Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-05-03:

"...Қара нар керек бұл іске!"

 

Елбасымыз ел алдына өте күрделі, жаңа мақсат қойып отыр. Ол — мемлекетімізді әлемнің ең таңдаулы елдерінің санатына қосу. Бірнеше сөзге сыйып тұрған осы ұғымның ғаламат салмағын сезінгенде Махамбеттің қай­рап айтқан сөзі еске қайта түседі. “Қара нар керек!..” Бір жақсысы — Елбасы белгілеп бер­ген стратегия, оның басым бағыттары сонау жылдардағыдай қарапайым адамдардың сенімі мен күмәнін итжығыс түсірмейді, бүгінгі ха­лықтың сенімі берік. Себебі, мемлекетіміз, ұл­ты­мыз ең ауыр кезеңнен өтіп болды, рефор­ма­лардың нақты нәтижелеріне қол жеткіздік, халық өз көшбасшысының мақсатты күресінің мағы­на­­сын ұқты, “көп жөнге түсті”. Ұлттың психо­ло­гиясы, өмірлік пәлсапасы түбегейлі өзгерді, ұзақ жылдар, бәлкім, ғасырлар бойы қалғулы келген пассионарлық қуаты оянды. Бәлкім, Міржақып Дулатов айтқан “оян, қа­зақтың” ма­ғыналы мақсаты осы болған шығар. Зама­нын­да Малайзия көсемі М.Мохамад малай­лық­тарға “біз санасы сырқат ұлт қана емеспіз, өз жерінде отырып, өз күнін көруге де қабілет­сіз ұлтпыз!” деп қатты айтыпты, ал кейін “біз Малайзияны бүкіл әлем сыйлайтын, әрбір ма­лайлық өз басын сыйлайтын жағдайға жете­міз!” деп рухы түлеген халқын қа­наттандырған. Ол солай болды да. Ендігі жерде біздің ха­лық­тың да мақсаты осындай болуға тиіс. Елба­сы Жолдауының мағынасын мен осылай деп ұғамын.

Таңдаулы елу елдің қатарына ену — жалпы­ұлттық идея. Оның негізі қаланып болғанын Елбасы айтты, ал халық көзімен көріп отыр. Енді қимыл, іс керек. Нар көтеретін іс. Атқа­ру­шы биліктің ғана емес, халықтың бүкіл бел­сенді бөлігінің білім-білігі, қайрат-қажыры ке­рек. Жолдауды талқылауға, халықтың сана­сына сіңіруге ерекше мән беріліп отырғаны сон­дықтан. Ал халықтың қажырлы, белсенді бөлігі Жолдауда көрсетілген “әлжуаз” топтарға, нақты адамдарға қатысты әлеуметтік саясатты ғана емес, стратегияның өзге басымдықтарына, дамудың жаңа серпілісіне мүмкіндік беретін тұстарын ерекше қолдап отыр. Себебі, “Елде болса, ерінге тиеді”. Себебі, нарықтық эко­номиканың барлық мүмкіндіктерін игерген қуат­ты, сауатты, жігерлі жұрт жаңа мүмкін­дік­терді күтіп отыр. Дәлірек айтсақ, кәсіпкерлер жаңа істерге мүдделі. Ал шағын және орта бизнестің жедел дамуы жалпы жұртшылық үшін пайдалы. Әсіресе, орта бизнестің. Ол ны­ғайып, әлеуетін арттырған сайын жұмыс­сыз­дық азайып, бара-бара мүлде жойылады. Қазір қарапайым жұртшылық кәсіпкерлер жаңа ша­руашылық, өндіріс ашып жатса, соған тілеулес болады. Психологиялық өзгеріс — осы. Ал орта бизнес өзіне жаңа мүмкіндіктер алғаннан кейін қазіргіден де күшейе бастайды да, елдің тұтас дамуына, әлеуметтік мәселелердің оң шеші­луіне ықпалын жүргізетін күшке айналады. Осы қарапайым мысалдан аңғаруға болады: Ел­басы Жолдауы қоғамның әзірлігін ғана емес, табиғи сұранысын тап басып отыр.

Елбасы белгілеген стратегиялық мақсат­тарға жетудің мүмкіндігі Ақтөбе облысының өмірінен қазірдің өзінде айқын аңғарылады. Сараң көрсеткішке жүгінсек, өткен жылы облыста өндірілген жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 4500 доллар болды, ал биыл мұның деңгейін 6300 долларға көте­ре­міз деген үміт бар. Елбасы бізді қабылда­ған­да 2010 жылы Қазақстандағы осы көрсеткіш 5800 доллар деңгейіне жететінін айтқан. Демек, облыс ол межені төрт жыл бұрын игеретін болғаны. Былтырғы жылдың қорытындылары бойынша Ақтөбе облысы даму қарқыны өте жоғары аймақ деп танылды. Бұл осы өңірден өндірілетін мұнай, газ, хром қоспалары, жез, никель, темір рудасы сияқты өзге де ши­кі­заттар көптігінің, өлкенің табиғи байлығы­ның ғана арқасы деу қате. Оның да себі бар шы­ғар, бірақ Жолдауда көрсетілген басымдықтар қатарында аталатын жаңа технологияға, өндіріс­тік-инновациялық даму жобаларына жүгіну облыс экономикасын алға сүйрей бастағаны анық. Былтыр, өзгесін айтпағанда, тек қана өндірістік-инновациялық даму жобалары бойынша 59 өндірістік және инфрақұры­лымдық нысан іске қосылды, озық технологиялар трансфертімен инновациялық 30 жоба жүзеге асты. Тек осындай тың қадамдар арқасында ғана өнім өндіру 20 пайызға артты, біз жаңа өнімдер, тіпті, респуб­ли­када аналогы жоқ өнімдер өндіре бастадық. Ал биыл, кем дегенде, тағы 30 жобаны іске асырып, 600 млрд. теңгенің өнімін өндіреміз деп отыр­мыз. Кеңес заманында мұндай өнімді бес жылға жоспарлайтынбыз. Қазақстанның әлемдік эконо­ми­каға кірігуі дегеніміз — озық елдердің қатары­на барлық салалар бойынша теңелу, олар игер­ген­нің бәрін — білімді, озық технологияларды, жоғары сапалы өнім шығаруды, интеллектуалдық деңгейді, тіпті, мәдени деңгейді, т.б. толық өз елі­мізде мүмкін ету. Бізде мұның барлық мүмкін­дігі бар, тек ұқсата білу, экономиканы ұйымдас­ты­ра білу қажет. Былтыр облыстың экономика­сы­на 168,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Тәуелсіздіктің алғашқы ауыр жылдарында Ел­басы шетелдік инвесторларды Қазақстанға әкелуге ерекше мән беріп, қолайлы жағдайдың бәрін жасағаны, “белбеуді қаттырақ бууға” шақырғаны есте. Онсыз тұралап қалған елді тұрғызып алу мүмкін бе еді?! Сол қадам мол жемісін берді. Ал қазіргі жағдай біздің пайдамызға қарай өзгеріп келеді — инвесторлар қатарында өз отандаста­ры­мыз бар. Бұл бізге көрінгенге бас шұлғи бер­мей, өз талабымызды қойып, инвесторды өз мүд­демізге жұмыс істетуге мүмкіндік беріп отыр. Озық технологияны мейлінше кеңінен енгізу, өндірістік-инновациялық дамуды жеделдету — әлемдік экономикаға енудің басты шарты десек, оны қаржыландыру инвестицияға тікелей байла­нысты. Инвесторлармен білікті тұрғыда жұмыс істеу облыстың экономикасын жылдан-жылға нығайтып келеді. Облыстағы ең ірі инвестор — “СНПС — Ақтөбемұнайгаз” АҚ  соның мыса­лы. Оның 155 шақырымдық “Жаңажол — КС-13” газ құбырын іске қосуы облыстың арзан газ­ға деген мұқтажын толық өтемекші. Жақында об­лыстың тұрғындары, шағын кәсіпорындар, жылу орталықтары арзан отынды тұтына бастай­ды, бірқатар елді мекендерге газ барады, әрі “Бұқара — Орал” құбыры арқылы газ экспорт­тауға болады, қоршаған ортаны бүлдіріп тұрған ілеспе газ игілікке айналады. Осы инвестордың 80 шақырымдық “Жаңажол-Жем” темір жолын салуы да өз пайдасын бермек — жылына 2,5 млн. тонна жүк, 70 мыңнан астам жолаушы тасымал­дана­ды, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл — бір ғана мысал. Жолдауда көрсетілгендей, кө­лік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамыту — біздің жалпы дамуымыздың алғышарт­та­рының бірі. Мәселен, былтыр іске қосылған Хромтау-Алтынсарин темір жолының маңызы қаншалықты зор екені біздің облыс қана емес, республика эко­номикасында да айқын сезілді. Былтыр іске қосылған, толық жаңартылған Ақ­тө­бе-Қарабұтақ-Қостанай тас жолының игі әсері туралы да осыны айтуға болады. Енді Жезқазған-Шалқар-Бейнеу темір жолы салынғалы жатыр. Мұның жалпы дамуға өлшеусіз оң әсер ететіні өз алдына, облыстағы 32 мың адам тұратын он шақты елді мекенді басып өтіп, халықтың тұр­мыс-тіршілігіне пайдалы өзгерістер әкелері сөз­сіз. Осы орайда Қостанай-Қандыағаш-Мақат бөлігінде темір жолды электрлендіру басталға­нын, Ақтөбедегі ұшу алаңының халықаралық стан­дартқа сай қайта салынғанын, Ақтөбенің еліміз­дегі халықаралық деңгейдегі үшінші әуе айлағына айналғалы отырғанын айтуға болады.

Әрине, облыстың жалпы даму үдерісіндегі ірі өзгерістерді баяндау шарт емес шығар — ол халық алдында берілген есепте айтылды. Мұны мен біздің Елбасы белгілеген мақсаттардың орындаларына кепіл, негіз боларлық мысалдар ретінде келтіріп отырмын.

Жолдаудағы екінші басым бағытта “елі­міздегі экономикалық жаңарудың “локомотиві” болуға қабілетті дамы­ған өңірлік орта­лықтардың экономикалық қыз­ме­тін жан­дандыруға, ұтымды экономикалық маман­дандыруға бағытталған осы заманғы жаңа аумақтық даму стратегиясы қажет” екендігі ай­тылған. Мен мұның Ақтөбе облысына тікелей қа­тысы бар деп ойлаймын. Жоспар-бағдарсыз жұ­­мыс болмайды. Біздің облыс бірнеше бағдар­ламалар бойынша жұмыс істеп жатыр. Эко­но­миканың жаңа үрдіспен дами бастауы, халықтың әл-ауқатының арта түсуі, шағын және орта бизнестің бұрын болмаған екпінмен жандана бастауы, халықтың сұранысының, жақсы жағ­дай­ға ұмтылысының күшеюі — сол бағдарлама­лар­дың нәтижесі. Жолдауды тұтас, тарихи ма­ңызы ерекше бағдарлама ретінде қарастырғанда туған ой — онда аталған басымдықтарды үйлесім­ді түрде, біркелкілікпен жүзеге асыра бастағанда ғана біз дамудың жаңа, шынайы сатысына шыға аламыз. Мұны Ақтөбе облысының бүгінгі мүмкіндіктері мен ықтимал перспективаларынан айқын аңғаруға болады.

Менің ерекше бөліп айтқым келетіні — ша­ғын және орта бизнесті дамыту мәселесі. Қазір біздің облыстағы әрбір екінші жұмыс орны шағын және орта бизнестің еншісінде. Былтыр 13,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, биыл оның саны 15 мыңнан асып жығылмақ. Жұмыс­сыздық деңгейін 2 пайыздан асырмауды мақсат етіп отырмыз. Бірақ, бұл да уақытша нәрсе болу­ға тиіс — орта бизнес қуаттанған сайын жұмыс орны көбейіп, әркімнің өз үйі, автокөлігі және жұмысы болатын күнге де жетеміз. Тағы бір ма­ңыз­ды нәрсе — орта бизнес тек жұмыс беруші ғана емес, қоғамның бай және кедей жіктерінің арасындағы алшақтықты азайтып, “кедейі мен байы тең” болмағанымен, жұмысқа қабілетті адамдардың бәрінің тұрмысын түзейтін, сол арқылы қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ететін күш екенін ескеру керек. Егер осы деңгей­ге жетсек, дамудың кедергісі азаяды, халықтың белсенділігі күшейе түседі. Өткен жылы ғана облыста 12 шағын несие ұйымы құрылды, барлық аудандарда бизнес-инкубаторлар, 30-дан астам шағын бизнесті дамыту қорлары бар. Рас, ауылдық жерлердегі жұрттың, әсіресе, бірыңғай мал өсірумен айналысатын аудандар тұрғын­да­рының көпшілігі жеке шаруа­шылықпен айналы­сады. Қуат жиып алған шағын және орта биз­нестің алыс аудандарға барып, қаржы салып, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсататын құры­лымдар ашуына мүдделі болып отырмыз. Онсыз ол аудандардың жалпы дамуға ілесуі қиын. Бұл ба­ғыт та қазір жанданып келе жатыр. Орта биз­нес­тің назарын осындай аудандарға бұру ауыл хал­қының жағдайын күрт жақсартады. Демек, біздің экономиканың жоталы тірегі орта бизнес болмақ.

Ақтөбенің әлеуеті өте зор. Соны үйле­сім­ді түрде пайдалана алсақ, облыстың жаңа сер­пінмен дамудың көшбасшысы боларына күмән жоқ. Қазір әлемнің 89 елімен әріптестік қатынас­та отырған Ақтөбе экспортқа дәстүрлі мұнай, газ, хром кені, никель, кобальт, алтын, ферробал­қы­ма, хром тұзы сияқты көптеген өнімдермен қатар, рентген аппараттарын, тағам өнімдерін шығара­ды. Елбасы стратегиясының жүзеге асырыла бастауы экспортқа шығары­латын отандық өнім­дер санын көбейте түсері анық. Оның да негізгі қозғаушы күші орта және шағын бизнес болады. Қазір өнім шығару, қызмет көрсету саласындағы табиғи бәсеке­лестік күшейіп келе жатыр. Әркім­нің өз үйін, жұмыс орнын осы заманғы талғам тұрғысынан көркейтуінен басталған бәсекелестік қазір өнім мен қызмет көрсетудің бәсекесіне ұласты. Осы орайда еске түсіп отыр: үлкен ха­лық­тарда “жаман қасиетіңді артықшылығыңа ай­налдыру” деген ұғым бар. Қазақтың ұсақ, жа­ғым­сыздау бәсекесі, намысшылдығы ізгі бәсекеге айналса, “қатардан қалмау” ұғымы елдің тұрмы­сы­ның түзелуіне, мәдени деңгейінің өсуіне қам­шы болар деген ой бар. Солай болатын да шы­ғар: сонау жылдары біздің жазушылар мен жур­налистер “Тойота” мінген, “сотка” ұстаған жаңа қазақтың жағымсыз бейнесін жасап еді, қазір өздері сондай болды ғой! Қазір керісінше: басын сыйлайтын кісі жақсы үйде тұруға, жақсы көлік мінуге тырысып, сол үшін тырбанатын болды. Бұл — қоғамдық көрсеткіш, халықтың сапасы өзгерді. Жалпы, өзгере алмайтын, өзгеруден, жаңалықтан қашатын халық өрге баса алмайды. Кейде маған осы өзгеріс қазақы ортада баяулау жүріп жатқан­дай көрінеді, мүмкін көбірек алаңдағаннан шы­ғар. Дегенмен, халқымыздың әлемге малай­зия­лықтар сияқты, “біз — қазақ­стандықтармыз!” деп түгелдей мақтанышпен айта алатын күні де алыс емес. Елбасы стратегиясы, сайып келгенде, сол мақсатты көздеп отыр. Жаңа ұлт, Жаңарған ұлт сомдау туралы Президентке қатысты пікірім­нің мәнісі осында.

Мамандардың пікірінше, Ақтөбе өңірінің қойнауында Қазақстанды 100 жыл бойы бір өзі асырай аларлық байлық бар көрінеді. Елбасы­ның қолдауымен соны игерудің көптеген жоба­лары қолға алынды. Өткен жылы өндірістің өсу қарқыны 152 пайыз болса, биылғы қаңтарда 180 пайызға жетті. Биыл мыс пен мырыш өндіретін ірі тау-кен комбинаты іске қосылмақ. Ол алғаш­қы жылдың өзінде 20 млрд. теңгенің өнімін өндірмек. Бұл — біздегі бүкіл ауыл шаруашылығы құрылымдарының жылдық табысы. 2008 жылы комбинат 80-100 млрд. теңгенің өнімін шығар­мақ­шы. Алдағы жылда мұндай 10-12 қуатты кәсіпорындар пайда болады.

Экономиканың жедел дамуы әлеуметтік сала­ны нығайтары сөзсіз. Даму страте­гиясындағы үшінші басымдық халықтың неғұрлым “әлжуаз” топтарын қорғайтын, экономиканың дамуына қолдау көрсететін осы заманғы әлеуметтік саясат екені белгілі. Шындығына келсек, бұл қазірдің өзінде мемлекеттің негізгі мәселелерінің біріне айналып, жемісін көрсете бастаған шаруа. Был­тыр­ғы, биылғы мемлекеттік бюджеттің әлеумет­тік бағыты басым болып отырғаны елге аян — зейнетақы, жәрдемақы, арнайы төлемдер едәуір өсті. Жолдау әлеуметтік саясатты да жаңа, осы заманғы деңгейге көтеруді міндеттеп отыр. Әсі­ресе, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің ха­лық­аралық стандарттарын енгізу мәселесі дер кезінде қойылды. Бұл — тәжірибеге ене бастаған нәрсе: облыста ұлттық компаниялар мен ірі ин­весторлардың қайырымдық шараларына, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау салаларының нақты жобаларына тікелей қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның сүйсінерлік мысалдары өте көп. Дегенмен, осы істі жүйеге түсіріп, БҰҰ-ның Жаһандық шартында айтылған дәрежеге көтеру елдің қалыпты, барлық салалардың біркелкі дамуына мүмкіндік берері анық.

Дегенмен, әлеуметтің “әлжуаз” топтарына көмектесу масылдық психологиясына ай­налмауға тиіс. Қазір олардың саны азайып келеді. Зейнет­керлер, көп балалы аналар, әсіресе, мүгедектер, ардагерлер, халықтың өмірге икемі жоқ топтары мемлекеттен лайықты көмек ала алатын деңгейге көтеріліп келеміз. Елдің әлеуеті артқан сайын бұл мүмкіндік кеңейе бермек. Мәселен, өткен жылы біз барлық соғыс ардагерлері мен мүгедектерін коммуналдық төлемдер төлеуден босаттық. Бұл да қарқынды дамудың беріп отырған мүмкіндігі. Елбасы белгілеп отырған міндеттердің түпкі мақсатын Жолдаудан бұрын-ақ бейнелеп берген-ді: “әркімнің өзі үйі, автокөлігі, бизнесі немесе жұмысы болуы керек!”. Осы әлеуметтік көрсет­кішке жетудің алғышарттары қазірдің өзінде бар екенін облыстың көрсеткіштері дәлелдеп отыр. Бірер мысал. Қазір ақтөбеліктердің орташа жала­қысы 48 мың теңгеге жуық, бұл 2004 жылмен салыстырғанда 31 пайызға артық, ал жан басына шаққандағы өнім 198 пайызға өсіп, 190 мың теңге болып отыр. 2000 жылы облыс банктерінде 56 мың адам 6,5 млрд. теңге салым сақтаса, қазір бұл жеті есеге өскен: 390 мың адамның 23 млрд. теңгесі банктерде тұр.

2000 жылы 2 мың адам ғана үй салуға өтініш білдірсе, халықтың қазіргі сұранысы орасан зор деңгейде: 2005 жылы ипотекалық несиемен пәтер сатып алуға немесе өз үйін салуға өтініш білдір­гендер саны 20 мыңнан асты. Бес жылда он есе көбейді!

Облыстағы әрбір бесінші адамның өз автокөлігі бар. Шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар саны 104,9 мың адамға жетті. Жұмыссыздықтың ресми деңгейі 2 пайыздан аспайды. Сөйте тұрғанда, 8000 маман-жұмыс­шы жетіспегендіктен, кәсіптік-техникалық білім беру ісіне ерекше назар аударып отырмыз.

Осының бәрі — әлеуметтік жағдайдың қаншалықты жоғарылап келе жатқанының белгісі. Осы үрдіспен экономика дами беретін болса, жаңаша дамуға қажетті барлық мүмкін­діктерді толық пайдалана білсек, Елбасы қойған үш шартқа Ақтөбе облы­сының таяу 5-6 жылда жетеріне күмән жоқ.

Жолдаудағы үшінші басымдықтың басты шарттарының бірі, әрі негізгісі — тұрғын үй. Елбасы ұсынған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы өз нәтижелерін тез арада бере бастады. Облыста тек өткен жылы ғана 290 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2004 жылғыдан үш есе көп. Соның 14,9 мың шаршы метрі коммуналдық, 76,3 мыңы ипотекалық, 82,3 мыңы коммер­циялық тұрғын үй. Бұл — былтыр 14 мың адам, яғни 3,5 мың отбасы қоныс тойын тойлады деген сөз.

Біз ипотекалық тұрғын үйдің әр шаршы метрінің құнын 350 доллардан асырмай ұстап отырмыз. Себебі, облыстың құрылыс индус­трия­сы мықты — әйнек пен цементтен өзге қажеттің бәрі өзімізде бар. Биыл Қандыағашта жылына 92 млн. шаршы метр өнім беретін шыны зауыты, Шұбарқұдықта жылына 1 млн. 250 мың тонна өнім өндіретін цемент зауыты салынады да, сонымен құрылыс индустрия­сының кластері толық жұмыс істей бастайды.

Пәтерге, жеке үй салуға деген сұра­ныстың осынша деңгейге көтерілуі — халық тұрмы­сының жоғарылағанының айқын көрінісі. Қазір Ақтөбе қаласында ғана емес, шағын қалалар мен аудан орталықтарында құрылыс салынатын аумақтарға сұраныс жоғары. Мысалы, Темір ауданының орта­лығында жаңа мөлтек аудан, Мәртөк ауданында жаңа село салынбақшы.

Денсаулық сақтау саласы біздің облыстың ең осал тұсы еді, ол да жақсарып келеді. Туберкулез дерті бойынша бірінші орынға шық­қан кезіміз болған. Шұғыл алынған шара­лар арқасында жағдай біршама дұрысталып қалды. Үш аудан орталығында 60 төсектік туберкулез ауруханасы салынып, 150 орындық “Чайка” санаторийі қайтадан іске қосылды. 110 миллион теңгелік компью­терлік томограф­тың сатып алынуы Ақтөбе өңірі үшін ғана емес, көрші облыстар үшін де үлкен маңызы бар оқиға болды — бұрын жұртшылық томо­графқа тексерілуі үшін Ресей асатын. Жалпы, денсаулық сақтаудың дәрежесі, сапасы күн санап жақсарып   келеді.

Стратегияда белгіленген төртінші басым­дықтың болашақ үшін қаншалықты маңызды екені түсінікті. Білім мен мәдениет — дамыған елдің ең басты көрсеткіші, барлық табыс­тардың бастауы екені аян. Біз үшін мектептер салу ең басты мәселелердің бірі болып отыр. Жылына 6 мектеп салып отырсақ, 2-3 жылда барлық мектеп үйлері талапқа сай болады деп жоспарладық. Биыл мектептерді компью­терлендіру аяқталады. 12 жылдық оқу жүйесіне көшуге әзірліктер жүріп жатыр.

Ұлттың, мемлекеттің әлемдік деңгейге кө­те­рілуі өзінің мәдени болмысын толық сақтай отырып, әлем мәдениеттерімен тығыз байла­нысқа түсуінен де көрінбекші. Елбасының өз бастамасымен жасалып, жүзеге асырылып келе жатқан “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша қыруар шаруа тындырылды. Оның ұлттың тарихи санасын нығайтудағы, өз мәдениетіміздің бірегей кейпін қалпына келтіріп, дамуына өріс ашудағы рөлі өте зор. Бұл салада да арнайы бағдарламалар бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Стратегиядағы қазіргі жұрттың, әсіресе, шетелдік ұйымдардың көбірек айтатын тақы­ры­бына қатысты басымдық — демократияны одан әрі дамыту мен саяси жүйені жаңарту мәселесі. Демократия, менің ұғымымда, әр­кім­нің өз бетінше лаға беруі емес, жауапкер­шілік, биік мәдениеттің көрінісі болуға тиіс. Оның үстіне, “мақтаулы демократия” елдің мүддесіне, даму деңгейіне, менталитеті мен өзге ерекшеліктеріне есеп бермейтін болса, оның құндылығы күмәнді болып шықпақ. Мәселен, Қытайдың, Малайзияның әлем таң­данарлық даму дәрежесіне біздегі демокра­тияның батыстық моделіне құдайдай сеніп жүргендер айтатын демократияның еш қатысы болған жоқ. Тіпті, Махатхир Мохаммедтің өзі “мұсылман мемлекетінде демократиялық еркіндіктердің берілуі ешқандай жақсылыққа апармайды, есесіне бетімен кетушілік пен тәртіпсіздіктерге әкеліп соғады” депті. Ал Син­гапурды әлемнің қуатты еліне айналдырған Ли Куан Ю: “Батыс үлгісіндегі демократияны қабылдасақ, бізді не күтетінін білесіңдер ме? Нашақорлық, қылмыс, жалғызбасты әйел­дер көбейеді”, деген.

Әрине, біздің жөніміз басқа. Демократия бізге керек, бірақ ол да еліміздің, ұлты­мыздың өркендеуі, алға басуы, қоғамда тұрақтылық пен үйлесімнің салтанат құруы үшін қызмет етуге тиіс. Елдегі саяси партиялардың филиал­дары, оппозицияның өкілдері Ақтөбеде де бар. Олардың жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отыр­ған ешкім жоқ. Керісінше, олардың облыстың өркендеуі үшін қажетті ұсыныстары қолдау тауып жатады. Ал былтырғы өткен Президент сайлауы нағыз халық билігінің (демократия — халық билігі ғой!) әдемі көрінісі болды. Таң атар-атпастан сайлау учаскелеріне ағылып келіп, сайлауды халықтық қуанышқа айнал­дырып жіберген жұрттың ықыласына шетелдік бақылаушылар да қайран қалды. Жұрт Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ықыласпен дауыс береді. Ал дауыс беруде еш бұрма­лаушылық болмағанына оппозиция өкілдері де куә. Бұл осылай болуға тиіс те еді. Себебі, халық өз Президентінің кім екенін жақсы біледі, оның кемел ойына, қайрат-қажырына сенеді. Себебі, ол — осы мемлекетті сомдап шығарған, елімізді бүгінгі биікке бастап шыққан көсем, Жаңа ұлттың, Жаңа елдің келбетін өз ерік күшімен, санасымен қайта жасап шыққан тұлға.

Еліміздің жаңа үрдіспен дамуының Елбасы жасаған стратегиясын жүзеге асыру, әрине, оңай емес. Қазақыласақ, қара нардың белін қайыстырардай іс. Бұл іс те ойдағыдай бітеді. Халықтың қазіргі құлшынысы мен ізденісі, қажетті негіздердің беріктігі, Елбасымыздың уақыт пен халық сынынан өткен көрегендігі — соның кепілі.



Авторы: Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, Ақтөбе облысының әкімі.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат