Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-04-29:

Бергі заманның Мәриямы мен Дударайы

 

Кешегі Кеңес заманында, әсіресе, республикамызды Колбин билеп тұрған кезеңде әсіре интернационалистікке бой ұрып, аралас некені дәріптеп кеткеніміз өтірік пе? Шындығында екі жартының бүтінделіп бас құрауы саясатпен шешілетін мәселе емес қой. Ал ұлтына, дініне қарамастан бірін-бірі ұнатып, ұғысқан, өзара сыйластықтары өзгеге үлгі-өнеге болған жандар туралы әңгіме басқа.

 

Айталық, сонау сұрапыл соғыс жылдары танысып табысқан беларусь қызы Татьяна мен қазақ жігіті Асылханның 60 жылға жуық бірге өткізген тату-тәтті өмірі расында  басқаға үлгі боларлықтай. Бұлардың қала жағдайында бес ұл-қызды жақсы тәрбиелеп өсіруі, жеңгеміздің қа­зақтың тілі мен әдет-ғұрпын жетік мең­геру­мен шектелмей, жарты ғасырлық алтын той­лары қарсаңында құдай қосқан қосағы Асылхан ағамен шариғат жолымен некеге отырып, мұсылман дінін қабылдауы жан сүйсінтеді. Болмаса өз ана тіліне, өзінің туған ата-енесіне мұрын шүйіре қарайтын кердең келіндер аз ба? Ал енді бергі заманның Мәриямы мен Дударайы туралы әңгімені басынан бастайық...

Иә, ол әңгімені басынан бастап айтатын болсақ, кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыс жылдары еріксіз еске оралады. Соқты да дауыл, шайқалды теңіз деп Қасым ақын жырлағандай, сол аласапыран шақта жасы 18-ден енді асқан Асылхан Белоруссиядан бір-ақ шыққан. Адамның басы Алланың добы деген осы. Әйтпесе, мұның арманы да, мақсаты да басқаша болатын. Яғни, 1940 жылы Бесқарағай ауданындағы Семенов жартылай орта мектебін бітірген соң Семейдегі геологиялық-барлау жұмысшы факультетіне түскен-ді. Оны бітірген соң бар мақсаты жасы келіп қалған әке-шешеге тіреу болу еді. Өйткені, бұл бір отбасының жалғызы болатын. Соңынан ерген інісі Жұматай сонау ашаршылық жылдары балалар үйінде шетінеп кеткен.

Осы орайда әкесі Табылдының Голощекин­нің Қазақстанда “Кіші октябрь” ұранымен жүргізілген 1928 жылғы кәмпескесіне  дейін ау­қат­ты шаруа болғандығы, оған діндарлығы қо­сы­ла келгенде басына қатер төнген зауал шақта Ресей жағына ауа қашқандығы, сол жақта ор­манда ағаш кесуші болып жұмысқа орналасып, ес жия бастаған кезде аяғын ағаш сындырып, кем­тар болып қалғандығы, сол себептен де балалар үйіне өткізілген екі баласының бірі ше­ті­неп кеткендігі айта берсе ұзақ әңгіме, шерлі тарих. Абырой болғанда заман сәл түзелген бетте әке-шешесі Бесқарағайдағы ата мекендері Ойқарағайға, Семенов ауылына қайтып орал­ған. Замана қыспағымен тірідей жетім атанған Асылхан да әке-шешесімен қайта қауышқан.

1942 жылдың маусым айында жасы 18-ге толып әскер қатарына шақырылған Асылхан ең алдымен эвакуациямен Ленинградтан Петро­павл қаласына көшірілген авиация техниктерін даярлайтын әскери училищеге курсант болып қабылданады.

Содан келер 1943 жылдың қазан айында Белоруссияның Бобруйск қаласына орныққан армия генералы Грюкин қолбасшылық ететін бірінші әуе армиясына қарасты №134 авиапол­кіне аға техник болып іске кіріседі.  Бұлардың міндеті қос моторлы  ПЭ-2 деп аталатын бомбалау ұшақтарын ұрысқа дайындау болатын.

Неміс-фашистерінің Белоруссияны 1942 жылдың басында басып алғаны тарихтан мәлім. Ал аталмыш армия 1943 жылдың орта шенінен ауа Ұлы Отан соғысы тарихында елеулі орын алатын “Бобруйск шұңқыры” (Бобруйский котел) деп аталатын шайқасқа қатысып, жеңіске жеткен екен.  Сол шайқастың оңды нәтижесін­де фашистер шегініп, қаланы тастап шыққан.

Ал Татьяна болса, осы қала түбіндегі Түркі деп аталатын селода Федор Новиков  деген кісі­нің отбасында дүниеге келіпті. Соғыс баста­лы­сымен ағалары әскер қатарына алынса, әкесі Белоруссияны фашистер басып алған соң өз еркімен партизандар қатарына кеткен. Іле немістер бұлардың үйіне от қойып, өртеп жі­беріпті.  Отанасы Анна Сидорова балаларымен бірге үй астындағы жертөлені мекен етеді. Кеудесін кек кернеген өрімдей бойжеткен іле ормандағы партизандармен екі арада байланысшы болып, өзіне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқара бастайды. Таня соғыс аяқталған соң “Белоруссияны азат еткені үшін” медалімен марапатталса, бұл соның қайтарымы деп түсінген жөн. Бірақ ол да кейінгі әңгіме.

Ал оған дейін Татьянаның кәмелеттік жасқа толған бетте Бобруйск қаласына келіп, әскери­лердің асханасына жұмысқа орналасуы, іле ұқып­тылығы мен іске тын­дырым­дылығы арқасында асхана меңгеру­шілігіне көтерілуі, осы қалада бола­шақ жары Асылханмен кездесіп, танысуы өзінше бір хикая.

Бірде әскерилердің мә­дениет үйінде би кеші өте­ді. Оған құрбысы Олямен бұл да барады. Ешкіммен қақ-соғы жоқ биязы да байсалды, оның үстіне көрікті қазақ жігіті бұлардың назарынан тыс қалмайды. Таня ұяң болса, Оля өткір еді. Өткірлігі емес пе, келесі бір кезекте енді офицерлерді қыздар биге шақырады деп жариялағанда Асылханды өзі барып биге шақырады. Ал Асылхан болса Таняға бірден көзі түскенмен, оны биге шақыруға бойындағы ұяңдығы жібермейді. Сөйтіп, әрі-сәрі болып тұрғанда бұлар шұғыл дабылмен кетіп қалады. Өң мен түстей осы оқиғадан соң  Таняның ыстығы көтеріліп, ауырып қалатыны да шындық.

Таняның мұның алдында А.Бектің Бауыржан Момышұлы туралы қызықты хикаясын оқығаны бар. Енді бірде одақтық радиодан майдандағы қазақтардың ерлігі туралы бір сағаттық хабар беріледі. Оны бойжеткен ынта қойып тыңдап болған соң Асылхан бейнесі өз-өзінен көз алдына келе береді.

Бірақ маңдайға жазылған тағдырға дауа жоқ екен. Сұрапыл соғыс жүріп жатқанмен екеуі енді бірде көшеде кездейсоқ кездесіп қалады. Оған біреуі ғана емес, екеуі бірдей шексіз риза еді. Солайша таныстық тереңдей түседі. Ал Асылхан бомба жарықшағынан жараланып, ауруханаға түскенде Татьяна бойжеткенде ес қалмайды. Бұл кезде олар бір-бірінсіз тұра алмайтындығын түсініп үлгерген-ді. 

Сөйтіп жүргенде Асылханның әскери бөлімі аяқ астынан Балтық елдерін азат етуге аттанып кетеді. Мұның сүйіктісіне хабар беруге де мұршасы болмайды. Бірақ тиісті жерге барып орныққан бетте Татьянаға хат жолдайды. Ол болса көп ұзамай-ақ бұған құстай ұшып жетеді.

Белоруссиямен бірге, Балтық теңізі жағалауындағы елдерді, Шығыс Пруссияны фашистерден азат етуге қатысқан Асылхан Жеңіс күнін Кеннигсбергте, қазіргі Калининград қаласында қарсы алады. Бірақ оған кеңес әскері сапында әлі де бес жыл қызмет етуге тура келеді.

Ұзын сөзді қысқартып айтсақ, 1946 жылы Татьяна мен Асылхан шаңырақ көтереді. Соның алдында Асылхан ата-анасына хат жазып, рұқсаттарын сұраған. Мұның көңілінде діндар әкенің өзінің басқа ұлт өкіліне үйленуіне  қарсы бола ма деген қаупі де жоқ емес еді. Бірақ тәубаны білетін қарттар жалғыздарының кешегі қанды қырғында  аман қалғандығына шүкіршілік ете отырып, баталарын беріпті.

Содан 1947 жылы тұңғыштары Әлікжан өмірге келген. Бұл елдегі қарттардан хат жиілей түскен тұс болатын. “Шешең аурушаң, күндіз-түні сендерді ойлайды. Мүмкіндік болса келінді ауылға әкеліп тастасаңшы”, дейді әкесі. Бұл Татьянамен ақылдасқан. Ол бірден келіссе де, шешесімен кеңескен. Ол кісі де ақылдылық танытып, қарсылық білдірмеген. Сөйтіп, Татьяна мен Әлікжанын елге жеткізіп, қарттарды жарына, жары мен баласын қарттарға аманаттаған Асылхан әскер қатарында тағы екі жыл қызмет атқарған. Сонда бүгінде есептеп көрсе, сегіз жыл өмірі әскер қатарында өткен екен-ау.

Бұл елуінші жылдың көктемінде елге келгенде Татьянасы айналдырған екі жылда халқымыздың әдет-ғұрпымен бірге, тілін де әжептәуір меңгеріп алыпты. Кейін, тіпті сөзін тұздықтап, мақалдап сөйлейтін де болды емес пе!

Сөзден сөз шығады, содан сәл кейініректе бұлар балаларын ертіп Белоруссияға, бірі төркіні, екіншісі қайын жұрты, үшіншілері нағашы жұрттарына бармай ма!  Қызының күйеу баласымен қазақша сөйлесіп тұрғанын естіп қалған шешесі “қазақшаны қалай тез үйреніп алғансың”, – деп таң-тамаша болады. Сонда Асекең:

– Ойбой, шеше, мен елге барғанша Татьянаға қазақ тілін қамап қойып үйретіпті. Күніне 20 сөз үйренбесе тамақ бермепті және неше сөз жаттай алмаса сонша шапалақ  жепті. Аюға намаз үйреткен таяқ деген осыдан шыққан сөз ғой, – депті тіпті жымиып күлместен.

Соны шын көріп жылап жіберген шешемді Асылхан жай қалжыңдайды деп әрең жұбаттым, дейді Татьяна осы оқиғаны еске алғанда.

Асылхан әскер қатарынан оралған соң Семей педагогика институтының филология факультетін бітіреді. Бұдан кейін осындағы педагогика институтында бір жыл оқытушы болып қызмет істейді. Өкінішке қарай, 1957 жылы солақай саясат салдарынан аталмыш оқу орны жабылып қа­лады. Сонда негізі өткен ғасырдың басында қа­лан­ған Мұхтар, Қаныш, Әлкей сынды ғұла­ма­лар­ды, республикамыздың ішкі істер министрі бол­ған генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаев сынды озық шәкірттерді ұядан өсіріп, ұшырған байырғы оқу орнының қадір-қасиеті есепке алынбаған.

Мұнан кейінгі жыл­дары Асекең облыстық партия комитетінде қызмет істейді. Ал 1963 жылы аққа құдай жақ бо­лып, педагогика учи­лищесі қайта ашылғанда оның ендігі тізгіні бұған сеніп тапсырылған. Байырғы оқу орнына ширек ғасырға жуық басшылық жасаған Асылхан Табылдыұлы ол сенімді абыроймен ақтады да. Соның айғағындай, оқу орнына заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов есімін алып берген де, училищені жаңа қонысқа қайтадан жайғастырған да осы кісі. Сол ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп “Құрмет Белгісі” орденімен, бірнеше медальмен марапатталды, республикамыздың ғана емес, КСРО білім беру ісінің үздігі атанды.

Мұның сыртында Татьяна Федорқызы екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың әрқайсысы өз алдына жеке отау. Ұлдары Әлікжан мен Төлегеннен, қыздары Мира, Бақыт пен Майрадан 12 немере, 4 шөбере сүйді. Осыдан артық бақыт, осыдан артық қуаныш бар ма өмірде!

Сөйтіп, жүргенде алтын тойлары қар­саңында балалары анасына келіп тосын бір  әңгіменің шетін шығарған. Сол әңгіменің түйіні – жастарың болса келіп қалды, жаман айтпай жақсы жоқ, ертең көздерің жұмыла қалған жағдайда бөлек зиратта жатпақсыңдар ма дегенге саяды.

Бұған шешелері қысылып, қинала қойған жоқ. Ертеде бір құрдасы қазақтың әдет-ғұрпын да, мақал-мәтелдерін де бір кісідей жақсы білесіз, айып болмаса айтыңызшы, сіз қазір қай дінді ұстанасыз десе керек. Сонда бұл Чапаевтың сөзін мысалға келтірген. “Чапаев” киносында Фурмановтың одан: “Сіз қай интернационалдансыз” деп сұрайтыны бар ғой. Чапаев болса, “Ленин қай интернационалда болса, мен сондамын” демеуші ме еді. Бұл Асылхан қай дінде болса, мен де сондамын  дегенді ұқтыратын сөздер екені белгілі-тін.

Оның бұл әулетке келін болып түскеннен бері мұсылмандық шарттарын жақсы білетіндігі рас. Ораза айында таңертең үлкендердің сәресісін жасау, дәрет суларын дайындау, оларды мешітке апарып келу, аруақтарға құран оқытқанда ұйып тыңдап отыру міндеті мен әдетіне айналған. Ендеше несіне шегін­шектейді. Сөйтіп, алтын тойлары қарсаңында, 1996 жылдың 9 мамырында Татьяна әже мен Асылхан атаның шариғат жолымен некелері салтанатты жағдайда қиылады. Жасынан жетім қалып, өз қолдарында өскен Елтайдың “Дударай” әнімен жеңгесінің атынан өлең жазатыны да осы кез. Ол өлең: “Беларусь – ұлтым менің, атым Таня, қызымын Федордың сұрағанға. Ұшқыштар арасында ұлты қазақ, көрдім де ғашық болдым Асылханға”, — деп басталады.

Одан бергіде, нақтылап айтсақ, осыдан екі жыл бұрын жергілікті қаламгер Қабдысләм Тортайұлының “Асылхан – Татьяна” атты деректі кітабы жарық көрген. Соның алдында Асекең Қазақстан делегациясының құрамында Белоруссияда болып қайтқан. Өкінішке қарай, Татьяна шешейге өздері туралы жазылған сол хикаят кітапты көруге жазбапты. Аяқ астынан көз жұмған оның ақырғы сөзі: “Рахмет, Асеке”, — болыпты. “Маған емес, оған – әке-шешемді, тілімді, дінімді, халқымды құрметтеген бес баламның аяулы анасы Татьяна жарықтыққа рахмет”, дейді бүгінде жасы сексеннің сеңгіріндегі Асекең.

Содан кейін өздерінің өмір жолын тілге тиек еткен іні жолдасы Қабдысләм да о дүниелік  болып кеткен. Міне, өмір деген осы! Ұрпақ барда өмірге өкпе жоқ дейді Асылхан ағамыз. Мұндай жандардың өмірін басқаға өнеге етіп жатсақ, несі айып?!

Семей.

 

Суретте: Асылхан мен Татьяна (1987 жыл).



Авторы: Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат