Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2010-03-12:

АҚСУДЫҢ ӨНДІРІСІ ТОҚТАУСЫЗ,  АУЫЛДАРЫ АУҚАТТЫ

Қала әкімі Оразкелді Қайыргелдиновпен әңгіме

 

–Оразкелді Әлиғазыұлы, өзіңіз айтқандай, өндірісі тоқтаусыз, ауыл­дары ауқатты қала  өткен жылды қандай көңіл-күйде шы­ғарып салды?

–Ең алдымен айтарымыз, жуырда қалада “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасына орай  ауысымына 500 адам қабыл­дай­тын жаңа емхана, 1200 оқушыға ар­налған қазақ тілінде білім бе­ретін жаңа мектеп және 175 бүл­дір­шінді ана тілімізде тәр­бие­лейтін “Балапан” атты жаңа балабақша пайдалануға берілді. Бұл күндері Елбасының “Жаңа онжылдық жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты жаңа Жолдауын бағыт-бағдарға алып, алдағы жылдарға атқарылатын  жұмыстар жүйесін жасаудамыз. Біздің Ақсу қала­сында 60 мыңдай халық тұрады. Еуразиялық энергетикалық корпорация, Ақсу ферроқорытпа зауыты  сияқты үлкенді-кішілі өндіріс орындары бар қала болып саналады. Өндіріс орындары ауылдарды өз қамқор­лықтарына алып, қыс келсе отын-суларын  түсіріп беріп демеушілік жасайды. Қалада тұратын жұ­мыс­шылар өндіріс қарқынын еселесе, ірге­сінде тұрған ауылдық ау­мақтар мал, ет және сүт, ауыл­шаруа­шылық өнімдерін өндіреді. Өндірісі тоқтаусыз, ауылдары ауқатты, мал-жаны аман тыныс-тіршілігі бар. Өндірісті қаламызға 14 ауылдық аумақ қарайды. Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 95 пайызды құраса, 178,5 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімдері шығарылды. Энергетиктер 13,4 млрд. кВт. электр қуатын өндірсе, “Шығыс” көмір кенішінде көмір шығару көлемі 20 миллион тоннаға жетіп, ферроқорытпа зауыты 1,0 миллион тоннадан аса ферроқорытпа өндірді.

— Былтыр мамыр айында Премьер-Министр Кәрім Мәсі­мовтің қатысуымен осы зауыттағы №61 балқыту пеші іске қосылып еді.

–Иә. Дағдарыс уақытында ақсулық зауыттар жұмысшыларын қысқартқан жоқ, олар өз орында­рында еңбек етуде. Қайта күрделі жөндеуден өткен № 62, 41 және 25-ші балқыту пештері қосымша жұмыс жасай бастады. Сонымен қатар, ферроқорытпа зауытында 2012 жылға дейін 22,5 миллиард теңгеге 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылатынынан хабардар етті. Тағы бір жаңалық, осы кәсіпорында қалдықтарды тиімді пайдалану, өнім сапасын арттыру мақсатында биылғы  мамыр айында қуаттылығы 350 мың тонна агломерат шығаратын  цех іске қосылады. Жылына қуатты­лығы 40 мың тонна көміртекті феррохром шығаратын № 4 цех жаңғыртылады, жылу қуатты жабдықтар мен балқыту пештер күрделі жөндеуден өтеді. Агло­мерат шығаратын цех іске қосыл­ғанда 120 маман тұрақты жұмыс­пен қамтамасыз етілетін болады. Қазір зауыт ұжымы өздерінің жұ­мысшы-қызметкерлеріне арнал­ған екінші тұрғын үйдің құры­лысын бастады. Өткен жылдың шілде айында ферроқорытпа зауыты қаланың 4-шағын ауда­нында зауыт жұмыскерлері үшін  60 пәтерлі тұрғын үйді тапсырған болатын. Ал, “Еуразиялық энерге­тикалық корпорация” АҚ алдағы жылдары №2 энерго- блокты іске қосу мен қайта қал­пына келтіру нәтижесінде қуатты­лықты 325 МВт-ға арттыра отырып қосымша электр қуатын өндіре алады. Болашақта   әрқай-сысының қуаттылығы 600 МВт-ға жететін жаңа энергоблоктар салу көзделіп отыр. Ақсу қаласындағы коллекторды күрделі жөндеуден өткізу үшін қажетті 380 миллион теңгені республикалық бюджеттен немесе Үкіметтің қорынан бөліп беру мәселесі қарастырылуда.

– Осындай алып кәсіп­орындары бар қалаға қарайтын  ауылдардың жолдары, ауыз су жағдайы қалай?

– Қала аумағына қарасты үлкенді-кішілі 33 ауыл бар. Өткен жылы ауылдардың жолдары, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бағыттында бірша­ма істер атқарылды. “Жол карта­сы” бағдарламасы аясында Айна­көл, Мәмәйіт Омаров атындағы ауылда, Қалқаман, Үштерек және Парамонов ауылдарындағы кіреберіс жолдары және “Соль­ветка-Пограничник” ауылдары аралығындағы жолдар жөнделді. Елді мекендерді көріктендіру жұмысында 40,3 миллион теңге игерілді. Бүгінгі күндері 13 ауылда халықты сумен жабдықтайтын кешенді блок-модульдері орна­тыл­ған. Ал, 8 ауылда  су құбыры бар. Ал Алғабас ауылының тұр­ғындары екі кешенді блок-модуль арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауылдарымыз азық-түлік саясатын іске асыру бойынша өткен жылы 7,4 миллиард теңгеге ауылшаруашылық өнімдерін өндірді. Ірі қара малдың басы 31 мыңға жетті, қой – 27 мың, жылқы – 4,8 мың, құстың саны 345 мыңды құрап отыр. Күз айларындағы жиын-терін кезінде 48 мың тонна картоп, көкөністер жинап алынды. Биыл облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың баста­масымен қолға алынған “Жай­лау” бағдарламасы арқылы ауыл­дықтар 100 бастан қой алып, қазір бағып-қағуда.  Мысалы, Еңбек ауылдық аумағында 348 аула бар, 1380 адам тұрады. “Ертіс-Ақмол” ЖШС, 5 шаруа қожалығы, 1 ауыл кооперативі, 5 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Бүгінгі күні ауылда 1662 ірі қара мал, 2181 қой, 191 жылқы бар. 348 ауланың 234 отбасында қосалқы шаруашылық бар, бұл әл-ауқаттың жақсаруы емес пе? Жалпы, қала аумағы бойынша бұл күндері ауыл­шаруашылық өнімдерін дайын­дайтын 31 пункт және қайта өңдейтін 21 кешен жұмыс істеуде.

– Оралман ағайындар өндірісті Ақсу қаласының ауылдарында көптеп тұрақтап қалды. Оларға қандай жағдай жасалуда?

– Иә, Ақсу қа­ласының ауыл­дарында   ағайын­дардың саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Қол­дан келгенше жан-жақты жағ­дай жасаймыз. Біздің ауылдары­мызда 1186 орал­мандар отбасы тұрады. Былтыр 162 отбасына мемлекеттік атаулы көмек және 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы төленді. Сонымен қатар тұрмысы төмен оралмандар  отбасыларындағы 30 бала қала әкімінің гранты бо­йынша жоғары оқу орындарында оқып жүр. Ақсу өңіріне жұмысқа орналасуға жіберілген жас мамандарға, яғни бір дәрігерге, 13 мұғалімге, бір студентке көмек көрсетілді. Еңбекпен қамту бөлі­мінде тіркелген  121 адам жұмыс­қа орналасты. Денсаулықтарына байланысты емделуге өтініш біл­дірген 10 оралман шипажайда сауығып шықты. Жеке кәсіпкер­лікпен айналысатын ағайындар да бар. Ауылдық округтерде, қала­дағы кәсіпорындарға, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар бөлімдерімен байланыс жасап, оларға жұмыс берілуін, керек жағдайда кәсіптік қайта даярлықтан өтуге байланысты істі де қадағалаймыз. Бұлардың бәрі ағайындардың атажұртқа сіңіп, көптеген қиындықтарды жеңуіне септігін тигізетіні сөзсіз.

– Өндіріс орындарының жалпы қала мен ауылдарға қандай көмектері бар?

– Қаладағы екі ірі кәсіпорын – Ақсу ферроқорытпа зауыты және Еуразиялық энергетикалық корпорация қандай мәселе бол­масын қол ұшын беруге дайын тұрады. Былтыр 500 адамға арналған мешіт жанынан асхана құрылысын салуға  қаржы бөліп, атсалысты. Еуразиялық энергети­калық корпорация тұрмысы тө­мен отбасыларына, мүгедектерге жылда қыста жағатын отын-сула­рына көмек жасайды. Сондай-ақ, Қалқаман ауылындағы балалар үйі және Ақсу қаласындағы балалар паналау үйіне өндіріс орындары әрдайым қол ұшын беріп тұрады.  Қала көшелерін, аулаларды, балалар алаңдарын көріктендіруге аталмыш екі кәсіп­орын үнемі атсалысып жүреді.

– “Жол картасы” бағдарлама­сы бойынша не істелінді?

–Ақсулықтар “Жол картасы” бағдарламасына риза деп ойлай­мын. Алдағы уақытта тағы да қол­ға алатын басты шаруамыз “Жол картасы” бағдарламасын әрі қарай жалғастыру болып табыла­ды. Бұл бағдарлама әлемдік қаржылық қиыншылық кезеңінде халықты жұмыспен қамтуға, отбасы кірісінің тұрақты болуына, қосымша жұмыс орындарын құруға, дағдарыстан кейінгі тұрақты дамуға жағдай жасауға мүмкіндік берді. Осы мақсатқа инвестициялық жобаларды іске асыру барысында қала мен ауылда 1225 жаңа жұмыс орны құрылды, 223 адам жаңа кәсіпке оқытылды. Жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мақ­сатында қаланың кәсіпорындары мен мекемелеріне жастар прак­тикасы бойынша 238 адам жібе­рілді.  Жаңа бағдарлама бойынша жұмыс жүргізуге 560,0 миллион теңге бөлінді. Бұл қала мен ауыл өңірін айтарлықтай көріктен­діруге, әлеуметтік нысандарды, жолдарды салу мен жөндеуге, жыл­дар бойы жиналған пробле­ма­ларды шешуге мүмкіндік берді. Атап өтетін болсам,  Құркөл ауылында мәдениет үйі іске қосылды, қаламыздағы мәдениет сарайы, №12 балабақша,  орталық аурухана, қарттар мен мүгедектер үйі, Жаяу Мұса атындағы Ақсу колледжі және К. Шүлембаев атындағы мектептер толықтай күрделі жөндеуден өтті. Бағдарла­маның аясында бұрын-соңды болмаған жақсы істер қолға алын­ды, атап айтқанда, 100,0 миллион теңге сомаға ұзындығы 6,5 шақы­рым қаланың жылу трассаларына жөндеу жүргізіліп, 140,0 миллион теңгеге су құбыры қайта жаңар­тылды. 130,0 миллион теңгеге 81600 шаршы метр асфальт төселді.

– Денсаулық сақтау саласы, спорт, дене шынықтыру қалай дамыған?

– Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ,  “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша қалада жаңа емхана пайдалануға берілді.  Бұл халыққа медицина­лық қызмет сапасы жақсарады деген сөз. Шеті мен шегі жоқ ке­зекте тұрып, шаршайтын нау­қас­­тардың саны азайды. Түрлі спорт сайыстарын өткізу бұрын­нан бері қаламызда жақсы дәс­түр­ге айналған. Мысалы, “Қазақстан-2030” Стратегиясына арналған денсаулық фестивалі үлкен ұйым­шылдықпен өткенін атап айтқым келеді. Өткен жылы “Бұлақ” мәдени бағдарламасы аясында Қалқаман ауылында дене­ шы­нық­­тыру-сауықтыру кешені пай­да­­лануға берілді. Бүгінде мұнда түрлі спорт үйірмелері жұмыс істеп келеді.

– Алда қаланы қандай мәселелер күтіп тұр деп ойлайсыз?

– Биыл қаланың  әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жақсарту жолында біршама игілікті істерді қолға алуды жос­парлап отырмыз. Соның ішінде “Жол картасы” бағдарламасы аясында көшелерді, жолдарды жөндеуді, қалалық мәдениет сарайында және орталықтанды­рылған кітапханада күрделі жөн­деу жұмыстарын өткізу жоспарда бар. “Ауыз су” республикалық бағдарламасы аясында Қалқаман, Пограничник және Үштерек ауыл­дарында су құбырлары күр­делі жөндеуден өтеді. Қала мен ауылдық  жерлерді көріктендіру жұмысы жалғасын табатын бо­лады.   Сонымен қатар қаланың су құбыры желілерін қайта жаң­ғырту, тұрғын үй қорын басқару жүйесін одан әрі жетілдіру сияқты мәселелерді шешу алда тұр. Қаладағы мәдениет және демалыс саябағын көріктендіруді, оны қазіргі талапқа сай жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Мұның бар­лығы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында атқарылатын істер болып табылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.

 

ЖАМБЫЛ – КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚОЛАЙЛЫ АЙМАҚ БОЛАДЫ

 

Тараз қаласында Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруы­мен облыс кәсіпкерлерінің аймақ­тық бизнес-форумы өтті. Форум­ның мақсаты – Елбасының биылғы Жолдауы шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыруға ұйытқы болып, атсалысу.

Форумға “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ, тоқыма және жиһаз кәсіпорындары, азық-түлік және сүт өнімдері кәсіпорын­дары, май және шұжық бұйымда­рын өндірумен шұғылданатын кәсіпорындар, құрылыс компа­ниялары және Жамбыл облысын­дағы екінші деңгейлі банк филиал­дарының басшылары қатысты.

Форум басталмас бұрын оған шақырылған басшылар мен кә­сіпкерлер жергілікті тауар өндіру­ші­лердің көрмесімен танысып, бизнеске қызмет ететін екінші дең­гейлі банктер мен “Даму” кәсіп­керлікті дамыту қоры филиалдары “мобильді кеңселерінің” қызмет­керлері ұсынған несие түрлерінен мағлұматтар алды. 

Облыс кәсіпкерлерінің аймақ­тық форумын ашқан облыс әкімі Қанат Бозымбаев Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауында атап көрсетілген тапсырмаларға сәйкес облыс кәсіпкерлерін жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды.

– Алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамытудың бірнеше негізгі бағыттары бар. Ол – аймақтағы ин­дустриялық-инновациялық даму­ды үдемелеу, әкімшілік кедергілерді азайту, отандық және шетелдік инвесторлармен өзара тиімді және қолайлы ұсыныс жолдарымен ин­вестициялық игілікті ахуал жасау, минералды шикізат ресурстарын және адами капиталды пайдалана отырып, қолда бар мүмкіндіктер не­гізінде облыс экономикасын да­мы­ту бағдарламасын жүзеге асыру болып табылады. Бұл міндеттерді орындау жергілікті билік пен биз­нес бірлесіп күш топтастырған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Сондықтан  біз әрқашанда бизнес­пен іскер байланыс жасауға дайынбыз және олардың облыс экономикасын көтеруге ыңғайлы кез келген бастамасын қолдаймыз, – деді облыс әкімі.

 “Самұрық-Қазына” қорының делегациясы, атап айтсақ, қордағы отандық  кәсіпкерлікті қолдаумен айналысатын даму институттары мен  компаниялардың  өкілдері фо­рум кезінде кәсіпкерлікті қолдау-дағы қор тобы ұсынып отырған мүмкіндіктермен таныстырды. Кәсіпкерлікті қолдаудың  ерекше­ліктерін түсіндірді.

“Самұрық-Қазына” қорына енетін  “Қазақстан Даму банкі”  АҚ орташа мерзімді және ұзақ мерзімді несиелеу бойынша қосым­ша қаржыландыру құралы ретінде 5 млн. АҚШ долларынан бастап несие берсе, ал  агроөнеркәсіптік  саладағы жобалар үшін 20 млн. АҚШ долларынан бастап несие бере алады екен. Экспорттық  опе­рацияларды қосымша қаржылан­дыру,  яғни несиелеу  1 млн. АҚШ долларынан басталады. Қазір ҚДБ-ның қатысуымен 2 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі инвестицияға қазақстандық компаниялардың 62 жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Жамбыл облысында 3 жоба, яғни өндірістік көлемі 400 мың тон­на цемент зауытының құры­лысы, Тараз қаласында жылына 120 мың тонна металлопрокат (ар­матура, швеллер, т.б) шығаратын зауыт және жылына қуаттылығы 123 мың тонналық өнім шығаруға жететін Тараз металлургиялық зауытының ферроқорытпа өндірісін кеңейту және модернизациялау жобасы іске асырылуда. ҚДБ бұған дейін Жамбыл облысында “KEGOC” АҚ-тың  Солтүстік-Оң­түстік транзитінің 500 кВ. электр тарату жүйесінің екінші бөлігінің құрылысын салу бойынша  жоба­сын жүзеге асырған.

Форум барысында ҚДБ-ның еншілес компаниясы “БРК-ли­зинг” АҚ орта мерзімді және ұзақ мерзімді лизингтік операцияларды 1 млн. АҚШ долларынан бастап қар­жыландыра алатыны да ай­тылды.

Ал “Қазақстанның Инвести­ция­­лық қоры” жарғылық  капитал арқылы жобаларды қаржылан­дырған кезде үлескер ретінде қаты­суы мүмкін, сондай-ақ жарғылық капиталына қордың қатысы бар ком­панияларға несие береді. “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ екінші дәрежелі банктер арқы­лы (шарт бойынша  қаржы салу) орта және шағын бизнес  субъек­тілерін несиелеу,  микроне­сиелеу, орта және шағын бизнес субъек­­тілерін ақпараттық-консультатив­тік түрде  қолдауға дайын. Несие­леу мерзімі 7 жылға, ал несие сомасы әр қарыз алушыға 750 млн. теңгеге дейін.

Жамбыл облысында  “Даму” бағдарламасының  негізінде 8,9 млрд. теңге көлемінде 316  азамат несие алып, соның арқасында 379 жұмыс орны  ашылыпты. Сондай-ақ, бұрынғы істеп тұрған жұмыс орындарын сақтап қалу мүмкіндігі туғызылған. Несиенің орташа  сомасы 26,6 млн. теңге. “Kazyna Capіtal Management” АҚ бірлескен қорлар құру, оның ішінде тіке инвестиция қорлары, инфра­құрылымдық қорлар, портфельді  инвестициялық қорлар (бірнеше активтерді қосып, портфель жасау),  венчурлық қорлар, бірлескен қорлар арқылы жобаларды қаржыландыруға көмектесе алады.

“Экспорттық несие мен инвес­тицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру  компа­ния­сы” АҚ шикізаттық емес сала­дағы тауар, жұмыс, қызмет түрлерін  сақтандыру, шетелдегі  инвести­ция­ларды сақтандыру, қайтадан сақтандырумен айналысады.

Облыс әкімі бүгінде аймақтағы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Ол форумда жа­қын­да ғана құрылған “Тараз Ин­вест Консалт” ЖШС-ні билік пен кәсіпкерлердің арасындағы көпір деп бағалады. Өйткені, облыс бас­шысы аймақты аралау бары­сында кәсіпкерлерге кеңес беру ша­руа­сының ақсап жатқанын байқаған.

Қанат Бозымбаев облыс кәсіп­керлерінің бизнес-форумын қоры­тындылай келіп, тиісті тараптарға облыс әкімдігі жанынан кәсіпкер­лер кеңесін құруды тапсырды. Оның құрамына алдыңғы қатарлы кәсіпкерлерді қосуды жүктеді. Оның мақсаты – жеке кәсіп­кер­лікті дамыту және мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға көмектесу.

Сондай-ақ, аймақтық форумда өзара үйлесімді әрекет жасау мақ­сатында Жамбыл облысы әкімдігі мен “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық палатасы Жамбыл филиалымен меморандум жасады.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.

 

БОЛАТ ЖОЛДАҒЫ БЕРЕКЕЛІ ІСТЕР

 

“Қазақстан темір жолы” ұлт­тық компаниясы – Еуразия кеңіс­тігіндегі магистральды жүйенің аса ірі операторы және республика-мыздағы бірден-бір темір жол тасымалдаушысы. Қазақстанның болат жолы 14 мың шақырымнан астам магистралды, 700-ден артық пайдалану және жөндеу деполарын құрайды.

Темір жолды Қазақстанның күретамырлары деп тегін айтпаса керек. Сала елдегі жолаушы тасымалы айналымының 60 пайызынан астамын және жүк айна­лымының 70 пайызына жуығын өз мойнына алып отыр. Қазақстан темір жолының тағы бір ерекшелігі оның аса әлеуетті транзиттік мүм­кіндіктерінде.

Осыдан жүз жылдан сәл астам мерзім бұрын қазақтың ұлан-ғайыр даласын ұйқысынан оятып, алғашқы паровоз гудогы жаңа темір жол дәуірінің басталғанын жария етті. Сол мерзімнен бергі Қазақстан шойын жолының тарихы даңқты да ерлікке толы беттерден тұрады. Ақиқатын айтқанда, теміржолшылардың жасампаз еңбектерінің арқасында ғана болат жол бүгінде еліміздің ірі де қуатты өндіріс саласына айналды.

Темір жолдың бүгінгі дамуы мемлекеттік деңгейдегі серпінді жобаларға арқа сүйейтіні рас. Тек 2009 жылы ғана салаға салынған күрделі қаржы 110 миллиард теңгеге жуықтады. Бұл сомалар шойын жолдардың сан тарау буындарын күрделі жөндеуге, жылжымалы құрамды жаңалауға, инфрақұрылымдарды, телекоммуникацияларды дамытуға және жаңа құрылыстар салуға жұмсалды.

Темір жол көлігін дамыту бағдарламасына сай 2020 жылға дейін салада мол өзгерістер болмақшы. Аталған құжат реформалардың сатылап жүруіне, мемлекеттік үйлестірудің тәртіптерін өзгертуге және жеке капиталды тарту арқылы жаңа инвестиция­лық бағдарламаны іске асыруға негізделген. Бір сөзбен айтқанда, болат жолдағы жаңа стратегия тиімділігі жоғары ұлттық компания қалыптастыруға мүмкіндік бермекші. Бағдарламаның шеңберінде салаға 1,5 мың локомотив, 76 мыңнан астам жүк және 1,5 мың жолаушы вагондарын сатып алу қарастырылған. Инвестицияның жалпы сомасы 4 миллиард теңгеден асады.

Бағдарламаның маңызды баптарының бірі – тепловоздар, электровоздар, жүк және жолаушы вагон­дарын, болат рельстер, шпалдар, белгі беру мен байланыстың техникалық құралдарын, электр қуа­тымен қамтамасыз ету жүйелерін шығаратын отан­­дық темір жол мәшинелерін жасау саласын құру.

Жаңа стратегияның арқа сүйер алғашқы нүктесі Қазақстан темір жолының картасында пайда болды. Оның маңыздыларының бірі – отандық локомотивтерді құрастыратын зауыт. “Эволюшн” сериясындағы алғашқы осындай тепловоз кон­вейерден 2009 жылдың 7 желтоқсанында шықты.

Темір жол саласының өркендеуіне серпін беретін алғашқы осынау жоба шеңберіндегі жаңа өндірістің елордада ашылуы тарихи оқиға болса, оның локомотивтерді құрастыруға арналған бас­тапқы кешенінің салтанатты түрде іске қосылуына Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің қатысуы саланың жемісті келешек кемерін жақындата түсті.

– Бұл зауыттың іргетас капсулын мен 2007 жылдың 3 шілдесінде салған болатынмын. Содан тура екі жыл өткенде, қысқа мерзімде зауыт салынды. Бұл ғимарат 45 шаршы метр алаңда бой көтерді. Енді әлемдегі бірінші орындағы “General Eіectrіk” компаниясымен бірлесіп, тепловоздар шы­ғара бастаймыз,— деді салтанат үстінде Елбасымыз.

“Эволюшн” сериясының қазақстандық тұңғыш тепловозы аталған атақты америкалық компа­ния­ның технологиясы бойынша құрастырылды. Теп­ло­воздардың бұл төртінші буыны аса қуаттылы­ғымен, заманауи дизайнымен ерекшеленеді. Ең бастысы, жанар-жағармайды үнемдеуге мүмкіндік береді. “Evolutron” аса әлеуетті қозғалтқышы тепловоздың бүкіл қызметі кезінде 1,1 млн. литрге жуық, яғни, 5 пайызға аз жанармай пайдаланады. Бұған қоса, ауаға зиянды заттарды 40 пайызға аз шығарады. Тағы бір атап өтерлігі, тепловоз Қазақстанның табиғи жағдайларына орайлас құрастырылған. Машинистің кабинасы да заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда жұмысқа қолайлы жағдайлардың баршасы жасалған.

Бір қуантарлығы, 2014 жылға дейін локомотив құрастыру зауыты 400-ге жуық тепловоз шығаруды жоспарлауда. Оның 118 локомотиві экспортқа жөнел­тілмек. Осылайша аталған зауыттың өнімдері Қазақ­станның бүкіл локомотив паркінің бүтіндей жаңа­руына, тепловоздарды жақын және алыс шетел­дерге экспорттауға толық жағдай жасайтын болады.

– Қазақстанның тұңғыш өз тепловозының шығарылуы еліміз темір жолындағы маңызды оқиға. Зауытта қазақстандық өндірістегі мазмұнның көбеюіне үлкен маңыз беріледі. 2014 жылы, зауыт өзінің өндірістік қуатына толық енгенде, оның өнім жасаудағы жеке дербестігінің деңгейі 52 пайыз болады деп күтілуде, – дейді, “Локомотив” АҚ президенті Қаділ Таласбеков.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жаңа кезеңдегі жаңа мүмкіндіктері жайында: “Ғаламдық дағдарыс жағдайында Қазақстанды индустриялан­ды­руға балама жоқ. Енді бір ғана жер қойнауы қазына­лары – мұнайға, газға, минералды ресурс­тарға, ме­тал­ға сүйене алмаймыз. Біздер қор жинап алған­нан соң, міне, даму жолына түстік және елді индус­трия­ландырумен іс жүзінде айналысуға мүмкіндік алдық”, – деп атап өтті зауыттың ашылу салтанатында.

Сала басшыларының атап өтерлік тағы бір игі қадамы – жолаушы вагондары жетіспеушілігінің орнын толтыру үшін “Қазақстан темір жолы” Ресейдің “Трансмашхолдинг” компаниясымен бір­лесіп “Алматы вагон жөндеу зауыты” АҚ негізінде жолаушылар вагондарын шығару өндірісін ұйым­дас­тыруы. Бұл өнеркәсіп орнының жобалық қуаты жылына соңғы үлгідегі 150 жолаушы вагонын құрастыруды қамтамасыз етеді. Мамандардың пікірінше, вагондардың осы санының өзі-ақ ішкі қа­жеттілікті толығымен өтеп, іргелес елдер рыногы­на шығуымызға жол ашпақшы. Бұл жобаның жал­пы құны 60 миллион АҚШ долларын құрап отыр.

Алматы вагон жөндеу зауытын техникалық тұрғыдан қайта жарақтандыру ісі де құрастырушы бұйымдардың 42 пайызын сырттан әкелуді қыс­қартты. Бұл бағдарлама сайып келгенде өндірістің технологиясын, өнімді пайдалану мен жөндеуді және жолаушылар вагондары паркіне қызмет көрсетуді бір технологиялық жүйеге бағындыруға мүмкіндік бермек.

Тек 2009 жыл­дың өзінде ғана ел экономикасы үшін маңыз­ды екі инфрақұрылымдық серпінді жоба іске асы­рылды. Бұлар Түркіменстан шекарасы – “Жетіген” темір жол учаскесі. Жобаның жалпы құны 230 млрд. теңгені құрайды. Бұл елдің экспорттық әлеуеті мен экономикамыздың бәсекелестігін жаңа деңгейге шығаруға ықпалын тигізбек.

2009 жыл “Қазақстан темір жолы” компаниясы үшін тағы бір маңызды кезеңімен есте қалды. Астананың ажары мен базары – Есілдің сол жағалауынан саланың әкімшілік ғимараты ашылды. Осы игіліктің арқасында компанияның орталық аппаратының барша ұжымдары, сондай-ақ, астаналық филиалдар мен “Қазақстан темір жолы” акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорындары бір шаңырақтың астына жиналды. Көгілдір аспан­ның заңғар биігіне қол созған заманауи осынау алып ғимараттың Астананың көрікті орындарының бірі­не айналғаны талассыз. Құрылыстың жалпы көлемі 100 мың шаршы метрді, ал, биіктігі 150 метрді құрай­ды. Ал, тасымал істерін автоматты түрде басқару орталығы жаңа әкімшілік ғимараттың мақтанышы десек те болады. Ол жүк және жолау­шылар тасымал­дарының барлық кезеңдерін автоматты түрде диспечерлік басқаруды жүзеге асы-рады. Орталыққа сонымен бірге, Достастық елдері мен Балтық жағалауы мемлекеттері көлік жүйелері және темір жолдарымен арадағы өзара ықпалдастықтарды реттеп отыру, бұған қоса, жо­лау­шылар тасымалда­рын ұйымдастыру және темір жолдың инфра­құрылымдарын техникалық тұрғыдан жарамды деңгейлерде ұстап тұру міндеттері де жүктелген.

150 мыңға жуық адамнан тұратын теміржолшылар армиясы Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне күнделікті тер тамшылатқан еңбектері­мен сыбағалы үлестерін қосуда. Сондығынан, темір жолдың дамуындағы басым бағыттардың бірі –әлеуметтік саясат. Еңбеккерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, медициналық қызметтер көрсету, шипажайлық сауықтыру секілді ондаған әлеуметтік қамқорлықтар “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы дамуының басым бағыттары ретінде іске асырылуда.

Әлбетте, темір жол бір ғана магистраль емес. Онымен жүздеген салалар мен бағыттар, елдің өңірлері мен аймақтары, өркендеу мен дамулар тамырласып жатыр. Былайша айтқанда, болат жолдар қоғамдық мүдделердің тоғысқан тұстарында тұр. Бүгінгі біздің темір жолымыз тек қана Қазақстанды ғана құшағына сыйғызып отырған жоқ. Болат жолдарымыз енді Кедендік одақтың да, Еуразия құрлығының да ажырамас бір бөлшегі. Еліміздің гүлдене беруі үшін Қазақстанның темір жолдары құрлықаралық темір жолдардың жалпы жүйесіндегі аса қуатты буынға айналуы тиіс. “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясының жаңа экономикалық өрлеуге апарар жаңа онжылдықтағы асқаралы мақсаттарының басым бағыты осы.

Смағұл РАХЫМБЕК, журналист.

 

Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі          www.government.kz

Ішкі істер министрлігі       www.mvd.kz

Қорғаныс министрлігі      www.mod.kz

Қоршаған ортаны қорғау министрлігі         www.nature.kz

Білім және ғылым министрлігі       www.edu.gov.kz

Сыртқы істер министрлігі               www.mfa.kz

Денсаулық сақтау министрлігі      www.darі.kz

Көлік және коммуникация министрлігі      www.mtk.gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі               www.enbek.kz

Қаржы министрлігі           www.mf.mіnfіn.kz

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі              www.mіnplan.kz

Әділет министрлігі             www.mіnjust.kz

Төтенше жағдайлар министрлігі   www.emer.kz

Мәдениет және ақпарат министрлігі            www.sana.gov.kz

Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі           www.memr.gov.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі                www.mіnagrі.kz

Индустрия және сауда министрлігі              www.mіt.kz

Туризм және спорт министрлігі    www.mts.gov.kz

Жер ресурстарын басқару агенттігі             www.auzr.kz

Байланыс және ақпараттандыру агенттігі ww.alc.gov.kz

Статистика агенттігі                            www.stat.kz

Көші-қон және демография агенттігі                           www.demomіgratіon.kz



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат