Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-03-21:

Ынтымақтастықтың ықыласты ырғағы

 

Осы жылдың қаңтарында Өз­бекстан Президенті Ислам Кари­мов Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевты ұлықтау сал­танатына арнайы келіп қатысқан болатын. Салтанаттан соң екі ел басшылары кездесіп, мемлекеттер­дің ынтымақтастығын әрі қарай дамытуға қатысты бірқатар мәсе­лелер жөнінде пікір алысқан-ды. Сол кездесуде Өзбекстан басшысы Қазақстан Президентін қайта сай­лануымен шын жүректен құт­тықтай келіп, былай дегені есімізде: “Өз­бекте “Жолдасың қазақ болса, жол­да қалмайсың” деген мақал бар”.

Өзбекстан басшысы бұл мақал­ды жайдан-жай келтіріп отырған жоқ. Түбі бір туыс екі халықтың ынтымақта өмір сүріп, қысылған қиын кездерде бір-біріне сүйеу бола білгеніне өткен кезеңдер куә. Тәуелсіздік алғаннан кейін екі елдің, екі халықтың қарым-қаты­насы тіпті жандана түсті. Саяси-гуманитарлық, сауда-эконо­мика­лық, тағы басқа салаларда тату көршіге тән байланыстар жасалу үстінде. Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстан АӨСШК, ШЫҰ, Еур­АзЭҚ ұйымдарына мүше ретінде өңірдегі қауіпсіздік және эко­номикалық интеграция мәселе­лерінде, сондай-ақ лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы күресте бірлесе іс-қимыл жүргізіп келеді.

Бүгінде Қазақстан мен Өзбек­стан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған және оның құқықтық-келісім базасын құруға негізделген құжаттардың саны 90-нан асады. Бұл құжаттар ынты­мақтастықтың барлық салаларын қамтиды. Екі елдің сыртқы саясат­тағы ұстанған бағыттарының орнықты әрі мүдделес екендігін мемлекет басшыларының жасаған сапарларынан да көруге болады. Мысалы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға төрт мәрте, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Қазақстанға он рет сапармен келген екен. Осы сапарлардың, жоғары дәрежедегі кездесулердің барлығы жемісті болғанын атап өткен жөн.

Осындай сапарлардың бірінде, яғни 1998 жылдың қазанында Қазақстан басшысының Өзбекстан­ға сапары барысында екіжақты қатынастарды дамытуға негіз бола­тын құжат – Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылды. Ал 2002 жылдың қыркүйегінде Өзбек­стан Президентінің Астанаға ресми са­па­ры кезінде Мемлекеттік шекара­лар­ды құқықтық тұрғыда анықтау жөніндегі келіссөздер үдерісінің аяқталғандығын білді­ретін Қазақ­стан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасын­дағы мем­лекеттік шекараның жекелеген учаскелерін делимита­циялау туралы шартқа қол қойыл­ған еді. Қазіргі уақытта Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шека­раларын демар­кациялау үдерісі жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ташкентке жасаған мемлекеттік сапары кеше Өзбек­стан Президентінің “Дүрмен” резиденциясына келуден басталды. Резиденция маңы мен алаңы мерекедегідей әсем безендірілген. Оның өзіндік мәні бар. Өйткені, Қазақстанның соңғы төрт-бес жылдағы экономикалық қарқынды дамуына бүкіл әлем куә болып отыр. Оның ішінде көршіміз – Өзбекстан басшылығы мен өзбек ағайындарымыз да бар. Экономи­касы даму жолына түскен, ұлтара­лық татулығы жарасқан, саяси тұрақтылығы берік елмен кім-кімнің де ынтымақтастық орнатып, әріптестік, іскерлік қатынас жасауға ұмтылатыны анық.

 Президент резиденциясының Үлкен залында Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Өзбекстан Республи­касының Президенті Ислам Кари­мов ыстық ықыласты жағдайда қарсы алған соң, мемлекет бас­шылары құрметті қарауыл сапқа тұрған алаңға келді. Мұнда Қа­зақ­стан басшысын өзбекстандық рес­ми адамдар, сондай-ақ Өзбек­стан­­да тіркелген шетелдік елші­ліктердің жетекшілері күтіп тұрған еді. Ал­дымен Қазақстанның,  одан кейін Өзбекстанның мемлекеттік әнұран­дары орындалып, мейманға құрмет­ті қарауыл қошемет көрсетті. Осылайша Қазақстанның жаңа Ән­ұраны Өзбекстан төрінде шырқалды.

Қарсы алу  салтанаты аяқталған соң екіжақты кездесулер мен ке­ліс­­сөздерге  кезек берілді. Алдымен  мемлекет басшылары екеуара кездесіп, екі елге ортақ өзекті мә­селелерді талқылады. Оның ішінде  өңірдегі қауіпсіздікті сақтау,  халықаралық лаңкестікпен, діни экстремизммен және есірткі тра­фигімен күрес мәселелері де бар.

Бұдан кейін тараптар мем­лекет басшыларының қатысуымен кеңейтілген құрамдағы келіссөз үстеліне отырды.

Көрші елдердің бір-бірімен ынтымақтастық жасауында сауда-экономикалық қатынастардың орны бөлек. Бұл жағынан алғанда, Қазақстан мен Өзбекстан өз мүмкіндіктерін толық пайдаланып отыр десек, сәл артықтау болар еді. Дегенмен, екі елдің соңғы жыл­дардағы сауда-экономикалық байланысы бұрынғыға қарағанда біршама арта түскені көңіл көн­шітеді. Мысалы, өткен жылы Қа­зақ­стан мен Өзбекстан арасындағы өзара тауар айналымы 497 миллион доллардан асқан. Экспорт-импорт мәселесінде айтарлықтай айыр­машылық жоқ. Қазақстан негізінен руда, концентраттар, агроөнеркәсіп және химия өнеркәсібі өнімдерін экспорттаса, Өзбекстаннан газ, электр-техникалық жабдықтар, тамақ өнеркәсібі өнімдері алынады.

Осы тұста айтып өтейік, бұдан екі жылдай бұрын мемлекет басшылары екі елдің үкіметтеріне ортаазиялық мемлекеттердің ода­ғын құру туралы бастаманы жүзеге асыруда басты алғышарт болып табылатын еркін сауда аймағын құру жөніндегі құжат жобасын дайындауды тапсырған болатын. Осы, сондай-ақ екі елдің өзге де бағыттардағы ынтымақтастығын тереңдетумен және экономикалық мәселелер блогын жедел шешумен айналысатын үкімет­ара­лық ко­миссия құрылып, бүгінде жұмыс істеп жатыр. Оның кезекті отырысы 2006 жылдың 14 нау­рызында Астанада өтті. Комис­сияның осы отырысында шекара маңында ынтымақтастық жөніндегі орталық құру туралы да ұсыныс айтылған еді. Ол үшін кедендік режімдерді ыңғайластырып, шекара маңын­дағы сауданы жүйелеу қажет. Ал орталық Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш қаласында орналасады.

 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға сапары барысында Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығын жандандыруға ықпал ететін алты құжатқа қол қойылады деп күтілген еді. Бірша­ма уақытқа созылған  келіссөздер қорытындысында  алты емес,  жеті құжатқа қол қойылды.

Олар: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ӨР Ауыл және су шаруашылығы министрлігі ара­сындағы шегірткеге және басқа да ауыл шаруашылығы зиянкестеріне қарсы  қорғаныс шараларын  өткізу бойынша  өзара ынтымақтастық туралы келісім; ҚР Үкіметі мен ӨР Үкіметі арасындағы  халықаралық автокөлік қатынасы туралы келісім; ҚР Үкіметі мен ӨР Үкіметі арасын­дағы ғылыми және технологиялық ынтымақтастық туралы келісім; ҚР Үкіметі мен ӨР Үкіметі арасындағы 30,0-1000,0 Мгц-ге дейінгі жиі­лік белдеулеріне радиоқызметті азаматтық ерекшелігіне пайда­лануды  үйлестіру туралы келісім; ҚР Үкіметі мен ӨР Үкіметі ара­сындағы интеллектуалдық құқық меншігі аясындағы  ынтымақ­тас­тық туралы келісім; Мемлекет­ара­лық үйлестіру кеңесі туралы мемо­рандум (бұл құжат бірден қабыл­данды). Сондай-ақ Қазақ­стан Рес­публикасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев пен Өзбек­стан Рес­публикасының Президенті Ислам Каримов Бірлескен мәлім­демеге  қол қойды.

Құжаттарға қол қою рәсімінен кейін мемлекет басшылары қазақ­стандық, өзбекстандық және шетелдік БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Пре­зиденттер Қазақстан мен Өзбек­стан ынтымақтастығына байла­ныс­ты өз ұстанымдарын ашық білдірді. Бүгінгі қол қойылған құ­жаттар со­ның нақты айғағы болып табы­лады. Өйткені, екі­жақты байланыс екі мемлекетке ғана емес, Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттердің дамуына да оң ықпал етпек (баспасөз мәслихаты туралы  газеттің  алдағы нөмірінде жазылатын болады).

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Өзбекстанға сапары түстен кейін “Қазақстан-Өзбекстан” бизнес форумына қатысуымен әрі қарай жалғасты. Онда Қазақстан Прези­денті мен Өзбекстан Прези­денті кәсіпкерлер алдында сөз сөй­леп, екі елдің іскерлік ынты­мақ­­­тас­тығын жандандыру мүмкін­діктері, оны кеңейтудің жолдарына қатыс­ты ұсыныстарын ортаға салды.

Бүгінде Өзбекстанда қазақ­стандық капиталдың қатысуымен 40-тан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ Өзбек­станда 24 қазақстандық компания­ мен фирмалардың өкілдіктері ашы­лып, олар жеңіл өнеркәсіп, кө­лік қатынасы, тағы басқа сала­ларда жемісті қызмет көрсетуде. Ал Қазақ­станда Өзбекстанның инвес­тиция­лауымен 90-ға жуық бірлес­кен кәсіп­орын құрылған. Форумға екі жақтан 100-ден астам кәсіпкер қатысты.

 Қазақстан басшысы кеше сон­дай-ақ Ташкент қаласындағы бір­қатар мәдени орындарды аралады.

Кешкісін Елбасының ұшағы Алматыны бетке алды. Сөйтіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбек­стан Республикасына екі күндік мемлекеттік сапары барысында қол қойылған құжаттар мен келіс­сөздер сапар табысты аяқталды деп ой қорытуға негіз береді.

 

Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.



Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Ташкенттен.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат