Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-03-08:

Саясат әлеміндегі әйелдер

 

Елбасының биылғы халыққа Жолдауында Астананың сол жа­ғалауында қазіргі заман талапта­рына сай жарақталған ірі меди­циналық кешен салынатыны жа­рия етілді. Оның құрамында 500 орындық Ана мен бала орталығы бой көтермек. Өркениет биігіне құлаш ұрған қуатты мемлекет­тердің ғана қолынан келетін бұндай ұлағатты істерге қарап ұрпақ қамын ойлаған еліміздің ертеңіне деген сенім нығая түседі.  Ақыл-ойдың кемеңгері Мұхтар Әуезов  “Адам­дық негізі – әйел” деген әйгілі ма­қа­ласында  “...адам­ды хайуандық­тан адам­шылыққа кіргізген – әйел. Адам баласының адамшылық жо­лын­дағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйел­дің басындағы сасық тұман айық­пай халыққа адам­шылықтың ба­қытты күні күліп қарамайды. Ал қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесі­гіңді түзе! Оны тү­зеймін десең, әйелдің ха­лін түзе!” деген болса, бұл сөздің мағынасы тым терең­де жатыр. 

 

Мыңжылдықтар тоғы­сындағы қазіргі кезеңде халық­аралық сая­сат сахнасында әйел қайрат­керлер қатары­ның мо­ла­йып, Америка Құрама Штат­та­рының Мем­лекеттік хат­шы­сы Кондолиза Райстың қауырт қи­мылы, Ангела Меркельдің Герма­ния канц­­лері болып тағайын­далуы, Латын Америкасы­ның тари­хындағы сирек оқиға — Чили президенті тағына Мишель Ба­челет ханымның оты­руы, Филип­пин басшысы Глория Арояның өзіне қарсы мемлекеттік төңке­рісті ұйымдастырушыларға тегеурінді тойтарыс беріп, бірқа­тар беделді халықаралық ұйым­дарда әйелдердің белсенді әре­кеттерімен көзге түсуі шынында да жаңа бір үрдістің нышанынан хабар бергендей.

 

Дәстүрлі әйелдер мерекесі қар­саңында ХХ ғасырдың соңы мен үстіміздегі жүз жылдық тоғы­сында әлемдік саясат аспанында жарқы­рап көрінген жарқын бейнелі әйел­дер туралы айтуға ниет білдіргенде, әрине, әйгілі “темір ханым” Марга­рэт Тэтчер есімі ауызға алдымен ілі­геді. Қарапайым отбасында дүниеге келген қаршадай қыздың кейін әлем­ді аузына қаратқан атақты пре­мьер-министр дәрежесіне кө­терілуі, шыны керек, жиі қайта­лана беретін қатардағы оқиғадан оқшау тұрары анық. Бір заман­дары қуатты импе­рия болған Британияның басына бұлт төнген ауыр кезеңде барша жауапкер­шілікті мойнына алып көз­­сіз батылдық танытқан Тэтчер­дің тағылымды өмір мектебін білуге деген қызығушылық ешқашан тө­мендеген емес.

 

Өткен жылы өзінің сексен жас­қа толуын салтанатпен атап өткен Маргарэт  Тэтчер (тұрмыс­қа дейінгі тегі – Робертс) 1925 жылы Грэнт­хэм қаласындағы ша­ғын дүкен қожайынының отба­сын­да дүниеге келді. Маргарэттің тәрбиесіне оның әкесі, бастауыш білімі ғана бар Альфред Робертс айрықша көңіл бө­ліпті. Өзінің жете алмаған белес­теріне қызы­ның көтерілуін арман­да­­ған әке сүйікті перзентін бетінен қақпай, “өзгелерге ұқсамау” қажет­тігін үнемі құлағына құя берген. Олқы соғып тұрған білімінің орнын үзбей кітап оқумен толтыруды мақ­сат еткен Альфред кішкентай қызы­ның  да бойына осынау тамаша қасиетті, әрі ерен еңбек­қорлықты жалықпай сіңіре білді. Өзі қатарлы қыз-бозбалаларға еріп, кинотеатр мен биге әуестенбей, әкесіне кө­мектесуі Маргарэтті шаруаға ерте араласып, маңдай термен ақша тау­ып, оны үнемдеу мен молайтудың жолдарын зерт­теп білуге жетеледі. Қарша­дайынан тек қана алға өр­мелеуге тырысқан өжет қыздың бі­лім алу жолы да қызық. Маргарэт көбінесе тек қыздарға ғана арналған оқу орындарында дәріс алды. Бұ­ның өзі оның ұл балалардан қым­сынбай, немесе бойжеткен кезде олар­ға ұнауға тырысудан пайда бо­латын ұяң мінездерден аулақ болуына әсер еткен тәрізді. Осын­дай өжет те өршіл, бірбеткей де батыл  мінезі Мар­гарэттің болашақ үлкен сая­сат­та­ғы жойқын тартыс­тарда қарсылас­та­рын жеңіп шы­ғуына жеткізді. Алғаш рет ол 1948 жылы, бар-жоғы жиырма үш жа­сында-ақ парламентке консер­вативтер партиясынан кандидат бо­лып түсті. Бірінші талпынысы сәтсіз аяқтал­ғанымен, іскер қабілетімен көз­ге түсіп үлгерген Маргарэт  сайлау­шы­лардың салмақты бөлігін өз жағына тарта білді. Арада біраз жыл­ды білімі мен ма­ман­дығын жетіл­ді­­руге жұмсаған Тэтчер 1959 жы­лы қайтадан сайлау­ға түсіп, бұл жо­лы таза жеңіске қол жеткізді. Сөйтіп, 33 жасында билік баспал­дағының алғашқы сатысына батыл көтерілген Тэтчер 1970 жылы Эд­вард Хит пре­мьер-министр бол­ғанда оның каби­нетінде білім мен ғылым бойынша хат­шы қызметіне тағайындалған жалғыз әйел  еді.

 

Тэтчердің билік шыңына шығу жорығы Ұлыбритания мектептерін­де балаларға тегін сүт беруді тоқ­татқан батыл шешімінен тарайтын әлеумет­тік жәрдемақы жүйесін реформалау­дан басталды. Тәулігіне төрт-ақ сағат ұйықтап, талмай ізде­нудің нәтиже­сінде экономиканың қыр-сырын те­рең ұққан Тэтчер ағылшын қоға­мын­дағы асқынып тұрған әлеуметтік мә­се­лелердің тамыры “жалпыға бірдей жайлы мемлекет” жасау қағидасында жат­қанын айқын аңғарды. Мемле­кеттен тегін жәрдем алып тұруға еті үй­ренгендердің  қарсылығы өз алды­на, шахтерлердің ереуілі мен кәсіп­одақтардың қысымына шы­дамаған консервативтер партия­сының өкілі Хит үкіметі биліктен кетуге мәжбүр болды, партия ішін­де әлсіздік бай­қалды. Осындай күрделі сәтте алған бетінен қайт­пайтын батылдығын тағы да дәлел­дей білген Тэтчер ағылшын еліндегі екі ірі партияның бірі – кон­сер­ва­тивтер партиясының жетекшілі­гіне ие болды.  Бұл кезде үкімет ба­сын­да лейбористер отырған. Олардың тұсында кәсіподақтардың ықпалы аса күшті-тін. Елдің бәріне бірдей жаға­мыз деуден туындайтын кәсіп­одақ­тардың  ұстанымы шағын кәсіпкерлік пен ірі бизнестің жан­дануына жол бермеді. Әлеуметтік салаға жұмсала­тын қомақты қар­жының көзі — әр­түр­лі салықтардың мөлшері аса жоға­ры болды. Теңгермешілік саясатқа бой ұрған лейбористер тұсында әлеу­меттік проблемалар шешімін тапқан­ның орнына шиеленісе берді. Дағда­рыстан шыға алмаған Ұлыбритания экономикасы 1979 жылы күйреудің шегіне таяп, алмағайып шақта мемлекетті басқаруға ниет біл­діру­шілер де табыла қоймаған.

Жастайынан ұлы істерге ұм­ты­лысынан танбаған Тэтчер ханым ерлер­дің батылы бармаған іске белін буып, Ұлыбританияның пре­мьер-министрі болып сайланды. Бұл оның көптен бері көзі әбден жетіп, көке­йінде жүрген бастама­ларын жүзеге асыруына жол ашты. Туған хал­қының мүддесіне өмірін арнаған Тэтчердің ағылшындарды ұлы ұлт ретінде қайта көтеруді көздеген мұрат­тары­на жету мүмкіндігін пай­да­ланудан енді ешкім тоқтата алма­ды. Деген­мен, тар жол, тайғақ ке­шу­дің қилы кезеңдері әлі алда бо­ла­тын. Бю­рок­раттар оның ата жауы­на айналды десек, артық айт­қан­дық болмас. Тэт­чер “жалпыға бір­дей жайлы мем­­лекет” қағидасы­на қарсы нау­қанын жүргізе берді. “Өте аз бай адамдар және бо­лым­сыз ғана пай­да”; “қай­та көтерілудің мүмкіндігі пайданың ғана арқа­сында” деген ұстанымда бо­лып, Авраам Лин­коль­ннен алған “сіздер күш­тілерді әлсіздендіре отырып, әлсіздерді күшейте алмайсыз­дар.... Сіздер адам­дарға олардың өздері жасай алатын жә­не жасауы тиіс нәрселерді үнемі істеп бе­ру­мен, оларға көмектесе ал­май­­­сыздар” де­ген тұжырым­дарын күрестегі қаруы ретінде пай­даланды. Үкімет тіз­гінін қолға алған Мар­гарэт көп ұзамай кәсіп­одақ­тарға күйрете соққы берді. Ол өз сөзінде тұрып, 1979 жылы еңбек табысы салығын 83 пайыздан 60 пайыз­ға азайтты, еңбекке жатпайтын табысты 90 пайыз­дан 75 пайызға төмендетіп, еңбек­ақы мен бағаны жоғарыдан нұсқау­мен реттеуден бас тартты; табыстың маңызды көзі ретінде  мемлекет қарамағындағы кәсіпорындарды, сондай-ақ қоғам­дық  ғимараттарды “бармақ басты, көз қыстыға” жі­бермей, ашық та әділ саудаға салып нақ­ты бағаларға сатқызды, еркін кәсіпкерлікке даң­ғыл жол ашты, ат төбеліндей ғана азғантай топтың емес, тұтас ұлттың ынта­сын оятуға түрткі болған түбе­гейлі өзгерістерді жасай алды. Өткен ғасырдың жет­пісінші жыл­дарында экономикасы тұралап, болашағы бұлыңғырлана бастаған Британияны аяғынан тік тұрғыз­ған Тэтчердің есімі Ұлы­бри­тания тари­хында алтын әріптермен жа­зылып қалары ақиқат. Халық­аралық қатынастар мен әлемдік сая­саттану ғылымында “тэтче­ризм” ұғымы берік қалыптасты.

Әрине, Тэтчер топырағында дү­ниеге келген Англия – нарық заңдары, демократиялық құнды­лық­тар мен еркін қоғам дәстүрі ежел­ден қанға сіңген, бір заман­дары жарты әлемді билеген ұлы империяның отаны. Содан да бұл елде Тэтчер сынды әйелдің тұғырға көтерілуі бас айналып, көз жұмар­лықтай ғажап оқиғадан гөрі,  Еу­ропа құрлығына тән тарихи һәм та­биғи заңдылық ретінде қабылдануы да кәдік.

 

Бұл тұрғыдан қарағанда, қазақ қоғамындағы әйелдің орны өткен ғасырлардың өзінде өзге мұсыл­ман елдеріндегі ахуалмен салыс­тыр­ған­да анағұрлым прогрес­сивті, жаңа тілмен айтсақ, демократиялық талап­тарға жақын болғаны белгілі. Алайда, тарихтың желі теріс соғып, қазақ елі отарлық қамытына тап болған кезеңдерде қалың жұрттың, әсіресе, әйелдің тауқыметі көбейе түсті. Әйел теңсіздігіне қарсы күрес ұлт зиялыларының ұлы мақсатта­ры­ның бірі болатын.

 

Тәуелсіздіктің келуі қазақ хал­қының көптеген ұл-қызда­ры­ның қа­рым-қабілеті мен талан­тының түр­лі салаларда іске асуы­на даңғыл жол ашты. Ел амана­тын арқалап, алысқа аттанған дипломатиялық мамандар қата­рында Ақмарал Арыс­­­танбекова, Бірғаным Әйті­мова, Мәдина Жарбосынова сынды қазақ әйел­дері шет жұрттарға ұлтымыздың жоғары мәдениетін көрсетуге үлкен үлес қосты. Қазақ­станды әлемге танытуға елеулі әсері бар Еуразиялық медиа-форум тә­різді халықаралық іс-шараларды ұйымдастырудың  ұйытқысы болып жүрген Мәжіліс депутаты Дариға Нұр­сұлтанқы­зының қайраткерлік іс-қимылы да үлкен үміттерге жетелейді.



Авторы: Мұхтар КӘРІБАЙ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат