Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-06-21:

Баянды құндылықтың негізгісі – білім экономикасы

Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры.

XXІ ғасыр  жаһандану үдеріс­терінің жедел қарқынмен дамуы­мен, ғылым, технология және өндірістің  айрықша белсенді­лігімен сипатталады. Ғылыми-зерт­теу, тәжірибелік- конструк­тор­лық жұмыстардағы, техноло­гиялар мен өндірістердегі, қаржы мен сау­дадағы, ақпарат және комму­никациядағы жаhандану – іскер­лік ортада қалыптасқан өзара үй­лесімділік пен ғаламдық бәсе­кенің, ашық экономиканың  нәтижесінде жүзеге аспақ.

Білім экономикасы өндіріс экономикасы ғана емес, бұл – білімді өндірудің бүкіл тетігін – университет, іргелі ғылым, коммуникация, патенттік жүйе, қолданбалы ғылым, зерттеулерді қамтыған орасан зор кешен.

Білім – интеллектуалды ка­питалдың стратегиялық факторы болып саналады. Білімге негіз­делген  жаңа экономика нарық­тың тез өзгерулерімен, тауар мен технологиялардың өмір сүру циклының қысқа болуымен,  экономиканың қозғаушы күш­тері біліми инновациялық фир­маларда шоғырлануымен,  бәсе­кенің жаhандық сипатымен ерек­шеленеді. Сондықтан баянды құндылықтың негізгісі – білім экономикасы. Бұл – Қазақ­станға қуат беретін бағыт.

2006 жылғы 26 мамыр – Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары өміріндегі айрық­ша күн. Өйткені, дәл осы күні Елбасы Н.Ә.Назарбаев Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетінде “Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім  экономикасына” атты тақырыпта  студенттерге арнайы дәріс оқыды.

 Президент өзі іргетасын қа­ла­ған білім мен ғылым ордасы­ның, яғни Еуразия ұлттық уни­верситетінің мемлекет пен қоғам құндылықтарын дамытуға ай­рықша үлес қосып отырғанын айтты. Бұл — біздің жауапкер­шілігімізді арттыратын баға. 

 1996 жылы жаңа тұрпатты жоғары оқу орнын құру туралы Жарлығында Елбасы бізге “ха­лықаралық байланыстарды үздік­сіз кеңейтуді, оның әлемдік ық­палдастық процестеріне, Еура­зиялық одақ идеясын жүзеге асы­руға белсенді түрде қатысу­ды” міндеттеді. Содан бері Еура­зия университеті мемлекетте жүргізіліп жатқан салиқалы әрі орнықты саясаттың негізінде тарихи мәні зор тапсырмаларды кезең-кезеңмен орындап келеді. 

Биылғы Жолдауда Прези­дентіміз: “Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажетті­ліктеріне сай келетін осы заман­ғы білім жүйесі қажет” деп атап көрсетті. Сондай-ақ “Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бере­тін аса маңызды құралдар­дың бірі”, –деген  тұжырымы  жаңа істерімізге тың серпіліс берді. Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындары студент­тері, сонымен бірге  “Болашақ” бағ­дарламасы бойынша шетел­дерде  білім алып жатқан жастар жаңа заманғы ақпараттық-ком­муни­кация жүйесінің  күшімен бір мезгілде Президенттің арнау­лы дәрісін тыңдап, құнды пайым­дарды ой зердесінен өт­кізді,  көкейлерінде қордаланған және шешімін табуды қажет ете­тін проблемалық сұрақтарға жауап алды, бүгіннің және ертеңгі күннің басымдықтарына ден қойды. Мұндай кең ауқымды дәріс – қазіргі білім кеңіс­тігіндегі ерекше құбылыс болумен қатар, жаңа тарихи кезеңнің және жедел жаңарудың көрінісі іспеттес еді.

Білім экономикасы әлемдегі дамыған елдер экономикасының негізгі қайнар бұлағы екені дәрісте мейлінше сарапталды.

Сапалы өмір сүру стандарт­тарын анықтаудың маңызды факторларының бірі – білім. Бұл мәселе де Президенттің жастарға арналған сөзінің өзегі болды.

Білім экономикасы жалпы елдің және жекелеген орнықты компаниялардың білім күшімен қаншалықты жұмыс істей алаты­нын және оны қалай  басқара алатындығын  білдіреді. Білімді басқару дегеніміз –  білімді құру, сақтау, дамыту, сату іскерлік­терінің жиынтығы.

Білім арқылы жұмыс істеу тех­­но­логиясы үш бағытта жү­реді:

* білімді жинау, сақтау және одан пайда түсіру;

* білімді жинау, талдау және жауапкершілік аумақтарын бөлу жүйесін құру;

— басым бағыттар бойынша компаниялардың білімін дамыту.

Білімді құнттау,  сапасын арт­тыру, бағалау – Қазақстан жо­ғары мектебінің күн тәрті­біндегі көкейкесті міндеті. Осы ретте Елбасымыздың дәрісі – ақыл-ой өресін биіктететін, өңірлік және халықаралық өрісті кеңейтетін тағылымды дәріс. Өйт­кені,  білім экономикасы әр­қашан қоғамның дамуын анық­тайтын көрсеткіш болып табыла­ды. Қоғамның ілгерілеуі – на­рықтық қатынастарды дамыту және білімді өркендету секілді екі факторға тәуелді. Білім эко­номикасында екі үдеріс қатар жүріп отырады: бірінші, іргелі ғылым бірнеше орталықтарда шо­ғырланады; екінші, қолдан­балы білім, оны пайдалану әлемге  тез арада таралады.

Инновациялар мен оқу-бі­лімді жетілдіру арқылы білім эко­номикасына  қол жеткізу үшін  бәсекеге қабілеттілік бел­гісін (критерий) анықтау мәселе­сі де Елбасының тағылымды дәрісінде зәрулік ретінде көтерілді.

Ғылыми мекемелерді, ғылы­ми зерттеулерді жүйелі басқару – жаңа кезеңнің қажетті шарты. Сондықтан да жоғары оқу орын­дарының  алдында тұрған  міндет –  бәсекеге қабілетті­ліктің басты белгісі ретінде дамыған білім экономикасына  қол жеткізу.

Қазақстанның білім жүйесі, соның ішінде жоғары мектеп елі­мізде жүргізіліп жатқан әлеу­меттік-экономикалық сындарлы жедел жаңару мен соны серпі­ліс­тің баяндылығына толық сенеді.

Тәуелсіз Қазақстанға бәсекеге барынша қабілетті әлемнің 50 елінің қатарына кіру үшін жастардың жігері, қайраты, жалыны міндетті түрде керек.

Мемлекет басшысы бұл мә­селеге әрдайым ерекше мән бе­ре­ді. Елбасы жастарға сенеді, жас­тар Елбасына сенеді. Бұл дә­рісте тайға таңба басқандай айтылды.

Сенімнің мәні – жауапкер­шілік пен құрмет. Сондықтан Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың Л.Н.Гумилев атындағы Еу­ра­зия университетінде оқыған дәрісі мемлекетті дамыту жолын­да бәрімізді елдік идеяға топтас­тыра­ды, ертеңгі күнге нық қадам жаса­тады деп сеніммен айта аламыз.

 

Өмірлік мәні зор дәріс

 

Баймұрат ҚАЛЫҚОВ, Қазақ ұлттық аграрлық универ­ситетінің бірінші проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор.

 Президенттің Еуразия ұлттық университеті студенттері алдында оқыған лекциясын еліміздегі инновациялықКателкожүйесі арқылы  барлық жо­ғары оқу орындарының студенттері мен оқы­тушыпрофессорлары түгелдей тыңдауға мүмкіндік алды. Өз лекциясында еліміздің ғылымы мен білімін дамытуға, Отанымыздың келешегі – жас ұрпақты жоғары білімді, жан-жақты азамат етіп қалыптастыруға айрықша мән беріліп отыратындығын атап көрсеткен Президент – бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік жаһандасуда ең шешуші рөл атқаратындығына баса тоқталды.

Президенттің ғылымды дамытуға айырықша көңіл бөле отырып, 2012 жылға дейін осы салаға салынатын инвестициялар мөлшерін 25 есе ұлғайтып, оларды жылына 350 миллиард теңгеге дейін жеткізу туралы берік байламы жоғары оқу орындары қызметкерлері мен студент жастарымыз­дың арасында үлкен серпін туғызды. Сонымен қатар, осыншама қомақты қаржының ғылым мен білім беру саласына сатылап, нақтылы бағдарла­малар мен ғылыми жаңалықтарға сәйкес бөлінетіндігі де ешкімді бей-жай қалдырмады.

Қазіргі студент – бұдан 7-8 жыл бұрынғы аға- әпкелеріне қарағанда анағұрлым білімді, әрі білікті маман болып қалыптасып келеді. Олардың өмірге деген көзқарасы мен кәсібіне деген құштарлығы да мейлінше өзгерген. Студент жастардың қай-қайсысы болмасын бүгінде тек диплом  үшін ғана емес, талғамы жоғары, өз ісінің шынайы маманы болып шығуға күш салуда.

Осы орайда жоғары оқу орындарында қызмет істеп жатқан оқытушы-профессорларымыз да өз жұмыстарын өмірдің өзі туғызып отырған жаңа талаптарға сәйкес қайта құрып, оқытудың жаңа жүйесін батыл енгізуді межелеп отыр. Ол үшін студенттерді оқытудың несиелік технологиясы сатылап енгізіліп, олардың ізденісті еңбегіне, тала­бы мен талпынысына айырықша көңіл бөлінуде.

Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына  Жолдауында бұл жөнінде: “ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біздің болашақтың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін кадрлар қорын жасақтауымыз қажет. Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инно­вация­лық экономика құра алмаймыз” деп ашық айтқан болатын. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасында білім беруді  дамыту­дың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасында бәрі айқындалып берілді.

Жастарға білім берудің негізгі мақсаты – білімділік пен ептілікпен қоса, жеке тұлға ретінде және өз кәсібінің білгірі әрі шебері ретінде тәрбиеленуі болып табылады. Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде менеджмент және білім берудің сапасын бақылау жүйесі жасалған. Оның негізгі мәнісі маман – өндіріс үшін деген қағида берік қалыптасқан. Менеджмент жүйесінің табысты енгізілуі бірқатар халықаралық жобалардың жұмысы арқылы ісімізді ілгерілете түсуге септігін тигізді. Нақты мысалға жүгінсек, Tempus жобасы бойынша Вагенинген (Нидер­ланды), BOKU (Австрия) университеттері, Гамбург техникалық университеті (Германия), Варшава ауыл шаруашылығы университеті (Польша) және Мәскеу жоғары оқу орындарының қатысуымен білім сапасын бағалаудың тұжырымдамасы жаса­луына қол жеткіздік. Олардың құндылығы жоғары тәжірибелерін пайдаландық. Сондай-ақ универ­ситеттің 100-ден аса оқытушылары мен қызметкер­лері арнаулы семинарларға қатысып, білімдерін жетілдірді. Кадр мәселесі басты назары­мызда бол­ғандықтан, оларды алыс және жақын шет елдер­дің жоғары оқу орындарында тәжірибе алма­суға, білімдерін толықтыруға жіберіп оты­рамыз. Мұндай пайдалы істен ректордан бастап, прорек­торлар мен  оқытушылар да тыс қалмайды. Оның бе­ріп отырған пайдасы мен нәтижесі де  ойдағыдай.

Бұл ретте университет құрылымында  жасалған өзгерістерді бірінші кезекте айтқан абзал. Ең бастысы – деканаттағы  қағазбастылық ретке келтірілді, майда-шүйде жұмыстар да бір жүйеге түсірілді. Білім сапасына қатаң бақылау жасалып, студенттермен аудиториядан тыс жүргізілетін жұмыстардың сапасы артты. Бұл жерде иннова­циялық қайта құру оқу жүйесінің жаңаша әдіс-тәсілдермен өріс алуына ықпалын тигізді. Соның нәтижесінде, бұрынғыға қарағанда жаңару мен жаңғыру бар деп толық айта аламыз. Жоспарлы әрі нақтылы есепке байланысты шешімін тауып жатқан жұмыстың жемісі де көңіл қуантарлықтай. Әсіресе, шетел тілдерін терең меңгеруге деген студенттеріміздің құлшыныстары құптарлық. Уақыттың техникалық сұраныстарына орай, компьютер арқылы тест жүргізу үш жылдан бері оқу сапасының дәлдік өлшеміне айналып келеді. Университетте осы тәсіл арқылы сынақ тапсыру білім беру мен тестілеудің Ұлттық орталығының стандарттарына сай іс жүзіне асырылады.

Теория мен практиканы ұштастыра жүргізбей, жақсы маман даярлап шығу мүмкін емес. Бұл жағы агроуниверситетте өз деңгейінде қолға алынған. Бүгінгі күні 21 аудан әкімдігімен, 95 ауыл шаруа­шылығы және өңдеу кәсіпорындарымен, сондай-ақ 45 ғылыми-жобалау мекемелерімен студенттер­дің кәсіптік тәжірибесін өткізуге, кейін жұмысқа орналастыруға екі жақты келісімге отырдық. Тағы да атап айтатын бір ерекшелік, диплом жұмыста­рын қажет жағдайда өндіріс басында қорғауды жүзеге асырып келеміз. Жұмыс беруші онда болашақ маманның қабілеті мен іскерлігін, білімі мен біліктілігін сараптан өткізе алады. Әрине, мұндай сынақтан сүрінбей өту үшін студент те намысқа тырысып, бар мүмкіндігін жұмсайды. Бұл тәсіл екі жаққа да пайдалы. Студенттер конти­гентін көбейту де әрдайым назарда ұсталады. Арнайы орталығымыз бар, ол облыстық, аудандық білім департаменттерімен тығыз байланыс орнатқан. Кәсіптік бағдар беру жөніндегі жұмыстар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы 51 ауылдық ауданда және Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда қалаларында пәрменді түрде өріс алып отыр. Мектептерге бөлінген жауапты оқытушылар танымдық, жарнамалық материалдар арқылы жұмыс істейді. Осындай жұмыс­тардың арқасында өткен жылы универ­ситетке 3296, ал колледжге 534 студент қабылданды. Мұның өзі болашақ маманның дұрыс таңдау жасауына жәрдемдеседі. Өйткені, біздің түлектеріміз ауыл үшін ауадай қажет.

Қай жағынан болса да, сенімді серпіліске бет бұрдық. Университеттің материалдық-техникалық базасы нығайып, оқытушы кадрларымыздың біліктілігі артып, уақыт талабымен үндестік тапты. Қазір Қазақ ұлттық аграрлық университетін Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы аграрлық білім беретін жетекші оқу орындарының бірі деп айтуға болады. Оқу орнында 29 мамандық бойынша кадрлар даярланады. Ауыл шаруашы­лығы саласына қатысты мамандықтарға қосымша күнделікті тіршіліктен туындайтын кәсіпке қажетті мамандық сертификатын беруге де мүмкіндігіміз бар. Нарық жағдайында қазір фермердің немесе шаруа қожалығының әр сала бойынша мамандар ұстауға құлқы бола бермейді. Одан да оған бәрін білетін, сан-салалы мамандық иесінің болғаны тиімді емес пе? Сол үшін біз оларды сондай кәсіптерге баулып, мамандандырып шығарамыз. Шет елдерде фермерлер кем дегенде, 10 мамандықтың тізгінін ұстайды екен. Бұған біздің жастарымыздың да қабілеттері жетеді.

Білім ордасында үш оқу институты бар. Олар: Ветеринария және ауыл шаруашылығы институты, Агробиология мен экономика институты, Ауыл, орман және су шаруашылығы инженерлері институты. Мұның құрамында 4 ғылыми-зерттеу институты, 2 ғылыми орталық және әлеуметтік-гуманитарлық, ақпараттық-технологиялық, қосымша кәсіби білім беру институттары жұмыс істейді. Бұған фермерлердің жоғары мектебі мен аграрлық колледжді қосатын болсақ, ауқым аясының кеңейіп келе жатқанын аңғара аламыз.

Оқытушылардың сапалық құрамы да көңілге қонарлық. Университетте 700-ден астам оқытушы бар. Оның 22-сі Ұлттық ғылым академиясының академигі болса, 400-ге жуығы ғылым докторлары мен кандидаттары. Республикамыздың көрнекті ғалымдары мен тәжірибелі мамандары біздің педагогикалық жұмысымызға белсене атсалысып отырады. Университетте 17 мамандық бойынша 7 диссертациялық кеңес жұмыс жүргізеді. Тек өткен жылдың өзінде ғана 7 докторлық, 39 кандидаттық диссертация қорғалды.

Сонымен бірге университетте халықаралық қатынастар бөлімі құрылған. Оның міндеттері: интернет, қорлар, елшіліктер мен әртүрлі халықаралық ұйымдар арқылы білім беретін зерттеу бағдарламаларын іздестіру; халықаралық білім беретін зерттеу бағдарламалары мен жобаларын бірлесіп өткізуге қатысу; оқытушылар мен студенттерді әртүрлі конкурстар арқылы шет елде арнайы курстар мен тәжірибеден өткізуге іріктеу, профессорлар мен оқытушыларды халықаралық симпозиумдар мен семинарларға жіберу, тағысын тағылар болып табылады.

Бүгіннің өзінде 30-дан аса университет, инс­титуттар, ғылыми мекемелермен өзара ынтымақ­тастық жөнінде келісімге отырдық. Олардың арасында: К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл­шаруашылық академиясы, К.Скрябин атындағы академия, Украина, Молдова, Армения ұлттық аграрлық университеттері, сондай-ақ Францияның, Қытайдың, АҚШ-тың, Иранның, Венгрияның, тағы басқа елдердің университеттері бар.

Шетел жастарының біздің университетке қызығушылығы барған сайын артып келеді. Бізде барлығы шетелдік – 123 студенттер мен аспиранттар және дайындық бөлімінде орыс тілін үйреніп жүрген тыңдаушылар бар. Негізінен Түркіменстан, ҚХР, Моңғолия, Иордания, Израиль, Жапония және Пәкстаннан келген жастар. Олар үнемі біздің қамқорлығымызда. Студенттер бос уақыттарын кітап қоры жеткілікті ғылыми кітапханада өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, университетті білім мен мәдениеттің, білікті мамандардың ордасы деп айта аламыз.

 

Ел байлығын білікті инженерлер игереді

 

Төлеуіш СЕРІКОВ, Атырау мұнай және газ институтының ректоры.

Бұдан тура 26 жыл бұрын Қазақ политехникалық институтының жалпытехникалық факультеті, кейіннен, яғни 1988-1990 жылдары оқу-ғылыми орталығы және фи­лиалы болып өзгерген институтта қазір 11 мыңнан астам студент дә­ріс алады. Арнайы мамандан­дырыл­ған кафедраларда 47 ғылым док­торы мен профессорлар, 120-ға жуық ғылым кандидаттары мен доценттер, 111 магистрант пен 55 ас­пи­ранттар еңбек ететін инсти­туттың барлық қол жеткізген та­быстарын тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен байланыстырамыз. Өйткені, біздің институтта Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан еліміздің құрлықтағы және Каспий қайраңындағы мұнай–газ кеніштерінің жоғары білікті маман­дарға деген сұраныстарын қамта­масыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны орындау жүзеге асырылуда. Институт құрылғаннан бері еліміздің мұнай мен газ өнер­кәсібі саласына және көршілес елдердің осы саладағы кәсіпорын­дарына 16 мыңнан астам мұнайшы -инженерлер даярланды.

Еліміздің жоғары оқу орын­дары арасынан алғашқылардың бірі болып 2004 жылы институт ИСО 9001:2000 халықаралық стандарт талаптарына сәйкес сапа менедж­менті сертификатын алды. Соны­мен қатар, Швейцарияның Женева қаласында өткен салтанатты мара­паттауда халықаралық қордың “Іс­кер тәжірибедегі жоғарғы сапасы” үшін берілетін Алтын медаліне ие болды. Соңғы үш-төрт жыл ішінде осы оқу орнының Францияның мұнай институтымен бірлестікте атқарып жатқан “ҚазФраМұнай” халықаралық жобасы бойынша 39 магистр дайындалып, олар Аджип ҚКО және басқа да шетелдік мұнай компанияларына жетекші жұмыс­тарға орналасты.

Қазақстан және Каспий маңы елдері бойынша алғаш рет доктор­лық және кандидаттық диссерта­циялар қорғалатын халықаралық кеңес ашылып, “Мұнайхимиясы”, “Ұңғымаларды бұрғылау және игеру технологиясы”, “Мұнай және газ кеніштерін игеру және пайдаға асыру” мамандықтары бойынша мұ­най мен газ өнеркәсібіне және жоғары оқу орындары мен зерттеу мекемелеріне ғылыми кадрлар даярлануда. Институт қабырға­сында жыл сайын халықаралық деңгейде ғылыми-практикалық конференциялар, ассамблеялар, семинарлар мен симпозиумдер өткізіліп келеді.

Институтта “Мұнай химиясы”, “Ди­намика, машиналардың, ас­паптар мен құралдардың беріктігі”, “Механизмдер мен машиналар теориясы”, “Математикалық мо­дел­деу, сандық тәсілдер мен ке­шендер”, “Экономика және халық шаруашылығын басқару”, “Геоло­гия, пайдалы қазбаларды іздестіру мен барлау”, “Ұңғымаларды бұрғы­лау және игеру технологиясы”, “Мұнай және газ кеніштерін игеру және пайдаға асыру”, “Мұнай-газ өнер­кәсібіндегі машиналар, агре­гаттар және процестер” және “Гео­экология” секілді 10 ғылыми ма­ман­дықтар бойынша аспирантура, сонымен қатар, 16 бағыт бойынша магистратура жұмыс жасайды.

Жылма-жыл аймақта мұнай-газ және технологиялық мамандық иелеріне деген сұраныс деңгейі арта түсуде. Мәселен, былтырғы түлек­тер­дің көпшілігі Aджип ҚКO, “Теңізшевройл” бірлескен кәсіп­орны, “ЕмбіМұнайГаз” өндірістік филиалы, Schlumberger, “Атырау мұнай өңдеу зауыты”, “Жаңажол газ өңдеу зауыты”, “Ақтөбемұ­най­газ” және басқа да кәсіпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға жұмысқа орналасты. Бұған таяуда биылғы түлектерді өндіріске жұмысқа орналастыру мақсатында өткізілген жәрмеңкеде тағы да көз жеткіздік.

Қазақстанның техникалық жоғары оқу орындары арасында 2005 жылғы салыстыру қорытын­дысы бойынша институтымыз ҚазҰТУ мен ҚарМТУ-дан кейін үшін­ші орынды иеленді. Ал жа­қында облыс басшыларының қаты­суымен Aджип ҚКO компания­сымен болған кездесуде институт­тың жанынан тек қана жоғары бі­лікті мамандар ғана емес, соны­мен қатар мұнай мен газ және техника саласының жұмысшы мамандарын дайындауға болатындығы қолдау тапты. Институтта бастауыш кә­сіптік білім берудің 11 мамандығы бойынша мемлекеттік лицензия бар және арнайы жабдықталған кадр­лардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығы жұмыс жасауда. Осы орталық арқылы 1999 жылдан бері Қазақстанның батыс аймағындағы негізгі мұнай-газ компанияларының 300-ден астам мамандарына қосымша курстар ұйым­дастырылып, оқу соңынан арнайы сертификаттар тапсы­рылды.

Президентіміз Н.Назарбаев елі­мізді әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 50 мемлекеттің қатарына енгізу жөнінде жаңа саясатты ұсынды. Бұл бағытта институттың алға қойған мақсаты – материалдық, техникалық базаны күшейту және алдыңғы қатарлы білім беру технологиясын енгізу арқылы мұнай саласындағы техникалық білім беруді және ғылымды одан әрі дамыту. Мұны елімізде мұнай-химиялық кластерді дамыту бағдар­ламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынып жатқан Атырау об­лысының индустриялық-инно­вациялық бағдарламасынан туын­дап отырған маңызды шаралардың бірі деп есептейміз.

Қазақ елінің әлемдегі өрке­ниетті елдермен терезесі тең, әріп­тес, қуатты мемлекет болу бағыты айқындалды. Бұған барлық қазақ­стандықтар өз үлестерін қосуы тиіс. Ол үшін барлық жағдайлар жасал­ған және осы бағдарламаның толық қолдау табатынына сенімдіміз. Жыл сайынғы Жолдауында: “Ұлты­мыздың бәсекеге қабілеттілігі тікелей оның білім беру деңгейімен анықталады”, “Білім деңгейін же­тіл­діріп, дамытпаған ел XXІ ғасыр­да жоқ болып кетуі ықтимал” деп елдің, жас ұрпақтың болашағына алаңдаған Президент “Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсеке­ге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі” екендігін бағдарлап берді. Осыған орай қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында институтта оқу-ғы­лыми және материалдық-техни­калық базаны нығайту жұмыстары одан әрі жалғасын табуда. Эконо­микалық және ақпараттық жүйелер факультетінің жаңа оқу ғимараты, аумағы 2200 шаршы метрді құрай­тын жаңа спорт кешені салынды. Және 3000 орындық Студенттер сарайының құрылысы да бітуге тақап қалды.

Аймақтың индустриялық-инновациялық бағдарламасымен ұштастырылған “Атырау аймақтық технопаркі” жұмысының дамуына институт ұжымы өз базасымен және ғылыми кадрларымен тікелей атсалысуда. Осы мақсатта 30 мың шаршы метрді құрайтын техно­парк­тың барлық жобалық және техникалық-экономикалық құжат­тары дайындалды. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Механикалық фа­куль­теттің, орталық кітапхана мен студенттердің тамақтану комбинаты жаңа ғимараттарының жобалары мен техникалық-экономикалық құжаттамалары әзірленіп, құ­рылыстарын бастау көзделіп отыр.

Шет елдердің техникалық жоғары оқу орындарымен қарым-қатынасты нығайту жолында 1994 жылы құрылған, қазіргі кезге дейін Қазақстанның, Ресейдің, Әзірбай­жанның, Иранның және Түркімен­станның университеттері мен институттарын шоғырландырған Каспий маңы елдері қауымдасты­ғының алатын орны ерекше. Аты­рау мұнай және газ институты осы құрылымның белсенді мүшесі сана­лады. Каспий маңы елдері жоғары оқу орындары қауымдастығының жетінші бас ассамблеясы мен екінші студенттік ойындарының ұйымдастырушысы болып, оны сәтті өткізді. Биылғы қыркүйекте Каспий маңы елдері жоғары оқу орындарының кезекті оныншы бас ассамблеясы мен бірінші студенттік өнертаным фестивалін өткізу қолға алынып отыр.

Қауымдастықтың алқалық және құқықтық негізінің жоғарғы дең­гейге дейін көтерілгендігі сонша­лық, мемлекетаралық жасалған келісімдерді негізге ала отырып, кезекті ассамблеялар өткізу кездерінде Каспий теңізі маңында қарым-қатынас пен достықты нығайтуға бағытталған мәселелер оқу орындарының өздерінде шешімін тауып жатады. Жоғарыда айтылған кезекті ассамблеяны өткізуге дайындық қарсаңында, осы қоғамдық қозғалыстың да­муына ерекше еңбек сіңірген қайраткерлер мен мұнай химиясы технологиясы ғылымын, сондай-ақ, еліміздің мұнай-газ кенішінің ғылыми технологиялық дамуына қомақты үлес қосқан азаматтарды табыстары үшін марапаттау көз­делген. “Каспий маңы елдері жоғар­ы оқу орындары қауымдас­тығына — 10 жыл” және “Нәдіров оқылымдарының дипломанты” атты мерейлік медальдар қабыл­данып, олар алдағы өткізілетін халық­аралық ғылыми-практикалық конференциялар, оқылымдар, ассамблеялар, симпозиумдар мен семинарлардың жеңімпаздарына берілмек.

 

Емге екпін беретін бағдар

 

Сейдахмет БАЙҒҰЛОВ, Ынтымақ ауылындағы орталық учаскелік ауру­хананың бас дәрігері.

Жылма-жыл әл-ауқаты артып келе жатқан халқымызға Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі бәсекеге барынша қабі­летті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы жайлы тың толғанысы, бағдарлы Жолдауы ел ішінде ерекше серпіліс тудырды. Әсіресе, денсаулық сақтау сала­сындағы орамды ойлар мен тү­бе­гейлі түйіндер біздің көкейімізден шық­ты. Салаға жаңа реформа жа­сау, Денсаулық сақтау кодексін қа­былдау, бюджет сала­сындағы қыз­меткерлердің жала­қысын 30 пайызға арттыру, емдеу ісіндегі жалақы төлеу тәртібін еңбек сапасына, көлемі мен күр­делілігіне, біліктілігіне, соңғы нәти­жесіне қарай безбендеу қажетті­лігі өте орынды көрсетілген.

Жеке секторды іске белсенді тарту, тұрғындарды медициналық қызметтің ең бүгінгі заманғы жүйелерімен қамтамасыз ету, елімізде аса жоғары деңгейдегі осы заманғы клиникаларды құру мен басқару үшін шетелдік жетекші компанияларды қатыстыру сынды өзекті мәселелер де қамтылған.

Елбасы Жолдауымен қанаттан­ған біздер емдеу саласындағы істе­рімізде түбегейлі өзгерістер енгізуге бет бұрдық. Атап айтқанда, аумағы­мыздағы 14 мың тұрғынға қызмет ететін учаскелік аурухана мен 4 фельдшерлік-акушерлік пунктте істейтін ұжымымыздағы 50 шақты қызметкерге жеке-жеке нақтылай тапсырмалар бердік. Дәрі­герлер мен ФАП меңге­ру­шілері елді мекендерді аралап, қай ауру түрінің қылаң беріп жатқанын, оларға қажетті дәрі түрлері мен емдеу жолдарын анықтауда. Ауру­хана тазалығы, тағам алуандығы, емдеу режімінің қатаң сақталуы басты назарымызда.

Өмірімнің ширек ғасырға жуы­ғын осында бас дәрігер болып өткіз­дім. Әлі де бұл құтты мекеннің көр­кейіп, көріктеніп, елге қызмет ете беруіне бар күш-жігерімді аямай­мын. Өйткені, басты байлық халық денсаулығы емес пе? Ал Елбасы­мыздың Жолдауындағы денсаулық саласындағы бағдар әр шипагердің бойында өз ісіне деген елеулі екпін тудырары даусыз.

 

Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы.

 

Бәсекеге қабілетті маман даярлау  басты міндет

 

Е.Берлібаев, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика инсти­тутының Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты.                                  

Мемлекет басшысы әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына қосылу жөніндегі стратегиялық міндет белгілеп отыр. Алға қарай сапалы серпіліс жасауда ғылым мен инновациялық жүйенің маңызды рөл атқаратыны еш күмән туғызбайды. АҚШ, Франция, Финляндия, Швеция, Жапония тәрізді әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттері қазіргідей жағдайға бірінші кезекте ғылыми-техникалық зерттеулердің жоғары нәтижелі зерттеулері арқасында қол жеткізіп отыр. Осыған байланысты халықаралық тәжірибе мынаны меңзейді: ғылыми қайтарымы бар инновациялық технология ғана өндірістің тұрақты дамуын қамтамасыз ете алады. Бұған мысал ретінде Израиль мемлекетін алуға болады. 1950 жылдары  оның аумағы шын мәнінде қуаң, шөлейт болған еді. Ал қазір бюджеттік табысының 60 пайызын өз кәсіпорындары беріп отыр.

Қытайда 1970 жылдары халқын азық-түлікпен қам­тамасыз етудің өзі күрделі проблема болатын. Бүгін Қытай әлемдік қауымдастықта тауар өндіру мен қызмет көрсету, соның ішінде, жоғары технологиялы тауарлар өндіру жөнінен ірі бәсекелес ел болып отыр. Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия сияқты мемлекеттер, инновациялық стратегия жолына түсудің арқасында “Азияның жолбарыстарына”  айналды.

Бұл орайда Елбасының ұзақ мерзімдік 2030 жылға  дейін­гі стратегиялық бағдарламасында көрсетілгендей, Қазақстанның “Орта Азиялық барысқа” айналуы нақ осы инновациялық саясат жолымен жүруі арқылы мүмкін бола алады.

Өскен, өркендеген мемлекеттің білігі мен білімін анық­тайтын басты көрсеткіштің бірі – жоғары оқу орындары мен ғылым ордалары. Қоғамның зердесі мен ақыл-күшін толықтыратын әрі дамытатын – жоғары мектеп.

Қазақстан жоғары мектебінің өзіндік жолы, өзіндік тарихы бар. Түрлі қоғамдық-саяси төңкерістердің тұсында сілкіністердің жетегінде кетпей, өзіндік тұрақты бағыт ұстанған отандық жоғары оқу орындары 1991 жылы жарияланған ел тәуелсіздігін қуанышты сезіммен қарсы алды. Бұл қуаныштың мәні мемлекеттік тәуелсіздік тәуелсіз ойлауға, ой-сананы жаңартуға, ғылым мен білімді тота­литарлық саясаттан құтқаруға оң ықпал ететіні мәлім еді.

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев   білім мен ғылым саласын бір сәт те назардан тыс қалдырған емес. 1990 жылдардағы экономикалық қиындықтар білім саласын да айналып өткен жоқ. Оқу орындарының жабылуы, мамандардың қысқару қаупі төнді. Бірақ, еліміздегі жүйелі экономикалық саясаттың арқасында өтпелі кезең тудырған ауыр жағдайлардан тұраламай өттік. Ең бастысы, Қазақстанның білім-ғылым саласын экономикалық дағдарыстан қожыратпай аман сақтап қалдық. Бұл жағдай аталған саланы ойдағыдай жаңартуға толық мүмкіндік берді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында “Ғылыми әлеуетті дамыту қолданбалы ғылымды өндіріс пен бизнеске мейлінше жақындатуға тиіс”, деп атап көрсет­кеніндей, ғылыми әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлінгелі отыр. Жолдаудағы негізгі басымдықтардың төртіншісінде осы заманғы білім беруді дамыту, кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыру жөніндегі міндеттер қойылған. Оларды жүзеге асыру үшін ғылымды дамытып, ғылымға арқа сүйеу парыз. Бұл тұрғыда болашақ маманның атқаратын қызметі ерекше. Болашақ бүгінгі жастардың қолында. Аталған міндеттерді ойдағыдай іске асыру жоғары оқу орындарының біліктілігі мен оқу орындарының материалдық техникалық базасының қандай екендігіне байланысты.

Бүгінгі күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты ерекше оқу-әдістемелік базаға ие, мұнда жоғары білікті профессорлар мен оқытушылар құрамы топтасқан. Институт ректоры Шәмша Беркімбаеваның басшылығымен Президент Жолдауындағы міндеттерді шешуге іспен жауап беруден бастадық. Олай дейтініміз, биылғы оқу жылында институтымыздың жанынан жаңа компьютерлік орталық пайдалануға берілді.

Институтымызда ай сайын шығып тұратын “Ақтоты” газеті, “Қыздар педагогика институтының хабаршысы” секілді ғылыми журналдарда, басқа да ғылыми-әдістемелік басылымдарда бүгінгі ғылымның өзекті мәселелерін арқау еткен материалдар жариялануда. Институттың жанында мұғалімдердің біліктілігін көтеру жөнінде арнайы курс жұмыс істейді. Оқытудың жаңа технологиясын меңгеру, ме­то­дикалық шеберлікті арттыру мақсатында институт мұға­лімдері мен қаладағы мектеп мұғалімдері білімін көтереді.

Елбасының бұл дәрісін “Қазақстан Президентінің жастарға Жолдауы” деп  айтуға болады. Ұжым мүшелерінің бұл дәрістен алған әсері өте жоғары болды. Әсіресе, бәсекеге қабілеттілікті әр жас өскін өз бойында қалыптастыруы керек, оның рухани дамуы, ойы, ақыл-парасаты өзге елдердегі құрбыларынан асып түсуі керек деген сөздері біздің институттың студенттеріне терең ой салды.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат