Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-03-12:

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ СЫНДАРЛЫ ШЕШІМ

 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

Елімізде нарықтық қатынастар орнығып, экономикамыз ретке келген тұстан бастап, құрылыс саласы ерекше қарқын алуда. Бүгінгі таңда ел дамуында бұл саланың өзіндік орны мен салмағы бар деп айта аламыз.

Осы құрылыстың қарқын алуы, оған ше­тел­дік жаңа технологиялардың келуі нәтиже­сінде аз жылдың өзінде Сарыарқаның төсінде маржандай жайнаған Астанамызды салдық. Алматы қаласы қанатын кеңге жая түсті. Об­лыс орталықтарында әсем ғимараттар пайда бол­ды. Міне, осылайша құрылыс саласы Қазақ­стан экономикасының локомотивтерінің біріне айналды.

Егер соңғы 4-5 жылдың ішінде елімізде жүргізілген реформалық шараларға көз жүгір­тер болсақ, Қазақстан Үкіметінің нақ осы құры­лыс саласына үлкен мән беріп отырған­дығы байқалады. Әлемді шарлаған дағдарыс­пен күрестің ауқымды шаралары еліміздің қаржы жүйесі мен құрылыс саласының тұ­рақтылығын сақтап қалудан бастау алғандығы белгілі. Осы аптада өткен Үкімет отырысы енді осы саланы одан әрі дамытудың бірқатар маңыз­ды мәселелерін қарастырды. Соның бірі үлескерлер проблемасын шешу мәселесі болды.

Аталған мәселе жөнінде баяндама жасаған еліміздің Құрылыс және тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Серік Нокиннің айтуы бойынша үлескерлер проблемасы барынша ушыққан 2007 жылдың қыркүйек айында елімізде 63 мың үлескердің қатысуымен салынып жатқан 450 тұрғын үй кешенінде проблемалы жағдайлар пайда болған. Осы кезеңнен бастап Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша Үкімет үлескерлер проблемасын шешу ісімен жүйелі түрде шұғылданып келеді.

Міне, содан бері екі жарым жылдай уақыт өткен екен. Осы қысқа уақыт аралығында бұл салада көптеген жұмыстар жүзеге асты. Жоға­рыдағы 63 мың үлескердің 41 мыңы үйлі бо­лып үлгерді. 450 тұрғын үйдің 322-сінде құры­лыс жұмыстары аяқталып, олар пайдалануға берілді.

Енді 2010 жылдың 1 наурызындағы мәлімет бойынша 132 тұрғын үйде құрылыс жұмыстары аяқталуы керек. Бұларда 26 721 үлескер бар. Осы үлескерлердің басым көпшілігінің мәселесі биылғы жыл шешімін таппақ. Атап айтқанда, 112 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталып, 21 мың үлескер үйлі болмақ. Қалған 20 нысандағы 5000 үлескердің мәселесін шешу келесі жылдың үлесінде тұр.

Серік Нокин өз баяндамасында жоғарыда­ғы айтылған 21 мың үлескердің мәселесі қалай шешілетіндігі жөнінде жан-жақты баяндап берді. Сол деректерге көз жүгіртер болсақ Астанадағы проблемалы деп табылып отырған 61 нысанның 26 нысанындағы бос пәтерлерді қала әкімдігі сатып алатын болады. Бұл 3965 үлескердің мәселесін шешеді. 7 тұрғын үй нысаны “Жаңа құрылыс” ЖШС өкілетті құрылыс ұйымының күшімен аяқталады. Бұл 2659 үлескердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді. 3524 үлескер бар 19 тұрғын үйді аяқтау міндетін “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қоры өз мойнына алып отыр. Мұның сыртында 1182 үлескері бар 9 нысанды аяқтау құрылыс компанияларының өз күшімен жүргізіледі. Сөйтіп, бір Астана қаласының өзінде биылғы жылы 12 646 үлескер үйлі болады.

Ал Алматы қаласында құрылысы аяқталма­ған 33 тұрғын үй нысаны бар екен. Бұлардағы үлескерлердің жалпы саны – 8141. 2010 жылы осы нысандардың 16-сында құрылыс жұмыстары аяқталып, олар пайдалануға беріледі. Сөйтіп, 3 мыңнан астам үлескердің мәселесі шешілетін болады.

Үкімет әлемді шарлаған дағдарыс қиын­дық­тарына қарамастан, үлескерлердің мәселесін шешу жөнінде белсенді жұмыстар жүргізді. Осының нәтижесінде ешбір үлескер далада қалмақ емес. Сөйтіп, бұл саладағы жүйелі жұмысты Кәрім Мәсімов Үкіметінің үлкен бір жетістігі деп бағаласақ, артық емес. 

Қазақстанда қарқын алған құрылыс саласын бұдан әрі қалай алға жылжытамыз? Қазақстандықтарды баспаналы етудің қандай жолдары бар? Осы мәселемен Үкімет тұрақты түрде шұғылданып келеді. Соның бір мысалы ретінде отырыста қаралған екінші мәселені атап көрсетуге болады. Бұл мәселе халықтың “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-тағы салымдарын іске қосу жағдайын қарастырады.

Осы жайында баяндама жасаған Серік Нокиннің айтуы бойынша, ол басқаратын Құ­рылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылық істері агенттігі “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-пен бірлесе отырып, осы банктің салымшылары үшін тиімді кестені жасаған. Осы кесте бойынша аталған банк өз салымшыларының ішінен белгіленген төмен баға бойынша тұрғын үй сатып алғысы келе­тіндердің пулын қалыптастырады. Пул қалып­тас­қаннан кейін банк жергілікті атқару орган­дарына тұрғын үй салу жөнінде тапсы­рыстар береді. Жергілікті атқару органы бұл құры­лыстарды республикалық бюджеттен бөлінетін несие қаржыға жүргізетін болады. Осы үшін жер телімдерін бөліп, оларды қажетті инже­нерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Тұрғын үй құрылысы аяқталғаннан кейін оны пайдалануға беру үшін жергілікті атқару органы банк салымшыларымен келісім-шарт жасасып, осының негізінде жаңа тұрғын үйдегі пәтерлерді оларға бөлетін болады. Ал банк салымшылардың қаржысын жергілікті атқару органы есебіне ау­дарады. Жергілікті атқару органы осы қаржымен республикалық бюджеттен несиелерін өтейді.

Әзірге бұл қанатқақты жоба Астана, Алма­ты қалалары мен Ақтөбе облысында жүзеге аспақ. Құрылыстың шығындарына және жер телімдеріне бағасына байланысты тұрғын үй бағасы да әркелкі болады. Мәселен, Алматы қаласында осындай жолмен салымшыларға берілетін пәтердегі 1 шаршы метрдің бағасы 142,5 мың теңгені (950 доллар) құраса, Астана қаласында 1 шаршы метрдің бағасы 121 мың теңге (807 доллар), ал Ақтөбе облысында 90 мың теңге (600 доллар) болмақ. Бұл – бол­жамды баға. Ал нақты баға құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары жасалып, олар мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін айқындалатын болады.

Серік Нокиннің айтуынша, осы кесте бойынша елімізде 2011 жылы 50,1 мың шаршы метр немесе 745 пәтер салынбақ. Бұл пәтер­лердің 364-і Астана қаласында, 285-і Алматы қаласында, 96-сы Ақтөбе облысында тұрғызылмақ. Бұл үшін республикалық бюджеттен 7,7 миллиард теңге қаржы бөлінуі керек. Мұның 4,1 миллиард теңгесі 2010 жылы құрылысты бастау үшін, 3,6 миллиард теңгесі 2011 жылы құрылысты аяқтау үшін бөлінеді.

Үкімет отырысына интерактивті байланыс арқылы облыс әкімдері де қатысып отырған еді. Олардың көпшілігі осы жобаға ықылас танытты. Үкіметке мұндай жоба еліміздің барлық өңірлері бойынша жүргізілсе деген өтініштерін жеткізді. Осы мәселе жөнінде сөз алған “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ басшысы Нұрбибі Наурызбаева өзі басқаратын банктің қанатқақты жобаны еліміздің барлық өңірлерінде жүргізуге мүмкіндігі бар екендігін айтты. Сонымен аталған мәселе тағы бір пысықталатын болды.

Отырыста құрылысқа қатысты қаралған үшінші мәселені революциялық шешім ретінде бағалауға болады. Бұл мәселе Қазақстанда осы уақытқа дейін ұзақ жылдар бойы пайдаланып келген құрылыс саласын техникалық тұрғыдан реттеу мәселесіне арналды.

Қазіргі қолданыстағы құрылыс саласын техникалық реттеу мәселесі бізге Кеңестер одағынан көшкен мұра. Бұл норма әміршілдік тәсіл бойынша жүргізіліп келеді. Мәселен, белгілі бір құрылыс нысанын жүргізу үшін осы норма бойынша алдын ала ол нысанның қандай материалдарды қолданып салынатын­дығы, қандай тәсілдермен жүргізілетіндігі айқындалады. Бірақ сапа мәселесі көп ескеріле бермейді. Құрылысты жүргізуші алдын-ала белгіленген осы нормадан ауытқымауы керек.

Егер соңғы 4-5 жылдың айналасында пайда болған әлемдік тәжірибеге назар аударатын болсақ, дамыған елдердің көпшілігі бірінші кезекте түпкі нәтижеге бағытталған шараларға ауысып жатыр. Оларда бірінші кезекте салын­ған құрылыстың тұрмысқа жайлы болуы, берік болуы ескеріледі. Ал осы құрылысты қандай тәсілдермен жүргізеді. Оған қандай материал­дарды пайдаланады, бұл – құрылыс жүргізуші компанияның өз еркіндегі мәселе. Компания құрылыс жайлы да сапалы болу үшін өз бетін­ше ізденіске түсіп, оны салуда әлемде пайда болған соңғы технологияларды қолда­нуға ұм­ты­лады. Ғылыми-техникалық прогресс нәтиже­сінде жаңадан пайда болған құрылыс мате­риал­дары бойынша жұмыс істейді. Бұл материал­дар осы уақытқа дейін қолданыста болып келген заттарға қарағанда, әлдеқайда ар­зан болуы мүмкін. Міне, осылайша салынған құрылыстың өзіндік құны да төмендей түсуі мүмкін.

Қазақстанда ендігі қолданысқа енгізілетін құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесі осы жаңалықтарға негізделмек. Оны әзірлеуде Австралия, Ұлыбритания, Еуропа одағы, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ, Жапония секілді елдердің тәжірибелері ескерілген.

Еліміздің құрылыс саласына мұндай норманы енгізу жеңіл емес, ол үшін осы уақытқа дейін қалыптасқан нормативтік база, қадаға­лау мен бақы­лау жүйесі, сәйкестікті бағалау жүйесі түбірінен қайта қарасты­рылуы керек. Міне, осын­дай жағдайда ғана аталған реформадан сәттілік күтуге болады. Сондықтан бұл жаңалықты біртіндеп енгізу қажет. Осы жаңалықты өмірге әкелудің жолдарын қарастыратын құжат Қа­зақ­стан Респуб­ликасының құрылыстағы техникалық регламенті деп аталады. Тіпті мұны өзінің маңызы мен ерекшелігін ескере отырып, еліміздің құрылыс саласының жаңа техни­калық конституциясы деп те атауға болады.

Бұл құжаттың өмірге енуі құрылыс саласындағы мамандардың, әсіресе, осы саладағы мемлекеттік ба­қылау мен қадағалау ор­ган­­дарында жұмыс істейтіндердің біліктілігін талап етеді. Сондықтан осы құжатқа сәйкес құрылысты бақылау мен қадағалау жүйесіне де ірі өзгерістер енгізу, бұл саладағылардың кә­сіп­тік шеберлігі мен дербес жауапкершілігін арт­тыру мәселесі де көзделіп отыр. Үкімет оты­рысы міне, осындай маңызды мәселелерді қарауға арналды.

Елбасының тапсырма­сына сәйкес Үкіметтің елі­міздің үдемелі индус­трия­лық-инновациялық да­муының 2010-2014 жылдар­ға арналған бағдарламасын әзірлегендігі белгілі. Бұл бағ­дарлама Елбасының жаңа Жолдауындағы елі­міздің 2020 жылға дейінгі индус­триялық дамуын жү­зеге асыру үшін жасалынып отыр. Аталған бағдарлама көп қырлы болып табылады. Онда таяудағы жылдардың ішінде қандай салаларды дамытуға басымдық беріле­тіндігі, қандай жобалардың мемлекет тарапынан қолдау та­батындығы және бұл іске кәсіпкерлік корпус­ты тар­тудың жолдары нақты айқындалған. Іс нәтижелі болу үшін ағымдағы жұмыстардың барысын бақылауда ұстап, пайда болған проблемаларды дереу қарастырып шешетін Республикалық басқарушы орталық құрылған болатын. Бұл орталықты Премьер-Министрдің өзі басқарады. Осындай орталықтар өңірлік деңгейде де жұмыс істейді. Оларды облыс әкімдері басқарады.

Республикалық басқарушы орталық ірі индустриялық, инфрақұрылымдық жобалар­дың жүзеге асуына бірінші кезекте мән беруде. Елімізде мұндай 162 жоба болса, соның 140-ы биылғы жылы жүзеге аспақ. Осыған дейін бұл орталықтың бірінші отырысы өтіп, онда көптеген мәселелер шешімін тапқан болатын. Облыс әкімдерімен интерактивті байланыс жағдайында өткен Үкімет отырысы осы орталықтың екінші басқосуына ұласты. Мұнда жоғарыда айтылған әр жоба бойынша жеке мәселе қаралды. Бұл жобалардың мерзімінде жүзеге асуы үшін олардың әрқайсысына жеке жауап беретін тұлғалар тағайындалған екен. Солардың әрқайсысы басқосуда есеп берді. Сондай-ақ, әрбір облыс басшысы сөз алып, өз өңірлерінде жүзеге асу үстіндегі ірі индус­триялық, инфрақұрылымдық жобалардың жағдайын және оларды жүзеге асыруға қатысты пайда болған проблемалар туралы баяндады.

Бұл жобалардың жүзеге асатындығына сенім мол. Өйткені, жекелеген жобалар бойын­ша сөз алған әрбір министр немесе агент­тік бас­шысының жасаған хабарламасына қараған­да, бұл жобалардың көпшілігінде жұ­мыстар тоқтаусыз жүріп жатыр. Ал айтылған проблема отырыс барысында бірден қаралып, оны шешудің жолдары белгіленіп жатты. Рес­публикалық орталықтың басшысы Премьер-Министр Кәрім Мәсімов проблемаларды ше­шу үшін қажетті тұлғаларға тікелей тапсырма берді.

Аталған мәселе бойынша қорытынды сөз сөйлеген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов ендігі кезекте “Бизнестің жол картасы-2020” жобасын жүзеге асыруға ерекше мән беру қа­жеттігін айтты. Әрине, осы бойынша жұмыс­тарды жүзеге асыруда мемлекеттік компа­ниялар локомотив болып табылады. Бірақ жобаға жеке бизнестің ынтасын оятпай, одан үлкен нәтиже күту қиын. Сондықтан Үкімет басшысы осы мәселенің лайықты шешімін табуын өңір басшыларына мықтап тапсырды.

Қазірдің өзінде мұндай ірі жобалардың бірте-бірте іске қосылуы арқылы еліміз едәуір пайда көріп отыр деп айта аламыз. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын оңтүстік өңірдегі елді мекендерді су басуына байланысты проблема­ны шешу үшін Көксарай қарсы реттегішін салу қажет пе, жоқ па деген мәселенің біраз дауға айналып барып, оң шешімін тапқандығы белгілі. Қазір оның құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. Биылғы жылы оның алғашқы кезегінің іске қосылуының нәтижесінде жыл­дағыдай ауылдарды су басуы сап тыйылғандай.

Осы мәселе бойынша сөз алған Төтенше жағдайлар министрі В.Божко бұл құрылысқа биылғы жылға 15 миллиард теңгенің бөлінгенін айтса, Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықов бұрын осы мерзімде Сырдария арқылы секөнтіне 100 текше метр су ағып өтетін болса, биылғы жылы оның қарқыны 1000 текше метрге дейін жеткеніне қарамастан ауылдарды су алу қаупі жойылғандығын атап көрсетті. Міне, істің нәтижесі деп осыны айтуға болады.

Осы отырыста биыл қар қалың түскен Шығыс Қазақстан облысындағы жағдай туралы мәселе қаралды. Көктемде осы қардың кетуі қиын болуы, көптеген ауылдарды су басуы мүмкін. Осыған орай Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов облысқа Үкіметтің көмек көрсетуге әзір екендігін білдірді. Осыған сәйкес тиісті орындарға тапсырма берді.

Сонымен, қазіргі күні Үкіметтің белсенді қызметінің нәтижесінде еліміздің бүгінгі кү­ніне, болашағына қатысты көптеген маңызды шаруалар жүзеге асуда деп сеніммен айта ала­мыз. Осы аптада өткізілген Үкімет отырысы мен Республикалық басқарушы орталықтың екінші мәжілісі осының жарқын бір мысалы болды.


КЕДЕНДІК ОДАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ

 

Қазақстан, Ресей, Беларусь елдеріне арналған бірыңғай эконо­микалық кеңістік арадағы қарым-қатынастардың қызу әрі жылдам жүруіне ықпал етуде. Белоруссия елінен келген бір топ делегация Се­мейде болып, бірқатар келісімдерге қол жеткізген болатын. Атап айтқан­да, қала әкімі Мейрамхат Айн­а­беков пен Могилев қала­сының мэрі Станислав Бородавко әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатында келісімдерге қол қойды. Екі қала кәсіпорындары жағынан бір-біріне ұқсас. Бұл өзара маңызды әріптестіктің қатарына жатады. Семей Ертіс өзенінің бойында орналасса, Могилев Днепрдің жағасында тұр. Екі қалада да тұрғындар саны 300 мыңнан асады. Семей қашанда сауда орта­лығы болған. Қытайдан 500 ша­қырымда, Ресейден 150 шақырым жерде орналасқан. Семейдің Минскідегі трактор зауытымен іскерлік байланысы басталғанына бір жылдай уақыт өтті. Биылғы жылдың өзінде жиып, құрастыруға 420 трактор түсіпті. Минск трактор зауыты маркетинг-директорының бірінші орынбасары Валерий Александров Семейдегі трактор жасайтын СемАЗ кәсіпорнында шығарылатын өнімдер сапалы, сондықтан да зауыт Орталық Азияға ауылшарушылық көліктерін шығаратын ірі өндіріс орнына айнала алады дейді. Биыл алғаш рет мыңдаған техника шығарыл­мақ. Қазір қолда бар үлгіге қо­сымша жер жыртатын энергиялық қуаттылығы жоғары трактор түрі өндіріске енгізіледі. Беларусь елінің Бобруйск қаласындағы “Агромаш” кәсіпорнының өндіретін трактор тіркемелері мен қосымша жабдық­тары СемАЗ-дағылар үшін қызығу­шылық туғызуда. Осы жабдықтар Семейде де шығарылатын болса онда коммуналдық шаруашылыққа қажетті трактор түрі жасалатын болады. Жол сыпырғыш, қар кү­регіштердің тракторға жасақталған түрлері қазіргі заман талабына сай қамтылмақ. Белоруссиядан келген өкілдер бұл жабдықтарды СемАЗ-да шығару үшін қажетті өндіріс алаңдары мен тәжірибелі ма­ман­дар­дың бар екендігіне көз жет­кізді. “Беларусь” тракторы Еуропада шығарылатын тракторларға қа­ра­ған­да бағасы арзан, сапасы жоғары. Мәселен, өткен жылы Минск трак­тор зауыты 47 мың дана техника түрлерін шығарса, оның 6 мыңы Белоруссияға қалдырылып, қалға­ны Ресейге экспортқа шығарылған. Үш елдің кедендік оңтайлы өзге­рістері тауарларды алмасу бағытын­дағы экономикалық зор мүмкін­шілік. Әсіресе, кәсіпкерлікке бетал­ғандар үшін бұл оңтайлы жүйе болып отыр. Могилев мэрі Ста­нислав Бородавконың айтуынша, шаруашылық саласында тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу өндірісті ілгерілетеді. Билік орын­дары әріптестік байланыс­тың да­муына ықпал етіп отыр. Кәсіп­орын жұмысы дегеніміз – бұл қаланың өсіп-өркендеуіне қажетті салықтар. Қолда бар мүмкіндік­терді пайдалану уақыт еншісінде.

Могилевте де қазақтар тұра­ды, — деді Станислав Бородавко, – олар негізінен Кеңес одағы кезінде әскери борышын өтеп жү­ріп, содан кейін біржола тұрақ­тап қалғандар. Олардың барлы­ғының да халдері жақсы. Бело-руссия екінші отандары болып кеткен.

Тағы бір айта кетер мәселе, автобус құрастыратын “DAEWOO BUS KAZAKHSTAN” кәсіпорны осыдан бір жыл бұрын тұралап қалған еді. Қазірде зауыттың цехтарында жұмыс толығымен жалғасты. Ресейдегі жолаушы­ларды тасымалдайтын көлік құра­лы ретінде мақұлданған серти-фикатқа ие болу ертеңге деген нағыз сенім. Алғашқы автобус­тар­ды Мәскеу мен Том қалалары алыпты. Кедендік одақтың қазіргі шарттары автобус бағасына тиімді болып отыр. Олардың шарты бойынша автобустардың жоба­сына сәл-пәл өзгерістер енген екен. Кәсіпорын болашақта 120 орындық автобус түрін шығаруды жоспарлап отыр.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, Семей.

 

“ҚАЗАҚМЫСТЫҢ” ҚАМҚОРЛЫҒЫ

 

Облыстық әкімдікпен жасалған меморан­думға орай “Қазақмыс” корпорациясы биылғы жылы бірқатар міндетті мойнына алып отыр. Соған орай қамқорлық негізінен аталған корпорацияға қарасты кәсіпорындар жайғасқан өңірлерге жасалмақ. Айталық, кен байыту комбинаты жұмыс істеп жатқан Жезкентте сауықтыру кешені, жүзу бассейні және мәдениет үйі қайта жөнделіп, қатарға қосылмақ. Мұның сыртында аудан орталығы Бородулиха мен кеншілер қалашығы арасын­дағы жол жөндеуден өткізілмек. Атағынан ат үріккендей үлкен кәсіпорын, сондай-ақ мұның сыртында Глубокое ауданында екі балабақша салып беруге міндеттеніп отыр.

Семейде бұрнағы жылы үш мың орындық орталық мешіт құрылысы басталып кеткен еді. Өкінішке қарай, дағдарыс салдарынан оның құрылысы тоқырап тұрып қалған. “Қазақмыс” ұлылар еліндегі сол мешіттің құрылысына деп 100 миллион теңге бөлген көрінеді. Ол, әрине мұндай үлкен мешіттің барлық қажетін толықтай жабуға жетеді деп айта алмаймыз. Солай дей тұрғанмен, көп түкірсе көл болады демекші, мұны да дәтке қуат дейік. Қалай десек те, осындай алып кәсіпорындардың шалғайдағы өңірлерге көңіл бөле бастағанына қайтіп қуанбассың.

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.

 

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӨНІНДЕГІ МЕМОРАНДУМ

 

Жетісу жұртшылығының “көгілдір отын” игілігін пайдалануы шешімін тауып, қазіргі кезде Іле, Талғар, Қара­сай, Жамбыл аудандарына қарасты 33 елді мекен табиғи газды пайдаланып отыр. Игілікті істі одан әрі жал­ғастыру мақсатында осыдан біраз жыл бұрын басталған облыс әкімдігі мен “ҚазТрансГаз” АҚ арасында өңірді газдандыруға байланысты өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, 1,5 млрд. теңгеден астам қаржы игерілген екен.

Өткен жылы жалпы ұзындығы 1300 шақырым болатын “Қазақстан-Қытай” халықаралық газ құбырының облыс аумағы арқылы 450 шақырымының өтуі нәтижесінде газдандыру деңгейі едәуір артып, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Панфилов аудандарының тұрғындарына  “көгілдір отын” жеткізу жұмысы басталды. Ағымдағы жылы “ҚазТранс­Газ” елді мекендерді газдандыруға 650 млн. теңге бөлетін болып отыр. Осыған байланысты облыс әкімі Серік Үмбетов пен жоғарыдағы акционерлік қоғам директоры Серік Сұлтанғалиев осы жұмыстардың тиянағын келті­рудегі өзара ынтымақтастық жөніндегі кезекті меморан­думға қол қойып, екі жаққа тиімді шараға деген сенімді бекіте түсті.

–Қоғамның дамуы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, жеңілдетумен өлшенеді. Бүгін өңір халқы үшін есте қалатын күн. Бұдан төрт жыл бұрын Алматы облысындағы табиғи газды тұтыну 5 пайызды ғана қамтыса, соңғы жылдары ол едәуір көтерілді. Ағымдағы жылы Талдықорған қаласы мен аймақты газдандырудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалады. Бүгін акционерлік қоғам басшысымен алдағы атқарылатын жұмыстарға орай меморандумға қол қойылды, деді облыс әкімі Серік Үмбетов жиналғандар алдында.

Меморандумда алдын ала есептеу бойынша диаметрі 500 мм. болатын “Алматы-Талдықорған” магистралды газ құбыры 225 шақырымға созылатыны және 25,0 млрд. теңгеге жуық қаражат салуды қажет ететіні де сөз болды. Бұл жылына Талдықорған өңіріне 500 млн. текше метр газ тасымалданатынын көрсетеді. Демек, қалалықтардың да сұранысы қанағаттандырылатын күн жақын.

Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.

 

ЭКОЛОГИЯ ЖАҚСЫ БОЛСЫН ДЕСЕК...

 

Айдар МАХАМБЕТ, “Kazakhstan Rubber Recyclіng” ЖШС директоры.

Еліміз тәуелсіздік алған кезден бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев табиғи ресурстарды тиімді пайда­лану мен өндіріске экологиялық таза технологияларды ендіру мәсе­лесіне назар аударып келеді. Ел эко­номикасының дағдарысқа қара­мас­тан  тұрақтанып, өндіріс орын­да­­рының сын сағатта сыр бермей жатқанын көп ретте осы жағдаймен де байланыстыруға болады.

Соңғы кездері елімізде өндіріс­ке экологиялық таза технология­лар­ды ендіру мақсатында халық­ара­лық талаптарға сай Экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы, қор­ша­ған ортаны қорғау мен құрғақ­шы­лыққа қарсы күрес жөніндегі бағдарламалар, Экологиялық ко­декс сияқты құжаттардың қабыл­дан­ғаны мәлім. Алайда біз әлі де көптеген мәселелердің шешімін та­батын шараларды іске асыруымыз керек деп санаймыз. Осы орайда Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімовтің өндіріс орын­дарының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа көзқарас қалыптастыру қажеттігі туралы ұсынысы дер кезінде жасалғанын атап өту жөн. Мұнда министрлік “2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан экологиясы” бағдарлама­сының аясында “Жасыл даму орталығы” атты өндіріс қал­дықтарын кешенді қайта өңдеу және кешенді басқару жөнінде ұлт­тық орталық құру туралы ұсыныс білдірген болатын. Министрдің ай­туынша, орталық құрылған жағдай­да ол қоқысты өңдеу зауытын құру мен технологияларды жасаумен айналысып, оларды уақыт өте келе бюджеттен ғана емес, халықаралық ұйымдар мен жеке инвесторлар тарапынан да қаржылан­дыруға болар еді. Біздің пікірімізше, егер осы мәселе шешімін таппаса, ер­тең­гі күні өндіріс қалдықтары кө­бейіп, қоршаған ортаға едәуір қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан біздің кәсіпорын аталмыш ведомствоның бұл ұсынысын толығымен қолдап отыр. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, қазірдің өзінде отандық өндірісте 6 млрд. тоннадай қалдық­тар жиналып жатқан көрінеді. Жыл сайын олар 700 млн. тоннаға кө­бейеді екен. Міне, сол себепті елімізге қалдықтарды қайта өңдеп, қоқыс­тарды азайту үшін ұлттық орталық сияқты өзіне жауапкер­шілік алатын бір мекеме қажет деп білеміз. Ал біздің “Kazakhstan Rubber Recyclіng” ЖШС-нің осы салада істеп жатқа­нына көп уақыт бола қойған жоқ. Кәсіпорны­мыз­дың құрылғанына небәрі екі жыл ғана болды. Дегенмен, бізге осы уа­қыт аралығында өндіріске эколо­гиялық таза технологияларды енді­ру мақсатында көп жұмыс істеуге тура келді. Өткен жылдың жазында кәсіпорынға “Қазақстанның Даму банкі” АҚ-тың қолдауымен Еу­ропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Сол­түстік және Оңтүстік Америка ел­дерінің іскерлік ортасына белгілі немістің “MeWa” фирмасының заман талабы­на сай жасаған құрал-жабдықтары­ның негізінде жарамсыз доңғалақ­тар мен рези­налық-техникалық бұйымдарды қайта өңдеуге арналған зауытты іске қосуға мүмкіндік туды. Осы жерде “Қазақстанның Даму банкі” АҚ-тың Үкіметтің қаулы­сы­на сәйкес, өндіріс саласы үшін несиелеу мөлшерін төмендету жөнінде ұстанған саясаты кәсіп­орнымызға үлкен қолдау болып отырғанын атап өткім келеді. Қазір аталмыш банктің көрсеткен қолдауының нәтижесінде біздің зауыт жол құрылысына пайдала­нылатын резиналық-техникалық бұйымдардың резиналық үгінділе­рін жасау мүмкіндігіне ие болып отыр. Осы күндері зауыт жы­лына 11 000 тонна үгінді шы­ғара алады. Мұндай үгінді­лер, резиналық қосынды­лар мен ұнтақтар жол құ­рылысына жиі пайда­ла­ны­латыны белгілі. Өйткені, олар Ка­нада, АҚШ, Еу­ропа, Ресей ел­деріндегі тә­жірибе көрсе­тіп отырғандай, қазіргі қолданыстағы жолдардан екі есе шыдамды әрі экологиялық жағынан таза болып келеді. Бүгінде елімізде мұндай жолдар әзірше тәжірибе ретінде пай­даланылуда. Өткен жылы біз­дің кәсіпорын жол құры­лысшы­лар­ымен бірге Ресей техно­ло­­гиясымен жасалған резиналық ұн­тақтың негізінде Алматы, Ас­тана, Шығыс Қазақстан облысы­ның автожол учаскелерінің құры­лысына қатысты. Мұның бәрі, әрине, тәжірибе ретінде салынып жатқан жолдар болып саналады. Дегенмен, алдағы кезде оның сапасына толығымен көзіміз жеткеннен кейін еліміздің барлық өңірлеріне резиналық ұнтақ, қо­сындылар мен үгінділер пайдала­нылған жолдар салуды ойласты­руымыз керек деп білеміз. Бірақ, бұл жұмысқа біздің зауыттың ғана шамасы жетеді деп айта алмай­мын, ол үшін батыс және оңтүс­тік өңір­лердің жолдарының құрылысына тағы екі зауыт салу қажет болады. Оның біріншісі – Ақтөбеде болса, екіншісі Алма­тыда салынуы керек.

Жалпы, экология өмірдің бар­лық саласымен тығыз байланыс­тағы сала екені белгілі. Оның өн­діріс орындарына да, жол құрылы­сына да қатысы өте көп. Қазір елі­мізде қоқыстардың көптеген түр­лерін қайта өңдеумен айналы­сатын мекемелер баршылық. Біздің кәсіпорын олармен тығыз байланыс жасауда. Олар біздің проблема­мызды, біз олардың проблемасын жақсы білеміз. Сонымен бірге біздің екі жаққа ортақ, әлі күнге шешімін таппай келе жатқан проблемалары­мыз да жетерлік. Ең басты проб­лемамыз, ол – елімізде қоқыстарды қайта өңдеудің жүйесіз жүргізіліп жат­қандығы. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметте­ріне қарағанда, жыл сайын елі­мізде 70 млрд. теңгеден 80 млрд. тең­геге дейін экологиялық төлем­дер жи­на­лады екен. Ал біздің ел қол қойған Киото протоколы бойынша мұндай сома­ны табиғат­ты қорғау шарал­а­ры­нан басқа жұмыстарға жұмсауға тыйым салынған. Осы орайда кә­сіп­орын жетекшісі ретінде министр Нұрғали Әшімовтің бастамасын толығымен қолдай отырып, әріп­тестерімізді өндіріс қалдықтарын кешенді қайта өңдеу және кешенді басқару жө­нінде ұлттық орталық құру туралы ұсынысты қолдауға шақырамын және біздің кәсіп­орын­ның “Weіser Group” ком­па­ния­сы­мен бірігіп республикалық қо­қыс­тарды басқару кәсіп­орындарының ассоциациясын құру туралы жұ­мыс­тардың жүргі­зіліп жатқандығынан хабардар еткім келеді.

(жалғасы)



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат