Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-07-19:

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 

Біздің елдеріміздің ұқсастықтары көп

 

Бүгінде Қазақстан – әлемнің барынша серпінді дамушы мемлекеттерінің бірі, тікелей тартылған шетелдік инвестиция­лардың жан басына келетін көлемі жөнінен ТМД мемлекеттерінің арасында көшбасшы. Бүкіләлемдік банк Қазақстанды инвестициялауға барынша тартымды әлемнің 20 елінің қатарына қосты. 2005 жылы ғана тікелей шетелдік инвестициялар 6,4 млрд. АҚШ долларын құрады, ал олардың жалпы көлемі 50 млрд. АҚШ долларына жуықтады.

Ішкі инвесторлар да белсенді бола түсті. 2005 жылы негізгі ка­пи­талға келетін инвестициялардың өсуі 20 млрд. АҚШ дол­ла­ры дерлік болса, үстіміздегі жылдың төрт айында ол 1,3 есе өсті. Мұның бәрі осы заманғы экономикалық жүйе құрудағы ел­дің табыстарын және одан әрі дамудың үлкен әлеуетін көрсетеді.

Минералдық ресурстардың зор қоры бар Қазақстан екі жақты және көп жақты қатынастарда маңызды әріптеске айналуда. Сонымен бірге біз экономиканың шикізаттық бағытынан бел­сенді түрде арылуға ұмтылудамыз. Біз алдымызға өршіл міндет – әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 елінің қатарына кіру міндетін қойып отырмыз. Қазірдің өзінде 7 басым кластерді: туризм, тамақ өнеркәсібі, тоқыма өнеркәсібі, металлургия, мұнай-газ мәшинесін жасау, құрылыс материалдары және көлік логистикасы кластерлерін қалыптастыру жөніндегі жұмыс басталып кетті.

Инвестициялық ахуалды жақсартуға қатысты тұрақты жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басым бағыттарда айрықша преференциялар құруда. Құрал-жабдықтар импортын кеден алымдарынан босату да инвесторлар үшін елеулі қолдау болады. Сондай-ақ инвестициялық жобаларға, өңдеу секторын дамытуға қажетті инженерлік құрылыстарға арналған жер учаскелерін мемлекеттік грант түрінде инвесторлардың меншігіне тегін беру жоспарланған. Экономикалық өсуді одан әрі ынталандыру мақсатында ҚҚС ставкасын 2008-2009 жылдары 15%-дан 13-12%-ға дейін кезең-кезеңмен төмендету көзделіп отыр. 2008 жылдан бастап сондай-ақ орта есеппен әлеуметтік салық ставкасы 30%-ға төмендетіледі.

Қазақстан бизнесінің өскелең мүмкіндіктерінің айшықты бір мысалы Вентспилс қаласының портындағы бірлескен Қазақстан-Латвия астық терминалы бола алады, ол Қазақстан өнімінің Балтық бағыты бойынша халықаралық рынокқа шығуына жәрдемдеседі. Атап айтқанда, Ригада осы заманғы қонақ үй кешенін салуға және басқа бірқатар перспективалық жобаларға жаңа инвестициялар жоспарланған.

Біздің елдеріміздің ұқсастықтары көп. Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстан мен Балтық теңізі өңірінің орталығындағы Латвия транзиттік әлеуетті дамытуға мүдделі болатыны орынды. Серпінді даму үстіндегі экономикалары бар екі ел олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты мақсатты жұмыс жүргізуде. Сондықтан мен Қазақстан-Латвия қатынастарының болашағына сенемін және латыш бизнесінің өкілдерін әлдеқайда тығыз ынтымақтастыққа шақырамын.

 

Вайра Вике-Фрейберга, Латвия Президенті:

 

Қазақстан Президентінің сапары біздің қатынастарымызды нығайта түседі

Мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біздің елде­ріміз арасындағы қарым-қатынастар тарихында алғаш рет Лат­вия­ға келетініне өте қуаныштымын. Қазақстан Президентінің сапа­ры менің Қазақстанға сапарымнан екі жыл дерлік өткеннен кейін болып отыр, Қазақстанға сапар барысында менімен бірге үкі­меттік үлкен делегация және көптеген латыш кәсіпкерлері болды.

Соңғы уақытта біздің елдеріміздің арасындағы екі жақты ынтымақтастық экономика және сауда салаларында, сондай-ақ кәсіпкерлер арасындағы байланыстар айтарлықтай жандана түскенін атап өткім келеді. Қазақстан – Латвияның Орталық Азиядағы маңызды да перспективалық әріптесі. Сондықтан экономикалық қатынастар, транзиттік саланы дамыту, ғылыми және техникалық ынтымақтастық секілді елеулі салаларда белсенді үнқатысуды қамтамасыз ету керек.

Латвия екі жылдан астам уақыт Еуропа Одағы мен НАТО-ға қатысушы ел болып табылады. Бұл құрылымдарға кірігу қауырт экономикалық өсуге жәрдемдесті. Қазіргі сәтте Латвияда жалпы ішкі өнімінің өсуі 10,2%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша біз ЕО елдерінен озық келеміз және әлемдік көшбасшылардың бірі болып табыламыз. Экономикалық үрдістер ел дамуының жоғары қарқыны болашақта да сақталатынын қуаттайды.

Біз Қазақстан экономикасының серпінді дамуын зор қызығушылықпен қадағалап отырмыз, өйткені Латвия осы мемлекеттің экономикалық әлеуетіне мүдделі. Сондай-ақ Орталық Азияның атынан өкілдік ететін ел ретінде Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету керек.

Латвия Солтүстік Еуропа сауда жолдарының қиылысында орналасқан. Кереғар саяси оқиғаларға қарамастан, Латвия ғасырлар бойы Ресейдің, ТМД елдерінің және Батыс Еуропаның арасындағы көпір қызметін атқарды. Латвияның біртұтас еуропалық рынокқа қосылуы біздің елімізді халықаралық мәмілелердің бұрынғыдан да тартымды орнына айналдырды. Қазақстандық және басқа шетелдік компаниялар Латвияны Батыс және Шығыс Еуропадағы, сондай-ақ Ресей мен ТМД елдеріндегі әріптестермен қатынастарды дамытудың базасы ретінде пайдалана алады.

Латвия мен Қазақстанның екі жақты қатынастары дәстүрлі түрде сындарлы ынтымақтастық және өзара түсіністік рухында дамып, осы арқылы саяси және экономикалық байланыстардың негізін қамтамасыз етіп келеді. Қазақстан Президентінің Латвияға сапары біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынасты бұрынғыдан да нығайтып, жан-жақты етуге көмектеседі деп үміттенемін.

 

БАЛТИЙСКИЙ КУРС 

Инвесторлар бүгінде Қазақстан – тұрақтылыққа кепілдік беріп, өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ететін сенімді әріптес екенін біледі.

Қазақстанның қаржы жүйесі ең бір прогресшіл жүйе деп мойындалған және мұны жетекші халықаралық сарапшылар қуаттайды.

Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, келеңсіз сыртқы факторларға тәуелділікті төмендету үшін Ұлттық қор құрды. Бүгінде Ұлттық қорда 5,3 миллиард АҚШ доллары жинақталған.

Қазақстан ашық сыртқы сауда саясатын дәйектілікпен жүргізіп келеді. Қазақстанның тауар айналымы құрылы­мында бірінші орынға ЕО-ға мүше елдер, Ресей, Швейцария және Қытай шықты.

 

ТЕЛЕГРАФ 

Латыш тарабы ірі инвестициялық жобалардың тұтас тобын іске асыруға, сондай-ақ транзиттік дәліздің үздіксіз жұмысын жолға қоюға мүдделі. Қазақ­станды бұрынғысынша транзиттік ағым­дарды әртараптандыру қызықтырады, ал Үкімет мұнай химиясы өнеркәсібін дамыту, соның ішінде таяудағы он жылда әлемдік деңгейдегі 8-10 мұнай химиясы кешендерін құру жөніндегі бас жоспар бойынша жұмыс істеуде. Жоспарды іске асыруға, халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, шамамен 7 млрд. доллар қажет.

Қазақстан қайраңынан өндірілетін мұнай қорының көлемі 80 млрд. бар­рельден асып түсуі мүмкін. Бұл ел әлемдік рынокта көмірді аса ірі өндірушілер мен экспорттаушылардың ондығына кіреді. Қазақстан дүние жүзінде вольфрамның қоры бойынша бірінші орын, хромит пен фосфориттің қоры бойынша – екінші, марганец рудалары бойынша – үшінші, қорғасын мен молибден қоры бойынша төртінші орынды алады. Ал сатылатын астық көлемі Қазақстан экспортының үлесінде 7%-ды құрайды.

* * *

Қазақстанның басты артықшылық­тарының бірі деп кәсіпкерлер қаржы саясатының тұрақтылығын атайды, мұның өзі екі елдің ұзақ мерзімдік ынтымақтастығына үміт арттырады. Байланыстар тек дами береді, өйткені Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің жыл сайынғы өсімі 9-дан 11%-ға дейінгіні құрайды.

Екі ел сыртқы саудасының қарқыны жылдан-жылға ұлғайып келеді. Қазақ­станға Латвия тағам өнімдерін, химия, мәшине жасау және металл өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін экспорттайды. Өз кезегінде Қазақстаннан Латвияға минералдық өнімдер, тоқыма және металл өңдеу өнеркәсібінің өнімдері жөнелтіледі.

Бизнесмендер Қазақстанның пост­кеңестік кеңістікте ғана жұмыс істеуге ұмтылмайтынын, сонымен бірге ЕО елдерімен және АҚШ-пен белсенді ынтымақтасып отырғанын оң бағалайды. Бұл, өз кезегінде, Латвияға қолайлы – географиялық тиімді орналасуы транзиттік дәліз болуға және логистика мен жүк тасымалы саласында ойдағыдай ынтымақтасуға мүмкіндік береді.

Қазақстандық бизнесмендерді сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу қызықтырады. Бұл ретте олар кепілді жеткізілімдері болатын кіріккен кәсіпорындар құруға мүдделі. Қазақстан­дықтар Вентспилсте салған астық тер­миналы жарқын мысалдардың бірі болып табылады. Өткен жылы шамамен 18 бірлескен Латвия-Қазақстан кәсіп­орындары ресми түрде жұмыс істеді.

Қазақстандық көптеген банктер бізде өз өкілдіктерін құруға ғана емес, сонымен бірге лицензиялар алуға мүдделі.

Вадим ЕРОШЕНКО, Laіka stars корпо­ративтік қаржы компаниясының директоры:

– Қазақстан Орта Азия өңірінің кіндік мемлекеті ретінде орасан зор маңызға ие болып отыр. Бүкіл өңірдің тұрақтылығы Қазақстанда түсінікті саяси және қаржы жүйесі қалыптасқандықтан сақталып отыр. Бұл Назарбаевтың еңбегі.

Валдис ТРЕЗИНЬШ, Latvіjas auto Латвия автотасымалдаушылар ассоциация­сының президенті:

– Қазақстандағы тұрақтылық біз үшін өте маңызды, өйткені автомобиль саласындағы бизнес көп ретте осы елдегі саяси тұрақтылыққа байланысты. Назарбаев біз үшін тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі.

2005 жыл біз үшін Қазақстанмен ынтымақтастық тұрғысында айтарлықтай белсенді жыл болды. Қазақстан автотасы­малдаушылар ассоциациясымен – ҚазАТО-мен ынтымақтастық жолға қойыл­ды. “Жібек жолы” жобасының қайта түлеуі – Қытай мен Қазақстаннан Брюссельге жүк тасымалдауды ұйымдас­тыру елеулі шара болып табылады. 2005 жылы қазанда “Жібек жолы” керуені Латвияға да тоқтады. Жобаның өркен­деуін назарға ала отырып, біз қазақтармен ынтымақтасу керектігіне сенімдіміз, өйткені нақ солар қытай рыногын бәрінен де жақсы біледі. Қазақстан үшін Латвия да тиімді – біз ЕО рыноктарына тікелей жол болып табыламыз.

Қазақстанмен ынтымақтастық дамуы тиіс деп санаймыз.

Владислав ШАФРАНСКИЙ, Ventspіls Graіn Termіnal бірлескен Қазақстан-Латвия кәсіпорны басқармасының төрағасы:

– Мен Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында республикада айтарлықтай экономикалық дамуды қамтамасыз ету мүмкін болды деп санаймын. Назарбаев тұрақтылықты, басталған ынтымақтас­тықты жалғастыру мүмкіндігін білдіреді. Қазіргі сәтте халықаралық жобаларға мол қаржы салуда, мұның өзі бұл мемлекет ЕО жағына қарай ілгерілеп келе жатқанын көрсетеді.

Ventspіls Graіn Termіnal, Вентспилстегі астық терминалы – Қазақстанның ЕО-дағы тұңғыш ірі инвестициялық жобасы – 2005 жылғы 26 тамызда ашылған болатын. Терминалдың иелері латыш кәсіпкерлері және жетекші қазақстандық астық экспорттаушылар болып табылады.

Вентспилсте астық терминалын салу туралы шешім қабылдамастан бұрын Қазақстанның кәсіпкерлері Балтық теңізінің шығыс жағалауындағы барлық порттардың мүмкіндіктерін мұқият зерттеп, салыстырып көрді. Вентспилс мұз қатпайтын, суы терең порт болға­нының арқасында таңдау соған түсті, онда Panamax тұрпатты кеменің жүктерін түсіру мүмкіндігі бар. Эстония мен Литваның жақын маңдағы порттары мұндай қызмет көрсете алмайды.

 

БИЗНЕС-БАЛТИЯ 

Латвия әріптестерінің арасында ТМД елдерінен Қазақстан біздің іскерлік элитаның зор сенімін туғызады. Өйткені осынау шығыс мемлекетінің өз тауарла­рын, бірінші кезекте мұнайды Батысқа экспорттау үшін біздің еліміздің транзиттік әлеуетін пайдалану жөнінде алысты көздейтін жоспарлары бар.

Ұлы шығыс елінен келген мейман­дарды Латвияның транзиттік әлеует мүмкіндіктері қызықтырады. Мәселен, “ҚазМұнайГаз” компаниясы Ventspіls nafta АҚ акцияларының Латвия мемле­кетіне тиесілі 38,62%-ын сатып алуды жоспарлап отыр.

* * *

Латвия мен Қазақстанның қарым-қатынасы соңғы уақытта өскелең тұрғыда жүріп келеді. 2004 жылы Астанаға әріптесімен кездесуге Латвия Президенті Вайра Вике-Фрейберга келсе, өткен жылы Қазақстанда сол кездегі қатынас министрі Айнар Шлесерс болды.

Латвиядағы қазақ бизнесінің үлкен перспективасы бар. Қазірдің өзінде екі елдің коммерсанттары Вентспилсте астық терминалын ашты. Біздің республиканың порттары Қазақстан мұнайының транзиті үшін пайдаланыла алады. Жылжымайтын мүлік саласында да жобалар бар.

* * *

Қазақстан – ТМД-да этносаралық қақтығыстар жоқ бірден-бір ел. ЖІӨ тұрақты өсіп келеді, жылдан-жылға адамдардың әл-ауқаты жақсара түсуде. Бүгінгі Қазақстанды өңірдегі экономи­калық дамудың орталықазиялық локо­мотиві десек, еш артықтығы жоқ.

Бұған бай шикізат ресурстары ғана емес, сонымен бірге бүкіл индустрияны дамыту жөніндегі айтарлықтай тиімді бағыт жәрдемдесіп отыр. Мұның жарқын дәлелі Н.Назарбаевтың сөздері бола алады. Халықтың алдында сөз сөйлеген ол былай деді: “Біз әр отбасының тұр­мысын одан әрі жақсарту, күшті де өркенді Қазақстанды құру үшін басталған реформаларды аяғына дейін жеткізуге тиіспіз. Сіздер менің басты қағидатта­рымды білесіздер және олар өзгермейді. Бұл – экономикалық өсу, ұлттық келісім, азаматтардың берекесі, демократия мен қауіпсіздік”.

Бүгінде Қазақстанның нақты жұмыс істеп тұрған нарықтық экономикасы бар. Табысты жүргізілген реформалар Қазақ­станда біз бүгінде көріп отырған серпінді даму үшін негіз қалыптастыруға жәр­демдесті.

Соңғы жеті жылда экономиканың орташа жылдық өсу қарқыны 9-10%-ды құрады. 2005 жылы алдын ала мәліметтер бойынша ол 50 млрд. доллардан асып түскен. Егер он жыл бұрын жан басына келетін ЖІӨ 700 доллардан сәл астамды құраса, 2004 жылдың аяғына қарай бұл көрсеткіш 2700 долларға жетті, ал биылғы жылы ол 3500 доллардай болады деп болжанып отыр. Қазіргі үрдісті негізге алып, Қазақстан 2010 жылға қарай жан басына шаққанда ЖІӨ-ні 5800 доллардан астамға, ал 2015 жылға қарай шамамен 9000 долларға жеткізе алады деп айтуға болады. Республика сатып алу қабілетінің паритеті бойынша қазірдің өзінде бұл цифрларға жақындап қалды.

Бүкіләлемдік экономикалық форум­ның баяндамасына сәйкес жаһандық бәсекеге қабілеттілік бойынша Қазақстан қазір ТМД-ның барлық елдерінен алға кетіп, 61-ші орында тұр. Таяудағы жыл­дары әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөніндегі өршіл міндет қойылып отыр.

БҰҰ-ның даму мақсаттарына қол жет­кізу жөніндегі екінші есебінің мәліметтері бойынша, Қазақстан мыңжылдық қарсаңында бірнеше бағыттар бойынша әсерлі прогреске қол жеткізді. Мәселен, елде қазірдің өзінде өмір сүру мини­му­мынан төмен табыс табатын адамдардың саны екі есе азайған. Бұл міндетті шешу 2015 жылға қарай жоспарланғанмен, оған 2004 жылы-ақ қол жеткізілді.

* * * 

Қазақстан әлемдік экономикадағы көшбасшылыққа жету жолында айтар­лықтай күш-жігер жұмсап отыр. Мемлекет өзін ерен өршілдігін іске асырып жатқан табанды халықаралық корпорация ретінде көрсетіп отыр. Ішкі көрсеткіштер – соның айқын дәлелі.

Республиканың қазіргі индустриясын батыл түрде корпоративтік деп қарас­тыруға болады. Капиталдың молынан шоғырландырылуы оны ірі жобаларды іске асырудың жақсы әзірленген плацдармына айналдырды. Мұның өзі қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттіліктің қажетті шарттарының бірі болып табы­лады. Ұзақ мерзімді болашақта қазақ­стандық экономиканың базасын алып отын-энергетика компаниялары құрайтын болады. Алдағы кезде мемлекет қаржы-өнеркәсіп секторының және жоғары технологиялар саласының дамуына жәрдемдесетін болады.

* * *

Сарапшылардың сөзіне қарағанда, қазір Қазақстанның көлік саясаты көршілес Қытайда болып жатқан өзгерістерді, нақтылап айтқанда, бұл елдің солтүстік-батыс өңірлерінің экономика­лық дамуын және Еуропа мен Азия арасындағы сауда көлемінің өсуін ескере отырып, қайта құрылуда. Қазақстанның стратегиялық жоспарларына Транссібір темір жол магистралінің рөлін өркендету кіреді. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Вентс­пилс ұқсас, өйткені Транссіб Вентспилс порты арқылы Балтық теңізіне шығады. Айта кетелік, Қазақстан Латвиямен ынтымақтастыққа транзит саласында ғана мүдделі болып отырған жоқ. Ол отандық жылжымайтын мүлік рыногын дамытуды да инвестициялауға әзір. Нұрсұлтан Назарбаевтың Латвияға сапары кезінде осы заманғы қонақ үй-офистік кешеннің негізі қаланды, ол қазақ ақшасымен қаржыландырылады.

 

ЧАС 

Жедел дамып отырған экономикасы, барған сайын ұлғая түскен шеттен келетін сан миллиондық инвестициялары, ғимараттары көк тіреген әсем қалалары, сапасы жағынан ресейлік арналардан кем түспейтін телевизиясы және тұрақты саяси жүйесі бар Қазақстан өңірлік көшбасшыға айналуда. Бұл ел Ресеймен де, ЕО-мен де, Қытаймен де, АҚШ-пен де бірдей деңгейде достасып отыр. Онда ислам экстремизмі секілді түсінік жоқ, онда орыс тілі екінші ресми тіл болып қалуда, ал жергілікті орыстілді азшылық қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаев үшін әрдайым белсене дауыс беріп келеді.

 

DELFI 

Өзара мемлекетаралық сапарлар тұрғысынан әзірге Латвия алда келеді. Қазақ­станда Латвияның екі президенті – Гун­тис Улманис және Вайра Вике-Фрей­берга, екі премьер-министрі – Андрис Берзиньш және Айгар Калвитис, сондай-ақ қатынас министрі Вилис Крыштопанс болып үлгерді. Ал Ригада Қазақстанның екі Вице-Премьері, Сыртқы істер ми­нистрі мен Парламенттің төменгі пала­тасының Төрағасы ғана болды. Диплома­тиялық қатынастардың өн бойында (ал олар 1992 жылғы 30 желтоқсанда орнаған болатын) Қазақстан мемлекетінің бірінші тұлғасы алғаш рет Латвияда болды.

 

БИЗНЕС 

Литваның мемлекеттік геологиялық қызметі он жылдық үзілістен кейін жергілікті мұнай кен орындарын іздестіру және барлау құқығына конкурс жария­лады. Қара алтын өндірудің жаңа көздерін әзірлеу қажеттігі туралы мәселені литван мұнайшылары талай рет көтерген бола­тын. Бұл ретте олар жетекші мұнай дер­жаваларынан көмек алудың маңызды­лығын тұрақты түрде атап көрсетуде. Мұндай державалардың арасында техно­ло­гиялық тұрғыдан да, сол секілді қар­жылық жағынан да Қазақстанның мұнай өндіруші кәсіпорындары барынша үлкен қызығушылық туғызып отыр. Қазақстан­ның пайдасына шыққан тағы бір дәлел қазақ кәсіпорындарының отандық рынок­қа кіруге табандылықпен тырысуы және бірлескен ынтымақтастықтың кез келген формасына әзірлігі болып табылады.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат