Егемен Қазақстан          

 
 


ЖАЗЫЛУ






Яндекс.Метрика


№90-93 (25939) 12 НАУРЫЗ ЖҰМА, 2010 ЖЫЛ
2006-07-26:

БАСПАНА

Бұл басты мәселе

 

Сұлтанәлі  БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары, жазушы.

Тәуелсіздік алғаннан бергі 15 жылда еліміз бұрын-соңды болмаған айтулы табыстарға жетті. Оның ішіндегі ең үлкен жетістігіміз – бүкіл әлемге қазақ деген халықты танытқанымыз болып отыр. Жасыратыны жоқ, кешегі Кеңес одағының тұсында шетелге шығып  қазақ едік десек, жұрт  “ол қайдан шыққан ұлт, жер бетінде сондай да халық бар ма еді?” деп таңырқай сұрайтын. Сөйткен қазақ елінің даңқы қазір бүкіл әлемге тарап, енді ең өркендеген 50 мемлекеттің қата­­рына қосылуға батыл қадам басып отыр.          

Дегенмен, бұл жетістіктерге қарап Қазақстанда қазір барлық мәселе шешіл­ген екен, әлеуметтік-экономи­калық, мә­дени-рухани салада ортаға қояр ешқан­дай өзекті  проблема қалған жоқ деп айта алмаймыз. Керісінше  ойландыратын, тез арада шешуді қажет ететін мәселелер әлде де баршылық.

Бұл мәселелердің ең бастысы — баспа­на, яғни халықты тұрғын үймен қамта­масыз ету. Осыған орай мына бір мәсе­лені де айта кеткен жөн – кез келген елдің экономикалық даму деңгейі мен әлеуметтік жағдайы өндіріс саласындағы шығарған өнімдері немесе еңбекақысы мен зейнетақысының мөлшерімен ғана емес, сонымен қатар ол елдің тұрғында­рын баспанамен қамтамасыз ету жағ­дайымен де өлшенеді. Міне осы тұрғы­дан келгенде Қазақстан халқы үшін, әсіресе үлкен қалалардың тұрғындары үшін ең өзекті проблема – баспана мәсе­лесі болып тұр.(Бұл ретте  Алматы сияқ­ты қалалардағы күн сайын қаптап бой түзеп жатқан жарқыраған зәулім үйлердің қарапайым халық үшін көз қызықтыр­ғаннан басқа пайдасының шамалы екенін  айта кеткеніміз жөн.)

Әрине, баспана мәселесі кешегі кеңес өкіметінің тұсында да соншама ке­ремет болып еді деп айта алмаймыз. Әсіресе, үлкен қалаларға қазақ ұлтының өкіл­дерінің келуін барынша шектеуге тырысу саясаты жүргізілгені баршаға мәлім. Бірақ сонымен бірге ол кезде халықты баспанамен қамтамасыз ету қазіргіден әлдеқайда жүйелі, әлдеқайда әділ жүргізілгені даусыз. Мысалы, оқу бітіріп жұмысқа тұрған жас маман міндетті түрде мемлекет есебінен тегін үй алатын. Көп­теген өндіріс орындары, өз күшімен қыз­меткерлеріне арнап тұрғын үй салатын. Басқаны былай қойғанда Ал­матыдағы газет-журналдар баспасының  өзі жылы­на жүздеген қызметкерлерін жаңа пәтер­мен қамтамасыз ететін. Жеке бастыларға түгелдей жатақхана берілетін. Жазушы­ларға, суретшілерге арнап жеке-жеке көп пәтерлі үйлер салынатын. Осы­ның нәти­жесінде жұмысқа орналасқан жастың талайы отызға жетер-жетпесте екі-үш бөлмелі үйге ие болатын.  Ал қа­зір отызға келсе де үй алмақ түгілі үй­ленуге жағ­дайы жоқ баспанасыз жастар  сан мың­дап сарсаңға түсіп жүр.

Соңғы кезде халықтың ауылдық жерлерден қалаларға қоныс аударуы да толассыз тоқтамай өсе түсуде. Олардың басым көпшілігінің ең арзан ипотекаға да шамасы жетпейді. Айлық табыстары төмен болғандықтан тұрғын үй депар­таменттері оларды үйден үміткерлердің тізіміне қоспайды, кезекке кіргізбейді. Жер жоқ деген сылтаумен оларға үй сала­тын жер де берілмейді. Сөйтіп ерте ме, кеш пе әйтеуір бір уақытта баспана­лы болудан үміт үзген отбасылар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Міне, осы баспанасыз қалың халықтың тағдыры, ертеңгі жағдайы біздің бәрімізді де ойландыруы керек.

Әрине, елімізде Президент Жарлығы­мен тұрғын үй  бағдарламасының қабыл­дануы – осы қиын да күрделі мәселені шешу үшін  қолға алынған маңызды шара болды. Елбасы бұл ретте де ха­лық­тың мұң-мұқтажы мен қиыншылы­ғын дер кезінде байқай білетін шын жанашырлығын танытты. Соған орай бұл мәселені шешудің негіз­гі бағыт-бағдарын айқын­дап, нақты мін­деттерді белгілеп берді. Енді Президент көрсеткен осы бағдар­ламаны бұлжытпай жүзеге асыруымыз керек. Бірақ қазір тұрғын үй бағдарла­масын жүзеге асыруға жауапты орындар тарапынан іскерлік пен жанашырлық ойдағыдай болып отыр деп айта алмай­мыз. Мысалы, республикамыз бойынша тұрғын үй бағдарламасын орындауда өзгелердің алдына шығып бір жылда екі мыңдай отбасына пәтер берген Алматы қаласы екен. Демек, осының нәти­жесінде қалада халықтың баспанаға деген сұранысы азайып, тұрғын үйдің баға­сы төмендеуі керек қой. Бірақ мұн­дай жағ­дай әзірше байқалмай отыр. Керісінше,  Алматыда тұрғын үй бағасы басқа ешбір елде жоқ жылдамдықпен зымырап жоғары өрлей түсуде. Мысалы,  қазір үш-төрт бөлмелі жәйлі пәтерлердің бағасы 150-200 мың АҚШ долларына жетті. Мұндай шектен шыққан қымбат­шылық ең төменгі айлық табысы 4-5 мың АҚШ долларын құрайтын батыстың дамыған бай елдерінде ғана кездесетін шығар. Ал төменгі еңбекақысы бір жүз долларға да жетпейтін Алматыда үй бағасының осын­ша шарықтауының себе­бі неде? Бұған әзірше ешқандай нақты жауап жоқ. Тек әрегідік үй бағасының қымбаттауына ипо­теканың берілуі себеп болып отыр деген сияқты әлсіздеу уәж айтылады. Бі­рақ ипотеканың да ықпалы мен мүм­кіндігі шектеулі ғой. Бағасы 150-200 мың АҚШ доллары тұратын пәтерді ипотекаға алуға Қазақстандағы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің де таза айлығы жете қоймас. Сонда әлгіндей қымбат үйлер қандай адамдарға  арнал­ған, оларды кім алып жатыр, қандай ақ­шаға алып жатыр – мұның бәрі түсініксіз.

Баспана мәселесі үй салу үшін бері­ле­тін жерге де тікелей қатысты. Қазір біз­де бұл мәселе де “шырқау шыңға” шы­ғып тұр. Алматыда үй салатын жердің бір “сотығы” 10 мың долларға дейін барды. Яғни үй салуға тек құр қара жер алу үшін 100 мың АҚШ доллар төлеуің керек. Бұл да жер бағасы жөнінен дүниежүзі бойын­ша ең үздік, рекордтық көрсеткіштердің қатарынан орын алатын болса керек. Мұн­дай қымбат жерлерді шетелдің атақ­ты миллионерлері, мұнай магнаттары са­тып алады деп естиміз. Ал бізде миллио­нер алпауыт едім, мұнай магнаты едім дейтін ешкім байқалмайды. Бірақ әлгіндей аса қымбат жерлерді ойланбай-толғанбай үн-түнсіз сатып алатындар табыла кетеді. Бұл да жұмбақ!

Жерге байланысты  және бір әңгіме. Соң­ғы кезде жерге заңсыз үй салған қа­ра­пайым халық пен билік орындарының арасындағы дау-дамай үздік-создық әр жерден бой көрсетіп жүр. Мысалы, Ал­ма­тының “Шаңырақ” шағын ауданында­ғы жағдай соның бір көрінісі. Егер мұн­дай дау  ауқымы тар, ал халқы көп Жа­пония, Сингапур сияқты елдерден шықса бір сәрі, ал бүкіл халқы 15 миллионға енді жеткен, бірақ территориялық мүм­кіндігі 200-300 миллионға дейін халық тұра алатын ұшан-теңіз кең  Қазақстанда алақандай жер үшін осынша даудың тууы ешқандай ақылға сыймайды. Осыны ойлағанда өзімізбен көрші жатқан Қытай елі еріксіз еске түседі. Қытайда 1 мил­лиард­тан астам халық тұрады, ал жер кө­лемі Қазақстаннан сәл-ақ үлкен. Қытай осы миллиард халықты арзан үймен де, үй салатын жермен де қамтамасыз етіп отыр. Ал біз болсақ ұланбайтақ кең жерден аз халқымызға үй салатын  алақандай жер тауып бере алмаймыз.

Жер мен үй бағасының қымбаттауын  құрылыс материалдарының қымбаттауы­мен түсіндіретіндер де кездеседі. Бірақ бұл уәжбен де келісу қиын. Өйткені құрылыс материалдары көп болса 20-30 пайыз қымбаттаған шығар, бірақ үй не жер сияқты он есе, жүз есе қымбаттаған жоқ қой.

Кейбіреулер мұндай қиыншылықтың себебін нарық заңдылығынан  іздейді. Бірақ нарықтың да аспаннан түспейтіні,  шындап қолға алса  оны да реттеп, ауыздықтап отыруға болатыны анық. Ал біздегі билік орындары үй мен жер бағасының шарықтау шегі қай жерге барып тоқтар екен деп сырттай қызықтап қана отырған сыңайлы.

Жер мен үйдің қымбаттауын халық­тың орташа табысының көбеюімен түсін­діретіндер де бар. Бірақ мұндай қымбат жер мен үйге халықтың ең әрі кеткенде 5-ақ пайызының шамасы жетер. Ал ең арзан деген үйлерді алуға жұрттың басым көпшілігінің мүлдем мүмкіндігі жоқ. Мысалы, кейбір облыс орталықтарында ең арзан ипотекамен салынған үйлердің өзіне сұраныс болмай отырғаны осыған айқын дәлел.

Ал сонда баспана мәселесін   тез арада шешіп, дұрыс жолға қою үшін не істеу керек? Енді осы жөніндегі өз ұсыныс-пікірлерімізді білдірейік.

Жоғарыда шет жағалатып айттық, енді тағы  қайталап атап өткіміз келеді – бар болғаны 15 миллионға енді жет­кен халқын баспанамен қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының шамасы то­лығымен жетеді. Бұған бізде қаржы­лық-материалдық, жер, су, құрылыс мате­риал­­дарының ресурстары толық бар. Әзір­ше тек жетпей тұрғаны билік басын­дағылардың бұл мәселеге жүрдім-бардым қарайтындығы, халықты баспанамен қамтамасыз етуге жанашырлықпен көңіл бөлмеуі. Істі тиімді әрі ұтымды ұйымдас­тыра алмауы. Мысалы, өзге өркениетті елдерде болса Алматы сияқты қаланың тер­риториясына бір емес бірнеше мил­лион халықты ың-шыңсыз орналастырар еді. Бұған нақты дәлел келтірейік. Өзіміз­бен діні бір, тілі жақын Түркияның Ыс­тамбұл қаласында 15 миллиондай халық тұрады. Бұл тұтас бір Қазақстанның халқы. Түрік ағайындарымыз осынша көп халықты бір қалаға ың-шыңсыз ор­наластырып, қолжетімді үйлермен қам­тамасыз етуді әлдеқашан шешкен. Біздің де осындай елдерден қала салудың, халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің ең озық, тиімді жолдарын үйренгеніміз абзал болар еді.

Осыған орай нақты және жедел түрде қолға алатын бірнеше мәселе бар. Оның ең біріншісі – Елбасы бекіткен тұрғын үй бағдарламасын бұлжытпай орындау. Бағдарламаларда көрсетілген міндеттер мен тапсырмаларға жүрдім-бардым қарауға, әртүрлі сылтаулармен тұрғын үй бағасын күннен-күнге қымбаттата беруге жол берілмеуге тиіс.

Екіншіден, бәрін  нарықтың өзі рет­тейді екен деп қарап отыра бермей, тұр­ғын үйдің бағасын төмендетудің жол­дарын қарастыруымыз қажет. Мұның да бірнеше жолы бар. Мысалы, тұрғын  үй салумен негізінен жекеменшік компания­лар айналысады. Міне, солар халықтың қамынан гөрі өздерінің пайдасын көбірек ойлайтын сияқты. Алдағы уақытта мұндай компаниялардың жұмысына тиісті орындар тарапынан нақты бақылау мен қадағалауды күшейту қажет. Сондай-ақ шетелдерден тұрғын үйлерді арзан салатын құрылыс компанияларды әкелуді де ойластырса артықтық етпес еді.

Тұрғын үй салу жөніндегі тендерлер­дің дұрыс, әділ өтуі де үнемі назарда болуға тиіс. Бүгінгі таңда ең тиімді биз­нес – тұрғын үй салу болып отыр. Соған байланысты үй салу жөніндегі тендер­лерде параны кім көп берсе сол жеңімпаз аталады деген  әңгімелер де айтылып жүр. Осы әңгіменің өтірік-расын анық­тайтын уақыт әлдеқашан келді. Қазір Елбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді күрес жүргізуді міндеттеп отыр. Демек, бұл күрес тұрғын үй құрылы­сының көлеңкелі тұстарын да айналып  өтпес деп үміттенеміз.

Біздегі тұрғын үй ипотекасы халықты жа­рылқаудан гөрі несие беретін банктер­ді байытуға көбірек көңіл бөледі деп ойлаймыз. Өйткені біздегі ипотекалық несиенің пайызы шетелдермен салыс­тыр­ғанда өте жоғары. Болашақта бұл мәселені де бір жүйеге түсірген жөн.                                                                                                   

Бүгінгі таңда Алматы мен Астанада элиталық тұрғын үйлер көптеп салыну­да. Әрине, мұндай үйлердің қажет екені даусыз. Бірақ біздің халқымыздың басым көпшілігі хан сарайындай зәулім ғима­рат­тарға емес, бала-шағасына пана бо­латын қарапайым баспанаға мұқтаж. Со­ған орай халықтың қалтасы көтеретін, кө­лемі шағын екі-үш бөлмелі қарапайым пәтерлерді көбейту керек. Айта берсек тұрғын үйдің бағасын төмендетудің бұдан да басқа жолдарын көрсетуге болады.  Мысалы, тұрғын үй салатын жерлерді тегін беру, құрлыс материалдарын мүмкін болғанша өзімізде көбірек өндіру, т. б.    

Қазақстан үшін тұрғын үй проблема­сын шешудің ең оңай әрі тиімді жолы – баспанаға зәру отбасыларға үй салатын жерді кедергісіз беру. Қазір бұған жер қоры толық жетеді. Жетпейтіні – шын жанашырлық. Оған қоса халыққа жер беруде бюрократтық тосқауылдар өте көп. Жақында “Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер” деген үлкен атағы бар бір су­ре­тшіні кездестірдім. Ол кісі Алматының шетінен 1991 жылы қала әкімшілігінің шешімімен жер алып, екі қабатты үй салған. Бірақ бұл үйі әлі күнге толық заң­дастырылмаған. Суретші бұл жөнінде қаншама қағаз жинап, қаншама мекеме­нің табалдырығын тоздырғанын жыр қылып айтады. Алматыда өмір бойы тұ­рып келе жатқан атақты кісі осындай әу­ре­ге түскен соң, ауылдан келгендердің бас­пана мәселесінде қандай жағдайға душар болатынын айтып жатудың өзі қажетсіз.

Қазіргі кезде үй салатын жерді беру-бермеуді тікелей аудандық, қалалық әкімдер шешетіні аңғарылады. Жер жө­нін­дегі мекемелер көбіне өздері бағы­нышты әкімдердің нұсқауларын ғана орындайды. Біздің ойымызша жер мәсе­лесін жекелеген әкім емес, бір жүйе­ге түскен заңдар, ережелер мен тәртіптер ше­шуі керек. Үй салатын жер кімге бері­леді, қалай, не үшін беріледі – осының бәрі ашық, жариялы түрде жүзеге асуға тиіс.

Сондай-ақ, жер туралы заңды да қайта қарап, түзетулер мен толықтырулар енгізетін уақыт әлдеқашан келді. Әсіресе, елді мекендердің төңірегіндегі болашақта үй салынады-ау деген жерлерді жеке­ше­лендіруге мүлдем болмайды.  Бұрын әл­денендей себеппен жекешеленіп кеткен мұндай жерлерді қайтарып алу керек. Мысалы, қазір заңсыз жекешеленген балабақшалар мен клубтарды қайтарып алып жатырмыз. Жер жөнінде де осын­дай көзқарас керек.

Жалпы ақшаға қызығып жерді кім көрінгенге сата беруді  қойғанымыз дұрыс. Жақында белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков теледидардан Көк­шетаудағы бір тарихи жердің шетел­дік алпауытқа сатылып кеткені туралы  ашынып айтты. Ол сатылған жерден Қазақстанға қаншама қаржы түскенін кім білсін, бірақ мұның  бізді тарих алдында да, келер ұрпақ алдында да ыңғайсыз жағдайда қалдыратыны анық.

Соңғы кезде үлкен қалаларда тұрғын үй салатын жерлерді аукцион арқылы сату дәстүрге айналып барады. Жер сатушылар бұл сауданы бюджетке  қаржы түсірудің бір жолы деп түсіндіреді. Әйтсе де Астана, Алматы сияқты қалалардың бюджеті жер сатып пайда табуға тіреліп тұр дегенге сену қиын. Біздің ойымызша жерді аукционмен сатудың басқа бір қитұрқысы бар сияқты. Қалай болғанда да үй салатын жерді ақшасы көптерге сата берсек, баспанасыз жүрген сан мыңдаған қарапайым халықтың жағдайы қазіргіден де қиындай бермек.

Осыған орай көңілге үміт тудыратын бір жағдайды да айта кеткеніміз жөн. Жақында теледидардан республикалық Жер қатынастары комитетінің төрағасы Б.Оспановтың Парламенттегі есебі тура­лы қысқаша хабар көрсетілді. Хабардан ұққанымыз алдағы уақытта жер туралы заңдарға біраз өзгерістер енгізілмек. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаттары Т.Сызды­қов, У.Қалижан біраз нақты да ұтымды ұсыныстар айтты. Біздің Ата Заңымыз бойынша Қазақстанның әр азаматы бір рет үй салатын тегін жер алуға құқылы екендігі сөз болды. Үлкен қалалардың төңірегінде бос жатқан жерлер баспанаға мұқтаж кісілерге кедергісіз берілуі керек деген мәселе ортаға қойылды.

Депутаттар айтқан осы ұсыныстар заңға айналып, қолданысқа кірсе қарапайым халық үшін шын мәніндегі игілікті шаруа болар еді.

 Жақында оңтүстік астанаға келген Президентіміз Алматыны Қапшағай қа­ласына қарай кеңейту керек деген  мәсе­ле көтерді. Бұл болашағы үлкен, дер ке­зін­де айтылған ұсыныс. Өйткені Алма­тыдан Қапшағайға дейін ұшан-теңіз кең жер жатыр. Егер Алматыны кеңейту, көп пәтерлі тұрғын үйлер салу мен жеке кісілерге үй салатын жер беру Қапшағай­ға қарай бет бұрса көп мәселе оңай ше­шілер еді. Әрине, бұл үшін Алматы қа­ласы мен Алматы облысының тарапынан  өзара келісім, ортақ көзқарас қажет. Сон­дықтан бұл региондардың басшылары ”жер менікі, халық сенікі” деген сияқты сылтаулармен мәселені ұзын арқан, кең тұсауға салмай, Елбасының тапсырмасын орындауға күш біріктіріп кірісер деп үміттенеміз.

Сөзімізді қорытындылай келе айта­рымыз – бүгінгі таңда Қазақстан  үшін баспана мәселесі ең басты, стра­тегиялық маңызы зор, өзекті  мәселеге айналып отыр. Мұны жолға қою Қазақ­станның бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруінің де басты шарттарының бірі болары даусыз. Сондықтан да болашақта еліміздегі тұрғын үй мәселесі  дұрыс және түбегейлі шешіледі деп сенеміз.

 

 

Не дәру: дәрі ме, дәрімек пе?

 

Бақыт БАЛҒАРИНА.

ҚР “Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы” Заңының Халыққа кепілді көлем шеңберінде тегін медициналық көмек көрсету бойынша қаладағы денсаулық сақтаудың мемлекеттік жүйесінің кәсіпорындар мен мекемелер ұжымына 2005 жылғы және биылғы 2006 жылғы алғашқы үш айдағы жұмысын Алматы қалалық прокуратурасы тексерген кезде бұл саладағы бірқатар олқылықтың бетін ашты.

Анықталған кемшіліктер нәтижесінде биыл прокуратура органдары ықпалымен қылмыстық бір іс қозғалып, кінәлілер әкімшілік, тәртіптік және материалдық жауапкершілікке тартылмақ. Медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі комитеттің Алматы қаласы бойынша басқармасының бастығы А.Бершинбаевқа осындай мазмұндағы ұсыныс жіберілді. Алматы қаласында халыққа кепілді көлем шеңберінде тегін медициналық көмек (ХККШТМК) беретін 68 медициналық мекеме бар. 

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек және арнаулы амбулаторлық-емханалық көмекке арналған “ХККШТ­МК”-тің аумағы жыл сайын тұрғындар саны мәліметіне сәйкес айқындалған. Шын мәнісінде амбулаторлық-емханалық көмек беретін медициналық кәсіпорындар мен мекемелер қызмет көрсететін аймақта барлығы 384 775 адам тұрғанымен, ал мұнда бекітілгендер саны – 275 961. Сөйтіп тек қана алты емхана бойынша тіркелмеген халықтың саны орташа алғанда 42,8 пайыздан асқан. Олардың арасында  “Шаңырақ-1”, “Шаңырақ-2”, ықшам аудандары мен “Көкқай­нар”, “Әйгерім”, “Құрылысшы”, “Подсолнеч­ное” поселкелері бар.

Прокуратура мамандарының айтуын­ша, мұндай келеңсіздіктер қаланың өзге аудандарында да кездесуде. Мәселен,  “Думан”, “Өжет”, “Шаңырақ-3-7”, “Ала­тау” және автомобиль сататын базар­лармен шектесетін аймақтарда осындай жағдай қалыптасқан.

– Кейбір жерлерде қалалық денсаулық сақтау департаменті жетекшілерінің нұс­қауларына сүйеніп, медициналық меке­мелерде тіркелмеген қаланың тұрақты тұрғындарына ХККШТМК алуға қарсы­лық білдіретіндер де кездесуде.

Сондықтан да олар ең соңында ақылы бөлім­дерге баруға мәжбүр болған, аурулар­дың ақылы бөлімдердегі шығыны өткен жылы бір кереует-күнге 2000-2500 теңгені құрады. Жыл сайын үш мыңдай адам қа­терлі ісікке шалдығуда, бес мыңдай науқас стационарларда арнаулы емді қажетсінеді. Әйткенмен, тексеру кезінде анықталғандай қалалық онкологиялық диспансерде бір мың тұрғынға шаққанда кереуетпен қам­тамасыз етілу бір жарым есе төмен. Сол себептен де соңғы екі жылда стационарда 3341 және 3242 ауру ғана емделіпті. Тіпті керуеттер санын 170 орынға көбейткені­мен, ауруханада емделуге кезек күтушілер саны азаяр емес. Жолдама алған сырқат­тардың станционарға, әсіресе химиятера­пия­лық бөлімшеге орналасуына дейін арада орташа есеппен бір ай кетеді. Мұның өзі науқастың онсыз да ауыр жағдайында мүлдем төзгісіз жағдай, – дейді Алматы қалалық прокуратурасының мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадаға­лау басқармасының бастығы Бауыржан Мақұлбаев.

Шын мәнісінде де оңтүстік астанада қалыптасып отырған күрделі жағдай тиісті орындар тарапынан өз шешімін табуы қажет. Жоғарыда келтірілген  олқылықтар­дан қаладағы өзге мекемелер де ада емес. Алматыдағы жедел медициналық көмек ауруханасы мен №7 қалалық ауруханада қалалық прокуратура жүргізген тексерудің нәтижелі болуы құптарлық. Амбулатория­лық емге арналған тегін дәрі-дәрмекпен, арнаулы емдік жабдықтармен сырқаттар толық көлемде қамтамасыз етілмейді. Диагностикалық орталықтардағы қызмет және лабораториялық зерттеулер көбінесе ақылы түрде көрсетілуде. Мәселен,  қала­дағы №14 поликлиникада 2004 жылы қырыққа жуық балаға лабораториялық анализ ақылы негізде жүргізілген. Өткен жылы денсаулық сақтау департаменті (ДСД) өз бөлімшелеріне “бакпосевті” тегін тапсыру үшін барлығы 3000 квота бөлген, бұл әрине, өте жеткіліксіз. Әсіресе халық­тың ең әлжуаз тобына жататындардың қымбат ақы төлеуге мәжбүр болуы және қалалық прокуратураның кезекті қадаға­лауымен ғана осындай жәйттердің кезінде анықталуы кімді болмасын қынжылтпай қоймайды.

№9 емханада өкпе демікпесімен сыр­қаттанатын тегін емделуге тиісті 197 ересек және 24 жасөспірім диспансерлік есепте тұрады. Олардың жетпіс пайызы “ЭКО бек­лазон” препаратына зәру, сонымен қа­тар мұнда цереброваскулярлық ауруы бар 3859 адам, “паркинсонмен” сырқатта­натын 72 науқас есепте тұрады. Соған орай мұндағы бағасы жеңілдетілген дәрі-дәр­мекпен қаржылан­дырудың жылдық үлесі – 6,3 миллион теңге болуы тиіс. Алайда өткен жылы емхана бойынша халықтың әлжуаз тобын тегін медицина­лық көмекпен қам­тамасыз етудің қаржылық лимиті – барлығы 4,2 миллион теңгені құраған. Бұдан басқа ДСД-нің №24 бұйрығымен  (12.І.2005 жыл) тегін дәрі-дәрмектерді (актиферрин, амброксол, амоксициллин, бензилпеницилин, регид­рон және бас­қалары) алуға құқы бар 3 және 5 жастағы балалардың жас мөлшері заңсыз тө­мендетілген. Қалалық проку­ратураның наразылығымен ДСД-ның заңсыз бұйрығының күші жойылып, 1160 сәбидің заңды құқы қорғалды.

Өкінішке орай, қала денсаулық сақтау орындарындағы жетекшілердің, жауапты мамандардың өз ісіне деген салғырттығы мен жауапсыздығынан зиян шегушілер қатары молая түсуде.

Онкологиялық диспансер жанындағы емхана дәрі-дәрмек құралдарымен жыл сайын тек алты айға ғана қамтамасыз етіледі. Жылдың басқа айларында қатерлі дертпен сырқаттанушылар дәрі-дәрмекті өз ақшаларына сатып алады. Дәл осындай жағдай №5,9,11,14 және басқа емханада да сақталуда. Алматыда 1000 адамға шаққанда жедел медициналық көмекке зәрулердің саны екі есе өсуінің бір себебін тұрғын­дардың алғашқы медициналық көмекке қолы жетпейтіндігінен іздеу керек сияқты, оған жеткілікті қаржы бөлінбейді. Денсаулық сақтау департаментін тексеру кезінде (қаржылық бақылау актысы (31.ІІІ.2006 ж.) ҚР Бюджеттік кодексі нормаларының бұзылған­дығы анықталды. Өткен жылы қаржылық мақсаттағы транс­ферттік 9 180 миллион теңге пай­даланылмаған. Сонда қаржы­ландырудың жеткіліксіздігі туралы күнделікті жар салу­дың неге қажет бол­ғаны белгісіз.

Қалалық проку­ратура тексерісі кезін­де қала тұрғындарына тегін медициналық кәсіби көмектің түр­лері мен формалары жөнінде жеткілікті түр­де ақпарат беріл­мей­тіндігі де белгілі болды.  Қалалық ден­саулық сақтау департаменті тегін ме­дициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың тізімін соңғы екі жылда төрт рет қана жариялаған. ХККШТМК туралы ақпараты бар кәсіпорындар мен ұйым­дарда емханалар мен отбасылық-дәрігерлік амбулаторияларға тұрғындарды бекіту тәртібі туралы мәлімет жоқ. Сондай-ақ, тегін (жеңілдетілген) дәрі-дәрмектер, оның мөлшері және оны ала алатындар жөнінде де көпшілік нақты білмейді. (№10, 11, 14 және басқа емханалар). Бұдан шығатын қорытынды ДСД-де бүгінгі күнге дейін ХККШТМК-ке заңды құқы барлар саны әлі белгісіз.

Медициналық қызмет сапасының стандарттық деңгейге сәйкес келмеуімен бірге, бюджет ХККШТМК-ке жеткілікті деңгейде қаражат бөлінбеуі бұл саладағы жұмысты күрделендіре түсуде. ДСД-нің өткен жылғы жұмысын тексеру нәтиже­сінде 12 лауазым иесі әкімшілік, ал сегіз тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 22 ұсыныс енгізілді. ДСД, медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі комитеттің Алматы қаласы бойынша басқармасы ТМККМ-мен медициналық ұйымдардың толық әрі сапалы қамтылуын жеткілікті деңгейде жүзеге асыра алмай отырғандығы өкілетті мемлекеттік орган­дар талдауында айқын дәлелденді.

Кейбір емдеу орындарындағы дәрігер­лердің өз ісіне деген жауапсыздығы өзгелерді қасіретке ұрындыруда. Оңтүстік астанадағы МООКА-ның қабылдау бөліміндегі кезекші дәрігер Л.Төкенова (есімдер өзгертілген) ауыр жағдайда келген М.Қанатовқа шұғыл көмек көрсетуден яғни сырқаттың жоғары қан қысымын төмендетіп, укол салудан және жедел медициналық көмекті шақыртудан да бас тартады. Негізгі себеп – оның бұл ауру­ханаға бекітілмеуінен туындаған. Сөйтіп, қаладағы қаржылық ірі мекеменің жетек­шісі М.Қанатов қасындағы күзетшісімен бірге өзге ауруханаға бет алған кезде жол үстінде қайтыс болады. Биылғы жылдың 27 қаңтарында қала прокуратура орган­дары дәрігер Л.Төкеноваға қатысты ҚР ҚК-нің 118-ші бабы (2-т.) бойынша қылмыстық іс қозғады. 2006 жылдың 22 наурызында дәрігер Л.Төкенованың қаза болуына байланысты бұл іс тоқтатылды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің (27. ХІІ. 2004 ж.)  №891 “Халықтың кейбір топтарына амбулаториялық ем қабылдаған кезде дәрігер рецептісімен тегін және жеңілдік жағдайында берілетін дәрілер, арнаулы емдік тағамдар және ауру түрле­рінің тізімін бекіту туралы” бұйрығының көп жағдайда ескерілмеуі көпшілікті қатты түңілдіруде. Оның өзіндік себебі де жеткілікті. Осы ауруханада паркинсонмен, өкпе демікпесімен сырқаттанушыларға берілетін “Наком” (4800 теңге) және “Бек­лазон-ЭКО 250 мг.” (3670 теңге) атты емдік препараттар сырт көзден жасы­рылған.

Қалалық орталық клиникалық ауру­хана жетекшілері де пайдакүнемдік жағынан өз әріптестерінен қалысар емес. Олар диспансерлік есепте тұратын барлық сырқаттардың 26 пайызын ғана тегін, жеңілдікпен пайдаланылатын емдік пре­параттармен қамтумен ғана шектелген. Пациенттерге қате диагноз қойып, дұрыс емдемеу, тегін рецептіні бермеу сияқты келеңсіздіктер қалалық наркологиялық диспансерде және бірқатар қалалық емханаларда (№1, 7, 11, 12) орын алған. Мұнымен қоса әрбір медициналық мекемелерде уақыты өтіп, ескіріп кеткен дәрілерді пайдаланумен бірге, дәрілерді сақтау ережелерін де өрескел бұзу әдетке айналған. Қоғамдағы ең басты құндылық – адам, оның өмірі мен денсаулығы. Олай болса оны көздің қарашығындай сақтап, қорғайтындар арасында жауапсыз­дықтың ауаны жайылмауы тиіс. Көпшіліктің басты талабы осы.

Алматы.

 

Басқа елдің сәулеті басып барады

 

Серік ПІРНАЗАР.

Шығыстағы алып ел кәсіпкерлерінің Қа­зақстан аумағында да өз кәсіптерінің көсеге­лерін көгерте бастағанына біршама жылдың жүзі болды. Солардың бір бөлігі бұрнағы жылы Қызылорда облысының жерінде су құрылыста­рын жүргізуге кірісіп еді. Бұл жолы Қытайдың бір құрылыс компаниясы Сырдарияның облыс орталығынан жиырма шақырым төмендегі иініне орналасқан бұрынғы Әйтек тоспасын қай­тадан салып шығуды қолға алған-ды. Был­тыр­ғы жылдың көктемінде пайдалануға берілген сол гидроқұрылғының қасынан олар тағы бірқатар баспана салып тастады. Мұнда осы тоспаға қызмет жасайтындар орналасты. Атал­мыш нысанның пайдалануға берілген сәтінде оған қатысқан талай адам сонда жағасын ұстап еді. Сөйтсек, әлгі үйлерді қытай­лықт­­ар өздерінің әйгілі архитектурасына сай етіп тұрғызып қойыпты. Әлгі жайларға қарап тұрсаң, шынында да өзіңді Аспан асты елінің бір провинциясында тұрғандай сезінесің. Ша­масы, бұл сананы жаулап алудың бір түрі болса керек. Бір таңқалғанымыз, сол ғимараттың құ­рылысы жүріп жатқанда жергілікті шенеунік­терден бір адам “бұларың не, қойыңдар, біздің өз дәстүріміз бар” демеген ғой.

Біз қазіргі Қазақстанның кез келген геогра­фиялық атауларының Қытай атлас карталарына түскендегі аттарының мүлдем басқаша, қытай ұғымынша жазылатынын жақсы білеміз. Бір кездері “Қытайдың атының тұяғы жеткен жердің бәрі – қытайдікі” деген ұран болғанын да естігенбіз. Сондықтан өз жерімізде қытай үлгісімен үйлер соғылуы­ның соңы жақсылыққа апара бермесін ішіміз сезеді. Дәл қазіргі таңда қытайлықтар болса, өз елдерінде өсіп тұрған барлық сакура ағаштарын шауып тастауға әзір отыр. Себебі, “жапон шиесі” деген ұғымдағы бұл ағаш сонымен бірге бір кездері елдің жапон басқыншыларының қол астында болғанын да білдіреді екен. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Корея мен Қытайды басып алған жапон милитаристері бұл елдерге өз шиелерінің көшеттерін де ала келген ғой. Мұнымен де шектелмей, жер-жерде жапон стиліндегі үйлер мен синтоистік шіркеулерді  салып тастаған. Артынша сол ғимараттардан жұғын да қалған жоқ. Ұлттық намыстары қозған қытайлықтар бұдан 60 жыл бұрын солардың бәрін жермен-жексен етіп қиратқан. Ендігі кезек жаратылысы мен сұлулығы өзгеше сакураға келіп тұрған сияқты.

Ал біз сон­да өз жері­мізде қытай үл­гісіндегі үйлерді салдырып қойып, қарап отыра береміз бе?

Қызылорда.

 

СУРЕТТЕ: Әйтек су тоспасы басындағы қытай сәулеті үлгісіндегі үй.

Суретті түсірген Игорь ТИТЕНОК.



Авторы:


ЖАҢАЛЫҚТАР

2010-03-12

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республика­сы­ның Сыртқы істер министрі Зарифи Хамрохонды қабылдады.

Толығымен

2010-03-12 Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Толығымен

2010-03-12 Қазақстандағы діни ахуал мен миграциялық және демографиялық саясатты жетілдіру мәселелері қаралды. Толығымен

2010-03-10 Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен “Өңір” депутаттық тобының кезекті отырысы болып өтті. Толығымен

2010-03-10

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Толығымен

2010-03-10 Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттің оңтүстік шекараларын одан әрі нығайту мәселелері жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өткізді. Толығымен

2010-03-10 Жас аналарды құттықтай отырып, нұротандықтар аналарды қорғау мен отбасы мәртебесін ны­ғайту партияның басым бағыт­тарының бірі екенін атап өтті. Толығымен

2010-03-10 Женева қаласында Нәсіл­дік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық тұжы­рым­даманы жүзеге асыру бағы­тын­да Қазақстан дайындаған 4 және 5 бірлескен есеп  беру баян­дамасын қорғау қоры­тын­ды­сына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдас­ты­рыл­ды. Толығымен

2010-03-06

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады.

Толығымен

2010-03-06 Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Парламент Сенатының кезекті жалпы отырысы болды. Толығымен

Мұрағат