Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-05-30:

Кейін бетіміз қызармаса екен

 

Әсел ҚАЙЫРОВА, Инновациялық Еуразия университетінің студенті.

 

Өркениет жолына қадам басқан тәуелсіз еліміздің ертеңі тек жаңа­ша ойлай алатын, уақыт өзгерісіне сай парасат-пайымы, білімі, түсінігі бар, жарқын жолға түскен дәл осы кездегі жастардың мойнында тұр. Нұрсұлтан Әбіш­ұлының Еуразия ұлттық университетінде оқыған дәрісін тыңдап отырып, осындай ойға қалдым. Менің өзім ұстаздар отбасында өстім. Әке-шешем екеуі де отыз-қырық жылдан мектепте еңбек еткен мұғалімдер. Ал мен заңгер мамандығын таңдадым. Елбасы биік мінберден біздерге, студенттерге үлкен сенім білдірді. Уақыт еншісін өз қолына алған жастар мен студенттер жаңа ғасыр басында елімізді алға алып баратын ұрпақтың өкілдері екеніне, біздің мемлекетіміздің жаңадан қалып­тасқан азаматтары болып, бай әрі көркейген елде өмір сүруге же­тетіндіктеріне сенеді.

Студенттер жастық шақтың бағасын тек біліммен ғана бағалап өлшейтін сәтке қол жеткіздік. Елбасы дәрісінде атап өткен әрбір бағыт, әрбір ұстаным бізді одан сайын жігерлендіріп, қуантады.

Жалпы, жоғары оқу орында­рын­да лекция оқыған профессор­мен, оқытушымен кейін семестр аяқ­талғанда сынақ немесе емтихан тапсырар кезде қайтадан жүздесе­міз. Президенттің лекциясы өте ұнады. Көп ой түйдік, көп жайға қанық­тық, көп тапсырма алдық. Ал енді лекциядан алған біліміміздің нақты сынағын қалай тапсырар екенбіз, елімізді өркендету бары­сын­да бүгінгі студенттердің әрқай­сысы өз ісімен, жеткен жетістігі­мен, дамуға қосқан үлесімен Ел­басы алдында сынақ тапсыратыны анық. Сонда бетіміз қызармаса екен...

Павлодар.

 

Қазақстан – Отаны ғажаптардың

 

Сақ деп, түркі, қыпшақ  деп атандырған

Ұлы елдің ұлысың, батаң – нұрдан!

Бостандықты аңсады барлығы да,

Болған талай бұл жолда атаң құрбан.

 

Дейтін бір кез – көшпелі, кемсің деген.

(Көшпеліні, о, ғажап, менсінбеген).

Дәлелдедің, Нұреке, жалықпадың,

“Ең ежелгі, қазағым, елсің”, деп ең.

 

Азды көппен ақылмен теңестірдің,

Оймен шештің түйінін егестердің.

Бір табақтан ас ішті күллі ұлттар,

Басы болдың келелі кеңестердің.

 

Сізден тарап ақыл-ой, сабыр деген,

Инабатты ел болдық “Қыдыр көрген”.

Әлемге үлгі – тату жұрт, Қазақстан!

Айналайын, тарих пен тағдыр, сенен!

 

Дедіңіз ғой: “Біз жастарға сенеміз,

Елуліктің қатарына енеміз!”.

Көшбасшы бар көсегені көгертер,

Сіз бастаңыз, соңыңыздан ереміз!

 

Астанамыз көрікті – жер кіндігі,

Қандай бақыт ұрпақтың еркіндігі.

Ей, ағайын! Тәубе де, гүл жайнады

Қазақстан! – Қазағым, көркің міне.

 

Тарихтан ел едім алмағым көп,

Күн көріп ек күштіден қалғанын жеп.

Ұл-қыздарын Нұрекең аттандырды –

Ұлылықтың жолына жалғандың деп!

 

Қазақстан – Отаны ғажаптардың!

Қазақстан – Отаны азаттардың!

Қазақстан – байтағы тату елдің,

Қазақстан – ажары қазақтардың!

 

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ.

Ақтау.

 

ЕЛ МЕЖЕСІ — елулік

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия ұлттық университетіндегі лекциясы қазақстандықтардың ыстық ықыласына бөленді

 

Біздің де уақытымыз келді

 

Лариса ЫСҚАҚОВА, Х.Досмұхамедов атындағы  Атырау мемлекеттік уни­­вер­си­тетінің 3-курс студенті.

 

Елбасының Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верси­тетінің студенттері алдында оқыған лекциясын тікелей эфир арқылы біз де тыңдадық. Мемлекет бас­шы­сының Қазақстанды қайткенде дамыған елдер қатарына қоссам деген ой-арманын өз аузынан және бір есту мен секілді жастарға үлкен ой салды. Өйткені, біздің таяу жыл­дарда әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарынан орын алуға ұмтыл­ған Қазақ елінің келешегіне қызмет етпек мақсатымыз бар. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі сту­дент-жастардың алдындағы аса зор міндеттің бірі – ғылымды дамытуға ат салысуды шегелей айтты.

Шындығында, жаһандану дәуірі үстемдік құрғалы тұрғанда оған қай-қай мемлекет те өзінің эконо­ми­калық, бәсекеге қабілеттілік әлеуеті арқасында төтеп бере ала­ды. Өзге әлеуеттер өз алдына, ғы­лы­ми әлеуеттің жөні бір бөлек. Мі­не, Елбасының ел студент­тері ал­дында оқыған лекциясынан осыны ұғындық. Әрине, ғылымды дамыту соншалықты оңай болма­ған­мен, мемлекет тарапынан бұған баса көңіл бөлінетіндігін, еліміздегі бар­лық жоғары оқу орындарында ғылыми-зерттеу орталықтары ашы­латындығын білім беру сапасын көтеруге жасалған қадам деп түсін­дік. Мұның өзі жоғары оқу орын­дарында оқитын студенттердің кә­сіптік білім алумен қатар ғылым­мен дендеп айналысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Қазір біздегі университеттердің барлығында дерлік халықаралық сапа менеджментіне сәйкес білім беру үдерістері қалыптасып келеді. Бұл біздің жоғары оқу орындарын­дағы үлкен жаңалық. Мұндай жаңа­лық өзім білім алып жүрген Ат­ы­рау мемлекеттік университе­тінде де енгізілді. Білім беру сала­сындағы жетістік мұнымен шектел­месе керек. Осы заманғы озық тех­но­логияларды білім беру саласына енгізу жас мамандардың білімін жетілдіре түсетіні анық. Әсіресе, элек­тронды кітапханалар құрыла­тындығы ілім-білімге ұмтылған жастардың әлемнің ілгері оқу орындарындағы әдебиеттермен білімін жетілдіруге қол жеткізер еді.

 

Келешекке бейжай қарауға болмайды

 

Қазақстан Республикасы Президентінің студент-жас­тарға оқыған дәрісі өз басым үшін талай мәселелерді нақтылап берді.

Қазақстан өркениетті елдердің көшіне ілікті, ал онда бір орында бір сарынмен даму деген болмайды. Жоғары оқу орнында алған біліміңді қанағат қылатын болсаң, сенен жақсы маман шықпайды. Сондықтан, біліміңді ұдайы жетілдіріп отыруың керек. Нұрсұлтан Әбішұлының бізге қойған талаптарынан осыны ұқтық.

Яғни, Қазақстанның даму деңгейінен қалғысы келмеген, жасампаздыққа өз үлесін қосқысы келетін жас маман өз бетімен ізденіп, білімін ұдайы көтеріп отыруы керек.

Басқа оқу орындарын қайдам, біздің М. Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректораты Елбасы ұсынған талаптар тұрғысында жұмыс істеп келеді.

Студенттердің лайықты білім алуының барлық алғы­шарттары жасалып, жағдай туғызылып жатыр. Одан үлес ала алмасақ өз кінәміз, өз сорымыз.

Нұрсұлтан Әбішұлы бәсекеге барынша қабілетті мемле­кет, қоғам құру үшін білім сапасын көтеру, білікті мамандар даяр­лау туралы күрделі, ауқымды мәселе, шешімдердің түйі­нін тарқатты. Біз осы талаптар тұрғысынан табылуға тырысармыз.

Елбасымыздың “Береке-бірлігі мен ынтымағы жарасқан халықтың ала алмайтын асуы жоқ” деген қанатты сөзінде айтылғандай, Қазақстанның бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру мүмкіндігінде бізге артылған сенімді түсініп отырмыз.

Елбасы дәрісі көкжиегімізді тағы да айқындап берген пайдалы жүздесу болды.

 

Әсел ЕСҚАРАЕВА, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті.

Шымкент.

 

Болашаққа бағдар беретін дәріс

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқыған дә­рісін академик Ш.Есенов атындағы Ақтау мем­ле­кеттік университетінің үлкен залында спутник­тік теледидар арқылы ынта-ықыласпен тыңдадық. Дәрісті тыңдауға Маңғыстау өлкесін­дегі барша жоғары және арнаулы орта оқу орын­дарының басшылары, ғалымдары мен студенттер қауымы жиналды.

– Біз жаңа ғасырдың талабына тез арада ың­ғайланып, қатаң бәсекеге дайын болуымыз керек. Мен еліміздің жастары Жолдаудың мазмұны мен маңызын, идеясын терең түсінгенін қалаймын, – дей келе, Президент еліміздің алдына қойылып отыр­ған бұл маңызды міндетке жету жастарға, олар­дың өзін-өзі жан-жақты жетілдіруіне, білім мен ғылымға құштарлығына байланысты екендігін баса көрсетті.

Біздің университет осы сенім үдесінен көрініп жүрген облыстағы ең іргелі оқу орны. Бізде 90 жоғары кәсіптік мамандық, 52 бакалавриат, 12 магистратура мамандықтары және 16 орта кәсіптік білім мамандықтары бойынша кадрлар дайындай­ды. Бұл күндері күндізгі және сырттай оқу бө­лімдерінде 11769 студент білім алады. Саналы бі­лім беру мақсатында университет жанынан білікті арттыру институты ашылды. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстары университеттің ғылыми қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады.

 

Н.ҚАМАРОВА,  Ақтау мемлекеттік университетінің  проректоры, доцент.

 

Сенімге сай серпін

 

Қарағанды мемлекеттік техни­ка­лық университетінің ең үлкен аудиториясына жиналған оқы­ту­шылар мен студенттер Елбасы­ның сөзін ықылас қоя тыңдады. Соны­мен қатар кездесуді тікелей теледи­дар арқылы көруге келген қаладағы басқа оқу орындарының өкілдері де көп болды. Біз аталған байырғы білім ордасының бірінші прорек­торы Аристотель ИСАҒҰЛОВ­ПЕН пікірлескенімізде ол былай деді:

– Әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына қосылу мақсаты алға қойылып отырған шақта білімді де білікті жас ұрпаққа жүктелер жауапкершілік бір бөлек­тігі даусыз. Мемлекеттің жақын келешектегі жарқын істерін ілгері апарып, өсіп-өркендеуді тереңдете­тіндер солар. Сондықтан соған қай жағынан да мықты мамандар даярлау оқу орындарына мәртебелі міндет. Осы орайда Елбасының ғылыми жұмыстарды жандандыруға көңіл аудартуы көптен бері ойы­мыз­да жүрген мәселенің шешімін табуына қозғау салатындығымен қуантты. Ғылым жөніндегі комитет құрылатындығы, Ғылым қоры болатындығы бұл бағыттағы істің ширауына септігін тигізері сөзсіз. Бұрын біздің университет ғалым­дарының озық жаңалықтары мен жобалары өндіріске кешіктірілмей енгізіліп жататын. Сол дәстүр соң­ғы жылдары жалғаспай қалған­ды­ғы жасырын емес. Соның салда­рынан бірқатар құнды ұсыныстар ескеріліп-еленбей келеді. Мәселен, профессор Сантай Жетесов ойлап тапқан пулемет-тапаншаның жаңа үлгісі, міне, екі-үш жылдан бері тек жоба қалпында қалып отыр. Оқу орындарындағы ғылымды дамыту дау жоқ, осы заманғы отандық технологияларды игеруге зор қолдау туғызады.

Аталған университеттің мәшине жасау факультетінің студенті, Президент стипендиясының иегері Динара ӘКІМБЕКОВАНЫ сөзге тартқанымызда былайша ой бөлісті.

– Әрине, бізді алдымен стипен­дияның өсетіндігі қуантты. Сондай-ақ ғылыми ізденістерге бейімі бар студенттерге үлкен қолдау көрсеті­летіндігі риза қылды. Бұл үшін оқу орындарына қосымша қаржы бөлінетіндігі талапшыл жастар талпынысын күшейтері талассыз. Алдағы уақытта “Болашақ” бағдар­ламасы бойынша оқитындардың саны ұлғаймақтығы жақсы жаңа­лық ретінде қабылданды. Елбасы­ның студенттермен дидарласуы еліміздің ертеңгі істерін қолға ала­тын жастарға деген қамқорлықтың нақты көрінісі. Біз Мемлекет басшысының сенімі мен үмітін ақтауға күш саламыз.

 

Қарағанды.

 

Ауқымды міндеттерді алдымызға қойды

 

Ермек АБДРАСУЛОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­теті заң факультетінің деканы, профессор.

 

Білім, ғылым және инновация салалары  Қазақстан дамуының басым бағытына айналуда. Бұл еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды шарттары. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің университет студенттері алдында оқыған лекциясының негізгі ой өзегі осындай.

Лекция Қазақстанның әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 мемлекетінің қатарына кіруі тақырыбына арналды және Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының қисынды жалғасы болды. Елбасы өз сөзінде еліміз бен оның жас ұрпағы алдында тұрған әлемдегі өскелең жаһандық бәсекелестік аясындағы міндеттерді нақтылап берді. Мемлекет басшысының пікірінше, жаһанданудың теріс жақтарымен қатар, орасан мүмкіндіктері де бар. “Біз жаңа ғасырдың талаптарына тез бейімделіп, қатаң бәсекелестікке дайын болуға тиіспіз. Мен жастардың Жолдаудың мағынасы мен мәнісін түсініп, оның идеяларын ұғынғанын қалаймын”, – деді Елбасы. Бұл жағдайда жоғары білікті, икемді адам капиталы, сондай-ақ үнемі инновациялар енгізіп отыру Қазақстанның шешуші бәсекелестік басымдығы болуға тиіс.

Елбасы белгілеп берген маңызды міндеттердің тағы бірі – әлемдік технологиялар нарығына  тездетіп кіру. Қазақстан өңірдің сервистік-технологиялық орта­лығына айналуға тиіс. Ғылыми-техникалық әлеуетті жұмылдыруды жеңілдету, ресурстарды ғылымды дамытудың таңдалған басымдық бағыттарына шоғырландыру, оның жетістіктерін өндіріске қарқынды енгізу үшін жағдай жасау қажет. Ғылымды басқарудың жаңа кезеңіне – ғылыми мекемелерді басқарудан ғылыми зерттеулерді басқаруға көшу қажет.

 

Білімді мыңды жығады

 

Әшекей СӘУІРБАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті.

 

ХХІ ғасыр жастары – қиялға жүйрік, романтик, әсершіл, білімге құштар. Заман ағымына қарай бәсе­кеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз ететін, соған мүмкіндік беретін толыққанды біліммен қарулануды мақсат етеді. Біздің дәл осы ойымызды құптағандай, соған жол нұсқағандай Елбасымыз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде студенттер алдында оқыған дәрісінде ХХІ ғасыр білімді адамдардың ғасыры деп атады. Соған орай үлкен міндеттер қойды.

Студент санатында жүру жеткіліксіз. Алға қойған мақсаттарға жету, білімнің ең биік шыңына көтерілу арқылы ғана бәсекеге төтеп беретін елу елдің қатарына жету жолында өз үлесімізді қоса аламыз. Оған Абай атамыз өсиет еткендей “ақыл, ғылым, ар, мінезбен” жетуге болады. “Білекті бірді, білімді мыңды жығатын” уақыт үнін сезінетін кез жеткенін Мемлекет басшысы тағы бір мәрте ұқтырып отыр.

Мен өзім білім алып жатқан жоғары оқу орнында экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім жүйесі қалыптасқан. Озық технологияларға негізделген техникалық, кәсіби бі­­лім алуға, халықаралық стандарттармен сәйкесетін бі­лікті кадрлар даярлауға жағдай тудырылған. Бүгінгі сту­дент – ертеңгі маман. Жылдар бойы білім қазына­сы­нан тірнектеп жинай алмаса, білікті маман күту қиын.

Әрине, жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесі көкейкесті маңызын жойған жоқ. Десек те, қазақ жастарының сұранысқа жоқ мамандықтар төңірегінен ұзамай, шиырлай беретіні несі? Аса зәру кәсіптерге терең құлшыныс таныта қоймауы ойландырады. Біздің университетте болашақ мамандарды жұмысқа орналас­тыру мақсатымен кәсіпорындармен алдын-ала шартқа отыру үрдісі орнығып келеді. Тек былтырдың өзінде бір­талай түлектеріміз ауыр мәшине жасау саласына жұмысқа орнықты. Сондықтан нақты кәсіпке баулу, бағдарлау мектеп қабырғасынан басталғаны дұрыс болар еді.

Солтүстік Қазақстан облысы.

 

Маржан терген тереңге сүңгиді

 

Гүлзия ӘБІЛЕЗҚЫЗЫ, Қорқыт Ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік универси­тетінің 2-курс студенті.

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия универ­ситетінде осы оқу орнының сту­дент­теріне арнап оқыған лекция­сын сол мезгілде көгілдір экран ар­қылы ден қойып, мұқият көңіл бө­ліп, біз де түгел тыңдадық. Универ­ситетіміздің Студенттер сарайында ұйымдастырылған бұл тыңдауға біздің оқу орнынан бөлек тағы жеке 5 институттың студенттер өкілдері қатысты. Бұл жерге осы сәтте бір топ оқытушыларымызбен бірге кейбір ата-аналар да келіп отыр­ды. Тыңдау алдында унвер­ситет ректоры Қылышбай Бисенов кіріспе сөз сөйлеп, Президенттің биылғы Жолдауынан туындайтын білім мекемелерінің міндеттері туралы баяндады.

Бәріміз асыға күткен Елбасы­ның лекциясы бізге барлық жағы­нан да ұнады. Білім қазіргі ақпа­раттық қоғамда біртіндеп құнның негізгі көзіне айналып барады. Бі­лім мен инновацияны нақты қол­дану әдістері барған сайын қоғам мен мемлекетке пайда келтірудің жүйеге келтірілген жолдары бола түсуде. Осы ретте Нұрсұлтан Әбіш­ұлының бүгінгі күннің талантты, жігерлі, өзіне сенетін адамдардың, арманға бай және оларды жүзеге асыруға ерік-жігері бар адамдардың уақыты екенін қадап айтқаны жадымызда берік ұялап қалыпты. Елбасының осылайша жасөспірім жас толқын білім алушылар алдын­да лекция оқуының өзі біздің елі­мізде білім деңгейіне, білім алу­шы­ларға, білім болашағына айрықша мән беріліп келе жатқанын байқатады.

Қазақта “Маржан терген терең­ге сүңгиді” деген қанатты сөз бар. Сол сияқты білімнің нәрімен толық сусындап, оның рахатын кеңінен көргісі келген әрбір талапкердің де алған білімінің бүгінгі биігімен қанағаттанып қоя салмай, оны сәт сайын ұлғайтып, тереңдетіп, көлем­ді етіп отырғаны өзі үшін де, біздің қоғам үшін де аса керекті қағидат.

Елбасы атап көрсеткендей, енді біздің, яғни, жастардың уақыты туып келеді. Елдің ендігі болашағы – біздің қолымызда. Соны жақсы түйсінген әрбіріміз ел дамуына үлесімізді қосуға тиіспіз.

Қызылорда. 

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  ректоры  Төлеген ҚОЖАМҚҰЛОВ:

 

“Білім экономикасына қол жеткізу — стратегиялық мақсат”

 

– Төлеген Әбдісағиұлы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері  алдында  “Инновациялар мен оқу-бі­лімді жетілдіру арқылы білім эко­номикасына” атты тақырыпта оқы­ған лекциясын республиканың жо­ғары оқу орындарының бәрі дерлік тыңдады. Студент жастарға жолдау іспетті болған осы лекцияға тән қандай маңызды ерекшеліктер мен қасиеттерді атап көрсетер едіңіз?

– Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың лек­ция­с­ын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы – үздік студенттер, Президент сти­пендиясының иегерлері, студент­тердің қоғамдық ұйымдарының жетекшілері, академик-ұстаздар, профессор-оқытушылар, зерттеу бағдарламаларының басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, факультет декан­дары, т.б. мамандар арнайы жи­налып, үлкен ыждағатпен тыңдады. Лекциядан кейін әуелгі пікір алма­сулар болды. Бұған сту­дент жастар да, салиқалы профес­сорлар да атса­лысты. Сонымен қатар лекцияны тыңдаушылардың әрқайсысына М.Қасымбековтің “Елін сүйген, елі сүйген Елбасы” атты кітабы таратылып берілді.

Президент лекциясы тақыры­бы­ның өзектілігімен, мазмұн бай­лығымен, мәдени-әлеуметтік маңы­зының жоғарылығымен, ғы­лы­ми және практикалық мәнінің те­реңдігімен ерекшеленді. Осы рет­те Елбасы лекциясына тән бірнеше қасиеттерді атап өткім келеді. Мысалы, тақырыптың, қойылған мәселелердің өмірлік зәрулігі мен көкейкестілігі; көтерілген мәсе­ле­лерді саралау мен жан-жақты талдау­дағы, ғылыми жинақтау мен байыпты бағалаудағы тегеурінділік пен тереңдік; өңірлік қана емес, бүкіл жаһандық экономиканың қазіргі жағдайын, алдағы даму ба­ғыттарын алақанға салып отырған­дай айқын көре білетін, көрсете де білетін керемет көрегендік. Әбу На­сыр әл-Фараби: “Даналық – ең аб­зал нәрселерді мейлінше жақсы бі­лу” деген екен. Лекцияға тән ендігі бір ерекшелік – лектордың “ең абзал нәрселерді мейлінше жақсы білуі”, ел болашағы үшін аса маңызды мақсаттарды анықтап, олар­ға жетудің жолдарын, амал­дары мен құралдарын көрсетіп беруі.

– Президент лекциясының ғылыми және практикалық маңызы, әлеуметтік тиімділігі, тағылымы туралы ойыңызбен бөліссеңіз.

– Жер-жаһанда Қазақстан үшін қандай да болса бір пайдасы бар, сабағы бар бір де бір елеулі құбы­лыс, елеулі оқиға Елбасының наза­ры­нан таса, көңілінен тыс қалып көрген емес. Бұған осы жолы, Ел­басының лекциясын тыңдау, зер­делеу барысында тағы көз жеткіз­дік. Президент жаһандану жағ­дайын­да білімнің өзек жарғандай өзекті, мемлекеттік маңызы зор, зәру мәселелерін “алыстан сермеп, жүректен тербеп” толғады, қорда­лан­ған жайларды әлемдегі тектес ахуалдармен сабақтастыра айтып, Қазақстанның өз жолын, өз даңғы­лын сипаттап берді. Әлемнің бүгінгі жаһандану кезеңіне толық талдау жасалды. Ол тек жастарға ғана емес, бәрімізге де ауадай қажет еді. Жаһанданудың оң тиімділігімен қатар күрделі жақтарын да нақты­лап көрсетті. Жаһандану жайында бірінші рет өте үлкен, кең ауқым­ды, маңызды мағлұмат берілді. Жаһандану үдерісінің зор мүмкін­ші­ліктерін халқымыз үшін тиімді пайдалануға тек еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы қол жеткізуге болатындығын айқын дәлелдеп берді. Ал бәсекеге қабі­лет­тілікті арттырудың түйінді бір көзі білім мен ғылым саласында екен­дігі ашып көрсетілді. Прези­дент бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші – халық тұрмысының жоғары деңгейі мен сапасында екендігін атап өтіп, оның білім беру деңгейіне, адами капиталдың да­муына, инновациялық дамуға, ат­қарылу сапасына, саяси ерік-жігер мен ұлттық консенсусқа байланыс­ты болатынын кеңінен сараптады. Тағы бір атап айтатын нәрсе – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі материалдық баюға ғана емес,  ұлттың рухани баюына да жеткізуі тиіс екендігі жайында терең де тиянақты тұжырым жасалды. Әсіресе, мәдениет пен өнер, ана тілі, дәстүрлер мен халқымыздың өмірлік философиясының өркен­деуіне байланысты қағиданың құн­дылығы аса жоғары деп білеміз. Осыған орай Елбасы Қазақстан­дағы ұлтаралық келісім, қоғамдық тұрақтылық – дамуымыздың басты шарты екенін атап айтып, жаһан­дық дүниеде өзге халықтардың мә­дениеті мен дәстүрлерін құрметтеу­дің өмірлік мәнін ашып берді. Ғы­лым мен білімге бөлінетін қаржы­ның еселеніп, көбейтілетінін айта келе, оны қалай тиімді пайдалану керек екендігін, ол үшін бұл салада қандай өзгерістер болуға тиіс екен­дігін мәлімдеді. Мұның барлығы – мамандардың бәсекелестік қабі­летін арттырудың алғышарты. Ел­ба­сы жастарға нағыз “талапты ерге нұр жауар” заман келгенін, бәрі де жастардың өздерінің қолында екендігін, осы бағдарламаны өздері атқарысып, игілігін де өздері көретінін айта отырып, оларға үлкен сенім білдірді.

Адамның, ақыл-ой құндылық­тарының, ақпараттың, қаржының, капиталдың әлемнің бір нүктесінен екінші бір нүктесіне қас қағымда же­тіп бару мүмкіншілігінің орны­ғуы, жаһандық қауымдастықтың ашық сипат алуы дүние-әлемнің бүгінгі дидарына, болашақтағы болмысына үлкен байыппен қарау­ды талап ететіні анық. Әлемнің бүгінгі жай-күйін тану, “жан алы­сып, жан берісіп жатқан аласапы­ран” дүниенің көзіне тура қарап, суыртпақтап тартып сырын ұғу еліміздің болашағы, өсер өркені – студент жастар үшін де, оларға білім беруші про­фессор-оқытушылар үшін де өмір­лік мәні өлшеусіз зор әлеу­меттік қажеттілік еді. Президент лекциясы осы қажеттілікті, сту­дент­тер мен профессор-оқыту­шылардың осы сұранысын толық қанағаттандырып қана қоймай, оларды қанаттан­дырды да: жаһан­дану жағдайында бәсекеге қабілетті болуға, тосып тұрған сынаққа сақадай сай болуға, өз кәсібінің, өз ісінің шынайы білгірі болуға құл­шындырды. Елбасы лекциясының әлеуметтік тиімділі­гінің, таным­дық-тағылым­дық құндылықта­рының ерекше бір жарқын, алтын арқаудай ардақты желісі осында.

– Елбасы лекциясында қойыл­ған міндеттерді іске асыруда әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің атқаратын қызметі қандай?

– Бұл тарихи лекцияда жаhан­дану жағдайында студентке, оқы­тушыға, білім беру қызметін жүзеге асыратын оқу орындарына, жалпы білім беру жүйесіне тікелей қатысы бар өзекті, көкейкесті міндеттердің тұтастай жүйесі негізделген. Олар­ды рет-ретімен, кезең-кезеңімен жүйелі түрде іске асыруда әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің Қазақстан жоғары мек­тебінің маңдайалды, көшбасшы оқу ордасы ретінде атқаратын қызметі ерекше. Бұл оның жоғары ғылыми-педагогикалық әлеуетінің, мате­риал­дық-техникалық негізінің қуат­тылығымен, білім берудің инно­ва­циялық технологияларымен ғана анық­талып қоймайды, ел алдын­дағы, қоғам алдындағы қызметінің айрықша мәнімен де айқындалады. Оның мәнісі ұлттық университеттің білім беру қызметімен қатар білім өндіру қызметін атқаруы, оларды сақтауы, толықтыруы, байытуы мен жеке тұлғалар, ұрпақтар арқылы елдің, қоғамның игілігіне айналды­руында. Біздің университет әрі білім береді, әрі білім өндіреді, олар­ды қоғамның рухани кемелде­нуі, елдің экономикалық қуатының ұдайы  өсуі мақсатына жұмсайды. 

Президент лекциясында негіз­дел­ген қағидалардан туындайтын міндеттерді іске асыруда еліміздегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру қызметі мен ғылыми-зерттеу жұмысын тығыз бір­лікте атқаратын әрі бұл салалар­да жаңа технологиялар жасап, оларды өндіріске енгізуге қабілетті, қуатты ғылыми мектебі бар жоғары оқу орындарының қызметі нәти­желі болмақ. Бұл орайда, Елбасы­ның жоғары оқу орындарын диф­ференциалды қаржыландыру жүйесін енгізу туралы тапсырысы өте құптарлық. Ірі ғылыми орта­лыққа айналған жоғары оқу орын­дарының орны бөлек болуға тиіс. Елбасы қойған міндеттерді іске асы­руда біздің университеттің құры­лым-жүйесіндегі 101 кафедра, 14 факультетпен қатар 8 ғылыми-зерттеу институты мен Қазақ-Үнді ақпараттық технологиялар орта­лығы бастаған  9 ғылыми-орталық­тың әрқайсысының өз орны бар.

Биотехнология, нанотехноло­гия, ғарыштық қызмет және ақпа­раттық-коммуникациялық техно­логиялар секілді жаңа ғылыми-техникалық бағыттар бойынша бәсекеге қабілетті мамандар мен ғалымдар даярлау, білім өндіру және оларды өндірісте пайдалану, Елбасы лекциясында тұжырым­далған қағидаларға сәйкес басты басымдықтар қатарына жатады. Қазіргі ұжым алдына осы аталған жаңа ғылыми-техникалық бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рына жаңа серпін беру міндеті қойылып отыр. Оны іске асырушы­лар қатарында белгілі  ғалымдар­мен бірге ғылымға бейімі бар қабі­летті, таланатты магистранттар, аспиранттар, докторанттар да бар. Республикалық конкурста “Үздік оқытушы” грантын жеңіп алған 25 оқытушы, PhD бағдарламалары бойынша ғылыми ізденіс жұмыс­тарын жүргізіп жатқан 65 доктарант пен Президент стипендиясына ие болған 100 үздік студенттен де үлкен үміт күтеміз. Осы орайда лекцияда ғылымды басқарудың жаңа кезеңіне өту, ғылыми меке­мелерді басқарудан ғылыми-зерттеулерді басқаруға көшу туралы  айтылған қағиданың ғылыми маңызы, өмірлік мәні  өте зор деп білеміз. Университет шетелдің 400-ден аса маңдай алды универси­теттерімен қарым-қатынаста. Ендігі жерде лекцияға сәйкес осы қарым-қатынастар аясында студенттер мен ғалымдар алмасу үрдісін мейлінше жандандыруымыз қажет. Ол “Бо­лашақ” бағдарла­масына қосым­ша мүмкіншілік ту­ғызады.

Университет ұжы­мы алдында тұр­ған басты мін­дет­тердің қата­рында математика-меха­ника факультетінің ка­фед­раларында қол­данбалы бағыт­тағы оқу пәндерін оқы­ту­дың деңгейін са­палық тұрғыдан өз­гертуге ерекше мән беріледі. Әсі­ресе, мәліметтерді тал­дау­дың матема­ти­калық әдістерін мең­геру ісіне серпі­ліс беру білім эко­номикасын қалып­тастырып, дамы­туда сапалық се­кірісті қамтамасыз ететін басты фактор ретінде аса маңыз­ды қызмет атқа­рады.

– Осы ғылыми-зерттеу инс­титуттарында орындалып жатқан зерттеулердің қаржыландыру тетігі қалай шешілуде?

– Университеттің ғылыми-зерттеу институттары отандық және жаһандық ғылыми жобалар кон­кур­сына қатыса отырып, жыл сайын бірнеше бағдарлама бойын­ша жеңіске жетеді. Бәсекелестікке қабілеттіліктің бір көрсеткіші осын­да. Елбасы лекциясында қойылған міндеттерді іске асыруда бұл бағыт­тағы жұмысты барынша жандан­дырып, оған серпінді серпіліс беруіміз қажет.

– Жаhандық бәсекелестіктегі көрсеткіштеріңіз қандай? Олар Елбасы қойып отырған міндеттерді іске асыруға мүмкіншілік бере ала ма?

– Біз ИНТАС, МНТЦ, МА­ГАТЭ, ИНКОКОПЕРНИКУС, ТА­СИС, Еуропалық Одақ және басқа ондаған халықаралық ұйымдар мен қорлардың 54 халықаралық бағдар­ламасы бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының конкурсында жеңіс­ке жеттік. Отандық деңгейде алып қарағанда, бұл – аса қомақты инвестиция. Мұның өзі, екінші жағынан, университет ғалымдары мен ұстаздарының әлемдік ғылыми еңбек рыногында бәсекеге қабілет­тілігін, жаhандану жағдайында күшіне енетін сын мен сынақтарға белгілі дәрежеде дайындығын көрсетеді. Президент лекциясында университет ұстаздары мен ғалымдары алдына бұл бағытта да аса жауапты міндеттер қойылған.

– Мәні зор дәрістен туындайтын міндеттерді университет қызметі аясында іске асыру хақында бірқатар іргелі ойлар айттыңыз. Жалпы жоғары білім жүйесі аясында не айтуға болар еді?

– Жаһандану жағдайында білім қызметін жүзеге асырушы оқу орындары, профессор-оқытушы­лар,  білім беру қызметін тұтыну­шылар ғана емес, тұтас білім беру жүйелері бәсекелестікке түседі. Осы мәселе туралы қағида Елбасы лекциясында өте терең негізделді. Осы қағидадан туындайтын міндет­терді саралап, оларды іске асыру­дың тетіктерін анықтау Қазақ­станның білім беру жүйесін жаңар­туға соны серпін беретін болады деп ойлаймын. Адам ресурстарын, адами капиталдың дамуы, инно­вациялар бағытында да бүкіл ел болып атқаратын маңызды міндет­тер бар. Бұл арада инновациялар мен оқу-білімді жетілдірудің, сол арқылы білім экономикасына көшудің мемлекеттік бағдарлама­сын, оны іске асырудың нақты іс-жоспарын жасау арқылы ғана Елбасы лекциясынан туындайтын міндеттерді мемлекет деңгейінде толық қамтып іске асыруға қол жеткізуге болады.

Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономика­сына қол жеткізу – Еуразия кеңіс­тігінде алғаш рет негізделіп отыр­ған стратегиялық мәні бар аса құн­ды мақсат. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабі­летті 50 мем­лекеттің қатарына кіруі осы мақ­сат­тың іс жүзіне асуымен сабақ­та­сып жатыр. Ендігі міндет бәсеке­лестік жағдайында иннова­циялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономи­касын қалыптас­тырып, дамыту жолында сапалы, нәтижелі, серпінді еңбек ете білу.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен  Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат