Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-07-06:

Жас елорданың жасампаз шежіресі

Мұхитдін АЯЗОВ,  Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қазынашылық  департаментінің бастығы.

“Астана аңсары”, “Қала шежіресі”, “Елорда эстетикасы” тарауларынан, тартымды тақырыптардан тұратын туындының мәнділігі – өте жүйелі жинақталған тарихи шежі­ре­лігінде. Кітап Елбасы астананы көшіру туралы өзінің іштей зерделеп, ой елегінен мұқият өт­кіз­ген ұсынысын депутаттар алдында паш ет­кен сәттен бастап, сәулеттеніп, кемелденген шақ­­қа дейін тиянақты мысалдармен, күнде­лік­ті тыныс-тіршілікпен шебер ұштастыра баян­дау арқылы оқырман жүрегіне жол тарт­қан. Ерекше таң қалдырғаны – кең байтақ Қазақ­станның басшысы ретінде күрделі де құнды іссапар, кездесу, қабылдау, басқару, ой бөлісу, қуат­тау, марапаттау, жоспарлау, қада­ғалау, Жар­лықтар шығару мен халыққа Жолдау ар­нау, тағы да басқа келелі міндеттер атқару­мен қатар күнделік-жазба жүргізуі, оларды уақыт сәті келгенде жүйелі жинақтап, шығар­ма­шы­лықпен айналысып қана қоймай, қара­пайым халыққа ұғынықты тілмен шебер баяндауы.

Мен қазынашымын, халықпен араласа қызмет атқарып жүргендіктен, ел ішінде кө­бірек боламын. Кітапта баяндалған Аста­наны көшіру туралы ұсыныс кезінде қарапайым халықты бірден қуанта қоймағаны рас, оны жасыруға болмас. Өйткені, сол жылдардың жүгі тым ауыр еді, жұмыссыздық жайлаған қа­ла мен ауылды қара түнек басып, жылусыз, жа­рықсыз, “көгілдір отынсыз” қалған тұрғын­дар: “Жаңа астана үшін қаншама қаражат керек, халықтың мүшкіл халі мынау!”деп қын­жылды. Еңбекақы мен зейнетақының қорда­ланған берешегі өз алдына бөлек әңгіме. Осынау қиын-қыстау уақытта сарабдалдықпен болашақты болжап, батыл қадам жасау оңай емес... Туындыда айтылғандай, Елбасының қол жеткізген жетістігі – дипломатиялық қарым-қатынас жасау арқылы шетелдік инвесторлар­дан он жыл мерзімге пайызсыз несие алу. “Менің шетелге барған сапарларымның бар­лы­ғында Астана сөз болмай қалмайтын. Көбінесе оның дамуына және құрылысына инвестиция салу мәселесі қозғалатын. Өтемсіз инвестициялар есебінен –Астана құрылысына аз да емес, көп те емес, 200 миллион доллар жинай алдым. Оған Астананың көптеген сәулет құрылысы мен кешені салынды. Олар: “Астана-Бәйтерек”, Әкімдіктің жаңа ғимараты, жаңа Ақорда. Астананың құрылы­сына Катар, Сауд Арабиясы, БАӘ, АҚШ және Кувейт сияқты елдер бірінші кезекте тікелей өтемсіз көмек көрсетті.

Мысалы, Құрама Штаттарға сапар кезінде мұнай компанияларының өкілдерімен кездесуде 11 миллион доллар жинап алғаным есіме түседі. Ол қаражатқа “Қазақстан” спорт кешені салынды.

Егер тек гранттар мен өтемсіз инвестиция­лар есебінен салынған объектілерді жай ғана санамалап шықсақ, әжептәуір тізім болар еді. Мысалы, Президент Ақордасы Әбу-Даби қорының гранты есебінен салынды. Бұл 72 миллондай доллар. Парламент Сенатының ғимараты Сауд Арабиясының гранты есебінен бой көтеріп отыр. Бұл 12 миллиондай доллар. Ұлттық кітапхана “Аджип” және “Қарашы­ғанақ Петролеум” инвестицияларының есебі­нен жасалды. Бұл 11 миллионнан астам доллар.

Оның үстіне “Аджип” Үкімет үйінің құ­рылысына 9 миллиондай доллар және ”Оқжет­пес” шипажайын қайта құруға 11 миллионнан астам доллар қаржы бөлді. Стадион құры­лысын “Испат-Қармет” қаржыландырып отыр. Бұл 38 миллион доллар. “Нұр Астана” мешіті Катар мемлекетінің 15 миллион доллар гранты есебі­нен тұрғызылды. Астана қаласы әкімді­гінің ғимаратына Кувейт қоры 10 миллион доллар грант бөлді. Құны 33 миллиондай дол­лар тұра­тын “Астана-Тауэр” бизнес орталығын Түр­кияның АВS орталығы қаржыландырды. 5 мил­лион долларлық Кардиология орталығы Сауд Ара­биясы Король­дігінің гранты есебінен салын­ды. “Қазақмыс” 7 миллион доллар тұра­тын дип­ломатиялық қалашық құрылысын қаржылан­дырды.

Жалпы алғанда әңгіме жүздеген миллион доллар қаржы тартылғаны туралы болып отыр. Біз бұл объектілерді салуға бюджеттен қаражат бөле алмайтын едік.

Екінші жағынан, осы тартылған қаражат­тың көпшілігі Қазақстанға және оның Пре­зидентіне тартылған сыйлар” (97-99 беттер). Кітаптағы осы жолдарды оқығанда “Қалауын тапса қар жанады” деген халық нақылы есіме түсті. Астананы Ақмолаға көшіру арқылы өз алдына отау тік­кенімен, ел еңсесін көтере алмай қи­нал­ған сәтте Ел­ба­сы мықты серпіліс жо­лын тапты. Қа­ражат із­дестіруді де өзі бастады. Қа­зақ­станның көп ұлтты ха­лық­тары­ның жігін ажы­рат­пай, қайта олар­дың ын­ты­­мақ­таса ең­бек етуіне ық­пал жасауы қай­­тарымы бар іс-әрекет екенін дәлел­деді. Жақсы ісіңе алыстағы достың сүйінуі емес пе, қар­жыға келіп тірелген түйінді мәселенің шешімі табыла кетуі! Күн санап ақшаңқан үйлер мен әсем ғимараттардың бой көтеруі нәтижесінде республика қалалары мен аудандарында кере­метке іңкәрлік танытудың серпіні өріс алды. Жан-жақты құрылыстар салынып, тұрғын үйлерде қоныс тойлары жиі өту дәстүрге айналды. Еңбек етсең зейнетін көруге әбден болатынына көз жетті. Шыңға талпыну, биікке ұмтылу, жүйелі ойды жүзеге асыру үрдісі келді. Бір сөзбен айтқанда, Астананың дамуы – Қазақстанның дамуына сара жол ашты. Кемел келешекке сеніммен қарау мүмкіндігі туды. Елде жаңару, жаңғыру құбылысы етек алды. Шындығында да, кітап авторы осының бәрін өз түйсігінен, көңіл таразысынан алдын-ала өткізіп, мың ойланып, толғанып, әбден пісіріп барып, жарыққа шығарып қана қоймай, ризығын бергенше тынбайтын жан екенін көрсетті. Бір үлгі алатын нәрсе – Елбасының өзінің пікірі мен көзқарастарына кереғар ұстанымдарға да сыйласымдылықпен, зиялы­лықпен, төзімділік­пен, түсіністікпен қарауы. Мұны Ақмоланың Астана болуға лайықты екенін, өз көзқарасы­ның негізділігін, тәуелсіз мемлекетіміздің ең жоғары мүдделері талап ететіндігін нақтылап, Парламент сессиясының жалпы отырысында (1994 жылғы 6 шілде) атап көрсеткенінен білуге болады. Сол кезде қарапайым халық түгілі, билік басындағылар­дың бірқатары қолдау көрсетпегені, осы ойын айтқан кезде сессияға қатысушылардың сілті­дей тына қалғаны жайлы кітапта баяндалған.

“ ...біріншіден, қала Қазақстанның орталығында дерлік тұр және барлық өңірден бірдей қашықтықта, бұл – басқару міндеттерін шешу, нарықтық инфрақұрылымды дамыту міндеттері көзқарасы тұрғысынан экономи­калық тиімді;

екіншіден, қаланың жағдайы, оның аумағы сәулет-құрылыс міндеттерін икемді шешуге, елдің басқа өңірлеріне қарағанда әлдеқайда тиімді экономикалық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, бұған көз жеткіздік;

үшіншіден, қала тіршілігін қамтамасыз етудің қолда бар жүйелерін қайта құру пәлендей шығынды және күрделі болмайды;

төртіншіден, қалыптасқан көлік-ком­муникация инфрақұрылымының одан әрі даму келешегі жақсы.

Тағы да мұнда қалыпты экологиялық жағдай бар және біздің ортақ күш-жігерімізбен ол одан әрі сақтала беретін болады...

Менің тапсырмам бойынша мемлекеттің жаңа астанасын оңтайлы орналастырар жерді анықтау үшін тыңғылықты зерттеу жүргізілді. 32 өлшем бойынша жасалған талдау барлық нұсқаның ішінде Ақмола барынша артықшы­лыққа ие екендігін көрсетті”.

Көрдіңіз бе, дәлел – дәлме-дәл! Шын­дығында да Алматы қай жағынан алғанда да шоқтығы биік қала. Ал, Елбасы айтқандай, Сарыарқаның төсіндегідей, жап-жазық жерден бүгінгі күн талабына жауап беретін, сәулет өнерінің соңғы үлгілерімен жап- жаңа әсем ғимараттар салу үшін оңтүстік астананың жері тарлық ететіні рас еді әрі Қытаймен шекара­лас, айналасы таумен, елді-мекендермен, көрікті табиғи ағаштармен жалғасқан. Алматының өз алдына өсіп-өркендейтініне сенім білдірген Президенттің бұл жолы да көрегенділігіне қалайша риза болмасқа!?

Іссапармен Астанаға барған сайын екпінді өркендеген қаланың келбетіне қайран қалумен боламын. Күннен-күнге айбаттанып, ажарла­нып барады. Көріктілігі мен көркемділігі көз тарта­ды. “Қандай хас шеберлер жасаған десеңізші!” деп қызыға қараған сәттерім көп еді. Кітапты оқып отырғанда көкейімдегі осы сауалдарға жауап тауып, Елбасының талға­мына, келешекке деген іңкәрлігіне, ізденгіш­тігіне, бәріне-бәріне уақыт тапқан іскерлігіне қазақтың бір перзенті ретінде тәнті болдым. Елбасы сәулетшілердің, құрылысшылардың, Астананың өркендеуіне үлес қосқандардың шығармашылық еңбектеріне реті келгенде ерекше көңіл бөліп, ризашылығын білдіріп отыруы орынды-ақ. Сәулетшілердің арасынан жапондық Кисе Курокаваны алайық­шы. Оның шығармашылық туындыларының інжу-маржандары: Жапонияның Осака қала­сындағы Ұлттық экологиялық мұражай, “Сони” кор­порациясының мұнарасы, ГФР астана­сындағы Жапон-герман орталығы, Болгария­дағы “Витоша” отелі, Жапонияның “Бунраку” ұлттық қуыршақ театры, Хиросимадағы, Вакаямадағы, Нагоядағы ғылым, қазіргі заманғы өнер және этнография мұражайлары, сол сияқты басқа да адамзат сәулет өнері жетістік­терінің алтын қорына кірген көптеген туынды­лар. Жасы жетпістен асса да халықара­лық кон­курста бірінші орынды иеленіп, Қазақстанның жаңа астанасын дамытудың Бас жоспарының авторы атанды. Сәулетшінің сөзімен айтсақ, Астана ХХІ ғасырдың қаласы, симбиоздық қала болуға бейім.

“Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі” деп аталатын бағдарлама бойынша бой көтерген сәулетті үйлер, “Океанариум”, Дарын орталығы, Салтанат сарайы, көкке құ­лаш сермеген “Бәйтерек”, Елбасының резиден­циясы – Ақорда, этнопарк, Астана әуе жайы... тізбектей берсек, көп-ақ. Алғашқы долбар-пішінін Нұрсұлтан Назарбаев қағазға түсірген “Астана-Бәйтерек” монументінің биіктігі 97 метр болуының себебін Астананың Ақмолаға көшкен уақытымен, яғни 1997 жыл­мен байла­ныс­тырады. Құрылыс қарқынды жүріп жатқан кезде күні-түні, дәлірек айтқанда түнгі сағат 3-4-терде жоспарлау өткізіп жүрге­нін, Астананы жаяу аралап, атқарылатын істер­ді ой елегінен өткізетін сәттерін, “Астана” ме­далі, “Бәйтерек­тің” эскизі мен елорданың аты­на сай аталуына қосқан үлесі барын білгенде Елбасымыз үшін қуандым. Негізінен шетелдік жобалардың бәрі дерлік бірнеше ондаған мил­лион доллар тұрса, Церетелидің жобасының өзі 60 миллион доллар­ды еңсерген! “Бәйтерек” өз жобамыз болған­дықтан, бар болғаны 5 мил­лион долларға түскен, бұл қаражатты “ССС” инвестициялық компаниясы сыйға тартқан.

Бүгінде “Бәйтерек” – жаңа елорданың, бақытты болашағымыздың символы. Күндіз заңғар биікке самғап, кешке неше түрлі жарық сәулелерімен шашу шашып, айналаны нұрға бөлеген “Бәйтерек” тұрғындар мен қонақтар­дың саф ауамен тыныстап, демалатын орнына айналғаны астананың қонақтары мен тұрғын­дары үшін мәртебе.

2005 жылы шықса да қолымнан түспейтін бұл кітап Тәуелсіз Қазақстанның елордасы – Астананың тыныс-тіршілігі арқылы даму, өркендеу, қарышты қадам жасау, кемел келе­шекке деген сенімді арттыру, биікке ұмтылу, елге деген сүйіспеншілікті сезінудің құдірет­тілігін арттырады.

Ел Президентінің тынымсыз ізденісі, ой-толғамы, көпті жұмылдыра білетін тамаша қасиеттерімен бірге қарапайым халықпен сана­сатын кең даладай ықылас-пейілі танылатын осы тың үрдіспен жазылған құнды туынды келер ұрпаққа ізгілік нұрын құйып, жақсы істерге жетелейтініне сенімдімін.

Өмір-өзен. Адамзат ұрпағымен мың жасай­ды. Демек, “Еуразия жүрегінде” – елорданың еңселі ескерткіші ретінде тарихта өзіндік із қалдырары анық.

 

Абаттана, алға бас!

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.

Бүгінде Сарыарқа төсіндегі алып құрылыс алаңына айналған Астананың келбетіне қарап, сүйсінетіндер де, таңырқап, бас шайқайтындар да жетерлік. Сүйсінетін себебі, айналдырған 7-8 жыл бедерінде қала адам танымастай өзгеріп, ондағы жұпыны ғана тіршілік көз алдыңда құлпырған ғажап көрініске ұласты. Таңырқайтын себебі, осының бәрі минөт, сағат сайын өсіп, ай, жыл өткенде алып болып шыға келетін ертегідегідей қысқа мерзімде жүзеге асты.

Енді міне, барған сайын құлашын кеңге жайған елорда көркіне көз тойғандай көрініспен келген-кеткен жолаушы­ның бәрін тамсандырумен қатар, келешекте мұнан да көрікті, мұнан да әсем бола түсетінін дәлелдегісі кел­гендей қарқынмен ешбір тоқтаусыз алға адымдап барады.

Бұл – уақыт өлшемімен алғанда қас-қағым сәт деуге де келмейтін бір мезетте осындай қала салуды қолға алып, қолға алып қана қоймай, өз қолы өз аузына жетсе талай айшықты істерді тындыра алатынын дәлелдей түскен халқымыздың бойындағы сарқылмас қуат-күштің тәуелсіздік арқасында арна тауып, үлкен айдынға бет бұрғанының көрінісі.

Тәуелсіз еліміздің болашағын ай­қындауда Президент Н.Ә.Назарбаев жасаған осындай батыл шешімге ке­зінде күмәнмен қарағандар да болды. Әсем Алматыны, әбден қалыптасқан жайлы тұрмысты қимай, пендешілікпен күң­кілдегендер қаншама. Алайда елдің тұтастығы үшін, Қазақстанның болашаққа нық қадам жасауы үшін астананы Алматыдан ел орта­лығына көшіру идеясы бәрінен де жоғары қойылды. Бұл айтулы тарихи оқиғаны Ел­басы 2005 жылы жарық көрген “Еуразия жү­ре­гінде” атты кітабында былайша суреттейді: “1994 жылғы 6 шілдеде Парламент сессиясы­ның жалпы отырысында астананы Алматы­дан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшірудің қажеттілігін қисындық және мән-жайлық тұрғыдан негіздеп сөз сөйлегенім әлі күнге анық жадымда... Депутаттарға жаңа ас­тананы таңдау 32 өлшем бойынша жүргенін тәптіштеп айтып бердім… Жаңа астананы таңдаудың барлық өлшемінің негізінде тәуелсіз Қазақстанның әкімшілік және саяси орталығын Ақмола қаласына орналастыру нұсқасы мейлінше оңтайлы болып шыққанына тоқталдым… барлық тартысты жағдайдан кейін депутаттар мемлекеттік істе даурықпаға және шеткері қалаға көшу мәселесінде жеке бастың мүддесіне орын жоқ екендігін көрсетіп, мемлекеттік қайрат­керліктерін танытты… Жоғарғы Кеңестің Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақ­мо­ла қаласына ауыстыру туралы ұсынысына келісім берілсін, деп қабылдаған шешімі залда жарияланды”.

Елбасының тікелей мұрындық болуымен осылайша астанаға айналған елордамыз бүгінде өте серпінді дамуда. Небәрі 7-8 жыл көлемінде мұнда жаппай қарқын алған тұрғын үй құрылысын былай қойғанда, ел символы атанған Бәйтеректен бастап, қайталанбас болмыс-бітімді ондаған әсем ғимараттар бой көтерді. Олар қала көркіне көрік қосып, Астана ажарын аша түсуде.

Қала экономикасына салынатын инвес­тиция көлемі де жыл өткен сайын артып келеді.

Астананың ойдағыдай дамып келе жатқанының белгілерін оның халқының жедел өсуінен де байқауға болады. Елорданы көшіру жарияланған жылы мұнда небәрі 225 мың адам тұратын. Қазір мұндағы тұрғындардың саны 700 мыңға жуықтады.

Бүгінде көркіне көз тойғандай бас қаламыздың тәуелсіз Қазақстанның елордасы ретінде әлемнің саяси картасында берік орныққанының куәсі болып отырмыз. Ол жас мемлекетіміздің астанасы ретінде елдің мерейін өсірген мақтанышына айналғалы қашан.

Әрине, елордамыздың әсем көркіне сүйсіне отырып, оның мұнан да келісті, мұнан да әсем болуын жұрттың бәрі қалай­ды. Әсіресе, қаланы көгалдандыру көкейкесті мәселенің бірі. Бұл орайда Елбасының бастамасымен бүгінгі күнге дейін елорданың төңірегіндегі 30 мың гектар жерге ағаш егілгені қуан­тады. Келешекте Ас­тана қаласы маңын­дағы орман алқабы­ның 150 мың гектарға жеткізілетіндігі бұл істің қарқынмен жүргізіліп жатқанын аңғартса керек.

Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның жүрегі атанып отырған Аста­на­ның болашақта мұнан да көрікті бола түсетініне ешқандай шүбә жоқ. Осы орайда еліміздің бас қаласы ажарының айшықтала беруіне тілектес адамның бірі ретінде кейбір ойларымды ортаға салсам деймін.

Ең алдымен Астана тың ойлар, батыл шешімдер жүзеге асырылып, серпінді дамып келе жатқан нағыз болашақтың қаласы. Таяудағы жылдарда әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуға талпыныс жасап отырсақ, ең бірінші кезекте Астана бәсекеге лайықты осындай 30 қалалар қатарында болу керек. Ол үшін қаланы көріктендіруде бүгінгі күні атқарылып жатқан істерді еселей түсу қажет. Мәселен, көшелерді кеңейту, жолдарды жөндеу, көше бойында жаяу жүргіншілер жүретін жерлерді, саябақтарды, саяжолдарды, гүлзарларды көбейту қаланың келбетіне келбет қосатын шаралар деген ойдамын.

Сонан соң Астананың құбылмалы ауа райы жағдайында жаңбыр, қар суларының көше-көшеде көлкіп, соңы қойыртпақ батпаққа айналып, қолайсыздық туғызатын, көлік біткеннің ұсқынын кетіретін жәйттерді көріп жүрміз. Осының да бір шешімін тапқан жөн.

Және бір көңіл аударуды қажет ететін мәселе – құрылыс сапасы. Әрине, қаланың жаппай құрылыс алаңына айналғаны, Салтанат сарайы, Бейбітшілік пен татулық сарайы, Думан ойын-сауық орталығы, Цирк үйі тәрізді және басқа бірегей ғимараттардың көбейгені қуантады. Келешекте салынатын сәулет өнерінің інжу-маржандары қаланы сәнге бөлей береді деген ойдамын. Бірақ асығыстық, салғырт бақылаудың салдарынан кем-кетігі соңынан білініп, жұртшылықты әбігерге түсірген жағдайлар жиі кездеседі. Сол жағына көбірек назар аудару керек сияқты. Тіпті, Астананың мәртебесі туралы арнайы заң қабылданса да артық етпес еді деп ойлаймын.

Жалпы, Астананы абаттандыруды қала әкімшілігіне ғана қатысты іс деген сыңайда сырттай бақылаушы болған дұрыс емес. Қала мерейінің артуына әрбір тұрғын, әрбір мекеме, әрбір министрлік өз деңгейінде атсалысуға тиіс. Бұл орайда жастар атқаратын істер баршылық. Болашағымыз жастар дейтін болсақ, Астана – жастардың қаласы. Халқымыздың жас келсе – іске дейтіні тегін емес. Оның үстіне жастарымыздың көңілді демалып, сапалы білім алуына да қолайлы жағдайлар жасалуда. Елбасының қолдауымен келешекте 25 мың студент білім алатын техникалық университет салу жоспарланып, оны жүзеге асырудың қолға алына бастауы болашағымызға қамқорлықпен қараудың және бір игі көрінісі.

Тағы бір ой Астана қаласының ежелгі қазақ елінің елордасы екендігінен туындай­ды. Яғни, онда ұлттың бет-бейнесін таныта­тын нышандар менмұндалап тұруы заңды құбылыс. Бұған зиялы қауым өкілдері, жазу­шылар, ғалымдар және басқалары лайықты үлес қоса алар еді. Сол үшін де олардың Елордада көбірек шоғырланғаны жөн. Сөз орайы келгенде Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрын көрер көзге қораш қазіргі аядай үйден астана атына лайық ғимаратқа көшіру қажеттігі әлдеқашан пісіп-жетілгенін айта кеткім келеді.

Әрине, мұның бәрі алдағы уақытта атқа­рылар шаралар. Астананың дамуы Елбасы­мыздың тікелей қамқорлығы мен бақы­лауын­да. 2006 жылдың 4 мамырында Прези­дентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Астананың 2006-2010 жылдардағы әлеу­меттік-экономикалық даму бағдарламасы бекітілді. Бұл елордамыздың қарқынды дамуына, сөз жоқ, жаңа серпін береді. Сондықтан, Арқа төсіндегі әсем қаламыздың көркіне көрік қоса түссе дейтін жұртшылық тілегінің ойдағыдай орындалатынына, өнегелі де өркенді істердің жалғасын таба беретініне сенім мол. Астанамыздың бүгінгі асқақ бейнесі осыған мегзейді.

 

Асқақтау сыры неде?

 

1. Астана Арқаға қоныс аударғалы бергі 8,5 жылда қандай елеулі өзгерістерді байқай алдыңыз?

2. Елорданың абырой-беделін одан әрі асқақтата түсу үшін әлі де ескерілмей жүрген проблемалар бар деп ойлайсыз ба?

3. Астана өзіңізге, отбасыңызға қандай өнеге-тағылымымен ыстық көрінеді?

 

Секербек ЖАБЫҚБАЙ, Павлодар қалалық тілдерді дамыту және  мәдениет бөлімінің бастығы:

1. Біріншіден айта­рым, Ас­танамыздың Арқа­ға қоныс ау­дарғаны ең­селі ел болғанымызды көрсетті. Ең елеулі, үл­кен, ру­хани тәуел­сіз, ел­дікке қол жет­кізген өзге­ріс осы ғой деп ойлай­мын.

Астана десе қазір елең­де­мейтін ел жоқ, қуанбай­тын қа­зақ жоқ. Бұдан артық қандай өзге­ріс, қандай қуа­нышты айтуға болады. Целиноградтың аты кел­меске кетті. Арқа тө­сіне қанатын жайған әсем Ас­тана бұл атауды мүлдем жо­ғалтып, ен далаға өзгеріс жа­сап, қазақ елінің туын әкеліп тіккен жоқ па? Күндіз де, түнде де құлаққа естілетін бір сөз бар, ол – Ас­тана атауы, Аста­на дауысы, өзгерістердің күн сайын лек-легімен біздерге жетіп жата­тыны да сондықтан. Пав­ло­дар мен Астананың арасы мүлде жақындап кеткендей, кешке пой­ызға отырсаң, таң ата Астанаға жетесің. Мұ­ның өзі де бір ға­жайып үйле­сімділік, атқан таң­мен Астанаға же­тесің. Күнде­лікті пойыздар зулап жатады. Бұл үлкен өзге­ріс, бұрын мұндай болады, Ас­танаға бір түн ішінде жүріп, ертесіне жетіп барамыз деп ойлаған да жоқпыз.

2. Елордаға керегі де, әлі де жетпей жататыны да – біз­дің қазақ тіліміз, қазақ үніміз. Аста­надағы мәжілістерде, отырыс­тарда министрлер болсын, депутат­тар болсын қазақ тілінде сөйлесе, бұл өзге облыстардағы басшыларға да үлгі-өнеге болар ма еді? Астана қа­зақша сөйлеп тұр­са, қалған облыс­тар да елордаға қарап бой түзер, ой түзер еді. Екін­шісі, жолдары оқтаудай түзу, таза, көркем болып ілінген жар­намалық жазулар да елге, жерімізге, тілімізге деген жылы­лық шашып тұратын мағынада, мәтінде жазылған болуы әбден керек.

3. Биыл, міне, осы жа­қында ға­на кіші қызым Ақнұр мектеп бітірді. Емтихандарын жақсы тапсырды. Тестілеу жүйесінен жоғары балл жинады. Іссапар­мен барып қайт­қанымда Астананың құлпырып, жайнап өсіп келе жатқаны жайлы ылғи айтып келетінмін. Сонда қызым “Әке, дәл Алматы сияқты әдемі қала болатын шығар, иә” деп мені өзімен бірге мақұлдатып алады. Қыдырып барған сайын әсем жер­лерінде суретке түсетін. Енді міне, жолы болып, бағы жанды, Астана­дағы Еуразия ұлттық уни­верси­тетінің студенті атанатын күн де алыс емес деп ойлаймын. Қызымыз Астанада оқитын бол­ған соң, әрине, ол жердің біздің отбасымызға одан әрмен ыстық, әрі жақын болып кететіні де сөзсіз ғой.

 

Павлодар.

* * *

Қайрат ЕСҚОЖИН, жерге орналастыру мемлекеттік  ғылыми-өндірістік кәсіпорны жергілікті филиалының жетекші инженері.

1. Өзгерістер өте көп. Ең бас­тысы, бас қаламыз кез келген елдің астанасымен бой таластыра ала­тын дәрежеге жетті. Сосын Арқа­ның қақ төріне қоныс аударғалы шеткері аймақтармен автомобиль, темір жол қатынасы түзеліп қалды. Еуразиялық сәулет өнерін тоғыс­тырған мемлекет астанасын салу арқылы жаңа саяси ландшафт пай­да болды. Елбасымыздың “Еуразия жүрегінде” кітабында “ерекше сәулеттік ландшафты бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған”, – деп сипаттайтын әсем астанамыз кеңістік-аумақтық ұлғаюымен де көз сүріндіреді.

2. Аз ғана уақыттың ішінде барлық мәселені шешіп тастау қиын, мүмкін де емес. Соншалықты кедергілер мен проблемаларды көріп те тұрған жоқпын. Десек те, мынандай тілегім бар. Эстетикалық және практикалық жағынан барлық жайттар ойластырылғанымен, қа­ланың бүгінгі құрылымы мен архи­тектуралық бет-бейнесіне ұлттық нышандарды енгізуді жете ескерген жөн. Оның өзі кешенді түрде қамтылуы тиіс. Кейде маған қала тым еуропашыл ыңғайда салынып жатқандай әсер қалдырады. Екінші айтарым, өзеннің қос қапталын бойлай созылған құрылыс барысында қоршаған ортаға, экологияға, Есілдің ластануына зиянын тигізбеу жағын қарастырған абзал.

3. Әлем жұртшылығына “Аста­намыз мынау” деп мақтана алатын болсақ, шеттен келген қонақтар “пай-пай, Сарыарқаның төсіне қонған қазақтың бас қаласы-ай”, – деп тамсана қараса, нағыз өнеге-тағылым осы болар еді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы.

* * *

Құрал ӘБІЛДИН, әскерилендірілген темір жол күзетінің қызметкері.

1. Менің балаларым Астананың іргесіндегі ауылда тұратындықтан, ол жаққа жолым жиі түседі. Барған сайын қаланың күннен күнгі ғажайып өзгерісі сүйсіндіріп, таң қалдырады. Кейде бұрын болған жерлерді танымай қалатыным бар. Ескі үйлер мен бос орындарға бой түзей қалған зәулім ғимараттарды көресің. Құрылыстың мұндайлық жылдам қарқыны мақтанышқа бөлейді. Ел күш-қабілетін айғақтар мұндай көрініс бас шаһарымыздың қай тұсынан да танылып жатады. Небәрі сегіз жыл ішінде кешегі шағын Ақмоланың алып та әсем қалаға айналуы, ең алдымен, жас мемлекетіміз өсіп-өркендеуінің құлашы кеңге сермелгенін паш етеді.

Маған сән-салтанаты асқан, сәулеттік түр-тұрпаты көздің жауын алған ғимараттармен қа­тар, тұрмысқа аса қолайлы, іші кірсе шыққысыз тұрғын үйлердің көптеп салынуы ұнайды. Сонымен бірге елорданың жасыл желекке молынан малына бастауы көңіл өсіреді. Әсіресе, айналасын қоршай ораған орман-тоғай ауқымын ке­ңейту өте орынды іс-шара деп са­наймын. Мұның да қала көркін жа­растыруға, ауасы таза, тынысы кең болуына әсер етпектігі қуантады.

Осындай аз уақытта Астана­ның әлемдегі әсем қаланың біріне айналуы, жасыратыны жоқ, көбі­міз­ге күні кеше сенгісіздей еді. Шындықты көзіміз көріп, тікелей куәгер болып отырмыз. Қарасақ, қандай да күрделі міндетті іске асыру қолымыздан келеді екен.

2. Әрине, бәрі бірден жүргізіліп жатқандықтан шығар, меніңше әзірге қол жетіп, тимей жүрген істер аз емес сияқты. Соның ішінде қала көшелерін кеңейту қажетті­гіне назар аудартар едім. Мәселен, байқаймыз, қазір Астана жеңіл көліктер ағынынан аяқ алып жүр­гі­сіз. Оларға арналған жол­дар да нашар. Сондықтан алда­ғы уақытта бұл мәселені бірінші кезектегі күн тәртібіне қойған жөн секілді. Жаңа және ескі бөлігі арасындағы қатынастың іркіліссіздігін қамтамасыз ету үшін бәлки, аспалы көпірлер не­ме­се жолдар салу керек пе деймін.

3. Мен өзім, отбасым да туған ортадан алысқа шығып көрмеген жандармыз. Жайнап, жарқыраған әлемге әйгілі қала­лар бейнесін теледидардан ғана көріп қаламыз. Астанаға барға­нымызда сондай шаһар алды­мыздан шыға келгендей болады. Мұны көргенде, әсіресе, бала­ларымның аузы ашылып, басқа дүниеге тап болғандай күй кешеді. Алға озған заманның алдындағы қала армандарына қанат бітіріп, бойларына қуат құяды. Маған бұл ретте Астана ұмтылысты жанып, талапты ұшқындатушы ордадай болып көрінеді.

Қазір біздің Қарағанды да іргесіндегі бас шаһардай үлкен өзгерістер үстінде. Сондағыша құрылысты қарқынды жүргізу, осы заман талап-талғамына сай ғимараттар тұрғызу көрші қала үлгісі. Өзімен бірге өзгені өсірген Астана өнегесінің ұшқыны бұл!

 

Қарағанды.

 

     
 

Туризм көкжиегі

Бүгіні мен ертеңі қалай болмақ?

 

Айжан ЖҰМАБАЕВА, журналист.

Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауында басымдық берілген саланың қатарында ту­ризмді дамытуға жоғары талап қойылған болатын. Соны негізгі бағыт етіп алған Астана қалалық әкімдігі сырт­тан келер мейман­дар мен отандастарымыздың да сергіп демалар орталықтарының бірқа­та­рын жүзеге асыруда. Бұл ту­ралы елордалық журналистер­мен кездесу барысында Астана қала­сы әкімінің орынбасары Ма­рат Толыбаев айта отырып, ту­ристер­дің назарын аударатын жаңа құ­рылыс нысандарының бірқатары­на да тоқталды. ТМД елдерінде тұңғыш рет еліміздің бас қаласы­ның мәртебесін асқақ­татар 40 қабатты тұрғын үй са­лын­бақ. Әлеу­меттік-экономика­лық сала­ның ортан белінен ойып тұрып орын алар туризмді дамы­ту ар­қылы көптеген елдердің бюд­же­тіне қомақты қаржы құйы­лып жататыны рас. Сондықтан, ту­ризмді дамыту арқылы да бюд­жетті толықтыру көзі де қарас­тырылған.

Еуразия кіндігі аталған қала­мыз соңғы екі жылдан бері бей­бітшілікті насихаттаған, әлемдік діндердің арасында татулық пен ымырашылдықты насихаттаған орталыққа да айналып отыр. Ха­лықаралық баспасөз орталығында өткен журналистермен кездесуінде еліміздің бас муфтийі Әбсаттар қажы Дербісәлі де бұл тақырыпқа тоқталып өткен болатын-ды. Барша әлем діндарларының басын бір жерге шоғырламақ “Әлемдік діндер құрылтайы” аясында британдық танымал сәулетші лорд Фостердің бірегей пирамидасы – “Бейбітші­лік және келісім сарайы” құрылы­сы қарқынды жүргізілуде. Биылғы құрылтайдың өту барысын бағамда­ған комиссия бұл орайда кешенді бағ­дарлама негізінде жұмыс жасауда.

Әңгіменің әлқиссасында айтыл­ған туризмді дамыту бағдарламасын саралап көрсек, оның ішкі айна­лымын кеңейту арқылы түсер пай­да көзі де қарастырылған. Қалалық әкімдіктің пайымдауынша, ішкі туризмнің дамуына елордада кең жол ашылған.

Алтай мен Атырау, Жетісу мен ұлы Абай даласының арасын жайлаған қазақстандықтар еліміздің жүрегі елордасына ат басын тіреген жағдайда жаңадан тұсау көтерген нысандарды аралап көре алады. Тың бастаманың қатарында жалпы аумағында төрт бірдей кинозал мен супермаркет орналасқан мульти­плекс Астана Мега орталығының тұсаукесер күні де таяу. Қарқынды дамыған ірі құрылыс алаңына айналған қаламыздағы мәдени орталықтарды  аралап шығу үшін бір күн аздық етері сөзсіз. Қазақ халқының ұлттық ою-нақыш­тары­мен көмкерілген қолөнер туынды­ларын сатып алуға жалпы алаңы 300 шаршы метрден асып жығы­латын “Шежіре” көрмесі де мүм­кін­дік береді. Ақжарқын, мейман­дос қазақ елінің өткен тарихы ту­ралы сыр шертер тарихи жәдігерле­ріміздің басы бір жерге шоғырлан­ған Президенттік мәдениет орта­лығы да бүгіндері қарақұрым ел жиналар рухани ордаға айналып отыр.

Ішкі туризм дегенде, әрине, Са­ры­арқаның сары шұнақ аязындағы демалыс қалай болар екен деген пікір де белең алады. Сақылдаған сары аязда төрт қабырғаға қамалып меймандарымыз қаңтарылып қал­ма­сын десеңіз, бұл шара да жергі­лікті атқару билігінің назарынан тыс қалмаған. Өткен жылы Ақ­бұлақ жылғасынан қалалықтар мен елорда қонақтарының сүйікті де­малыс орнына айналған мұз айды­ны ұйымдастырылған. “Жерұйық” саябағы жанында өз жұмысын жандандырып отырған шаңғы тебу базасы да соңғы үш жылдан бері елордалықтар көп жиналатын орта­лыққа айналып үлгерді.

Жазда Есіл өзенінде туристік кеме қатынасын ұйымдастыру жө­нінде жұмыстар басталған. Елорда­лықтар мен қала меймандарының жазғы демалысын мәнді де көңілді өткізуі үшін арнайы жабдықталған кемемен серуендеуге және қаланы Есіл өзенінен тамашалауға мүмкін­дік те қарастырылған.

Астана қаласы бойынша сырт­тан келу туризмі құрылымында іскерлік туризм үлкен орын алады. Сонымен қатар, елордаға келуге ынта білдірген шетелдік туристер­дің де бос отырмасы хақ. Мұндай сұраным негізінде шетелдік турис­терді қызықтыра алатын емдік, мемориалдық, аңшылық және эко­логиялық туризмді атап өтуге болады.

Емдік туризм Астана қаласында жаңадан қалыптасып келе жатқан медициналық кластерге тікелей бай­ланысты. Емдеудің жоғарғы сапалығы және салыстырмалы түрдегі төменгі бағасы, жергілікті емдеу мекемелерін біздің бұрынғы отандастарымыздың арасында үлкен сұранысқа ие болуына ықпал етуі мүмкін. Мемориалдық туризм кезінде Қазақстанға жер аударыл­ған және репрессияға ұшыраған халықтар ұрпақтарының туыс­қандарының бейіттеріне тағзым етуге келуіне байланысты. Аңшы­лық және экологиялық туризм жайына тоқталсақ, Астана оларға халықаралық айлақ рөлін атқара алатын қала төңірегіндегі ерекше табиғи кешендерді тамашалауға бағытталған жұмыстарды қосып айтуға болады.

Бұдан әрі Астанада туризмнің дамуы болашағын қала әкімдігі мен туристік компаниялардың туристік инфрақұрылымды дамыту мәселе­ле­рін шешуге күш салуларын үйлестіру тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік емес ұйымдарды тар­тумен де байланыстыруға болады.

Туризмді дамыту саласында қала басшылығының дәйекті жұ­мысын жүйелендіру үшін 2005 жыл­дың қараша айында Туристік саланы дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды. Оны қаржыланды­руға 2006 жылы 45 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 есе артық.

Астана қаласы әкімдігінің бұл бағдарламасына назар аударсақ, туризмді дамыту арқылы елор­даның мәртебесін асқақтатуға болатындығына көз жете түседі.

 

Разылық

 

Табыл ҚҰЛИЯС, жазушы.

Татарстан депутаты, Жазу­шылар одағының басшысы Туфан Миннуллин аман-саулықтан кейін:

– Астана сәулеттеніп, өсіп жатыр деп қуанамыз. Менің досым Шерхан Мұртазаның денсаулығы қалай? – деді. – Қазақ елінің табыстарына қуанамыз, ежелден тілегіміз, ниетіміз бір. Төсекте бас, жайлауда мал қосылған елміз ғой. Биыл татар жазушысы Ғ.Тоқайдың 120 жылдығы, оның өмірі, шығар­машылығы қазақ жерімен, хал­қымен сабақтас қой. Ресейде Абай жылы, қаламыздағы оқу орында­рында, өндіріс, шаруашылық мекемелерінде Абайды насихат­таймыз.

Ол сәл үнсіздіктен соң әңгі­месін жалғастырды:

– Қаламызда Қазақ елінің “ТұранӘлемБанкінің” филиалы ашылды. Біраз қазақ Қазанда еңбек етеді. Олардың ұлттық мәдени орталықтары бар. Оны авиация өндірісінің үлкен ғалымы Сағит Жақсыбаев басқарады. Танысқан шығарсыз, Астананың өсіп, өрлеуінің қуанышты хабарын Сағит бізге мақтана жеткізіп тұрады.

– Өткен жылы балаларымды ертіп туған жерім Жезқазған өңіріндегі ата-баба қонысын аралатып, Астананы көрсетіп қайттым. Балаларым қала сәулетіне қатты қуанып келді, – деді қа­сымыздағы Сағит әңгімеге ортақтасып.

– Сағиттың Қазан экономика­сына, авиация өндірісіне енгізген талай жаңалықтарын мақтан етеміз, – деп Туфан ол туралы байыпты әңгіме өрбітпек болып еді, бірақ мақтан сүймейтін ол сөзге өзі араласты:

– Осында жиырмаға тарта қазақ елінің азаматтары, ғылым кандидаттары, доктор, профессор­лар бар. Бәріміз бас қосқанда Қазақстанның әлемдік биікке талпынысына риза боламыз, – деді Сағит. – Қазанда дала даналары­ның біразы білім алған. Оның қазақ ұлтының алғырлығы мен еңбекқорлығын, адамгершілігін талайға танытқаны тарихтан белгілі ғой. Қазірде де Қазандағы жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастары аз емес.

Міне, бір сәт ауызекі шүйір­келесуде тілектестеріміздің Аста­наға, жалпы қазақ еліне деген ризашылық пікірі біздің жүрегімізді еліте түскен еді.

Астана – Қазан.

(жалғасы)



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат