Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-07-19:

“Үлкен сегіздіктің” Санкт-Петербургтегі саммиті

 

 

 

Атом энергетикасы:  Иранға айтар кеңесім

Нұрсұлтан Назарбаев, “Le Monde”, Франция

 

Бүкіл әлем КХДР-дың үлкен радиуста әрекет ететін зымырандарын ұшыруына және Иранның ниетіне байланысты алаң­дап отырғанда, мен өзімнің жеке тәжі­ри­беммен бөліскім келеді. Менің елім, Қазақ­стан, тәуелсіздік алған сәттен бастап ядролық қарудан ада мемлекет болуды және өзінің аумағында тұрған ядролық материалдарды – бізге бұрынғы кезеңнен қалған ауыр мұраны жоюды жақтады. Бейбітшілік пен тұрақтылыққа табанды ұмтылыстың арқасында біз бұл пробле­маларды ойдағыдай еңсерген сияқтымыз.

Маған саяси коңюнктурадан туын­дамаған күрделі шешімдерді қабылдауға тура келді. Бірінші кезекте іс өмірлік маңызды мәселелерге қатысты болды. Біздің жерімізде ядролық жынды әбден-ақ сынақтан өткізген болатын. Қырық жылдың ішінде Семейдегі полигонда 752 ядролық жарылыс: 26-сы атмосферада, 78-і жерде, қалғаны – жер астында жа­салған. Жарты миллион дерлік адамдар яд­ролық қарудың осынау сынағынан тіке­лей немесе жанама түрде зардап шекті. Жүз мыңдаған гектар жер әлі күнге дейін егістік үшін жарамсыз болып қалуда.

Нақ сондықтан да, Қазақстанның Пре­зиденті болғаннан кейін, мен бірінші ке­зекте сынақтарға мораторий жарияла­дым. 1991 жылғы 29 тамызда мен ел аума­ғында ядролық қарудың кез келген сы­нағын жүргізуге тыйым салатын жарлық­қа қол қойдым. Семейдегі полигонның тағдыры бізді толғандырған бірден-бір мәселе емес еді.

1991 жылғы желтоқсанда кеңестік алып держава ыдырап түсіп, Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығы құрылған кезде тәуелсіз мемлекеттердің иелігінде қалған кеңестік ядролық арсеналмен не істейміз деген мәселе туындады. Қазақстанға орасан зор ядролық әлеует – өзінің қуаты жағынан әлемдегі төртінші әлеует мұраға қалды. Біз осы проблемаға деген өрке­ниетті көзқарасты басшылыққа ала оты­рып, таңдау жасауға тиіс едік. Біздің елі­міз өзі пайда болған алғашқы күннен бас­тап бейбітшілік қағидаттарын жақтайты­нын мәлімдеді. Ұлы держава ретінде Ресей ғана бұрынғы осынау ядролық кешенге иелік етіп, нақты басқаруға үміткер бола алатын.

Бірақ та біздің ұлттық қауіпсіздігіміз туралы мәселе, бәлкім, қазір Иранның алдында тұрғандай аса өткір қойылған еді. Сол кезде мен көп жақты және көп деңгейлі келіссөздер үдерісін бастадым, ол негізгі ядролық державалардан бізге қауіпсіздік кепілдігін алуға көмектесті: бұл державалар, егер Қазақстан шабуылға ұшырайтын жағдайда оған тойтарыс беру және біздің еліміздің аумақтық тұтастығын сақтау жөнінде шұғыл шаралар қолдануға, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін төтенше шақыруды талап етуге міндеттенді.

Сізге айтуға тиіспін, ядролық қарусыз держава мәртебесі ядролық қарусыздану, тұрақтылық, бүкіл дүние жүзіндегі бейбітшілік және жаһандық қауіпсіздік жолындағы күресте біздің ұстанымымызды күшейте түсті. Осылайша ядролық қарудан бас тарту біздің экономикалық және саяси дамуымыздың, біздің ішкі тұрақтылығымыздың маңызды факторына айналды.

Ядролық та, сондай-ақ жай да жаппай қырып-жою қаруы болуының өзі жаһандық немесе өңірлік қауіпсіздік проблемасын шешудің құралы бола алмайды. Маған көптеген мәселелерге қатысты әлемдік қоғамдастық әлі де болса өзінің ескі тұжырымдарынан айырыла алмай жүргендей көрінеді. Нақ сондықтан да қазіргі ахуалда парадокстар, жеткізе айтпаушылық пен жартылай шаралар жетіп артылады. Бүгінде энергетикалық тұрақтылықтың ескірген тұжырымдамасын ұстану мүмкін емес. Ядролық қаруды қолдану, сол секілді мемлекетаралық соғыстарды толық тоқтату жәйтінің мүмкіндігі жоқтың қасы екенін назарда ұстау керек, алдымызға лаңкестік қатерін жою мақсатын қою керек. Қазіргі кезде ядролық державалар клубына жататын елдердің бір де бірі ядролық қарудан толық бас тартудың бекем тілегін білдірмейді және осы мәселе бойынша келіссөз бастауды ұсынбайды. Нақты жағдайға тура қарайтын уақыт жетті. Ядролық державалар клубын, әсіресе оның жария емес немесе жартылай жария мүшелеріне қатысты кеңейтудің салдарын барынша азайту керек.

Меніңше, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін біз толық ядролық қарусыздану жолымен жүруге тиіспіз, кез келген басқа жаппай қырып-жою қаруы секілді бұл қару да адамзатқа тікелей қатер туғызатынын ескере отырып, жүруге тиіспіз. Алайда мұнда басқа проблема туындайды: біздің бәріміз үшін энергия өндірудің баламалы көздерін пайдалану туралы және жаһандық энергетикалық қауіпсіздік туралы ойланатын уақыт жетті. Бейбіт атомды пайдалануға ұмтылатын мемлекеттердің жолына тосқауыл қоюға ешқандай негіз жоқ. Атом электр стансалары бар немесе оларды салуды жоспарлаған басқа елдер секілді Иранның да ғылыми-техникалық зерттеулерді жүзеге асыру, өз АЭС-терінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде жетілу, отын мен қалдықтарға байланысты проблемалар туралы ойлану мүмкіндігі болуы тиіс. Бұл қызмет мөлдір және халықаралық қоғамдастықтың оны бақылау мүмкіндігі болуы тиіс.

Әңгіме ядролық қару мен технологияларға, сондай-ақ ыдырайтын материалдарды әскери мақсаттарда пайдалануға жол бермеу үшін бейбіт атом саласындағы кез келген қызметке қатысты бүкіл проблемалар кешенін бақылау жүйесін жетілдіру туралы болып отыр. МАГАТЭ аясында, мәселен, атом электр стансалары үшін отын жеткізуді қамтамасыз ететін және қалдықтарды сақтау мен өңдеуді басқаратын ұйым құру жөнінде ойласу әбден қисынды болып көрінеді. Осылайша, әскери мақсаттағы ядролық оқтұмсықтар жасау үшін қажет шикізаттың сыртқа кетпеуін бақылауға болады. Бұл үшін саяси, коммерциялық және қаржылық сипаттағы мәселелерді шешу қажет болатыны анық.

“Үлкен сегіздікке” маңызды рөл, атап айтқанда, стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту ісінде маңызды рөл атқару керек болады. 2002 жылы жасасылған СШҚ шартының мерзімі 2012 жылы аяқталады. Бұл мәселе алдағы саммит кезінде (шілденің 15-інен 17-сіне дейін Санкт-Петербургте) жеке талқылаудың тақырыбы бола алар еді. Мүмкін менің ұсыныстарым нақтылықтан алыс болып көрінер. Бірақ та, солай болса-дағы, осы бағытта ілгерілеу керек. Іс жүзінде ядролық қатер және ядролық қарудың таралуы халықаралық қатынастардың, экономиканың, ғылым мен техниканың ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан осы ахуалды еңсергенде ғана біз ядролық қалдықтар секілді ол туындататын қауіпті жанама өнімдерден арылып, ядролық қауіпсіздіктің жаһандық және өзекті проблемаларын шешу жолымен алға қадам жасар едік.

  

Қазақстан бүгін Ресей мен АҚШ пре­зиденттері Владимир Путин мен Джордж Буш Санкт-Петербургтегі кездесуде ұсынған ядролық лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі бастаманы құптайды, деп мәлімдеді Қазақстан СІМ-інің өкілдері. “Ресей-Америка бастамасына қолдау білдіру біздің еліміздің халықаралық қауіпсіздікті нығайтуды және әлемдік қоғамдастықтың лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі ұжымдық күш-жігерін нық жақтайтынын қуаттайды”, – деп атап көрсетті Қазақстан СІМ-і.

ММУ ақпараттық-талдамалық орталы­ғы­­ның сарапшысы Алексей Власов атап өткеніндей, Қазақстан басшысы саммит қарсаңында әлемдік қоғамдастықта бейбіт атомды пайдалануға ұмтылатын мемле­кет­тердің жолына тосқауыл қоюға ешқан­дай негіз жоқ екенін, сондықтан атом электр стансалары бар немесе оларды салуды жоспарлаған басқа елдер секілді Иранның ғылыми-техникалық зерттеу­лер­ді жүзеге асыру, өз АЭС-терінің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселесінде жетілу жөнінде мүмкіндігі болуы тиіс екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қоғамдастықтың Иранды күш қолдану үшін нысана ретінде қарас­тыруға құқығы жоқ екенін, керісінше қоғамдастық бұл елге мүмкін болатын барлық бейбіт кепілдіктер беруі тиісті­лігін, осындай көзқарас Солтүстік Корея­ға да қатысты қолданылуы керектігін атап көрсетті. Алексей Власовтың пікірінше, Қазақстан басшылығының осындай қағи­даттық мәселелер бойынша тәуелсіз ұста­нымы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық­аралық аренада дербес ойыншыға айналу ұмтылысын тағы бір рет дәлелдеп берді.

 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық дамыған “Үлкен сегіздік” елдерінің Санкт-Петербургтегі саммитіне қатысады.

Журналистерге берген сұхбатында Президент Н.Назарбаев былай деді: “ТМД Төрағасы және энергия ресурста­рының мол қорына ие ел ретінде Қазақ­стан “Үлкен сегіздіктің” Санкт-Петер­бургтегі саммитіне қатысуға шақырылды”.

Қазақстан бұрынғы кеңестік респуб­ликалар тобын біріктіретін Тәуелсіз Мемле­кеттер Достастығындағы төраға­лықты мамырдың басында қабылдап алды. Бұл ел экономикалық реформалар жүргізуде және соның нәтижесі ретінде ТМД елдерінің арасында экономикалық өсу қарқыны бойынша көшбасшы болып табылады. Соңғы жеті жылдың ішінде Қазақстан экономикасы 75%-ға өсті және қазақстандық компаниялар бүкіл ТМД-ның кеңістігінде, әсіресе Қырғызстанда, Грузия мен Ресейде қауырт инвести­циялауды бастады.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселелері “Үлкен сегіздіктегі” Ресей төрағалығының басты тақырыбы болды. 100 миллиард баррель мұнай және 200 миллиард текше фут табиғи газ деп бағаланған қорға ие және күн сайын миллион баррель экс­порт­тайтын Қазақстан энергия ресурс­тарының жаһандық рыногында шешуші ойыншылардың біріне айналып келеді.

Қазақстанда уранның мол қоры, әлемдегі ең үлкен қоры бар, бұл қор әлемді атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану идеясына қайтару тұрғысында да маңызды.

 

ГФР Қазақстанның 2009 жылы ЕҚЫҰ-ға төраға болу ниетіне қолдау біл­діреді. Бұл туралы 14 шілдеде Астанадағы брифингте ГФР-дың сыртқы істер статс-министрі Гернот Эрлер мәлімдеді.

ГФР ЕО-ның болашақ төрағасы ретінде 2007 жылдың бірінші жартысында бекітілуге тиіс даму стратегиясын талдап жасауға шешім қабылдады. “Үлкен сегіздік” саммитінің қарсаңындағы мұндай мәлімдеме осынау ықпалды халықаралық ұйымды басқарудан үміткер мемлекет ретінде Қазақстанның пози­циясын әлдеқайда нығайта түседі.

* * *

Қазақстан Республикасы Ресей мен АҚШ президенттері 2006 жылғы 15 шіл­деде Санкт-Петербургте G8 отырысында ұсынған ядролық лаңкестік әрекеттерімен күрес жөніндегі бастаманы құптайды. Ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарт­қан Қазақстан бұл бастаманы халық­аралық лаңкестікке қарсы тұру жөніндегі жаңа тиімді қадам ретінде қарастырады.

Ресей Федерациясы мен Америка Құрама Штаттарының бастамасы әлемдік қоғамдастықтың ядролық қару компо­нент­терінің лаңкестер қолына тиюіне жол бермеу жөніндегі өзара ықпалдастығын күшейтуге бағытталып, таратпаудың қазіргі бар режімдерін нығайтудың маңызды элементіне айналады.

Ресей-Американ бастамасына қолдау білдіру Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайтуды және әлемдік қоғамдастықтың лаңкестікке қарсы күресіндегі ұжымдық күш-жігерді нық жақтайтынын қуаттайды.

 

“Үлкен сегіздік” елдері басшылары­ның, шақырылған мемлекеттер лидерлері мен халықаралық ұйымдар жетекші­лерінің бірлескен жұмыс отырысының аясында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ Президенті Джордж Бушпен, ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаомен және ГФР Канцлері Ангела Меркельмен екі жақты кездесулері болып өтті.

“Тренд” хабарлағанындай, әлемдегі ірі мемлекеттердің жетекшілері саммиттің энергетикалық уағдаластықтарының негізгі қағидаларын іс жүзіне асырудағы Қазақстанның маңызды рөлін және бұл елдің өңірде бейбітшілік сақтаудағы ұстанымының маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ келіссөздер барысында мүдделі тараптар екі жақты ынтымақ­тастық мәселелерінің кең ауқымын қарастырды. Атап айтқанда, мемлекет­тердің лидерлері сауда-экономикалық өзара ықпалдастықты дамыту мүмкін­діктерін талқылады.

 

G8 саммитінің барысындағы көптеген интервьюлер мен брифингтерде Батыс елдерінің жетекшілері Қазақстанды бағалағанда АҚШ Вице-президенті Дик Чейнидің Астанада осы жылдың мамырында айтқан пікірлерін еске сала отырып, елдегі демократия деңгейінің “елеулі ілгерілегеніне” назар аударды.

 

Саясатты энергетикалық қажеттілік арнасында құрған Дж.Буш Қазақстан туралы бірқатар оң пікірлер айтып, Назарбаевтың сыртқы саяси бағытының “айқын жетістіктерін” атап өтті. АҚШ тұрлаулы мұнай жеткізілуін жасау үшін қағидаттық тұрғыда маңызы бар өңірде берік позицияда тұр. Қазақстан пост­кеңестік кеңістікте Ресейден кейінгі екін­ші мұнай өндіруші болып табылады. Елде тәулігіне 1 млн. баррельге дейін өндірі­леді. МАГАТЭ-нің мәліметтеріне сәйкес, келесі 10 жылдың ішінде Қазақстанда мұнай өндірудің кем дегенде үш есе ұлғаюы күтіліп отыр.

 

Қазақстан туралы айтқанда Президент Назарбаевтың кезінде орталықазиялық бұл республика экономикалық тұрғыда Өзбекстаннан көп алға кеткенін және бұл өндірілетін көмірсутегі ресурстарының мол көлеміне ғана байланысты еместігін атап өткен жөн. Қазақстан Ресей мен Ба­тыстың арасында мүдделер тепе-теңдігін шеберлікпен сақтап отыр, оның салыс­тырмалы түрде айтқанда ашық эконо­микасы бар және өңірде батыс инвес­ти­цияларының елеулі бөлігін тартып отыр.

 

Владимир Путин Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Үлкен сегіздік” саммитіне ТМД Төрағасы ретінде қатысуы пайдалы болатынына сенімді, өйткені талқыланып жатқан барлық мәселелер Достастық елдері үшін де қызығушылық туғызады.

“Сіз айтатын жәйттер бар екеніне сенімдімін”, деді Ресей Президенті Назарбаевпен кездесуде.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті оның елі бірнеше жылдан кейін әлемнің газ экспорттайтын аса ірі жеті елінің қа­тарына қосылатынына сенімділік білдірді.

 

“Үлкен сегіздік” саммитінің алдында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев G8 әлеуетін жоғары бағалай­тыны туралы мәлімдеме жасады.

“Ресей осынау беделді форумға алғаш рет жетекшілік жасап отыр, алайда Ресей төрағалығының күн тәртібі осы заманғы дүниенің нақтылығы мен сынақтарына сай келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Прагматизм, өзектілік, кешендік сипат және нақты нәтижелерге бағдарланушылық – әлемнің жетекші державалары лидерлерінің талқылауы үшін таңдап алынған басымдықтарды біз нақ осылай сипаттаймыз. Ресей бүгінде дүние жүзіндегі өзінің позициясын, планетаның тұрақтылығына, тұрлаулы дамуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосуға қабілетті елдің позициясын қалпына келтіруде. Сондықтан төрағалық идеологиясы Ресейдің өзекті әлемдік проблемаларды шешуге қатысу мүмкін­дігін ескере отырып, талдап жасалғаны заңды болып көрінеді. Зор энергетикалық және ресурстық базасы бар мемлекет болып табылатын Ресей жаһандық энергетикалық рыноктардың мөлдірлігін, болжамдылығын және тұрлаулығын арттыру мақсатында энергетикалық қауіпсіздіктің жаһандық проблемаларын талқылау бастамасын көтерді. Бұл мәселелер өндірушілер мен тұтынушылар, сондай-ақ транзиттік мемлекеттер үшін бірдей деңгейде өзекті”, – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев G8 саммитінің күн тәртібіне түсініктеме бергенде.

“Сегіздік” форматын кеңейту үшін негіз жоқ болса да кейбір бақылаушылар мен сарапшыларда ҚР әлемнің жетекші мемлекеттері лидерлерінің жабық клу­бына өтудің нақты кандидатына айналды деген күмән пайда болды. Сонымен қатар жұмыс кездесулері қарсаңында Ресей мен Батыс басшылары Нұрсұлтан Назарбаев саясатына берген оң бағалары туралы мәлімдеді.

 

Ресей Президенті Владимир Путин “Сегіздік тобының” бастамаларына “сегіздікке” кірмейтін, әсіресе жедел дамып келе жатқан индустрияланушы мемлекеттерді тарту қағидаттық тұрғыда маңызды” деп санайтынын мәлімдеді.

Осы жолғы саммитке қатысу үшін Қытайдың, Үндістанның, Бразилияның, ОАР мен Мексиканың лидерлері және ТМД Төрағасы ретінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев шақырылды.

Бұған дейін де болған бұл шақырулар аталған елдердің халықаралық саясаттағы өскелең рөлін танытады.

Былтырғы жылы-ақ АҚШ қаржы министрінің халықаралық проблемалар бойынша орынбасары Тим Адамс “Үлкен сегіздік” өз пікірталастарына дамушы мемлекеттердің толыққанды қатысуына әзірленуді бастауы тиіс деп мәлімдеген болатын.

Торонто университетінің “Үлкен сегіздік” қызметін зерттеумен айналыса­тын профессоры Джон Киртон “Үлкен сегіздік” мүшелігінен кез келген әлеуетті үміткер демократиялық, сондай-ақ эконо­микалық тұрғыда қуатты, халықаралық саясатқа деген жауапты көзқарасқа және осы үшін қажетті ресурстарға ие мемлекет болуы тиіс екенін атап өткен.

Сондықтан барлық шолушылар “Үлкен сегіздікке” кіруден әлеуетті үміткерлер төзімді болуы тиістілігімен келіседі.

 

Үндістанның Премьер-министрі Манмохан Сингх Қазақстанға мұнай-газ саласында бірлескен кәсіпорын құруды ұсынды.

“Новости” РАА-ның ақпараты бойынша, М.Сингх Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде былай деп атап өткен: “Біз мұнай-газ секторын дамытуға және кен орындарын барлауға қуана-қуана қатысар едік… Біз Қазақстан мен Үндістанда осындай секторларды дамыту үшін бірлескен кәсіпорындар құра алар едік”.

М.Сингх өзінің досы деп атаған “Міttal Steel” басшысы Лакшми Мит­талдың сөзіне сілтеме жасай отырып, Үндіс­тан Премьер-министрі бұл компа­ния Қазақстандағы жобаларға мүдделі екенін хабарлады. “Оның сіздердің елмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін өте зор мүмкіндіктері бар”, – деді ол.

 

Үндістанның Премьер-министрі Манмохан Сингх Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен дүйсенбіде Санкт-Петербургте өтіп жатқан “Үлкен сегіздік” саммитінің кезінде кездесті.

Ресми дереккөздерден белгілі болға­нындай, екі елдің лидерлері өзара мүдде­лестік туғызатын екі жақты, өңірлік және халықаралық ынтымақтастық мәселеле­рінің кең ауқымы бойынша пікір алмасты.

Энергетика және энергетикалық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелері де кездесу кезінде талқыланды. Н.Назарбаев мырза доктор Сингхке “Қазақстанға салынған инвестициялар өте табысты болып табылатынын” айтты.

 

Ресей мен Қазақстан алдағы кезде де Қарашығанақ кен орнының газын өңдеу және өткізу саласында белсенді ынтымақ­тасатын болады. Екі елдің басшылары осы салада ұзақ мерзімді ынтымақтас­тықты дамыту туралы Бірлескен деклара­цияға қол қойды.

Келісімге Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев Стрельнадағы Константин сарайында қол қойды.

“Бұл құжат – “сегіздік” саммитіндегі та­қырыптардың біріне айналған халық­аралық энергия қауіпсіздігіне біздің үлесіміз”, – деді қол қойғаннан кейін Владимир Путин.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресеймен ынтымақтастық туралы Бірлескен декларацияға қол қойылуына түсінік бере келіп былай деп мәлімдеді: “Бірнеше жылдан кейін біз табиғи газды экспорттаушылардың әлемдегі аса ірі жетілігіне кіреміз”.

Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орны әлемдегі аса ірі кен орында­рының бірі болып табылады. Оның қоры 1,2 миллиард тонна сұйық көмірсутегін және 1,3 триллион текше метр газды құрайды. Кен орнын Karachaganak Petroleum Operatіng халықаралық консорциумы әзірлеуде.

 

Бұл өңірдегі мұнай ресурстарын және осы өңірден тартылған тұрба құбырларын бақылау АҚШ үшін айрықша маңызды. Мұнайдың мол қорына ие Қазақстан мен Әзірбайжан шешуші нүктелер болып та­былады. Әсіресе Қазақстан маңызды, өйт­кені ол Қытаймен де, Ресеймен де шек­теседі және Ресей өзінің барлық дерлік жер серіктерін Қазақстаннан ұшырады.

Таяудағы болашақта Ресей мен Қа­зақ­стан өз мұнайының көп бөлігін Еуро­паға қарағанда Қытайға экспорт­таудың эко­номикалық немесе страте­гиялық себепте­рін таңдауға тиіс. Алайда бұл түпкілікті анықталған жоқ, сондықтан АҚШ осынау альянсты бұзу үшін өзінің бүкіл күшін (мәселен, Үндістанмен ядролық энергия­ны пайдалану туралы келісімін) пайда­ланып отыр.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат