Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-05-19:

Оқу орнының жетпіс бесінші асуы

 

Кеше Алматыда Қазақстанның медицина саласындағы білімі мен ғылымының көшін бастап, бүгінде қарашаңырағына айналып отырған С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 75 жылдық  мерейтойына арналған “Қазақ ұлттық медицина университеті ғасырлар тоғысында” атты төрт күндік халықаралық  конгресс өз жұмысын бастады. Оның жұмысына  аталмыш оқу орнын әр жылдары бітірген түлектері – бүгінде отандық медицинаның ардагерлері мен марқасқалары, алыс-жақын шетелдердің жетекші ғалымдары, Алматы қаласының ЖОО-лар  мен ҚР Медицина академиясының  ректорлары, ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарының, еліміздің барлық облыстарының денсаулық сақтау департаментінің басшылары қатысуда.

 

Осыдан 75 жыл бұрын Алматы қаласында Қазақ КСР Халық ко­мис­сариатының қаулысымен оқу ор­нының негізі қаланып, оның тұң­ғыш ректоры, сол кездегі қазақ зиялыларының өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері, талантты ұйымдастырушы, Санкт-Петербург әс­кери академиясының түлегі Сан­жар Асфендияров сайланған бола­тын. Егер сол жылы емдеу факуль­те­тіне бар-жоғы 135 студент қа­был­данған болса, қазір бұл білім ор­дасы Ұлттық мәртебе дәрежесін алып, білікті дәрігерлер мен ға­лым-маман даярлауда ғылыми-оқу және клиникалық орталығына, елі­міздің ең жоғары медициналық бі­лім беретін жетекші оқу орнына айналып отыр. Қазір мұндағы 60-қа жуық кафедрада мыңға тарта оқы­тушы, сондай-ақ 120 ғылым докторы мен 448 ғылым кандидаты дәріс беріп, 5 факультетте 7500-ге жуық студент, сонымен бірге 800 студент алыс шетелдерден бі­лім алуда. Ал 75 жылда 50 мыңға жу­ық түлектері еліміздің ден­сау­лық сақтау саласы мен медицина ғылымының дамуына атсалыс­қан.

Конгресте ҚазҰМУ-дың рек­то­ры, профессор Талғат Момынов кіріспе сөз сөйлеп, университеттің тарих парақтарына, егемен елі­міз­дің медицина саласында оқу орны­ның ерекше және негізгі орны бар екеніне, сондай-ақ денсаулық сақ­тау саласын қалыптастыруда, оны кадрлармен, дәрігер провизорлар­мен қамтамасыз етудегі қосқан үле­сі мен бүгінгі жетістіктеріне тоқ­­талды. Ректор университеттің мерейтойына Ұлы Люксембург Герцогтігінің Ұлы Герцогі Henrі ХVІІ атындағы профессорлық кли­никасының ашылуы үйлестіріл­ге­ніне ерекше тоқталып, Ұлы Люк­сем­бург Герцогі үкіметінің шы­найы көмегінің арқасында бұл кли­ника жаңа медициналық құ­рал-жабдықтармен жарақтанды­рыл­ғанын атап өтті.

Мерекелі жиынның ашылу салтанатында Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев өз сөзін Премьер-Министр Д.Ахме­тов­тің құттықтау хатын оқумен бас­тап, ары қарай министрлік атынан өз тілегін жалғады. Министр атал­мыш оқу орны Қазақстандағы ме­дициналық білім беру саласының флагманы екенін, университет ұжымы Қазақстандағы медицина саласын реформалау бағдарлама­сын жүзеге асыруда белсене атса­лы­сып отырғанын айта келе, жа­ңа­дан ашылған профессорлық кли­никаны жабдықтауға 30 млн., ал жаңа жылдан бастап универ­си­тет жанынан қазіргі заманға лай­ық­ты оқу-клиникалық орталығы ғи­маратының құрылысын салуға 350 млн. теңге бөлінгенін хабар­ла­ды.

Сондай-ақ министр Қазақстан Президентінің Алғыс хатын Ха­ни­са Сатпаева мен Қуаныш Мас­кеев­ке тапсырып, “Қазақстан Рес­пуб­ликасы Денсаулық сақтау ісі­нің үздігі” омырау белгісімен,  Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен, алғыс ха­тымен ҚазМҰУ-дың біраз қызмет­кер­лерін марапаттады.

Ал университет ректоры бір­не­ше номинация бойынша еліміздің медицина білімі мен ғылымына сіңірген еңбегіне қарай ардагерлер мен білікті ғалымдарға, шетелдік әріптестерге бағалы сыйлықтар бе­ріп, құрметті атақтар тағайындады. Мәселен, РФ Иммунофизиология институтының директоры, акаде­мик Р.И.Сепиашвили, АҚШ От­ба­сылық медицина институтының атқарушы директоры Круч Джон, Ресей Медицина ғылымдары ака­демиясының академигі В.В.Мале­ев, Ұлы Люксембург Герцогтігінің РФ және ТМД елдері бойынша Тө­тенше және өкілетті елшісі Кри­гер Карло, Мәскеу мемле­кет­тік медико-стоматологиялық уни­верситетінің деканы, профессор С.Ю.Иванов, ЦНИИЭ зоондық зертхананың меңгерушісі Б.Л.Чер­кас­скийге “ҚазҰМУ-дың құрметті профессоры” атағы берілгендігі ту­ралы сертификат тапсырылып, ман­тия кигізілді.

Сондай-ақ конгресс аясында 8 ғы­лыми конференция, ал “Ата­кент” көрме орталығында қазіргі заманғы дәрі-дәрмек препараттары мен медицинаға қажетті жабдық­тарға арналған “KІHE-2006” ха­лық­аралық көрмесі өтеді. Ол кон­грес­тің ғылыми бағдарламасымен тығыз байланысты.

 

Тіл — әлемтану кілті

 

Алматыдағы Достық үйінде Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қазақстан халықтары Ассамблеясының (ҚХА) бірлескен іс-шаралар жоспары аясында ұлттық-мәдени бірлестіктер жексенбілік мектептерінің оқушылары арасындағы мемлекеттік және ана тілдерін оқып-білуіне арналған “Тіл – әлемтану кілті” атты екі күндік байқау өтті. Оған ҚХА Достық үйі жанындағы республикалық және өңірлік, сонымен қатар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы ұлттық-мәдени бірлестіктері жексенбілік мектептерінен 11-17 жас аралығындағы 27 үміткер қатысып, өздерінің ана тілімен бірге мемлекеттік тілге деген құлшыныстарын, құрметтерін көрсетіп бақты.

 

“Егемен Қазақстан”. Бес номинация бойынша өт­кі­зіл­ген байқаудың мақсаты – жек­­сенбілік мектептердің оқушы­лары арасында мемлекеттік және ана тілдерін білу деңгейін анық­тау, сондай-ақ тілдерді мең­ге­ру­дің мәдениеті мен маңыздылығын арттыру, тілдік білімдерін жетіл­діруге ынталандыру, Қазақстан халқының рухани және мәдени мұрасына құрметпен қарауды қалыптастыру болып табылады. Бір айта кетерлігі, биылғы бай­қау­дың бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, бұл жолғы сайысқа қазақтар көбірек шоғырланған, қаймағы бұзылмаған оңтүстік аймақтары жексенбілік мектеп­тер­де оқып жүрген өзге этнос өкілдерінің балалары қатысса, екіншіден, биылғы байқаудың мемлекеттік тілде өтуі, үшінші­ден, егер осыған дейін әр номи­на­цияға бір-бір баладан дайын­дал­са, бұл жолы әрбір ұлттың өкілі барлық номинацияға жеке қатысып отыр.

– Байқаудағы әр номина­ция­да балалардың тілге деген құл­шы­нысы ерекше екенін байқадық, – деді бізге тіл сайысының қанша­лықты дәрежеде өткені турасында қазылар алқасының төрайымы, Қазақ мемлекеттік қыздар педа­гогикалық институтының ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, про­фес­сор Клара Қожахметова. – Со­нымен бірге өз ана тілін меңгере, сүйе отырып, мемлекеттік тілге деген көзқарастың өсуін көрдік. Көп балалар өз шығармаларында “менің екі ана тілім бар” деп жазыпты. Демек, бұл жерде балалар кішкене жүректерімен тілдің маңыздылығын түсініп тұрғанын байқатады. Мәселен, Амина Асанова өз шығарма­сын­да: “…өкінішке орай, біздің көп­теген азаматтарымыз қазақ тілін шұбарлап сөйлейді, мен соған ренжимін”, деп жазыпты. Яғни, олар бала болса тілдің беделінің өсіп келе жатқанын, оған өзде­рінің жаны ауырып, немқұрайды қара­майтынын көрсетеді. Мені сол ниеттері қуантты.

Шынында, байқауда кішкене балалардың әрқайсысы айшықты сәнімен өз ұлттық киімдерін киіп, мемлекеттік тілде, сонан соң өз ана тілінде халық, тіл, этнос туралы мақал-мәтелдер мен қанатты сөз­дер­ді жарыса айтып, асқан бір құл­шы­ныспен, салтанатпен әрі сон­дайлық жауапкершілікпен жеткізсе, әсіресе, ең соңғы номинация – шығармашылық байқауда – қазақ және ана тілдерінде ән айтып, ұлттық аспаптар сүйемелдеуімен би билеуде өздерін жаңа қырынан көрсетіп, ашыла түсті.

Байқау хақында қазылар алқа­сы­ның мүшесі, Абай атындағы ҚҰПУ-дың әлем тілдері орта­лы­ғының директоры, Қазақстандағы күрдтер ассоциациясының прези­денті, профессор Князь Мир­зоевтың пікірін білгенімізде, жыл өткен сайын балалар ана тілі мен мемлекеттік тілді оқып-білуге қызығушылығы артып отырғанын, ол үшін осындай шаралар көп көмек және рух беретінін айта келе, бұл, бір жағынан, мемлекеттік тілді меңгеруді бақылаудың бір құралы деп білетінін, сондықтан осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіретінін тілге тиек етті. Сонымен қатар профессор бала­лар­дың ұлы Абай, Жамбыл, басқа да қа­зақ классиктерінің шығарма­ларын өз ана тілдерінде айтқаны – бұл қазақ халқына деген сүйіспен­ші­ліктің көрінісі екенін ерекше ілтипатпен атап өтті.

Ал осы тіл сайысының өтуіне рухани көмекші, демеуші болып, ала­шапқын жүгіріп жүрген қазақ тілінің жанашыры, “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысы төраға­сы­ның орынбасары Асылы Осман, біріншіден, байқаудың өзге ұлт өкілдерінің өздері тұрып жатқан елге, жерге деген мемлекеттің қамқорлығына қайтарған қарымы екенін, бұл өңірлік байқау бастама, ал келешекте республика бойынша өткізілетінін, сондай-ақ балалардың арасында ана тілін де, мемлекеттік тілді де өте жоғары дәрежеде сүйіп, сүйсініп меңгергендер көп болға­нын, әрі қаладан гөрі ауыл ба­ла­ларының әлдеқайда екі тілді мең­геру қабілетінің жоғары болғанына көз жеткізгенін баса айтты.

Сонымен екі күнге созылған сайыс өз мәресіне жетіп, жеңім­паздар анықталып, оларға диплом­дар және бағалы сыйлықтар тап­сырылды. Бас жүлдені Тараз қа­ласынан келген 8-сынып оқушысы Валерия Цай иеленсе, бірінші орынды Амина Асанова (Оңтүстік Қазақстан), екінші орынды Фарида Качиева (Алматы қаласы), үшінші орынды Саният Сұлтанова (Алматы облысы) бөлісті. Ал Қазақстандағы орыс, славян және казачество қоғамдастығы төрағасының орын­ба­сары А.П.Чесноков байқауға қатысқан әр облысқа “Алма-арасан” шипажайына екі жолдама берді.

Бүгін тек байқау емес, тіл жарысы, үлкен білімнің, білікті­ліктің тойы болды дер едім, – деді тіл мерекесінің жабылу салтана­тында Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі Тіл комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының док­торы, профессор Ерден Қажы­бек. – Ал тіл дегеніміз –жанымыз, діліміз, рухымыз. Тіл – мәдениет, тіл – мемлекет деген сөз. Сондықтан бүгін сіздер тіл байқауының жеңімпаздары, қатысушылары ғана болып қоймай, азаматтықтың үлкен шыңына көтерілдіңіздер, үлкен емтиханнан өттіңіздер. Жақында “Ана тілі” газетінде жарияланған Елбасының мақаласында мемле­кеттің борышы, міндеті қазақ тілін жетік білетін басқа ұлт өкілдерін насихаттау, жәрдем көрсету, тілге, әдет-ғұрыпқа байланысты түрлі байқаулар өткізу болып табылатынын атап көрсетті. Ендеше, дәл сондай әдемі шараны бүгін өткізіп отыр­мыз. Біздің еліміздің ең бірінші байлығы – халықтар достығы, татулығы, бірлігі. Сол еліміздің бірлігінің, еліміздің бүтіндігінің, халқымыздың ойының кемел­денген даналығының көрсеткіші сіздер – жастарсыздар. Сондық­тан тіл комитеті атынан бүгінгі байқауға қатысушыларды мере­ке­лерімен құттықтап, әр­қашанда осындай үлкен-үлкен жетіс­тіктерге жетіп жүре беріңдер демекпін.



Авторы: Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат