Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-04-25:

Мақсат — айқын, міндет — нақты

 

“Қанағаттандық. Қанаттандық”.

“Егемен Қазақстанның” 3 наурыз күнгі нөмірінде жарияланған арнаулы беттің осындай жалпы тақырыбы Президент Жолдауының республика халқына әсерінің мән-мағынасын түйінді түрде жеткізеді. Жыл өткен сайын экономикасы қарышты дамып, тәуелсіздік жолына өзімен қатар түскен ТМД елдерінің арасынан қара үзіп келе жатқан Қазақстанның жағдайында Елбасымыздың дәстүрлі Жолдауларынан халқымыздың қашанда қанатты қамқор­лық, жасалар жақсылық күтетіндігі әбден табиғи жай. Солай болып та келеді. Жыл сайынғы Жолдауларда халықтың әл-ауқа­тын арттыруға бағытталған нақты қадам­дар, олардың жүзеге асырылатын нақты уақыттары аталып, нақты жүзеге асырылып жүр. Бұл – қуанышты, құптарлық нышан. Сонымен бірге халықтың белгілі бір тобында жылма-жылғы Жолдаулардағы жақсылықтар өздігінен келіп жататындай көру, соларды кезегімен күтіп отыру, олардың көлемін өзінің көкейіндегісімен салыстыру, мемлекеттің халық қамын ойлауына соған қарап баға беру сияқты пси­хология да орнығып кетпеуін ойлас­тырған артық болмайды. Президент Жолдауын насихаттау мен түсіндірудің мәнін, ең алдымен, жұртшылықты елдің алдына Елбасымыз қойып отырған мін­деттердің маңыздылығын ұғынуға, сол ірге­лі істе әркімнің өзінің орнын табуға ұмтыл­дыру деп білген жөн. Сондықтан Прези­дент Жолдауына халықтық қанағаттануды жеткізумен бірге Президент Жолдауынан халықтық қанаттануды да қатар көрсету айрықша маңызды.

Қанағаттанған – жақсы, қанаттанған одан да жақсы.

Алға озып айта кетейік, кеңестің пле­нарлық отырысында Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі әлеуметтік-эконо­ми­ка­­лық және саяси мәселелері, мемлекеттік органдардың Жолдауды түсіндіру және насихаттау барысындағы ақпараттық-идео­логиялық және саяси жұмыстарда қандай жәйттерге баса назар аудару қажеттігі тура­лы баяндамалар тыңдалды. Сонымен қатар Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар­дың Жолдауды насихаттау шараларын бір­лесіп атқару мәселелері де талқыға са­лынды. Ал секциялар бойынша отырыстар да қызу жағдайда өтті. Жанды пікір және тәжірибе алмасу жүрді. Кейбір мәселелер бойынша сұрақ-жауаптар мен пікір алысу­лар дөңгелек үстел басындағы қызу айтыс­тар­ды еске түсіргендей болды. Кейбір тақырыптар өңірлерден келгендердің қатты қызығушылығын туғызса, кейбір сұрақтар секциялық отырыстардың модераторлары міндетін атқарғандарды тығырыққа тіреп тастағандай еді.

– Бүгінгі кеңес Елбасының “Қазақ­стан­ның әлемдегі бәсекеге барынша қабі­летті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын” тұжырымдаған Жолдауын түсіндіру және насихаттау мәселелеріне арналып отыр, деді Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділ­бек Жақсыбеков кеңесті ашардағы сөй­леген сөзінде. Бұл шын мәнінде мемле­кет­тің алдағы көптеген жылдардағы да­муын айқындайтын бағдарламалық құжат. Қазір Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс­тар толық қуатында жүріп жатыр. Мемле­кет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойып, Үкіметтің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Жолдауды жүзеге асыру барысын ақпараттық жағынан көрсету жөніндегі медиа-жоспар дайындал­ды. Ендігі біздің міндетіміз, Жолдауда көрініс тапқан стратегиялық идеяларды идеологиялық тұрғыда сапалы және жүйелі түрде жүргізуді қамтамасыз ету.

Президент Әкімшілігінің Басшысы атап өткеніндей, бүгінде Жолдаудың мәнін жұртшылыққа түсіндіруде орталық және жергілікті атқарушы органдар, республи­калық және облыстық БАҚ құралдары қызу жұмыс істеп жатыр. Биылғы Жолдау ірі жобаларды жүзеге асыра отырып, елі­мізді дамудың жаңа кезеңдеріне бағыттау­мен ерекшеленеді әрі құнды. Бұл тыңғы­лық­ты жұмысты қажет етеді, дей келіп, Әділбек Рыскелдіұлы кеңеске қатысушы­лардың назарын бірқатар маңызды міндеттерге аударды. Бірінші – бұқаралық ақпарат құрал­дарында ақпараттық түсіндіру жұмыс­тарын жүйелі жүргізуді күшейту. Екінші – түсіндіру жұмыстарын ұйымдас­ты­ру­дағы барлық практикалық мәселелерді шешу. Ол үшін өткен жылдарда жинаған тәжрибелерді пайдалану қажет. Үшінші – өңірлердегі тұрғындармен жұмыс жүргізу жүйесін қажетті деңгейде қамтамасыз ету. Бұл маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Ірі қалаларда ақпараттық қызмет құрылымдары қалыптасты, деді сөзінің соңында Әділбек Жақсыбеков. Бірақ, ауылдық жерлерде нашар ұйымдастырыл­ған. Біз ауылдық елді мекендерді телеар­на­лар хабарларын тарату мен мерзімді ба­сы­лымдармен өз уақытысында қамтамасыз ету қажеттігін көптен бері айтып келеміз. Барлық деңгейдегі әкімдіктер осы жұмыс­тарды ерекше бақылауға алулары тиіс.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­станның әлемдегі бәсекеге барынша қа­білетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын “Ұлттың ұлы идеясы” деп атады. Ұлы идеяны ұстанудың өзі ұлтты ұлы істерге жі­герлендірмей қоймайды. Әлемдегі елулікке енуді ұлттың ұлы идеясы дегенде Прези­дент мұны шын мәнінде Ренессанстық міндет ретінде алға қойып отырғанын халыққа ұғындыру және өршіл міндеттерді іске асыруға жұмылдыру өте-мөте маңызды.

Премьер-Министрдің орынбасары – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Кәрім Мәсімовтің баяндамасына Мемлекет басшысының Жолдауында алға тартылған міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыруда Үкімет тарапынан атқары­латын ауқымды жұмыстар арқау болды. Елбасының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру Үкімет үшін басты міндет, деді Премьер-Министрдің орынбасары. Оны іске асыру үшін 2006-2008 жылдарға арнал­ған Үкімет бағдарламасы жасалып, бекі­тілді. Бағдарламада Елбасы Жолдауының барлық қыры ескерілді. Жаңару үдерісін жеделдету мақсатында Үкімет Жолдауға сәйкес Қазақстан экономикасын бәсекеге қабілетті деңгейге көтеретін жеделдеткіш жүйені қалыптастырды. Ол – қоғам мен экономика аясындағы бәсекелестікті ынта­ландыру, жаңару тұрғысында білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелеріне еңбек ресурстарын тарту.

Премьер-Министрдің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында құрылған “Қазына” тұрақты даму қоры” акционерлік қоғамы және “Самұрық” мемлекеттік холдингтік ком­паниясын атап өтті. “Қазына” акцио­нер­лік қоғамына мемлекеттік даму инсти­туттарының барлығы кіреді. Ондағы мақсат – даму институттарының қызметін үйлес­тіріп, белгіленген жобалардың біртұтас стратегиясын дайындап, оларды жүзеге асыру. Ал “Самұрық” акционерлік қоғамы­на бір топ ұлттық компаниялар, атап айт­қанда, “ҚазМұнайГаз”, “Кегок”, “Қазақ­стан темір жолы”, “Қазақтелеком” және “Қазпошта” АҚ біріктіріледі. Сондай-ақ “Са­мұрық” АҚ-қа осы жылдың соңына дейін тағы бірқатар компаниялар қосыла­ды. Бұл ұлттық компаниялардың жұмысын тиімді үйлестіріп, олардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді.

Үкімет басшысы орынбасарының атап өткеніндей, Жолдауды іске асыру бары­сында Үкімет алдына ауқымды міндеттер мен мақсаттарды қойып отыр. Үш жыл ішінде экономиканың жалпы өсімінің деңгейін 27,7 пайызға жеткізуді қамтамасыз етіп, 2009 жылға қарай ІЖӨ жан басына шаққанда 5559 АҚШ долларына жеткізуді жоспарланған. Сонымен қатар инфляция­ның жылдық орташа деңгейін 2006 жылы 5,7-7,3 пайыз, 2007-2008 жылдары 5-7 пайыз аралығында ұстап тұру көзделген. Бұдан соң Кәрім Мәсімов Жолдауда ерек­ше мән берілген тұрғын үй құрылысы мә­се­лесіне тоқталды. Тұрғын үй бағдарлама­сының орындалу барысына, халықтың тұрғын үйге қол жеткізу мәселелеріне баса көңіл бөлуіміз керек, деді Кәрім Қажы­мұқанұлы. Жеке тұрғын үй құрылыстары үшін жер учаскелерін беру мен арендалық тұрғын үйлерді дамыту мәселелерін шешуіміз қажет. Өңірлерде мәдениет пен спорттың дамуына байланысты жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі керек. Жергілікті органдар әлеуметтік мәселелерді шешуде үкіметтік емес ұйымдарды тартқандары жөн, әрі олармен өзара байланыста жұмыс істегендері абзал.

Республикалық кеңестің пленарлық оты­рысы Президент Әкімшілігі Басшы­сының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың баяндамасымен әрі қарай жалғасты. Ол алдымен Мемлекет басшысының Жол­дауы­нан туындаған мәселелердің өзектілі­гінен хабардар етті. Одан кейін бас құжатта көрініс тапқан мәселелерді халық арасында түсіндіру, насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, бірқатар ақпараттық-идеоло­гиялық жұмыстарды жүргізуді ұсынды. Бірінші – Жолдауды түсіндіруде белсенді іс-қимыл ерекше рөл атқарады, деді Пре­зидент Әкімшілігі Басшысының орынба­сары. Біз елдің бәсекелестікке қабілеттілігі туралы айтамыз. Ол адамның, кәсіпорын­ның, салалардың, жалпы ұлттың бәсеке­лес­тікке қабілеттілігінсіз орындалмайды. Біз қоғамды жаңашыл идеяларға шығар­машылық тұрғыда келуге оятуымыз керек. Жолдаудағы міндеттер тұрғындардың белсенділігінсіз шешілмейді. Халықтың басым бөлігі қатысып, оған қызығушылық танытар болса, жаңару табысты жүзеге асатынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.

Жолдауды жұртшылыққа түсіндіріп, на­сихаттауда бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның орны бөлек. Ол үшін сериялы арнайы роликтер, хабарлар дайындап, семи­нарлар, конференциялар, тағы басқа шаралар ұйымдастыру қажет. Баяндамада сон­дай-ақ Жолдауды түсіндіру жұмыстары­ның қар­қын­ды жүргізіліп жатқаны да атап өтілді. Тұрғын үй құрылысы, кәсіпкерлікті мемле­кеттік қолдау, жұмыссыздықтың төмен­деуі, әлеуметтік қорғаудың жақсар­ған­­дығы соған нақты мысал болып табы­лады. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары кеңеске қатысушыларды осы аталғандар дайындалатын әдістемелік материалдарда, ақпараттарда көрініс табуы қажеттігін естеріне салды. Сонымен қатар Жолдауды түсіндіруде пікірталас қағидаттарының өзіндік мәні болатынына да назар аударт­ты. Қуатты ақпараттық үндестік тудыратын кең ауқымдағы пікірталас қажет, деді осы жөнінде. Насихаттық жұмыстар мемлекет­тік органдардың ғана ісі болып қалмауы тиіс.

Кеңес отырысында сондай-ақ Мәде­ниет және ақпарат министрі Ермұхамет Ер­тісбаевтың баяндамасы тыңдалды. Ми­нистр Елбасының халыққа Жолдауын тү­сін­діру мен насихаттаудағы бұқаралық ақ­парат құралдарының қызметіне тоқталды. Оның атап өтуінше, министрлік бұл орайда кең көлемдегі ақпараттық ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Жолдау жария етілген күні электронды ақпарат құралдары Жолдау мазмұнын халыққа жеткізді. Құжаттың толық мәтіні республикалық және өңірлік басылымдар­да жарық көрді, Үкіметтің веб-сайтына да орналастырылды. Еліміздегі он телеарнада Жолдау тікелей эфир арқылы көрсетілді.

Президент Әкімшілігімен бірлесе оты­рып, министрлік Жолдауды насихаттауға қатысты медиа-жоспар жасады, бұл жос­пар­ды наурыздың 6-сында Президент Әкім­ші­лігінің Басшысы бекітті. Қазір осы жоспарға сәйкес БАҚ-тарда түсіндіру және насихаттау материалдары жарық көріп жатыр.

Министрлік бұлардан бөлек әдістемелік ұйымдастыру шараларын да жүзеге асыру­да. Министрлік пен Ақпараттық талдау орталығының арасында тығыз байланыс орнатылды. Мемлекеттік тапсырысты орындайтын БАҚ-тарда Елбасы Жолдауын түсіндіруге арналған материалдар жиі жарық көріп келеді, телеарналар насихат құралдары ретінде арнайы роликтерді пайдалана бастады. Наурыз айынан бастап республикалық телеарналарда аталған мәселелерге қатысты 500-ден астам хабар эфирден өтті. Мерзімді басылымдарда, ақпарат агенттіктерінде мыңнан астам жарияланымдар жарық көрді. Осының барлығы жоспарға сәйкес жүзеге асырыл­ды. Сондай-ақ Жолдауға байланысты 500 мың дана кітапша жарық көріп, жұрт­шылыққа ұсынылды.

Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік ба­қылау және ұйымдастыру жұмысы бөлі­мінің меңгерушісі Дархан Кәлетаев өз сөзінде Елбасы Жолдауын іске асырудағы жергілікті атқарушы органдардың атқара­тын қызметіне, алатын орнына тоқталып, нақты мысалдар келтірді. Жақында еліміз­дің барлық аймақтарында облыстық, қалалық және аудандық әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесулері болып өтті, деді Дархан Аманұлы. Онда Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі идеялары түсіндірілді және талқыланды. Өңірлерде Жолдауды түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын жақсы білеміз. Барлық облыстарда, Астана және Алматы қалаларында Жолдауды насихат­тау­ға арналған активтер, семинар-кеңестер өткізілді. Ақпараттық-насихаттық топ мү­ше­лері әдістемелік құралдармен қамтама­сыз етілді. Олар елді мекендерге, еңбек ұжым­дарына барып, кездесулер өткізуде.

Әкімдер саяси партиялардың аймақтар­дағы филиалдарымен, Қазақстан халық­тары кіші Ассамблеясының мүшелерімен, үкіметтік емес ұйымдармен, ардагерлермен, жастармен, басқа да қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі тиіс. Әкімдер мен жергілікті мемлекеттік орган­дардың жетекшілері БАҚ беттерінде жиі сөз алып, Жолдаудың идеясын жұртшы­лыққа түсіндіргені жөн.

Кеңестің пленарлық отырысынан кейін оған қатысушылар үш секцияға бөлініп жұ­мыстарын жалғастырды. Бірінші сек­цияға облыстар мен Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасары, ішкі саясат департаменттерінің директорлары; екінші секцияға республикалық және облыстық БАҚ-тардың басшылары, ал үшін­ші секцияға жоғары оқу орын­да­ры­ның ректорлары қатысып, Елбасы Жолдауын жұртшы­лық­қа түсіндіру және насихат­тау жөніндегі ұсыныс-пікір­лерін, тәжірибелерін ортаға салды.

Кеңес жұмысының жемісті бір саласы тақырыпты секция­лардағы талқылау болды. Рес­публикалық және облыстық ақпарат құралдарының басшы­лары қатысқан секцияның жұмысын Қазақстан Респуб­ликасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев жүргізді. Мәулен Сағатханұлының кешегі сөзінде баспасөз бетінде, зиялы қауым ортасында талайдан айтылып жүрген ұлттық идея, ұлттық идеология жөніндегі мәселелерге тың тұрғыдан тоқтам жасалды. Белгілі ой­шылдың: “Демократиялық қоғам тотали­тарлық қоғамға қарағанда әлдеқайда идео­логияланған болып келеді”, деген сөзін дәйектеме ретінде келтірген ол қай кезде де идеяны жүзеге асырудың жолдарын зерттейтін, соның тетіктерін талдап-жасай­тын идеологиялық жұмыстың қоғамда өз орны болатынын қадап айтты.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ержан Баба­құмаровтың сөзі де жиналған жұртшылық­тың көңілінен шықты. Вице-министр идеологияны қалыптастыру тетігі экономи­калық көрсеткіштер екендігін тиянақты дәлелдермен айта келіп, Қазақстанның қарышты дамып келе жатқандығын, шаруашылық жүйесінде бой көрсетіп отырған оңды үрдістер отаншылдық сананың орнығуына қандайлық ықпал жасайтынын атап айтты.

Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі Ардақ Дос­жанның сөзінде бұқаралық ақпарат құрал­дарының жетекшілерін қазіргі таңда тол­ғандырып отырған мәселелердің шешілу жолдары қозғалды. “Казахстанская прав­да”, “Егемен Қазақстан” газеттерінің бас­шы­лары О.Квятковский мен С.Абдрах­ма­новтың, “Мысль” журналының бас редак­торы С.Құттықадамның, “Литер-медиа” АҚ президенті Е.Бекхожиннің, тағы бас­қалардың сөздерінде көтерілген мәселелер­ге орай Президент Әкімшілігі Басшы­сының орынбасары Мәулен Әшімбаев оларды шешудің жолдары алдағы кезде жан-жақты қарастырылатынын айтумен қатар, уақыт алға қойған бұл мәселелердің едәуір күрделі екендігін де ескертіп өтті.

Секция отырысының барысындағы әңгімелер оқырман, тыңдарман, көрермен қауымды Елбасы Жолдауындағы ұлан-ғайыр міндеттерді ұғындыруға ғана емес, осынау аса маңызды құжатты іске асыру жолында асқаралы биіктерге ұмтылдыру да журналистер қауымының абыройлы міндеті екендігін көкейге қондыра түсті.

Бүгінде “Ел межесі – елулік” деген тіркес қазақстандықтар үшін қанатты сөзге айналып барады. “Егемен Қазақстанның” 21 наурыз күнгі нөмірінде жарияланған Елбасы сұхбатының тақырыбы шын мәнінде барша халықтың ортақ мақсатына айналуы үшін насихаттық та, түсінік те жұмыстары айрықша қажет. Бұл туралы Демократиялық реформалар бағдарлама­сын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мем­лекеттік комиссияның алғашқы отыры­сында Елбасымыз арнайы тоқталып, сұхбатта көптеген мәселелердің, соның ішінде елімізге сыйластық пен ынтымақ­тас­тықтың, ауызбіршілік пен түсіністіктің ауадай қажет екендігі көтерілгенін атап өтті. “Егемен Қазақстандағы” Елбасымен сұхбатты облыстық газеттердің көшіріп басуы да бір кездегі жақсы дәстүрдің жарасымды жаңғыруы деп білеміз.

Мұндай мәнді мәслихат кеңестің қалған екі секциясында да болды. Оларды жүргізуге Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлері Ерболат Досаев пен Гүлжан Қарағұсова­ның, Білім және ғылым вице-министрі Хафиза Өтеулинаның тартылуы бұл сек­циялар жұмысында талқыланған мәсе­лелердің айрықша маңызды болғандығын аңғар­тады.

Биылғы Жолдаудың жөні бөлек.

Жөні бөлек болатыны – дәл осындай ауқымды міндет бұған дейін ел алдына ешқашан қойылған емес.

Әлемде не көп – ел көп. Қазақстан – соның бірі. Бірі болғанда да тәуелсіз даму жолына түскеніне тарихи тұрғыдан қара­ғанда аз ғана уақыт өткен ел. Сол ел таяу­дағы 10 жылдың ішінде дүние дидарын­дағы ең озық дамыған 50 елдің қатарына кірмек. Бұл міндеттің қандайлық ауқымды, қандайлық күрделі, қандайлық қиын мін­дет екендігін халыққа түсіндіру, ұғындыру, сол биікке ұмтылдыру айрықша жауапты іс. Сонымен бірге әр қазақстандықтың ұлт­тың ұлы идеясын жүзеге асыру жұмы­сында өз орнын табуға тырысуы, “Осы іске мен қандай үлес қоса алар едім?” деген тұрғыда толғануының қажеттігі де алдағы жұмыс­тың алтын арқауына айналуы тиіс.

Елбасы Жолдауында алға қойылған ұлы мін­дет – әр адамның азаматтық тұлға­сына, іскерлік қабілетіне сын.



Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат