Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-03-10:

70 ЖЫЛ БОЙЫ САХНАДАН ТҮСПЕГЕН ТУЫНДЫ

 

Мәскеудегі “Молодая гвардия” баспасының “Жизнь замечательных людей” сериясымен басылып шыққан Н.Анастасьевтің “Абай” кітабының эпи­логі республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің бетінде “Абай асқары” деген атпен белгілі қаламгер Ж.Ысмағұловтың аудармасымен жарияланған еді. Эпилог соңы сұхбатқа ұласып: “Абайға барар жол – қашанда өрлеу жолы, оның өзі – қашанда жалғасатын жол” – деген ав­тордың қорытынды сөздерімен аяқтал­ған болатын. Қазақ үшін орны бө­лек тұлғаларды зерттеуде соңғы кез­дері соны пікірлермен көрініп жүрген бұл жазушының осы бір ойы оқырман­ды биік те шексіз көкжиектерге жете­лей­тін секілді десем, Абайды ашындыр­ған, Абай­ды толғантқан, Абайды ли­рикалық сезім иірімдеріне жетелеген сәттерді сахнадан сомдалған образдар арқылы білу ерекше әсерлі.

Айталық, қазақ опера өнерінде өз­ін­дік орны бар А.Жұбанов пен Л.Ха­мидидің “Абай” операсының тарихы, драматургиясы музыкатанушы мамандар тарапынан зерттеліп, кезінде өз бағасын алған да болатын. Театрда алғаш қой­ылғаннан бастап сахнадан түспей келе жатқан осы шығарманың көркемдік құны аса жоғары. Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасына Абай Құнанбайұлының 100 жылдығын тойлау салтанаты қарса­ңын­да қойылғаннан бері неше онжыл­дықтар өтсе де “Абай” операсы атал­мыш театр репертуарының көркі болып келеді. М.Әуезовтың драма театр сах­насына арналған трагедиясының сахна­дағы екінші ұзақ ғұмыры опера жан­рының негізі – музыкалық драматургия арқылы қайта түледі.

Республиканың музыкалық театр­лары /төртеу/ өздерінің шығармашылық жұмысында бұл операны әлі талай жылдар бойы репертуарлық азық ететініне күмәніміз жоқ. Себебі, “Абай” операсы – қазақ халқының маңдайына біткен терең ойлы философ, жазба әдебиеттің негізін қалаған тамаша ақын, Шығыс пен Батыс мәдениетінің арасында қазақтың төл әдеби бағыт-бағдарын музыка арқылы айшықтаған қымбат тұлға – Абайымыздың өмірі мен шығармашылығына, жүрек тынысы мен арман-қиялының самғау белестерін айқындайтын ерекше туынды. Шығар­маның бұлай өміршең болуына алдымен қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби композиторлар, ұлттық кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушы академик Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің үлесі зор, екіншіден Абайдың өз әуендерінің пайдаланылуы “Абай” операсының ғұмырын ұзартты.

Абайды сахнаға қою үлгісі сонау 40-жылдардан бастау алады десем, Қазақ­станның 20 жылдық мерекесі қарса­ңын­да М.Әуезовтің Л.Соболевпен бірігіп жазған “Абай” трагедиясын сахнаға қою жоспарланған болатын. Таңдау дәл осы кезде Мәскеудің А.В.Луначарский атын­дағы Театр өнері институтын бітіріп, дипломдық спектаклін қоюға Алматыға келген жас кәсіби маман Асқар Тоқ­пановқа түсті. Бұл кезде жазушы роман-эпопеясының жекелеген бір тарауы “Әдебиет майданы” журналына “Татья­наның қырдағы әні” деген атпен жа­ңадан басылып шығып (1937 жылы көктемде), көпшілік қауымға енді таныла бастаған кезі еді. Трагедиядағы оқиға желісін, тартыстардың мән-мағы­насын анықтап, кейіпкерлерді тереңнен түсініп алу үшін режиссер А.Тоқпанов қолда бар мүмкіндіктің бәрін пайда­ланады. Ақын туралы зерттеулердің әлі де болса көп тарала қоймаған уақы­тында жас режиссер Абайды, оның өмір сүрген ортасын баспа бетінде басылған, өзге де материалдардан терең зерттейді. Көз көрген көнекөз қариялардан естіп, білмекке Семейге арнайы сапармен барады. Сондай бір естелігінде А.Тоқ­панов Абайды танудағы қадамдары жайлы: “Ысқақтың баласы Әрхаммен, Абай ауылында өскен Қатпа сияқты көнекөздермен дидарластым дей келе – әлі есімде, Қайым Мұхаметхановтың үй­іне Мұхтар келді де, бәріміздің басымыз қосылды. Сұрау беруші Мұх­тар да, айтушы Қатпа ағай болды.... Мен Қатпа ағайдан Айдар сияқты жал­қы, жетім жігіттің кейбір қасиеттерін аңғардым... Менің “Абай” трагедия­сындағы адамдарды анық түсінуіме Қатпа ағайдан естіген әңгімелерім өте көп көмегін тигізді”, дейді.

“Абай” трагедиясын сахналау үшін алты ай бойы дайындық жүрген. Жас режиссер А.Тоқпанов драма театры сахнасында Абай бейнесіне Қ.Қуаныш­баевты тағайындап, екеулеп жүріп ғұламаның образына кілт таба алмай, біраз қиналысқа түседі. Ол өзінің “Сах­нада – ұлы Абай” атты еске алу ма­қаласында М.Әуезовтің дайындық барысына қатысып, трагедияны соңына дейін шыдап көрмей жатып, орнынан атып тұрып: “Ей, Қалибек, “сен не дейсің?” дегенді айта алмайсың ғой. Тілің күрмеледі ғой... Осы күнге дейін бір ауыз сөзін айта алмайсың. Сенен қалай Абай шығады? “Сен не дейсіңде” бүкіл Абай бейнесінің кілті тұр. Осы бір сөзінде күйіну де, түңілу де, тебірену де, таңдану да, тағысын-тағы толып жатқан сан астарлы сыр жатыр. Ал сенің “не дейсініңде” жалаң қабат, жай адамның айтатын, онда да тұтықпа жабының үні ғана тұр. Пәлі, сендердей актері бар, мынадай /мені нұсқап/ режиссері бар мен бақытсызбын. “Абай трагедиясы – симфония, ал симфонияны балалай­камен ойнаса не болар еді? Сендер балалайкашысыңдар” – деп Қалибекті де, мені де, бүкіл коллективті де қатты мұ­қатып, күдер үзе, автор Семейге жү­ріп кетті” – дейді. Осындай қиын­дықтарға қарамастан “Абай” трагедиясы А.Тоқпановтың режиссурасымен алғаш рет көрермендерге жол тартты.

“Абай” трагедиясы қазақ драма театры сахнасына алғаш шыққаннан бас­тап еліміздің мәдени өмірін дүр сі­л­кіндіріп, театр ұжымының кезеңдік қой­ы­лымы деп танылды. Белгілі актер Қ.Қуанышбаевтың сахнада сомдаған Абайын қалың көрермен бір ауыздан ерекше ықыласпен қабылдады. “...Қуа­нышбаев Абай рөліне енгенде жұрт­шылық тірі Абайды көргендей әсер алды. Қуанышбаевтың ұлы ақынның рөлін ғажап шығарғаны сонша, ол өмір бойы тек қана осы рөлді орындап келе жатқан тәрізді боп көрінетін еді” дейді театр тарихнамасы. Осы трагедия негізінде Абайдың өміріне арналған қазақ драма театрларының сахнасына шыққан спек­такльдер легі ұлттық театр тарихында, мерзімді баспасөз беттерінде жақсы жазылған. Бұл жол кейін заңды жалғасын тауып, 60-жылдары Ә.Мәмбетовтың, 90-жылдары Ж.Хаджиевтің, Б.Атабаевтың режиссурасында әр кезеңнің көрер­мендері өз Абайымен қауышып отырды.

Сәтті шыққан трагедиядан кейін Абайдың қайталанбас тұлға болып көрінетінін түсінген композиторлар жұмысына ақынның қызықты да өнегелі өмірбаяны, әндері көп көмек жасады. М.Әуезовтің композиторларға берген ақыл-кеңесі, Абай әндерін қай жерде қолдану туралы ұсыныстары орынды қабылданған. Композитор Л.Хамиди өзінің естелігінде либретто авторының операның жазылуы барысында берген бағалы кеңестері жайлы: “Абай” опе­расын Ахмет Жұбанов екеуміз 1942 жыл­дың көктемінен бастап жаза бастадық. Ол кезде “Абай” пьесасы қазақ академиялық драма театрында үлкен табыспен өтіп жатқан болатын. Драма театрының сах­насында көріп, көз үйренгеннен болу ке­рек, енді “Абай” операсы жазыла бастады деген хабарды естігенде, оған наразылық білдірген жолдастар да болды. Бірақ, Мұқаң бізге үлкен сенім білдіріп: “Қо­рықпай, операны жаза беріңдер. Абай опера геройы бола алады, ешбір күмән­данбандар. Өйткені, Абайдың өзі ақын, әрі композитор болған жоқ па? Абайдың өз әндерін творчестволық түрде операда мол пайдаланыңдар. Сонда Абай айтатын ариялар оның өзіне де жарасып тұрады және тыңдап отырған жұртқа да ұнар” деп бізге ағалық ақылын айтып, іске жігерлендіріп қоятын. Осы айтқан ақыл-кеңесін дәлелдеу үшін болу керек, либреттоның кейбір жерлеріне Абайдың пәлен әнінің ырғағымен деп жазып та қоятын. Мұқаңның бұл айтқандарын опера жазылып жатқанда Ахмет екеуміз қатты ескердік”, – дейді. Драма театры сахнасының Абайына қарағанда, опера Абайының күні бүгінге дейін сахнадан түспей келуі де осындай жан-жақты, көп салалы өнер компоненттерінің шығар­ма­да бір жерден үйлесіммен шығуында бол­са керек. Операның бұлай ұзақ жылдар бойы ғұмырлы болуы жайлы шығарма авторына жүгінсек: “Енді қазір “Абай” операсының отыз жылдан артық үздіксіз сахнадан түспей келе жатқанының бір себебі – Мұхтардың кеңесін тыңдап, Абайдың өз әндерін операда творчес­тво­лық түрде орынды пайдалана алға­ны­мыздан болу керек деп ойлаймын” – дейді.

Опера театры да “Абай” операсының қойылымын өз деңгейінде жасауға ерек­ше құлшыныспен кірісті. 1944 жылғы 24 желтоқсанда тұсауы кесілген операның режиссері Қ.Жандарбеков, суретшісі Қ.Ходжиков, дирижері Л.Шаргородский, балетмейстер Ю.Ковалев болды. Театр барлық шығармашылық ресурстарын пайдалана отырып, өз заманына сай елеулі сахналық қойылым арқылы қазақ өнері мен мәдениетінің барша талантты ұл-қыздарының басын біріктірді. Театр Е.Брусиловскийдің “Қыз-Жібек”, “Ер-Тарғын”, т.б. операларынан кейін ұлттық композиторларымыздың өзіндік соны туындысын дүниеге алып келді және сахналауда ерекше жетістіктерге жетті. “Абай” операсы кезінде Мәскеу көркем театрының сахнасында қойылған А.Чеховтың “Шағаласы” секілді тұтастай қазақ өнерінің қара шаңырағы – опера және балет театрының бойтұмар спектакліне айналды.

Жазушы-драматург М.Әуезов опера либреттосын драма театрының сахнасына қойылған өзінің трагедиясы негізінде музыкалық театрдың жанр ерекше­ліктерін ескере отырып жазды. Опера шығармасының сәтті жазылуы ұлттық кәсіби композиторларымыздың музыка өнерінің ең күрделі жанрларының біріне саналатын операны жазуда нық басқан алғашқы қадамдарымен бірге либретто авторының шеберлік деңгейін де көрсе­теді. Драматургиялық даму желісі ширақ, өте жинақы жазылған М.Әуезов либрет­тосы композиторларға жұмыс істеу бары­сында үлкен көмек болды. Кейінгі кезде сахнада сәтсіз жазылған туындыларды қоюдың жиілеуі, опера драматургиясы – либреттоны жазуға ірі тұлғалардың қатыспауы осы жақсы бастаманың аяқсыз қалғандығын көрсетеді. Опера либреттосын “бір жазса, М.Әуезов жа­зады” деген тұжырымға келген А.Жұ­ба­нов өзінің кезекті “Құрманғазы” опе­расының либреттосын жазу жұмы­сына да тек М.Әуезовті тартқысы келгендігін білеміз. Композитор М.Әуезовпен бірге жаңа опера жазуға дайындық жұмыс­та­рын бастағанымен, жазушының денсау­лығына байланысты жұмыс уақытша тоқ­­тап, кейін қай­тыс болғандықтан бұл жоба мүлдем іске аспай қалды.

Талантты актер Қ.Қуанышбаевтың жасаған Абай бей­несі көрермен жү­ре­гіне сәтті жол тау­ып, республика кө­ле­мінде үлкен мә­де­­ни маңызы бар оқи­ға ретінде аталып өткендігін жоғарыда айттық. Ал артқа сәл шегініс жасасақ, Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы опера жа­зы­лып жатқандығы құлағы түрік жұртшылық көңілін елең еткізеді. Құлағдар болғандардың не себептен алаң болғаны жайлы көрнекті қаламгер Ғабит Мүсірепов: “Абай” операсы сахнаға шығар кезде көп адамның алдында өлең айтып тұрған Абай қалай болар екен деген дүдәмал сұрау жүрді. Болашақ мұңын, ел қамын жеген ойлы Абай ән салып тұрғанда жеңіл көрініп кетпес пе деген заңды сұрау еді”, – дейді. Айтулы қаламгердің мұндай күдікті ой айтуына өзіндік себеп бар болатын. Осы кезге дейін бұл театрдың сахнасында негізінен ұлттық ауыз әдебиеті желісіне негізделген батырлық, лиро-эпостық дастандар қойылған болатын. Ал Абай сынды күрделі тұлғаны қасиеті мен құнын түсірмей музыкалық сах­наға шығару театрға зор жауапкер­шілік жүктеген. “Абай” шығармасы ұлттық компози­тор­лық мектебінің алғашқы қарлығаштары А.Жұбанов пен Л.Хамидидің опера жанрындағы тұңғы­шы, сонымен бірге тыңнан бастаған соны жолы болатын. Екіншіден, Абайға опера жанрына тән өзіндік шарттылықтармен сахнада ән айтқызып қою ол кезде көрермен үшін әлі үйренісе қоймаған тосын құбылыс болғаны анық. Драма театры сахна­сындағы Абайға көздері үйрене бастаған көрерменге сахнадан әндетіп жүрген Абай ерсі көрінуі де заңды еді. Алғашқы тұ­саукесер көрсетілімінде әр түрлі себеп­термен көрермен сынына ұшыраған фак­тілерді әлемдік опера театры тарихынан жақсы білеміз. Қазір опера театрларында ең көп қойылатын, ал кезінде оңбай сыналған Дж.Верди, Д.Бизе, П.Чай­ковский, т.б. секілді танымал компози­торлардың “Травиата”, “Кармен”, “Евгений Онегин” опералары­ның сахнаға келуінің бұралаң тарихы осының дәлелі. Аталмыш шығармалар­дың опера сахнасына алғаш рет шығуы бұрын қоғамда көз көріп, құлақ естімеген қарама-қайшы пікір-талас тудырып, тұсаукесер қойылымын көрермен мүлдем қабылдамаған болатын. Жекелеген кей­іп­керлер күні кеше көз көрген заманның фрак киген Онегині, қоғамның төменгі сатысында өмір сүрген сыған қызы Кар­мен мен куртизанка Виолетта­лар болып, опера сахнасы үшін төңкеріс әкелген жаңалықтың басы еді.

Ойда күдік болса да, “Абайдың” жоғарыда аталған сәтсіздікке ұрынған опералар тарихымен тағдырлас болуы мүмкін емес еді. Күдікке негіз жоқтығын зор табыспен өткен тұсаукесер қойылым толық көрсетті. Театр репертуарының төрінен берік орын алған операның өміршеңдігіне алпыс жылдан аса уақыт театр маусымының беташар спектакліне айналуы және театрға сол кезде Абай атының берілуі куә. Біздің ойымызша, ғұлама Абайдың шынайы келбетін му­зыкалық театр сахнасы толығырақ ашса керек. Сыршыл да сұңғыла поэтикалық образдар әлемі мен әсем де әрлі лири­калық әндері, терең де ащы айтылған қара сөздеріндегі ойлары Абайдың бір бойынан табылып, оны дайын күйіндегі музыкалық образ ретінде театр сахнасына жетелеп тұрған болатын. Ән-күймен көңіл шерін тарқатқан Абай партия­сының түйінді тұстарында оның ішкі жан дүниесін ашуға ком­позиторлар ақын­ның төл әндерін сәт­­ті қолданып, кей­іп­кердің сах­на­лық об­разын “өз ті­лі­мен” сөйлет­кен. Абай пар­тия­сының осы тұстары – “жұм­­бақ жан­ның” жүрегіне те­рең бой­лай­тын опе­ра пар­титура­сы­ның ең шұ­­рай­лы бет­тері. Талай ұр­пақ­қа руха­ни азық болған бұл опера­ның сахналық ғұ­мы­ры­ның ұзақ болу сыры да осы­дан болар.

Операның орта­лық тұлғасы – Аб­ай­ды сомдау театр­дың әншілері Р.Аб­дул­лин, Қ.Бай­сей­і­тов, Е.Сер­ке­баев, М.Мұ­сабаев секілді талант­ты ор­ындау­шылар­дан бас­­тап, бүгінгі Ғ.Есі­мов, Б.Сқақов, Ш.Әбі­лов, Т.Күзем­баев, Ж.Шыбықбай секілді өнерпаз­дардың маңдайына бұйыр­ды. Әрине, барлық әншілердің айтатын партиясы автордың жазып кеткен бір образы болса да, олар өзде­рінің бой­ындағы орын­даушылық тем­пе­раментімен, дауыстық бояу-тембрі­мен, әралуан самғау қасиетіне ие ерекше­ліктеріне салып, Абайдың қайталанбас бейнесін жасады.

Рас, арада бірнеше ондаған жылдар өткенде бұл опера қойылымының да өз басынан моральдық ескіруді өткізуі заңдылық. Сондықтан да театр операны бірнеше мәрте жаңа режиссурамен қойып отырды. Әрине, жаңа спектакль жасауға өз заманының жаңа күштері мен жарқын өнерпаздарының тартылуы да заңдылық. Осындай ізденіспен жасалған жұмыс ре­тінде 1958 жылғы желтоқсан айында Мәс­кеуде өткен екінші декадаға дайын­дық барысында көрсетілген нұсқасын атауға болады. Авторлар бұл декада көр­сетілімі үшін операның жаңа редак­циясын жасады. Операның жалпы драматургиясына елеулі өзгерістер енгізілмеді. Негізінен екінші редакция партитурасындағы өзгерістер жайлы осы театр тарихына қалам тартқан зерттеуші В.Мессман өзінің очеркінде: “И в даль­нейшем сколько нибудь значительных изменений в ее драматургии не произош­ло. Зато композиторами целиком заново написана сцена суда, и она стала намного динамичнее и острее. И вообще новая музыкальная редакция оперы должна быть признана художественно более зрелой чем первая: сочнее звучат оркестр, хоры, ансамбли. Это же относится и к спектаклю в целом: он стал полно­кров­нее, зрелищнее культурнее”, деген ой айтады. Әрине, жаңа нұсқадағы то­лықтырулар операның динамикалық тұрғыдан ширауына, хордың музыкалық нөмірлері мен репликалардың жанда­нуына, оркестрдің оқиғаны тереңдетуіне алып келіп, операны көрерменге жаңаша қабылдатты. Ал, екінші актідегі толы­ғымен қайта жазылған “Билер сотының” бұл операда атқарар рөлі ерекше. Қы­зуқанды ой мен пікірлердің қақтығысы, өткір теңеулер мен қағытпалардың, ашу-ыза мен салиқалы жауаптардың эмоция­лық сан-алуан бояуы оның музыкалық тілінің қаншалықты өткір болуы жан-жақты ойластырылып, авторлар тарапы­нан қайта қорытылды. Спектаклді қою­шы режиссерлер Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітов операның осы жаңалық­та­рын сәтімен қолдана отырып, көркемдік деңгейі жоғары, эмоциялық әсері мол спектакль жасады. Жаңа қойылымның музыкалық жетекшісі Т.Османов жасты­ғына қарамастан, кәсіби біліктілік та­нытып, спектаклдің көркемдік деңгейінің көтерілуіне, партитураның толыққанды орындалуына барын салды. Суретшісі А.Ненашев болды. Орындаушылар құра­мына жас, талантты әншілер тобын ен­гізді. Бірінші қойылымнан келе жатқан ор­ындаушылар құрамына жас әншілер легі келіп қосылды да, “Абай” операсы жа­ңа буын әншілермен жасара түсті. Сөй­тіп, театрға кәсіби дайындықпен кел­ген К.Кенжетаев, Ш.Бейсекова, Р.Жа­ма­нова, Е.Серкебаев және т.б. талантты ор­ын­даушылар сахнада дәстүр жалғастығын баянды етті.

Өкінішке орай, мүмкін, бағы да бо­лар, бұл опера өзінің тарихында аса көп сахналық қойылым көрмепті. Оның себебі, алғашқы қойылған нұсқадағы табылған режиссерлік шешімдердің өте орнықты, шеберлікпен ойластырылып жасалғандығы болар. Театр кейін бір­неше мәрте бұл операны өзгертіп, жаңа­лап қой­ды дегеннің өзінде де алдыңғы ре­жис­серлік шешімдердің негізгі ой-идеясын, сахналық желінің жобасын, суреттерін сақтап қалған. Спектакль күні бүгінге дейін сол нұсқамен сахнада жүріп келеді.

Бүгін бізді толғандыратын өзекті мә­селе – ертеректе жазылған операны замана сұранысына, бүгінгі көрерменнің эстетикалық талап-деңгейіне сай қайта сахналау жайы. Театрларымыз қолынан келгенше осы меже деңгейінен шығуға әрекет етіп жатыр десек те, жаңаша ойлап, ұлттық репертуарды соны жолмен жасайтын кәсіби режиссер тапшылығы өткір сезіледі. Арнайы жоғары білімі бар опералық режиссерлердің классикалық шығармаларға жаңа тыныс беруге дең­гейі, өресі жетпей жатқаны алаңдатады. Бұл салада соңғы кезде қаншалықты қоз­ғалыс бар? Қазақтың классикалық опералары мысалында мәдени мұрамыз­ды уақыт талабына сай игеру қай деңгейде дегенде ізденістеріміздің әзірге көп нәтиже бермегенін көреміз.

Өткен жылдың мамыр айының соңында өткен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ІІІ пленумында Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед мырза театрларымызға қажет жаңа ізденістер жайлы өз ойын, соны ізденістердің тапшылығын айта келе: “Мы­салы, “Отеллоны” осы заманның оқи­ғасы ретінде қоятын Батыстың театр­лары бар. Еуропада “Ромео – Джульет­та­ны” бүгінгі заман жастарының киі­мі­мен, музыкасымен қоятын жаңа қойы­лымдар бар. Осындай эксперименттер бізде неге жоқ?” – деген болатын. Бұл өте орынды көтерілген мәселе. Театр кө­рерменсіз өмір сүрмейді. Әсіресе нарық­тық қатынас кезінде көрермені жоқ театр өлі театр десе де болады. Демек, ХХІ ғасыр көрерменінің көңілінен шығатын көркем дүние сахнаға шықпаса, бұдан бірнеше ғасырлар бұрын жазылған Шекспир мен Мольердің, Верди мен Чайковскийдің туындыларын бүгінгі жастарға арнап қоймаса бұл театрларда да селт еткен жаңалық сәулесі болмас еді. Осы жерде министр өзі мысалға келтірген режиссер Б.Атабаевтың “Ақсарай” театрының ізденістері республиканың музыкалық театрларындағы классикалық шығармаларды сахналауда жаңа леп болғанын айтқан абзал. Ол жайлы кезінде “Егемен Қазақстан” газеті бетінде өз пікірімізді білдіргенбіз. (“Қыз Жібек” қайта түледі” 14.09.2005ж./. Бүгінгі кө­рерменнің, әсіресе жастардың эстети­ка­лық талғамына сай жасалған /техника­ның жетістіктерімен) 500 жылдық ғұмы­ры бар эпос кейіпкерлері сахнадан бүгінгі жастар тілімен сөйлеп, әрекет етті. Бас­тысы, алғашында симфониялық оркестр­ге жазылған опера партитурасы ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуіне арнап қайтадан жазылуы десек, кіл жастардан құралған Б.Атабаевтың балаң театры жас көрерменді селт еткізген болатын. Театр өнерін бәсекеге қабілетті ету жолдарын ойласақ, осы тақылеттес ізденістерге көптеп баруымыз керек.

Бұрнағы жылдары Астана қаласында опера театры ашылатын болып, халыққа не ұсынамыз дегенде. А.Жұбанов пен Л.Хамидидің “Абай” операсын қайтадан сахналау мәселесі көтерілген болатын. Бұл шығарманы сахналау міндеті Астана опера театрының тұрақты режиссеріне айналған Ю.Александров пен суретші В.Окуневке жүктелген еді. Міне, осы жұмыс қорытындысы бойынша жарты жылдық дайындықтан кейін театрдың көркемдік кеңесі жиналып, “Абай” опера спектаклінің режиссерлік эксплика­циясымен таныса келе “операның бұл жобасын осы қалпында қоюға болмайды” деген шешімге келеді. Театрдың бұл жұмысты қабылдай алмау себебіне келер болсақ, әкімшілік тарапынан “Абайға” абайлап қараған, басы артық сақтық қадамы басым болғанын көреміз.

Жалпы, бұл жоба бесігінде жатып тұншықты. Кезінде республиканың біраз телеарналарынан жарыса көрсетілген кең масштабта, үлкен талғаммен, мол қара­жатпен қойылған Дж.Вердидің “Аида” операсының орнына дәл осы А.Жұбанов пен Л.Хамидидің “Абай” операсын қою жоспарланғанын біреу білсе, екіншілер біле бермейді. Астана қаласындағы Бей­біт­­шілік пен келісім сарайының опера теат­ры болуға толық есептелмеген сахнасының тұсаукесерін ұлттық опера шығармасымен ашу жөніндегі театр басшылығының сол кездегі ниеті шын мәнінде құптарлық қадам болатын. Министрдің жазушылар жиынында тілге тиек еткен жәйттері, республика театр­ла­ры сахнасында болмай жатқан жаңа­лық­тары сол 2006 жылы оң шешім тапса, әлдеқашан шешілуге тиісті мәселеге қайта оралмас та едік. Бұл жәйт театр процесіндегі дамуды бірнеше жылға ауыз­дықтап кеткендей болды. Режиссердің осы жолдар авторына берген сұхбатына көз жүгіртсек: “Я думаю, это револю­цион­ный спектакль, как в Европе. Во всем мире “Бориса Годунова” Мусоргс­кого, оперы Вагнера ставят так, как чувствует современный автор-режиссер, и поэтому есть интерес к жанру оперы. Когда знаешь, что опера везде ставится одинаково, и в Алматы, и в Астане нет разницы, сразу падает интерес к театру. А ведь новое здание театра надо рас­кручивать на новом отношении к этому жанру. Молодые композиторы, когда поймут, что с оперой можно об­щаться как с человеческим жанром, сразу начнут писать на новые темы” – деген ойында министрдің пленумда көтерген “театр­ларға жаңа шығарма жазуға деген тап­сы­рыс пен сұранысты қалай жандан­ды­рамыз?” – деген сұрақтарды ше­шу­дің негізгі жолдарын да көруге болады.

Әрине, министрлік бәйге жариялап, бөлген қаражат жаңа опера мен балет, драма мен комедия жазу ісіне қозғау салары сөзсіз. Десек те, театрға көрер­мен келтіру мәселесін, халықтың ұлттық операға деген оң көзқарасын түбегейлі шеше алмайды. Театрға көрерменнің, жастардың бетін бұру бүгінгі уақыт көшінен ауып, өткен ғасырдың жұр­тында қалмаған, креативті ойлай білетін режиссураны қажет етеді. Жаңаша ойлайтын режиссерлер болса, М.Әуезов пен Ғ.Мүсірепов, Қ.Мұ­хамеджанов пен Ш.Құсай­ын­ов сияқты т.б. қаламгер­лердің репер­туардан қалып бара жатқан шығар­малары жаңаша тыныстап, қоғам­дағы бүгінгі инди­ви­диум-тұлғаның ой-арманын заманауи тілмен жет­кізер еді. Өкініштісі, жаңа ізденіске батыл баратын ре­жис­сер­леріміздің аздығымен бірге, оларға үлгі болар сахналық қойы­лым үлгісін жасау­шыға мүмкіндік берер қолайлы сахна алаңының болмауы.

Сонау 1944 жылы жазылған “Абай” операсының тағдыры бізді де толған­тады. Әрине, дәстүрді бұзбай, киімдері мен декорациясын жамап-жасқап, жаңалап, бояп, сол алғашқы жазылған қалпында сах­налауын театр жалғас­тырса, мұндай дәстүрлі спектакльдің репертуарда болуына да қарсылық жоқ. Тек театр өнері – бүгінгі күннің тыны­сымен дем алуға тиіс жанды орга­низм екенін ұмытпайық. Бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ұмтыл­ған еліміздің өз­ге­лерге мақта­ныш­пен көрсетер клас­сикалық өнері де заманға сай болғаны жөн. Бұл салада жұмыстар жасалынып жатыр десек те, ұлттық классикаға шаң жуытпай ұстап, мұрағат мүлкіндей етіп сақтау сахналық өнер үшін жетістік бола қоймас. Халқымыздың “Елу жылда ел жаңа...” деген сөзін ұмытпаған жөн. Бұл жөнінде операны қоюға дайындаған Ю.Алек­сандров: “Если произведение тро­гать нельзя, значит, это – не клас­сика. Чем от­личается классика? Главная ее при­мета-то, что ее можно ставить в любое время, она звучит, а если не зву­чит, зна­чит это – не классика. Нап­ри­мер, Че­хов – это классика: его можно ста­вить в любое время, и – по разному. Имен­но по этой причине я взялся за “Абая” и сделал его сегодня. Потому что эта тема сегодня звучит, значит – это классика. А если классика, ты волен де­лать так, как хотелось. “Бориса Го­ду­но­ва” во всем мире ставят так, как ви­дят режиссеры – постановщики”, – дейді.

Қалай болғанда да, Абаймен ХХІ ғасыр өз заманының тілінде сөйлесуді қалайды. Әзірге бұл диалогты үйлес­тіруге мүмкіндік болмай тұр. Алма­тылық опера театры репертуарынан бұдан жарты ғасыр бұрын сахналанған “Абай” қойылымы түскен емес. Ал, жаңа Астананың жас опера театры қазақ опера сахнасына осындай жаңа леп әкелетін шығармашылық ізденісті кезінде аяғына дейін жеткізе алмады. Бұл жайлы Ю.Александров былай дейді: “Мы договаривались, что мы не будем делать то, что тиражировали до нас дру­гие режиссеры. Во всяком случае, То­леубек Нигметович давно мечтал о новой опере: “Почему бы не написать об Астане, о молодежи, о том как стро­ит­ся новый город?”. Я показал па­р­титуру “Абая”: “Вот это о молодежи, о строительстве нового города, о планах, обрядах, о человеке, который пришел сказать, что – хорошо, а что – плохо”. Я думал, что возможна музыкальная редакция этого спектакля. Ведь пора, уже пора! Состав оркестров изменился, певцы изменились – жизнь наша изменилась! Надо думать о публике, она ведь уйдет когда-нибудь, если не думать о ней. Сегодня надо делать спектакль конкретно для молодежи, чтобы она поняла, как это интересно. А многое из того, что мы, взрослые, делаем, им не интересно. И получается, что мы живем своей жизнью, опера ползет своей старушачье-кряхтящеи походкой, а жизнь-то – совсем другая”. Опера драматургиясында бар негізгі ой-идея, тартыстардың желілері бүгін де өзінің маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Сол қазақ қоғамы, сол сүйіскен екі жас Ажар мен Айдардың махаббаты, айла-шарғымен немесе айналасына өлім сепкен қолында билік пен байлығы бар Жиренше мен Мес, Әзімдер біздің ортамызда, сол сорақылықтар бүгін де өмірді улауда. Егер мұны соны режиссурамен әспеттеп қоя алсақ, нағыз өміршең заманауи операның бірегейі осы “Абай” операсы болмақ.

Иә, Абай қазақ өмірін, қазақ қоғамын салмақты барлап, әспеттемей, әсірелемей, өз кезінде бар шындықты қамшымен тілгендей етіп өткір айтып кетті. Одан қазақ қазақшылығынан ажырап қалған жоқ. Керісінше, ол өзінің бойындағы алға ұмтылуға, озық елдердің қатарына қосылуға кедергі болар осал тұстарын өзінің ғұлама­сының аузынан естіп, ашық-шашық жатқан іргесін бекітуге, етек-жеңін жинауға мүмкіндік алды. Олай болмаса ХХ ғасыр басында тарих толқынында бастарын көтеріп, көш бастаған, ғұламаны ұлы ұстаз тұтқан қуатты топ – Алаш ардақтылары шығар ма еді?

Демек, Абайдың жеке өмірі, шығар­машылығы мен оны тұлға ретінде айшықтауға арналған өзге авторлардың көркем туындылары ұлттық рухты оятатын, қоғамды бірлік пен тұтастыққа бастайтын зор қозғау күшке ие. Жас, тәуелсіз мемлекетімізді құрушыларға жол көрсетер компасы секілді оң бағыт-бағдарын айқындап алуға Абай мол мүмкіндік береді. Сондықтан, қандай формада болмасын Абай шығарма­шы­лығын, оның ғұмырнамалық, рухани-мәдени мұраларының сан-алуан үлгі­ле­рінің насихатталуына ерекше мән бергеніміз жөн.



Авторы: Амангелді МҰҚАН, театртанушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат