Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-03-22:

Туысқан елдер арасында түйткілді жәйттер болмауы тиіс

 

Осы ұстаным Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көрші мемлекетке сапары барысындағы барлық кездесулер мен келіссөздер кезінде ту етіп көтерілген қағидатқа айналды

 

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі күндік мемлекеттік сапармен Өзбекстан Республикасының астанасы – Ташкент қаласында болғаны белгілі. Сапар барысында Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларының ынтымақтастығын дамытуға бағытталған жеті құжатқа қол қойылғанын да өткен мақаламызда жазған болатынбыз. Бұл құжаттар екі елдің достық қарым-қатынасын әрі қарай жандандыруға қызмет етпек.

 

Қазақстан мен Өзбекстан – ежелден байланыстары ешқашан үзілмеген, барыс-келістері, алыс-берістері жарасым тапқан көршілес елдер. Сондықтан болар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Өзбекстан басшылығы, Өзбекстан халқы ерек­ше құрметпен, жылы шырайлы ықы­ласпен қарсы алды. Оның үсті­не Қазақстан басшысы президент­тік сайлауда өз бәсекелестерінен озып шығып, тамаша жеңіске жетті, сайлаушылардың зор сені­міне ие болды. Сондай-ақ Қазақ­станның экономикасы қарқынды дамып, ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылық берік орныққан ел екені тағы бар. Оған Қазақ­станның халықаралық дәрежедегі алатын орнын, зор беделге ие болуын қосыңыз. Осының барлы­ғын еңбекқор өзбек халқы жақсы біліп отыр.

Жоғары дәрежелі келіссөздер ойдағыдай аяқталып, еларалық қатынастарды дамытуға негізделген құжаттарға қол қойылған соң, мемлекет басшылары қазақстандық және өзбекстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне бас­пасөз мәслихатын өткізді, сұрақ­тарға жан-жақты жауаптар қайтар­ды. Уақытқа да шектеу қойылмады. Тіпті, БАҚ өкілдеріне онша көп ашыла бермейтін Ислам Әбдіғани­ұлы бұл жолы кеңінен толғады десе де болады.

– Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлымен кездесулеріміз, жүргізілген келіссөздер ерекше табысты болғанын атап өткім келеді, – деді шаңырақ иесі ретін­де алғашқы сөзді алған Өзбекстан Президенті. – Екіжақты келіссөз­дерде Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын дамытуға байла­нысты кең көлемдегі мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, Орта­лық Азиядағы және халықаралық сипаттағы мәселелерге де мән берілді. Соның нәтижесінде жеті құжатқа қол қойылды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – Қазақ­стан мен Өзбекстан арасындағы Мәңгілік достық туралы шартты айқындайтын Бірлескен мәлімдеме дер едім. Біз екі елдің ынтымақ­тастығын барынша орнықтыруға қызмет етіп, жаңа деңгейге көтере­тін мемлекетаралық үйлестіру кеңесін құратын болдық. Кеңес екі ел президенттерінің қолдау көрсетуімен жұмыс істемек.

Өзбекстан басшысы бұдан кейін Қазақстан мен Өзбекстанның соңғы жылдардағы экономикалық қарым-қатынасына тоқталды. Келіссөздерде біздер екі елдің сауда-экономикалық ынтымақ­тастығын дамыту мәселелеріне де барынша ден қойдық, деді Ислам Каримов. Сауда айналымы соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Өткен жылы өзара тауар айналымы 500 миллион АҚШ долларына жуық­тады. Бұл біздің алыс-берісіміз соңғы үш жылда 75 пайызға артқандығын көрсетеді. Біздер енді осы салалардағы әлі де қолға алын­бай жатқан мүмкіндіктерді пай­далануымыз керек. Ол үшін алдағы уақытта екі елдің еркін сауда жасауына кедергі болып келген тосқауылдарды жоюымыз қажет. Сондай-ақ, қауіпсіздікті қамтама­сыз ету мақсатында Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруды үйлестіріп, Орталық Азияда Ядролық қарусыз аймақ құру шартына тездетіп қол қоюға уағдаластық.

Өзбекстан Президенті сондай-ақ Қазақстанның қол жеткізген табыстарына да жылы лебіз білдір­ді. Қазақстан Президенті Нұрсұл­тан Әбішұлын көптен бері жақсы білемін, деді Ислам Әбдіғаниұлы. Біз бір-бірімізді тек танып-біліп қана қоймай, пікірлесеміз де. Халық сеніп тапсырған жауапкер­шілігі өте үлкен міндетті екеуміз де атқарып келеміз. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы қазақ халқының аса көрнекті тұлғасы. Ол халық алдындағы, сай­лаушылар алдындағы өз мінде­тін үлкен абыроймен орындап жүр… Бұл жерде кімнің “лидер” екенінің қажеті жоқ. Әр Президент өзінің мін­детін жақсы біледі. Біздің дос­ты­ғы­мыз берік, алдағы уақытта да Нұрсұлтан Әбішұлымен дос­тығы­мыз берік болады. Оған сенімдімін.

Сөзінің соңында Өзбекстан Президенті Қазақстан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады.

Қазақстан Президенті өз сөзін осы сапарға арнайы шақырған Өзбекстан Президенті Ислам Каримовке алғыс айтудан және қазақстандықтар мен өзбекстан­дық­тарды мұсылман қауымының төл мерекесі – Наурыз мейрамы­мен құттықтаудан бастады.

– Біздің халықтарымыз көрші ғана емес, бауырлас та. Қазақстан мен Өзбекстан соңғы жылдары тығыз ынтымақтастықтың жаңа сатысына көтерілді, – деді Нұрсұл­тан Назарбаев. – Мемлекеттік шекараларымыз толық делимита­цияланып, бүгінде шекараны де­мар­кациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шекараларымыз достық, ынтымақтастық, бауырластық шекарасы болсын. Қазақстан мен Өзбекстанның Шанхай ынтымақ­тастық ұйымы, ЕурАзЭҚ, ТМД-ға қатысушы елдер ретінде ұстанған ұстанымдары бір жерден шығып келеді. Орталық Азияда Ядролық қарусыз аймақ құру шартына біз Курчатов қаласында қол қоюды ұсындық. Екі елдің сыртқы істер министрлері осы мәселені келіссе демекпін. Өзбекстанның ЕурАзЭҚ-қа қосылуы осы аймақтардағы интеграциялық байланыстарға елеулі үлес қосуы тиіс.

Мемлекет басшысы бұдан соң сапар барысына, келіссөздерде талқыланған мәселелерге назар аударып, оның екі елдің ынтымақ­тас­тығын нығайтудағы маңызды­лығын атап өтті. Қазақстан мен Өзбекстанның көптеген мәселелер­де ұстанымдары ұқсас, деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Келіссөздер достық және ашық жағдайда жүргізілді. Пікірталас тудыратын ешқандай мәселе болған жоқ. Бұл құжаттардың барлығы екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға қызмет ететін болады. Бүгін мемлекетаралық үйлестіру кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Кеңес ынтымақтастықты дамытуға кедергі болатын мәселелерді алып тастау жағын қарастырады. Ол біздің елдердің 2010 жылға дейінгі экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бағдарламаны дайындай­ды және үйлесімді түрде жұмыс істейді.

Елбасының атап өтуінше, Қазақ­стан мен Өзбекстан арасында тауар айналымын бүгінгіден де арттыратын мүмкіндіктер толық пайдаланылмай отыр. Біздің зиялы қауымдарымыз, әсіресе, ақын-жазушыларымыз, мәдениет пен өнер қайраткерлеріміз бір-бірімен кездесуді аңсай бастады, деді Қазақстан басшысы осы жөнінде. Қазақстандағы және Өзбекстандағы күндер жақын арада өткізілуі тиіс. Олар жиі кездесіп, біздің мәдениет­теріміз, тарихымыз жайлы ой бөлі­су­лері керек. Екі елдің БАҚ-тары Қазақстан мен Өзбекстандағы табыстарды, жаңалықтарды көрсе­тіп, ақпараттар алмасып тұрғаны тиімді болмақ. Менің бұл сапарым туысқан, әрі көршілес екі халық­тың байланыстарын жандандыруға қызмет етеді деген сенімдемін.

Баспасөз мәслихаты президент­терге сұрақ қоюмен әрі қарай жал­ғасты. Алғашқы сұрақ Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа бағытталды. 1992 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,7 миллиард АҚШ долларын құраған еді, деді Елбасы сауда-саттық мәселелеріне байла­нысты қойылған сұраққа жауап қайтарып. Бүгін 0,5 миллиард долларға жуық. Соны бұрынғы деңгейге жеткізу керек. Қазақстан­ның бизнесмендерін Өзбекстанға кіргізбеңдер деген құпия нұсқау бар деп айтады. Оның барлығы бос сөз.

Өзбекстан Президентіне Қазақ­стан мен Өзбекстанның эконо­микалық байланыстарды нығайту арқылы әлемдік деңгейде бәсеке­лестікке қабілетті тауарлар өндіру мүмкіндігіне қатысты сұрақ қойылды. Бизнес-форум Өзбекстан үшін үлкен мәртебе, деді Ислам Каримов. Оған Қазақстанның ірі бизнесмендері келіп отыр. Қазақ­стан ірі индустриялы ел, әлемге танымал өндіріс орындары бар. Бізде ондай ірі өндіріс орындары жоқ. Өзбекстандағы зауыттарға қажетті өнімдерді Қазақстаннан аламыз. Бір мысал келтірейін, біз­дегі металлур­гия зауыты негізінен қалдық өнімдермен жұмыс істейді. Олар өндірген тауар бәсекеге қалай қабілетті болмақ? Қазақстанда банк-қаржы секторы күшті дамы­ғанын жақсы білемін. Ертең Қазақ­станның Даму банкі Өзбекстаннан филиалын ашамыз десе, тек құп аламыз…

Баспасөз мәслихатында Өзбек­стан Президенті кейбір шетелдік басылымдардың Өзбекстандағы саяси жағдайларды ушықтыруды мақсат етіп, әлемдік қоғамдастыққа шындыққа сәйкес келмейтін ақ­параттарды тарататынына ренішін білдірді. “Өзбекстан ақпарат майданының астында қалды” деді осы жөнінде ол.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Өзбекстан Республикасы жаса­ған мемлекеттік сапары жемісті болғанын атап айтқанымыз жөн. Оны Қазақстан-Өзбекстан кәсіп­кер­лерінің бизнес-форумына қатысып, сөз сөйлеген мемлекет басшылары да атап өтті.

Сапарда Елбасымен бірге Сырт­қы істер министрі Қ.Тоқаев, Қауіп­сіздік кеңесінің хатшысы Б.Өте­мұ­ратов, Ауыл шаруашылығы ми­нистрі А.Есімов, Көлік және коммуника­циялар министрі А.Ма­мин, Индус­трия және сауда ми­нистрі В.Школьник, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің төрағасы А.Шабдарбаев және Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Т.Қабдрахманов болды.



Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат