Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-06-27:

АҚиҚатҚа айналҒан аҢыз

 

Бірінен кейін бірі жедеғабыл өткен осы басқосулардың бел ортасында болып, Қазақстанның өскелең халықаралық беделін дәлелдеп қана қоймай, бірігудің, дамудың қисынды мәселелері туралы сөз қозғаған Елбасын “еңку-еңку жер шалмай” бітпейтін ерлердің ісіне мұқтаж елдік мүдде тағы да сапарға бастады, Азияның бір шетіндегі Малай еліне алып келді.

Осыдан бір айдай бұрын елі­мізде болып, Парламент палатала­рының төрағаларымен, Мемлекет­тік хатшымен кездескен Малайзия Парламенті Өкілдер Палатасының спикері Рамли бин Нгах Тәліп Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға өздерінің ниетті екен­діктерін, Елбасының келуін асыға күтіп жүргендіктерін аңғартқан  еді. Соның сәті де енді  түскен  іспетті.

Малайзия – Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан ел. Оның аумағы 332,8 млн. шаршы шақы­рымды құрайды. Яғни, жер көлемі жағынан біздің Қазақстаннан 8 есе кіші. Халқының саны, біздің қолымыздағы деректер бойынша, соңғы 30 жылға тарта уақыт ішінде екі жарым есе өсіп, 26 миллионнан асып жығылған. Ұлттық құрамы – әркелкі. Жартысынан астамын жергілікті малай халқы, 26 пайызын қытайлықтар, 8 пайызға жуығын үнділіктер құрайды. Негізгі тілі – малай тілі, халқының басым бөлігі – мұсылман. “Өзінің халқы, этностық құрамы жөнінен және басқа да “көптеген” өлшемдері бойынша бізге ұқсас ел” деп атаған болатын Малайзияны Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Иә, малайлықтардың қазаққа ұқсайтын жақтары аз емес. Егер тарихына келетін болсақ, осыдан 500 жыл бұрын жатжерліктердің басқыншылығына ұшырап, жүз­деген жылдар бойы Португалия­ның, артынша голландықтардың езгісінде болады. Одан кейін екі ғасырға жуық британдықтардың отар еліне айналады.

Британ империясының құрсауы босаңси бергенде Малайзияда қытайлық және үндістандық иммигранттардың үстем рөлі біліне бастайды. Келімсек халық өкілдері сауда, бизнеспен айналысып, қалаларға жиналып, бақуатты тұрмысқа жеткенде, өздерін бумипутура, яғни “жер балалары” деп атайтын малайлықтар ауылдағы кедейшілік шырмауына шырмала түседі. Өз жерінде отырып-ақ екінші сортты халыққа айнала бастады.

Міне, бұл жағдай да біздің қазақ халқының тәуелсіздікке дейінгі өмірін еске салса керек, тың игеру, сонан кейінгі өнеркәсіпті дамыту бесжылдықтарында қазақ хал­қының да өз жерінде отырып азшылыққа айналғаны, қалалар қауырт дамығанда ауылда қалып, мал бағудың айналасында тірлік кешкені рас қой.

Тағдыры ұқсас халықтың ар­маны да ұқсас келеді екен. Соның бір куәсі – қазақ халқындағы Аяз би туралы аңыздың малайлықтарда да болуы. Өз жерінде қағажуды көп көрген бұл халық та Аяз бидей ақылды да көреген басшының әділетті билігін аңсайды. Ақыры бұл арман ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана жүзеге аса бастайды. 1957 жылы Малайзия өз тәуелсіздігіне ие болады.

Алайда елдің бұл тәуелсіздігіне сыртқы күштердің көпшілігі се­німсіздік танытады. “Бұл ел нәсіл­дік және ұлтаралық дау-жанжалдар мен кедейшілік шырмауында шыр­малып қала береді” деген сәуегей­ліктер айтылады. Бұл пікір­дің де негізі жоқ емес еді. Өйткені Ма­лайзия өз өңіріндегі ғана емес, әлемдегі кедей елдердің бірі болатын. Оның үстіне тәуелсіздікке ие болғаннан кейін малайлықтар мен Қытайдан және Үндістаннан келген иммигранттардан тұратын этностық қауымдастық арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп, дау-жанжал өрши бастайды.

Міне, осы тұста Махатхир Мо­хамад үкімет басына келді. Оның батылдықпен жүргізген рефор­малары қоғамды тұйықтан алып шықты. Махатхир Мохамад өз ре­формаларын қоғамды жікке бөл­мей, Малайзияның барлық халқын жақсы тұрмысқа жеткізу мақса­тында бастады. Сонымен қатар өз халқы – малайлықтарды кедей­шілік шырмауынан алып шығып, басқалармен тең етуге барын салды.

“Өз жерінде өмір сүруге жарамсыз” деп танылып, еншісінде ауыл мен кедейлік қана қалған” малайлықтарды жаңа өмірге бейімдеу үшін Махатхир өз ұлтына тән кемшіліктерді бетке айтып, оларды “тағдырға мойынұсы­нушылық, салғырттық, ақшаның, меншік пен уақыттың құнын білуге құлықсыздық тәрізді қанға сіңісті кеселдерден бас тартуға” шақырды.

Міне, Малайзия қоғамында болған осы жағдайлар бізге де тым таныс. Тағдыр екі халыққа да тәуел­сіздіктің алғашқы жылда­рындағы ауыртпалықты қайыспай көтеретін ерлерді берді. Бүгінде көптеген саясатшылар қиындықта жол тауып, өз елдерін дамудың даңғылына бастаған Махатхир Мохамад пен Нұрсұлтан Назар­баевтың батыс пен шығыс дана­лығын синтездеген өзіндік басқару тәсілдері туралы әңгіме қозғай бастады. Бұл жағдай мұсылман елдерінің тарихында Мұстафа Ке­мал Ататүріктен кейін өз елдерінің ұлттық дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі өркениеттің барлық же­тістіктерін пайдалану кілтін таба алған шығыстық лидерлердің мүлдем жаңа шоғыры қалыптасу үстінде екендігін білдірсе керек.

Қазіргі Малайзия – бұл ғасыр­лар бойғы кедейшілік шырмауын ысырып тастап, жиырма жылдың ішінде өзінің экономикалық қуа­тын ондаған есе өсірген, көктіреу үйлері бар әсем қалалары көздің жауын алған, әлемдегі бәсекеге қа­білетті елдердің бірі. Оның әлеу­мет­тік-экономикалық тұрғыдан жаң­ғыруы тоқсаныншы жылдардың ортасында жасалған “2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағ­дар­ла­масына” сәйкес жүргізіліп келеді.

Малайзияда әр бес жыл сайын әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспары жасалынады. Таяудағы бес жыл ішіндегі даму мәселелері 2006-2011 жылдарға арналған – тоғызыншы малайзиялық жоспарда қарастырылған. Осы жоспар бойын­ша ішкі жалпы өнім көлемін әр жыл сайын 6 пайызға өсіріп отыру көзделеді. Ал мұның өзі жан басына шаққандағы табыс көлемін 2010 жылы 13,9 мың долларға жеткізуге мүмкіндік береді.

Міне, осы көрсеткіштерге қарай отырып, Қазақстанның қазіргі даму қарқынының жаман емес екендігін байқаймыз. Бізде экономика әр жыл сайын соңғы жылдардың көрсеткіші бойынша 8-9 пайыздық қарқынмен өсіп келеді. 2012 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемін еселей түсіп, таяудағы он жылда әлемдегі бә­секеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды жоспарлап отырмыз. Сонда біздің негізгі көр­сет­кіштеріміз қазіргі Малайзияның қол жеткізген жетістіктеріне таяп қалады екен. Егер Малайзияның өз тәуелсіздігіне ие болғанына келер жылы 50 жыл болатындығын ескерсек, бас-аяғы 15 жылда жет­кен біздің бұл жетістіктерімізге мерейленуге болады.

Малайзия қазіргі күні бәсеке­лестікке қабілеттілік жөнінен әлемдік рейтинг бойынша 24-ші орында, технологиялық индекс бойынша 25-ші орында, Үкіметтің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды алға жылжыту рейтингі бойынша – 2-ші орында, мемлекеттік қаржыны бақылауға алуы жөнінен 2-ші орында тұр. Демек, Қазақстанның жоғарыдағы мәселелер бойынша Малайзиядан үйренетін жақтары бар. Бәлкім содан болар, Елбасының осы жолғы сапарында, әсіресе, елдің ақпараттық-технологиялық жетіс­тіктерімен танысу мәселесі көбірек жоспарланыпты.

Әдеттегідей алғашқы кездесулер мемлекет басшыларымен болды. Малайзияның Жоғарғы билеушісі – Король Янг ди-Пертуанг Агонгу ХІІ Туанку Саид Сираджуддин ибни Джамалуллаил мен Малайзия Премьер-Министрі Абдулла бин Хаджи Ахмад Бадауи Елбасын рәсім бойынша Малайзия Парла­ментінде қарсы алды.

Парламенттің рәсімдер алаңын­да құрметті қарауыл сапқа тұрып, Малайзияның барлық жоғары билік өкілдері жиналыпты. Елбасы кортежі алаңға келгенде Король мен Премьер-Министр алдынан шықты.

Жан-жағын теңіз қоршап, ылғалдың молдығынан Куала-Лумпур аспаны үнемі буалдыр тартып, бұлттанып тұрады екен. Елбасы Парламент алдындағы мін­берге көтеріліп, оркестр Қазақстан­ның Мемлекеттік гимнін орындай бастағанда буалдыр аспан көгі бір сәтке ашыла түсіп, арайлы шуақ алаңға нұр төгіп өткендігін бай­қадық. Келесі кезек Малайзия әнұранына берілді.

Мұнан кейін Елбасы құрметті қарауыл бастығының ілесуімен сап құрған әскер алдымен жүріп өтті. Адамды ерекше әсерге бөлейтін Қазақстан әнұраны қайтадан асқақтай төгілді.

Ресми қарсы алу аяқталысымен Малайзияның Жоғары билеушісі  Янг ди-Пертуанг Агонгу ХІІ Қазақстан мемлекетінің басшысы орналасқан “Shangrі-La” қонақ үйіндегі президенттік нөмірге келді, негізгі әңгімені осы жерде өткізіп, Елбасына үлкен  құрмет  көрсетті.

Малайзияның Жоғарғы билеу­шісімен болған кездесуден кейін Елбасы Үкімет үйіне келді. Мұнда оны елдің Премьер-министрі Абдулла Ахмад Бадауи қарсы алды. Осыған дейін Білім министрі, Қорғаныс министрі, Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары – Ішкі істер минис­трінің қызметтерін атқарып, жан-жақты тәжірибе жинап шыңдалған Абдулла Ахмад Бадауи Малайзия­ның Махатхир Мохамад тұсында қол жеткізген жетістіктерін одан әрі жалғастырып, көптеген жаңа жобалар бойынша жұмыс істеп жатқан елдің аса беделді  тұлға­ларының бірі. Үкімет басына 2003 жылдың қазан айында келген. 2004 жылдан бастап “Бірлескен малай ұлттық ұйымы” жетекші партия­сының көшбасшысы.

Екеуара оңаша жүздесуден кейін кездесу кеңейтілген құрамда жалғасты. Қазақстан-Малайзия қарым-қатынастарының өзекті мәселелері талқыланды. Кездесу соңынан Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Малайзия Үкіметі арасындағы табысқа салынатын салыққа қатысты қосарланған са­лық салуды болдырмау және  са­лық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге қол қойылды. Оған  Қазақстан жағынан Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев, Малайзия жағынан Екінші қаржы министрі Тан Сри Мохамад Якоп қол қойды.

Мұнан кейін Елбасы Малайзия Ішкі істер министрлігінің Ұлттық тіркеу департаментінде өткен “MyKad” электрондық кәртішкесі­нің таныстырылымына қатысты.

“MyKad” көп қызметті біріз­ділік картасы – Малайзиядағы жеке басты куәландырудың цифр­лы құжаты болып табылады. Оған жеке тұлғаның әлеуметтік  мәлімет­тері (аты-жөні, туған жылы мен күні, РНН, зейнетақы мен банктік шоты, тағы басқалар), биологиялық өлшемдері (саусақ таңбасы, қан құрамы, денсаулық жағ­дайының деректері) тіркеледі. Мұндағы “My” сөзі интернет-мекен-жайдағы Малайзияның атауы болса, “Кad” – малай  тіліндегі “жеке бірізділік карта” деген сөйлемнің қысқартыл­ған түрі екен.

MyKad жобасын енгізудің жауапты  органы – Малайзия Ішкі істер министрлігінің Ұлттық тіркеу мемлекеттік департаменті.

Мұндай жүйені енгізу Иммиг­рациялық департамент, Жол-көлік департаменті, Денсаулық сақтау министрлігі, Ішкі істер министрлігі мен банк мекемелері секілді негізгі мемлекеттік органдардың ақпарат­тық базаларын орталықтандыруға мүмкіндік берді. Құқық қорғау органдары құжаттарды тексеру кезінде тұлға туралы жеке бастың мәліметтерін анықтап қана қоймай, оның құқықтық тәртіптілігін де біле алады.

МуKаd – электрондық құжат. Ол бір мезгілде жүргізуші куләгі мен кредиттік кәртішке қызмет­терін де атқара алады. Ендігі кезекте оны салық жүйесіне де қолдану көзделуде.

Сондай-ақ жасырын көші-қон деңгейін төмендету мақсатында MyKad-тың арнаулы түрін шетелдік жұмысшыларға да беру жоспарға  енгізілді.

Бұл жайында Елбасы мен мемлекеттік делегация мүшелеріне Малайзия Ұлттық тіркеу депар­таментінің бас директоры Мохам­мад Абдул Халим әңгімелеп берді.

Сапардың мұнан кейінгі бөлігі “Путраджай” корпорациясында жал­ғасты. Елбасы мұнда ел аста­насы Куала-Лумпурдың іргесінде ор­наласқан жас қала Путраджай­дың даму жағдайы және салыну ерек­шеліктерімен танысу үшін келді.

Қазақстан мен Малайзия арасындағы тағы бір ұқсастық қазіргі заман бейнесіндегі жаңа қала тұрғызуында дер едік.

Малайзия федералдық үкіме­тінің жаңа әкімшілік орталығы – Путраджай қаласы елдің бірінші Премьер-министрі Тунку Абдул Рахман Путра Әл-Хаджаның құрметіне оның есімімен  аталған (ал “джай” деген жалғау сөз малай тілінде “табыс”, “жетістік” деген ұғымдарды білдіреді екен.

Путраджай қаласы парктер, жасанды көлдер, басқа да ланд­шафтық нысандармен көмкеріліп, “қала-бақ” түрінде салынуымен қатар елдің постиндустриялық қоғамға  көшкендігінің де белгісі болмақ. Технологиялық тұрғыдан ол электрондық үкіметті енгізудің инновациялық орталығы болып табылмақ. Жобалаушылардың ойы бойынша бұл “зияткерлік қала” телекоммуникациялық және ақпа­раттық салалардағы технология­лардың ең соңғы жетістіктерімен, көлік және инфрақұрылымдық нысандардың озық үлгілерімен қамтамасыз етілетін болады. Қала жобасының жалпы құны 8,1 мил­лиард АҚШ долларына бағаланған.

Қалада қазіргі күні 50 мың адам тұрып жатса (оның негізгі дені мемлекеттік қызметшілер), 2010 жылы халық саны 330 мыңға жетеді деп жобалануда.

Елбасы сұрақтар қоя отырып, қаланың салыну ерекшеліктері, құрылысқа жұмсалып отырған қаржы көздері және басқа да мәселелерімен жан-жақты танысты.

Қаланың салынуына жауапты “Путраджай” корпорациясының президенті Тан Сри Шамсудин  Османның айтысына қарағанда, шығынның басым бөлігі мемлекет есебінен іспетті. Мемлекет құры­лысы аяқталған нысан мен офистік ғимараттарды корпорациядан 25 жылға  жалға алады немесе сатылу бағасын 100 пайыз алдын ала төлейді екен. Жалгерлік мерзімі біткен соң ғимарат мемлекет меншігіне көшеді. Кейбір жағдайда мұндай әдіс пәтер жалдаушылар үшін де қолданылады.

– Біз қала құрылысын жүргіз­генд­е оған қажетті қаржыны тіке­лей мемлекеттік бюджеттен емес, ұлттық компаниялардан аламыз, – деді Тан Сри Шамсудин Осман.

Осы ретте Путраджайдан бір айырмашылығы Қазақстан астана­сының негізінен инвесторлар­дың күшімен салынып жатқандығын айта кетсек артық болмас.

Бұл Астана қаласының құрылыс компаниялары мен халық үшін ерекше тартымдылыққа ие болып отырғандығын көрсетсе керек. Де­мек, Астанада қала салудың эконо­ми­калық тиімді тетігі табылып отыр.

Малайзиялық жаңа әкімшілік орталығының салыну жағдайымен танысып болғаннан кейін Елбасы  6 шілдеде Астанада қала күні ата­лып өтетіндігін, осы күні  Пар­ламент Сенаты үйінің, Джунгли демалыс орнының ашылу салтана­ты болып, қаншама пәтер тапсы­рыла­тындығын айтып, “Путрад­жай” корпорациясының басшысын осы рәсімге  қатысуға шақырды.

Осы күні кешкісін Малайзия­ның Жоғарғы билеушісі Янг ди-Пертуан Агонг ХІІ Туанку Саид Сираджуддин Джамалуллаил Қа­зақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне мемлекеттік қонақасы берді. Сапардың алғашқы күні осымен аяқталды.



Авторы: Сұңғат ӘЛІПБАЙ – Куала-Лумпурдан.


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат