 6-8 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. Ұлттық Банктің осы мақсатқа жету жөніндегі шаралары экономикалық өсуді қолдауға, депозиттік нарықтың әлуетін да­мытуға, сондай-ақ банк секторының кредиттік белсенділігін қалпына келтіруге ықпал етеді. Ұлттық Банк Қазақстан эконо­микасының ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы тепе-теңдікті қамта­масыз етуге бағытталған айырбастау бағамы саясатын жүргізуді жалғастырады.

Бағам белгілеудің икемділігін арттыру үшін жағдайлар жасау мақсатында теңгенің ауытқу дәлізі 2010 жылғы 5 ақпаннан бастап ке­ңейтілді: 150 доллар/теңге (+)10% немесе 15 теңге,

(-)15% немесе 22,5 теңге. Теңге бағамының динамикасында басым үрдіс әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы жағдайға және төлем балансының жай-күйіне байланысты болады. Ұлттық Банктің теңгенің айырбастау бағамының тұрақтылығын белгіленген дәлізде қамтамасыз етуіне қажетті жеткілікті алтын валюта резервтері бар және теріс күтулерге алғышарттар жоқ.

Маңызды факторлар тарапынан күтілетін шамалы инфляциялық қысым кезінде Ұлттық Банк қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды. Банктердің өтімділігі деңгейінің және оған байланысты тәуекелдердің, оның ішінде валюталық тәуекелдердің мониторингі жалғасады. Ұлттық Банк қорландыру базасын қалыптастыру кезінде банктерді ішкі көздерге бұдан әрі қайта бағыттауға ықпал етеді. Осы мақсатта Ұлттық Банк 2010 жылы “Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры” АҚ-ты 11 миллиард теңгеге капиталдандыруды ұлғайтады. Сондай-ақ банктердің ресурстық базасын тұрақтандыру үшін Ұлттық Банкте орналастырылған банктік емес қаржы ұйымдарының уақытша бос ақша қаражатын отандық банктердің депозиттеріне аудару туралы мәселе қаралады.

Ақша-кредит саясатының осы шараларын іске асыру Ұлттық Банкке инфляция бойынша белгіленген бағдарларға жетуге мүмкіндік береді. Бұл экономиканың тұрақты және сапалы өсуіне ықпал етеді.

– Жолдауда қор нарығы дамуына басты назар аударылғандығы белгілі. Қазақстандағы қор нарығының келешектегі дамуы және бұл бағыттағы күрделіліктер жөнінде айтсаңыз?

– Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын дамыту және оның жұмыс істеуі Қазақстандағы қор нарығын дамытудың басым бағыты болып есептелінеді. Болашақта Алматы қаласы аймақтық бизнеске инвестицияларды, оның ішінде ІPO арқылы тарту орталығы болуы мүмкін. Ал, қазіргі уақытта қор нары­ғын дамытудың негізгі күрделілігі эмитенттер­дің үлестік құралдарды тартуы болып табылады, себебі әлеуетті эмитенттер батыстың барынша дамыған және терең нарықтарын артық көреді.

Қор нарығының әлеуетті қатысушылары болып табылатын Қазақстанның ірі ком­мерциялық компаниялары өздерінің үлестік құралдарын ішкі нарықта шығарғысы кел­мейді. Оған, біріншіден, ішкі нарықтың жеткіліксіз едәуір көлемі, екіншіден, үлестік құралдарды шығарудың жеткілікті түрде түсініксіз және стандартталған рәсімі себеп бо­лып табылады. Үлестік құралдарды шығаруды ұйымдастырумен, атап айтқанда ұйымдас­тырушы компаниялармен (андеррайтерлермен) проблемалар болуы ықтимал.

Ішкі нарықтағы әлеуетті эмитенттерден басқа үлестік құралдарға инвесторлардың жетіспеушілігі байқалады. Инвесторлардың жетіспеуі салыстырмалы түрде алғанда сауатсыздықпен және жылжымайтын мүлік сияқты басқа барынша дәстүрлі балама инвестициялау құралдарының дамығанды­ғымен түсіндіріледі.

– Бисенғали Шамғалиұлы, электрондық ақшаның сипаттамасы туралы толық мәлімет және электрондық ақшаның төлем карточ­касынан артықшылығы төңірегінде өз ойыңызды ортаға салсаңыз?

– Ең алдымен, “электрондық ақшаның” ақшаның жаңа нысанын білдірмейтінін және ақша болып табылмайтынын, электрондық құрылғыда сақталатын және төлемдік және басқа да міндеттемелерді орындау мақсатында электрондық құралдар (байланыс арналары) арқылы бір құрылғыдан екіншісіне беріле алатын ақшалай құнды білдіретінін атап өткім келеді. Құқықтық тұрғыдан алғанда “элек­трондық ақша” электрондық ақшаның иесі (пайдаланушы) нақты ақшаға айырбас ретінде шығарған және электрондық нысанда сақта­латын, олардың эмитенттерінің (банктердің) “ақ­шалай міндеттемелері” ретінде айқын­далады.

Электрондық ақша мен төлем карточ­каларының арасындағы айырмашылық төлем карточкасының банк шотына кіру құралы болып табылатындығында. Төлем карточка­лары бойынша операцияларды жүргізген кезде барлық операциялар клиенттің банк шотынан жүзеге асырылады.

Эле­ктрондық ақша банк шотына байла­ныс­ты емес және оларды пайдалана отырып опе­рацияларды жүргізген кезде төлем элек­трондық ақшаны бір электронды құрылғыдан екіншісіне беру арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, оның төлем карточкасынан айырмасы, электрондық ақшаны пайдалану кезінде төлем ақшаны (қолма-қол, қолма-қол емес) пайдаланбай, бір тұлғаның (төлеушінің) екінші тұлғаға электрондық ақшаны – “эмитенттің ақшалай міндеттемелері бар ақпаратты” беру арқылы жүзеге асырылатын­дығында болып отыр. Бұл ретте төлемді жүзеге асыру кезінде электрондық ақшаны беру үдерісі электрондық ақшасы бар немесе оларға кіруді қамтамасыз ететін электрондық құ­рыл­ғылар (микропроцессор (чип), бағдарламалық қамтамасыз ету, компьютердің “жадысы”) арқылы іске асырылады.

Әлемдік практикада қолданылатын та­сы­малдауышына байланысты электрондық ақ­шаның екі түрі ерекшеленеді: Оның біріншісі – карточкалар негізіндегі электрондық ақша (card-based).

Бұл жағдайда электрондық ақша карточ­калар негізінде іске асырылған өнімді (микро­процессорлық карточка) білдіреді, яғни иесіне (пайдаланушыға) қолжетімді “ақша туралы” не ақшалай құн туралы ақпарат карточкаға кіріктірілген микропроцессорлық чипте сақталады және оның құны, әдетте, карточканың есептеуіш құрылғыға қосылған кезінде беріледі. Карточкалар негізіндегі электрондық ақша санатына әлемнің түрлі елдерінде құрылған, GeldCarte (Германия), Proton (Бельгия), Chіp knіp (Нидерланд), Cash Card (Швеция), Quіck (Австрия), eNETS (Сингапур), Mondex (MasterCard) және VІSA CASH (VІSA) сияқты жүйелер жатқызылады.

Екіншісі желілер негізіндегі электрондық ақша (network - based) немесе “желілік ақша”. “Электрондық ақшаның” бұл түрі телекомму­никациялық желі (Интернет) арқылы ақшалай құнды электрондық сақтау және электрондық ақшаны (эмитенттің электрондық міндеттеме­лерін) беруді жүзеге асыру үшін компьютерде (компьютердің қатты дискісі) орнатылған арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдаланатын желілік өнімді білдіреді.

Желілер негізіндегі электрондық ақшаға электрондық ақшаның мынадай жүйелерін жатқызуға болады - Paypal (АҚШ), WebMoney (Ресей), Яndex. Ақша (Ресей).

– Олай болса келешекте электрондық ақшаның шығарылуы, таратылуы және пайдаланылуы қалай жоспарлануда?

– Тұтастай алғанда, электрондық ақшаны шығару, тарату және қолдану тәртібінің мәселелері Қазақстан Республикасының заңдары деңгейінде реттеледі. Қазіргі уақытта осы мәселелерді реттейтін, Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар енгізуді көздейтін тиісті заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр.

Сонымен бірге электрондық ақшаны шығару электрондық ақшаны нақты ақшаға ауыстыру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін, яғни эмитент банк пайдаланушыдан (жеке тұлғадан) тиісті ақша сомасын алғаннан кейін электрондық ақшаны пайдаланушының “электрондық әмиянына” қабылданған нақты ақшаның номиналды құнының мөлшерінде “салуды” жүзеге асырады. Осыдан кейін иесі (жеке тұлға) электрондық ақшаның қолда бар сомасы шегінде электрондық ақша жүйесінде сауда және өзге де операцияларды жасай алады.

Электрондық ақшаны тарату үшін эмитент банк оны банктік қызмет көрсету орталық­тарындағы өзінің филиалдық желілері арқылы тарата алады немесе электрондық ақшаны пай­даланушылар арасында таратумен айна­лыса алатын өзінің агенттік желісі болады. Не­гізгі функциясы эмитент айналысқа шығарған электрондық ақшаны сату және сатып алу болып табылатын осындай агенттің рөлінде эмитент банкпен тиісті шарттық қарым-қатынастары бар заңды тұлға бола алады.

Электрондық ақшаны оның иелері (жеке тұлғалар) Интернетте онлайндық сатып алуды жасауға және сауда ұйымдарынан және эмитент банктермен олар шығаратын элек­трондық ақшаны қабылдау бойынша тиісті ке­лісімдері бар өзге де кәсіпкерлік субъектіле­рінен өзге де сауда операцияларын жасауға пайдалануы мүмкін. Сондай-ақ электрондық ақшаны жеке тұлғалар белгілі бір электрондық ақша жүйесінің шеңберінде басқа пайдала­нушыларға – жеке тұлғаларға аудару үшін пайдалана алады. Аталған заң жобасына сәйкес сауда операцияларын жасау үшін заңды тұлғалардың және дара кәсіпкерлердің электрондық ақшаны сатып алуына және пайдалануына шектеу белгіленеді. Осыған орай, кәсіпкерлік субъектілері өздері жеткізетін тауарлар (қызмет көрсетулер) үшін ақы төлеуге электрондық ақшаны қабылдауға (алуға) және оларды өтеуге ұсынуға құқылы. Сонымен бірге заң жобасында белгіленген шекті мәндерден асатын сомаға электрондық ақшаны пайдалануға жол берілмейді.

– Жасыратыны жоқ, электрондық ақшаның пайдаланылуы көлеңкелі капиталдың айналы­мын, заңсыз келісімдерді болдырмауға кепіл бермейді. Сондықтан да, электрондық ақшаның көмегімен келісімдерді реттеу және бақылау туралы іс-шаралар “Қазақстан Республика­сы­ның кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы” заң жобасында ескерілген бе?

– “Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы” Қазақстан Республикасының Заңы банктердің, сақтандыру ұйымдарының, зейнетақы қорларының, нотариустардың және адвокат­тар­дың қаржы мониторингінің субъектілері болып табылатындығын көздейді. Қазақстан­ның аумағында электрондық ақшаны шығару құқығына тек банктер ғана ие болатынын ескере отырып, оларға қатысты ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша, оның ішінде электрондық ақшаны пайдалана отырып жүргізілетін операциялар бойынша қолданылып жүрген заңнаманың барлық талаптары қолданылатын болады.

Заңнамаға сәйкес төлем жүйесінің негізгі қатысушылары болып табылатын банктер күмәнды операцияларды тексереді (монито­ринг жүргізеді) және тиісті ақпаратты қаржы мониторингі органдарына ұсынатын болады.

Сонымен бірге заң жобасында банктің элек­трондық ақша иелері шекті мәннен аса­тын сомаға операция жүргізуі үшін элек­трондық ақшаны шығарған және пайдаланған жағдайда, оларды міндетті сәйкестендіру жө­ніндегі іс-шаралар ескеріліп, көрініс тапты. Бағ­дар ретінде Капиталды жылыстату проб­лемалары жөніндегі арнайы қаржы комиссия­сының (FATF) ұсынымдары болды, олар барлық дүние жүзінде ескеріледі.

– Кеңірек ойланып қарасақ, электрондық ақшаны пайдалану жалпы қоғам, көпшілік үшін шындығында да үлкен мүмкіндіктерге жол ашатындығы сөзсіз. Сонда электрондық ақша жүйесін енгізу және келешекте осындай сипаттағы төлемдерді жүзеге асыруды одан әрі дамытудың негізгі күрделіліктері неде? Бисенғали Шамғалиұлы, электрондық ақшаны пайдалануды дамытудың келешегі қандай болмақ?

– Қазіргі уақытта интернетті пайдалану және мобильдік коммерция негізінде цифрлық тауарлар нарығының кәсіпкерлік қызметінің саласын біртіндеп ендіру мен дамыту орын алуда. Күнделікті бөлшек төлем операция­ларын жүргізетін пайдаланушылардың, сол сияқты өз қызметін тек қана цифрлық тауар­лар нарығында көрсететін сауда қызметі субъек­тілерінің саны біртіндеп ұлғаюда. Тұтастай алғанда Қазақстанның электрондық саудасын дамытуға байланысты жаңа дамып келе жатқан сегментке қызмет көрсету үшін электрондық ақшаны пайдалануға қажеттілік туындайды.

Жалпы алғанда Қазақстандағы электрон­дық сауданың қалыптасуына және дамуына орай электрондық ақша жүйесі одан әрі да­ми­ды. Мәселен, Қазақстанда бүгінде электрон­дық сауданы ұйымдастыру мен жүргізу бой­ынша инфрақұрылымды дамыту проблемалары бар, оның ішінде оларға көптеген өзара байланысты факторлар кедергі болып табылады, олардың бірі халықтың арасында интернетті қолданудың төмен деңгейі.

Осы арқылы ең алдымен электрондық ақшаның болашақтағы дамуы тұтастай алғанда Қазақстандағы электрондық сауданың дамуымен тікелей байланысты. Электрондық сауданың даму динамикасынан нарықтың қатысушылары тарапынан электрондық ақшаны пайдалануға сұраныс артады.

– Еліміздің қаржы секторында өткен 2009 жылдың нәтижесінде қандай жетістіктерге қол жетті? Ал, енді биылғы 2010 жылы қаржы секторында тұрақтылыққа қол жеткізудің негізгі бағыттары қандай?

– Өткен жылғы басты жетістік – Қазақстанның банк жүйесі дағдарыстың екінші толқынының теріс ықпалына салыстырмалы түрде алғанда тегеурін танытты. Жекелеген ірі банктердің проблемалары тұтастай алғанда банк жүйесі үшін проблема тудырған жоқ, ал проблемалы банктер қазіргі кезде қайта құрылымдау үдерісін табысты аяқтау үстінде.

Мемлекеттің дағдарысқа қарсы шаралары­ның ішінде қоғамды елең еткізген құбылыс 2009 жылдың 4 ақпанында жүргізілген ұлттық валютаның құнсыздануы болды. Ал қазір бұл шараның қажет болғандығы күмән тудырмай­ды, алайда оны жүзеге асырғаннан кейінгі бірнеше ай ішінде теріс пікірлер білдірілді, сындар айтылды. Алайда, тіпті қаржы жүйесі үшін неғұрлым қауіпті болған құнсызданумен байланысты тәуекелдер – шетел валютасымен берілген заемдар сапасының нашарлауы және депозиттердің банк жүйесінен әкетілуі – аса қиындық тудырған жоқ. Мәселен, 2009 жыл­дың қорытындысы бойынша құнсызданудың ең қажетсіз деп танылатын болуы ықтимал салдарларына – банктерден салымдардың таза әкетілуі мен тұтастай алғанда банк жүйесіне сенімнің азаюына жол берілмегенін атап айтуға болады. Керісінше, халықтың салымы 20 пайыздан астам өсті. Бұл ретте жекелеген банктерден “салымшылардың бойын аулақ салуы” байқалды, бұл тұтастай алғанда банк жүйесіне тән емес.

Тұтастай алғанда, 2008 жылғы 25 қарашада қабылданған Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Эконо­ми­каны тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жыл­дарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспа­рын орындау шеңберінде іске асырылған дағ­да­рысқа қарсы шаралар жиынтығы дағдарыс­тың неғұрлым қауіпті салдарларын еңсеруге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, ол эконо­ми­каның неғұрлым маңызды салалары бойынша кредиттеудің тапшылығын жеңуге және жете қаржыландырмау салдарынан олардың коллапсын болдырмауға мүмкіндік берді.

2010 жылы экономиканы тұрақтандыру және дағдарыстың салдарларын еңсеру қыз­метіне қатысты қол жеткізетін табыс Үкіметтің, ҚҚА-ның және Ұлттық Банктің жолға қойылған іс-қимылдарына байланысты бо­ла­ды. Қазіргі кезде аса көңіл бөлуді талап ететін негізгі бағыттар барынша айқын белгіленді.

Біріншіден, бұл – Ұлттық Банктің негізгі міндеті болып табылатын теңгенің бағамдық тұрақтылығын және баға нарығы өтімділігінің қажетті деңгейін ұстап тұру болып табылады. Екіншіден, банктердің баланстарын сауықтыру үдерісін қарқынды ету және оларды сапасыз активтерден “тазарту” қажет. Үшіншіден, дамудың дағдарыстан кейінгі кезеңінде банк­тердің кредиттік белсенділігін ынталандыратын шаралар жиынтығын әзірлеу қажет. Төртін­шіден, контрциклдік реттеуге көшуді және қаржы институттарында тәуекел-менеджмент жүйесін жетілдіруді жүзеге асыру қажет. Және, ең соңында, бесіншіден, экономикалық дисбаланстар мен жүйелік тәуекелдер деңгейін төмендететін шаралар жиынтығын әзірлеу қажет.

– Дағдарыс кезеңінде қаржы секторын дамытудың жаңа тұжырымдамасы аясында қаржы секторын қамтамасыз етудегі жауапты және макропруденциалдық реттеуді жүзеге асырушы орталық орган ретінде ҚР Ұлттық Банкінің рөлін күшейту қалай жүргізілмек?

– Қазіргі уақытта орталық банктердің рөлін күшейту орталық банктің және реттеушінің функцияларын бөле отырып реттеу нобайы қолданылатын елдер үшін ортақ үрдіс болып табылады. Дағдарыстың әсерін айтарлықтай дәрежеде тереңдеткен реттеудің негізгі қатесі қаржы секторын және өзге де секторларды реттеудің дискреттілігі болды. Әлемдік дағдарыс тәжірибесі қаржы жүйесін реттеу тиімділігінің едәуір дәрежеде қол­данылатын тәсілдің жүйелігіне және кешенділігіне байланысты екендігін көрсетті. Басқаша айтқанда, қаржы жүйесін реттеген кезде қаржы жүйесіне және тұтастай алғанда экономикаға ықпал ететін бірқатар факторлар ескерілуі тиіс. Осыған байланысты әлемнің жетек­ші елдері қазіргі уақытта қаржы тұрақ­тылығын қамтамасыз ету жөніндегі функция­ларды орталықтандырып отыр, бұл ретте қар­жы тұрақтылығына жауапты негізгі ведом­стволар орталық банктер болады. Осындай себептермен Ұлттық Банктің Қазақстандағы рөлі күшейеді.

Сонымен қатар орталық банктің функция­ларына қаржы институттарына өтімділік беру және, бірқатар елдер бойынша, оларды қорландыру кіреді. Бұл қаржы нарығының негізгі субъектілерін тікелей қолдау, сол сияқты оларды реттеу бойынша шешімдер қабылдауды орталықтандыруды талап етеді. Ұлттық Банк қаржы секторын және жүйе құраушы институттарды реттеу жөнінде шешімдер қабылдауға барынша белсенді қатысатын болады. Атап айтқанда, негізгі реттеу бағыттары және реттеу шараларының мақсатты өлшемдері әзірленетін болады.

Егер бұрын қаржы жүйесін, атап айтқанда банк секторын реттеген кезде қаржы және нақты секторлар арасындағы бірқатар өзара байланыстар ескерілмесе, қазіргі уақытта әзірленіп жатқан реттеу үлгісі экономиканың қаржы, сол сияқты нақты секторларында орын алған тәуекелдердің барлық кешені ескеріле­тінін болжайды. Макропруденциалдық реттеуді пайдалана отырып қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері проблемаларды жүйелі түрде зерделеуді ескере отырып, кешенді түрде шешілетін болады.

– Бисенғали Шамғалиұлы, өткен жылы желтоқсан айында Ақордада өткен кеңесте Мемлекет басшысы ҚР Ұлттық Банкіне дисбаланстардың жинақталуын болдырмау және оның алдын ертерек алудың оңтайлы механизмін жасауды, сондай-ақ экономиканың қаржы секторының жүйелі тәуекелдерін азайтуды тапсырған болатын. Бұл тапсырмаларды орындау үшін қандай іс-шаралар қолға алынуда?

– Ұлттық Банк қазіргі уақытта Қаржылық қадағалау агенттігімен бірлесіп макропруден­циалдық реттеуді ендіру шеңберінде рәсімдерді әзірлеу үстінде, бұл рәсімдер жүйелік тәуекелдер мен дисбалансты төмендетуге бағытталған, қаржы жүйесіне ықпал ететін құралдардың бүкіл аясын кешенді пайдалануға мүмкіндік жасайды.

Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысының ел экономикасына және қаржы жүйесіне теріс әсер етуіне байланысты сынақтан сүрінбей өтті және қазіргі уақытта өзінің дамуының жаңа, дағдарыстан кейінгі сатысына кіруде. Дамудың дағдарыстан кейінгі кезеңіне кіру елге әлеу­меттік-экономикалық дамудың барлық көрсет­кіші бойынша, оның ішінде қаржы жүйесінің даму деңгейі және оған қызмет көрсету сапасы бойынша сапалы секіріс мүмкіндігін береді.

Қалыптасып отырған жағдайда қаржы жүйесінің даму мүмкіндігін барынша толық пайдалану үшін Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Тұжы­рым­даманың негізгі міндеттері арасында қар­жы секторының орнықтылығын арттыру; ағым­дағы қаржы-экономикалық дағдарыс барысында анықталған кемшіліктерге, тұрақ­сыздық және құбылыстар факторларына жол бермеу бойынша жағдайлар жасау бар. Со­ны­мен қатар, дағдарыстан кейінгі кезеңде инвес­тициялық белсенділікті макроэкономикалық шешімдерді жүзеге асыру құралы ретінде ынталандыру және инвесторлар тарапынан және сол сияқты қаржы қызметін тұтыну­шылар тарапынан республиканың қаржы секторына сенімді нығайту болып табылады.

Тұжырымдамада экономиканың нақты секторын қаржыландыру және қаржы жүйесі мен экономиканың нақты секторын қорлан­ды­рудың ішкі көздерін барынша толық пай­далану, актив нарықтарындағы “көпіршіктер­дің” пайда болуына жол бермеу және қаржы жүйе­сіндегі оның тұрақтылығына қатер кел­ті­ретін тәуекелдердің жиынтық деңгейін тө­мендету мәселелеріне басты назар аударылды.

Атап айтқанда, қаржы секторын реттеудің Қазақстан үшін мүлдем жаңа, макропру­ден­циалдық және контрциклдік реттеу құралдары кіретін тетіктерін ендіру жоспарланып отыр. Жаңа тәсіл тұтастай алғанда қаржы жүйесінің деңгейінде туындайтын тәуекелдерді барынша төмендетуден және сыртқы факторлардың ел экономикасының және қаржы жүйесінің жай-күйіне теріс әсер етуін төмендетуден тұрады.

– Әңгімеңізге рахмет.



Авторы: Әңгімелескен Бақыт БАЛҒАРИНА.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат