Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-04-28:

ОҚУЛЫҚ НЕГЕ ЖЕТПЕЙДІ?

 

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығы “Қазіргі заманғы жоғары оқу орындарының оқулығы: мәселелері мен болашағы” атты ІІІ республикалық оқу орындарыаралық конференция өткізді. Оның жұмысына 200-ге тарта жоғары оқу орындарының, әдістемелік бөлімдердің басшылары, кітапхана және баспа директорлары, студенттер қатысып, онда бүгінгі таңда жоғары оқу орындарындағы (ЖОО) кітап қорына, оқулықтарға қатысты қордаланып қалған мәселелер төңірегінде кеңінен сөз болды.

 

Рас, еліміздегі өтпелі кезеңнің қиындықтарына байланысты ЖОО оқулықтары уақтылы жаңар­тылмай, ең бастысы, ғылым мен өндіріс және қоғамдық өмір тынысының қарқынына ілесе алмай қалды. Мысалы,  үстіміздегі жылда еліміздің ЖОО-ның кітап қоры абсолюттік сандықпен есеп­тегенде 647 мың кітапқа толық­тырылған, яғни 2,3 пайыз ғана.  Cондықтан да шығар, ЖОО-ның оқу әдебиеттеріне деген қажет­тіліктерін анықтау мақсатында   аталмыш қауымдастық кітапхана­лар­дың кітап қорын жаңартып отыру жұмысын талдап,  біршама шаруалар атқарып, бүгінгі өткізі­ліп отырған конференцияны ұйымдастыруға мұрындық болған.    

Мәселен, ҚР статистика жө­ніндегі агенттіктің деректері бойын­ша, еліміздің барлық оқу орын­дарында, меншік түріне қа­ра­мастан 270 мамандық бойынша 775 мың студент оқиды, олар 25 мың пән бойынша дәріс алады екен. Алайда, талдау нәтижесі 2 мыңға жуық пән бойынша оқу әдебиеттерінің жоқ екендігін көр­сет­се, оның 70 пайызы  мемле­кет­тік тілде оқитын бөлімдердің үле­сіне тиесілі. Яғни, бұл ЖОО-да қазақша оқулықтар мен әдебиет­тер жетпейді деген сөз. Жыл сайын қазақ тілінде оқитын сту­денттер саны 40 мыңға көбейген­мен, ал мемлекеттік тілдегі оқулықтар санының өсуі соңғы үш жылда 18 пайыздан аспаған. Мұндай қарқынмен жуық арада оқу  үдерісін кітаптармен толық қамтамасыз ету мүмкін еместігі айдан анық. Бүгінде ЖОО кітап­ханаларының кітап қорында 24,4 млн. кітап болса, оның 20,4 млн. (85,5 пайызы) орыс тілінде, 3,4 млн. (14,2) қазақ тілінде. Демек, орыс тілінде оқитын әр студентке 51,4,   ал қазақ тілінде оқитын әр студентке 13,5 қана кітаптан келіп отыр. 

Жиында баяндама жасаған Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов қазіргі таңда ЖОО кітап­ханаларының оқу сапасын арттыру­дағы атқаратын рөліне тоқтала келіп, оқу орындарының әр түрлі кәсіп­тік білім беру бағдар­лама­ларына, кредиттік технологияға өтуіне байланысты, оқытудың жаңа түрлерін кеңінен пайдалану қажетті­ліктеріне, тиісті халықара­лық стандарттарға сәйкестендіруге, сондай-ақ, оқу орындары мәртебе­лерінің өзгеруі кітапхана жүйесі жұмыстарына ықпал ететінін айта келіп, 2005-2006 оқу жылында жағдайдың күрт жақсарып кете қоймайтынын атап өтті.

Сондай-ақ баяндамашы жаңа­дан ашылған мамандықтар оқу әдебиеттерімен толығымен қамта­масыз етілмей отырғанын, оның үстіне соңғы жылдары шыққан кітаптардың 80 пайызының тара­лымы аз, көлемі 7-8 баспа табақтан аспайтын кітапшалар екенін, мұндай оқу құралдары студенттер­дің, магистрлардың және ұстаздар­дың қажеттіліктерін қанағаттан­дыра алмайтынын, әрі оқу сапа­сына да кері  әсерін тигізетінін тілге тиек етті.

– Алайда, – деді төраға, — тү­бе­гейлі оқу әдебиеттерін дайындап, оны басып шығаруға жоғары оқу орындарының және ғалымдардың материалдық жағдайы, уақыты, жеке басының қызығушылығы болмай отыр. Көп жағдайда мұндай аз таралымды (100-500) шағын кітапшалар іргелі оқулықтар жазуға кері әсерін тигізеді. Оқу орындары мен факультет басшылары осы шық­қан кітапшалармен қанағат­танып, ғалымдарға іргелі оқулыққа тапсырыс бере қоймайды. Тағы бір кемшілік – мұндай оқу құралдары көпшілікке таралмай, шығарған оқу орындарында ғана қалып қояды.

Конференцияда, сондай-ақ, бүгінде шығарылған оқу әдебиет­терін жүйелі түрде сату, жеткізу желісін құрмаса, оны шығару қай баспаға болмасын қаржылық жағынан тиімсіз екені, кітаптың аз таралыммен шығарылуының бір себебі осында жатқаны да сөз болды. Бұрынғы орталықтан­ды­рыл­ған жүйенің бұзылғандығынан ЖОО қай баспада қандай кітап­тың жарық көргені жөнінде ақпаратты толық ала алмайды. Ал облыс орталықтарының, қалалар­дың кітап дүкендерінде сатылатын кітаптар бағасы бастапқы бағадан 45-50 пайызға қымбат сатылады.

Өз кезегінде сөз алған Қазақ ҰТУ-дың проректоры Б.Ысқақов бүгінгі күні  ЖОО-ға 10 мың оқулық қажеттігіне тоқталса, Қазақ мемлекеттік қыздар педа­гогикалық институтының ректоры Ш.Беркімбаева студенттер саны­ның өсуіне қазақ тіліндегі  оқулықтарды шығару  жайы сай келмей отырғанына байланысты өзіндік пікірін білдірді. Сонымен қатар, “Әділет” жоғары заң мектебінің ректоры А.Матюхин және тағы басқалар бүгінде оқу орындарындағы оқулықтарға қатысты орын алып отырған кемшіліктерді кеңінен сөз ете келе, өз ұсыныстарын айтты.

Басқосуда қажеттілігі өте жо­ғары оқу әдебиеттері, әсіресе, ер­теректе шыққан кітаптар ескір­гендіктен, олар қайта шығаруды қажет ететіндігі де сөз болды. Ал мұндай кітаптардың саны аз бол­маса керек. Мысалы, ірі жоғары оқу орындары Қауымдастыққа қайта шығаруға әрқайсысы 150-200-ден астам оқу әдебиеттеріне тапсырыс берген. Қаражаттың жетіспеушілігінен Қауымдастық 3 жыл ішінде 65 мың таралыммен 26 ғана іргелі оқулық шығара алса, оның 23-і қазақ тілінде. Әрине, бұрынғы өткен ІІ респуб­ликалық оқу әдебиеттері жөнін­дегі кон­ференцияның ұсынысы бойынша, Қауымдастықтың республикалық бюджеттен кітап шығаруға 100 млн.теңге бөлуге Үкіметке және Білім және ғылым министрінің атына хат жазып,  депу­таттармен кездесіп, осы қар­жы­ның бөлінуіне нақты жұмыстар атқарғанын айта кеткеніміз жөн шығар. Соның нәтижесінде бұл қаржы кітаптар шығаруға жұмса­лып, кітап қорын әжептәуір то­лықтыруға мүмкіндік туғызыпты.

 

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.

 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ:  БІЛІМ ЖӘНЕ САЯСАТ

деген атпен Оралда республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

 

Біз Батыс Қазақстан гумани­тар­лық академиясына басшылық жа­сап жүрген қазақтың қос іскер қы­зын жақсы білеміз. Екеуінің де есі­мі Баян. Бірінің фамилиясы — Шын­темірова, екіншісінің фамилиясы —Жұмақаева. Жақсының жақсылы­ғын айт, нұры тассын дегендей, жақында осы қос Баян өздері құрған гумани­тарлық академияның бес жылдығы­на орай “Мемлекеттік тіл: білім жә­не саясат” атты рес­пуб­ликалық ғы­лыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыруға ұйытқы болды. Оның жұмысы екі күнге созылды.

Республикалық конференцияға олар Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында істейтін ғалымдар­ды, университтер мен академиялар­дың өкілдерін шақыр­ды. Бұған қоса Білім және ғылым министрлігі Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынан арнайы келген ғылыми қыз­меткер­лер де конферен­ция атауына қой­ыл­ған тақырыпты аша түсуге үлкен ықпалын тигізді. Атап айтқанда, осы ұжымның аға ғылыми қыз­мет­кері, филология ғылымдарының док­то­ры, профессор Жамал Манке­ева­ның “Қазақ тілін оқытудың бүгінгі бағыттары” жөнінде жасаған баян­дамасы өзінің терең мазмұнымен ерекшеленді.

Негізгі баяндамалар тыңдалған­нан кейін конференцияға қатысу­шылар секцияларға бөлініп жұмыс істеді. Қорытынды пленарлық мәжіліс Батыс Қазақстан гума­ни­тарлық академиясының мәжіліс залында өткізілді. Конференция жұмысының басты қорытындылары туралы оған қатысушылар өз ой-пікірлерін былайша жеткізді.

Зейнел-Ғабден Бисенғалиев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафед­расының меңгерушісі:

– Жекеменшік жоғары оқу орындарындағы білім сапасы мен материалдық-техникалық база жө­нінде кейінгі кезде тым біржақты көзқарас қалыптасып келе жатқан секілді. Батыс Қазақстан гумани­тар­лық академиясының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан кезде мұндай пікірлердің кейде тым біржақты айтылатынына көз жеткізе түстім. Республиканың өзге аймақтарын­дағы жекеменшік оқу орындарымен салыс­тырғанда, мұн­дағы оқу орны­ның материалдық әлеуеті әлдеқайда жоға­ры көрінді. Аудиториялар кең әрі биік талапқа сай екен. Оқыту­шы-профес­сорлар құрамының тұ­рақ­т­ылығы көңіліме қонды. Олар­дың арасында ғылым докторлары да бар екен.

Енді конференция жұмысы жө­нінде айтар болсам: “Мемлекеттік тіл: білім және саясат” деген атау жекеменшік оқу орны тұрмақ, элиталық мемлекеттік оқу орын­дарының да тісі бата бермейтін терең тақырып. Осындай күрделі тақы­рыпқа барудың өзі батылдық. Екі күндік жұмыс барысында оған қатысушылар осы тақырыптың мәні мен мазмұнын аша алғаны анық.

Екіншіден, академия басшы­лары­ның бес жылдық белесті атап өтер кезде, жеңіл-желпі шараға ұрынбай, осындай баянды бас­та­маға баруы да құптарлық жәйт. Әрі осы бастама елдегі өзге жекеменшік жоғары оқу орындарынан қолдау тауып жатса, одан тек бәріміз де ұтқан болар едік.

Алтай Тайжанов, М.Оспанов атын­дағы Ақтөбе мемлекеттік меди­цина академиясының әлеу­мет­тік ғы­лымдар кафедрасының мең­герушісі, философия ғылым­дары­ның докторы:

– Конференцияда баяндама жасағандар қойылған тақырыпты әр қырынан ашуға тырысты. Ол өте игілікті жәйт. Соның ішінде, мен өз баяндамама этно-мәдени бі­лім беру мә­селелерін арқау еткенді жөн көр­дім. Бұл мәселе ғалымдар арасында алғашқыда жақсы көте­рілгенімен, кейін оның шоғы сөніп қалған се­кіл­ді. Яғни, ол басталды да тастал­ды. Бұл мүлдем дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені, этно-мә­дени білім беру тіл арқылы іске асады. Түптей келгенде, ол терең мағыналы билер тілі екенін назарда ұстасақ екен. Этно-мәдени тәрбие әр адамға өз орнын білуді түсіндіре алады. Әрі ол білімнен гөрі білік ұғы­мына жа­қын­дау. Қысқасы, қа­зір­гі жаһандану жағдайында отан­дас­тарымыздың жансарайына этно-мә­дениеттің отын жағу – қай кез­де­гіден де маңыздырақ деп түсінемін.

 

Темір ҚҰСАЙЫН.

 

Орал.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат