Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-04-21:

Ардагерлердің тәжірибесі мен даналығы

Мақтай САҒДИЕВ, Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың: “Абзалы, жер бетінде аға ұр­пақ­ты құрметтемейтін халық жоқ болса керек, солай болса-дағы біз­дер­дің, қазақстандықтардың, арда­герлерге деген көзқарасымыз ерек­ше болуға тиіс” және “Бүгінде аға ұрпақтың мұқтаждықтары туралы ұмытпау – біздің қасиетті перзент­тік парызымыз” деген сөздері мен жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаула­рында көрініс тауып отырған зейнет жасындағы адамдарға қатысты қамқорлықтар еліміздегі ардагерлер мен қарттардың нақты жағдайын танытса керек. Бұл туралы бүгін Астанада ашылатын республика ардагерлерінің V съезінде жан-жақ­ты айтылады деген ойдамын.

Республика ардагерлерінің бас­тауыш ұйымдарында, аудандық, қа­лалық және облыстық кеңестерінде есеп беру - сайлау жиналыстары аяқталды. Осы төтенше маңызды және жауапты науқанның қоры­тынды сәті Қазақстан ардагерлері ұйымының съезі болмақ. Оған де­ле­гат болып есімдері елімізге әйгілі, еңбектері сіңген адамдар – Ұлы Отан соғысына қатысушылар, соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері, Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбек сіңірген зейнеткерлер, республикалық және облыстық ве­дом­стволардың бұрынғы басшыла­ры сайланған. Олардың арасында: даңқты ұшқыш-шабуылдаушы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, екі мәрте Со­циа­листік Еңбек Ері, Қазақ аза­маттық авиация басқармасының бұрынғы бастығы Николай Куз­нецов, Шығыс Қазақстаннан Даңқ орденінің толық иегері, Халық Қа­һар­маны Александр Капорин, Социалистік Еңбек Ерлері: Қара­ғанды облысынан – Ыдырыс Жұмабеков, Қызылорда облысынан – Оразбай Әбішев, Оңтүстік Қазақстан облысынан – Жұмагүл Сәуірбаева, сондай-ақ ҚР ҰҒА-ның академигі, Алматы қалалық арда­герлер кеңесінің төрғасы Еренғайып Шайхутдинов, профессорлар Әмір­хан Қарасай мен Венера Омарова, ғылым кандидаттары Сейілбек Шаухаманов пен Химан Яшев, қазақ жерінің құрметке бөленген басқа да адамдары бар.

Есеп беру-сайлау барысында бес жыл кезең ішіндегі біздің қыз­метіміздің қорытындылары шыға­рылды, кемшіліктердің беті ашылды, болашақтағы міндеттер анықталды, сайланбалы органдар құрамда­ры­ның шамамен үштен бірі жаңар­тылды.

Ардагерлер ұйымдарындағы есеп беру-сайлау науқаны Мемлекет бас­шысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған жоғары қоғамдық-саяси белсенділік ахуалында өткендігін атап көрсет­кен жөн.

Кең ауқымды және терең маз­мұнға толы, республиканың әлем­дегі бәсекеге барынша қабілетті елдер қатарына кіруінің стратегия­сын анықтап берген құжат ретінде Жолдауға қарт адамдардың ыстық ықылас білдіруі, оны талқылауға ниет етуі науқан барысына оң әсе­рін тигізді, есеп беру-сайлау жина­лыстары мен конференцияларына неғұрлым нысаналы мақсат сипа­тын берді.

Жолдауды тұтастай мақұлдай отырып, ардагерлер оны дәуірлік маңызы бар деп есептейді, өйткені ол іс-қимылдарымыздың жуықтағы кезеңдегі, сонымен бірге болашақ­тағы өте салиқалы бағдарламасы болып табылады. Міне, сондықтан да республиканың ардагерлер ұйы­мы Жолдауды зерделеп қана қой­май, сонымен бірге өздерінің күш-мүмкіндіктеріне қарай оны халық ара­сында насихаттау мен түсіндіруге ат салысып отыр.

Ең бұқарашыл және ірі қо­ғамдық бірлестік болып табылатын республикалық ардагерлер ұйымы ешқашан да ел өмірінің сырттан байқаушысы болып қалған емес, ол әманда айқын азаматтық тұғырдан табылып келеді және мемле­кеті­міз­дің ішкі және сыртқы саяса­тын ма­құлдай отырып, барлық ша­раларға тікелей қатысатынын айту ләзім.

Мұның мысалы ретінде 2005 жылғы 4 желтоқсанда болып өткен Қазақстан Президентінің сайлауын келтіруге болады. Елдің барлық өңір­­лерінде жүздеген ардагерлер Н.Ә.Назарбаевтың сайлауалды штаб­­та­­рында белсене жұмыс істеді, оның сенім білдірген адамдары бол­ды. Ал бүгінде біз сайлау нәтиже­лерін заңды түрде мақтаныш етеміз.

Немесе Ұлы Отан соғындағы Же­ңістің 60 жылдығына әзірлік пен оны мерекелеу шараларын алайық­шы. Еш әсірелеместен мынаны айтуға болады: Мемлекет басшы­сының, Үкіметтің, әкімдіктердің пәрменді түрде қолдау жасауымен ардагерлер ұйымдары Қазақстанда мерейтой салтанаттарының кең көлемде, мазмұнды да лайықты өтуі­не қолдан келгеннің бәрін жасады.

Бүкіл есепті кезеңде Орталық кеңес, өңірлік ардагерлер ұйымдары барынша маңызды және көкейкесті мәселе – қарт адамдардың, бірінші кезекте Ұлы Отан соғысының мүге­дектері мен қатысушыларының, со­ғыс жылдарындағы тыл еңбеккер­лерінің, басқа да зейнеткерлердің материалдық әл-ауқаты мен тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлары, оларға қажетті көмек пен қолдау көрсету мәселесін жалпы мемлекеттік, сон­дай-ақ өңірлік деңгейде көзден таса қалдырмауға ұмтылды.

Өткен уақыт ішінде іс жүзінде зейнетақы төлемдерінің мөлшері жыл сайын арттырылды. Егер 2001 жылы республикада зейнетақының ең төменгі мөлшері 4000 теңге бол­са, 2006 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап ол 6700 теңгеге, ал базалық зей­нет­ақымен бірге есептегенде 9700 тең­геге жетті немесе екі еседен ас­там көбейді. Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері айтарлықтай өсіп, 13 000 теңгеден асып отыр.

Ұлы Отан соғысының мүгедек­тері мен қатысушыларына төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы мөл­шері екі еседен астам өсті және қазір ол 15 450 теңге болды.

Президенттің Қазақстан халқына жаңа Жолдауына сәйкес биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жә­не мүгедектеріне теңестірілген адам­дарға, қайтыс болған жауынгер­лер­дің жесірлері мен отбасыларына, қа­за болған соғыс мүгедектерінің әйел­­дері мен ерлеріне, соғыс жылда­рындағы тыл еңбеккерлеріне, черно­быльдықтарға және кейбір басқа да зейнеткерлерге арнайы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерлері кө­бейтілетіні белгілі.

Қарт адамдарды толғандыратын көптеген мәселелерді ардагерлер ұйымдарының бастамасы бойынша жергілікті билік органдары ойда­ғы­дай шешуде. Бұлар – зейнеткерлер үшін қалалық қоғамдық көлікте те­гін немесе жеңілдікпен жүру, комму­нал­­дық қызметтер көрсетулеріне, пәтерлерді телефондандыру, салқын және ыстық су, газ жұмсалуын есеп­теу аспаптарын орнату ақылары бойынша белгілі бір жеңілдіктер беру. Көптеген қалалар мен аудан­дарда ардагерлерге көпшілік қолды тауарларды төмен бағалармен сата­тын дүкендер немесе дүкендердегі арнаулы бөлімдер, қайырымдылық асханалары жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға шаш­тараздардың, моншалардың, тұрмыстық қызмет көрсетулердің, басқа да кәсіпорындардың тегін қызметі жүзеге асырылуда.

Сонымен бірге ардагерлер орта­сында әлі де болса көптеген пробле­малар бар. 1926, 1927 жылдары туған, соңғы шақыруларға ілігіп, со­ғыс кезінде тұрақты армияда қызмет атқарған, бірақ ұрыс қимылдарына қатыспаған әскери қызметшілерді, концлагерлердің кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарын, ҚР алдында ерекше еңбек сіңірген зейнет­кер­лерді зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері жалпы мемлекеттік дең­гейде шешімін таппай келеді. Соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлері мен зейнеткерлердің басқа да санат­тарына арнаулы жәрдемақы мөлше­рін көбейте түссе болар еді.

Егде адамдар негізгі тамақ өнім­дері бағаларының және коммунал­дық қызмет көрсетулер тарифтерінің үнемі өсуіне де алаңдаушылық біл­діруде. Осымен байланысты Орта­лық кеңес ардагерлер ұйымдарының алдына мынадай: бір жағынан, қа­зір­гі заңнамалар ауқымында бағалар мен тарифтерді тежеу жөнінде мүм­кін болатын барлық шаралар қабыл­дауды, ал екінші жағынан – билік құрылымдарынан аз қамтамасыз етіл­ген және аса мұқтаж зейнет­керлер үшін өтемақылар талап ету міндетін қояды.

Көптеген ардагерлер үшін жайлы тұрғын үй алу әлі де елеулі проблема болып қалып отыр. Әсіресе, бұл проб­лема ардагерлердің ауылдардан, аудан орталықтарынан Астанаға және облыс орталықтарына қоныс аударуы белең алған соңғы жылдары күрделеніп кетті. Ардагерлердің тұрғын үйлерін жөндеу мәселесі де аса көкейкесті мәселеге айналуда. Мұның өзі ардагерлердің басым көпшілігінің кезінде тиісінше жөн­деуден өтпестен жекешелендірілген, әбден тозығы жеткен ескі үйлерде тұрып жатқанына байланысты бо­лып отыр.

Қияндағы, шалғай елді мекен­дер­де, мал жайылымдарында тұра­тын ардагерлерге білікті медицина­лық көмек көрсетуге, қарт адам­дар­ды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге байланысты белгілі бір қиын­дық­тар да бар.

Республикалық Ардагерлер кеңе­сі, бастауыш ардагерлер ұйымдары қарт адамдарды толғандыратын бар­лық осы және басқа да проб­лема­лар­ды жақсы біледі, оларды өздері­нің бақылауына алған, бұл мәселе­лер­ді шешумен жұмыс істеуде және бұдан былай да табандылықпен жұ­мыс істейтін болады.

Атап айтқанда, біз ардагерлер ұйым­дары мен кеңестеріне ардагер­лердің материалдық және түрғын үй-тұрмыстық жағдайларына жүр­гізілген зерттеулер материалдарын жан-жақты әрі терең талдауды дәй­ек­тілікпен ұсынып келеміз, ал бұл жұмыс аяқталмаған жерлерде – оны міндетті түрде жуық уақытта аяқтау керек. Аса мұқтаж ардагерлерді анықтау және оларға қолдан келген көмек көрсетілгені жөн.

Біз сондай-ақ өскелең ұрпаққа біздің өмірімізде болған барлық жақсы атаулының бәрін, ардагерлер соғыс жылдарында, Отанымызды басқыншылардан қорғау кезінде, сонымен бірге бейбіт кезеңде – со­ғыс­тан кейінгі халық шаруашы­лы­ғын қалпына келтіру, тың және ты­ңайған жерлерді игеру барысын­дағы, Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін алу жылдарында жи­нақ­таған аса мол тәжірибені беруі­міз­ді өзіміздің міндетіміз, қастерлі парызымыз деп есептейміз. Сон­дықтан жастарды отансүйгіштік және имандылық рухында тәрбиелеу жұмысы да ардагерлер ұйымдары қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып қала бермек.

Республикалық ардагерлер ұйы­мы оқшауланып жұмыс істемейді. Біз басқа елдердің ардагерлер ұйым­да­рымен байланыс орнатып, олар­дың жұмыс тәжірибесін үйреніп, өзімізде қолданып келеміз. Біздің еліміздің бірнеше ардагерлер деле­гациясы Белоруссияда, Украинада болып, бұрынғы шайқастар орын­да­рына барып қайтты, қаруласта­ры­мен кездесті, бауырластар зиратта­рына гүл шоқтарын қойды, жұмыс тәжірибесімен алмасты.

Біздің Ресеймен шекаралас об­лыстық кеңестеріміз Челябі, Омбы, Новосибирь және басқа да облыс­тар­дың ардагерлер ұйымдарымен ты­ғыз байланыстар орнатқан, арда­гер­лер делегацияларымен алмасып келеді.

Бұрынғы қазақстандық май­дангерлер Мәскеу қаласында болып, Жеңістің 60 жылдығы құрметіндегі Қызыл алаңдағы мерейтой сал­танаттарынан, біздің жерлестерімізге – Кеңес Одағының Батырлары Иван Панфилов пен Бауыржан Мо­мыш­ұлына ескерткіш ашылуынан естен кетпес әсерлер алып қайтты.

Қазақстанның ардагерлар ұйымы “Тәуелсіз мемлекеттер ардагерле­рі­нің (зейнеткерлерінің) қоғамдық ұйым­дары достастығының” халық­ара­лық одағының үйлестіру кеңесі­нің құрамына енген, оның қызме­тіне қатысып отырады. Біз Үйлестіру кеңесінде Достастық елдерінің ардагерлер қозғалысына және қарт адамдардың материалдық және тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларына қатысты мейлінше көкейкесті проб­лемалар мен мәселелерді талқы­лауға, олардан осы елдердің басшы­лары мен үкіметтерін құлағдар етуге және туындаған проблемаларды шешуге ұмтылып отырамыз.

Еліміздің ардагерлері қоғамдық қозғалыстың әрдайым алдыңғы қатарынан табылып, өздерінің мол өмірлік тәжірибелері мен даналығын жастар тәрбиесіне пайдаланады, сөй­­тіп Қазақстанға қызмет ете беретін болады.

 

“Фронтовичка” – майдангер әйелдер клубы

 

А.МИТРОХИНА, “Фронтовичка”  клубының төрайымы.

 

1989 жылы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың му­зей-үйі жанынан Ұлы Отан со­ғысына қатысқан 68 майдангер әйелді бітіктіретін “Фронтовичка” клубы құрылған болатын. Осы­лай­ша бір кездері ер азаматтармен бірге қан майданда жүрген әйелдер өмірлерінің қызықты бір кезеңін бастады. Клуб бір топ адамды бі­рік­тіріп отырған жай қауымдастық емес, оны табандылық пен батыр­лықтың жанды үлгісі, рухани күш пен ізгіліктің салтанаты десек бо­лады. Ол 17 жылдан бері жас ұр­пақ­тың әскери-патриоттық тәрбие жұмысына белсене қатысуда. Клуб­тың жұмысына Батыс Қазақстан облыстық қорғаныс істері жөніндегі басқарманың бастығы, полковник Ғ.Мұқатаев көп көңіл бөледі. Оның бастамасы бойынша клуб мүше­ле­ріне әскери форма тігілді. Сондай-ақ музей директоры С.Бектенова клуб жұмысына белсене қатысады.

Клуб мүшелері әскери бөлім­дерде болып, жауынгерлермен, оқу орындарында оқушылармен және студенттермен, облыс қалалары мен аудандарының жұмысшы жас­тарымен кездесіп тұрады. Есте­ліктер айтады, концерт қояды, өзде­рі жазған жырларын оқиды.

Майдангер әйелдер Мәншүк Мәметованың кіндік қаны тамған Орда кентінде және ол ерлікпен қаза тапқан Псков облысының Невель қаласында болды. Сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері мен ерлік көрсеткен орындарында бо­лып қайтты. Осындай белсенді жұмыстарымыз үшін облыс әкімі Нұрғали Әшімов клуб мүшелеріне “Газель” автокөлігін сыйлады.

Былтырғы жылы Жеңістің 60 жылдығына орай “Фронтовичка” клубы көп жұмыс жүргізіп, қалада мерекенің салтанатты атап өтілуіне үлкен үлес қосты. Клуб мүшеле­рі­нің төртеуі мерекені Астана қала­сында атап өтсе, маған Мәскеуде болу құрметі көрсетілді.

Біз алдағы кезде де жастар ара­сында патриоттық жұмыстарды өрістете түсіп, оларды Президент Нұрсұлтан Назарбаев алға қойып отырған міндеттерді атқаруға жұмылдыра береміз. Өзімізді әр­дайым алдыңғы сапта сезінеміз.

 

Орал.

 

Жақсы істерге ұйытқы болу – парыз

 

Елеубек ДАЛБАҒАЕВ, Алматы облысы ардагер­лер кеңесінің төрағасы.

 

Үлкенін сыйлаған ел азбайды дейтін даналық сөздің тәрбиелік маңызы зор. Бұл ұлағатты сөз ға­сыр­лар бойы қалыптасып, халқымыздың баға жетпес мұраларының біріне айналды. Ол ешбір заңда жазылмаса да, ұрпақтар бойына ана сүтімен да­рыған дәстүр. Үйге жасы үлкен адам кіргенде отырған жұрттың орнынан тұрып, сәлемдесіп, төрден орын беруі, үлкен келе жатқанда жасы кішінің алдын кеспеуі, үлкен тұр­ғанда кішінің сөз бастамауы, дастар­ханға ақсақал бата бермей, ешкімнің дәм татпауы, сәби аяғын тәй-тәй басқанда қарт аналарға тұсауын кес­тіру, келін түскенде қарттарға сәлем жасату, тағы басқа үлкендерге құр­мет көрсету дәстүрлері – халқы­мыздың қанына сіңген жарасымды әдеттері. Сондықтан да қазақ халқы “қарттарың – қазынаң” деген ұла­ғатты сөзді ақыл тұтқан.

Әрине, бұл дәстүрлер тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жарқырай көрініп, уақыт талабына сай, мазмұ­ны байи түсуде. Мұның бәрі еліміз­дің ардагерлеріне жақсы қартая білу­дің қандайлық бақыт екендігін ұғын­дыратыны анық. Ал елдік тұрғыдан келгенде бұл ардагерлердің жақсы істерге ұйытқы болып, елдің бірлігін арттыру үшін еңбек етуін талап ететіндігі анық. Сондықтан да біздер үшін еліміздегі саяси тұрақтылықты сақтау, Президент Жолдауын жан-жақты насихаттау жауапты міндет болып табылады.

Алматы облысы – республика­мыз­дағы береке-бірліктің іргесі сөгілмеген, еліміз бастан кешкен қиын­дықтарға қарамастан халықтар достығына сызат түсірмеген өлкенің бірі. Бүгінде облысымызда 154 мың­нан аса ардагерлер мен зейнеткерлер болса, олардың барлығы – кезінде қан майданда ерліктің өнегесін көр­сеткен қаһармандар, Жетісу жерінің экономикасын нығайтып, мәдение­тінің өсуіне зор үлес қосқан еңбек­кер­лер. Олар Қабан­бай мен Райым­бектің, Сүйінбай мен Жамбылдың, Бақтыбай мен ақын Сараның ұрпақ­тары. Солар­дың ішінен ардагерлер­дің респуб­ликалық съезіне сайланған делегат­тарды: сексеннің сеңгіріне шығып отырған бақытты әже, ке­зінде ел басқарған, жастарымызды ең­бекқорлыққа, әділдікке тәрбие­ле­ген облысымыздың құрметті азаматы Б.Сақауованы, қаршадайынан ең­бек­ке араласып, елінің, жерінің бей­нетін арқалай жүріп, бүгінде зей­нетке бөленіп отырған Райымбек батырдың ұрпағы С.Оразаевты, бүкіл саналы ғұмырын өзінің туған жері – Алакөл өңірін өркендетуге арнаған, бүгінде облыстың құрметті азаматы Ә.Ахановты, Сүйінбай мен Жам­был­дың топырағынан шыққан, аудан­ның ардагерлер кеңесін басқарып, жұртқа ақылшы болып жүрген Қ.Ата­гелдиевті, ел басына күн туған кезде етікпенен су кешіп, Ұлы Же­ңіс­тің жақындауына үлес қосқан соғыс ардагері, педагог, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дәріс беріп, адамгершілік қасие­ттерінің қалып­тасуына себепкер болған С.Исаевты, жастарымыздың бойында еңбекқор­лық­ты, Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеп жүрген Талғар ауданы ардагерлер ұйымының төрағасы Н.Ка­дацкихті және басқаларды ай­рықша атауға болады.

Облыс ардагерлерінің жақсы іс­терге ұйытқы болуы облыс әкімі Серік Үмбетовтің тарапынан қолдау тауып отырғаны қуантады. Үлкенге деген сый-құрмет – әкімнің күн­делікті іс-тәжірибесінің арқауы. Сон­дықтан да біздің мұндай шара­ларымыз алдағы кезде де жалғаса беретін болады.

 

Көшпелі семинардың берері көп

 

Тұрарбек ИГІЛІКОВ, Маңғыстау облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы.

 

Ардагерлер арасында жұмыс жүр­гізу үшін жыл сайын көшпелі семинар өткізуді дәстүрге айнал­дыр­дық. Оған қалалық және аудандық кеңестердің жетекшілері мен бел­сен­ді мүшелері қатыстырылады. Олар­дың барысында алда тұрған міндет­терге байланысты жан-жақты мәселе қозғалып, қатысушылардың кеңінен пікір алмасуына жағдай жасалады. Осылайша, бірлесе отырып дұрыс ше­шім қабылдауға, жақсы тәжіри­белерді таратуға жағдай туғызылады. Мәселен, былтырғы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығын мерекелеуге байланысты, биыл Пре­зидент Жолдауын насихаттауға қа­тысты мәселелер қаралған көшпелі семинарлар өткізілді. Ақшұқыр, Тау­шық ауылдық аймақтарында (төр­ағалары – Қ.Майшаев және Т.Қа­лауов), Бейнеу және Маңғыстау ау­дандарында (төрағалары – Қ.Есма­ғанбетов және С.Нұржанов) өткен семинарларда келелі мәселелер қоз­ға­лып, онда ардагерлер өздерін толғандырып жүрген сұрақтары мен өтініштеріне нақты жауаптар алды.

Ардагерлердің басқосуы мен кездесулерде олардың хал-жағдайын білу, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың қамқорлығымен жасалып отыр­ған жеңілдіктердің жүзеге асы­рылуын анықтау қалыпты ісіміз. Біз­дің ұсынысымызбен жиырмаға жуық соғыс ардагері Қазақстан Респуб­ли­касының орден-медальдарымен марапатталса, Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында әуелі 14, одан кейін 18 ардагерге жеңіл автокөлік берілді. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласындағы бір топ ардагер “ҚазМұнайГаз” ком­паниясының қамқорлығымен 4 күн Мәскеуде болып, тарихи орындарды аралап, демалып қайтты. Облы­сы­мыздан 21 ардагер Мәскеу мен Ас­танада өткен салтанатты шерулерге қатысты.

Облыс орталығы – Ақтау қала­сында соғысқа қатысқан және тылда еңбек еткен 158 адамдық Қарттар үйі бар. Жаңаөзенде Ардагерлер үйі са­лынып, Форт-Шевченко қаласында Қоғамдық келісім үйі жұмыс істейді. Ардагерлер арасында белсенді жұ­мыс істеп жүрген Ақтау, Жаңаөзен қалалары ардагерлер кеңестерінің төрағалары О.Рахымбердиевті, О.Ал­шынбаевты, Бейнеу, Түпқараған аудандарынан Қ.Есмағамбетов пен Б.Таңғұловты және облыстық ішкі істер басқармасының ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Келжановты айрықша атап өтуге болады.

Наурыз мерекесі қарсаңында об­лыс әкімі Қырымбек Көшербаев бір топ ақсақалды қабылдап, игі тілегін білдірді. Маңғыстау облысының қа­лыптасу және даму кезеңдерінде өз үлестерін қосқан ардагерлердің еңбегін атап өткен ол облыс әкімі жанынан ардагерлер кеңесін құру туралы ұсынысын айтты. Кеңестің мақсаты – қоғамдық рухани келі­сімді нығайту, татулық пен ішкі тұ­рақ­тылықты сақтау, жастар тәрбие­сіне ат салысу, жақсы істерге ұйыт­қы болу. Ереже бойынша оның мүшелері облыс әкімінің шешімімен бекітіледі. Кеңестің төрағасы болып облысқа белгілі қоғам қайраткері Нәсіпқали Марабаев сайланды.

Еліміздің тәуелсіздігін көріп, оның орнығуына қолдан келгенше үлес қосып жүрген ардагерлерді ба­қытты деп білемін. Елбасының жыл сайынғы Жолдауында ардагерлер мен қарттарға жасалып жатқан жақ­сылықтар мерейімізді өсіре түседі. Биылғы Жолдауда да еліміздің өр­кен­деуі, халықтың әл-ауқатын жақ­сарту мақсатында көптеген міндеттер бел­гіленген. Жолдаудағы тапсырма­ларды орындауға жұртты жұмылдыру жауапты парызымыз деп білеміз.

 

Жастарды жақсы дәстүрлерге баулиық

 

Қауысбай ШОРТАБАЕВ, Атырау облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы.

 

Атырау облысы ардагерлер ұйымының қатары соңғы кездері жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан қарттар есебінен едәуір өсті. Қазір ұйым есебінде 40 мыңға тарта мүше бар. Бір қалалық, жеті аудандық ардагерлер кеңестері мен 122 бастауыш ұйым жергілікті әкімдіктермен, жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаменттерімен, өздері еңбек еткен кәсіп­орын, мекеме және бірлестік ұжымдарымен тығыз байланыста болып, қызметтерін атқарып келеді.

Облыста ардагерлерге жасалып жатқан қам­қорлық жан сүйсінді­реді. Солардың бәрін тізбе­лемей-ақ, облыс әкімі Аслан Мусиннің арнайы шешімімен Отан соғысына қатысушылар 2005 жылғы 1 ма­мыр­дан бастап барлық комму­нал­дық төлемдерден біржолата боса­тылғанын айтудың өзі жетіп жатыр.

Осындай қамқорлыққа сай ардагерлер де қо­ғам өміріне бел­сене қатысып, маңызды шараларға ат салысып келеді. Солардың ішінде жастар тәр­бие­сіне қатысу, бұл шараны түрлі кездесулер өткізу, жастарға соғыстың қиын кезеңдері, бейбіт еңбектегі табыстар туралы естеліктер айту арқылы жүргізу айрықша маңызды саналады. Ардагерлер ұйымдары жастарды жақсы дәстүрлерге, отан­шыл­дыққа, патриотизмге тәрбиелеу ісін мақсатты да белсенді жүргізіп келеді. Бұл жөнінде Исатай, Индер, Мақат, Қызылқоға аудандық ардагерлер кеңестері тәп-тәуір тәжірибе жинақтады. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығына әзірлік және оны өткізу кезінде әскери-патриот­тық тәрбие жұмысы өрістей түсті. Жуырда жергі­лікті баспадан шыққан “Жеңіс сарбаздары” атты кітап ардагерлердің отты жылдардағы жауын­герлік ерлігін көрсетуге арналды.

Әлбетте ардагерлермен жұмыс, оларға қам­қорлық жасау бір кезеңдік, науқандық іс емес. Ол үнемі жүргізіліп, ықыласпен жұмыс істеуді, табан­дылықты қажет етеді. Жуырда өткен облыс ар­дагерлерінің конференциясында ұйым жұмысына жан-жақты талдау жасалғанда осындай мәселелер нақты айтылды. Конференцияға облыс әкімі А.Мусин қатысып, сөз сөйледі.

Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы – айрықша құжат. Оны насихаттау, жастарға түсін­діру, сол сияқты еліміздің алдында тұрған күрделі міндеттер жөнінде түсінік беру айрықша көзқа­рас­ты, шеберлікті талап етеді. Еліміздің әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруі бір жылдың ісі емес, Елбасы оны таяудағы 10 жылдың міндеті деп отыр. Олай болса бұл бү­гінгі студенттер мен жоғары сынып оқушылары бел­сене қатысатын шаруа деп білеміз. Сондықтан да бәсекеге қабі­леттілікті насихаттау жұмыстарын мек­теп­терден бастау керек. Жас­тарды жақсы­лыққа баулу осындай шаралардан қалыптасады.

 

Еңбеккер қалада тағылымды істер көп

 

А.КУРЬЯНОВА, Саран қалалық ардагерлер  ұйымы кеңесінің төрайымы.

 

Жан-жақты қамтамасыз етілсе, құрметке бөленіп, үлкен шешім­дердің алынуына қатысты болып жүрсе, бақытты қарттық деп соны айтатын болар. Жасың келген соң үйде тыныш отырып, бала-шаға­ның айғайшысы болып жүруге де болатын шығар. Айналып келгенде, отбасы тұрғысынан, әулет тұрғы­сынан бұл да қажетті шаруа. Бәрі­міз аралас-құралас жүретін қазақ халқында қарттарды қазына деп санау дәстүрі бар. Менің көп та­ныстарым үйдегі үлкендерін берекеміз деп қастерлейді.

Ал енді жастық шағы, еңбек еткен жылдары кеңестік кезеңде өткен бүгінгі ардагерлер мен зей­неткерлер бойындағы белсенділікті, өмір бойы қалыптасқан іскерлікті бір нәрсеге жұмсасақ деп құлшы­нып тұратыны бар. Бұл да жақсы қасиет және оны тиімді арнаға бұ­рып, пайдалы іске жұмылдыру айрықша маңызды. Тіпті кейбір жа­сы келген адамдардың өндірісте жұмыс істеп жүргендерін, қазіргі­дей еркіндік жағдайында бизнеспен белсене айналысатынын жақсы білемін. Біздің ұйым ондай адам­дарға үнемі қолдау жасап отырады.

Қалалық ардагерлер ұйымын басқарып келе жатқаныма 15 жыл болыпты. Аз мерзім емес. Осы жылдарда жинақталған тәжірибе ұйым жұмысын дұрыс құруға мүм­кіндік береді. Оның үстіне Қара­ғанды облыстық және респуб­ликалық ұйымның жетекшілері кездескен сайын жұмыстың жайын сұрап, пікір алмасып, ақыл-кеңес айтады. Мұның өзі ұйым жұмысын жаңғырта түсуге септігін тигізуде.

Әрине, ұйымымыздың басты бір міндеті — ардагерлерге жағдай жасалуы, берілген жеңілдіктерді пайдалануы, сонымен бірге олар үшін жеңілдіктердің жаңа түрлерін алуға қол жеткізу болса, бұл тұр­ғыда атқарылып жатқан шаралар баршылық.

Қала ардагерлері “Мудрость”, “Глобус” клубтарында жүйелі бо­лып тұрады, “Атамекен”, “Бола­шақ”, “Патриот” балалар клубтары, “Допризывник”, Жастар шығарма­шылық ұйымы сияқты мекемелер ардагерлерді асыға күтіп отырады. Қалада патриоттық тәрбие және бұқаралық қорғаныс айлығын өт­кізу дәстүрге енген. Сол сияқты қа­ла ардагерлері мектептерге бөлініп, оларды қамқорлыққа алған. Мәсе­лен, 18 соғыс ардагері ерлік сабақ­тарын өткізуге қатысса, жыл сайын “Ардагерлер ән салады” облыстық фестиваліне бару дәстүрге ай­налған.

Ардагерлер – мазасыз жандар. Олар өздерінің жай-күйіне емес, қаладағы жастар тәрбиесіне, қала экономикасының дамуына көп мазасызданады. Сонымен бірге жастар арасындағы таланттарды ашуға, қараусыз қалған бірен-саран қарттарға қамқорлық ұйымдас­тыруға жанашырлық танытып жүр­гені. Бұл – жақсы белсенділік. Жастарға барынша жұғысты бол­сын дейтін қасиет.

 

Қарағанды облысы.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат