Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-03-10:

100-ДЕН АСҚАН 6 ӘЖЕ

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Тараз қаласында бүгінде  жасы ғасырдан асқан 6 әже бар. Оның ішінде Күлшат Атамқұлова – 108, Айгүл Маханова – 106, Шырынкүл Оразымбетова – 105, Келеке Ес­пер­диева – 105, Бейсекүл Жарыл­қа­пова – 105 және Алтынкүл Татаева 102 жасқа жетіп отыр. Елі аман, жұрты тыныш, ұл-қыздары­нан шөбере-шөпшек сүйіп отырған әжелер елдегі қой үстіне бозторғай жұ­мыртқалаған тыныш заман осы­лай­ша жалғаса берсе екен деп тілейді.

Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев 8 наурыз – Ха­лықаралық әйелдер мерекесі қар­са­ңында Тараз қаласы, Көшек батыр көшесінде тұратын 102 жастағы Ал­тынкүл Татаева әженің шаңы­ра­ғы­на арнайы барып, әз ананың хал-жағдайын сұрап, емен-жарқын әң­гі­ме шертті. “Ұлық болсаң кішік бол”, деген осы. Ғасыр жасаған кейуана да алдына келіп, аман­ды­ғын білген әкімге рахметін айтып, ақ батасын беріп, облыс басшы­сының қолынан алған сыйлыққа балаша мәз болып қалды.

Облыс өмірінде алғаш рет қолға алынып отырған осы жақсы дәстүр бойынша жүзден асқан А.Татаева­дан басқа әжелердің отбастарына об­лыс әкімінің орынбасарлары К.Кө­кірекбаев, Б.Иманәлиев, М.Тө­лепберген арнайы барып, ба­ғалы сыйлық­тар­мен құттықтап шықты.

Аналар мен қыз-келін­шек­терге деген облыс әкімдігінің құрметі мұ­нымен шектелген жоқ. Елбасы Н.На­зарбаевтың Жар­лығымен алтын және күміс медальдарға ие болған көп ба­лалы аналардың да мерейін өсі­ріп, өздеріне тиесілі ме­даль­дарын салтанатты жағдайда табыс етті. Облыстағы Социа­лис­тік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ар­дагерлері, жесір­лері мен мүге­дек­тері де назардан тыс қалған жоқ.

Жамбыл облысы.

 

СЕҢ ҚОЗҒАЛДЫ, СУ ҚАУПІ СЕЙІЛДІ

 

Еркін ӘБІЛ.

Сырдария өзенінің жағасына қоныс тепкен сырбойылықтар көктем келісімен әбігерге түсетін. Өйткені, асау мінезді дарияның су тасқыны қайсыбір жылдары шабындық пен жайылымдық, егістік жерлерді ғана емес, елді мекендерді де су тасқынының астына алатын. Осы бір төтенше жағдай салдарынан су шайып кеткен егіс көлемі қысқарып, шабындық, жайылымдық жерлер де жұтаңдап, кәдеге жарамай қалушы еді. Осыған байланысты су қаупін сейілту мақсатында сырбойылықтар күн-түн дамыл таппай дария суын басты бақылауларына алып отыратын.

Су тасқынының ағымдағы жылғы ахуалын білу мақсатында су шаруашылығы мамандары­мен тілдескен едік. Олардың пайымдауынша, биылғы жылы Шардара су қоймасына секөнтіне 1200 текше метр, Көксарай су торабына 300 текше метр су келуде екен. Ал, Қызылорда облысы шекарасына секөнтіне 825 текше метр су келіп жатса, осының 475 текше метрі Қызылорда су торабынан өтуде.

Күні кеше Қызылорда қаласына Сырдария өзені ағысымен секөнтіне 485 текше метр су ағысы келіп, оның 10 текше метрі Жаңадария каналына жіберіліп, 475 текше метрі дарияның төменіне қарай жөнелтілген. Сөйтіп, қала тұрғындары су тасқыны қаупінен арылып, енді Сырдария өзенінің төменгі жақтарына қоныс тепкен елді мекен тұрғындары су тасқынының алдын алу шараларын күн-түн көз ілмей сақадай-сай әзірлікпен бақылауда ұстауда.

Елбасының тікелей нұсқауымен Көксарай су қоймасының салынуы сырбойылықтарды жыл сайынғы су қаупінен біржолата арылтып қана қоймай, қуаныш құшағына кенелтіп, Елбасына деген ақ алғыстар айтылуда.

Қызылорда.

 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС АУҚЫМЫН АЙШЫҚТАЙТЫН АПТА

 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.

8 және 9 наурызда Вашингтонда Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары ара­сында жыл сайынғы екіжақты саяси консультациялар болып өтті. Бірнеше мем­ле­кет­тік органдар өкіл­дерінен тұратын қазақстандық де­ле­гацияны Сыртқы істер министрінің орын­басары Қ.Омаров бастап барды. Америкалық жаққа АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Р.Блейк басшылық етті.

Шараның күн тәртібі 2010 жылғы 12-13 сәуірде Вашингтонда өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммитке дайындық, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Сам­ми­тінің мазмұнын анықтау, Ауған­станды саяси тұ­рақ­тандыру және экономикасын қал­пына келтіру, саяси, экономикалық, қа­уіпсіздік және адам құ­қықтары салаларындағы ық­палдастықтың перс­пек­тивалары секілді қа­зақ-американ стратегиялық әріптестігінің өзекті мәселелерін қамтиды, деді кешегі өткен апталық бри­ фингте Сыртқы істер минис­тр­лігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов.

Келіссөздерде қазақстандық тарапты Сырт­қы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев, ал эстондық жақты Эко­номика және коммуникациялар министрі Юхан Партс бастайды.

Ресми өкіл сондай-ақ 12 наурызда Баку қаласында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орын­басары Нұрлан Ермекбаевтың төраға­лы­ғы­мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім ша­ра­лары жөніндегі кеңестің Аға лауазымды тұл­ға­лар комитетінің кезекті отырысы өтетінінен хабардар етті. Басқосудың күн тәр­ті­біндегі негізгі мәселе – өткізілуі  7-9 маусымда Ыстам­бұл­да жоспарланған Азия кеңесі елдерінің мемлекет және үкімет басшыларының үшінші саммитіне дайындық барысы. Сонымен қатар АӨСШК-нің Артықшылықтар мен иммуни­тет­тер жөніндегі конвенциясының жобасын тал­қы­лау, 3-ші Саммиттің саяси декларациясының жобасы мен Түркияның Азия кеңесіне 2010-2012 жылдары төрағалық ету тұжырымдамасын мүше мемлекеттердің назарына ұсыну сияқты іс-шараларды өткізу жоспарланған.

Ресми өкіл сондай-ақ 14 және 15 наурызда Босния және Герцоговинаның сыртқы істер министрі Свен Алкалайдың Қазақстанға ресми сапары жоспарланғанын айтты. Сапар бары­сын­да қонақтың отандық сыртқы істер ведо­мс­т­восы мен бірқатар басқа да мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар басшылығымен кездесулері жоспарланған.

15 және 16 наурызда, деп жалғады бри­фингті А.Абдрахманов, Минскіде “Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аймағында шекарадан өту орындарын лайықты басқару, жерүсті көлік тасымалдарының қауіпсіздігін нығайту, халықаралық автомобиль және темір жол көлік қатынастарын жеңілдету” атты аталмыш Ұйымның 18-ші Экономикалық-экологиялық форумының екінші дайындық конференциясы өтеді.

Брифинг соңында ресми өкіл 15 және 17 наурыз аралығында Еуропа Кеңесі Парла­мент­тік Ассамблеясының төрағасы Мевлют Чаву­шо­ғ­лының Қазақстанға сапармен келеді деп күтіліп отырғанын көлденең тартты. Сапар барысында мәр­тебелі қонақ еліміздің жоғары бас­шы­лы­ғымен бірқатар кездесулер өткізеді деп жос­парланған.

 

...ЕҚДБ өкілі  Жамбылға келді

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Еуропа Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Қазақстан бойынша директоры Майкл Вайнстин Жамбыл облысына келді. Онымен бірге банктің Астана өкілдігінің басшысы және ЕҚДБ өнеркәсіп секторының адъюнкт банкирі болды.

Сапар барысында банк пен әкімдік арасындағы келешектегі іскерлік мүмкіндіктер қаралды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп пен энергетика, жаңа қуат көздері мен оның тиімділігін арттыру бойынша жобалар қарастырылды. Сондай-ақ, коммуналдық шаруашылық, өндіру саласында инфрақұрылым­дар­ды дамыту, жеңіл және ауыр мәшине жасау, қайта өңдеу, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс пен туристік саладағы жобалар да назарға алынды.

Директор аталған салалар бой­ынша инвестициялық жобаларға банк­тің қатысу бағыттары жөнінде ақпарат беріп, облыс әкімдігі ұсынған жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екендігін жеткізді. Кездесу қоры­тындысы бойынша облыс әкімі Қанат Бозымбаев пен ЕҚДБ-ның Қазақстан бойынша директоры Майкл Вайнстин сапар хаттама­сына қол қойды.

Жамбыл облысы.

 

...баспасөз брифингі өтті

 

Күмісжан БАЙЖАН.

Еліміз аумағында Елбасы жар­лықтарының, заңдардың және өзге де нормативтік-құқықтық акті­лер­дің дәлме-дәл қолданылуын, заң­ды­лықтың бұзылуын анықтау мен күшін жою жөнінде нақты шара­лар қолдануда облыстық про­кура­тура қызметкерлері әрдайым талап тұр­ғысынан көрініп келеді. Осы мақ­сатта облыстық прокуратура­ның жауапты қызметкерлерінің қа­ты­суы­мен “Заңсыз салынған құры­лыс­ты бұзу бойынша сот акті­лерін орындаудың проблемалары” тақы­рыбында баспасөз брифингі өткі­зіліп, оған құқық қорғау, құ­зырлы мекеме өкілдері қатыс­тырылды.

Өңірде заңсыз салынған 29 үй тіркелсе, сот орындаушыларының қатысуымен оның 11-інің ғана шешімі табылған. Осы мәселелер бойынша облыстық прокуратура­ның басқарма бастығының мінде­тін атқарушы Р.Бақтаев, облыс прокурорының көмекшісі С.Өксік­баев, тағы басқа сала қызмет­кер­ле­рі сот шешімін дер кезінде орындаудағы кейбір заңнамадағы солқылдақ тұстарды атап айтып, жеке адамдардың заңды құрмет­теуі, білуі қажеттігін алға тартты.

Баспасөз брифингінде олар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қойған сұрақтарға да жауап берді.

Алматы облысы.

 

...болашақ медбикелер көмекке келді

 

Темір ҚҰСАЙЫН.

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары Орал медицина кол­леджі студенттері үшін арнайы се­минар-кеңес өткізді. Онда сала­мат­ты өмір салтын насихаттау, әлеу­меттік маңызы бар аурулар­дың алдын алу, тұрғындар ара­сын­да профилактикалық шараларды өткізу тәртіптері тақырыптарында лекциялар оқылды. Басты бір атап өтерлік мәселе – аталған шара шеңберінде биыл арнаулы оқу орнын аяқтағалы отырған сту­дент­тер Орал қаласы емханаларына көмекке шақырылды.

– Мұның өзі әрі көмек, әрі тәжірибе. Осы арқылы соңғы курс студенттері қаланың медициналық мекемелерінде қызмет жасайтын дәрігерлерге қол ұштарын тигізе алады. Сондай-ақ болашақ мед­би­келер тұрғындар арасында анализ тапсыру, үйден емделетін науқас­тар жөнінде ақпарат жинау секілді дәрігердің қабылдауына дейінгі шараларды жүргізуге көмектеседі. Осы уақыт аралығында кәсіби шеберлік көрсете білген болашақ медбикелер сол емдеу мекемеле­рін­де қызметке қалдырылатын болады, – деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Хамидолла Ирменов.

Орал.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат