Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-04-05:

Жауапкершілік сезімі бірігуге бастауы тиіс

 

Демократияық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өткені белгілі. Ол жемісті болды. Бірқатар мәселелер қызу талқыға салынып, ол бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.

 

Біз Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, аталған комиссияның мүшесі Сергей ДЬЯЧЕНКОМЕН жолығып, бірқатар сұрақтарға жауап беруін өтінген едік.

 

– Сергей Александрович, алды­мен Мемлекеттік комиссияның  мақсаты мен маңызы туралы айтып өтсеңіз. 

– Еліміз үшін Демократиялық реформалар бағдарламасын әзір­леу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс­қа кірісуі өте маңызды оқиға болып табылады. Маңыздысы, Мемлекет басшысы  ұсынған сая­си реформалардың жалпыұлт­тық бағдарламасы билік пен қоғамның барлық қоғамдық-саяси инсти­туттарымен ашық диалог негізінде жалғасын тауып келеді. Мем­лекеттік комиссия өзінің әлеуеті мен мәртебесі арқылы қалып­тасқан демократиялық дәстүрлерді дамыта отырып, еліміздегі саяси үдерістер құрылымдарын танып әрі біліп қана қоймай, оған ықпал ететініне сенім мол. Оның үстіне аталған комиссияның мәртебесі жоғары болғандықтан, ол алдыға қойылған міндеттер мен мақсат­тарды шешуге мүмкіндік береді.

– Комиссияның жұмысына қоғам қаншалықты ықылас танытып отыр дей аламыз?

– Бүгінге дейін реформалар­дағы басымдық экономикалық аспектіге орынды берілгендіктен, ол экономиканың іргетасын мық­тап қалауға мүмкіндік туғызды. Рыноктық тетіктер жақсы дамыған сайын ол транспаренттікті талап етеді. Саяси мәдениет пен іс-қи­мыл жаңаша қалыптасып, бұрын­ғы түсініктер біртіндеп жойылады. Азаматтардың арасында саяси-биліктік қарым-қатынастар үде­рісіне араласуға деген ынта артты және олардың саясатқа араласу деңгейі де көтерілгені байқалып отыр. Менің пайымымша, қоғам жан-жақты ойластырылған саяси жаңаруды, атап айтқанда, ақылмен жасалған қадамды қолдамақ.

– Қазақстан үшін қандай мемлекеттік-саяси құрылым ұтымды деп ойлайсыз?

– Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі барлық күрделі мәселелерге, Қазақстан үшін қан­дай мемлекеттік-саяси құрылым қажет, соның ішінде барлық ұсы­ныл­ған саяси жобаларды халық тарапынан сараптаудың маңызды­лығы туралы ашық та қанық айтты. Міне, осы аталған проблема оппо­зиция тарапынан соңғы жылдары жеткілікті көтеріліп келеді. Де­мократиялық реформалардың бағдарламасы аясында, ең алдымен, реформалардың заңшығарушылық қыры маңызды екендігін атап өту ләзім. Демократиялық мемлекет дегеніміз – бұл, бірінші кезекте, құқықтық мемлекет. Осы тұрғыдан келгенде, еліміздің жоғары заң шығарушы органының рөлі айтарлықтай арта түседі. Алайда, бұл Парламент “табиғи монополия субъектісі” дегенді білдірмесе керек. Табиғатында жоғары өкілетті орган қоғамдық ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс істеуі қажет. Мәселен, Парламент Мәжілісі жанынан құрылған қоғамдық сарапшылар палатасымен.

Маған сондай-ақ, фракциялар­дың мәртебесін кеңейту туралы ұсыныс әбден пісіп-жетілгендей көрінеді. Заң шығарушы органның жұмысын жақсартуда қоғамдық көмекшілер институтын енгізу, сонымен қатар, заңдардың тиімді қолданылуын саралаумен және жинаумен айналысатын Парламент жанынан арнайы ғылыми-зерттеу мекемесін құру нақты қадам болып табылар еді.  Бірақ, парламенттік реформа өте күрделі мәселе екеніне дау жоқ. Қалай десек те, бұл өзіндік мақсат емес. Мақсат – реформалар үшін сапалы діңгек дайындау. Қысқаша айтқанда, қазіргі кез өзгерістер үшін өз­герістер жасау, не болмаса саясат­керлердің субъективті бағалары емес, еліміз азаматтарының мұң-мұқтажына және талабына жауап беретін заңнамаларды ары қарай дамыту кезі болуы керек.

Қазіргі парламенттегі саяси тепе-теңсіздік оппозициялық күштерді радикалды жолға итеріп отыр деген пікірлермен өз басым келіспеймін. Түрлі бағыттағы саяси күштер Парламентте міндетті түрде болғаны жөн, өйткені, олар қоғам­дағы әр қырлы көзқарастарды бейнелеуі тиіс. Бұл – биліктің өзіндік мүддесі. Қысқасы, оппо­зиция салиқалылық пен бай­салдылық таныта отырып, қоғам­ды ары қарай дамытуда билікпен бірлесе жұмыс істегендері жөн. Мұны олар жаңадан құрылған Мемлекеттік комиссия аясында жүзеге асыра алады.

– Соңғы кездері Конститу­ция­ға өзгерістер енгізу тұрғысында пікірлер айтылып қалып жүр. Сіздің осыған көзқарасыңыз қандай?

– Өтпелі кезеңде еліміздің мемлекеттік-саяси құрылымын концептуалды өзгертуге, оның ішінде Конституцияға жеңіл қарауға болмайды. Егер мұқият ойлап көрсек, әрбір консти­туциялық аспектіде айтарлықтай саяси астар жатыр. Парламент депутаттарының санын көбей­тудің өзі Негізгі Заңымыздың нормаларына тиісті өзгерістер енгізуді қажетсінеді. Қазақстанды құқықтық мемлекет ретінде бекіту құқықтық тәртіпті нығайтуды, құқық қолдану тәжірибесін  тиімді пайдалануды және заңнамалардың тұрақты болуын талап етеді. Егер Конституцияға өзгерістер енгізсек, не болмаса жаңа Негізгі Заң қажет десек, онда мұның барлығына жетуге болар ма еді?! Заңдарды өзгерту, әсіресе, Конституцияны өзгерту тек ең соңғы қажеттілік туын­дағанда ғана баратын қадам болуға тиіс.

– Депутаттар санын көбейту керек, онсыз Парламенттің заңшығарушылық қабілеті ақсап келеді деген пікірге қосыласыз ба?

– Заңнамаларды ары қарай дамыту үшін бүгінгі таңда ел халқының сұраныстары мен талаптарын ескеріп, соның не­гізінде шешімдер қабылданғаны абзал. Депутаттар санын көбейту басты мақсат болмауға тиіс, тиісінше, ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруда Парламенттің жұмысын тиімді ету уақыт күттірмейтін міндет. Мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы­ның өткізілуі және оның құрамы қазіргі қоғамдағы барлық саяси күштердің конструктивті және тыңғылықты жұмысына қол жет­кізуге болатынына сенім арт­тыра­ды. Әрқайсымыз әр түрлі сая­си топ­тан болсақ та, бір нәр­сеге кө­зім жетеді: біздің барлы­ғы­мызды идеологиялық көз­қарас­тарымызға қарамастан, Қазақ­станның бола­шағына деген жауап­кершілікті сезіну біріктіруге тиіс. 

 

Әңгімелескен  Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

 

Елдікті ойласақ, тұрақтылықты қолдайық

 

Шойынбай ӨТЕНӘЛИЕВ, зейнеткер.

 

Тәуелсіздік алғалы 15-ші жылға қадам бастық. Осы кезеңде ел экономикасын өркендетуге бағытталған реформалар жеміссіз болмады. Одақтан енші алған сәттегі қиындықтар бір күнгідей болмай, артта қалды. Сол кезде жоқтан өзгені сылтауратып даурықпаған, керісінше, сабыр сақтап, ертеңгі күнге үмітпен қараған халқымыздың ауызбірлігі тәуелсіз Қазақстанымыздағы ұлтаралық достыққа сына қаққызбады. Ішкі-сыртқы тұрақтылықтың сақталуына да еліміздегі ынтымақтың оң әсері тиді деп ойлаймын. Әр кез алды-артына байыппен қарайтын халқымыз елін нарық қиындығының өткелегінен аман өткізген, сөйтіп, әлемдегі ең дамыған 50 мемлекеттің қатарына қоспақ болған байсалды да көреген басшысын таңдап алды. Өткен Президент сайлауында Қазақстан халқының дұрыс таңдау жасағанына күні кеше көзіміз тағы да жете түсті.

Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысына төрағалық еткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі азаматтық қоғамды дамытудың жаңа бір оң қадамын жасағанын қалың жұртшылық қуаттап, қолдап отыр. Осы басқосуда Президенттің “Ең басты міндеттердің бірі – саяси саланы реформалау. Демократия–әлемнің өркениетті елдерінің таңдауы, яғни біздің де таңдауымыз”, деп айрықша тоқталуының астарында елімізде демократиялық үдерістерге әр уақытта қолдау жасалып отырылатыны жатыр. Шындығын айтсам, елімізде демократия жоқ емес, бар. Тек оны кім қа­лай түсінетінін қайдам, әйтеуір, әсірежақсыатану­шы­лық­ты қалайтындар демократиялық қоғам құруда ұлттық құндылықтарымызды ескере бермейді. Шетелдің айдап салғанына өзеурей жөнелетіндердің енді осы басқосудан кейін ойланатындай жөні болуы керек.

Әрине, әлемнің қай елі болсын нарықтың тізгін тарттырмас қиындығынан оңайлықпен өте алмайды. Ал біздің еліміз әлемнің алпауыт 50 елімен иық теңестірмек. Бұл ТМД мемлекеттері басшыларының қызыға да, қызғана көз тігіп отырған жетістігіміз емес пе? Бас-аяғы 15 жылдың ішінде Астанадай әсем елорданы тұрғызып, ауылдардың еңсесін тіктеу, енді, міне, елде демократиялық реформалар бағдарламасын әзір­леуге ден қою — көп мемлекеттердің өңі түгілі түсі­не кірмеген саяси қадам. Бұдан еліміздегі саяси пар­тия­лар мен үкіметтік емес ұйымдардың да шет қал­май­тынына қарап, біздің келешек ұрпағымызды жарқын болашақтар күтіп тұр деп айта аламыз. Тек саяси реформалар бағдарламасын әзірлеуде әрбір ұсынысқа екі шұқып, бір қарағандай сақтық керек. Кім біледі, сырт елдердің айтағына өлердей сенетін кейбір ұйым­дар ұлттың, елдің татулығына, экономикалық дамуы­на нұқсан келетіндей ұсыныстарын өткізуге тыры­сатын шығар. “Сақтансаң – сақтармын” дегендей, айрандай ұйыған елдің ішіне іріткі түспесін деп тілейік.

Атырау облысы,

Индер ауданы.

 

“Құрбыдай қош тұттым, жасың мен кәріңді...”

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

 

Бірде құрбақалар құдайымыз­ды ұмытып кеттік, бізге бір қатал патша жіберіңіз деп Зевске сауын айтып, елші аттандырыпты. Құр­бақалардың ақымақтығына миы­ғынан күлген Зевс батпақтарына дөңбек ағашты тастап келіп жі­бе­реді. Дүңк еткен дыбыстан шо­шып кеткен құрбақалар Зевс бір қаһарлы патша жіберген екен ғой деп батпақты судың түбіне жа­сырына қалады. Бірақ дөңбек ағаш жуыр маңда қозғалар бол­майды. Ары тығылып, бері тығы­лып, дөңбек ағаштың жуастығына әбден көздері жеткен құрбақалар батпақты басына көтеріп тағы да шулай бастайды. Дөңбек “патша” сонда да былқ етпейді. Есірген құрбақалар енді дөңбектің үстіне шығып “бізге мұндай бетегеден биік, жусаннан аласа патшаның керегі жоқ” деп бірі аттандап, бірі секіріп, төңіректі азан-қазан қы­ла­ды. Аттандап қойса жақсы ғой, Зевске “патшамызды ауыстырып бер” деп тағы да ат шаптырады. Мұндай да ақымақ болады екен-ау деп күйін­ген Зевс тас-талқан болып ашула­нып, құрбақалардың батпа­ғына басы жалмаңдаған бір су жыланды жібере салады. Ашқарақ жыланның айы оңынан туып, құрбақаларды бірінен кейін бірін қылғытып жұта бастайды...

Демографиялық реформалар бағ­дарламасын әзірлеу және нақты­лау жөніндегі мемлекеттік комис­сияның алғашқы отырысындағы көтерілген мәселелер Эзоп мыса­лы­ның әлі де өзекті екенін көрсе­теді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, біздің дамуымыздың негізі – бірлік пен саяси тұрақтылықта.

               

Болды да партия,

Ел іші жарылды.

Әуремін мен тыя,

Дауың мен шарыңды.

 

Құрбыдай қош тұттым,

Жасың мен кәріңді.

Жоқтамай ұмыттым,

Ақыл мен нәріңді.

 

Ортаға көп салдым,

Өзімде барымды.

Япырмау, неңді алдым,

Сау қоймай арымды?

 

Ойымнан ой бөліп,

Қозғадың тамырды.

Көңілге тік келіп,

Кетірдің сабырды...

 

– деп келетін Абай өлеңі де Отан, Тәуелсіздік, Тұрақты даму деген елдік ұранын толықтырып тұрғандай. Осы кемеңгер ақын­ның өз заманында күйінішпен жазған “заман ақыр жастары, қосылмас ешбір бастары, біріне бірі қастыққа, қойнына тыққан тастары” деп басталатын өлеңі де бар. Тәуелсіз Қазақ елінің қанаты қатайған тұста дүниеге келген Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы төртке бөліп, талдап берген тапсырмалар кешегі данышпан ақын көтерген заманауи-адами мәселені шеуге бағытталған сындарлы саясаттың басы деп білейік.

 

Тараз.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат