Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-04-22:

Қазақ әдебиеттану ғылымы: Бүгіні мен ертеңі

 

– Еліміз тәуелсіздік алып, еңсемізді түзегелі де біраз жыл болды. Рухани санамыз жаңартылған жылдар ішінде қазақ әдебиеттану ғылымында қандай жаңа бағыттар, тың ізденістер бар деп ойлайсыз? Жалпы, ұлттық ғылымның бүгіні мен ертеңіне деген көзқарасыңыз...

– Әдебиет деген қазақтың ұлттық мәдениетінің үлкен бір саласы ғой. Оның дамуы ұлттың тілімен, ділімен, ұғым-түсінігі, парасатымен, дүниетанымымен тікелей байланысты. Осының бәрі көркем туынды арқылы көрініп, халықтың санасына сіңген, оның рухани өмірін қалыптастырған. Әдебиет туралы ғылым (әдебиеттану) көркем әдебиеттің осы жолдағы ізденісін, табыстарын, халықтың ұлттық бейнесін ашудағы еңбегін, ойлау мен бейнелеудің жол­дарын жинақтайды, қорытындылайды. Сөйтіп, әдебиет тарихы жүріп өткен жол бүгінгі ұрпақтың ұлттық ой-санасының жаң­ғы­рығуына әсер етеді. Әдебиеттің тәрбиелік мәні, өмір танудағы қызметі – бәрі де сын еңбектер мен зерттеулерде ашылады.

Бұрын біз әдебиет тарихын тұтас алып, оның ұзақ дәуірлердегі дамуының заңдылығы деген мәселені көтеретіндей жағдайда болмадық. Тарихи дамудың ке­ңес идеологиясына жақын жағын ғана қарастырдық. Мәдени мұрамыз түгелге жуық жабық жатты. Оның жабылуы да қазақтың ұлтжанды зиялыларының ой-пікірін таптау, жоққа шығару, тіпті өз­де­рін де аяусыз жазалаумен қатар жүр­гі­зіл­ді. Ар жағына бармағанның өзінде, мен елуін­ші жылдардағы Қазақстандағы “ұлт­шылдық науқанды” көзіммен көрген адам­мын. Сол тұста мәдени мұраны баға­лауда “ұлттық” деген ұғым ауызға алын­бай, таптық көзқарас билеп кетті. Қазақ эпо­сының басты қаһармандары бай баласы, хан қызы болғандықтан, жырдың өзі рулық, феодалдық қарым-қатынасты суреттегендіктен – бәрі де социализм игі­лігіне жарамай қалды. Тоқсан үйлі то­быр­дан шығып, соларды аң аулап асыраған Қамбар батыр мен кедей, тазша кейіпкерлер ғана ұлттық саналды. Көне мұралар мен діни ұғым-түсініктен туған жырлар жалпы ауызға алынбады. 60-жылдардың бер жағында (И.В.Сталин өлгеннен кейінгі партиялық режімнің жұмсаруы) осыларды шет жағалап қайта қарағанмен, тұтастай алғанда, ұлттық мұ­ра­ны түгел аша алмадық. Тәуелсіздік ал­ға­лы бері ғана бұған жол ашылды. Біз бүгін қазақ халқы ғасырлар қойнауын ақ­тарып-төңкеріп жүріп туғызған әдебиетті (фольклорлық, ауызша және жазбаша шығарылған) тұтастай жинақтап қолға ұстап отырмыз. Оны ұлттың игілігіне айналдыру жолындамыз. Қазір 20 томы шыққан, барлығы 100 том боп басылады деп жоспарланған “Бабалар сөзі”, “Қазақ әдебиетінің тарихы” (10 том) осы мұраны игеру жолындағы үлкен істің басы ғана.

Алыс дәуірлерден бүгінгі күнге дейін жүріп өткен қазақ әдебиетінің тарихына көз салсақ, осы кезеңдердің барлығында да үзілмей жалғасып отыратын ұлттық идея бар екенін байқаймыз. Ол – тәуел­сіздік идеясы, қазақтардың ұлттық мем­ле­кетін сақтау, сыртқы жаудан қорғау, осы жолда бірігу идеясы. Жасалып жат­қан әдебиет тарихында бұл негізгі идея болуы керек. Біз, ең алдымен, әдебиеттің ұлттық сипатын халықтың арман-мұңы, мүддесі тұрғысынан, халық өмірінің көр­кем шежіресі ретіндегі қызметін қалай атқарғандығынан іздеуіміз керек. Осы салада жұмыс істеліп жатыр деп ойлаймын.

— Қазіргі қазақ баспасөзінде “әдеби сын жоқ” деген біржақты көзқарас қалыптаса бастады. Әдебиетші қауымның әртүрлі пікірін туғызып отырған осы жәйтқа байланысты ұлттық әдебиеттану ғылымы мен сынына бүкіл саналы ғұмырыңызды арнап келе жатқан ғалым, қалам қайраткері ретінде ғылыми тұрғыдан жауап беру керек сияқты.

– “Әдеби сын жоқ” деген байбалам­ды мен де естіп жүрем. “Жоқ” деп ауыз­ды қу шөппен сүртіп отырғаннан, “жоқ” нәрсе “бар” болмайды, “бар” нәрсе “жоқ” болмайды. Мәселе – барды көріп, бағалап, оқып, пікір айтып, толықтырып отыруда. Сын бізде бар, болған. ХХ ғасырдың 20-жылдары сыншылдық ой-пікірдің патша цензурасынан босағаннан кейінгі ең бір еркін айтылып, тараған кезі болды. Кеңестік ұғым-түсінікті демократ­тық, ол кездің тілімен айтқанда, “ес­кі­шіл­дік”, “ұлтшылдық” басып бара жат­қан соң коммунистік режім оған тыйым салды. 1925 жылғы “Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы” атты қаулыдан кейін пролетарлық деген көзқарас үстем болды да, Ахметтің, Жү­сіп­бектің, Мағжанның, Қошкенің сын­шылдық ойлары қарсы реакция туғызды. Отызыншы жылдары жаңа әдебиеттің сыны бой түзеп, өз дәуірінің әдеби құбылыстары жайлы пікір айта бастады. Ол жаңа тұрпатты әдебиетпен бірге өсіп, бұғанасын қатайтты. Бейсембай, Есма­ғанбет, Мұхамеджандар осы жылдары шықты. Олар сынның, әдебиеттің бір жанры және жауынгер жанры екенін өз еңбектерімен дәлелдей алды.

Қай сыншы болса да, бүкіл әдеби про­цесті, онда туып жатқан жаңа шығар­маларды түгел қарап, қадағалап отыра алмайды. Оның үстіне таза сыншы болып күн көру де қиын. Сондықтан олар өз мамандығына жақын бір жерде қызмет істейді. Не баспасөз маңында жүреді, не жоғары оқу орнында сабақ береді, академиялық мекемелердің зерттеулеріне қатысады. Аталған ағалар да солай істеді. Біртіндеп сол негізгі қызметіне ауысты. Мектепке, жоғары оқу орындарына арнап оқулықтар жазды, диссертациялар қорғады. Сөйтіп, күнделікті сыннан алыстай берді. Бірақ, бұл – олардың кезінде істеген еңбегін ұмытуға жол бермейді. Үшеуінің де сын мақалалары кезінде (кешірек болса да) кітап болып басылған. Әлі де жас сыншылар, әдебиет тарихын зерттеушілер үшін тағылымдық, үлгілік қызметке жарайды деп білем.

Соғыстан кейінгі аренаға біздің ұрпақ шықты. Және олар сыншылық еңбегін дәуірдің бір қиын кезеңінде, 40-50 жылдардағы “ұлтшылдық” науқанымен тұстас бастады. Осы саладағы еңбектерін салмақты, ойлы пікірлермен бастаған Айқын Нұрқатов, Қалжан Нұрмаханов, Баламер Сахариевтер өмірден ерте кетті. Сынға едәуір белсенді араласқан Рах­ман­құл Бердібаев екеуміз. Екеуімізде де бірқатар сыншылық мұра бар. Көз салып қоюға болады. Олардан біз қатысқан әде­биеттің жанды даму процесі, жеке шы­ғар­малар, жазушылар жайлы пайдалы пі­кір табылуы мүмкін. Бұл жерде мен басқа жанрда қызмет істейтін жазушылар, ғы­лым маңында, баспасөзде жүрген қа­лам­герлердің үзіп-жұлып айтқан сын пікір­лерін қосып отырғаным жоқ. Ондай пікір­лер де, айналып келгенде, сынға кіреді, ойға ой қосады.

Тарихтан белгілі, әр ұрпақ әдебиетте өз өкілін алға тартады. Солардың еңбегімен бү­гін­гі прозаның, поэзияның, драматургияның жақсы үлгілері құралады. Сын да солай. Сыншылар өз замандастарының шығар­ма­лары негізінде өз заманының проблема­ларын зерттейді, көркем дамудың соңғы жетістіктерін бағалайды, олқылығын көреді.

Біздің ұрпақ та осы жолмен жүрді. Со­ғыс­тан кейінгі әдебиеттің жақсы үлгілеріне сүйенді. Ол кезде біздің ақсақалдарымыз – Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Әбділда, Ас­қар, Тайыр, Ғали, Қалижан, т.б. әлі еңбек­тен қалмаған, тіпті жаңа шабытпен жұмыс істеп жүрген еді. 30-жылдардың соңында жүрген “халық жауы” науқанынан, содан кейінгі соғыстың ылаңынан, соғыстан соңғы “ұлтшылдық” айыптаулардан босап, жаңа бір күшпен адал еңбекке жұмылған аға ұрпақ еңбегіне көңіл аудару біздің басты мін­детіміз болды. Әдеби процестің табыс­та­ры қазақ әдебиетін одақтық көлемде таныт­қанына қуандық. Ағаларына ілесе шығып, соғыстың ауыртпашылығын көтеріп келген Сырбай, Хамит, Тахауи, Әбдіжәміл, оларға ел­ден қосылған Мұқан, Тәкен, Қуандық, тағы басқаларының жаңа шығармаларына көңіл аудардық. Ол кездегі әдебиет дәрежесі мен бүгінгі даму, талап пен талғам бірдей емес. Егер біз жазған сын еңбектерде жетім­сіздік болса, ол, ең алдымен, сол дәуірдің ерекшеліктерінен туындаған деп қарау орынды. Сыншылдық талдауда қоғам талабы мен ұнамды кейіпкер проблемасына көңіл аударсақ, көркемдік ізденістерге жете көңіл бөлінбесе, ол да заман шындығынан туды.

Алпысыншы жылдардан бізде жаңа әде­биет туып қалыптасты. Бұл әдебиетті жасау­шы­лар И.В.Сталин өлгеннен кейін, партия­ның ХХ съезінен соң, Н.С.Хрущевтің “жы­лы­мығынан” (И.Эренбург хикаятының атынан шыққан) кейін көрініп, ойында­ғысын еркін айтуға, өмірдегі көзіне ілінген қайшылықты құбылыстарды бұрын­ғы­ша жалтақтамай, ашық бейнелеуге көте­рілді. Осы жаңалықты бәріміз де сезіндік. Шет жағалап жаздық та. Бірақ тереңдеп, бұл дәуірдің сыншысы қатарына қосыла алғамыз жоқ. Жаңа әдеби процесті талдайтын өз сыншылары тууы керек еді. З.Серікқалиев, Р.Нұрғалиев, С.Әшімбаев, Т.Тоқбергенов, Б.Майтанов, 70-жылдары поэзия сыншысы есебінде танылған А.Егеубаев пен Т.Шапай, аракідік сын жазатын прозашылар мен ақындар дәуірдің, әдебиеттің осы міндетін атқаруға тиісті болатын. Егер бұлардың замандастары “сын жоқ” деп өкпе айтса, осыларға айтсын.

Орыстың “Құшағың жетпегенді құшақ­тай алмайсың” деген мақалы бар. Қазір әдебиет өсіп кетті. Жаңа туындылар да көп. Бір кезде бір жылғы орыс әдебиетінің та­быс­тары Бестужев-Марлинскийдің, кейін Бе­линскийдің бір мақаласына сыйып кете­тін. Олар “Взгляд на русскую литературу 1847 года” деген сияқты, атын сақтап, жылын ғана өзгертіп мақала жазатын. Соғыстан соң 46-47 жылдардың әдебиетіне Сәбит Мұқа­нов та осы тектес шолу жасаған. Мұндай шолулармен өскен әдебиеттің табыстарын бүгін талдау қиын. Мұхтар марқұм осыны ескеріп, енді “коллективный Белинский” жасауымыз керек деп, мұрындық болып, әдеби жыл қорытынды­сын талдайтын жиындар өткізуді тегін бастамаған. Бұл жеке сыншы еңбегімен шектелмей, ұжым боп әдебиет туралы толғану, көкейкесті мәселелерді ортаға салу қажеттігінен туған. Әуелде едәуір салмақты, ойлы баяндамалар тыңдаудан басталған бұл жиын қазір қобырап кетті. Ел сын айтуды қойды.

Жоғарыда мен мақтап отырған ұрпақтың үлкен бір кемшілігі (көңілдеріне келмесін) – “сын жоқ” деп басқаны кінәлайтыны болмаса, өздерінің сынға мойынұсынуға жоқтығы. Бәрі шетінен классик, жақсы, мақтау сөзге үйренген. Жалына қол апарт­пайды, сын көрмеген. Өз бағасын өзі білген дұрыс қой. Бірақ, сын да керек. Сын деген дәрі сияқты, ішкенде ащы көрінгенмен, денсаулығыңды түзеуге көмектеседі. Сынға төзімділік керек. Үлкен ағаларымызда бұл мінез жоқ еді. Оларды өмірдің өзі, партия сынап-мінеп, әбден үйретіп тастаған. Олар өз өмірлерінде жылы сөзді көп естіген жоқ. Шын жылы сөзді біздің кезімізде ғана естіді. Сондықтан біз де, ең алдымен, солардың еңбегін бағалауға ұмтылдық.

Белинский “Сыншы еңбегі – ауыр, жү­рер жолы тайғақ, қауіпті” деген. Ол сын­шы­ны ұнатпайтын топтың психологиясына қа­рап осылай жазған. Жас кезімізде біз де та­лай ағаларымызды ренжітіп алғанбыз. Өзіме ұнамаған шығарма жайлы жазған мақалалар менде де аз емес. Жақанның “Қос қыран”, Асқардың “Айтылмаған әңгіме”, Диханның “Алтай жүрегі”, т.б. шығармалары, жастар прозасы мен поэзиясы туралы талай өткір мақалалар жазғанмын. Олардың ішінде нысанаға дәл тигендері де, тимегендері де бар шығар. Сыншы да қаламгер, сын да әдебиеттің бір жанры – олар да қателеседі. Біз үкім шы­ғару­шы емеспіз. Пікір айтушымыз. Белин­скийді кезінде кесіп-пішіп айтып үкім шы­ғара­сың деп Валериан Майков сынаған. Әуелде ренжігенмен, сол авторлар шығар­ма­ларын кейін жөндеді, толықтырды. Сый­ласып, достасып кеттік. Өмір шекістіреді де табыстырады. Мәселе әдебиеттің мүддесін жеке бастың мүддесінен жоғары қоя білетін азаматтық позицияда. Қазір сын жазушылар жоқ емес, алайда осы азаматтық позицияның әлсіреп кеткені қынжылтады.

Біз де бүгін қызметін сыннан бастаған аға­ларымыздың ізімен, күнделікті сыннан алыстап, жоғары оқу орындарында сабақ беру­ге, академиялық зерттеулерге қарай кет­тік. Бірақ әдебиет өміріне жіті көз тігіп оты­рамыз. Жаңа шығармаларды таңдап, талғап оқып отырамын. Сын мақалаларды да оқи­мын. Қазіргі сынның басты олқылығы шы­ғарманы нақты талдауға бармай, жалпылама шолуға құмарлығында деп білемін.

Сыншы еңбегі ауыр екенін кезінде бізді басқарушы партия да білді. Олар сыншы­лар­ды көтермелеп, көмектесіп, әдебиеттің көркемдік сапасы жолындағы күреске ба­ғыт­тады. “Көркем әдеби сын туралы” (1972) қаулы бұған айғақ. Осы қаулының қазақ әде­би сынын дамытуға үлкен жәрдемі болғаны жасырын емес. “Уақыт және қаламгер”, “Сөзстан” сияқты тұрақты шы­ғып тұратын жинақтар сол кезде туды. Сын­шы кітабы да басқа жазушылардың еңбек­терімен қатар жиі шығатын болды. КСРО және Қазақстан Жазушылар одақтары жанынан сын кеңесі құрылды. Мен Мәскеудегі кеңеске мүше, мұндағы кеңеске төраға, одақтың хатшыларының бірі болдым. Осы кезде сынның дамуына едәуір себім тигенін жастар білмес, бірақ замандастарым біледі. Сынды өркендету үшін осы сияқты ұйымдастыру жұмыстары керек. Ол одақтың қолынан келмейді, мемлекеттік дәрежеде шешілуге тиіс.

– Тілдің ұлттық рухты қалыптастырудағы рөлі зор екені белгілі. Қазақ тілінің мемле­кеттік мәртебе алып, іс қағаздарының сол тілде жүргізіле бастағаны біз үшін ірі жеңіс. Алайда, жастар қазақ тілінің келешегіне, көп сеніңкіремейтіндей көрінеді. Бауыржан Момышұлының: “...Лицо наше, а душа у него черт знает что, как с неба свалился. Думаешь – в чем дело. Говоришь ему по-русски - он не понимает, говоришь по казахски – тоже не понимает. В нем нет ни казахского, ни русского. И вот я пришел к выводу, что этот бед­ный малый не унаследовал ничего толково­го от своих предков. Если это делалось сознательно, это вредительство. Традиция является одним из основных источников воспитания и имеет очень большое значение”. (Психология войны. Алматы: Қазақстан, 1996. - 176 с.) дегеніндей ана тілінің рухын ана сүтімен сіңірмеген жастарға ұлт тағдырын сеніп тапсыруға бола ма? Қазір мемлекетімізді басқарып отырғандардың бәрі де орыс тілді қазақтар. Және келешекте сенім артар жаста­ры­мыз да “Болашақ” бағдарламасы бойынша шет елдерден білім алып, өз тілінен гөрі ағыл­шын және өзге де тілдерді тереңдей меңгерген ұрпақтар. Оларға да кінә қоюға болмас, олар заман талабына сай тілдерді меңгеруге мәжбүр. Алайда, “өз қадірін білмеген өзгенің де қадірін білмейді” дегендей, өз халқының тілін, дәстүрін, тарихын білетіндер ауылдан шыққан аз ғана топ болмақшы ма?

– Бұл сұрақтың жауабы өзіңнің сөзіңде де айтылды. Біз ұрпағымыздан айырылып қала жаздаған елміз. Кезінде балалардың бәрі орысша оқыды. Ал, орысша оқыған бала­ның тілі ғана емес, бүкіл ұғым-түсінігі, психологиясы орысша болады. Орысша ой­лайды, орысша түс көреді. Мұхтар Әуезовке бір орыс тілшісі кезінде: “Сіз орысшаны жақсы сөйлейсіз. Мақалалар жазасыз. Көркем шығармаларыңызды неге орысша жазбайсыз?” – деп сұрақ қойғанда, о кісі: “Пәлі, менің орысшам көркем әдебиетке жара­майды ғой. Ол үшін орысша түс көру керек. Ал, мен түсті қазақша көремін”, деген. Яғни, қазақша түс көру деген сөз – оның бүкіл ой жүйесі қазақшаға бейімделген деген сөз. Шала-пұла қазақша сөйлеген баланы қазақша біледі деп қарау жеткіліксіз. Ол түсті қазақша көретін дәрежеге жеткенде, бүкіл ой жүйесі қазақ болғанда ғана ұлт өкіліне айналады, ұлт намысын қорғайды. Жоғарыдағы сөзді Баукең айналасы шала қазақтарға толып кеткен соң ыза болып айтқан ғой, осыған ұқсас пікірді Мұхтар Шаханов та айтып жүр. Бұл тұрғыдағы не­гіз­гі міндет – баланы жас кезінен тәрбие­леп, қазақтың тілін, рухын ана сүтімен сіңіру. Сонда ғана мақсатқа жете аламыз. Содан кейін ол басқа тілдерді үйрене берсін, мамандықтарды игерсін. Ана тілінің қадіріне, ұлт дәстүріне, қазақ тарихына ынталылық осы негізде ғана оянуға тиіс.

– Қазіргі қазақ қаламгерлерінің жағдайлары мәз емес. Оқырманы көп ауыл түгілі қалалардың, рухани орталық – Астана мен Алматының өзінде қазақ кітаптары жоққа тән. Жаңа шыққан кітаптар егер мемлекет тарапынан шығарылса, тек министрліктер мен республикалық кітапханаларға ғана таратылады. Ал, жеке авторлардың қалталарына қарай 500-1000 данадан ғана шығарылған кітаптар үйлерінде шаң басып жатыр. Кітап саудасының жүйесі арқылы оларды кітап дүкендеріне өткізу де жолға қойылмаған. Керісінше, тәрбиеге кері әсер ететін мазмұны күмәнді кітаптар мыңдаған таралыммен дүкендерді жаулап алды. Балаларыңмен кітап дүкендерін аралаудың өзі ұят сияқты. Міне, осы жайлардың бәрі жоғарыда Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұлттық тәрбиеге, ұрпағымыздың келешегіне, ұлттық рухымыздың тамырына балта шауып, орасан зор зардап, қауіп-қатер төндіріп отырған жоқ па?

– Мен осы өзің айтқан мәселелердің бә­рі­­не де қосыламын. Жазушылардың қалам­ақы алмайтыны, олардың тұрмыс-тірші­лігінің нашарлап кеткені, шығып жатқан кітаптар авторына пайда әкелмейтіні – бәрі шындық. Ендеше, тіршілігіміз жөнделіп келе жатқан заманда, шығарма­шы­лық өкілдерін осылайша, қайыршылыққа ұшыратып қою сол қоғамға мін, әрі келе­ше­гіне әсер етері сөзсіз. Ұлы Ғабит өсиет еткен: “Әдебиеті мен өнері ұлы болмай тұ­рып, халықтың ұлы болмайтынын ұмыт­пайық­шы”, деген сөзін неге ұмытамыз? Қазақ­тың атын әлемге танытқан солар емес пе еді? Қазақ атын әлем, ең алдымен, Жам­был жырлары, содан кейін М.Әуезов рома­ны арқылы естіп еді ғой. Қысқасы, жазу­шыларға қаламақы төлеуді қалпына келтіріп, олардың тұрмыс жағдайына көмектесер әдеби қор, әдебиетті насихаттау бюросы сияқты ұйымдардың жұмысына жан беру қажет.

Кітап тиражы, оны сатуды ұйымдастыру жұмысы да осымен тікелей байланысты. Қазіргі баспалар кітапты ең көп болғанда 2000 тиражбен басады. Оны кітапханаларға жібереміз деген сылтаумен сатуға шығар­май­ды. Ал, кітапханалардан іздесеңіз, таба ал­май­сыз. Сонда сол тираждың қайда кететі­нін білмеймін. Жарайды, 2000 кітапты кітап­ханаға берсін, ал оның үстіне тағы тираж қосып шығарып сатса, әрі оқырман кітап алып қалады, әрі баспаға пайда түсер еді ғой. Нарықтың заманында баспагерлердің осыған неге бармайтынын түсінбеймін. Қазір біздің институт “Бабалар сөзі” атты көп томдық шығарып жатқанын білесің. “Мә­дени мұра” бағдарламасымен басылып жатқан осы ұлттық әдебиет үлгілерін сатып алғысы келетіндер тіпті көп. Бізге телефон соғып, маза бермейді. Осындай кітапқұмар оқырмандарды біз жоғалтып алмауымыз керек. Ол үшін Үкімет осы мәселелерді қарап, жақ­сартудың кешенді бағдарламасын жасауы тиіс.

– “Шәкіртсіз – ұстаз тұл”, деген. Сіздің бағыңыз – Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайлов, т.б. сынды тұлғалардан тәлім алдыңыз, өнегесін көрдіңіз. Солардың игі әсері болар, сіз де жастарды тәрбиелеуге табанды түрде еңбек етіп келесіз. Қазір сіздер негізін салған әдістемелік оқулықтар мектеп пен жоғары оқу орындарында кеңінен қолданылуда. Тәжірибелі ұстаз-тәлімгер ретінде жыл сайын сынға ұшырап жатқан оқулықтардың сапасы жөнінде не айтасыз? Және мақтан тұтарлық шәкірттеріңіз бар ма? Жалпы, рухани жоқтаушы дегенді қалай бағалайсыз?

– Мен ағалар шапағатын көп көрген адаммын. Жасымнан сынға араласып, көркем әдебиет баспасында, “Әдебиет және искусство” (қазіргі “Жұлдыз”) журналында істеп, одақ жұмысына қатысып, үлкен жазу­шы ағаларыммен жақын жүрдім. Мұхтар­мен, Сәбитпен, Ғабитпен, Ғабиденмен, тағы басқалармен қарым-қатынасым естелік­терім­де жазылған. Институтта Қажым Жұ­ма­лиевтен, Қайнекей Жармағанбетовтен (тек әдебиетші-ғалымдарды айтып отырмын, басқа да ұстаздарым болды) оқыдым. Со­лар­дың арқасында әдебиет тақырыбына мақа­лалар жазып, сынға ертерек, студент кезімде араластым. Қайнекей ол кезде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы, әрі журналдың редакторы еді. Мені одаққа ертіп апарып, баяндамалар жа­сатып үйретті. Көптеген жазушы ағаларым мені сол кезден таныды. Бейсембай мен Есмағамбеттің тікелей алдынан дәріс алғаным жоқ, бірақ еңбектерін оқыдым. Ғылымға ара­ласа бастаған кезден танысып, шапағат­тарын көрдім. Өзімді оларға да шәкірт санаймын.

Мүмкін табиғатымнан солаймын ба, мен­де “болдым, білдім, жеттім” деген сезім болған емес. Мен өзімді әлі де сол ұстаз­дарым­ның шәкірті сезінемін. Жас ұлғайып, ағаларым өмірден кетіп, өзің үлкен боп қал­ған соң амал жоқ. Әйтпесе әлі де шәкірт бо­лып қалуға бармын. Ұстаздарыммен бірігіп оқулықтар жаздым. Қажыммен, Бейсем­баймен бірге жазған оқулықтарым бар.

Біздің оқулық жазуға ерте араласуымыз­дың да сыры бар. 50-жылдардың бас кезінде Қазақстанды “ұлтшылдық” науқаны биле­генін айттым ғой. Сол кезде мектеп оқулық­тарынан да “қателер” тауып, авторларын (Қажым, Есмағанбет, т.б.) ұстап әкетті. Мек­теп оқулықсыз қалды. Сол кезде Оқу министрлігі біздің ұрпақтың өкілдерін жинап (ішінде Мүсілім Базарбаев, Айқын Нұрқатов, Зейнолла Қабдолов және мен бар) оқулық жаздырған. Кейін оқу бағдар­ла­маларының өзгеруіне байланысты алғаш­қы оқулықтар қайта қаралды, Қажымдар айдаудан қайтып келді. Сондай тұста мен Қажыммен бір оқулыққа автор болдым. Кешік­пей Қажекең қайтыс боп кетті. Оқу бағдарламасы тағы өзгерді. Маған оқулықты қайта жазу тапсырылды. Мен ол тапсыр­маны орындадым да, Қажекеңді автордың бірі етіп қалдырдым. “Мектеп” баспасы қолжазбаны қарап, бәрін мен жазғанымды көріп, Қажымды автор ретінде қалдыруға қарсы шықты. Сонда министрлікке барып, “осы оқулықтың негізін сол салып еді, ұстазым еді, атын алып тастауға арым жетпейді” деп, оның жазғанынан қалған азын-аулақ тексті дәлелдеп, алып қалғаным бар. 1968 жылы қайтыс болған Қажымның аты, сөйтіп, мен жазған оқулықтарда 80-жылдардың орта тұсына дейін сақталды. Бұл да ұстаз алдындағы парызымды ұмытпай жүргенімнің бір мысалы болса керек.

Мен сол 50-жылдардың басынан оқулық (1952 жылы басылған) авторларының бірі­мін. Осы 50 жылдан асқан мезгілде өңдеп, қайта жазып, талай оқулықтың нұсқасын жасадық. Зейнолла Қабдолов екеуміз алғашқы оқулықты бірге жазып едік, соңғы 2004 жылы шыққан 11 сыныпқа арналған оқулықты жазуға тағы да бірге қатыстық. Онымыз байқау оқулығы ретінде қабыл­дан­ды. Алдағы жылы мектеп тәжірибесіне кіргіземіз деп отыр.

Оқулық дегеннің өзі білімді ғана емес, оны балалардың ұғымына түсінікті етіп жазуды, оқу-әдістемелік талаптарды игеруді қажет етеді. Сондықтан авторларда осы­лар­дың бірі жетсе, бірі жетпей жатады. Сол себептен әдетте бірін бірі толықтыра алатын адамдардан топ құрау тәсілі қолданылады. Мен осы талаптарды кезінде көп зерттеген адаммын. Содан болар, мен жазған оқу­лық­тар (кей оқулықтардың жеке тараулары) әзірше сынға ұшырамай, дау-дамайсыз өтіп жүр. Ал, бізге қосылған жаңа авторлар мен басқа оқулықтар жөнінде мұны айту қиын. Мек­теп оқулықтарын жазатын адамдарды іріктеп алу жөнінде де ойласатын жайлар бар.

Менің ұзақ өмірімде алдымнан өткен шәкірттерім көп. ҚазПИ-дің филология факультетін соңғы 50 жыл ішінде бітірген жастардың бәрі де менен лекция тыңдады. Аспирантура, докторантурадан өткендері де аз емес. Академияның Әдебиет және өнер институтында да ғылыми жұмысқа басшылық жасап, талай жас мамандарды тәрбиелеуге қатыстым. Қазір ғылым докторы болып, ғылым, жоғары мектеп жүйесінде қызмет істеп жүргендер ішінде Теңізбай Рахымжанов, Тұрсын Сыдықов, Балтабай Әбдіғазиев, Серік Мақпыров, Дихан Қамзабекұлы, Құлбек Ергөбеков, Бекен Ыбырайым, Айгүл Ісімақова, Мәуен Хамзин, Рақым­жан Тұрысбеков, Тұрсын Жұртбаев, Сәрсенбі Дәуітов, т.б. ғалымдардың есімін мақтанышпен айта аламын. Мен бұл жерде ғылым докторларын теріп айтып отырмын. Ғылым кандидаттары қырықтан асады. Біреулерінің жұмысына оппонент болып, сарапшылар құрамына кіріп те көмек жасаған тұстарым көп. Олар да мені ұстаз тұтып, құрметтейді. Ал, ақын-жазушылар, ұстаз-мұғалімдер, қоғамдық қызметте жүргендер арасында да менен тәлім көргендер аз емес.

– Сіз кімдерді қайталап оқисыз? Әдебиеттің кейінгі буын өкілдеріне нендей кеңес айтар едіңіз?

– Мен көркем әдебиетті де, тарихи-танымдық кітаптарды да көп оқыған адаммын. Көп оқитыным, – классикалық орыс және батыс әдебиеті. Жеңіл-желпі дүниелерді оқуға бала кезден дағдылан­бағанмын. Адамды рухани өсіретін, оған жан тазалығын сыйлайтын, гуманистік ой-пікір дарытатын классикалық әдебиет деп түсінемін. Қазақ әдебиеті маманды­ғы­ма қатысты болғандықтан, оны көп оқығанмын, әлі де қайта-қайта қарап қоямын. Әдебиет жаңалығына көз тастап жүрем. Жаңа кітаптарды оқу әдеби про­цестің беталысын аңғаруға, жаңалық­тарын сезінуге көмектеседі. Белинский­дің: “Шын көркем шығарманы бір оқу жеткіліксіз. Оны қайталап оқу керек. Қайталап оқыған сайын оның құпиясына кіресің, сырын түсінесің”, деген сөзі бар. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйық. Абайды талай оқыдық қой. Соны қайта оқысаң, өмірі оқымаған сияқты жаңа бір құпиясына кез боласың, жаңа қырынан ашылады. Әуезов те солай. Шын көркем әдебиет солай болуы керек. Сын-зерттеу еңбектер менің кітапханамда көп. Оларға жиі үңілем. Әсіресе Белинскийге, Чер­нышевскийге, Добролюбовқа, Писаревке, Луначарскийге үңілетім әдетім бар. Сыншылық қызметімде де осылардың ақылын тыңдап, пайдасын көп көрген адаммын.

Кәсібіміз сол болғандықтан, қазақ әдебиетін көп оқимыз ғой, бірақ онымен шектеліп қалу жараспайды. Адамға кең өріс, ақыл-ой, білім сыйлайтын әлемдік әдебиет үлгілерін, алдымен, орыстың классикалық әдебиетін, сыншы, зерттеуші болам дегендерге осы саладағы еңбектерді жетік білу керек деп кеңес берер едім. Тіпті мектепке мұғалім болып барсаң да, қазақ әдебиеті кітаптарынан басқа ештеме оқымасаң, ұзаққа бара алмайсың.

– Аристотель, әл-Фараби бабалары­мыз­дан бастап бүкіл елдің ақыл-ой иелері, зиялы адам деген ұғымға түсінік беріп ке­ле­ді. Өткен жылдан бері “Литературная газе­тада” “Полемика: “Интеллигенция – миф или реальность?” деген тақырыпта пікірталас жүріп жатыр. Бірақ, олардың бәрі де Абай айтқан “толық адамға” жет­пей жатқан сияқты. Қазіргі қазақ зиялыларының бет-бейнесі мен беделі қандай деп ойлайсыз?

– Зиялылық дегенді мен тым кең ұғым­да түсінемін. Иә, интеллигент деген­нен оның мәні кеңдеу көрінеді. Институт бітірген дипломы бар, әдемі киінген, сыпайы жігіттерді, әдетте “интеллигент” деп атай береміз ғой. Ал зиялылық маған өмірге кең көзбен қарай алатын, қоғам­дық құбылыстардың сыры мен қырын терең түсінетін, ақыл-ой түйетін, шын мағынасында көргені мен білгені, білімі мол, биік интеллектінің иесін елестетеді. Революциялық сапырылыстардың кезінде интеллигенттерге сенім болмағанын та­рих­тан білеміз. Себебі, олар әлеуметтік күрес­те тұрақты мінез таныта алған жоқ. Тіршілігінің, күнкөрісінің бәрі қоғамға тәуелді азаматтар билікке ашық қарсы бола алмады. Адамдық принципіне қай­шы қылықтарға барды. Ал, мен зиялы­лық­та бұлардан өзге, адамның орнық­ты­лығын, көзқарасын берік қорғай­тынын, адалдығын, білімділігін, гуманистігін дәлелдейтін берік принцип болады деп шамалаймын. Сондықтан бізде интелли­гент бар да, зиялылар аз. Абай айтатын “толық адам” осындай зиялылар болар.

Адам табиғаты әр түрлі ғой. Біреулер жылтырап көзге түспей, еңбегімен көрінгенді қалайды. Оныкі дұрыс дейін десең, еңбекті бағалап жатқан бұл күнде адам жоқ. Қолында билігі барлар сенің еңбегіңді емес, өзіңді, жақындығыңды, жағынып жасаған қызметіңді бағалайды. Екінші біреулер көрініп көзге түсіп, пікір айтқансып, көсемсиді. Оныкі дұрыс дейін десең, жап-жақсы ақылды сөз айтып тұрып, лауазымы биік біреу сөйлесе, бас изеп қалады. Яғни, билік алдында дәрменсіз. Шын зиялылыққа бұл да жараспайды. Принцип деген де қатып қалған дүние емес. Принципшіл боламын деп, үнемі қыңыр тартып, ынтымаққа көнбей отырсаң, ол да келіспейді. Бәрін де оймен, ақылмен тежеп, халыққа, елге пайдалы жағын ойласа ләзім. Мен өзім – жеке адамның беделіне онша табына қоймайтын адаммын. Оның беделін, зиялылығын ісіне, ұстанымына, адамдық принципіне қарап бағалаймын.

Біз кең далада еркін жүріп, бір орталыққа бағынып үйренбеген халықтың ұрпағымыз ғой. Орталыққа бағынуымыз отаршылдықпен бірге келді де, жалтақтыққа үйретті. Үлкен біліміміз де болған жоқ, көргеніміз де көп емес еді. Осының бәрі зиялы қоғам тәрбиесін көрмегендіктен. Бізді ешкім сырттан келіп зиялылыққа тәрбиелемейді. Өзімізді өзіміз тәрбиелеп үйренуіміз керек. Біздің алған біліміміз, халық дәстүрінен бойымызға сіңген жақсы мінез-құлық, басқа халықтардан үйренгеніміз – барлығы зиялы болуға жәрдемге келсе, құба-құп. Зиялылық деген, екінші жағынан, үлкен мәдениеттілік. Сөзге тұрақтылық, уақытты дұрыс пайдалану, сөзге тоқтау, керісу емес, келісе білу – бәрі де мәдениет деген ұғымға кіреді. Осы тұрғыдан зиялы болу, мәдениетті болу алыс арман емес, қолдан келетін іс. Тек оған ұмтылу қажет. 



Авторы: Әңгімелескен Гүлзия ПІРӘЛИЕВА, филология ғылымдарының докторы.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат