Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-03-10:

БОЛАШАҒЫ ЗОР КЕДЕНДІК ОДАҚ

 

Елбасының Жолдауы – әр қазақстандық үшін ең маңызды әрі мазмұнды құжат. Биыл аталмыш Жолдау “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” деп аталды. Жаңа Жолдау – жаңа ке­зең­нің бастауы. Өткенді сараптап, бү­гінгі жетістігімізді бағалап, алдағы ел болып атқаратын келелі істерге көз жіберуге мүмкіндік береді. Би­ылғы жылдың ең басты жетістігі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төр­ағалық ету. Міне, қазақ халқы алдағы жаңа он­жылдықты әлемдік деңгейдегі осындай абыройлы тарихи оқиғамен бастап отыр. Сонымен қатар, биылғы жыл Кеден ода­ғы­на мүше болумен басталды. Қазақстан, Ре­сей және Беларусь Кеден одағына бірігіп, бір­ыңғай экономикалық аймақты құруды көздеп отыр. Бұл Елбасының сауатты сауда саясаты, экономиканың бәсекеге қабі­леттілігін арттыру мәселесін көздеп отырғанының көрсеткіші болмақ.

Кеден одағы еліміздің экономикасын да­мы­туға өрлеу бола алады. 2009 жылы кеден ор­ган­дарының күші Кеден одағының норма­тив­тік-құқықтық қорын қалыптастыруға, кеден тәр­тібін оңайлатуға және сыртқы экономи­ка­лық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағ­дайлар жасауға бағытталды. Брюссельде 1999 жылғы 26 маусымда қабылданған Кедендік рә­сімдерді оңайлату мен үйлестіру туралы халық­аралық конвенцияға қосылды. Кеден одағының Кеден кодексі қабылданды. 2010 жылғы 1 қаң­тардан бастап Бірыңғай кедендік тариф күшіне енді. Кеден одағының Кеден кодексі туралы шарт қабылданды. Оны күшіне енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша 16 Халықаралық келісімді және 17 КОК (кеден одағының ко­мис­сиясы) шешімін әзірлеу көзделіп отыр. Кеден одағының Кеден кодексіне қатысушы мем­лекеттердің заңнамасына 182 сілтемелік норма көзделген. Осыған байланысты, қол­да­ныстағы ұлттық кедендік заңнаманы ретке кел­ті­ру талап етіледі. Бұдан басқа, ұлттық кодексті қабылдау, салықпен реттеу, жеке кәсіпкерлік, көлік, ветеринария, денсаулық сақтау, қыл­мыс­тық және әкімшілік қудалау саласындағы заң­на­маларды біркелкі қолдану қажеттілігіне бай­ланысты еліміздің жаңа Кеден кодексін әзірлеу қажет, онда ұлтаралық заңнамамен реттелмеген құқықтық қатынастарды реттеу қажет. Әкім­шілік кедергілерді жою және Қазақстанның кеден­дік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуді оңайлату мақсатында Қа­зақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті бірқатар шараларды жүзеге асырды.

Біріншіден, кеден органдарында автомобиль өткізу пункттерінде бақылау функцияларын (көлік, фитосанитарлық, ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау) беруді көздейтін заң қабылданды. Сондай-ақ, бұл заңда кеден органы беретін құжаттардың санын 3-тен 1-ге дейін қысқарту көзделіп отыр.

Екіншіден, зияткерлік меншік нысанына құ­қықты қорғау кезінде, кеден органдарының өкі­леттігін кеңейтуді және кедендік құнды анықтау кезінде қолданылатын ақпараттық анық­тамаларды жоюды көздейтін заң қабылданды.

Үшіншіден, шекараның Қазақстан-Ресей, Қытай, Қырғызстан учаскесінде бірлескен ба­қы­лау рәсімі енгізілді. Қазақстан мен ҚХР ара­сындағы “айналық” статистикада көрсеткіш­тер­дің оң динамикасына қол жеткізілді. Соңғы жылдары кеден статистикасы деректерінің ал­шақ­тығы 2006 жылы 1 млрд. 94 млн. АҚШ дол­ларынан 76 млн. АҚШ долларына дейін төмендеді.

Төртіншіден, сыртқы экономикалық қыз­метке қатысушылар үшін қолайлы жағдайларды жасау және “Doіng Вusіness” халықаралық рейтингінің көрсеткіштерін жақсарту мақсатында автоматтандырылған тәуекелдерді басқару жүйесі әзірленді және енгізілді.

Бесіншіден, “Web-декларант” электронды дек­ларациялау кешені жұмыс істейді. Кедендік ре­­сімдеу үшін СЭҚ-қа қатысушының құжаттар па­­кетін алыс жерден қалыптастыруға мүмкіндігі бар.

Алтыншы, “Бірыңғай электронды терезені” жасау бойынша жұмыс жүргізілді. Бизнес-процестер анықталды және осы ақпараттық жүйені жасау тұжырымдамасының жобасы дайындалды. “Бірыңғай терезені” жасау барлық мемлекеттік органдар күштерін шоғырлан­дыру­ды талап етеді. Мүдделі министрліктер мен ведомстволар санын қысқарта отырып рұқсат беретін құжаттарды беру және бақылау меха­низ­мін қайта қарау қажет. Осыған байланысты Үкіметке тұрақты жұмыс істейтін жұмыс тобын құру туралы ұсыныс жолданды.

 Жоғарыда көрсетілген шаралар бизнестің операциялық шығындарын қысқартуға және кеден рәсімін оңайлатуға жағдай жасайды. Нә­тижесінде, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған бизнес-ахуалды жақсарту бойынша тапсырмалары жүзеге асырылады.

Кеден одағын құру, әсіресе, экономикалық дағдарыс жағдайында мемлекеттердегі эко­но­ми­калық әлеуетті ескере отырып, Қазақстан, Ресей және Беларусь республикалары арасында бірлескен өндірістерді құру және өзара ин­вестицияларды тарту үшін қолайлы жағдай­лар­ды қамтамасыз ету интеграциялау қажетті­лі­гі­нен туындаған дүние. Қазіргі уақытта Қазақ­станда индустриялық-инновациялық дамудың жедел­детілген бағдарламасы іске асып келе­тін­дігін атап өту керек. Осы мақсатта метал­лур­гиялық, фар­мацевтикалық, химиялық, құрылыс материал­дары басымдықты салалардың бірі болып табылатынын ескеру қажет. Осы мін­дет­ті шешу үшін отандық кәсіпкерлерге техно­ло­гиялық жағынан жаңа алдыңғы қатарлы жаб­дықтарды және арзан шикізатты кеден баж­да­рын төлеусіз алу мүмкіндігін сақтап қалу маңызды.

Біз шетел өнімдері басып кетеді деген үрей­ден аулақ болуымыз керек. Өйткені, барлық елге де бәсекеге қабілетті, сапасы жоғары, ба­ғасы қымбат емес, алған өніміне лайықты тауар­лар қажет. Ендеше басқа елдердің тауар­ларымен сапасы жағынан да, бағасы жағынан да бәсекеге түсу біздің тауар өндірушілерді өсіп-жетілуге жетелейді. Біздің отандық өндіру­шілеріміз бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Бір нәр­сені ұғынғанымыз жөн, кедендік одақ мәсе­лесі бір күнде іске асқан жоба емес, осы одаққа кіру үшін барлық жақтан терең талдау жа­са­лынған. Әрине, ешкім Кедендік одақ іске асқан күннен бастап елімізге толағай табыстар келіп, басқа елдермен сыртқы сауда айналымы артады деп айтқан жоқ. Кедендік одақтан Қазақ елі үлкен үміт күтеді. Әрине, әу-бастан кейбір қиын­шылықтарға тап боламыз. Мүмкін біздің өндірушілеріміз табыс көздерін азайтар. Демек, осы Кедендік одақ арқылы көп табысқа жететінімізге сенім білдіремін.

Кеден органдарының қызметі еліміздің дамуына үлкен ықпалын тигізеді. Мәселен, 2009 жылы кеден органдары кедендік төлемдер мен салықтардың бюджетке 575,4 млрд.теңге түсуін қамтамасыз етті. Болжамды тапсыр­ма­ның орындалуы 105,5% құрады. Пост кедендік бақылаудың нәтижелері бойынша 95,8 млрд. теңге қосымша есептелінді, бұл 2008 жылмен салыстырғанда 6,3 есеге көп, 50 млрд. теңге өн­діріп алынды. Құқық қорғау саласында да көптеген жетістіктерге жете білдік. Өткен жылы 969 қылмыстық және 10607 әкімшілік іс қоз­ғалды. Олар бойынша шығындарды өтеу со­ма­сы 5,9 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,3 есеге көп. Есірткі құралдары контрабандасы бойынша 173 факті анықталды. Алынған есірткілердің салмағы 755,8 кг. құрады, соның ішінде героин – 117,9 кг. “Бақылауға алынған жеткізілім” әдісі бойынша 14 жедел іздестіру шаралары өткізілді. Қолданылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі шаралар нәтижелерінде кеден органдары өз күшімен 56% қылмыстық іс қозғады және 79% сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері анықталды.

Елбасы Жолдауы жария етілді, оның басты бағыттары мен міндеттері айқындалды. Елбасымыз жүктеген тапсырмаларды орындау баршамыздың міндетіміз. Өйткені, халық болып жұмыла көтеретін жүгіміздің арқауы – осы Жолдау болмақ. Бұл еліміздің дамуындағы нақты істердің жүзеге асуына алып келетін бірден-бір жол екені анық.

 

ПАЙДАЛАН, ҚАЖЕТІҢЕ ЖАРАСА, АЛАШ!

 

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы.

Суға кеткен біреу тал қармап, өлдім-талдым дегенде бір аралдан жағаға шықса, алдынан: “Бұл жер­дің қожайыны мен. Осында кел­сең алдымен менен рұқсат алуың керек!” деген жазу шығыпты. Оң-солына қараса ешкім жоқ. Аралды кезеді, онда да біреуді кезіктіре алмайды. Басына үйшік тұрғызып, тіршілік ете бастайды. “Сен қай­дан келдің?” деген ешкім жоқ. Бір­ақ, әлгі адам өмір бойы: “Арал­дың иесі қашан келер екен?” деген ойдан арыла алмапты...

Cондықтан заң мәселесінде әрбір азамат өзін әлгі аралға шы­ғып қалған жандай сергек те се­зім­тал ұстаса игі еді деген ойға қа­ласың. Еуропада болған бір та­ны­сым осы ойды әрі қарай қоз­ғай­тындай мынадай бір есте қалар­лық­тай әңгіме айтқан еді. Фран­цияның Marly Le Roі қаласына сапарлай барғанда жолдың қиы­лы­сындағы бағдаршамға тоқтайтын жерге “Сенде ерекше құқық жоқ” деген жазу ілулі тұрыпты. Жол­се­рік француздың айтуынша, бұл бел­гі кез келген адамның сана­сын­да француз конституциясының түпкі мән-мағынасын жаңғыртып, қоғамдық тәртіпті сақтауды талап етеді. Ешкімнің де заңнан аттап кетуіне болмайды. Сонда ғана қо­ғам ұзақ уақыт орнықты дамиды.

Біз де құқықтық мемлекет құ­ру­ды алдымызға мақсат тұтқан елміз және бұл бағытта жасалып жатқан шаруалар да баршылық. Мәселен, біздер ТМД мемле­кет­тері арасында алғашқылардың бірі болып “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” арнайы Заң қа­былдадық. Экономикалық қыл­мысқа және сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес агенттігі мен Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша комиссия жұмыс істейді. Сонымен қатар, елі­мізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік бағдарлама жү­зе­ге асуда. Астана қаласында Сы­байлас жемқорлыққа қарсы фо­румның, сондай-ақ бұл тақырып бойынша халықаралық деңгейдегі конференцияның өткені белгілі. Сыбайлас жемқорлыққа байла­ныс­ты жұмыстан босатылған адам­дарға өмір бойы мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қызмет істеуіне қатаң тыйым салынған. Елдің жаңа бір есею жолын бел­гілеген “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері” атты Елбасының биылғы халыққа Жол­дауында да ұйымдасқан қылмысты және өзге қылмыстарды ауыздық­тайтын, демократиялық мемле­кет­тегі құқық қорғау қызметінің жо­ғары халықаралық стандарттарына сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйесін құруды көздейтін рефор­ма­ларды жүргізу міндеттері ай­қын­далған. Сайып келгенде, қо­ғамдағы кез келген заң бұзушы­лыққа қарсы тұру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі ретінде мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығына ие болып отыр.

Дейтұрғанмен, күнделікті өмі­рімізде заңға қайшы келетін әре­кет­тердің бой алып отырғаны жа­сырын емес. Ол туралы бұқаралық ақпарат құралдары айтып та, жа­зып та, көрсетіп те жүр. Өзгені айтпағанда, соңғы кезде көптеген жоғары лауазымды адамдардың қылмысқа бой беріп, істі болып жатқаны көп жәйді аңғартатыны анық. Алаяқтықпен айналысып талай адамның обалына қалғандар, атқа мінгеніне желігіп, заңды белінен басып, желден озбақ бо­лып жүргендер, тамыр-таныс­тық­пен майлы жілікке ие болып, өз күй-жайларын күйттеумен айна­лы­сатындар, істі нақты шешудің орнына сөзбұйдаға салып, жұртты әуре-сарсаңға түсіретіндер қатары сиремей тұр. Әрине, бұл тұста көп мәселе әрбір адамның жеке сана-сезімінің, ішкі жан-дүниесінің, ар-ұятының тазалығына байланысты екендігі құпия емес. Ұят ізгіліктің ұясы, ал ізгілікке ұмтылу, жауыз­дықтан безіну адамның жаратылыс пайымында бар құндылық десек, мәселенің мәнісі тәрбиеге келіп тірелері анық. Тәрбиенің қуаты ту­ралы кезінде Жүсіпбек Аймауытов “Тәрбие” деген еңбегінде өте жақ­сы айтады: “Рум халқын атақты, күш­ті қылған кім? Тәрбие. Ескен­дірді данышпан хакім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды залым қылған кім? Философ Се­не­каның қате тәрбиесі. Неміс жұр­тының ұлтшылдық, бірлікшілдігі неден? Тәрбиенің қуаты. Адамды бұ­­затын да, түзейтін де тәрбие”. Ен­деше, тәрбиеге отбасы, ошақ қасы­нан бастап қоғам дамуының барлық сатыларында әр адам те­рең әрі түбегейлі мән беруі керек. Сондай-ақ, қоғамда кез келген келеңсіз кө­ріністерге төзбеушілік ахуалын қа­лыптастыратын тетіктер ойласты­рыл­са құба-құп болар еді. Айталық, көрнекі құралдар ар­қы­лы заң бұзу­шылыққа жол бер­ген­дер туралы, заңды елемеушіліктің түбі неге әке­ліп соғатыны жәйлі ашып көрсе­те­тін нақты мәліметтер беріліп отырса...

Яғни, бәріміз жұмыла кіріссек, еңсерілмейтін нәрсе жоқ. Сон­дықтан, әр адам қоғам алдындағы өзінің жауапкершілігін толық сезінгені жөн. Өкінішке қарай, әлі де болса, “үкімет өлтірмейді” де­ген масылдық пиғылдан толықтай арыла алмай жүрген жәйіміз бар. Бұл жөнінде осыдан екі жылдай бұрын “Ана тілі” газетінде (12 шілде, 2007 жыл) сол кездегі Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Гүлжан Қарағұсова мына мәліметтерді келтірген болатын: “Біз елімізде он бес жыл бойы жұмыс істемеген 180 мың адамның бар екенін анықтадық. Бұл – статистикалық мәлімет емес. Министрлік арнайы зерттеу жүргізіп, Қазақстанның әлеуметтік картасын жасады. Бүгінде жұмыс­сыздар халқымыздың 8 пайызын құрайды. Бірақ, үш жылдан бері жыл сайын 21 мың еңбек орны бос қалады. Ақиқатын айтсақ, елі­мізде әлеуметтік көмектер арқылы ғана өмір сүретін адамдардың тобы қалыптасты”. Ал, әлеуметтік көмектер халықты енжарлыққа тәрбиелейтіні, адамның жұмыс істеуге деген ынтасын өшіретіні бел­гілі. Мәселен, АҚШ-та бір ғасыр бойы ата-бабасынан бері әлеуметтік жәрдемақылар арқылы күн көріп жүрген 2 миллион адам бар. Клинтон мемлекет басына келе салысымен сол әлеуметтік жәрдемақыларды қысқартпақ болған. Онысынан түк те шыққан жоқ. Ол күшті қарсылыққа тап болды. Және де мұны кездейсоқ деп айта алмайсың. Өйткені, та­лай­лардың көкірегіне сан жылдар бұрын қадалған шірік шегені шығару әсте оңай шаруа емес. Ол үшін ар-ождан түбегейлі тазару қажет. Жаратылыс мақсатына қа­рай бет бұрмай, адам өзінің бол­мысын сақтай алмайтынын әрбір азамат жете түсіну керек.

Иә, мәнді де мағыналы өмір сүру қажырлы еңбекті, салауатты сана мен барынша ерік-жігерді та­лап ететіні рас. Бірақ, ұрпағының жарқын болашағын ойлаған, туған елінің қуатты да табысты мемле­кет­ке айналуына мүдделі кез кел­ген адамға бұл талап алынбайтын қамал, бағынбайтын асу емес. Әсі­ресе, еліміздің алдағы онжылдық­тағы экономикалық өрлеуін қам­тамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу мақсаты күн тәртібінің басты мәселесі болып отырған сәтте. Мәселен, 2010 жылы “Жол картасы” шеңберінде жоспар­ла­на­тын іс-шаралардың негізгі мақ­сат­тарының бірі халықты жұмыспен қамтудың қол жеткен деңгейін одан әрі қолдау болып отыр. Ол үшін республикалық бюджеттен 100 миллиард теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттер тарапынан инвестициялық бағыттарды қоса қаржыландыру 43,1 миллиард теңге шегінде болады деп күтілуде. “Жол картасының” барлық бағыттары бойынша ағымдағы жылы 3000 жобаны іске асыру кезінде шамамен 130 мың жұмыс орны құрылатын болады.

Әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірбиесі бағдар­ла­ма­лары шеңберінде 53 мың уақытша жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Осынау мақсаттарға 6,3 мил­лиард теңге бағытталмақ. Мем­лекеттік бюджеттен бір қыз­меткерге айына бөлінетін аудар­ма­ның көлемі 20 000 теңгеге дейін көбейтілді. Мұның сыртында, Елбасының биылғы Жолдауында айтылғандай, Жедел индустрия­лық-инновациялық дамудың мем­лекеттік бағдарламасы бойынша таяудағы үш жылда 200 000-нан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға толық мүмкіндік бар. Соны­мен қатар, “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” автокөлік жолын салу барысында, оның қазақстандық бөлігінде 25 000-нан астам біздің азаматтардың жұмысқа тартылуы көзделуде. Сондай-ақ, алдағы бес жылда қуатты газ-химия кешенін, минералдық тыңайтқыштар өн­діре­тін зауыттарды, бірқатар ірі электр-энергетикалық стансаларды – Балқаш ЖЭС-ін, Мойнақ ГЭС-ін, Екібастұз 2-ші ГРЭС-інің жаңа блогын және көптеген басқа кә­сіпорындар пайдалануға берілеті­нін ескерсек, адами ресурстардың өте қажет екенін аңғарамыз.

Бір сөзбен айтқанда, жұмыс істеймін деген адамға тиісті жағдай жасалып жатыр. Ендігі жерде әрбір іскер қазақстандық осы мүм­кіндіктерді ұтымды пайдалана оты­рып, инновациялық экономи­кадағы өз орнын табуға ұмтылуы қажет. “Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып” бірлесе еңбек етудің аса бір қажеттілігін Мір­жа­қып Дулатовтың мына өлең шу­мақтарымен түйіндегім келіп отыр:

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.

Жарты жаңқам қалғанша  мен сендікпін,

Пайдалан, қажетіңе жараса, Алаш!

 

ЖАҢАША ЖҰМЫС ІСТЕЙІК

 

Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы мемлекеттің таяу жылдарда атқаруға тиісті міндет­те­рін саралау мен елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталатындығы белгілі. Әйтсе де өмірлік маңызы бар мем­лекеттік шара – Жолдауды мәні, мағынасы бөлек жолдама сөзімен шатастырып жүретіндер де бар.

Сондықтан, мемлекеттің келе­ше­гі мен бүгінін айқындайтын Жол­дауды халыққа насихаттау, мә­нін түсіндіру, көп көкейінде жүрген сұрақтардың, күрмеулі мәселелер­дің түйінін тарқату үшін облыстарға арнаулы делегациялар шығып жа­тыр. Оңтүстікке келген респуб­ли­ка­лық ақпараттық-насихаттық топ­тың құрамында Президент Әкім­шілігі Ішкі саясат бөлімінің мең­ге­ру­шісі Дархан Мыңбай мен Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев бар. Топ-топқа бөлінген на­сихатшылар ауыл, аудандарды ара­лады. Облыс орталығындағы опера және балет театрында өткен актив кездесуін облыс әкімі Асқар Мырзахметов жүргізіп отырды.

Жансейіт Түймебаев Елбасы­ның Жолдауында көтерілген мә­се­лелер бойынша нақты жағдайларды баяндады. Экономиканың жеті басты саласын қамтитын жедел ин­дус­триялық-инновациялық даму­дың мемлекеттік бағдарламасы бой­ынша атқарылып жатқан жұ­мыс­тарды саралады. Үкіметтің бағ­дарламалары, атап айтқанда, “Биз­нес­тің жол картасы-2020”, “Экс­порт­тар-2020”, Өсімдік-2020” және Инвестор-2020” бағдарлама­лары­ның мәнін түсіндірді.

Білім және ғылым министрі оң­түс­тікте атқарылып жатқан оңды іс­тер­ге де тоқталды. Республи­ка­ның әр­бір бесінші тұрғынын құ­райтын оң­түстікте білім ошақ­та­рына зәру­лік бар. “Былтырғы оқу жылында Оңтүстік Қазақстан об­лы­сында 23 жаңа мектеп пайда­лануа берілді, бұл республика тұр­ғай, күндей күр­кіреген Кеңес ода­ғының кезінде болмаған жағдай”, деді министр. Мұ­ның бәрі өздігінен орын­дал­май­ды. Облыс басшысы­ның үкіметке осы зәру мәселені өткір қоюының, тиісті орындармен тиімді жұмыс істеуінің нәтижесі, деп сөзін са­бақ­таған министр об­лыс басшысының орта мектеп­тер­дегі бухгалтерия­лар­ды орталықтан­дыру туралы идея­сын қолдайтынын білдірді. Түрлі тексерушілердің ара­дай талайтыны – мектеп. Азды-көпті заң бұзу­шы­лықты бүркелемеу үшін мектеп ди­ректоры ұстаздарға салық салып жа­тады. Оның соңы сыбайлас жем­қорлыққа соқтыра­тын­дығы сөзсіз. Ал, бухгалтерия­ларды орталық­тан­дыру осындай келеңсіздіктердің алдын алады.

Елбасы Жолдауы не береді деп күту – масылдық пиғыл. Шын па­триот көмегін айқайламай-ақ көр­сете алады. Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай мәселенің осы жағынан келді. Мемлекеттік грант­тар жыл сайын көбеюде. Ол жақсы. Ал, осы­дан кәсіпкерлер неге қалыс қалады?! Республикада 170 мың фирма жұмыс жасап жатыр. Осы­ның әрқайсысы бір-бір студентті өз есептерінен оқытуға шешім қа­был­даса қосымша 170 студент грантқа ие болады екен. Ғылым мен білім өзін-өзі ғана асырамайды, халықты асырайды. Ата-аналар осыны білуі керек.

“Алдымызда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін халық­аралық бағдарламалармен сәйкес­тен­діру, жаңашыл кәсіптік стан­дарт­тар енгізу, экономиканың бар­лық саласын қажетті кадрлармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қазір отандық университеттерге рейтингі жөнінде қатаң талап қойылды. Оқу орындарын халықаралық аккредит­теу­ден өткізу Елбасының бақы­лау­ында тұрған тапсырмалардың бірі. Бізге саннан гөрі сапа маңызды”, деп сөзін түйген Д.Мыңбай алып­қашты әңгімелерге арқау болып жүрген Кеден одағы, мемлекеттік тілге қатысты пайымдауларын айт­ты. Дүрлігетіндей дәнеңе жоқ, жан­ды жұмыс жүріп жатыр. Ортақ құн­дылығымыз – тәуелсіздік. Оның тұғыры мықты болу үшін көп бо­лып қолдау, мемлекеттік бағдарла­ма­ларды аяғына жеткізуге атсалысу қажет.

Осындай жақсы әңгіме М.Әуе­зов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде де жал­ғасты. ОҚМУ – бүгінде Гер­мания, Англия университеттерімен  іскерлік байланыс орнатқан. Жеті мамандық бойынша халықаралық сертификатқа ие болған универси­теттің студенттері қаласа оқуын шет елде жалғастыра алады. Қос дип­ломды түлектің өзге мем­ле­кет­терде жұмыс жасауына білім, білігі жетеді.

Білім және ғылым министрі өзінің Лондон университеті про­фес­сорымен кездесуін айтып берді. Англияда оқып жатқан шетел сту­денттерінің қайсысы қабілетті, ынталы дегенде профессор “Қытай және қазақ студенттері” депті. Деп­ті де сөзін әрі жалғапты. “Бірақ, Лон­дон кафе, ресторандарында қа­зақ студенттері қытай студенттеріне қарағанда көбірек отырады”. Қазақ студенттерінің қабілеттілігіне дау жоқ. Халқымыздың дархан пейіліне сай тойшылдықты сәл кейінге ығыстырса, қазақ баласының тұл­па­ры озғалы тұр-ау.

Лондон профессорының айтпа­ғы осы болған шығар...

Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС – МЕЖЕДЕН ШЫҒУ КЕПІЛІ

 

Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалық етуімен өткен мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттердің өңірде қалай жүзеге асырылып жатқандығы жәйлі жан-жақты әңгіме болды.

 

Сатыбалды СӘУІРБАЙ.

Жолдаудағы тапсырмаларға сәй­­кес әзірленген Үкіметтің бес жылға арналған жеделдетілген индустрия­лық-инновациялық даму бағдарла­ма­сын жүзеге асырудың нақты жолдары айқындалып, жүйе­лі жұ­мыс­тар басталып та кетті. Де­рек көз­дерінен белгілі болғанын­дай, біздің облыс барлық сала бой­ын­ша қар­қынды дамып келе жа­тыр. Сон­дықтан облыста алдағы уа­қытта осы қарқынды бәсеңдетпеуді көздеген іс-қимыл өрістейді деп күтілуде.

Облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова республикалық “Биз­нестің жол картасы” бағдар­ламасы бойынша Ақтөбе өңірінде атқарылатын шаруаларды жан-жақты таратып әңгімелей келіп, олар­дың бірқатарына ерекше тоқ­талды. Оның мәлімдеуінше, Қазақ­станның индустрияландыру карта­сы­на Ақтөбе облысынан 28 жоба ұсынылған. Индустрияландыру кар­тасы аясында облыстың эко­но­ми­калық дамуына елеулі қосып келе жатқан Дөң кен байыту ком­би­натында “SBS Steel” ЖШС-нің бөлшектелген шойын өндіретін ме­таллургиялық зауытын пайдалануға беру, “Ақтөбе мыс компаниясына” қарасты мыс және мырышы бар ру­далар кен орындарын кешенді игеру,“ҚазхромТҰК”АҚ-тың фер­роқорыту зауытының №4 цехын іс­ке қосу көзделуде. Осындай ірі жо­баларды жүзеге асырудың нәти­же­сінде 2015 жылға қарай металл өнім­дерін өндіру 5 есе, химия өнер­кәсібінің өнімі де осыншама есе артатын болады. 2015 жылға дейін облыста құны 5,3 миллиард дол­лар болатын жүзден астам ны­сан пайдалануға берілмек. Биыл­дың өзінде құны 1,1 миллиард дол­ларға тең 43 жаңа нысан іске қо­сылады.

Облыста құрылыс индустрия­сын дамытуға бағыт ұсталуда. Қазір алыс-жақын шетелдерден әкелініп жүрген құрылыс материалдарын өзімізде шығарудың алғышарттары жасалуда. Облыс әкімінің орын­ба­сары Роза Кемалованың айтуынша, алда кәсіпкерлікке басымдық беріледі, инновациялық технология да осы салаға кеңірек енгізіледі.

Облыс әкімінің орынбасары Александр Дубовенко Ақтөбе об­лысының инженерлік инфрақұры­лы­мдық дамуы туралы хабарлама жа­сады. Оның айтуынша, Ақтөбе қаласы мен облыстың сегіз ауда­ны­на қа­рас­ты елу елді мекеннің 400 мың тұр­ғыны көгілдір отынның игі­лігін көріп отыр. Биыл 19 елді мекенге газ барады, ол үшін рес­публикалық бюджеттен 2,3 мил­лиард, жергілікті бюджеттен 1,6 мил­лиард теңге қа­ралған. 2011 жылы Байғанин және Қобда аудан­дарының орталығына жүргізіліп жатқан газ құбырының құ­рылысы аяқталады. 2011-2015 жыл­дары тағы да 77 елді мекенге газ құбыры тартылады деп жоспар­лануда.

2002-2009 жылдары 71 елді ме­кен таза сапалы ауыз сумен қам­тамасыз етіліпті. Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарлама­сы бойынша биыл 22 жоба жүзеге асырылмақ, ол үшін 2 миллиард тең­геден астам қаржы бөлінбек. Ал 2011-2015 жылдары 66 жобаны жү­зеге асыруға бағытталатын қаржы кө­лемі 15 миллиард теңгені құ­рай­ды. Міне, ауылдықтардың “бас ау­руына” айналған ауыз су мәселесін шешудің қайтарымды қадамдары осындай. Александр Дубовенко облыстағы автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына да тоқталды.

Облыстағы индустрияландыру картасының аясында жүргізіліп жат­қан жұмыстармен егжей-тег­жей­лі танысқан Елеусін Сағын­дықов басқармалар мен депар­та­мент басшыларына, іс басындағы лауазымды тұлғаларға әр жобаның техникалық-экономикалық негізде­ме­лерін жасаудан бастап толық аяқ­талғанға дейінгі жұмыстың са­палы және мерзімінде орын­да­луы­на жауапкершіліктің қатаң сұра­ла­тынын қадап айтты. Елбасы Жол­дауындағы айтылған тапсырмалар­ды жүзеге асырудың басталып кеткенін, ал бұл міндеттің үдесінен абыроймен көрінуге өңірде мүм­кіндіктер мол екенін жеткізді. Сон­дықтан алда әркімнің бел шешпей жұмыс істеуге дағдылануы қажет.

Елеусін Наурызбайұлы мәжі­ліс­ті қорытындылай келе, алдағы күн­дердің үлкен істерден үміттен­діретінін мәлім етті. Облыстың өзіндік ілгерілеу жолы айқындал­ға­нына нақты мысалдар келтірді. Күні ертең жүзеге асырылатын ин­дустриялық-инновациялық жоба­лардың қайсысы қаншалықты та­быс әкелетінін, қанша жұмыс орындары ашылатынын дәйекті дәлелдеді. Сондықтан осы бастан кәсіби шеберлігі жоғары жұмысшы мамандарға сұраныс болатынын ескеруді, мұны қазірден қолға алу қажеттігін тілге тиек етті. Ертеңгі күндердің еншісіндегі шаруалардың бүгіннен бастау алатынына баса назар аударды.

Ақтөбе облысы.

 

ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШЫЛДЫ

 

Қаржы министрі Болат Жәмішев бастаған республикалық ақпараттық-насихаттық топ Жамбыл облысында болды. Топтың мақсаты – Президенттің Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауынан туындайтын міндеттер мен тапсырмаларды елге жете түсіндіру мен оны жүзеге асыруға атсалысу болып табылады.

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Елбасының биылғы Жолдауы 1997 жылы жарияланған “Қазақ­стан-2030” Стратегиясының алғаш­қы онжылдығының қорытынды­ла­рын белгілеп бергені белгілі. Ендігі меже ­– еліміздің алдағы онжыл­дық­тағы тұрақты дамуын қамта­ма­сыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу.

– Бұл ретте Президент даму­дың негізгі басымдықтарын ай­қын­дап берді. “Жол картасы” шең­бе­рінде Жамбыл облысы бойынша 6 182,7 млн. теңге бөлініп отыр. Атап айтқанда, мектептерді, ауру­ха­наларды және басқа да әлеумет­тік нысандарды күрделі және ағым­дағы жөндеуге – 904,5 млн. теңге, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, қалалар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу және ұстауға – 1 679,6 млн. теңге, кенттерде, ауылдарда, ауылдық округтерде әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға – 724,5 млн. теңге, инженерлік-ком­муникациялық инфрақұрылымды жөндеу және қалалар мен елді мекендерді абаттандыруға – 54,8 млн.теңге, инженерлік-коммуни­ка­циялық инфрақұрылымды дамыту және қалалар мен елді мекендерді абаттандыруға – 1 860,5 млн. теңге, әлеуметтік жұмыс орындары және жастар тәжірибесі бағдар­ла­масын кеңейтуге – 648,0 млн. тең­ге, кадрларды даярлау және қайта даярлауға – 310,8 млн. теңге қа­рал­ды, деді министр. Оның ай­туын­ша, облыс бойынша денсау­лық сақтау нысандарының құры­лы­­сына да біраз қаржы қарасты­рылған.

Президент Жолдауындағы тап­сыр­малардың бірі – адам капи­та­лын арттырып, болашаққа инвес­ти­ция салу. Министр, осыған орай, Үкі­мет бюджеттен әлеуметтік са­лаға бөлінетін қаражатты көбейтіп және оның дұрыс пайдалануын ба­қылайтын болады, деді. Қазақ­станның аумағында еңбек етуге келген бұрынғы азаматтар мен елі­міздің жайсыз аудандарында тұрып жатқан азаматтар болып табылатын этникалық иммигранттарды жай­лас­тыруға қатысты “Нұрлы көш” бағдарламасының іске асырылып жатқаны туралы да атап өтті. Бұл игі іс-шара этникалық және ішкі иммигранттардың елеулі бөлігінің өмір сапасын арттыруға, Қазақ­стан­нан бұрын көшіп  кеткен жо­ғары білікті мамандардың қайтып оралуын ынталандыруға, сондай-ақ жұмыссыздықпен және жаппай көшу қиындықтарымен байланыс­ты әлеуметтік тәуекелдердің туын­дауының алдын алуға, әлеуметтік тұрақтылық пен келісімді нығай­туға, еліміздегі демографиялық жағ­дайды жақсартуға мүмкіндік береді, деді ол.

Министр сапар барысында об­лыс орталығындағы жоо оқыту­шы­лар құрамымен, студенттермен, ірі кәсіпорын жұмысшыларымен, облыстық аурухана ұжымымен және облыс активімен кездесті. Аза­маттарды жеке сұрақтары бой­ынша қабылдады. Аудандарда болып, халықпен және еңбек ұжымдарымен кездесті.

Жамбыл облысы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат